Баймаханбет ахмет аяулы соқПАҚ Тараз, 2008 жыл. Менің президентім



бет2/12
Дата21.07.2017
өлшемі2,06 Mb.
#21826
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12

САЛАДА ОҢДЫ ӨЗГЕРІСТЕР БАР
Осы жуырда ғана Мәдениет және ақпарат министрлігі алқасының кеңейтілген отырысы өткізіліп, онда жалпы салада қордаланып қалған мәселелер сөз болып, жан-жақты талқыланғаны белгілі. Алқа мәжілісіне Үкімет басшысы К. Мәсімовтың қатысып отыруы, тап осы жиын үстінде 2007 жыл- «Қазақ тілі жылы» болып белгіленгені жария етілуі әр бір жүрекке жыл келгендей жаңалық сыйлағандай болды. Мәдениет және ақпарат министрі Е. Ертісбаевтың баяндамасында да, басқа шығып сөйлеушілердің сөздерінде де мәдениет саласының өзекті мәселелері кеңінен таратылып айтылып, алға нақты бағдарлар белгіленген-ді.Бұл басқосуға облыстық мәдениет басқармасының бастығы Әлібек Әмзеұлы да қатысып қайтқан болатын. Арадағы сұқбатымыз да осы тұрғыда өрбіді.

-Аталған басқосудан алған әсерлеріңізбен бөліссеңіз...Жалпы мәдениеттің еліміз аумағында, облыста дамуы қандай деңгейде?

-«Культураның» мағынасы «жерді өңдеу» дегенді білдіреді. Ал бізше «адам жанын өңдеу»ғой. Міне, осы жағы таразының ауыр басын басып тұр. Шынында да дүниеде мәдениеттің қатысы жоқ бір құбылыс болса екен-ау.Бізге жүктелген міндеттің аса ауқымды екенін де көрсетеді бұл. Дейтұрғанмен, бүгінгі мәдениеттің дамуы, өсу қарқыны, әлеуеттенуі ең алдымен қаржыға келіп тіреліп жатады. Материалдық базаны жақсартпайынша, мәдениеттің көсегесін көгерту мүмкін емес. Әріптестер алқасының отырысында көңіліме түйген бір ой осы болды. Кейбір облыстардың бюджетінде мәдениет саласына 1,5-2 миллиард теңгеге дейі бөлу қарастырылған. Ал біздің облыста бұл көрсеткіш былтыр 770 миллион теңгенің көлемінде болды.Осыдан барып біз көптеген мәдениет ошақтарының сапасын бүгінгі күннің талабына, елдің тікелей сұранысына лайықтап құра алмаудамыз. Дегенмен, бұрнағы «шықпа, жаным шықпамен» отырар кезден қара үзіп алыстай да бастадық. Бұл орайда облыс әкімі тарапынан үлкен қолдау, қамқорлық бар. Ауылдардағы мәдениет мекемелері қайта ашылып, қалпына келтіріліп жатыр. Былтырғы бір жылдың өзінде облыста 10 клуб, 16 кітапхана ел игілігіне беріліпті. Ал биыл 26 мәдениет үйі, 35 кітапхана тағы ашылайын деп отыр.

Бүгінгі күнге дейін қол қысқалығынан 200-ден астам мәдениет қызметкеріне жалақыларын жарты айлық, ширек айлық, брлмаса 75,0 ставка көлемінде белгілеп беріп келгенбіз. Олардың барлығы да биылдан бастап толық айлыққа көшірілетін болды. Айырықша атап өтерлік бір мәселе де осы. Жарты айлық бердің екен, жартыкеш жұмыс талап етуің керек қой!

Жалпы салада қордаланып қалған мәселе көп-ақ. Мәдениет мекемелерінің, өнер ұжымдарының «төл құжаты»- сала ісін түгел жолға қоятын, тезге салып, басты қағидат ретінде ұстанып отыратын нормативтік-құқықтық актілер жоқтың қасында. Мысалы, кион, кітапхан, мұражай қызметкерлері туралы заң жоқ. Салаға қарасты мекемелердің 80 пайызы ауылдық жерлерге орналасқан. Қызметкерлеріміздің алатын айлығы ең төменгі деңгейде-ауыл шаруашылығынан кейінгі екінші орында, тіпті сын көтермейтін дәрежеге жетті. Бұл ретте, мәдениет министрлігі-Отанымыздың мәдениет министрлігі болуы керек. Ал біздің пайымдауымызша, министрліктің мемлекеттік, ұлттық позициясы әлі толық ашылмаған секілді. Бұл жөнінде мәжілісте сөйлеген сөзімде де айттым.



-Салада былтырғы жылы атқарылған істер көңілден шығарлықтай ма?

- Былтыр ілгерілеп те кетпей, кейіндеп қалып та қоймай бел ортада болыппыз. Ең бастысы қызметкерлеріміздің (барлығы 1660-тай) шамалары келгенінше мәдениетті дамытуға қосқан үлес, еңбектері ақталған да секілді. Бұған облыс орталығында дүркіән-дүркін өткізілген қала, аудандардың өнер күндері көп септігін тигізді. Бұл іс жүйелі жолға да қойылды. Мұндай іс-шараны «ал» деп қолға алғанымызда, сахнадан тұрпайылықты, жабайылықты көбірек көргенбіз. Өнершілер ондай кемшіліктен ада-күде арылды. Бір-бірінен үйренді. Кәсіби деңгейлері де көп өсті. Ел қызығып көрерліктей концерттік бағдарламалар ұйымдастыра алатын болды. Бұл тәжірибе өзіән-өзі толық ақтап шықты деу ләзім. Ең бастысы өткен жылы жоспарланған іс-шаралар түгелге жуық орындалды.



-Былтыр жамбылдық өнершілер өнер сапарымен ГФР-де болып қайтты емес пе?

-Өткен жылы біз үшін, облыс үшін, қала берді еліміз үшін де мәртебе болған бір оқиға- жамбылдық бір топ өнершілердің Германия Федеративтік Республикасына баруы болды. Онда біз барлығы 36 мемлекеттен келген 42 өнер ұжымы қатарында өнер көрсеттік. Мұндай мүмкіндікке Азия құрлығы бойынша біздің облыстың өнершілері ие болуы, шынында да есте қаларлық-ақ емес пе? Еуропа мемлекеттерімен тайталасып өнер көрсету, елдің таңдайын қақтыру, бір емес, екі бірдей фестивальға қатысу-оңай шаруа емес. Ертесіне неміс ағайындардың көшеде көрсе де қошуақ танытып, балкондарынан «Қазақстан!» деп айқайласып, ықыластана сәлемдесуі бізді айрықша әсерлерге бөледі. Викбруг, Брюм қалаларында да болдық. Бір кездері замана зәйілімен тарихи отандарына көш бетін бұруға мәжбүр болған, Қазақстанда туып-өскен бірқатар жерлестеріміз арнайы сәлем бере келіп, бірер күн болса да ілесіп бірге жүрді. Қонақжай халқымызды, кең-байтақ жерімізді аңсап, көздеріне жас алды. Әрине, бүгінгі Қазақстанның алыптың адымымен ілгері басуы оларды таңырқатпай қоймады. Олардың қоныс аударуына мәжбүр еткен қиындықтардың көбісі артта қалды. Қазақстанның аз-ақ жылда осындай-өнершілері шет елдерге шығатындай, өнерлерін сарапқа саларлықтай деңгейге жеткеніне өздерін-өздері иландыра алмайтын секілді. Мүмкіндік болып жатса, Қазақстанға қайта оралғысы келетіндіктерін де жасырмады.



-«Халықтық» атағы бар өнер ұжымдарының, кітапханалардың, тетрлардың жағдай қандай күйде?

-Аудандық, қалалық мәдениет мекемелерінің материалдық базасының бүгінгі жағдайын бұрынғы қай кездегімен де салыстыруға болмайды. Бұл тұрғыда алға басу бар. Көптеген мәдениет нысандары жөнднліп, жаңғыртылды, музыкалық аспаптармен, киімдермен жеткілікті қамтамасыз етілді. Мұндай көмек түрлі өнер ұжымдарына да көрсетілді. Басқаны былай қойғанда, қаланың бір өзінде ғана 27 халықтық өнер ұжымы бар екен. Биыл Мәдениет министрлігіне тағы да ұсыныспен шықтық. Олар қолдау көрсетіп жатса, қала өнершілерінің қатары биылдың өзінде тағы да «халықтық, үлгілі» атағы бар 15 ұжымға ұлғаймақ. Олардың қатарында ардагерлер хоры, көркем сурет галереясы, «Тамаша» ойын-сауық отауы, отбасылық, фольклорлық-этнографиялық ансамльдер, , үрмелі аспаптар оркестрі бар. Бұл ұжымдар олысқа министрліктен келген арнайы комиссия сарабынан да өткен.Ұжымдардың «халықтық» атағын алуы, бұл-соншама өнер топтарының биылғы жылдың екінші тоқсанынан бастап мемлекеттің есебінен қаржыландырыла бастауы деген сөз.

Кітапханалар қорларын толықтыру мақсатында соңғы үш жылда аудандар басшылары жылма-жыл 1 миллион теңге көлемінде қаржы бөліп келді.Бұл жылдарда кітапханаларымыз ескі әдебиеттермен толығып, барлығып-ақ қалған-ды.Енді биыл кейбір аудандар бұл мақсатқа 2 миллионнан астам қаражат бөлмек ниетте. Кітапхана қорларының тиісті деңгейде толықтырылуы, бұл-ауылдық оқырмандардың өзі барлық ақпарат көздерін пайдалана алуы деген сөз. Бұл салада да ауқымды істер атқарылуда. Тек ауыл кітапханаларын компьютерлендіру, Интернет жүйесіне қосу ісі кенжелеп тұрғаны борлмаса. Бұл тұрғыда қосымша жұмыс істейтін боламыз. Әрбір ауданда бір-бірден үлгілі мәдениет үйі мен кітапхана ұстауды да ойластырып отырмыз. Пайдалы семинар-кеғңестер, тренингтер өткізу, озық үлгі, тәжірибелерді насихаттап, тарату ісі де міне, осындай сол үлгі-тірек орталықтарының басты тіндетіне айналмақ.Республикалық деңгейде «Үлгілі мәдениет үйі», «Үлгілі кітапхана» байқауларын өткізу дәстүрі былтыр үзіліп қалды. Бірақ біз өзімізде өткіздік. Мұндай іс-шараны алдағы уақытта да жалғастыра беретін боламыз.

Ал театрға келсек... бұл мәселе облыс әкімінің күнбе-күн назарында. Былтыр облыстық қазақ драма театрының 70 жылдық мерейтойын халықаралық ғылыми-теориялық конференция түрінде дүрілдетіп өткіздік. Онда да облыс әкімінің айрықша ықпалы бар. Бұл іс-шара күні бүгінге шейін мамандар, зиялылар, театр сыншылары арасында, республикалық баспасөз беттерінде әлі де сөз болып жатыр. Жамбыл театрының бұл бастамасына жақсы пікірлер айтылуда.Шынында да, соңғы 15-20 жыл ішінде дәл мұндай деңгейде халықаралық басқосу ұйымдастырылып, ұлттық театрға қатысты келелі мәселелер қозғалмапты. Белгілі театр қайраткерлері жамбылдықтар салған жолмен жүруді, ғылыми-теориялық мұндай конференцияларды еліміз театрларының барлығында кезекпе-кезек жүйелі түрде өткізіп тұруды ұсынып та жатыр.Бұл істе әзірге көшбасшы-бізбіз. Шынында да мақтануға тұрарлық-ақ нәрсе емес пе!?

Театр ұжымы қазір де республика бойынша алдыңғы қатарлардан көрініп отыр. Тоқырап, тоқтап қалған ештемесі жоқ. Дегенмен, әлі де болса ұлттық классикалық драмаларды сахналауда кемшін тұстар бар.Жалпы бағыты жаман емес. Театрдың жалпы кадр мәселесінен тапшылық көріп келе жатқаны да рас. Жуырда облыс әкімінің орынбасары Қ. Ақсақаловтың қабылдауында болғанымызда, міне, осы секілді шешімін күткен мәселелер де айтылды. Құмар Іргебайұлы театр қызметкерлерінің өтініш- талап, тілектерін тыңдап, бұл мәселелерді мүмкіндігіне қарай шешіп беруге уәде етті.

-Алға қандай нақты бағдарлар белгіленіп отыр? Қандай жоспарларыңыз бар?

- Облыста екі үлкен концерттік ұжым бар екені белгілі. Оның бірі-облыстық филармония, екіншісі – «Алатау» жастар ән-би ансамлі. Міне, осы ұжымдардың басшылары оңтүстік аймақ облыстарына (бірінші кезекте Алматы облысына) гастрольдік сапарларға шығып, облыстың мәдени күндерін өткізіп қайтуды ұсынды. Мұндай ұсыныс театр тарапынан да болды. Олардың бұл идеялары бірден қолдау да тапты. Шынында да бұл облыс өнершілерінің шығармашылығы шыңдалып, өсуі үшін өте қажет іс. Сондай-ақ, есімі елімізге танымал болып қалған театрымыздың бас режиссері Қ. Қасымовқа Бішкек академиялық , Орал, Талдықорған облыстық драма театрларының басшылары «құда түсіп», өздерінде бірқатар спектакльдер қойып беруге шақырып жатыр. Бұл да жетістік. Алдағы қыркүйек айында «Шырқа, даусым» республикалық әншілер байқауы биыл, міне, төртінші мәрте ұйымдастырылып өткізілгелі отыр. Оған қазірден бастап дайындалу үстіндеміз. Жуырда Талас аудандық әкімшілігі қазақтың көрнекті сазгері, Халық қаһарманы Н. Тілендиев атындағы «Алатау» халықаралық ән байқауын өткізу жөнінде ұсыныс жасады. Оған жұмсалатын негізгі шығынды да таластықтар өз мойындарына алмақ. Оған 35 жасқа дейінгі әншілер атсалысады деп күтіліп отыр. Ережесі бірер күннің ішінде әзір болмақ.

Биыл облыстық тарихи-өлкетану мұражайының құрылғанына 70 жыл толмақ. Мұражай мерейтойын өз дәрежесінде атап өту жайы да ойластырылуда.
ТАРАЗДЫҢ АУАСЫ ТАЗА МА?
Соңғы жылдары Тараз шаһарының аз да болса шырайы кіре бастағанын, архитектуралық ажары айқындалып,өркениет талабымен үйлесімділікте жаңаша өрнектеліп жатқанын көңілге жұбаныш етіп жүрміз. Ал ауасы қандай? Бұл орайда кеуде қағып, мақтана алмайтынымыз анық. Неге? Негесі сол: ару қаланың архитектурасы айшықтала түскенмен, ауасы нашар. Әсіресе, күн көтеріле көшелердегі көлік қозғалысы қыза келе қаланы көмкерген көкжелек иісін де сезінуден қаласың. Мұрныңа бұрқ етіп резіңке, асфалът, түтін-газ исі тебеді.

Көк түтін көктен түсіп жатқан жоқ. Бір ғана Тараздың өзінде түрлі маркалы 20 мыңнан астам транспорт (оның ішінде 7 мыңдайы жекеменшік автокөлік) бар екен. Бұған бірнеше мыңнан асып жығылатын қоғамдық жүк және жолаушылар таситын автомашиналарды қосыңыз. Сырттан келер транспорттар тағы бар. Міне, солардың жанармайынан бөлінетін газдың өзінен-ақ қала атмосферасы елеулі түрде бүлінуде.

-Қазіргі қолданып жүргеніміз жанар-жағар майдың өңделінбеген сапасыз түрлері. Бағзы кездегідей қалдықсыз жанатыны жоқтың қасында. Ауаны да едәуір ластайды. Мұндай өнімнің рынокка шығарылуы жеке кәсіпкерлердің ауа тазалығын емес, өз пайдасын ойлауынан деп санаймыз,-дейді тараздық жүргізушілердің қайсысы болса да. Кейде... техникалық ақауын көре, біле тұра улағыш заттар қалыптағыдан көп бөлінетін автомашиналардың пайдаланылуына неге жол беріледі дегенді ойлап бас шайқайсыз...Бірақ, олардың бас-басына бақауыл қою да мүмкін емес. «Тығындардың» (пробка) кейбір тар көшелерде, әсіресе, көк базар маңында көбейе түскені де Тараздың «машиналы қалаға» айнала бастағанын көрсетеді.Тиісті экологиялық бақылау-тексеру мекемелері жүргізген сараптаманың нәтижесі көрсеткендей, Тараз қаласы ауа бассейнінің бұлайша ластануында осы автокөліктердің 80 пайыз, ал алпауыт зауыттардың 20 пайыз ғана «үлестері» бар екен.

Күз бен қыс айларында жылу және энергия орталықтарынан, пеш жағылатын жекеменшік тұрғын үйлерден шығатын түтін де ауаның ластануына айрықша ықпал етіп отыр. Ауаны улы заттармен ластауды тыюдың қарапайым жолдары баршылық. Айталық, будақ-будақ түтін шығаратын сорайған-сорайған мұржаларға тұтқыр-сүзгі қондырудың еш артықтығы болмас еді. Егер ондай қондырғы еліміз аумағында жоқ болса, немесе сапасы талапқа сай келмесе, сапалы тұтқыр-сүзгілерді шетелдерден сатып алудан қымсынудың еш жөні жоқ. Өмір жоғары сапалы ИСО технологиясын меңгеруді талап етіп те отыр. Әзірге Таразда «Имсталъкон», «БМ» шаруашылық жүргізу нысандарында ғана сүзгі қондырғыларының орналасуы халықаралық стандарттарға сай екен.

Екінші бір жол-бүгінде қаладағы екі үйдің бірінде дерлік жағылатын көпшілікқолды қатты отынды (көмір) барынша байыта түсу, яғни, көмірдің қалдықсыз жануын қамтамасыз ету. Мысалы, АҚШ-та жағылған көмірден небәрі 5 пайызға жуық күл-тозаң қалса, ал бізде осы отынның қалдық қалдыру мөлшері 19 пайызға жетеді екен. Ондағы отын мен мұндағы отынның айырмашылығы шамалы. Біз түрлі есеп берулерде «пәленбай өнертапқыштарымыз (рационализатор) бар» деп кеуде қағамыз. Бірақ, солардың көмегіне сүйене бермейміз. Адамның денсаулығынан артық ешнәрсе жоқ екенін ескерсек, ондай игі іске жұмсалатын қыруар шығыннан қашпаған абзал.

Қалада тек электр қуатымен ғана жүретін троллейбус қозғалысын дамытсақ, сырттан келетін, қаланың өз ішіндегі көлік иелеріне автомашиналарын қала сыртындағы арнаулы көлік тұрақтарында қалдырып, троллейбус, электробустар қызметін пайдалану міндеттелсе ше...

Қоршаған ортаға деген жауапкершіліктің бетімен кеткені соншалық, кейде ұсақ-түйек көріністерден көңілде қыжыл туады. Мысалы, шаңқай түсте көшенің шаңын шығарып жүрген аула сыпырушыларды жиі көреміз. Бұл не сонда? Ауаның таза болғандығынан гөрі тротуарлардың жылтырап жатқаны артық саналғаны ма? Егер сол «тазалықшыларға» өз ауласын сыпыртсаңыз, әуелі су сеуіп алар еді. Ал мұнда бәрібір, жаны ашыса, қанекей...

Қаламыздағы екі үлкен саябақтың қатары Тұңғыш Президент бағымен толықтырылып жатқаны белгілі. Бірақ, мұның өзі саны жарты миллионға жуықтап қалған тараздықтардың тақиясына тар келетін-ақ көрсеткіш. Рас, қалада жаңа нысандар көптеп бой көтеруде. Ең өкініштісі сол, объектіні пайдалануға тапсырған мердігерлік ұйымдар көріктендіру-көгеріштендіру ісін кейінге қалдырып, тіпті «ұмытып» кетіп жататыны. Олардың кейбірінде көгеріш орны қарастырылмайды да. Базбіреулердің ашық алаңқай (оның көгеріш орны екенімен шаруасы жоқ) сатып ала қойып, сықастырып үй тұрғызуы, бұған қабылдау комиссиясының көзжұмбайлықпен қарауы салтқа еніп барады.

Бір кездері Тараз аумағының денін жасыл желек алып жатқаны екінің біріне аян. Яғни қаланың әр тұрғынына шаққанда,көгеріш аумағы 6,9 шаршы метрден келді, ал қазір 2,5 шаршы метрге әрең жетеді. Мұндай «үлестің» өзінен қала тұрғындарының дені әлдеқашан қағылып үлгерді.Тұрғын үйлердің, әсіресе, көше жақ қапталдарына дәмхана, дүкен, кіші маркетингтерге арналған «тіркеме» құрылыстар салынып, тротуарларға дейін «аяғын» кең көсілтті.Жаңа құрылыстар көгеріштердің үстіне шығып кетті... Элиталық үйлер, жекеменшік коттедждер желісін кеңге жайғаны соншалық, қаланың көгалды аумағы қусырылып, тарыла түсті. Мұндай орынсыз, қала архитектурасына үйлесімсіз құрылыс салу үшін көгерішті отап-шабу мен «көгалды қуып» тықсыруды тоқтататын нақты шаралар тез арада қолға алынбаса, күндердің күнінде бұл деңгейден де төмендеп кетуіміз ғажап емес. Бүгінде әлгі әрбір қалалықтың пешенесіне тиесілі ұлтарақтай көгеріштің исін алып, үстіне сарып тайраңдап, базбіреулердің жетегіндегі иттері ғана жүр...

Мұның барлығының да Тараздың тыныс-демі тарылуына, таңдай тұнық мөлдір ауасының бұзылуына тигізер ықпалы бар. «Ауа тазарту» ісімен әзірге мекеме, ұйым, кәсіпорындар жетекшілері, жеке тұрғындар, жүргізушілер де емес, қарлығаштың қанатымен су сепкеніндей болса да, экологиялық басқарма қызметкерлері ғана айналысып жүр. Тараз ауасының таза да тұнық болуы соларға ғана керек пе, әлде?

-Қалада қазір 4 экологиялық бақылау бекеті бар. Жапониядағыдай әрбір 100 метр сайын бір монитор қояр болсақ, тараздықтардың қандай ауамен демалып жатқанын нақтылы білген болар едік. Мұның енді ауылы алыстау болып тұр ғой,-дейді облыстық аумақтық қоршаған ортаны қорғау басқармасының бас маманы Бекмұрат Қуанышев.

Шынында да біз немен тыныстап жүрміз, осы? Тараз атмосфералық ауа жағдайы жөнінен еліміз қалалары бойынша 7-інші орында екен. Рас, 2005 жылы мұның алдындағы жылмен салыстырғанда, қала бойынша ауаның ластану деңгейі шамалы ғана-8,2-ден 7,95 бірлікке кемігені байқалыпты. Есесіне формалъдегид қоспалары бойынша орта тәуліктік шоғырланудың шектеулі рауалы конценрациясы үш есеге артқан. Шаң, еритін сулъфаттар, күкірт қостотығы, аммиак, формалъдегид қоспалары бір деңгейде сақталыпты. Ал улағыш заттардың мұндай көлемі адам ағзасына қаншалықты зиянды, қандай аурулардың туындауына себепкер болып отыр? Міне, мұндай сараптамаларды, өкінішке орай, экологиялық басқарма да, облыстық денсаулық сақтау басқармасы да бере алмайды. Бір кездері аймақта химиялық өндірістердің дамуымен байланысты ауаға таралатын химиялық қоспалардың тұрғындар денсаулығына зияндылығын тексеріп анықтау мықтап қорлға алынған-ды. Ауаға таралған улағыш заттардың әсерінен қандай аурулар туындайтыны түптеп тексерілді. Тап осы тақырыпта кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғағандар да бар. Осы мәселемен түбегейлі айналысатын салалық құрылымдардың одақтық, республикалық, тіпті облыстық деңгейде де құрылып, жұмысы жандандырылғаны белгілі. Ал қазір бұл іс- ауа құрамындағы түрлі қоспалардың адам денсаулығына қаншалықты залал келтіретінін анықтау ісі назардан тыс қалды десе де болады. Осы іске қатысы бар мекемелер қаланың ауа бассейні ластануын анықтаудан әрі аса алмай отыр. Ауаның ластануын білу-басты, ал сол ауамен тыныстап жүрген адамдардың ағзасы бұдан қаншалықты деңгейде залал шегетінін анықтап, соған сай шаралар қолдану- екінші кезектегі, тіпті мүлде ұмыт қалдырылған мәселе секілді.

Міне, мұны қалалық аумақтық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы берген мәліметтерден де көруге болады. Таразда биылғы жылдың 10 айы ішінде жүргізілген 477 (2001 жылға қарағанда 116 бірлікке артық) сараптама негізінде рұқсат етілген нормадан жоғары концентрация көрсеткіші 8 (2002 жылғымен бірдей) , ауа құрамындағы азот қышқылы-2, формалъдегид-6 пайызды құрағаны анықталған. Мұның қалай болғанда да адам денсаулығына кері әсері бары анық. Сондықтан да Тараз қалалық СЭҚ басқармасы қоршаған ортаны, адамдар денсаулығын қорғау мақсатында қала ішінде бензин арқылы жүретін автокөліктерді газ отынына көшіруді,айналма жол құрылысын салуды, сондай-ақ,ғылыми-зерттеу институттарын ауа ластануымен байланысты ауруларды кең көлемде зерттеуді ұсынады. Алайда бұл іс-шаралар қомақты қаржыны қажет ететіндіктен нақты іс жүзіне асырылмай отыр.Дегенмен, қала ауасы автокөліктерден түтін мен зиянды газдардың көптеп бөлінуінен ластануы дәл осылайша жалғаса беретұғын болса, бұл жоғары тыныс жолдары, аллергиялық және басқа да аурулардың айтарлықтай асқынуларына әкеліп соғуы ықтимал деседі мамандар.

Тараздың атмосфералық ахуалын жақсарту баршамыз болып жұмыла кірісетін іс екені белгілі. Бұл тұрғыда жүзеге асырылып жатқан игі іс-шаралар жоқ емес.Былтырғы жылы «Жасыл ел» бағдарламасын жүзеге асыруда Тараз еліміз бойынша екінші орынды иеленді. Бұл-алдағы уақытта атқарылар қыруар тірліктердің басы ғана. Туған қаламыздың ауасын тазарту ісіне өзіндік ұлесіңді қоса біл, әлеумет!


МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ САЯСАТЫ
Мерзімді басылымдарда қалай көрініс тауып жүр?
Қазақ қоғамын дүр сілкіп, ел жүрегіне жылылық ұялатқан жайдары жаңалықтардың бірі – 2007 жыл- Қазақ тілі жылы болып жариялануы. Бұл жөнінде жуықта Министрліктер үйінде Үкімет басшысы К. Мәсімовтың қатысуымен өткен Мәдениет және ақпарат министрлігі алқасының кеңейтілген отырысында жария етілді.

Тілді дамыту мен оның қолданыс жүйесін қалыптастыруға арналған мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асырылу барысы талқыланған осы алқа мәжілісінде Мәдениет және ақпарат министрі Е. Ертісбаев «Біз жалпы істің нәтижесін қанша кітап шығарғанымызбен, қанша іс-шара өткізгенімізбен өлшемеуіміз керек, одан гөрі бұл мәселеге қанша адам қазақ тілін үйренді деген тұрғыда қарағанымыз абзал» деп атап көрсетті. Қалай болғанда саладағы бұл бетбұрыс алғы күнге деген сенімімізді ұштай түсті. Биыл тіл саласына 2 миллиард 700 миллион теңге қаржы бөлініп отырғаны да жақсылықтың нышаны. Бұл жағдай қазақ тілінің екінші тынысын ашып,қанатын қатайтып, абыройын аспандатуға септесіп жатса нұр үстіне нұр болған болар еді.

Бұл тұрғыда облыстық тілдерді дамыту басқармасы мен облыстағы қазақ баспасөзінің қарашаңырағы - «Ақ жол» газеті қызметкерлерінің бірлесе «Тілдер саясатының бұқаралық ақпарат құралдарында көрініс табуы» тақырыбында «дөңгелек үстел» отырысын өткізуі орайы келген іс болды. Оған облыстық әкімияттың ішкі саясат департаментінің бөлім бастығы Айгүл Момынқұлова, облыстық «Ақ жол», «Знамя труда» газеттері бас редакторларының орынбасарларыы Елен Әлімжан, Сәуле Майбалаева, облыстық Знамя труда», сондай-ақ, «Ар-Ай» жастар газеттерінің тілшілері Қуанышбай Есіркегенов, Есет Досалы, облыстық «Халық тәлімі», «Магнолия», «Южный регион», қалалық «Жамбыл-Тараз», Әулиеата университеті мен Жамбыл политехникалық колледжі жанынан шығатын «Я-студент кs», «Жас дәурен» газеттерінің редакторлары Сатылған Биғабыл, Олъга Кан, Лариса Сафонова, Людмила Мелъник, Әсима Нүсіпова, Жаңыл Қожахметова, тағы басқалары қатысып, өз ой-пікір, ұсыныстарыымен бөлісті.

«Дөңгелек үстел» отырысын облыстық тілдерді дамыту басқармасының бөлім бастығы П. А. Ким мен журналист Б. Ахмет екі тілде жүргізіп отырды. Елімізде, оның ішінде облыста жалпы тілдер емес, мемлекеттік тіл саясатын іс жүзіне асырудың проблемалары қордалана түскені екінің біріне аян. Содан да «дөңгелек үстел» басындағы әңгіме өз-өзінен осы тақырыпқа қарай ойыса берді.

Е. Әлімжан: Тілдер басқармасының бұл ұсынысын біз үлкен ықыласпен қабыл алдық.Іс-шараның тақырыбы да өзекті. Меніңше, баспасөзде мемлекеттік тіл саясатын жүргізу дегеннің өзі көп талқылана бермейтін дүние. Рас, бұл тұрғыда біз ананы айтып, мынаны айтып, әлдебіреулердің аяғын жерге тигізбей көпіртіп мақтап та жатамыз.Ал осы тақырыпты жазуды қалай алып кете алып жатырмыз деген мәселе көп айтыла қоймаған мәселе. Шынында да біздің алдымызда дәйім «мемлекеттік тілді қалай орнықтыруымыз керек? Оны қалай насихаттауға тиіспіз?» деген сұрақтар тұруы керек секілді. Міне, мұның тиімді әдіс-тәсілдерін іздестіріп табу да бір үлкен іс. Өйтпеген күнде Елбасымыз мемлекеттік тіл мемлекеттің байлығы екенін, оның Елтаңба, Әнұран, Ту секілді рәміздерімізбен бір қатарда тұруы керектігін, әсіресе қазақтардың қазақтармен қазақша сөйлесуі тиістігін жылма-жылғы халыққа Жолдауларында да, «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында да, Қазақстан халықтары Ассамблеясының ХІІ сесиясында сөйлеген сөзінде де айтудай-ақ айтып жатыр.Премъер-министріміз К. Мәсімов жуырдағы бір сөзінде «мемлекеттік тілді дамытуға қанша қаражат керек болса, сонша қаражат бөллеміз» дегенді айтты. Ақша бөлінер-ау, бірақ сол қаржы әдеттегідей тілге емес, тойға-айтыс, өнер сайыс, жұмбақтар шешу,мақалдар айту секілді күлдібадам бірдеңелер ұйымдастырып, соңы бірді-екілі өзге ұлт өкілін қолпаштауға барып тірелер у-ду мерекеге жұмсалып кетпес пе екен күдік көңіліме үйіріле берді.

Біз ақша бар, бірақ істер амал жоқ сын сағатты бастан кешіп отырған секілдіміз. Тіл дамыту ісін дөңгеленте үйіріп алып кетерлік амалды айтамын. Осындайда менің есіме бала кезім (50-інші жылдар) түседі.Ол кезде ауыл түгілі, ауданнан орыс ұлтының өкілін қолыңа шам алып іздесең де табуың қиын. Бізге орыс тілінен сабақ өткізуге мұғалімдер сонау Мәскеудің түбіндегі Ярославлъ қаласынан келді. Бәрі де 18-19-дардағы жас қыздар.Біз орысты, олар қазақты көрмеген. Бірақ, біз солармен түсіністік. Әрине, кеңестік идеологияның да ықпалы бар. Әйтеуір, орыс тіліне деген ынтамыз аса күшті болды. Алысты көрсек, Мәскеуге, орталық қалаларға барсақ, оқысақ деген құштарлықтан, «орыс тілінсіз күнің жоқ» деген қорқытып-үркітуден туған ынта. Қазақ тіліне оны білмейтіндер тарапынан әзірге мұндай ынта болмай тұр! Өйткені, қазақ тілінсіз де әдемі күнкөріс жүріп жатыр. Болашақта қалай болады? Ол жағын өмір көрсетер.

Мен әскери борышымды Эстонияда өтеген адаммын. Сол кезде (1964-66 жылдар бұл) бізде қазақ мектептері жаппай жабылып жатты. Өйткені, Қазақстанда қазақ тілінің болашағы жоқ деп есептелінді. Ал Эстонияда мектепті жабу былай тұрсын, көшеде өзге ұлт өкілдері орысша сөйлеп қалса, «кешіріңіз, сіз Эстонияда жүрсіз, сондықтан эстон тілінде сөйлеуге тиіссіз» деген ескертуге тап болып жататын. Сырттан келгендерге «мына зат былай атиалады» деп бейсауат эстониялықтың өзі көшеде тұра қалып түсіндіріп, ерінбей-жалықпай үйретіп жататыны әлдебіреулерге одағайлау көрінсе де, бұл сол халықтың керемет мәдениеттілігі екен ғой, енді ойласам. Міне, осындай мәдениеттілікке жетпей, өзге жұрттар тілімізді үйренбейді ғой деп ойлаймын.Бұдан шығатын қорытынды-осы. Біз сол талап деңгейіне жетуіміз керек.

Баспасөзде де әлдебіреулерді ал кеп сынап жатамыз. «Ойбай, «Ө»-ні «О», «Ң»-ді «Н» деп жазып қойды» деп.Жуырда бір сұқбатында А. Айталы айтты: «»Алма-Атаны» қазақша жаздыруға болар. Бірақ, содан бүкіл Алматы қазақша сөйлеп кете қояр ма екен» деп. Алматы, Астананы, Таразды болсын қазақша сөйлететін-біз ғана. Үкімет те емес, Президент те емес. Олар бар жағдайды жасап-ақ жатыр. Қыруар қаржы да бөлді. Сол қаржыны жөнімен жұмсай алмай жатқан халықтың өзі. Мысалы, эстондар дабыра-шусыз-ақ біз өкіметке заң шығарып бермедің деп (ондай заңымыз бола тұрса да) налып жүргенде, әрбір сала бойынша 10-15-тен сөздік шығарып та қойған! Соны пайдаланады. Ал бізде мұндай нақты тірліктер жоқ. Әлі күнге жиналыстан аса алмай келеміз.

Сондықтан, тіл саясатын әрқайсысымыз өз газеттерімізде жүйелі түрде жазып көрсетіп отыруымыз керек. БАҚ- біле білсек, айрықша құдыретті қару, ең әлеуетті күш. Жетпіс жыл бойы дәурен сүрген коммунистік идеологияны, «күн көсем» Лениннің өзін айналасы бірер жылдың мұғдарында мансұқтап, жоққа шығарып, қалыпты жүиенің бағытын жүз тоқсан градусқа бұрды да жіберді емес пе? Газет қызметкерлері-біз де Қазақстандағы ең тамаша байлық, ең тамаша сыйластық, бірлік, ең әдемі жарасым,бұл-қазақ тілі дегенді басқалардың санасына сіңіре алуымыз керек. Сонда ғана біз өзіміздің журналистік міндетімізді орындаймыз.Ол да жеке мәдениетімізге, құштарлығымызға, осы жұмысқа өзімізді, өмірімізді бүтіндей арнауымызға байланысты.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет