Баймаханбет ахмет аяулы соқПАҚ Тараз, 2008 жыл. Менің президентім


ТАРАЗДЫҢ ТАРИХЫН ТОЛЫҚ ТАНЫП БІЛДІК ПЕ?



бет5/12
Дата21.07.2017
өлшемі2,06 Mb.
#21826
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12

ТАРАЗДЫҢ ТАРИХЫН ТОЛЫҚ ТАНЫП БІЛДІК ПЕ?
Шынында да бұл сұрақ кімді де болсын әрқандай ойларға жетелейді. Тараздың 2000 жылдығы дәп осы мақсатта ұйымдастырылып өткізілмеп пе еді? Иә, сол тұста осы іске үкімет тарапынан 2 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп, ондаған көрнекі орындарымыздың жаңғыртылуына, замануи айшыққа ие болуына қол жеткізілді. Сол, сол-ак, ежелгі де жас Тараз тотыдайын түрленіп сала берді. Ұлы Жібек жолы бойындағы көне шаһар тарихы кезең-кезеңімен жазылып көрсетіліп, энциклопедиялар, қалың-қалың кітаптар да шығарылды. Ғылыми –техникалық конференцияларда жасалған ұзынсонар баяндамалар қаншама! Барлығын жиып-терер болсақ, Алатаудың деңгейіне жеткен болар еді. Мәселе, бірақ, сол бір астатөк ақпараттардың қарапайым жұртшылықтың жүрегіне жеткізілуінде!

Әлгінде айтылған энциклопедиялар мен тарихи-танымдық кітаптардың өте аз таралыммен ( парлағанда 1-2 мың дана) басылып,басым дені ұлыжіңгір той үстінде «кәде-сый» ретінде таратылып, еліміздің түкпір-түкпірінен ағылып келген меймандарымыздың «қанжығасында» кетті. Сол кітаптарды құрастырып, жазып шыққан авторларының өзі «сыбағаларынан» қағылып, ал былайғы жұртқа «кәшек-құшағы» ғана тиді. Ал, тараздықтар кітапханалардағы там-тұмдаған кітаптар мен мерзімді басылымдар жарияланымдарын ғана малданып қалды. Оның өзі барлығымыз үшін қолжетімді емес. Әрі... деніне қарапайым жұрттың, әсіресе жеткіншектеріміз бен бүлдіршіндеріміздің «тісі бата» да бермейді. Тараздың ұзынсонар тарихының ұғымға ауыр баяндалуынан.

Сондықтан... әсіресе, жас жеткіншектерге, жастарға Тараздың жиырма ғасырлық тарихының әрбір кезеңін ойға сіңімді етіп ежіктей баяндап, былайша айтқанда, «шайнап беруге» тура келеді. Бұл тұрғыда әбден ерқашты болған Тараз тарихына байланысты жергілікті ғалым-тарихшылар ғана емес, мұғалімдердің, тіпті студенттердің де кітап жазып шығарып, олардың жұмырымызға жұқ болмай жатқаны кісіні ойлантпай ма? Оның үстіне олар толық әрі жүйелі де емес қой. Тараз тарихын осылай үзіп-жұлқып, жұлмалай бермекпіз бе. Бұл соңыра төл тарихымыз әрқалай түсіндірілуіне апарып соғып жүрмесін!

Құрамында тарихшы ғалымдар, жазушылар бар редакция алқасы құрылып, мұндай бей-берекетсіздікті болдырмас үшін бұған дейінгі жарияланған дүниелер негізінде барлық деректерді бір ізге түсіріп, жүйелеп мол таралыммен көп томдық, немесе Тараз тарихын екшеп, сығымдап бір ғана «қалта кітапқа» сиғызып болса да талайлы Тараз тағылым-тарихымен қалың жұртшылыққа жақындай түсуіне қызмет етсе, қанеки!

Тараздың тұнған тарих екені сөз күйінде болмаса, нақты іс жүзінде халыққа әлі толық жеткен жоқ. Ортағасырлық Отырар қаласы секілді. Қолда бар деректерге сенсек, көне Тараз орнының небәрі 40 пайызына ғана қазба жұмыстары жүргізілген көрінеді. Осы ежелгі шаһар тарихын толықтыратын, кезінде тікелей бағыстылығында болған ірі қолөнершілер орталығы Жікіл, Джамухет, Атлах, Төменгі Барсхан кенттерінің орны жер қойнына жасырулы жатыр. Түптеп келсек, өлкеміздің тарихы 3 мың жылдан да әріге тартады. Құм қойнында сақ, түркі дәуірлері мәдениеттерінің үні құмығып жатыр.

Мына іргеміздегі Тектұрмас кесенесіне алып баратын Талас көпірінің қапталында сол күйінде сақталып, бізге жеткен түрік қағанаты кезінде Ұлы Жібек жолы бойымен керуеншілер көктем, күзде Талас тасығанда өтетін Таскөпірдің қалдығын жалпы нобайына қарай неге қайта жаңғыртпасқа?! 1221 жылы Қытай монахы Чань-Чунь Иранда сырқаттанып қалған Шыңғыс ханды емдеу үшін келгенінде осы көпір арқылы өтіпті. Тарихымыз үшін керек деректің бірі осы. Көпшілік қауымның биыл ашылған Тараз этнографиялық мұражайы көрнектері (экспонат) қатарынан тіпті бертіндегі Әулиеата қаласын жаулап алғанда Черняевпен бірге еріп жүрген суретшісі М. Знаменский түсірген суреттер бойынша экспозицияланған Қоқан бекінісінің үлгі-нобайларын да көргісі келетіні әбден заңды. Мына іргеміздегі Күншығыс елінің тарихи мәні бар титтей деректің өзін дабырайта көрсетіп, бәсін арттырып жататыны, көне ғимараттарды, лашық үйлерді, мұнара сағаттарының өзін әспеттеп ел көп келетін тарихи орынға айналдырып жіберетіні бізге қашан жұғысты болар екен! Ал, біз Тараздағы Радищев көшесінің бас жағындағы кезінде Т. Рысқұлов, С. Сейфуллин, Қажымұқан секілді ардақтыларымыз аялдаған үйді сүріп тастадық...

Белгілі өлкетанушы К. Байбосынов қаладағы Төле би (бұрынғы Кауфман), Бектұрғанов көшелерінің бойындағы Әулиеата кезеңінде салынған ондаған ғимаратты («Ежелгі Тараз ескерткіштері» қорық мұражайына қарайды) бастапқы сәулеттік айшығын сақтай отырып, жаңғыртып археологиялық мұражай кешенін ашу керектігін де жиі айтып жүр. Тараз тарихына қатысты көне жәдігерліктеріміздің бұл мұражай кешенінің де тақиясына тар соғатыны белгілі. Алып аспан асты мұражайы өзінің жарқырай көрінер кезеңін күтіп жатыр...

Облыстық «Әруақ» рухани қозғалысының жетекшісі, суретші-мүсінші А. Сихаевтың «Тараз – ғасырлар айнасында» атты мүсіндік-сәулеттік бірегей этнобақ жобасы да Тараз тарихын таныту бағытындағы іргелі жұмыс деу ләзім. Оның атап өтерлік ерекшелігі сол, бүгінде Ақтауда қызу қолға алынып жатқан Маңғыстау өңірінің күллі мәдени-тарихи, археологиялық құндылықтарының, сирек кездесетін аң-құстарының, табиғи ландшафтарының көшірме-нұсқалары бір қолдың аясына сыйғызылып, көрсетілер «Ақтау-сити» жобасынан көп бұрын дүниеге келгендігі. Тараз тарихын жіліктеп шағып, таратып айтып беру, түптеп түсіндіру, таныту ісі әсте тоқтап, тоқырап қалмауға тиіс. Тараз тарихы қағазда, құжатта ғана қатталып қалмай, жас жеткіншектердің назарына заттық-деректік күйінде ұсынылып жатса құба-құп болар еді...

Ұлы Жібек жолы бойындағы ежелгі шаһардың құм басқан, тарих тозаңдарынан көмескіленген тарихын жарқырата ашып, көрсету ісі енді ғана басталды...
АХУАЛЫҢ ҚАНДАЙ, АУЫЛ МЕШІТТЕРІ?
Бүгінгі қоғамымызда дінге көзқарас әр алуан. Дүниеде тіл қанша болса, діни секталар да сонша дерліктей дәрежеге жетті. Бағзы заманда... бір тілді адамзаттың Бабыл мұнарасын тұрғызып төбесін тіпті көкке, Тәңірге дейін жеткіземіз деп күпіршілікке баруы өзіне сор болмады м а? Соңыра олар Аллаһтың құдіретімен көп тілді қауымға айналып, бірін-бірі түсінбеуден істері де мандымай, мұнара құрылысы сол күйі аяқсыз қалып қойды емес пе? Алайда әлемде адамзат баласын бір тілге, бір дінге мойынсұндыру әрекеті әлі де жүріп жатыр...

Бізге белгілісі- адам-үлкен әлемнің кіші үлгісі, күллі әлем, тіршілік бір ғана Ұлы Рухтан бастау алып жатқаны, рухтың материалдық дүниеге тәуелсіз екені, адамзат осы көзқарасымен өмірге келіп, абстракциялы ойлау қабілеттерінен бастау алатын діни-философиялық және негізі нақты деректерден табылатын материалдық бағыттағы ғылыми дүниетаныммен тірлік кешетіні...

Ал жүрегіңе жақыны, иланымдысы қайсысы? Бұған пәлен деп жауап беру де қиын. Дін-жүректің илхамы, ибалы, иманды адам тәрбиелеудегі, олардың жан дүниесін көркем етудегі күші де ересен. Небір ғұламалардың көңілге жұбанышты, өмірге сенімді, мазмұн мен көркемдікті басқа емес, осы ислам дінінен тапқаны бекер ме?

Бүгінде қазақстандықтардың негізгі бөлігі- жетпіс пайызы ислам дінін ұстанып отырғаны жөнінде де деректер бар. Ендеше, еліміздің дамуындағы, әлеуметтік, саяси-экономикалық реформалардың дәйектілікпен жүзеге асырылуы ісіндегі дін исламның ықпалын жоққа шығаруға да болмас. Басын тауға да, тасқа ұрып өмірден түңілуден небір қылмыстарға барған, түрме көрген басбұзарлардың талайы исламға мойынсұнып, осы діннен тиянақ-жұбаныш тауып, анадан жаңа жаралғандай күйге түскені, өнегелі, мазмұнды өмір сүруге бет бұрғаны жайдан-жай емес-ау. Мұны түрмебасылары да, имамдар да жоққа шығара қоймайды.

Бірақ, біз әлі де болса ислам дінінің мемлекет дамуындағы динамикалық маңызды рөлін жете пайдаланып жатқан жоқпыз. Оның мемлекетті өркендетудегі орасан зор мүмкіндіктерін тиімді қолдана да алмаудамыз. Бүгінде «жаңа қазақтар» байыса-ақ мешіт салатын болды. Құдайға шүкір, үлкен ауылдардың бас-басында бір мешіттен бар.Кейбір елді мекен тұрғындарының көшенің екі басындағы мешіттерге тең жарыла барып, бір қазанда басы піспей жататындары да жоқ емес. Мұндай ғибадат орындарының саны республикада 2000-ға жуықтап, ал облыста 230-ға жетті. Бірақ, сол киелі орындарға ауылдықтар тайлы-таяғы қалмай келіп жүр ме? Қазақтың жас, кәрісі түгел мінажатшыл ма? Ғибадат орнына қай жерде өте-мөте зәрулік бар? Бұл жағы ескеріліп жатқан жоқ. Мысалы, жыл сайын іргесі кеңи түскен Тараз қаласы тұрғындарының саны өсуімен байланысты рухани сұраныстары да артып, мұсылмандық ғибадат-намазға деген ынта мен бет бұрыс мешіттердің көбеюін талап етуде. Қаланың «Тайван» аталатын батыс бөлігінде, оңтүстігінде, теміржол бекеті аймағында, Ташкент-Комратов немесе Ташкент-Лермонтов көшелерінің қиылыстарында бір-бір мешіт бой көтерсе, артық емес.Ал ауылды жерлерде керісінше, кейбір мешіттер күн ұзағына бос тұрады. Тіпті апталап, айлап адам аяғының ізі түспейтіндері де бар...

-Қүдайға шүкір, бүгінде мешіт тұрғызып беремін дейтін бақуатты азаматтар қай елді мекеннен болсын табылады. Бірақ әжетке жарап тұрған мешіттің маңынан екінші бір мешіт тұрғызып, бәсекелестікке барып, пендешілік жасау мұсылман атына лайық іс емес. Бүгінде барлық жерде бірдей ауыз су мәселесі оңды шешілді деп айта алмаймыз. Кім-кім де қолында бар қаржысын елді мекендерді тұщы сумен қамтамасыз етуге жұмсаса да үлкен сауапқа кенелмек. Сондай-ақ, көпір, жол , мектеп, балабақша салу, елді мекендерді көріктендіру, көгеріштендіру, жастарды жан-жақтылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелейтін мәдени орталықтар, спорт сарайлары мен алаңдарын дайындап беру де игілікті амалдар болып саналады. Сауапты істер атқаруға ниеттенген бауырларымыз бірауық осы айтылған мәселелерге де көңіл бөлсе құба-құп болар еді,- дейді бұл тұрғыда ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы өкілі, облыстық «Әулиеата» мешітінің бас имамы Ербол Сағиұлы. Жоғарыда айтқанымыздай, өркениет мәселесіндегі діннің экономикалық-әлеуметтік қана емес, руханияттық жағы да өте-мөте маңызды. Қоғамда аса ірі байлардың «төбесі» көріне бастады. Кедейлер де жоқ емес. Олардың арасын жақындастырудағы имандылық қызметінің ауқымы үлкен. Міне, осы имандылық тегершіктерін қалай нықтап, бекемдеп, дамытуға болады? Бұл тоқсаныншы жылдардың басынан бері ауық-ауық көтеріліп, түрлі пікірталастарға арқау болумен келеді. Дінтанушылардың дені Қазақстандағы діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы Заңды дереу өзгерту қажеттігін де алға тартады. Өйткені, мектептерде діни дәріс өткізу «заңға томпақ» саналады. Содан да имамдардың жастар арасында дәріс беруі мардымсыз күйде. Ең алдымен, дінтану негіздері жөніндегі оқулықтар, хрестоматиялар бір ізге түсіріліп, жоғары оқу орындарында оқытушылар, дінтанушылар көптеп даярлануы тиіс. Шет ел азаматтары

ұсыныс білдірген жағдайда оларды исламның қатарына салтанатты жағдайда қабылдау үрдіске енгізілсе артықтық етпейді. Исламның мәртебесін көтеруде бұл да керек іс.

Елбасымыздың облыстардан шақырылған дін өкілдерімен кездесуінде, әсіресе 2000 жылға дейін елімізде жағдай тым ауыр сипатта өрбігенін, психологиялық дағдарысқа тап болған ауылдықтар исламмен біте қайнасып кетуінен, елдегі бейбіт тұрақтылықтың сақталуына сабырлылықпен сол дін арқылы үлес қосқанын ерекше атап өткені белгілі. Дегенмен, дініміздің ерекшеліктері облыс орталығында болмаса, шалғай елді мекендерде әлі де өз деңгейінде уағыздалмай отыр. ҚМДБ-ның 2000 жылы облыс, аудан, ауыл имамдарын осы сапа тұрғысынан аттестациядан өткізгенде, олардың біліктілік деңгейлері күткендегідей болып шықпағаны (әділет басқармасы келтірген мәліметке қарағанда облыста имамдардың 60 пайызының уағыз айтуға, исламға жетіктігі талапқа сәйкес шықпаған) бұған нақты дәлел. Көптеген имамдар осылай кадр жетіспеушілігінен «дүмбілездеу» болса да мешіттердегі орындарында әлі отыр. Оларды жаппай алмастырарлық кадрлар даярлап шығуға еліміздегі бірер ғана діни оқу орынының мүмкіндігі де жетпеуде. Мысалы, 2001 жылы ашылған «Нұр Мүбарак» университеті 100-дей ғана кадр даярлап үлгерді. Имамдарды сауаты аз деп жаппай босатар болсақ, олардың орны едәуір олқы соғып қалары да анық. Олардың ісін бірден дөңгелентіп алып кетер ешкім жоқ әзірге. Содан да республикалың дәрежеде имамдардың білім жетілдіру институты ашылған-ды. Онда 2002 жылы 400-дей ғана кадр қайта даярлаудан өткен...

Қалай болғанда да елімізде дін исламның оқу орындарында насихатталынуы, құқықтық қорғалуы тұрғысында қыруар іс жүзеге асырылуы тиіс. ҚМДБ-ның өзіне сол деңгейден көрінерліктей мүмкіндік беріп отырмыз ба? Қазақстан имамдар басқармасы құрылтайының құрамына ислам жанашырлары да көптеп тартылуы қажет. Салаға ұлттық холдинг-компаниялар ірі көлемде қаржы бөліп, Түркия мен Мысырдағы секілді орталық діни баспалар ашылып жұмыс істей бастаса тіпті құба-құп емес пе? ҚМДБ-ы, немесе оның облыстық өкілдіктері осылай өздеріне бөлінген қаражатты шашпай-төкпей, айналымға салып, өзін-өзі қаржыландыруға қол жеткізер еді. Өйтпеген күнде біздегі кейбір меценаттардың ісі «мешіт салып берумен» ғана шектеліп,ал ол ертеңгі күні бұдан әрі қарай қалай өздігінен күнін көріп кете алады дегенге басын да ауыртпайды.Өйткені, мешіттер сол бойда, ине-жіптен жаңа өткендей күйінде ҚМДБ-ының құзырына беріледі. Бір мешітті ұстап тұрудың өзіне ғана жылына орташа есеппен екі миллион теңге қажет екенін ескеріп жүрміз бе? Зәуінде бір мешітке күрделі жөндеу жүргізіліпті дегенді де естімейміз.Оқта-текте там-тұмдап түсер садақа, зекетпен мешіттер қызметкерлері қай жыртықтарын жамайды. Отынын қамдай ма, айлықтарына жарата ма? Мешіттер ғимараттарының барлығы бірдей сән-салтанатты, іші-тысы бірдей жарқырап тұр десек, мұнымыз күпіршілік болар. Жас имамдарды алдынан өзі жұмысқа келген мешіттің ғимарат ретінде тіпті құрылыстық, техникалық талаптарға сай келмейтіні, тиісті құжаттармен заңдастырылмағаны, отын-суының, пайдаланған жарығының төлемақысы толық өтелмегені, сондай-ақ мешіттің іші-сыртының маусымдық жөнделуі, әрленуі секілді қиындықтар қарсы алып жатады. Бұған аймақта әлі де 25 мешіт нысанының әділет басқармасынан тіркеуден де өтпегенін қосыңыз.

Барлық үлкен елді мекендерде дерлік еңселі мешіттер бой көтерді. Бір кездері мұның бірі де жоқ еді-ау. Облыс көлемінде бары-жоғы 27 жеті ғана мешіт болатын. Белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, кәсіпкер азаматтардың демеушілік көмек көрсетуінің нәтижесінде ауыл-ауылда мешіттеріміздің шаңырағын көтеріп, іргесін нықтап та алдық. Енді осымен байланысты екінші бір мәселенің басы қылтиып көрініп қалды. Халық тығыз орналасқан облыс, қала, аудандар орталықтарында болмаса мешіттердің барлығының бірдей жағдайы біркелкі емес. Кейбір ауылдар тұрғындарының бәрі бірдей мешіттен бірдеңе алмаса, ірі көлемде қайыр-садақа берерліктей де бақуатты емес қой...Сөйте тұрса да, мына Жуалы жағында ауылдардағы ақсақалдар алқалары мешіт имамдарына, молдаларға ортадан ақша шығарып, айлық төлеп отыру мәселесін шешуге құмбыл кіріскен сыңайлы. Бұл да құптарлық іс.

Рас, бүгінде халық тығыз топтасқан кент, ауылдардың барлығында да мешіт бар. Олар имамдармен жеткілікті қамтылған. Бірақ бұрынғы кеңшарлардың шалғай орналасқан бөлімшелері тұрғындарының қатары сиреп, азая түсуі де тіркеліп отыр. Міне, мұндай ауылдардың кейбірінде мешітке ыңғайластырыыла салынған ғибадатхана бар, бірақ имам жоқ. Оның басты себептерін жоғарыда айтып өттік. Бірақ, діни қызметкерлер де адам, ет пен сүйектен жаратылған. Оларға да әлеуметтік-тұрмыстық жағдай қайда барса да жасалуы керектігі көбінесе ескеріле де бермейді. Жас мамандарға мұндай қиындықтың өзіндік ықпалы жоқ деп кім айтар. Жас имамдардың ауылды жерде көп тұрақтай алмауының бір ұшы осында жатыр. Дін ислам бүгінде жаппай халықтық сипат алып, тіпті мемлекеттік дәрежеде мойындалып отыр.Ендеше, ауыл әкімдері де елііміздің иманды келешегін қалыптастырудағы осынау жауапты істен шет қалмай, ауылға қызметке келген жас имамдардың мектепте оқушыларға тәрбие ісінен дәріс беруіне (бұл тұрғыда облыстық білім департаменті министрлікке дінтану пәнін оқу бағдарламасына енгізуді ұсынып та отыр) қол ұшын беріп, көмектесіп жатса нұр үстіне нұр емес пе? Сонда ғана имамдар тікелей жастар арасында имандылықты кеңінен уағыздауға қол жеткізіп, бір жағынан өзінің әл-ауқатына қатысты мәселені де шешіп алар еді. Бұл тұрғыда мына Түркияда үлгі аларлық үрдіс бар. Бұл елде мұсылмандық дін істері мемлекеттің тікелей қамқорлығында. Өйткені, ондағы басқару және атқару органдарындағы қызметкерлердің басым дені ислам талаптарымен өмір сүреді. Намаз оқиды, басқадай ғибадаттарын да ұмытпайды. Азан айтылған ауылдың үстінде Аллаһтың нұры, берекесі болатыны белгілі.Исі мұсылман қауымының мұны ұмытпауы тиіс.

Жалпы, ислам дінінің ақпараттық тұрғыда өз деңгейінде уағыздалуы ісі соңғы кездері еліміздің экономикасы жақсаруымен байланысты біртіндеп екпін алып та келе жатыр. «Алтын қалам», «Анкара» баспаларынан біраз діни кітаптар жарық көрді. «Иман және өркениет» газетінің таралымы 42 мыңға жетті. «Имандылық әлемі», сондай-ақ «Ислам» (орыс және қазақ тілдерінде шығады, таралымы 12 мың дана) журналдары намазхан қауымына тегін таратылып та жүр. Біздің облыстық «Әулиеата» мешітінің бас имамы Е. Сағиұлы да бұл іске демеушілер тауып, тартып аздап та болса діни кітапшалар бастыруды бастап кетті. Бұл өзге имамдарға жұғысты болса, қанеки.

Ислам тағылымына зиялы қауымнан гөрі жастар көбірек ұюда. Әсіресе, мешіт жамағаттарының 80-85 пайызын жастардың құрауы бұл мәселеге кешенді түрде көңіл бөлудің мезгілі жеткенін көрсетіп отыр. Ал зиялылардың қанында, қалыбында, жүрегінде имандылықтан гөрі атеизм басымдау секілді. Бірі-дұрыс, бірі-бұрыс, бірі сенеді, екіншісі бұра тартады. Өкініштісі де осы- өзін зиялы қауым өкілімін дейтіндердің діни-имани іске немқұрайды атсалысатыны. Әзірге қазақ қоғамы алға басуы үшін атқарылар істің ең үлкені бұл. Имандылықсыз қоғам алға баспайды. Зиялыларымыз, дінтанушыларымыз, өзге шет елдер мобилін әкеліп қоса ма, әйтеуір, Қазақстан қоғамында имандылықты өркендету жолдарын жатпай-тұрмай, ізерлеп іздеуі тиіс. Экономиканың, руханияттың таразы басын тең ұстауымыз үшін. Исламды таратудағы кедергі сол-еліміздегі діни наным-сенімнің әралуандығы. Қазақстанды біртұтас ұлт етіп қалыптастыру қандай қиын болса, дінде де солай. Солай екен деп қол қусырып қарап отыруға да болмас. Исламның көркем адам тәрбиелеудегі маңызды орны әлдеқашан айқындалды емес пе? Міне, бұл іске ғұламалар, дінтанушылар, теологтар жанашырлықпен атсалысып, оның ақиқаттың ақ жолы екендігін дәйектілікпен дәлелдеуі де тиіс.
Эсселер, ой-толғаныстар
АҚЫН КЕТІП БАРАДЫ КӨШЕМЕНЕН...
Тепседен ұшқан бір түлек
Алдымда Ақын отыр. Ия, ия, қаһарланса - аспандағы күн тұтылып, найзағайларын жарқылдатар айбарлы, жайдарыланса – төңірегін мәжіра шуаққа бөлер, көңіл ауаны да өзінің табиғатына сай сан құбылар, бабын тауып болмас, мінезді Ақын. Болмысында Баукеңнің (Б. Момышұлы) бірбеткейлігі, Кенекеңнің кеңпейілділігі, «Иван Грозныйдай» Әбділда ақынның сұстылығы, бекзаттық та, еркелік те, сәбидің пәктігі де бар.

Онымен алғаш бетпе-бет келгендегі әсерім осы болды. Тепседен (Байзақ ауданы) түлеп ұшқан, бүгінде аймақ ақындарының «атасы» болып отырған Жақаңмен – Жақсылық Сәтібековпен осылай кездестім. Жақаң, задында ділмар кісі. Әр сөзін дәмдеп сөйлейді. Әңгімелері ше... Бірінен-бірі өтеді.

-Жалпы, Тепсе ауылында тұтастай Бестеректің бір атасынан тарайтын ұрпақ туырлығы тұтас күйінде отыр. Бұрын да солай болған, қазір де солай. Мұны «рушылдыққа саю» да қате. Әу басында-ақ, колхоздастырудың алғашқы кезеңінде аталастардың осылай «қарыс-қарыс, сүйем-сүйем» болып бас біріктіргені белгілі. «Әлдеқандай күн туып қала ма» десіп, тосын жүйеге тосырқай үрке қарасқандықтарынан да шығар.

Әкем аудандық әскери комиссар болып қызмет етуімен байланысты Меркіде туғанмын. Бал дәурен балалығым Тепседе өтті.1937 жылы сол Меркідегі біреудің көрсетуімен «молда баласы» болғаны үшін абақтыға жабылып, кейін 5-6 айдан соң ақталып шыққан. Бірақ, бұл әкемнің көңіліне «дық» болып байланып қалады. Туған жеріне – Тепсеге қайта көшуіне де осы жай себеп болған секілді.

Атам көзі ашық, сауатты болумен бірге сол кездің өзінде-ақ арендалық мердігерлікті жан-жақты меңгерген, аймаққа осы жүйені алғаш енгізген кісі, аты шыққан дихан-қауыншы еді. «Большевик» колхозының басшыларымен жасасқан келісім-шартқа сай таудың суы мол бір шатқалынан 5 гектар жер алып, қауын-қарбыз егіп, мал өсіріп өзін де, колхозды да шаш етектен табысқа кенелткенін ел әлі күнге аңыз қып айтады.

Маған атамның диқандығы қонбады. Бірақ, тақыр жерде шөп өспейтіні белгілі. Ақындық өнер шешемде де, әпкемде де болған сияқты. Әсіресе, әкем Жақыпбектің (перзенті болмаған соң мені әкем ағасы Сәтібектің бауырына салып берген) ауыл-аймақтағы той-томалақтарда жеңгелерімен сөз қағыстырып, айтысатын өнері бар-ды... –деп еске алады Ақын өткен өмір жолына өзі бүгін шыққан биігінен шола қарап.

Ақындық, қаламгерлік қасиет кімнің болса да бала кезінде танылатыны белгілі. Жақаң да 8-9 сыныптарда оқып жүрген кезінде аудандық, облыстық газеттерге уақ-түйек бірдеңелер «түртіп» жазып, онысы әредікте жарияланып та қалатын. Бірақ, мектеп бітіргеннен кейін Тепседен маңдайын Алматыға түзеп шыққан жұпыны киімді балаң жігіт неге екенін кім білсін, ә дегенде құжаттарын «ақындардың оқуына» емес, ҚазПИ-ге тапсырды. Ішіндегі «тыңжы»-таланты оны бәрібір тыныш қоймады. Екінші курста ҚазГУ-дің журфагіне ауысуына да сонысы түрткі болған.

-Курстасым, қазақтың қазіргі әйгілі ақыны Қадыр (Мырза-Әли) етпеттеп өлең жазады да жатады... Ал менің мандытқан ештемем жоқ. Бірақ, азды-көпті жазған-сызғандарым бар-ды. Соны Қадырдың көзі шалып қап, мені «Лениншіл жасқа» сүйрелеп жетті бірде. Әдеби қызметкер, белгілі балалар ақыны Ә. Дүйсенбиев өлеңдерімді оқып, мақтап, бізді артынша бөлім меңгерушісі С. Сарғасқаевтың алдына алып барды. Ол кісі әлденеге ренжулі екен. Әлгі дүниелерімді оқып жатпастан «әлі иі қанбапты» деп өзіме қайтарып берді. Жаман қатты көңілім қалды. Міне, содан 4-ші курсқа жеткенімше өлеңді «жылы жауып» қоюыма тура келген.

Мен өндірістік тәжірибемнің екі жылын да Павлодар облыстық газеті редакциясының қабырғасында өткіздім. Редакторы белгілі жазушы Ә. Нұршайықов болатын. Сол кісі жазған-сызғандарымның кідіріссіз жариялануына көп ықпал етті. Осында очерк жазу машығымды да жетілдіре түстім. Мұнымның кейінгі еңбек жолымда көп пайдасы да тиді, - дейді Жақаң сол күндерді толқи еске алып.

Жалпы, Жақаң журналистік қызметте жолы болғанын, сондай бір кездейсоқ сәттіліктер өзінің жан-жақты ашылуына себін тигізгенін жоққа да шығармайды. Журналистика факультетін жаңа бітірген түбіт мұрт балаң жігітке бірден үлкен сенім жүктелінуі, қазақ радиосында алғаш «Ауыл өмірі» радиостанциясын ашып, қалыптастыруға тапсырма берілуі, міне, соның айғағы. Алымды іскер әрі қаламгерлік қарымы да мол қайсар жас төңірегіне О. Иманәлиев, И. Жақанов, А. Еспаев, Ш. Қалдаяқов, А. Жолдасбеков секілді таланттарды (барлығы 11 адам) топтастырып, бұл іске білек сыбана кіріседі. Ендеше, Жақаң есімі «Ауыл өмірі » бағдарламасының ту-у басында тұр!

Бұдан әрі де Жақаңның ғұмырлық жолы өзінің өлеңдері секілді өр рухта шымыр, мазмұнды әрі ғибратты өріледі. Әдебиетпен, өнермен, журналистикамен біте қайнасқан тума таланттың қоғамнан тыс қалған бір сәті жоқ. Қайраткер ақын қаламы бір сәтке де қалғымастан, міне, жарты ғасырға жуық уақыт бойы ақ қағаз бетіне мөлдіретіп інжу-маржан сөз төгумен келеді... Жақаңның өзі «Мен күніне үш өлең жазбаса, ұйықтай алмайтын Тұманбай құрдасымдай емес, айына бір өлең жазам десе де болады. Қазір ақтарып қарап отырсам, жас күндерімде жазған, бірақ еш жерде жарияланбаған өлеңдерім баршылық болып шықты. Облыстық газетке, Құдай қаласа, «Жылдар, жырлар» деген атпен сол күнделігімнен көшірмелерімді бере де бастаймын» деп «арық айтқанымен», жалпы шығармашылығы «семіз» шығып отыр.

«Жырға сапар» ұжымдық жинағына енген тырнақалды жырларынан, «Тұңғыш кітабынан» бастап, күні бүгінге дейін оқырмандарына «Сарыарқа», «Мойынқұм» атты көлемді поэмалары, ересектерге және балаларға арналған өлеңдері, очерктері, көркем публицистикалары бар 18 кітап беріпті. «Айырөткел» деген атпен таңдамалысы да жарық көрді. Жақаңның отыздың бел ортасында Қазақстан Жазушылар Одағының мүшелігіне өтуі де жайдан-жай болмаса керек-ті...


Жақаң тапқан талант

-«Ел іші -өнер кеніші» деген, тегі, рас сөз. Құдайдың құдіретімен бір даңғайыр талант иесінің гүл ашуына, қоламта арасында қалып қоймай жарқырай танылуына дәнекерлік етуім өзім үшін бір сауапты істі болды, - деді Жақаң аздан соң тағы бір әңгіменің шетін шығарып.

... Бұл оқиға былай болған-ды. Өзімен коммуналдық үйде бірге тұрған, сол кезде Жамбыл технологиялық иститутында оқып жүрген Жамбыл есімді атпал тұлғалы Арқаның бір жігіті ақын ағамызды қоярда-қоймай ауылына қонақ болып, қымыз ішіп, қыдырыстап қайтуға шақырып, бірде өзімен ілестіріп алып та кетеді. Сарыарқада кеңшардың жылқысын бағатын Сембі қарттың үйінде болғанында Жақаңның көзіне оның өнерші ұлы Аманкелді оттай басылады. Өзі бір болайын деп тұрған жанарында оты бар, зерделі бала, жылқыны тепсеңге иіріп тастап, ананы, мынаны сұрап, үйірсектеп ақын ағасының

жанынан шықпай, бауыр басып та кетеді. Сарыарқаның сайын даласын жаңғырықтыра айтар әні, дауысы қандай өзінің!

Ақын баланың бойында үлкен талант барын бірден байқайды. «Баланың обалына қаласың, оқыт.Шамаң келмесе, менің қолыма бер –бір жағына шығарайын» деп әкесін майлыішекше айналдыруы да содан-ды. Біртоға, момын шаруа адамына қолын ұзартып отырған ұлдан айырылу қайдан жеңіл болсын. Жақаңның қоярда –қоймай қиылып сұрануы, иландыра айтқан уәжі қарияның «мұз» жүрегін жібітті, ақыры...

Сол тұстағы Жамбыл мәдени-ағарту училищесінің басшысы Шора Теміров балаға ән айтқызып көріп, пәндік сынақтардан өткізіп, бір жағы Жақаңның қолқасын да жерде қалдырғысы келмей, оқуға қабылдау емтихандары әлдеқашан өтіп кеткеніне қарамастан, оны студент қатарына алуға мәжбүр болады. Аманкелді үмітті ақтап шықты, аталған училищені де, соңыра Мәскеу консерваториясын да үздік бітірді. Екі жыл Италиядағы Ла –Скала театрында машықтан да өтті. Сол, сол- ақ, атағы дүрілдеп шығып, кейін өзі қызмет еткен Алматы мемлекеттік консерваториясының атын алысқа танытқаны да белгілі. Қазақтың белді опера әншісі ретінде Біржан, Төлеген арияларын алғаш сахнаға шығарған да Аманкелді еді. Ол жөнінде республикалық басылымдар да ауыз жаппай жазып жатты. Қазақ өнері мен мәдениетінің Мәскеудегі он күндігі тұсында «Комсомольская правда» газеті өзінің бірінші бетіне «Аманкелди шагает по Москву» тақырыбымен көлемді мақала жариялағаны да бар...

-Мен сол сапардан екі үлкен олжамен оралған едім. Көптен ойымда жүрген «Сарыарқа» атты поэмама сонда нүкте қойдым. Әрі Аманкелдідей хас талантты жетектеп алып келіп өмір көшіне, өнер көшіне қостым, - дейді Жақаң. - Әттең, ол өз өмірінде тағдыр тауқыметін де көп тартты. Әкесінен, кейін ағасы Жамбылдан ойда жоқта айырылды. Бұл қайғының ауыртпалығын бірге көтерістік. Жаз сайын келіп, төрімде аунап-қунап жатып қайтатын аса қадірлі інім, жақын бауырым еді... Кейін біреулердің ықпалымен жат әдетке бой алдырып, ішкілікті көп ауызға алатынды шығарды. Соның да, басқа жайлардың да әсері болды-ау... алпыс жасқа да жетпей жүректен кетті. Қадірі еленбей бір жарық жұлдыз көгімізден беймезгіл ағып түсті.


Каталог: admin -> files
files -> Ббк 83. 3 (5 Қаз) Қ 25 Қ25 Қалдыбаев Ә. Көңіл көмбесі
files -> Аула драмалық шығармалар әрқилы ойлар атланта жоқ, америка сапары
files -> Тақталас. Пьесалар, бірқақпайлар. Тараз, «Сенім» баспасы, 2006-256 бет
files -> Шағын хикаяттар, әңгімелер, ертегілер, мысалдар
files -> Баймаханбет ахмет жас шынар, ТӘкаппар шынар тараз – 2013 жыл
files -> Арғынбай бекбосын фәнилік драма (2500 рубаят)
files -> Тұрсынхан Жақыпқызы (Сембаевна) Бердалина Өлеңдер мен әңгімелер
files -> Елен Әлімжан бауыржанның пырағЫ
files -> Үміт битенова көҢіл күнделігі
files -> Көсемәлі СӘттібай¥лы шарбақтының жалғызы


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет