Баймаханбет ахмет аяулы соқПАҚ Тараз, 2008 жыл. Менің президентім



бет8/12
Дата21.07.2017
өлшемі2,06 Mb.
#21826
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12

МЕЙІРІМ, САҒАН ЗӘРУМІЗ БІЗ...
БІРІНШІ ЖЕЛІ: Осы күні Қаратаудан қаражаяу қайтқан өлмелі кемпір ақкөлдіктердің ауызынан түспейді. Қаратаудағы қызының үйіне қыдыра барған қариенің ит өлген жерден көнін сүйретіп жаяу қайтам-ау деген ой әуелде басына да келмеген ғой... Шәріден қарға адым ұзасам, құдайға қараған біреу-міреудің мейірі түсіп ала кетер деген пендешілігінен не қайыр. Қатпа қара кемпірді байбатша, одан қалды аз-мұз қор жинағанға бола ханға басын имеуге айналған алаңғасар ағайындарымыз мінген «Мерседес», «Вольвалар» қағып кетердей, жер сүзе жүйткіп бір берсін! Енді жетпегені қаражаяу кемпірді – Ананы мысқылдап қыр көрсету еді... Қанына қарайған қарие олардан үмітін үзіп, Ақкөлге жаяулап тартқан. Қиырдағы ауылына көнін сүйретіп жетті-ау. Желауыздар оның мұнысын «ерлікке» санап жыр ғып айтысады да, мейірімнің адамнан біржола кетіп тынғаны тұрғысында ләм-мим деп жақ ашпайды. Оларша бәрі дұрыс секілді. Ілгеріде сол Қаратауға әскерге шақырылған жалғыз баласын іздеп, бір көріп жүздеспекке Ойықтан жаяулап барып қайтқан Айтолы ананы білуші едік. Ол кезде заман басқа. Көліктің қат кезі. Ол да сол кездегі адамдар бойындағы мейірімнің мол екендігінің көрінісі-ау. Айтолы ана көлігінің жоқтығын біле тұра бұл сапарға көрінеу ұрынса, қазіргімізге не жорық? Қаратаудан қаражаяу қайтқан қайран кейуананың, адамдар бойында мейірімнен мысқалдай да қалмағанына сол сапар көзі әбден жеткен болар. Кімге, не деп өкпе айтарсыз... Зады, заман баяғыдай емес. Неге?

ЕКІНШІ ЖЕЛІ: Бір ардақты қарияның жылында жұрт ішінен құран оқырлық еркеккіндікті таба алмай, бесіктен белі шықпаған балғын қызға қайта-қайта қолқа салуға мәжбүр болғанымызға қатты қапаланған жайым бар. Біздің «мұсылманбыз»деп мақтанғанымыз әншейін екен, ауыл сайын мешіт ашқандағы шыққан ұшпағымыз осы ма? Жай құран бағыштап, намазға тұрудың өзін үркер шоғырындай қожа, молдаларға сырып тастап, діннен, тілден ада-күде қол үзіп, сыриып қашанғы сенделеміз? Не әрі, не бері болайық та. Мұсылман діні имандылыққа, мейірімге үндейді дейміз, сөйлеп қалған құр ауызымыз ғана, ендеше біз одан несіне іргені аулақ салып қашқақтай береміз, осы... ҮШІНШІ ЖЕЛІ: Бір шаруашылықтың беделді басшысы: «Бізді, әрісі үкімет те өгейсітетін секілді. Қомақты кредитке (проценті қанша болса да) қатты зәруміз. Бізге жарты миллион теңге берсе, егінімізді егіп, малымызды бағып, күнімізді көрер едік. Егін піскен соң, онысын өтеген де болар едік» деп өз мұңын шақты...Ұжымшардағылардың ұнжырғасы түсуде. Бірлестік басшылары еңбек ақының орнына қарақұс іліп кетерліктей бір-екі тоқты, балалардың жыл бойғы жәрдем ақшасы орнына бір-бір тайлақтан беріп, өздерінше қиын мәселе түйінін шешуге қарекет еткен болып жатқан сыңайлы. Қиыны сол, өз қолындағы бірер ірілі-уақты тұяғын бағып-қаға алмаған ел ол малды не қылсын, ат-тонын ала қашатын көрінеді. Ал ауылда шөптің тоннасын 1700 теңгеге, көтерем тоқтыны 700-800 теңгеге (сол кездегі бағамен) бағалап беретін қорлығын қайда қоярсыз. Бүкіл тірлігі қар жастанып, мұз төсенумен өтіп келе жатқан, шаруашылықтың бар ауыртпалығын мойнымен көтерген бейбақтардың маңдай терлерімен тапқан пайдасының өздеріне күрзі болып тиіп жатқандығы неліктен? Мемлекеттің жұлыны, тіршілігінің күре тамыры – ауыл тұрмысы көпе-көрнеу көз алдымызда өшіп бара жатса, оның осы ақуалына қолды бір сілтесек, елдігіміз, азаматтығымыз қайда, адам құқығын қорғайтын Ата заңымыз қайда қалмақ? Ой-сұрақ қамаған санам сергелдең, сіз не дейсіз? Ал,менің байқағаным, қоғамның қай саласы болса да қамқорлыққа, қолдауға, мейірімге зәру. Қоғамымыздың тамыр бүлкілі саналы, санасыз тіршілік иелерінің таным-түйсігімен тамырлас қой. Қоғамды сана билейді. Қоғамдық сана көші қандай деңгейде? Көзге көрінбейтін әлдебір нарыққа бәрін үйіп-төгіп жер-жебіріне жете тепсіну белең алды, бүгінде. Шындығында, бұл Қожанасырдың баласын сүтке жұмсап, артынша «сүтті неге төгесің?» деп алмай-бермей сабағанымен пара-пар емес пе? Қожекеңнің «сүтті төккен соң ұрдың не, ұрмадың не» дегеніндей түйе көпірден өткен соң нарықты жамандадың не, жамандамадың не дейтін бір бас-аяғы жоқ психология санамызды жаулап барады. Өзімізді өзіміз көрінеу қыжырта ұстау, мүмкіндік, мейірімді тіздеп, сараңсу үстемдік алып отырған сыңайлы... Бәлкім, Қожекеңнің баласы әлгі жерде сүтті төкпес те, бәлкім, нарық қарық қылмас... Кім біледі?

Оман жұрттың обалына текке қалудан сақтасын. Қалай болғанда да, мейірім, сені адамдар бойынан мен әлі де іздеймін, жалтақтап қарайлаймын. Мейірім, саған зәруміз біз!

ӘЙЕЛ ӘЛЕМІ
(Этюдтер)
Анаңды аялап жүрмісің?
Бүгінгі қазақ әйелі...Ол қандай? Рас, әйел-ана қауымы иініне жүктелер міндет тым ауырлап-ақ кетті емес пе? Замана зәйілімен шайқалудың аз-ақ алдында тұрған шаңырақты сақтаудың өзі оңайға түсіп жатқан жоқ. Ауылдарда жаппай жұмыссыздықтың белең алуы ер-азаматтардың жүзін төмен етті, есесіне әйел қауымының белсеніп, бақалшық саудагерлікті болса да майлы ішекше айналдырып, нарық талабына орайластыра алушылығын ерлік демей көріңіз. Отбасын жансақтатып отырған да солар. Еңбексіз, еріншек еркектен қадір қашқалы қаш-шан!

Осы орайда мына бір жай ойыма оралады. Кезекті іс-сапарымда таныс келіншекке кездесіп қалдым. Ол үлкен бір үйдің қара сыбағын, құм сыбағын қоса-қабат жүргізіп жатты.Қолы-істе, ауызы-әңгімеде. Неткен ыңғайсыздық еді десеңізші: менің қолым қалтамда тұрды. Бұл бержағы екен...

Кешкілікте сол келіншектің үйіне соқтым. Жалпы еркеккіндікті атаулының бірінен-бірінің айырмасы шамалы-ау. Бұл үйдің бойкүйездігі, бейғамдығы өзіме ұқсаған отағасы тау қопарып келгендей-ақ, кешкі тамақтан соң үстел шетіне қисайып, қорылға басып жатыр екен. Отағасымен бастасып, айра-жайра шиеттей бала-шаға және жатыр. Аңдасам, осылардың тамағын-тоқ, көйлегін-көк, уайымын-жоқ еткен бірден-бір күш-құдірет иесі- Ананың- манағы қара торы келіншектің тізе бүкпегеніне бір тәулік! От жағып сүт пісіріп, айран ұйытып әуре. Көз шырымын алар-ау. Ел оянбай қой-ешкі, сиыр сауып, оны өріске айдап, тербеп оятып қоралы жанның ас-суын қамдауы бар... Осының бәрі де ештеңе емес-ау, аздан соң түк болмағандай жұмысқа асыққандардың легіне араласып, кетіп бара жатады. Осының бәрін де қабақ шытпай, үн-түнсіз тындырады ғой. Бүгінгі күні ауыл әйелдерінің үйде отырғандарының тірлігінің өзі бір атанға жүк боларлықтай емес пе? Десе де олар арды ойлайды-ау.

«Ананың көзі –балада, баланың көзі-далада» деп қазекең осынау мейірбан жандарды мінсіз-ақ мінездеген ғой. Тоғыз ай, тоғыз күн құрсағында көтергені аздай, түн ұйқысын төрт бөліп, ақ сүтін беріп асырар, қашан әділбұлыққа жеткеніңше бар дәмді, тәттісін аузыңа тосып, өле-өлгенінше өбектеумен өтер Анаға тең келер жер бетінде ешбір құдірет жоқ қой! Жоқ. Бәрімізге жарық дүниені сыйлайтын да сол! Бәріміз де бір-бір қара кемпірден жаралған екенбіз. Қарап отырсаңыз, сол қара кемпірлеріңіздің бәрі ұқсас, себебі олардың ниеті –бір, тілеуі –бір. Сен, мейлі, данышпан, ғұлама бол, мейлі баскесер, бұзақы бол-олар үшін ең алдымен өзегін жарып шыққан, тар құрсағын кеңіткен, тас емшегін жібіткен баласың.

Бұл жайды өмірде анасын сыйламайтьндарға, төрдегі басын есікке сүйрейтіндерге, оны қорғансыз тастап, артына қайырылмай бір қиырға асып кететіндерге, ең болмаса хабар-ошарын білдіріп, тілдей хат та жазбайтындарға, елден қатынаған біреу-міреулерден көңіл үшін болса да анасының хал-жайын сұрауды қиынсынатын тасбауыр ұл-қыздарға, тіпті балалықпен, пендешілікпен болсын аяғын шалыс басуға қалған құрбыларымызға титтей де болса ой салар деген ниетпен жазып отырмын.

... Осы жуырда өзім бейтаныс қариелермен сапарлас болғаным бар. Жаңа бір әзірде ғана отыздардағы жігіт қолтығынан демеп әкеліп, ауылына барар жеңіл көліктің біріне отырғызып, жол кіресін де үстемелеп төлеп, құрақ ұша қалбалақтап шығарып салған жасы жетпісті алқымдаған ақ шашты әже өзімен кездейсоқ сапарлас бола кеткен келін, абысынымен, ой-хой, әңгімені қыздырды-ай келіп! Өміріне, баласына дән риза кейіпте.

-Әлгі... кенжем ғой! Өңгесі- қыз бала, әдіре қалғыр!- деп сәл демін басқан әжей сәлден соң оқыс серпіліп, әлдене есіне түскендей түлеп, қунап сала берді.- Әй, келін, абысын-ау, білемісіңдер... Осы күз «қырық қыздың тойы» қабат келіп қызық болды емес пе? Қолымыздағы немеремізді аяқтандырып, одан әлгі қызды құтты орнына қондырып, шалдың да жылы жақындап... Шүкір, бәрі де ойдағыдай өтті. Ойбүй-й... осы Әкімжаным қалаға келіп, алыпсатар болғанын күтіп тұр екен жүдә... Бәріне жараған сол -күнім. Қызымыздың киімі елде жоқ, тіпті.Құдалар қатты риза болысты. Әкесінің жылын дүрілдетіп өткізгені анау... Ту биені жығып тастады. Өзің де білесің ғой!

Келіні мен абысыны әжейді көтермелей ықтай сөйлеп, жарасты бір жағдайда келе жатты... Көзіме, неге екенін, әлгі анасын шығарып салып тұрған қаршығадай жігіт қайыра елестеді. Сол тұрқы, тұла бойы адамгершілікке, имандылыққа толы екен-ау, кім біліпті. Көп болса арба сүйреп, оны-мұны бақал сауда жасап, ілдалдалап тиыннан теңге құрап жүрген болар. Қалай болғанда да анасының көңілін жайлы еткен, ойлағанынан шығып, ақ сүтін ақтау жолындағы қиындықтардың көбесін қақырата сөгуінің өзі қатпа қара жігіттің азаматтық абырой, өмірлік мұраты базбір тұстастарынан әлдеқайда биік екендігін көрсетіп тұр емес пе? Ол... дүние деген не, тәйірі... оның бәрі де ананың көңілі тетік, мұңсыз-қамсыз болғаны жанында түк емес, «анашым шалқып күлсе, алдымда ұзақ жүрсе» деп ынты-шынтысымен тілейтіндей.

Иә! Иә! Анамызға өмір бойы қызмет етсек те, оның ақ сүтін ақтауымыз, әй, ешбір мүмкін емес-ау. Міне, бұл мәселе тұрғысындағы ұғымымен қай-қайсымызды да ізгілікті ойға жетелер көргенділігі үшін де әлгі жігітке біртүрлі ішім жылып қалды. Баяғыдан таныс адамымдай жылыұшырай түсті.

-Әлгі кіші келін ғой қолымдағы... Өзі күнұзақ сауында. Немерелерімді қамап кетіп едім. Бірін-бірі төпелеп жатыр ма... ырың-жырың болып. Мені іздеп жатыр-ау, шырақтарым, -деп бір қиырдағы үй-өтені есіне оралып, әлгі әжей еміреніп қойды. Іле жұлып алғандай:

-Несін айтасың, «сапқоз» айлық орнына бір-бір «піләк» сүт береді әр жетіде. Соның бірін кеше қазанға қотарып... оны пісіп, майын алмаққа ниеттенгенімде... осылай сапар шығып... Өзінен он бес кілә май түседі екен-әй!

-Қойыңызшы. Сосын...майды сатасыздар ма?- деп қалды жас келін әуестікпен.

-Тек! Сатқаны несі! Мына қаладағы келін-баланың үйі қурап отыр екен. Алған еттері де «көкбақа» бірдеңе... Соларға беріп жібермесем, болмас енді... Шәрілердегі не тірлік, тәйірі... бәрі сатулы.

Шіркін, алпыс-жетпісінде де қазан-ошаққа келінімен қоса-қабат шауып, бар шаруаны ысқаяқтай қағыстырар қайран біздің шешелердің бойындағы не деген қайрат, қуат-күш! Ауыл мен қала арасында бала-шаға, немере-шөберелерінің бас-басына бағышталып, күндіз-түні сабылар сағыныш, махаббаттарында шек борлсайшы бір!..

Ал біз... біз аналарымызды аялап жүрміз бе, осы!
Ол екеуі...

Нарық қаншама қазақ отбасын иірімінде қанкөбелек ойнатты- тап басып айту қиын.Нарықты қазақы ділімізбен қабыспайтын құбылысқа да телідік-ау. «Ағайын тату болса-ат, абысын тату болса-ас көп» деген қазақы пәлсафа қайсыбір тұста қайраңдап-ақ қалды. «Торғай басымен, тұрымтай тұсымен» әлектенген кез туды. Сөйтсе де, ауылда туырлығы тұтас қалпында мұрты да қисаймай отырған әулеттер бар. Олардың уыз-ұйытқысы- ауызбіршілік екеніне бәс тігуге бармын.

Ауызбіршілік демекші... Әскен қарттың есіме түсіп отырғаны. Екі ұлына еншілерін қылдай бөліп беріп барып жамбасы жерге тиді-ау жарықтықтың. Екі ұлдың да еншісіне тиген уақ мал, ірі қараның қарамы ұқсата білсе, бұдан былайғы тіршіліктерінің көзін ашып, түтіндерін түзу өріп кетуіне қаптал жетерліктей-тұғын. Бұдан бөлек бір-бір жеңіл көлік тақымдарына тигені және бар. «Бала таппайтын әйел жоқ-тұрарын айт, мал таппайтын еркек жоқ-құрарын айт» дейтін сын сәті туғанда...үлкен абысын қолын жылы суға малып отырғысы келді ме, үйді, малды түгел сатқызып, бала-шағасын шұбыртып бір түнде қалаға көшті де кетті... Ал кіші келін қарашаңырақта қалып қойды. Өзі мектепте мұғалім. Ал, күйеуі Нұрасыл «жұмыссызбын» деп қол қусырып отырмай, малын жайлап, бірін екі етуді ғана білді...

Ағайындылардың жолы осылай ойда жоқта екі айырылып тынған. Бекасылға, бірақ қалада шаруа оң жамбасына келе қоймады. Ал, дегенде қолайлы бағаға пәтер табылмай, өзінің жолаушы тасып тапқан аз-мұз нәпахасы үбірлі-шүбірлі отбасының олай тартса аяғына, былай тартса басына жетпей, бір пәтерден екіншісіне көшудің аласүргіні басталып кетті. Оның бер жағында ауылдан шүберекке түйіп ала шыққан ақшаның да түбі көрініп қалды...

Мұны естіп ауылдағы Нұрасылдан маза кетті.Бауырына көмектескісі келген. Бір ғажабы- әйелі Бәтес те оның бұл ойын шеккі көрмеді. «Тек жоғалмапты»-деп күбірледі Нұрасыл. «Келін- ата-ененің топырағынан»деген, тегі, рас-ау. Бір әулеттің барын асырып, жоғын жасыра білген қайран да анасының өзі болмаса да көзі қалғанына, тәлім-тәрбиемен сіңген тағылымы томашадай келіншегінің тамырын қуалай атойлап өргеніне қуанды.

Өздері де төрт-бес қарадомалақтарының қамымен ертеңді-кеш абың-күбің тіршілік тертесіне жегіліп жүрген ерлі-зайыптылардың ой-ниеті бір құдіреттің күшімен үйлес келуі- тәңірдің сыйы, әлде текті әулеттің тұрмыс-дағдысының, мәрттігінің ілкі жаңғыруы ма екен?!

Бұлар, ақыры, жиған-тергендеріне аға-жеңгелеріне қаладан пәтер сатып алып берген. Соңыра Бекасыл жеңіл көлігін бағанға соғып жарамсыз етіп алғанда да, «тұзы жеңіл, ақ жүрек бауырым-ай!» деп, Нұрасылдың өз «Жигулиін» түсіп берген мәрттігін ауылдастары аңызға бергісіз етіп әңгімелейді... Онымен де қоймай ағасының тұңғышы- Мадиярды қолына алып, тәрбиелегені ше... Пай-үлесіне кеңшар берген жүк машинасына айырбастап алған ескілеу екі жеңіл көліктің бірін-өзі, екіншісін- Мадияр «тізгіндеп» таксиші болып, күреп табыс таба бастады. Нұрасылдың ойлап таппайтыны жоқ-тағы. Соңыра өз көлігін бірер кілем, магнитола қосып ұтысқа тігіп, ағайындары арасында «лоторей» ойнатып, мал жиғаны былай тұрсын, сол малды семіртіп сатып «аяқ лауын» жаңалап та алды. Тірліктің көзін таба білуден бәрі.

Сөйтіп жүргенде Мадияр келіншек түсірді. Көп өтпей сәбилі, бұлар немерелі болды. Келіндеріне қаладан мамандығына сай жұмыс табылып тұрған соң, үш бөлмелі пәтер сатып әперіп, бөлек отауға шығарды. Өздерінің университетте оқитын бір ұл, бір қызы солардың қолында тұрып жатыр. Мадияр келіншегі екеуі қолдары қалт етсе-ақ ауылдағы «ата-әжесінің» бауырындағы ұлдарына ызғытып келіп қайтумен жүр.

Нұрасыл мен Бәтес енді аға-жеңгелерінің мектеп бітіргелі бекер босқа сенделіп жүрген екінші ұлы Даниярды да қолдарына алған екен. Күздікүні ауыл іргесіндегі тон тігу цехына жұмысқа орналастырыпты. Данияр айлық жалақысының шып-шырғасын шығармай, жеңгесінің қолына салады да отырады деп естиміз. Сарамжал жеңгесі ақшаны қалай жұмсауды біледі. Әдепкіде жиналғанына тай алып байлап, оны сатқаннан түскен ақша есебінен қораға бір тана, он шақты тоқты кірген. Тана әне-міне бұзаулағалы тұр... Жуырда Бәтес тағы «әжет» ашты. Жиналған ақшаға Нұрасыл мен Данияр базардан тағы бір тай әкеліп үйірге қосқан. Бұл малға Бәтес «Даниярдікі» деп шыр-пыр болып жан баласын жуытпайды. Бәрі де қайнысын үйлендірудің қамы екен. «Күзгесалым біздің көшеде де той болады» деп жымың-жымың етіседі ерлі-зайыпты екеуі.

Қалай болғанда да әйел затының өзі келін болып түскен жұртқа тастай батып, судай сіңгені әйбат-ау. Ағаш екеш, ағаш та еккен жерінде көгереді емес пе? Әйел баласының өзі үрлеп жаққан отты өшірмей, ертеңге жеткізіп, әулет ұйтқысы болу маңдайына жазылған. Бәтестің ісі- ене көргендігінің белгісі. Көргенді, тәлімді ене жолынан еш ауытқымай, әулетті бұзбай-жармай болашаққа тура бастап келе жатқанының өзі неге тұрады?

Осылай ерлі-зайыпты екеу «нарық қазақ діліне жат» деген ұғымды жоққа шығарып отыр. Үлкен ұлын барлық жөн-жоралғысын жасап аяқтандырып, бөлек отау етіп шығарып, тіршілік додасына қосып, енді кішісін де қолға алып өздері өтеуі тиіс ата-аналық парызды толайым мойындарына алған іні мен келіннің мәрттігі Бекасылды да, Қатираны да ширатып, «абысын тату болса-ас, ағайын тату болса-ат көп» боларына көздерін жеткізе бастаған секілді...

Қайран сыйластықтың күші-ай!


Отбасыңа ие бол, отағасы

Қазақтың қыз беріп, келін алуы кезіндегі әлімсақтан бар жөн-жосық, әдет-ғұрпы бір қарағанда, оғаштау көрінгенімен, мұның өзі үй болудың қиындығын ескеріп, көптеп-көмектеп, жаңа отаудың негізін қаласып, бау-шуын түгендесіп, жас жұбайлардың қиналмай яғынан тұрып кетуіне жеңілдік жасауы екені белгілі.

Содан да қазақтың шамасы келгені, келмегені де қыз ұзатып, келін түсірудің жол-жоба, жоралғысын жасап бағар-ау... Оның анау-мынау отбасының көгенін ортайтып, бір демде-ақ жұтатып, тұралатып кететіні ше... Мұндайда, «ашынған алласын қарғайдының» керімен «құдай-ай, жүріп-жүріп келіп, өзіміз жарымай отырғанда...» деген секілді ғайбат сөздер еріксіз ауыздан шығып-ақ кетеді. Ал кейде... қыздың «өлі-тірісімен» бірге табысталар ақша (ең аз дегені бір отбасының алым-берім саудамен жұмыс орындарын ашып, аяғынан тұруына әбден жеткендей) мен киім-кешегі төңірегінде көңіл толмаушылығын білдіріп, ырың-жырың, бітпес дау тудырып жататын құдалар да болады...

Мұның өзі жаңадан көңіл жарастырып,тілек тоғыстырғандардың жүректеріне дық болып тиіп, соңыра араларында туатын ұрыс-керістің түлен-түртпегіне де айналып, шаңырақты шайқап, отбасы бүтіндігін де бұзады-ау... Әлеуметтік себептері қандай болса да, қазір жастарымыздың үй болудың қиындығына төтеп бере алмай, үйленуді «оңайлатып», екі күннің бірінде ажырасып жататындығына мысал аз емес. Сонымен, ең бір ішің ашитыны- қызының оң жақта отырып қалмай теңін тауып, ұлының аяқтануы үшін де қайран әке-шешенің шашып-төгіп жұмсаған дүниесінің де басына су құйылады!..

Шымылдығы желбіреген күйінше, отағасы жел өтінде қалдырған сол отауларда тоқсаныншы жылдардың келіншектері «тірі жетімдерді» жетілдіріп, етегі елпі, жеңі желпі жүргені... қоғамымызға өзіндік дертін де телуде. Мұндайда халықтың әлеуметтік тұрмысының қиындай түсуіне жеткізген өтпелі кезеңді күстаналап шыға келеміз. Ал өзімізге шаң жуытпаймыз...

Аз күнгі қиындық үнжорғасын түсіріп, әзер деп тіктеген отбасынан безіп, «салулы төсек, салқын үйі» бар көңілдес тауып, қарақан басы қамын күйттеумен кеткен күйеусымақтардың санын тап басып айту мүмкін емес, бірақ, тым кө-өп!

Көзі жәудіреген соңындағы ұл-қызына (кемінде төртеу-бесеу) мойын бұруына да мұршасын келтірмей, жел қуған қаңбақтай әлдеқайда алып қашқан «махаббаттың құдірет-күші» қандасымыздың көсегесін көгерте қоярына күмән мол-ақ. Алимент әке болмас, бірақ, әркімге қол жайып, жәутеңдеумен жүрген «тірі жетімдердің» иіні жалаңаш, қарны аш болмауына біршама септесер де!.. «Алимент даулар» дей ме, бұрынғы аз- кем уақыт отасқан зайыбымен заңды түрде ажырасудан қашқақтап, ізін де шалдырмай, әліптің артын бағумен жүрген «ұябұзар» әкелердің мұндай аярлығын, безбүйректігін өзінің қаны- ұрпағына қастандығы демеске лажың жоқ...

Әкеден тірідей айырылған көзі жасты, көкірегі шерлілерді қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай, күллі отбасы тауқыметін қара нардай өрге сүйреумен жүрген шешелерінің барын дәтке-қуат, көңілге- медет дейміз бе... Иә, олар осынау жауапкершілігі мол міндетті мойындарына жүктеу арқылы қазіргі уақытта қоғамымыздың қайырлағандай күйдегі кемесін белі майыса жүрсе де, ашық теңіз айдынына бағыттап әлек... Бөріктілердің беделі төмендеп бара жатса, оны осындай күйге жеткізген де өзіміз. Ортақ намысты ойлайық!

Базбіреулердің маңдайына «жезөкшеліктің»қарғыстай таңбасын мөрлеп, жиреніп жатамыз. Шындықтан қашып құтыла алмасың хақ. Бәрібір... әйелдердің... жолы жіңішке болса да, отбасының бар керек-жарағын түгендеп, өлеусі отын өшірмеуге шыр-пыр болып көбірек күш жұмсаумен жүргенін мойындауымыз керек-ау... Бұл тұрғыда белгілі өлең жолдарын аз-кем өзгертіп, «дүниедегі барлық ауыртпалық әуелі әйелдердің жүрегіне түседі» деп айтсақ та құба-құп.

Ұл-қызы әділбұлыққа жеткен, кезінде әжептәуір қызметте істеп, «майлы жіліктің» басын да ұстаған қырма сақал бір көкеміз әр жұмыстың басын бір шалып жүрген-ді. Одан да өнетұғын ештеңе болмағаннан кейін... сүйегі саудыраған қалалық көгілдір көзді бір кемпірмен көңіл жарастырыпты. Сөйтсек, көкеміздің мұнысы ертеңгі күні кемпір өле қалса, үйі-жайын басы бүтін өзінде қалдырудың қамы, балаларының қамы екен. Көкеміздің «бақай есебі» жеңгемізбен ат құйрығын кесісуіне ғана жарапты деп естиміз. «Пәленшенің қасында біз деген періштеміз ғой» деп қосағына кәдімгідей доқ көрсететін дағды тауыпты азаннан қара кешке дейін қурай басын сындырмай, бозаға бөртіп, алты карта соғумен жүрген ауылдағы баз бір отағасы...

Кәрима деген қырықтардағы келіншектен «неліктен кәріс ұлтының өкіліне тұрмысқа шықтың, өзіміздің қандастарымыз жыртылып-айырылып жүрген жоқ па, осы» деп сыр тартқанымызда «қазақтың сөзі жылмаң, көзі күлмең жігіттерінің талайынан-ақ аузым күйді. Отбасына суыртпақ жіп кіргізбейді-ау. Шеттерінен дарақы, тапқаны тамағынан артылмайды және.... Несін намыс көрем, ұлты өзге болса да мына күйеуімнің жібі түзулеу, тыңдампаз, тындырымды, қолынан келмейтіні жоқ. Ең бастысы- отбасы жайын ойлайтындығы» деп ағынан жарылуының да жаны бар ма деймін.

Сол сәтте-ақ Арманайдың тағдыры көз алдыма келген-ді. Бір кездері ауылдағы бәденді бойжеткеннің бірі еді ол. Кейін теңін де тапты. Ата-анасы дүрілдетіп тойларын да жасап берді... Оны арада жеті-сегіз жыл өткенде жолықтырғанымда, шыны керек, танымай қалдым. Алдымда қартаң тартып, ашаңдана түскен қайыстай қатқан қара келіншек тұрды. Киімі де жұпыны. «Азын-аулақ тапқаным не балаларға, не пәтер жалдауға жетпей, басым қатумен жүрсе, күйеуім «араққа ақша бер» деп алақанын жаюын қоймайды. Құрбыларым «ондай байдың барынан жоғы, айырылыс» деп ақыл қосқанмен, арамызда үш бала бар, отымды өшіргім келмейді» дейді шаршаңқы үнмен.

Міне, бұл мысалдарды қайсыбір қазақ отбасылары азып бара жатыр деп, күштеп таңып та отырғанымыз жоқ. Боямасыз өмір көрінісі осындай. Ел іші болған соң, ала да, құла да кездесер десек те, «арбаның алдыңғы дөңгелегі қалай қарай жүрсе, соңғысы да солай жүреді, аға ұрпақтың кейінгіге үлгі-өнегесі осындай болса...» деген оның өкініші өзек қариды-ақ!

Әңгімеміздің әу басында айтқанымыздай, ата-аналары белшеден қарызға батып жүріп, шашылып-төгіліп тойын да жасап, көтеріп берген отаулардың ұл-қыздарымыз неліктен шаңырағын биік, босағасын берік ете алмай жүр!..

Отан отбасынан басталады. Ендеше, еліміздің 2030 жылға қарай «Барыс елі» атануы үшін де алдымен отбасымызды оңалтайық, әлеумет!

АУЫЛ ЗИЯЛЫСЫ
Уақыт неткен жүйрік десеңізші! Бүгінде өзімнің де бір орында- баспасөз саласында тапжылмай тер төккеніме ширек ғасырға жуықтап қалыпты. Ал түрлі деңгейдегі газет-журналдарға жасөспірім кезімде-ақ мақалалар жазып, қоғамдық негізде атсалыса бастаппын. Аудандық газетке базбіреулер айтып жүргендей, «кабинадан –кабинетке» өмірдің қайнаған қызу ортасынан қаламы төселген сақа тілші ретінде әбден пісіп-жетілген «дайын» күйімде келіппін. Заманның зәйілімен. Түптің түбінде газетке табан тірермін-ау деген ой өңім түгілі түсіме де кірмеген-ді.

Дегенмен, мені- журналистиканың жұмбақтау ұңғыл-шұңғылын түгел сүзіп сараптан өткізуіне, үйренуіне әлі де бір-жар уақыт қажет болатын «бала тілшіні» аудандық «Ленин жолы» (қазіргі «Талас тынысы») газетінің сол кездегі редакторы Әбдірахман Әбдірәсілов құшағын жая қошуақ көңілмен қарсы алды. Ә дегенде-ақ «газетке күллі ғұмырыңды арнағың келе ме?» деп маған біртүрлі сыр тарта үмітпен қарағаны да есте. Еркін, бұла жетілген ауыл баласы- маған бұл сауал тосын естілді. Тосылып та қалдым. Өмірдегі өз орнымды нақты айқындап алуым үшін алдымда ұзақ жол жатты, өйткені. Қалай болғанда да газет ісіне әбден төселуім керек болды. «Түйенің арқалағаны алтын болғанмен, жегені жантақ» қой! Журналистер де сондай. «Бетегеден биік, жусаннан аласа» күй кешуіме тура келді. Жолдар алға сүйрелей берді… Сол жолдың басында әрине, Әбекеңдей тұңғыш редакторымның тұрғаны анық.

Ол кісі мұның алдында «Кеңес» совхозында партия комитетінің хатшысы қызметін атқарғанында еңбеккерлердің бір жағадан -бас, бір жеңнен- қол шығарып ұйымдаса еңбек етуіне, ауданда алдыңғылар қатарынан көрінуіне ұйытқы болған «ауылдағы бірінші адам» болғанын, осынысы үшін де оны кейін редакторлық қызметке кеңестіктер тайлы-таяғымен қимай-қимай шығарып салыпты деп те еститінбіз. Әбекең заты тұйықтау, бірақ ойы да, білімі де терең, аудандағы саусақпен санарлықтай зиялы азаматтардың бірі, «міне, редактор» деп көрсетуге әбден лайық, моралъдық тұрғыда таза, ұстанымына берік, газет ісіне жетік ақ берен қаламгер екенін де талай дәлелдеді.Редактор орынтағында отырғанында тым талапшыл, қатал-ақ. Ал былайғы жерде оның бұл «ресми сұстылығын» кішіпейіл, жаймашуақ, мейірімділігі жұмсартып, өзімізбен тең құрбыдай теңестіріп, жарастырып жіберіп те жататын. Ол кісіге осынысын білетіндіктен үйірсектеп, жақын-жуық жұғысып жүретінбіз. Әбекеңнің аудан, облысты былай қойып, күллі әлемде не болып жатқанынан жан-жақты хабардар болып отыратыны, әсіресе, біз сияқты «сарыауыз» қалам иелерін тәнті де ететін-ді.

Мұндайда Әбекеңнің амбициясы да айқын. «Журналист түртінектеп ізденіп, өмір бойы оқуы тиіс» дегенді құлағымызға құюмен болады. Қашан көрсең де, кешкілік күнбе-күн қат-қат болып келетін газет-журналдарға көз жүгіртіп, «көміліп» отырғаны. Әрісі одақтық, берісі облыстық басылымдар үстелінің үстінде тау төбе үйіліп жатады. Редакторымның газет оқу дағдысы маған да жұқты, ақыры. Мені «асарға» шақырған ол кісінің өзі. Кейіннен екеулеп көз майымызды тауыса он-сан газетті оқып түгесіп, қас қарайғанша отыратын болдық. Қайта құрудың кезі. Одақтық басылымдардың өзі бұрынғы қалыптасқан қасаң ұғымдардың көбесін қақырата сөгіп, баяғы тар шеңберден шыға бастаған-ды. Көп өтпей қайта құрудың тыныс-лебі аудандық газет материалдарынан да анық сезіле бастады. Өйткені, түрлі деңгейдегі басылымдардан алғанымыз да, үйренгеніміз де аз емес-ті. Әбекеңнің бастамасымен газетімізде «Журналист тергеу жүргізеді», «Журналист оқиға ортасында», «Селолық аула құты», «Кішкентай ауылдың үлкен проблемалары» секілді жаңа айдарлар ашылып, сол тұста осы тақырыптар аясында бірнеше ондаған мақалалар дестелері жарияланды. Шалғай елді мекендердің бақуаттылығын арттыру жолындағы үлкен іс өзінің оңды нәтижелерін де беріп жатты…

Әбекеңнің журналистерге шығармашылық еркіндік бергендігі-тәуекелшіл басшының батыл ісі еді. Үйде жазасың ба, түзде жазасың ба, жоқ әлде кабинетіңде отырып жазасың ба-бәрібір, әйтеуір, редакцияның хат-қоржынына жібі түзу дүние әкеліп салсаң болды. Журналистің ізденісі, бастамашылдығы бірінші кезекке қойылатын.

Мысалы, Ресейдегі Тамбов облыстық газетінің журналистер еңбегін бағалау жүйесі аудандық газеттер ішінде, меніңше, алғаш бізде қолданылды. Ай сайын «Алтын қалам» иесін анықтап, белгілі бір көлемде сыйақы белгілеп, ынталандырып отыру дәстүрге енді. Редактордың жаңашылдығы, қоғамдық-саяси білімін ұштап отыруы дегенде осылар ойға оралады.

Және бір ерекше атап өтерлік жай, Әбекеңнің жас журналистерді әрбір жаңа іске, тың тақырыптар табуға қайрап салып отыратыны. Әсіресе, мал төлдету науқаны тұсында жастардың үй-жайын ойлауына мұршасы болмай кететіні бар-ды. Бұл да редакторымыздың принципшілдігі мен талапшылдығының нәтижесі. Таңертеңгілікте бізді тобымызбен қызметтік көлігіне сықастыра тиеп алып, қойлы ауылды, көктеуді аралатып, таныстырып, шай-су ішіп аздап аяқ суытуымызға да мүмкіндік бермей, тек кешкісін діттеген шаруамызды ақ тас, көк тас бітірген соң ғана барып кезі келген қойшы үйінен дәм ауыз тиюімізге мұрсат беретін-ді. Тілші ас-суға, жолға-кез келген қиындыққа төзе білуі тиіс деп қайрайтыны ше... Ол кезде сан-салалы шаруашылық құрылымдарына енгізіліп жатқан жалгерлік жүйе, аралас меншік мәселелерін жете ұғынып барып жазсын деген ишарасы тұратын миығында. Бұл «тәрбиені» мен ғана емес, сол кездегі жас журналистер Серік Томанов та, Телғара Үсенбаев та, Бақытжан Қоңыраубеков та көрді...

Әбекеңнің біреуді жұмысқа кешігіп келгені, жұмыстан ерте кеткені үшін жазғырып, жерден алып, жерге салып ұрысқаны есімде жоқ. Бұл, ол кісі үшін өзі жиі айтатындай, «пенделік», тұрмыстың уақ-түйегі ғана. Содан да аса назар аудара да бермейтін. Ұжымда жаймашуақ атмосфералық ахуал қалыптасуына барын салатын. Ерекелік іс-шараларды, жеке қуаныш, тойларды ұжым болып жан-жақты ойластырып, атап өтудің маңыздылығын ұдайы еске салып отырады. Аудандық партия комитетінің пленум мүшесі ретіндегі беделін сол ұжым мүшелерініәң жағдайы ректтелуіне жұмсайтын кездері де жоқ емес. Мысалы, менің үйдегі емшек жасындағы балама сүт кухнясына тіркеліп, күнбе-күн сүт алып тұру жөніндегі өтінішімді айналасы 5-10 минут ішінде шешіп берген-ді. Ақкөлге алғаш көшіп келгенімде отбасыммен редакция баспаханасының үш бөлмелі ескі үйіне қоныстануыма, кейін жаңа пәтер алуыма мүмкіндік жасады. Жас журналист үшін мұндай жағдай жасау екінің бірінің қолынан келе баре ме?

Әбдірахман ағаның мақала жазу машығы да қызық. Не нәрсені де тереңен қозғап әрі тез жазады. Жазғанда, көлдей параққа бірнеше сөйлем түсіреді. Бұрқ-сарқ төгіліп келер кесек-кесек ойларын әуелім қағазға сол күйі түсіріп те үлгіре алмай, бір жазғанына қайта оралып, толықтырып, байытып, қосып жазып бір-біріне мінбелетіп сызып көрсетіп аяусыз шимайланған беттен мәшіңкемен терілгеннен соң інжу-маржан ойлар жарқырап шығатын.

Ә. Әбдірәсіловтің партком хатшысы, аудандық газеттің редакторы, аудандық Кеңестің төрағасы, аудандық мәслихаттың хатшысы қызметтерін атқарған кездерінде де айырылмас-айнымас серігі қаламы дәйім өзімен бірге жүрді.Оның осы қуатты қаламынан «Ұлбике», секілді драмалық пъесалар, басқа да бірнеше ондаған публицистикалық очерктер, эсселер туды. Өзінің әбе қоңырлау тәрбиесі, «шекпені» астынан аудан журналистерінің бірнеше буын өкілдері шықты-ау деп тасынбай, қайта солардың әрбір қадамын, қалам сілтесін, қарымын қас қақпай бағып, қай-қайсысын да қанаттандырып отыру -Әбекеңнің қанына сіңген қасиет. Өзі бас болған сол көштің бүгін де бұйдасынан жетелеумен келеді. Әбекеңнің қаламы қазір де қуатты.

Бірер жыл бұрын құрылғанына 75 жыл толуына орай аудан тарихы жөнінде кітап жазып, әзірлеу ісі Әбекеңе жүктеліп, ол кісі бүгінде облыс, республика көлеміндегі басылымдарда қызмет етіп жүрген бұрнағы шәкірттерін жағалай жар салып, аяғынан таусыла іздегені бар. «Аудан тарихын жазуға атсалысыңдар. Баймаханбет, сен де...» дейді баяғы. «Әбеке-ау, өзім біраздан бері жырақта жүрмін. Аудан туралы жарытып не жаза қояйын...» деп қипақтай бастап едім. Әбекең:

-Ой, сен өзің білмеді екенсің ғой.Ауданнан шыққан танымал тұлғалар жөнінде «Ленин жолында» жүргеніңде-ақ өндірт е жаздың емес пе?Бір кездері Әулиеата ревкомы төрағасының орынбасары болған А. Тоқтарбаев, Еңбек Ерлері Ж. Аманбаев, С. Нұрғожаев, С. Қибасаров,ауданнан шыққан тұңғыш полковник Т. Мақашев, тұңғыш кинорежиссер Д. Өмірбаев, тағы басқалары туралы очерктерің ше... Бертінде «Ақ жол» газетіне Қаратау өңірінен табылған алғашқы адамдардың тұрақтары жөнінде де жаздың ғой!- деп тізбелеп жөнелгені....Сонда ғана барып «пәлі, аудан тарихы туралы мен де бірдеңелер беріппін-ау» деп көңілімді бірлеп, әсіресе, Әбекеңнің санасының сарабдалдығына, ілгері-кейінді таластық қалам қайраткерлері еңбектерінің бірін де жібермей қадағалап оқып танысып отыратындығына қайран қалғанмын...

Әбекең, ең алдымен, эстет. Жан дүниесінің сұлулығын ұдайы үстеп байытып қана қоймай, сол бір жиған-тергендерін төңірегіне, ортасына дестелеп шашып та жүреді. Әбекеңнің өзі қалыптастырған бұл музасы талайдың мұз жүрегін де жібітумен келеді. Ол кісі поэзияға ғашық. Кезінде ақын С. Томановтың да әрбір қадамына балаша қуанып, ізгі тілектестікте жүрді. Аудандық Кеңес төрағасы қызметінде жүргенінде талай алтын басын иіп, түлеп ұшқан шаңырағы - аудандық газет редакциясына «әдеби ортаны сағындым» деп, маған өлең оқытып тыңдау үшін ғана талай келген-ді. Былтырлары «Ақ жолға» соғып, зауқайым келіп қалған бір топ жас ақындарды жібермей қолқалап, қояр да қоймай өлең оқытып бір жасап қалғаны бар. «Аурухванада жатыр едім. Ішім пысты, тегі. Таразда аз да болса әдеби орта бар ғой. Ауылда, бізде бұл да жоқ» деді мұңаюлы үнмен. Сол жолы Әбекеңді ТарМУ-інде өтіп жатқан Мұқағали кешіне , драма театрға ертіп апардым. Асыл ағаның сонымның өзінемәре-сәре қуанып, көңілі көтерілгенін көріп,.. мен де аз-кем мұңға берілдім.

«Әдеби ортасы» жоқ алыс ауылда Әбекеңдей жауһарлар қоламта арасында қалып, жарығы көмескіленіп қалмаса екен деп тіледім іштей. Міне, осындай жұлдыздардың жарығы көмескіленбеуі үшін де Әбекең өзінің әдеби ортасын, әлемін іздеп ауылға барған еді... «Көктал» ауылынан Әбекеңнің қуатты қаламынан туған нәрлі, рухты дүниелерді қашан алып ұшып жетер екен деп көгершін қанат хаттарды мен де елеңдеп күтумен жүремін...


Каталог: admin -> files
files -> Ббк 83. 3 (5 Қаз) Қ 25 Қ25 Қалдыбаев Ә. Көңіл көмбесі
files -> Аула драмалық шығармалар әрқилы ойлар атланта жоқ, америка сапары
files -> Тақталас. Пьесалар, бірқақпайлар. Тараз, «Сенім» баспасы, 2006-256 бет
files -> Шағын хикаяттар, әңгімелер, ертегілер, мысалдар
files -> Баймаханбет ахмет жас шынар, ТӘкаппар шынар тараз – 2013 жыл
files -> Арғынбай бекбосын фәнилік драма (2500 рубаят)
files -> Тұрсынхан Жақыпқызы (Сембаевна) Бердалина Өлеңдер мен әңгімелер
files -> Елен Әлімжан бауыржанның пырағЫ
files -> Үміт битенова көҢіл күнделігі
files -> Көсемәлі СӘттібай¥лы шарбақтының жалғызы


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет