Баймаханбет ахмет аяулы соқПАҚ Тараз, 2008 жыл. Менің президентім



бет6/12
Дата21.07.2017
өлшемі2,06 Mb.
#21826
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12

Айтыста да із қалдырған...
Бұл 1963 жылы болатын. Ол кезде Жақаң бары-жоғы 27 жаста ғана еді. Сол тұста өлкелік ақындар айтысы өтетін болып, оны ұйымдастырушылар ел ішінен мұндайға ебі барларды қолдарына «шам алып» іздеумен жүрген. Жақаңның кейбір отырыстарда қолына домбыра алып келіншектермен сөз қағыстырып қалатыны әлдеқалай облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасароы Күләш Рыскееваның құлағына жетеді ғой. Сол кісінің әбден мақтауын жеткізгені бар, мұны облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы А. Асқаровтың өзі іздестіре бастайды. Сосынғы жерде бұлтаруға шама қайда. Амал жоқ келісімін беріп, Жақаң өлкелік ақындар айтысына қатысуға да мәжбүр болады. Алғашқы һәм соңғы рет.

Сол жолы, бірақ, Жақаңның жұлдызы жоғары болды. Сөз сайыста өзі, шымкенттік Көпбай Омаров, қызылордалық Манап Көкенов – бірінші бәйгені (кілем) жеңіп алып, олжалы қайтты. Ал екінші бәйгені Надежда Лушникова, Есдәулет Қандеков және Әбдіғапар Айтоқов өзара бөліскен-ді. Сол жолы режиссер Т. Дүйсебаев бұлардың қатысуымен «Айтыс» деректі фильмін түсіріп, ол қазақ киносының «алтын қорына» да енді.

-Сол бір ерен «айтыскерлігім» есінде бар ма, бертінде Тұрекең бір айтысты Баукеңнің домбырасымен (жоғаларына көрінді ме) ашасың деп қоярда-қоймай көндіріп, біраз әбігерге түсірген-ді... Бір кезде Баукеңе академик А. Жұбанов сыйлаған, елге белгілі хас шебер қолынан шыққан аса құнды екі домбыраның бірі әлдеқалай менің қолыма түскен-ді. Баукең оған «Ақын, композитор балама - Жақсылыққа» деп, кейін біраз жылдардан соң оның үстіне менің қолқалауыммен «После моего смерти станет достоянием Жамбылского музея» деген қолтаңбасын жазып қалдырған-ды. Алдында 2 рет жоғалып табылған сол асыл жәдігер соңғы «жоғалғаннан» ізім-ғайым хабарсыз кетті... Бұл жөнінде баспасөз беттерінде әлденеше рет жаздым. Сол жай есіме түссе-ақ біреу ескі жарамның орнын тырнағандай болады. Жоғалмай тұрып Баукеңнің аманатын орындай алмағаныма әлі күнге өкінемін,- дейді ақын ағамыз.
Ұлылармен бір сапта
Алдымда Ақын отыр. Ағамыздың, әсіресе, ұлылар өмірінен айтқан әңгімесі мені бірден-бірге баурай түскен.

-Ғұмырыма еш өкпем жоқ. Өз өмірімнің ұзына бойында үлкен лауазымды кісілермен – облыстың, ауданның, қаланың танымал азаматтарымен, Кенекеңмен, Баукеңмен, Шәмшімен, басқа да көрнекті қаламгерлермен дәм-тұздас, пікірлес болдым. Облыстың әр кездердегі бірінші басшыларына да сөзім өтетін-ді. Ел еркесі - ақын ретінде де, сыйлас әріптес ретінде де.

Әсіресе, Баукеңмен ағалы-інілі бауырдай болғаным - өмірімді мағыналы ете түскендей. Ол кісімен тіл табысудың қиын екені рас. Бірақ, жөні-жосығы бар істі, ақылды, ретті сөзді аттап кеткен жері жоқ. Батылдықты, батыл сөзді әмісе жоғары қоятын. Әйтеуір, біз тез-ақ ұғыстық. Ол да елінің ері ғана емес, серісі, серкесі, еркесі де ғой! Біздің осындай еркелігіміз, сірә, жұдызымызды жарастырды ғой деймін. Мен әлгі... күнделігіме де жазып қойыппын: «Дүниеге қызықпаған Ленин, Сталин және Бауыржан» деп! Лениннің бертінде...Швейцария банктерінің біріне қомақты қаржы салғанын қолыма әлдеқалай түскен бір кітаптан оқып білдім. Ал, Сталин... әр кезде де үстіне жібі түзу жылтырақ киім ілмей, гимнастеркасымен, тіпті жамау етігімен жүрді.

Баукең де 60 жылдығын облысқа өткізуге келгенде менің үйімде, міне, мына диванда жеңілденіп киініп, жай арзанқол трикосымен отырды. Оны қайта біз қос көрмей, ине-жіптен жаңа өткен кәстөм-шалбар әкеліп кигізбек болғанымызда «что я «тряпочник», чтоли» деп маңынан жүргізбей қойғаны бар... Әрең деп «тілін» таптым ғой. Соңыра өзінің туған жері – Жуалыда, тау шатқалындағы бір демалыс үйінде жатқанында... ауыл-аймақтардан сәлем бере барғандар «құр қол» келмей, «сыбағаңыз» деп сойыс атап, 20-30-дай уақ-түйек жиналып қалғаны есімде. Баукеңнің сол малдың біреуіне де тимей, бәрін сол жердегі күзетші қарияға тастап жүре бергені мені айрықша қайран қалдырды. Ал аудан, ауыл басшылары мінгізген, бірақ алмай кеткен жылқыларын түстеп түгендер болсақ, Алатау қойнауына симас-ау.

Тағы бір жайт есіме түсіп отыр... Менің Алматыдағы достарымның көбі – кіші жүз бен орта жүздің жігіттері болатын. Оларға «шешем- кіші, әкем- ұлы жүздерден, екеуінің ортасынан шыққан орта жүзбін» деп айтатынмын. Бір жиында сол сөз Ғабеңнің (Ғ. Мүсірепов) құлағына тиді. Онда да бір жолы Сырағаң мені таныстырып «өзіміздің орта жүз» деп қалды. Сол, сол-ақ, Ғабең маған аңтарыла бар еңсесімен бұрыла қарап:

-Орта жүздің қайсысы?- деді.

-Оны енді... өзі айтсын,- деді Сырағаң жалтарып.

Әлгі жерде мен мұның жай-жапсарын айттым. Соны естіп Ғабеңнің:

-Әй, сен орта жүздің ең мықтысы болдың, -деп сылқ-сылқ күлгені бар.

Кейін Алматыдағы «Қазақстан» қонақ үйінің мейрамхнасында Ғафекеңнің (Қайырбеков) 60 жасқа толуы тойы өтіп, сол тойда маған өзіммен үстелдес Мариям апайға (С. Мұқановтың жары), Ғабең мен әйеліне, С. Омаровқа, Қ. Мұқамеджановқа қызмет көрсету міндеті жүктелініп қалды. Хамаң (Ерғалиев) мен Сырбай ақын кезектесіп асабалық жасап тұр. Солар мені «Ғафудың туған інісі Жақсылық сөйлесін!» деп шақырып, енді орнымнан тұрып жөнеле бергенімде Ғабең:

-Жақсыле-е-к! Сен сөзді әлгі орта жүздің мықтысы екеніңнен баста!- деп қиқу қосты.

-Иә, мен- Ғафудың інісімін, орта жүзбін!- деп бастадым сөзімді. Сол сәттегі Шерағамның түсінің әлемтапырық бұзылып кеткенін көрсең! Маған жақтырыңқырамай адырая қарады да отырды. Іштей «мына ит бізді осы күнге дейін алдап жүрген бе, өзі» деді ме. Тек «орта жүз» болуымның себебін түсіндіргенімде ғана барып, әрі бұрылып, алдындағы шүп-шүп толы үрімкені шімірікпестен қақты да салды. Жүзге тартудың бір сиқыр күшін мен сонда сезіндім...


«Кененнің баласы»
Әңгімеміздің кейіпкері Ж. Сәтібековке Алматыдан облыстық радиоға ауысып келіп қызмет етіп жүрген кезінде таңылған осындай ат-дақпырт оның қызмет баспалдақтарымен өсуіне де ықпал еткен...

Бұл Қордайда Кенен Әзірбаевтың 80 жасқа толуын атап өтумен байланысты болды. Тойда баяндама жасау жүктелген Сәбең (С. Мұқанов) ауырып қалып, келмейтін болғаны облыс, аудан басшыларын біраз әбігерге де салған-ды. Ақыры, олар әркім-әркімнен сұрастыра жүріп, үйінде талай болып әңгімелесіп «Кененнің баласы» атанып кеткен Жақсылық – баяндаманы бір жасаса сол жасар-ау деген тоқтамға да келіскен.

Сөйтіп, мұны іздестіріп тауып та алды. Көп өтпей обкомға шұғыл шақыртылған Жақаңның алдында енді бірер сағаттан соң басталғалы тұрған той салтанатында қағаз, қаламға қарамай, ешбір дайындықсыз баяндама жасау міндеті тұрды. Дегенмен, Кенекеңнің 75 жылдығы тұсында үйінде бір ай жатып, 43 әнін үнтаспаға түсіріп, ертелі-кеш еңбектенгенінің оған көп пайдасы да тиіпті. Екі сағаттық баяндама жасап, әйгілі ақын-сазгер өмірі мен қызметін кең қамтып айтып та берді...

Мұның соңы оны облыс басшыларының обкомға, баспасөз жөніндегі хатшы қызметіне қолқалап қоймай жүріп алып кетуімен ұласқан. Жуырда «Қазақстан» телеарнасынан көрсетілген өзінің 1962-63 жылдары Алматыда Кенекеңмен бірге түскен бір деректі фильм ол кісіні алыс жылдармен қауыштырып, ерекше толқытқан-ды...

«Обкомға келуім де, кетуім де шұғыл болды. Өйткені, онда шығармашылық адамының еркіндігі сақтала бермейтін. Сірескен тәртіп баяғы!»- деп еске алады сол кездерді Жақаң. Өмір соқпақтары оны облыстық драма театрының көркемдік жетекшісі, облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры, республикалық «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің облыстағы арнаулы тілшісі секілді сан тараптарға бастап, ақыр аяғында облыстық «Ақ жол» газетінің редакциясына алып келді.
«Асқаровтың соты»
Жақаңды қаламы жүрдек журналист ретінде танытқан қайта құру тұсында нақақ күйіп, абақтыға жабылған белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровқа Бішкекте жүргізілген сот барысын үзбей қадағалап, «Ақ жолға» жазып жариялап, кейін оның ада-күде ақталып шығуына да айрықша ықпал еткен «Асқаровтың соты» сериялы мақалалары болатын. «Ақ жолдың» қалақтай ғана қағылез қызметкері өзінің қалам қуатын танытып, КСРО атты алпауыт империяның басшысы М. Горбачевке «азуын көрсетіп», сол кездегі жүйенің жымысқы саясатына айбынып қарсы шықты!

Әу басында бұл идея Ж. Аралбаев бастаған ардагерлер тарапынан туындады. Бұған облыстық радио, газет басшылары да қарсылық таныта қоймады. Облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы А. Бекбосын бірден қолдап, облысқа кездейсоқ жолы түскен сол кездегі Қазақстан Журналистер одағының хатшысы К. Смайлов та «Сөз бостандығына қатысты қаулы бар, обкомды хабардар етіп жатпай-ақ, бұл шаруаны тездетіп қолға алған жөн» деп ақыл- кеңес береді. Сөйтіп, Жақаң тікелей Бішкектегі соттың өтуі барысынан тікелей репортаждар беруді бастап та кеткен. «Ақ жолға» кешікпей «Асқаровтың соты» мақаласы жарқ етіп шыға келді. Мұны оқып, авторға алдымен ұлтжанды азамат А. Бақбергенов (сол кезде «Кирбаз» мекемесінің директоры) жүрегі жарылардай болып қуанып, қоңырау шалады: «Көке, мынауыңыз дер кезінде жазылған мақала болды. Той жасап, өзім жуып бергелі отырмын» деп! Артынша қызмет көлігін жібертіп алдырып, сый-сияпат та көрсетіпті. «Ақ жолдың», оның қызметкері Жақаңның алаштың ардақты азаматына арашаға түсуі елімізде резонанс туғызды. Аталған мақаланы соңыра «Егемен Қазақстан», «Оңтүстік Қазақстан», «Советтік Қырғызстан» газеттері де көшіріп басты...

Ал Жақаңдар А. Асқаровты ақтауға септігі тиер-ау деген ықпалды іс-шараларды өрістете берді. Осы орайда А. Асқаровты қорғау комитеті құрылған-ды. Комитет атынан Еңбек Ерлері Дариға Жантоқова мен Сындыбала Оңғарбаева аналар атынан ұлт намысын жыртып, М. Горбачевтің де, А. Ақаевтың да алдына барады. Аталған сот Бішкекте өткізілгендіктен, Асекеңе рақымшылық ету сол елдің басшысы құқындағы іс болатын. Ал КСРО-ның соңғы Президенті қалай да А. Асқаровтың түбіне жетуді діттеген-ді. Жақаңдар қолға алған істің нәтижелілігі сол – «қасқа бас көсемнің» А. Асқаровқа тағайындаттырған ату жазасы өзгертілуіне, 11 жылға жазаға кесілуіне, алаш ардақтысының Нижний-Тагилдегі абақтыда жарты жыл ғана отырып, ақыры, рақымшылықпен бостандыққа шығарылуына ықпал еткендігі...

Өткен ғасырда қазақ елінің елдік танытуының бұдан асқан тағылымды үлгісін табуыңыз қиын.

-Әлгі бір күнделігімді оқып отырсам, «сол күндері «Қайнар» баспасынан шыққан «Ғибрат» атты кітабымның қаламақысы А. Асқаров кигізген кәстөм-шалбардың құнынан да арзан болды» деп жазыппын. Кейін ол кісінің тойына да бардым. Өле-өлгенінше ағалы-інілі бауырлардай сыйластықта болып, жақсы араласып тұрдық, - дейді Жақаң. - Айтпақшы, әлгі сот процесінен тікелей жүргізілген репортаждарымды кейін «Алматы ақшамы» газетінің редакторы Е. Сағат сұратып алып, өз баспаханасында бір ай бойы басты. «Асқаровтың соты» «Халық перзенті» деген атпен қалың кітап болып та шықты. Күллі Алматы жұртшылығы бірінен-бірі алып оқып, тез тарап та кетті...
«Қара кемпір» хикаясы
Жақаңның есімі осы бір ғана дүниесімен-ақ оқырман жадына ұмытылмастай жазылып қалары анық. Бұл әнді жазған белгілі сазгер, жерлесіміз А. Қоразбаев. Идея да соныкі. Ұлы Отан соғысының қасіретнамасы да секілді. Өзінің бес жасында соғысқа кетіп, содан қайтып жүзін көрмеген әкесіне деген ұлы сағыныш толқынысынан ба, әлде, сол «қара кемпірмен» тағдырлас, мұңлас болуынан ба, бұл жыр-толғау Жақаңның қаламынан тез-ақ туды. Ұзын саны тоқсан жеті шумаққа жетіп жығылған.

Ал Қара кемпірдің тағдыры мынадай. Жексенқұл, Қосшығұл атты екі бірдей ұлынан, күйеуінен айырылған кейуана, тіпті оларды өлді деп те ойламай, «қайтып келеді, сонда той жасаймыз» деп уақ-түйектің бір басына да тимей көбейтіп өсіріп, мал соңында ғұмырын сарп еткені үшін «жынды кемпір» атанған, Қордай ауданы, Қызылсай ауылында бертінге дейін өмір сүрген кісі. Мұның құндылығы да осынысында.

Кезінде бұл мәселеге кереғар пікірлер де болды. «Қазақ әдебиеті» газетіне сарысулық бір оқырман «жылауық жыр, зар-мұң кімге керек» деп мақала да жариялаған-ды. Бірақ, көп өтпей осы басылымда Хамаңның (Х. Ерғалиев) мақаласы шығып, әлгі оқырманға «жүрексіз, тексіз» деген сипатта ауыр-ауыр сөздер айтып, «өтірік пе осының бәрі! Кешегі соғыста бүтін бір отбасы, әулет қырылып кетті емес пе?! Бұл – осы заманның «Елім-айы» деп баға берген-ді.
Әкеге деген сағыныш...

«Қара кемпір» демекші, бары-жоғы бес жасында – есін білер-білмес шағында мәңгіге жоғалтқан, түрі-түсін де білмейтін қайран әкесіне деген сағынышын өмір бойы көкірегінде әлдилеумен келеді ол! Қай кітабының да әкесіне арнаған өлеңінсіз шыққаны жоқ... Өңі-түсі еміс-еміс есінде сақталған, жат жерде топырақ томпайтып қалған әкесінің басына барып, қабіріне туған жерінен топырақ апарып қосу да бір перзенттік парызы еді. Мұның да өз-өзінен сәті түсе кеткені бар. Жақаң бұл үшін де Аллаға мың шүкіршілік етеді. Әкесі Жақыпбек соғыстан алған ауыр жарақаттан Польша жеріндегі госпитальда көз жұмған-ды. Артынан келген дерегінде сүйегі Познаньға барар жол бойында (Торум қаласынан 13 шақырым қашықтықта) қол созымы ғана он-он бес метрдей жерде жерленгені айтылады. Жақаң бертінде Қазақстанның Германиядағы елшілігінде қызмет ететін күйеу баласы Нұрлан екеуі Берлин арқылы шығып, сұрастырып жүріп ол жерде де болыпты. Әке қабірін дөп басып таппағанмен, оның сүйегі жатқан бауырластар зиратына ауылдан ала барған топырақты қосып қайтқан...

Облыс басшыларының тапсыруымен «Зерде» сериясы бойынша «Боздақтар» кітабының бірнеше томын құрастырып шығару жұмысының тікелей өзі басшылық етуімен жүргізілуі де жауынгер ұлына бұйырған бақ деу ләзім. Онда соғыста құрбан болған, хабар-ошарсыз кеткен облыстың барша азаматтарының өмірбаяндары қалпына келтірілді. Жақаң бұл істі де үлкен жауапкершілікпен атқарып шықты.
Тізгінтартар
Жақаң шығармашылығының арқау-тіні, мазмұны болып өріліп, азаматтық болмысын да биіктетіп, ғұмырнамасымен біте қайнасып кетер қадау-құадау оқиғалар, міне, осындай. Ол кісінің періште емес, кәдімгі өзіміз секілді ет пен сүйектен жаралған адам, азамат, ақын, қаламы жүрдек журналист, эссеші, осы заманның серісі екендігіне біраз мысалдар келтірген болдық. Қалай болғанда да Жақаң әлемінің үш арнада (ақындық, азаматтық, журналистік) әлі де тереңдетіле зерттелініп, өзінің тиісті бағасын алар кезеңі келеді. Оның қоғамтанудағы, адамтанудағы зиынды-зерделілігінен туған алуан қырлы ауқымды істердің алдында болашақ күннің қарыздарлығы да айқын сезілер күн де туар.

Дәл қазіргідей көркем әдебиет қағажу қалыңқырап, кітаптан гөрі компьютерге көбірек көз жүгіртіліп жатқан алым-берім заманда пәлен деп өкпе айту да қиын. Өйтпеген күнде, Жақаңның «Айырөткелі» осы күні ой тәрбиешісі, сезім тәрбиешісі, мейірім тәрбиешісі болып, өзінің поэтикасымен әркімнің-ақ көңілін баурап, жүрегіне жылы шуақ жүгіртіп, қолдарынан түспей жүрер басты кітабы да болар еді-ау. Ал «Асқаровтың соты» мен «Ғибраты» - бүгінде жоғары оқу орындары қабырғасында журналистикадан дәріс алып жүрген болашақ қаламгерлердің үстелінің үстінде жататын дүниелер. Мұны жазғанда Жақаң журналистиканың барлық жанрын (көсемсөз, мақала, эссе, ой-толғақ, сұқбат, очерк, суреттеме, монолог... тағысын тағылар) қамтып, жалпы осы салада бар әдіс-амалдарды түгел қолданып, осы бір қалақтай ғана кітапқа ойының нәрін, жүрегінің жылуын сарқып құйған ба дерсің! Осы дүниесі («Ғибрат») үшін қаламгердің тіпті ол кітап болып басылмай тұрып-ақ Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты атануы көп жайды аңғартса керек-ті. Бұдан «облыс ақындары атасының» кемел жасына құр қол келмегені де мен-мұндалап тұр емес пе?! Арамызда Алатаудай болып жүрген алтынның сынығы – Ақынымыздың амандығын тілелік.

Жақаң адами бақыттан да кенде емес. Әзиза жеңгеміз екеуі тәрбиелеп өсіріп, қатарға қосқан үш ұл, үш қыздан бүгінде 15 немере сүйіп, солардың мәре-сәре шаттығына бөленіп, Тараз шаһарындағы көп қабатты үйлердің бірінде өздерінің әдемі қарттықтарын жәйімен өткізіп те жатыр.

... Көк желек көмкерген аяқжолмен ұзына көшені бойлай ұзап барады ол! Ақын кетіп барады көшеменен... Алдан арайлап атқан таңның шуағына маңлайын төсеп, көкірегінде жаңа туар жауһар жырларын әлдилеп... кетіп барады.


НАЙЗАҒАЙЛАР ЖАРҚЫЛДАП АҒАДЫ...
Кілт
«Ел боламын десең, бесігіңді түзе»... Қазақ қоғамының алмағайыптау бір кезеңінде ұлы Мұхаңның аузынан шыққан бұл өсиет сөз әлі күнге маңызын жойған жоқ. Дейтұрғанмен, әсіресе, тәуелсіздігімізге қол жеткізген соңғы он жыл ішінде сол бесігімізді түзеуге септігі тиер идеологиялық жұмысты қожыратып та алдық. Қазіргі жағдайда таптық, коммунистік принциптерге негізделген емес, мүлдем басқаша, жаңа тұрпатты тәрбие жүйесін қалыптастырамыз дедік. Әйтеуір, ескінің бәрін мансұқтадық.

Адам тәрбиесінің нашарлауы және осымен қабаттаса жүретін қоғамның рухани өмірінің кері кетуі, халықтың моральдық азып, азғындауының тереңдей түсуі баз біреулерді селт еткізсе, неғылдейсің...Рас,халықтың басым денінің материалдық әл-ауқатының төмендеуі де рухани, тәрбиелік жағдайды тым шиеленістіріп жіберді.Енді қайтпек керек? Бағзы «қоғамдық болмыс қоғамдық сананы билейді» деген маркстік тезисті малданып, құр қол қусырып қарап отыра береміз бе? Бұл-тағдырлы сұрақ. Шешімін де тездетіп табуға тиіс емеспіз бе?!

Кеңестік идеологияның, қанша жерден мансұқтасақ та, өмірімізден мүлде сызып тастауға болмайтын жақсы жақтары да болды ғой! «Жаңаның бәрі де жақсы сақталған ескі үлгі» екені де белгілі. Мысалы, посткеңестік кезеңде тәрбиеленген аға, орта буын өкілдері – біздер Зоя Космодемьянскаяға, Павлик Морозовқа, Павел Корчагинге, Болатбек Омаровқа, тимуршыларға, тағы да басқаларына еліктеп, соларды идеал тұтып өстік. Өйткені, қаршадай балалардың қандай қауіптен болсын қаймықпай, қасқайып қарсы барғаны, Отан үшін отқа да, суға да түсіп, таңғажайып ерліктер көрсеткені мектеп қабырғасында жүрген кезімізден бастап-ақ санамызға сіңірілді. Одан қоғам да, ел де еш жамандық көрген жоқ қой! Содан да ел-жұртымыздың басты қорғаны- отансүйгіштік сезімі әлеуетті болды!

Ал, қазір тарихшылар Зояның да, Павликтің де, батыр бала Болатбектің де «қолдан жасалған қаһармандар» екенін анықтағандарының өзін мәртебе көріп, кеуделеріне нан пісумен жүр. Жаман болсын, жақсы болсын, мейлі- сол бір қарға бойлы қаршадай ғана қаһармандар өз заманының идеологиясына, адам тәрбиесіне, жас жеткіншектер бойында патриотизмді, Отанға берілгендікті қалыптастыру ісіне айрықша ғажап қызмет етті...

Ал, қазір ше... Ескі жүйені жаңасы келіп алмастырды. Қоғамдық, тарихи-әлеуметтік әділеттілік сол күйі орнай қалған да жоқ. Әлгіндей «қаһармандарды» қолдан жасау үлгісінің көкесін күнбе-күн дерлік көзімізбен көріп, құлағымызбен естіп те жүрміз. Ақысын мықтап берсең, талансыз-талайсыз ұл мен қыздан үздік оқушы, әнші, биші, ақын... қысқасы, «қаһарман» жасап шығару дегенің түк емес. Ал бұл қамқорлықсыз, қолдау, демеусіз, көзден тасада –«қоламта ішінде» қалып қойып жатқан қаншама таланттарымызды, шынайы ерлік иелерінің жүзін төмен етіп, қанатын қырқып, өмірден түңілдіріп жатыр десеңізші!...

Жерлесіміз, белгілі журналист Ділдар Мамырбай ел газеті – «Егемен Қазақстанға», міне, осындай бір құйттай «қаһарман» жөнінде жазды. Әлгі бала, бастауыш сыныптың бірінің оқушысы қысқы каникулында қойлы ауылда бір отар қойды түз бөрісінің «тісінен» аман-сау сақтап қалған. Қотанның шетінен тиіп, бір қойды жәукемдей берген қандыауыз көкжалдың өзіне таяп барып сес көрсетіп, қолындағы пиротехникалық «жарылғыштың» бір қорабы біткенше, талдап тұтатып жағып, «ит-құстың» зәре-құтын алып, ауылды айналдыра тырқырата қуған ғой! Бастапқыда бала оны «ит» деп ойлапты. Әрі десе, мұнысын «ерлік-ау» деп те есептемеген. Ерлік, осылай ойламаған жерде туады. Жүректі ұлдың, өжет ұланның қолынан!


Бұл жай соңыра ауыл-аймақ көлемінде ғана тарап, ұзамай ұмытылып та кетіпті. Автор «сол баланы әлгі ерлігі үшін марапаттап, омырауына медаль тақса да еш артықтығы жоқ қой» деп ой түйеді. Шынында да, сөйтсе, бұл «қаһарманды қолдан жасау» болып шықпаған болар еді-ау. Ал кеңестік кезеңде болса ғой, бұл іс назардан тыс қалдырылмай, әлгі баланың ерлігі ауыл, аудан, облыс, республика көлемінде кеңінен насихатталар еді...

Ал біз мұндай істе тым салғыртпыз әлі де. Өйтпеген күнде тәуелсіз елімізде жас ұландарымыздың ерлікке пара-пар, кейінгіге үлгі-өнеге боларлық істерімен күнбе-күнгі өмірімізде оқта-текте болса да беттесіп қалып жүрміз. Қаншама талант-найзағайлар көгімізден жарқылдап ақты. Солардың өзі іздеушісі, сұраушысы болмаған соң ба, санамыздан ұмытылып та үлгерді. Олар қамшының сабындай қып-қысқа ғұмырларымен-ақ қалай өмір сүру керектігін де көрсетіп кетті...

Олардың... бүгін жер басып жүрген жас жеткіншектерге, ересектерге болсын өмірінің өзі-үлгі-өнеге! Тек мұны – тәрбиелі, жақсы ақыл-парасаттан тамаша әрекеттер туатынын, құйттай ғана жүректерімен құштарлықпен, ынтызарлықпен сүйген елінің, жерінің игілігіне азғантай да болсын қосып үлгеріп кеткен өзіндік үлестерін, ғажап ерліктерін адам тәрбиесі ісіне сәтімен пайдалана алмай жүргеніміз болмаса!

ХІХ ғасыр феномені-ұлты неміс, сурет салуды, ән, өлең шығаруды, қысқасы әлемдік ілімді меңгерген, сонысы үшін өз елінің королінің қабылдауында да болған, 4-ақ жас жасап өмірден өткен вундеркит-бала Генрих Кристиан Хейнекеннің есімі бүгінде дүниежүзіне белгілі. Міне, мұндай таланттар бізде де бар. Әлі де бола береді. Тек оларды дер кезінде танып, бағалай білсек қой!

Ендігі әңгіме солардың бір парасы – айы ортақ, күні ортақ көгімізден жарқылдай ағып түскен найзағай-ғұмырлар жөнінде.
Ұлбосын
Бұл 1978 жылдың күзі еді...

-Отрядымызға батыр қыз Ұлбосын Оспанованың есімі берілді, -деген тосын хабар келіп жеткенде, 3 «б» сыныбының оқушылары ерекше бір толғанысты күй кешкен еді... Кешікпей штабқа тағы бір суыт хабар келіп жетті. Батыр қыз тұрған көше де Ұлбосын есімімен аталынатын болыпты.

-Көшенің тазалығын жіті қадағалаймыз, - десті 3 «б»-ның қызыл галстуктілері.

Кешқұрым сынып жетекшісі Зәуренкүл Қартабаева апай «Ерлік жалғасады» деген тақырыпта ашық сынып сағаты өтетінін хабарлаған. Сонда ғой...батыр қыздың қоғам малын сел тасқынынан арашалаймын деп жүріп, қапылыста иірімге дөп келгені жайындағы шындықтың шынайы көрініс тапқаны...

-Он алты жасар қыз ерлігі... –Зәуренкүл апай ұзақ тебіренді.

Ашық сынып сағатына Ұлбосынның анасы Алтын әжей де қатысқан. Ол кісінің әңгімесін сыныптағылар ұйып тыңдап қалды...

-Балалардың ішіндегі естісі де, естияры да Ұлбосыным еді. Үлкенге ілтипаты, кішіге ізеті қандай еді. Оның бойынан адамгершілік қасиеттерінің бәрі де табылатын....

Бәрі сол найзағайлы жаздың нөсерінен басталды ғой... Сол күні... бір өңкей қарақошқыл, қорғасын түстес қарақұрым бұлт алқаракөк аспан төсін бір демде бүркеп, түнеріп алған. Көп өтпей әуеден жаңбыр сызы білінді. Сол-солл-ақ, теріскей тұстан екілене соққан долы жел де сап тына қалды. Артынша жауынның зілмауыр тамшылары қара жер төсін аяусыз сабалады-ай келіп...Жарқ ете түскен жасын оты Қаратөбедегі жалғыз киіз үйдің шаңырағын күйретіп ортасына түсірердей әлемет қуаты барын танытқан. Екі кішкене інісін бауырына басқан күйі тыстағы аламан-тасырға ден қоймасчтан:

-Құр бекер үрейленбеңдер, - деп жұбатып жатыр, қызым. Сөйтті де, жаздық күртесін желбегей жамылып тысқа беттей бере:

-Абай көкеме қиын соғып жатқан болар, қой қайырысуға көмектесем,-деген.

Әкесінің сулығын қарына іле кетті. «Мына жауында қайда барасың, қызым-ау» дегеніме де қайырылмады. Түн еді. Жарқ ете түскен найзағай жарығы қою қараңғылықты және бір тілгілеп өткен...Аспанның түбі тесіліп кеткен бе деймін...

Ақ жауын толастар емес. Сол күні сілбілеген ақ жауын тәулік бойы басылмады. Сол күні... жаңбыр суынан арнаға айналған сел-тасқын Қаратөбедегі бетон көпірді айдалаға ағызып әкетіпті. Ақкөл мен Ойық арасындағы ілекер байланыс солай үзілді...

Бұзық тасқын қиячндағы ескі қыстаудың да іргесін жанай өтсе керек... Бір отар қойды ескі қыстауға иіріп, тасқыннан аман алып қалған қаршадай қыздың ерлігі ертесіне-ақ ел ішінде желдейц есті...

... Комсомол мүшесі 9 сынып оқушысы, батыр қыз Ұлбосын Оспанованың бүгін ерлікпен ұштасқан, күрмеуге келмес қысқа ғұмыры өзгелерге өнеге. Бұл күндері Д. Қонаев атындағы батыр қызға арналып ашылған «Ерлік бұрышын» жас өрендер орағытып өте де алмайды. Оған кезінде өздеріндей арманшыл қыз Ұлбосын ұстаған сөмке, оқулықтармен бірге оның әр жылдары алған грамоталары, күнделіктері қойылған. Арада сусып қаншама жылдар өткенмен, «Ерлік бұрышы» алуан буын өкілдерін өзінің тағылымымен баураумен келеді.

Иә, ерлік жалғаса береді!
Әсел
Ол бары-жоғы он-ақ жаста болатын.Жайраңдап, жайнап жанымызда жүргенінде бұрымын өріп, бұлықсып бойжетіп, жиырма жасына енді келер еді... Тағдыры пешенесіне мынау ақжайнақ әлемде бар болғаны он-ақ жыл жер басып жүруді ғана жазса, қайтерсің! Бір адам ғұмырына татитын қуанышты, мұңды, «бас айналдырар» бақытты, мазмұн мен мағынаны он-ақ жылға ғана созылған уақыт мерзімі аясына - қас қағымындй сәтке сидыра алғанын айтсайшы оның!..

Ол акробатика спортымен бес жасынан бастап-ақ айналысыпты. Тоғыз жасында ҚР чемпионы атанып, еліміздің құрама командасының сапына алынған! Спорт шеберлігіне кандидат-ты. Спорттағы тиісті заңдылық бойынша мұндай ірі жетістікке қол жеткізу үшін кемі алты жыл тер төгу керек болатынын ескерсек, қаршадай қыз қамшының сабындай қысқа ғұмырында мұның барлығына да үлгеріп кеткен секілді.

Америкада акробатикадан өтетін әлемдік чемпионатқа лицензияны жеңіп алып, мұхиттың ар жағындағы елге енді міне, енді әне аттанғалы жүргенінде... төтеннен жабысқан ауыр дерт өз дегенін істеп бақты. Жас шынардай солқылдақ тән ажалмен үш күн, үш түн алысты... Дәріден де, дәрігерден де ешбір қайран болмады. Солай уыз ғұмыр беймезгіл солды.

-Спортқа өте бейім, икемді әрі орындаушылық қабылеті де жоғары деңгейде болатын. Өзі оқитын Тараздағы №1 орта мектебі 4-ші сыныбының оқу үздігі де еді. «Үштұғырлы секіріс» (тройная сальдо) аталатын күрделі нөмірді де тамаша меңгеріп алған-ды. Әлем біріншілігінде әріптестерімен біріге орындйтын нөмірінің бірі де сол болатын. Қандай деңгейдегі жарысқа барсын – мейлі, дәйім жеңімпаз болып оралып жүрді. Жеңіске деген құштарлығы күшті еді. Оның өсе келе Олимпиада чемпионы болары айдан анық-ты, - дейді Әселдің бір кездегі бапкерлерінің бірі Ольга Сергеена Назарова.

Сол бір жаздан бері қарай Әселдің екінші – мәңгілік өмірі басталғандай... Ұжымы оның есімін ел жадында жаңғырту, өмірін өнеге-үлгі ету мақсатында бастап кеткен «Ә. Мұсабекова атындағы халықаралық турнир» күні бүгінге дейін өзінің лайықты жалғасын табумен келеді. Жас жеткіншектерді өрлікке, ерлікке, еңбекқорлыққа, мақсаткерлікке булудың әлеуетті тетігі боларлық бұл істі қалталы азаматтардың демеушілік көмек көрсетіп, іліп ала жөнелетін-ақ жөні бар-ау! Өрендерімізге өнеге етуге өз-өзінен сұранып-ақ тұрған жай ғой өзі де!

Мекен –жайы ертеректе салынған тым ескі, тұрқы да бәкене, жұпынылау болса да, облыстық олимпиада жеткіншектерін даярлау және ұлттық спорт мектебіне қарасты акробатшылар мектебінен ҚР чемпиондары мен халықаралық санаттағы спорт шеберлерінің талай буыны тәрбиеленіп шыққанына таң-тамаша қалғандайсың! Есімі спорт әлеміне танымал жұлдыздарымыздың бірі О. Борисюк те осы «қарашаңырақтың» түлегі. Әсел жалғыз емес, бүгінде оның ізін басып, спорттық жолын жалғастырып қаулап өсіп келе жатқан көкөрімдер қатарында ҚР чемпионы Н. Мушенева, жасөпірімдер арасындағы республикалық біріншіліктің жүлдегері Н. Серікбаева, тағы басқалары бар.

Әлбетте, бұл көштің ту-у басында Әсел-жұлдыз жарқырап жанып тұра берері анық!



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет