Баймаханбет ахмет аяулы соқПАҚ Тараз, 2008 жыл. Менің президентім



бет1/12
Дата21.07.2017
өлшемі2,06 Mb.
#21826
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12
Баймаханбет АХМЕТ


АЯУЛЫ СОҚПАҚ

Тараз, 2008 жыл.

МЕНІҢ ПРЕЗИДЕНТІМ
Соңғы он жыл ішінде Елбасымыздың Таразға әлденеше мәрте жолы түсіпті. Киелі де қасиетті Әулиеата жерінің өзгеше бір құдірет-күші бар шығар-ау. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» дегендей-ақ мемлекет басшысының күнгей өлкеге әрбір сапары өркенді өзгерістермен тұспа-тұс келетін-ді. Ұлы Жібек Жолы бойындағы көне Таразға өзінің ежелгі аты қайтарылуы, Тараздың 2000 жылдық мерейтойы аталып өтуі, Аманкелді газ кеніішінің алғашқы алауы жағылуы, зіл-заладан әжептәуір зардап шеккен Құлан өңірінде бір-ақ жаз ішінде жаңа қалашықтың пайда болуы, Таразда «Астана» шағын ауданының іске қосылуы, тағы басқалары, міне, бұған нақты айғақ. Елбасы біздің жаққа қанша рет келсе, соншама тарихи ұлы жаңалықтың дүниеге келгені. Үлкен кісінің мұнда жайдан-жай жолы түсе бермейтіні белгілі.Әр келісінде облысымыздың тарихына жаңа беттер қосып кетеді. Әрбір сапарынан жыл келгендей жаңалық сезінетініміз ше... Әрбір келіп-қайтуы сапары соңында соқаланып, «ұлы із» қалып отырады. Тараздың өңі жауһардай жайнап, тоты құстай таранып, түлеп, түрленіп сала береді. Содан ба, көңілде Елбасы жерімізге жылына бір мәрте ат басын бұрып тұрса ғой дейтін пендешілік аңсар қылаң беріп қалатыны бар. Елбасы жолына қарайлап, сағына күтіп жүретінімізді қайтерсің...

Әсіресе, мен. Елбасының қажымас күш-қуаты жұғысты болатын секілді. Бұл, бір жағынан басқалар үшін бимәлімдеу бір жосын құбылыстай көрінер. Кездейсоқтық па, әлде Аллаһтың маған бұйыртқан несібесі осы ма, Елбасын жақыннан,тіпті қол созымы ғана жерден көріп, лебізін естіп, дем-тынысын сезінудің бір емес, бірнеше мәрте орайы келіпті. Соңғы он жыл ішінде Елбасын Таразға келгенінде, әуе ұшағы трапынан түсіп, әуежайға табаны тигенінде алғаш қарсы алған Жамбыл жұртшылығы өкілдерінің аз ғана шоғыры- отыз шақты адамның қатарында өне бойы мен де жүріппін. Облыстың бас газеті «Ақ жолдың» репортері ретінде. Қарсы алу рәсімінің осы бастапқы бөлігі неге екенін білмеймін, редакция қызметкерлерінің ішінде ылғи менің үлесіме тиіпті де отырыпты. Бұл соңыра бұлжымас «күнкестеме» де айналғандай болды. Журналистердің қалай болғанда да Елбасының кез келген ресми сапарын бүге-шігесіне шейін жазып көрсетіп, елге жеткізуі қажет. Мұндай мандаттың бізге жүктелгенінің өзі-үлкен мәртебе. Қалай айтсақ та, журналистің басқа мамандық иелеріне қарағанда бағы басым ғой!

Дегенмен, әр нәрсенің басталуы қиын. Елбасының Әулиеата жеріне «ал» деп аяқ басқан сәтін жазып көрсету де сондай. Мемлекет басшысымен қол алысып, тілдесіп қалу да өне бойы мүмкін бола бермейді, әрине. Дегенмен, сол бір қысқа ғана алым-берім уақыттың өзінде Елбасымен бірге елге келген басқа да мәртебелі меймандар кімдер, жалпы қарсы алу рәсімі барысында не жөнінде әңгіме болды-бәрі-бірі сол сәтінде-ақ көңіл күнделігіне қатталып үлгеруі тиіс. Соңыра Елбасының ресми сапарынан жазылар есептің газетке жарияланарда тізгінұстары да өзіңсің, бұл күнгі мақаланың мейлінше асқақ рухпен басталуы, онда сапар мақсатының ұғынықты түрде нақтыланып берілуі , ол енді сенің шеберлігіңе байланысты.

Елбасын «Әулиеата» әуежайы басынан қарсы алуға, әдетте, облыстың қос газеті атынан әріптестерім Г. Асанова, В. Сутулов, В. Мостовых және мен келетінбіз. Мұндайда мен өзім Президенттің қолын алып қалуы армандайтынмын. Ал мұның ілуде біреудің болмаса, әркімнің пешенесіне бұйыра бермейтін бақпен тең екені белгілі. Ақыры мұның да сәті түсті-ау. Бұл Нұрекеңнің, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 1998 жылдың қараша айында кезекті Президент сайлауы алдында елмен жүздесуге келуімен тұспа-тұс шықты. Елбасының бұл жолғы ресми сапары барысында журналистердің аз шоғырымен (оның ішінде өзім де бармын) қол алысып сәлемдесуіне уақыты болды. Өйткені, Елбасы бастаған Үкімет адамдарының, бірқатар республикалық БАҚ журналистерінің ұшақпен ұшып шыққан көршілес мемлекеттің басшысын осы әуежайда аз-кем күтуіне тура келген-ді. Ал мен диктофонымды тосып, сол жердегі үн қатысуларды таспаға жазып алу үшін Нұрекеңе тым жақын келдім. Сол сәтте бойым шымырлап, жүйе-жүйкемнен әлдене жүгіріп өткендей болды. Елбасы денесінен сыйқырлы қуат тарағандай. Тосын әсер. Журналистермен қысқа ғана тіл қатысып, алаңның келесі бетіне өткен Елбасы тобымен бірге болған (арамызды небәрі 4-5 метр ғана бөліп тұрды) сол бір сәт жадыма өшпестей жазылып қалды. Біз тұрған жерден Елбасының жинақы тұлғасы анық көрініп тұрды.Өзін аса байыпты ұстауы, шым-шым ызғарды да елей қоймай жағасын сәл көтеріп, жүзі албырай қолын қалтасына салған күйі қиыр алыс көкжиекке көз жіберіп тұрғаны... ел-жұртының алдағы болашағына алаңдап, түпсіз ойға берілгені секілді көрініп кетті...

Шынында да сол кезден бері елде, оның ішінде облысымызда қаншама өзгерістер болды, қаншама игілікті істер жүзеге асырылды.Тіпті тізбелеп шығудың өзі қиын.Барлығы да сол бір сын сәті болған кезеңнен бастау алғаны анық қой. Құдайға шүкір дейік, ел елдігін жасады, жарқын келешекке тура бастар ай маңдай кемеңгер, нағыз көшбасшыны таңдай білді.Менің көңілімді марқайтқаны- сол жолы Елбасымен әуежай алаңында көршілес мемлекет басшысын бірге күткеніміз, аз сәтке болса да ой-пікіріміздің бір арнада тоғысқаны. Елбасы нені ойласа, біздің де соны ойлағанымыз. Сол сәттен бастап Елбасымен ойым, ділім, арман-мақсатым да біте қайнасып кеткендей. Осы қазір Президент өз кабинетінде мені, менің игілігімді ойлап отырған секілді. Ал мен оны... Өне бойы қамыңды ойлаумен жүретін қамқор адамың, парасатты, пайымды Президентің болғанына не жетсін!
РӘМІЗДЕР РУХЫ
Егемен еліміз еңіреу жасқа-он беске толды. Міне, осы атаулы күнге арналып қала, аудандарда өткізілген іс-шаралардың өн бойынан Тәуелсіздік рухын, рәміздер рухын сезіне алдық па? Бұған екінің бірінің пәлен деп жауап бере қоюы қиын. Жасыратыны жоқ, еліміздің мемлекеттік рәміздері қай-қайсымыздан әлі де болса алыстау тұр. Көк байрақтарымыздың кейбір мекемелер ғимараттарында күн мен жел жеп, түсі оңған күйінде ілініп тұрғандары жоқ емес. Оны айтасыз, кейбір тойларды масаң күйдегі жұрттың Әнұранымызбен аяқтауы үрдіске енді.Ал Елтаңбамызды кез келген мектеп оқушысы түстеп танып, ерекшеліктерін жіпке тізіп береді деп те айта алмаймыз.

Бір кездері жалпы білім беру жүйелерінде жаппай алғашқы сабақ әнұран орындалуымен басталушы еді. Қазір бұл үрдіс бір мектепте бар, бір мектепте жоқ. Рәміздеріміз тәрбие тегершіктерін нықтауда темірқазық болса, қанеки... Мысалы, Елтаңбамыздың, көк байрағымыздың «сый-кәде» түріндегі кішігірім көшірме-нұсқалары кім-кімнің де қызмет үстелдерінде тұрса артықтық етпес еді. Бірақ оларды бүгінде табу да қиын. Тапқаныңмен, бағалары әркім үшін қолжетімді де емес. Мысалы,үлкен тулар 5-10 мың теңге көлемінде. Кейде маған туымыздың қасиет-киесін ұлықтау жағы олқы соғып жатқандай көрінеді. Міне, осы тұрғыда – мемлекеттілігіміздің басты нышандарының мән-маңызын, қадір-қасиетін, ерекшеліктерін ашып көрсетіп, қоғамдық өмірімізбен біте қайнастыру бағытында неге аудандық, облыстық деңгейде шығарма жазудан байқаулар, мүшәйралар, айтыстар өткізбеске? Қалай болғанда да қоғамымызда рәміздерімізді құрметтеу тәрбиесі желісін кеңге жаюы тиіс. Кейінгі жеткіншектеріміз бір кездегідей қызыл ту аясында тыңға, комсомолдық екпінді құрылыстарға, пионерлік жорықтарға, саяхаттарға аттанған аға ұрпақ даңқы жолымен жүруі үшін.

Қасиетті туды пір тұтуға шақырар жаугер ақындар жырлары-ай, шіркін! Мұндай дуалы ауыздан шығар көркем –бейнелі сөздер қазір қаншалықты қажет десеңізші. «Көк бөрілі байрағым...» деп Сүйінбай Аронұлы жырлағандай, ата-бабаларымыз бір тудың астында туды, бірікті, сол туды сүйіп өлді!

Мұның барлығын бірдей жіпке тізіп айтып отырған себебіміз, бүгінде отаншылдық, имандылық, дәстүр, ата-баба салты, ұлт тағдыры секілді мәселелер болмашы нәрсеге айналып үлгерді. Ең қауіптісі- ұлттық патриотизмнің «ресурстық патриотизм» дейтін бұтағы бүршіктеді. Яғни қазіргі «жаңа қазақтар» жерді табиғи байлығы әжетке жарап, өзінің ұрпағының аузын «май» етіп, молшылыққа кенелткенде ғана ... жақсы көреді. Олай болмайды екен- ондай жердің барынан жоғы. Қазекең баяғы «ұлттық романтиканың» ауылынан әлдеқашан қара үзіп алыстады...

Міне, сондықтан да жастар арасында патриотизмді нығайту кезек күттірмес мәселеге айналып отыр. Керек десеңіз, патриотизммен тығыз байланысты айрықша маңызы бар мемлекеттік тіл деМұны Елбасымыз Қазақстан халықтары Ассамблеясының ХІІ сессиясында қадап айтқаны белгілі. Отан бастау алатын Ту, Елтаңба, Әнұран секілді, дәл сондай нышан ретінде құрметтелуі тиіс.

Демек, ел боламыз десек, мемлекеттік рәміздеріміздің рухын бойымызға сіңіріп, дем-тынысын сезінуіміз қажет. Рәміздер рухы алыстан емес, тым жақыннан бізді аруақтай алқап, желеп-жебеп төңіректеп жүруі тиіс.


Ел болам десең, бесігіңді түзе!
ҚАМСЫЗ ҚАРТТЫҒЫҢДЫ ҚАЙРАТЫҢ БАРЫНДА ОЙЛА
Біз қалада тұрамыз. Көп қабатты үйлердің бірінде. Оның астыңғы қабатына халықтық банктің бөлімшесі орналасқан.Банктің алды, әсіресе, әр айдың басында құж-құж қайнап, нағыз қанбазарға айналады. Қарт кісілер құзар сәріде-ақ таяғына сүйеніп, ілби басып келіп кезекке тұрып жатқанын көресің. Кезектің соңы кейде көлденең жатқан көшеге барып бір-ақ тіреледі. Қариялардың осы маңды ертелі-кеш балық үлескендей улыған-шулыған ететіні былайғы жұртқа ұнай қоймайды. Коммуналдық қызмет төлемақыларын тездеп төлей қояйын дейсің. Алайда кезек мәселесі алдыңнан шығып жатса, не жорық! Мәселе осы кезегі құрғырдың қолдан жасалынатындығында ғой!

«Пенсияның» хабары құлақтарына тиісімен қариялар тайлы-таяғы қалмай осылай қарай лап беретінін қайтерсің! Бары-жоғы 4-5 күнде таласа-тармасып алып қалмаса, ақшадан қағылатындай, банкті әлдебіреулер үптеп кететіндей көреді-ау, сірә. Бәлкім, айында бір бас қосқанда алар напахаларының өзін «қырықпышақ күреспен» алып, бір «қызылдап» қалу қариялар үшін мерекеге бара-бар бір ғанибет іс шығар. Олар асықпай, араға бірер күн салып келсе сол ақшаларын тіпті кезексіз-ақ алар еді. Әлде, олар зейнетпұлдарын айдан айға әупіріммен жеткізіп жүр ме екен! Қалай болғанда да үлкен кісілердің психологиясын түсіну қиын.

Барлығынан бұрын олардың бейнеттерінің зейнеттерін көріп жатқанын айтсаңызшы! Егер оларға кезінде осылай зейнетақы тағайындалмаған болса, қаншама қарттарымыз қорғансыздың күйін кешіп, құралақан қол жайып қалар еді. Тіпті мұны ойлаудың өзі қорқынышты. Бірақ, баз біреулердің күндердің күнінде өз-өзінен-ақ зейнетақысыздар армиясына барып қосылатынын бүгін ойлап жатқаны шамалы. «Ауруын жасырғанды өлім әшкерелейді» демекші, келешекте қорғансыз қарттардың саны анағұрлым артып кетуі қаупі бар! Айт айтпа, қамсыз қарттығын ойламаған, өзінің жеке зейнетақылық қорына там-тұмдап болса да қаржы жинақтауды «ұмытқан» адамның «алды-жөн, арты- соқпақ» болғалы тұр...

«Жас кезіңде бейнеттенсең, қартайғанда оның зейнетін көрерсің» деген халық даналығы өзінің маңыздылығын ешқашан да жоймақ емес. Болашақта көрер зейнетті ойлап жатыр ма, жоқ па- ол жағын білмейміз, бірақ, небір арда азаматтарымыздың «қара қазан, сары баланың» қамы үшін, күнкөрісі үшін небір бейнетті бастан кешіп, тіпті қаладан қалаға асып, жалданып жұмыс істеп, арқа еті арша, борбай еті борша болып жүргені анық. Көбінесе, олар сол істеп жүрген жұмыстарының заңды-заңсыздығына да мән беріп жатпайды.Қолдарына тиесілі ақшасын ұстатса болды емес пе, тәйірі. Жұмыс берушілермен келісім-шарт жасаспаудың салдарынан ақысын жегізіп алғандары қаншама. Қалай болғанда да қазекең жеке өзінің заңды құқықтарын оқып білуге енжар ғой. Басқаны былай қояйық, болашақта алар зейнетақылық қаражаты қорын осы бастан қамдастыру мәселесіне келгенде де қазақтан өткен құнтсыз, жалқау халықты табуың қиын.

Статистика мәліметі 2006 жылы облыста экономикалық белсенді халықтың саны 513 212, оның ішінде нақты экономикада жұмыс істейтіні 467652 адам болғанын көрсетіп отыр. Ал жалдамалы жұмысшылар 238306 адам екен. Міне, осы соңғы санаттағылардың- базарларда, мейрамханаларда, жеке үй құрылыстарында «қолбала» болып жұмыс істеп жүргендердің «өздерін өздері зейнетақымен қамтамасыз ету» мәселесінде сауаттары да кемшін. Осы істі қолға алуға ниет етіп, «ертең, бүгінмен» жүргендері де бар. Әзірге аяқ-қолы сау, бойында күш-қайраты да мол адам ертең қартайып, қарға адым жер жүруі мұң боларын ойлап, бас ауыртып неғылсын.Олар қазір қамданбаса,соңыра зейнетақының ұшығы тұрғай пұшығын да көрмейтіні белгілі.

Заңға сайсақ, мемлекеттік, жекеменшік кәсіпкерлік құрылымдарында болсын, «жабайы сауданы» жағалап жүрсін –мейлі, кім-кімнің де ЗЖҚ-ына қаржы жинақтауына мүмкіндіктері бар. Яғни, салымшылардың жинақтаушы қорларға міндетті, ерікті және ерікті кәсіби жарна аудару секілді үш түрлі жолы қарастырылған. Бүгінде ЗЖҚ-ы активтерінің негізгі бөлігін арнайы есепшілері бар мемлекеттік бюджеттік мекемелер тарапынан түсетін міндетті аударымдар құрап отырғаны анық. Жеке кәсіпкерлер, алуан меншіктегі шаруашылық жүргізуші нысандар басшылары да ЗЖҚ-ын өздері таңдап, келісім-шарт арқылы белгілі бір мерзім аралығында аударымдар жасай алады. Ал кейбір құрылымдар зиянды орындарда (шахталарда, химия өнеркәсіптерінде, тағы басқалары) еңбек ететін жұмысшы-қызметшілері үшін белгілі бір көлемде қазірден қаражат құйып, жинақтайтыны екі бастан белгілі.

Қысқасы, нақты экономикада жұмыс істейтіндердің ЗЖҚ-ын орағыта өтуі мүмкін де емес. Жеке сауда-саттықпен айналысатындар патенттің өзін салық қызметі құрылымдарына жеке жылдық табысы көлемін көрсетіп, өз есебіне (ЗЖҚ-ына) аударымдар жасап барып бір-ақ алып жүр емес пе? Мұны да айналып өту, бұл-кімнің де болсын тек өзіне-өзі қастық жасауы болып шығар еді.

Әңгімеміздің түп-негізі де, міне, осыдан бастау алып жатыр. Бүгінде қолда бар деректерге қарағанда, облыс тұрғындарының шамамен 30-40 пайызы болашақтағы қайғысыз қарттығын қамдастыру ісінен мүлде сырт қалып отыр. Бұл, бәлкім, санға шаққанда 100, тіпті 150 мың адам болар. Мәселе олардың осынау игілікті шаралармен бүгін қамтылмаса, ертең өздерін-өздері зейнетақымен қамтамасыз ету мүмкіндігінен көпе-көрнеу айырылып, есіктен есік, тесіктен тесік қоймай, «үйіп-төгіп» жинаған құжаттарының да еш жәрдемі тимей, ұл-қыздарына «масыл» болып қана ащы өкінішпен өмірін өткізері анық. Әдемі қарттық шағыңда әлекке түскеніңнің, отбасыңа, ұл-қызыңа, келініңе, ағайын-туысыңа «сүйкімің жоқ» болғанның несі жақсы!?

Қазіргі уақытта қоғамда қалыптасқан талапқа сай зейнетке әйелдер-58, ерлер- 63 жасында шығатыны белгілі. Бұрын мұндай санаттағыларға зейнетақыны әлеуметтік қамсыздандыру жүйесі арқылы үкімет төлеп келді. Енді олай болмайды. Еңбекке жараған күніңнен бастап соңыра алар зейнетақыңды арнайы қорларға өзің жинақтай бастауың қажет. Соңғы жылдары құрметті еңбек демалысына шыққандардың алар зейнетпұлдары әлеуметтік-тұрмыстық қажеттіліктерін өтей аларлық көлемде ме? Жалпы оларға зейнетақы қалай тағайындалып жүр? Екінің бірін мазалайтын сауалдың бірі де осы. Бұған жауап іздеп тиісті мекемелерге байланысқа шығып, біраз жайға да қанықтық. Салада өзгерістер баршылық екен. Мысалы, 1998 жылға дейінгі еңбек өтілдері ер адамдарда- 25, әйелдерде- 20 жыл немесе бұдан да аз-15, 10 жыл болған жағдайда, оларға үкімет тарапынан орта айлық жалақыларының тиісінше 60 және 30 пайызы көлемінде зейнетпұл төленеді (бұл жеңілдік басқа санаттағыларға- еңбек өтілдері 1998 жылдан басталғандарға жүрмейді). Сондай-ақ, олардың ЗЖҚ-ы жүйесі арқылы «екінші» зейнетақыларын алуларына мүмкіндіктері бар. Бұл орайда олардың 1996-1997- 1998 жылдардағы, болмаса соңғы үш жылының айлық есептік көрсеткіштерін таңдай ма-ерік өздерінде.

Ал ЗЖҚ-ына жинақталған қаражатты, мейлі қанша болсын, үш нұсқада- жылына 100 мың теңге көлемінде, немесе 12 мәрте еселенген төменгі зейнетақы мөлшерінде немесе жасына байланысты коэффицентпен алып тұруға құқылы. Біздің білгеніміздей, соңғы жылдары зейнетке шыққандардың 90 пайыздан астамы бірінші нұсқаны таңдап отыр екен. Ал Үкімет пен Парламент оларға ЗЖҚ-ынан жылына 100 мың емес, 250 мың теңге «босатып тұру» жөніндегі мәселені жиі қозғай бастады. Бұл жуық арада нақты іс жүзіне де асырылмақ. Сонда зейнеткерлер жинақтаушы қордан әлгі 250 мың теңгені ай сайын, тоқсан сайын, әлде жыл бойы бөліп-бөліп алып тұрғысы келе ме, тіпті бір-ақ сәтте түп көтере ала ма өз еркіндегі ісі болмақ.

Ел арасында зейнетақы жинақтаушы қорларының қаншалықты сенімді, сенімсіздігі турасында да желдей тараған қауесет аз емес. Әлбетте,мұның еліміздегі зейнетақы реформасы тарихында алғаш тіркелген ЗЖҚ-ын жоюға мәжбүрлеу оқиғасымен- «Валют-транзит» қоры төңірегіндегі келеңсіз жағдаймен байланысы бар. Алайда, аталған құрылымның өз өкілеттілігін тоқтатуы ерікті, бейбіт жағдайда өтті, қор қаражаты талан-таражға түскен жоқ, орнында қалды. Ол енді салымшылардың қалауына қарай басқа қорларға орналастырылатын болады.

Дәл қазіргі таңда жалпы еліміз бойынша 14 ЗЖҚ-ы тіркеліп отыр. Олардың түрлі аймақтарда 77 филиал- өкілдігі ашылған. Бұл көп пе, аз ба? Олардың саны бұдан бірер жыл бұрын 17-ге жуықтаған-ды. Экономистердің сараптауларына сайсақ, елімізде бары-жоғы 5-6 қор ғана жұмыс істегені тиімді. Себебі, барлық қорлар қаражаттары инвестицияға жіберіледі. Соңыр инвестициялық жобаларды жүзеге асырудан түскен табыстың 85 пайызы салымшыларға беріледі, ал 15 пайызы-қордың табысы. ЗЖҚ-ның активі неғұрлым көп болса, солғұрлым табысы да еселеп арта беретіні белгілі. Зейнетақы жинақтаушы қорлардың ұстанатын басты «көзірі» де, міне, осы.

-Жалпы, салымшылар ЗЖҚ-ын таңдағанда, ең алдымен олардың құрылтайшылары кімдер екеніне, материалдық базасына, қаржылық жағдайына, қызмет көрсетуге икемділігіне назар аударғандары жөн,-дейді бұл тұрғыда Қазақстан халық Банкінің жинақтаушы зейнетақы қоры облыстық филиалының директоры Мамыралы Мәмбетов.- Қазіргі ЖЗҚ-лары соншалықты көп дей алмаймын. Олардың бәсекелестікте жұмыс істеуі-нарыққа өтпелі кезеңнің басты талабы да ғой! Олардың ішінде «Қазақстан халықтық Банкі ЖЗҚ-ы» АҚ-ы әлеуетті де сенімді қаржылық институт ретінде «Қазақстандағы № 1 зейнетақы қоры» деп танылып отырғанын біз лайықты мақтаныш етеміз. Оның зейнетақылық активі былтырғы жылдың өзінде 252 миллиард 778 миллион (облыстық филиалда 15 миллиард) теңгені құрады. Бұл соманың 27,28 пайызы, яғни 68 миллиард 778 миллион теңгесі- таза инвестициялық табыс. Қордың салымшыларының саны 2 миллион адамға жақындап қалды.

Соңыра білдік, бұл ЖЗҚ-ының Таразда филиал-өкілдігі, облыс қала, аудандарының барлығында пункттері ашылып, желісін кеңге жая да бастапты. Шынтуайтына келгенде, баз бір қорлардың жергілікті жерлерде мұндай өкілдіктері де жоқ. Мысалы, «НефтеГаз-Демнің» салымшылары ақшасын басқа қордың біріне ауыстыруға өтініш бергісі келсе, Ақтөбе қаласына баруға мәжбүр болады. «Қорғау» ЖЗҚ-ында да солай- бұл үшін Алматыға баруына тура келеді. Ал «халықбанктіктердің» мұндай шаруаларды жергілікті жерде-ақ 4-5 күннің ішінде реттеуіне мүмкіндіктері мол. Міне, осы себептен де салымшылар ең алдымен мемлекеттік ұлттық зейнетақы қорының (ГНПФ) –Ұлттық Банк пен Қаржы министрлігі, «Ұлар-Үміттің» («Ұлар», «Үміт», кәсіподақтар қорларының қосылуымен пайда болған)- Қазкоммерцбанк, «Құрметтің»- Туранәлембанк, «Сенімнің»- Евразиялық Банк, «Отанның» -АТФ Банк, «Капиталдың»- Центркредитбанк, «Атамекеннің»-Нұрбанк, тағысын тағылар басты құрылтайшылары екенін білуі аса маңызды.

Соңғы 9 жылдың даму көрсеткіштері зейнетақы секторының жылдан жылға толыға түскенін көрсетіп отыр. Мұның елімізде жұмыс орындары көбеюімен, орташа айлық жалақы деңгейінің, зейнетақы активтерінің көлемі өсуімен де байланысы бар. Экономикаға инвестициялауға да көптеп қаржы бөлінді. Зейнетақы жарнасының жинақталуы тасқыны төлем көлемінен анағұрлым асып түсуі тіркелді. Бүгінде еліміз бойынша зейнетақы акивтерінің көлемі 68 миллиард долларға жуық қаражатты құрап отыр. Мәселе, міне, осынау қыруар қаражатты табыс түсірерлік салаға орнымен жұмсай білуде.

Мысалы, зейнетақы ғана емес, тұтастай қаржы секторы бойынша ақша қаражаттарының шетелдердегі жобаларды қаржыландыру жөніндегі белсенді қозғалысына келсек, мұндай жағдайда әлгі қаражаттың ұлттық жобалармен ешқандай байланысы болмайды, тек шетелдіктер мүддесі үшін жұмсалады. Бұл ретте ақша қаражатын айналымға салуға беріп, тек өсімін алып отыруды ғана емес, керісінше активтерді сатып алып, оларды Қазақстан меншігіне айналдыру көп тиімді де секілді. Жалпы салада шешімін күткен мәселе көп-ақ. Бұл қаржыгерлердің ҮІІ конгресінен соң ҚР Президенті Н. Назарбаевтың тапсыруымен 2005- 2007 жылдарға арналған зейнетақы секторының даму бағдарламасында да жан-жақты көрініс тапқан-ды. Мұның барлығы да таяу болашақта шешімін табатын іс.

Қамсыз қарттықты бүгіннен бастап ойластыру мәселесі бізді Еңбек және тұрғындарды әлеуметтік қорғау министрлігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті директорының орынбасары Владимир Бороданың алдына алып келді, ақыры. Әлбетте, көпшілік тамақтандыру орындарында қыз- жігіттердің, студент жастардың тұрақты немесе маусымдық жұмыстарға жегіліп, ақшасын төлесе болды деген психология ауанымен жүретіні, жұмыс берушілерден еңбек шартын жасасуды талап та етпейтіні үйреншікті жайға айналған десе де болады. Жоғарыда аталған департаменттің қызметкерлері көпшілік тамақтандыру орындарында жүргізген жоспарлы тексеру жұмыстарының ішінара нәтижелерінің өзі мұны жоққа шығармай отыр.

-Бұл жұмыстар әлі бірер айға созылатын түрі бар. Өйткені, жұмыс көлемі тым ауқымды. Барлығы 110 мекемеге тексеру жүргізу ойластырылуда. Қазірдің өзінде Тараз қаласындағы «Жасмин», «777», «Дархан», «Мирсадық», «Алтынай», «Сановар», «Балташ», «Ұлытау» дәмханалары мен мейрамханалары басшыларының өз жұмысшыларының (даяшы, аспазшы, үй сыпырушы, тағы басқалары) барлығымен бірдей еңбек шартын жасаспағандығы анықталып отыр. Басым дені- студент жастар. Рас, олардың уақытша, 2-3 ай ғана істейтіндері де бар. Бірақ, заңсыз нәрсенің бәрі жансыз. Бұл бірді-екілі кездесетін жайт емес, олардың саны облысты тұтастай алғанда басқа да осындай құрылымдарда жүздеп, мыңдап еселеп артатынын ескермей болмайды.



Кейде осылай еңбек шарттарын жасаспаудың соңы неге апарып соғарын ойлап та жатпаймыз. Бұдан ең алдымен бюджетті толықтыру ісі кемиді, жұмысшылардың еңбек өтілі есептелмейді, олар апатты жағдайға тап болып, зардап шегер болса, жұмыс берушілер тарапынан өздеріне тиесілі өтемақыларын ала алмайды, немесе ЖЗҚ-ына қаражат жинақтау мүмкіндігінен айырылады. Бұл кімге тиімді? Жұмыс берушілерге, әрине. Жалдамалы жұмысшылардың бұлайша құқықтары аяқасты етілуімен еш келісуге болмас,-дейді облыстың бас еңбек инспекторы В. Борода.

«Түйені жел шайқаса, ешкіні көктен ізде» демекші, жекеменшіктегі құрылымдарда жағдай мынадай болып жатса, «жабайы сауданың» соңындағы, «құлбазарлардағы» (мұны кейде сыпайылап «биржа» деп те атайды екен), басқа да жалдамалы жұмыстардағы тиын сауған жұрттың «арзан жұмыс күші» ретінде құқы қаншалықты тапталатынын көзге елестетудің өзі ауыр. Оларға «мәртебе» берілуін талап ете де алмайсың. Халықтың өз қалауымен «ашып алған» жұмыс орны. Аяқ-қолы балғадай атпал жігіттер мен қызылшырайлы келіншектердің талайы жүр мұнда. Дені жұмыссыздық дендеген алыс ауылдардан келген.Осы жұмыстарының өзінен-ақ бірде болмаса бірде шала байып қалатыны оларға әзірге ештеңені, үнемі осылай «батпан құйрық» кездесе бермейтінін де ойлатып жатқан жоқ.Олардың айлық жалақысы төмен деп тұрақты жұмыс орындарынан- мекеме, ұйым, кәсіпорындардың «қара жұмыстарынан» көрінеу қашқақтайтындарын қайтерсің! Оны айтасыз, бұлардың көпшілігінің не басыбайлы үйі, не қалаға тіркелімі де (прописка) жоқ қой! «Қара қазан, сары баланың» қамымен ауыл, қала арасында сабылумен жүр.Жұмысы-қалада, үй-өтені, малы-жаны- ауылда болса қайтеді? Осыдан бірер жыл бұрын қаладағы көп қабатты күтімсіз жатақханаларда сығылысып кемді күн кешіріп жатқан бірнеше жүздеген қаракөздерімізбен жолығып әңгімелесу барысында олардың қыс бойы балаларына берілер жәрдемақымен күн көріп, ал жаз шыға қала маңындағы бау-бақша егістіктерінде жартымсыз ақшаға бола жалданып жұмыс істеп напаха айыратынын естіп жағамызды ұстағанымыз да бар-ды. Сол күй, сол ахуал әлі өзгермеген секілді. Бұдан бірер жыл бұрын Елбасымыз түрлі деңгейдегі әкімдермен кездесуінде алға міндет етіп қойған жұмыссыздық пен кедейшілікті жою мақсатында алуан меншіктегі шаруашылық жүргізуші нысандар басшыларының әр отбасының кемінде бір мүшесін жұмыспен қамту мәселесі сұйылып бара жатқандай. Өйтпеген күнде әлгі «жетім бұрыш», «құлбазар» дегендерің атымен жойылар мезгіл жетті емес пе? Немесе заңдастырылуы тиіс. Ондағылардың барлығы да өз қандастарымыз екендігі де намысыңды келтіреді. Бұл маңнан бірен-саран болмаса, еуропалық ұлт өкілдерін де көп кездестіре бермейсің. Мәселе-олардың қолынан құрылыс ісі-батпақ құю, үй салу ғана келетін қазекеңді кәсіби тұрғыда алты орап кететіндігінде, сантехниктік, етікшілік, электриктік, басқа да халыққа қажетті тұрмыстық-техникалық кәсіптерді майда-шүйде деп қомсынбай-ақ, жан-жақты меңгергендіктен де белі сырқырамай, жан ауыртпай, «қолын жылы суға малып» отырып-ақ напаха айыратындықтарында. Әрі олар айлығы төмен болса да, заңды тұлғаларға тіркеліп, жұмыс істейді, ал әлгі аз айлықтың орнын бос уақыттарында кәсібіне сай тапсырыстар орындап толтырады. Сөйтіп, «қағанағы қарқ, сағанағы сарқ» өмір сүруде. Олар кейін қартайған шағында да еш қиындықсыз тып-тыныш қана зейнетақыларын алып отырғанда, жеке зейнетақы жинақтаушы қорын да ашпай, әзірге «құлбазарды» айналшықтаумен жүрген қандастарымыз «мыналалардың пысығын-ай» деп бас шайқаудан әріге бармай, өз игіліктерін өздері қамдастырар мүмкіндікті қолдан жіберіп алғандарына өкінер-ау. Әрине, ол кезде бәрі де кеш болады. Қалай болғанда да қандастарымыздың тұрғындарды жұмыспен қамту биржасына тіркеліп тұрып та қайта даярлаудан өтуге- жоғарыдағыдай алуан түрлі заманауи кәсіпті меңгеруге құлшыныс танытпайтыны, әрі кеткенде қоғамдық ақылы жұмыстарға жегіліп көше сыпырып қана жүретіндері қынжылтады. Әлде, олар бүгін бірдеңе етіп күн көрсек, ертең қартайған кезімізде үкімет өлтірмес, далаға да лақтырып тастамас, өзі асырайды, «күннің жаманы әлі-ақ кетеді» деп үміттеніп, баяғы масылдық психологиядан арылғысы да келмей жүр ме екен?

«Бүгін болған тамаша, ертең тағы болса екен» деумен емініп, өзін-өзі кісі есігіне байлап берудің несі жақсы дейсіз! Бойыңнан қуат кетер кез де келер. Қалай болғанда да қамсыз қарттығыңды қайратың барында ойлағаның жөн, ағайын!



Каталог: admin -> files
files -> Ббк 83. 3 (5 Қаз) Қ 25 Қ25 Қалдыбаев Ә. Көңіл көмбесі
files -> Аула драмалық шығармалар әрқилы ойлар атланта жоқ, америка сапары
files -> Тақталас. Пьесалар, бірқақпайлар. Тараз, «Сенім» баспасы, 2006-256 бет
files -> Шағын хикаяттар, әңгімелер, ертегілер, мысалдар
files -> Баймаханбет ахмет жас шынар, ТӘкаппар шынар тараз – 2013 жыл
files -> Арғынбай бекбосын фәнилік драма (2500 рубаят)
files -> Тұрсынхан Жақыпқызы (Сембаевна) Бердалина Өлеңдер мен әңгімелер
files -> Елен Әлімжан бауыржанның пырағЫ
files -> Үміт битенова көҢіл күнделігі
files -> Көсемәлі СӘттібай¥лы шарбақтының жалғызы


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет