Баймаханбет ахмет аяулы соқПАҚ Тараз, 2008 жыл. Менің президентім



бет11/12
Дата21.07.2017
өлшемі2,06 Mb.
#21826
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12

ЖЫРЛАРЖЫЛДАР ЖЕМІСІ
Журналистика – иіріміне бір үйіріп тартып алғаннан соң бойыңда бар ақындық, жазушылық өнеріңді, тілдік қорыңды диірменінен өткізіп уатып, қалыбына салып қатқылдандырып жіберетін жүрдек те күрделі жанр. «Отыз жыл қой баққаннан ақыл сұрама» дейтініміздей, ұзақ жыл журналистиканың не бітіп, не қоймайтын қат-қабат тірлігіне жегіліп, көнбістеніп өгейсіңкіреп кеткендерден жібі түзу көркем дүние күту –қашпаған қашардың уызына жерік болумен бара-бар іс. Журналистика мен ақындықтың (яки жазушылықтың) ескегін қатар есіп, қоржын басын теңестірумен келе жатқандар да жоқ емес. Бар. Бірақ, тым аз. Жүрдек жанр әдеби тілді қолдану стиліңді, күллі көркемдік кеңістігіңді де жұтып қояды. Журналист шіркіндеріңнің қашан көрсең де, әрбір «жылт» еткен жаңалықты, заманауи құбылысты болсын қағыс жібермей, сенсация, жылтырақ қуумен дүн-дүниені түгел зілдей басқан ақпарат тасқыны астында қалақтай ғана қайығы аударылып-төңкеріліп бара жатқаны...

Облыстық «Еңбек туы» (қазіргі «Ақ жол») газетіндегі, Жамбыл теледидарындағы, радиосындағы көп жылғы журналистік қызмет Мәдина ақынның қайығын қанша құз, жартасқа апарып соқпады десеңізші! Жүрегінің төріне бөлеген бөбегі - өлеңіне қарауына, уіліне құлақ салуына, өбектей күтуіне де мұрша бермеді ол! Таулы өңірде туып-өскен өр ақынның өмірін қаланың қалыпқа құйғандай қағылез де қатыгез тіршілігі басқа бір арнаға бұрып та жіберді...

Бірақ, аңдаусызда араға әжептәуір жылдар түсіп кетсе де, оның поэзиямен арасы суымапты, өлеңі – шынайы шайырдың абзал досы да, аяулы құрбысы да, сырласы да, мұңдасы да, тағдырласы да болып жүріпті. Кітаптың алғысөзін жазған белгілі ақын Исраил Сапарбай айтқандай, «Ең бастысы, Мәдина өз мақамынан жаңылмапты, бұрнағы және бүгінгі жырлары арасында айлар мен жылдар жібек жіпше өріліп отырыпты». Ақын өзінің бір өлеңінде «Ұқтыратын жаныңды жырдың тілі болмаса, ақынмын деу-далбаса» деп айтқан сертіне сай бірқыдыру еңбектенген. Оның «Отаным меніңіндегі»:

Сен арқылы мен-дағы биіктедім,

Өміріме қамқоршы өзің барда,

Жүрегімде ып-ыстық сезім барда

Төбем көкке жүреді тиіп менің!-деп келетін асқақ рух өзіне білім үйретіп, қолына қалам берген, шат-шадыман өмір сыйлаған Отанына деген перзенттік үніндей, оның алдындағы азаматтық-ақындық жауапкершілігі, парызын жете сезінуіндей естіледі. Осы сезім, басқа да Жер –Ана, туған ел, дала туралы өлеңдерімен де одан әрі жымдаса өріліп, желісін кеңге жая түседі. «Туған жер» өлеңінде ақын:

Білмеймін сенен артық мұрат күшін,

Кеудемнен ән төгіліп, күй ақты шын.

Мен сенен ұзай алмай шыр айналам,

Мен-шағала, сен теңіз сияқтысың, - деп ағынан жарылады. Рас-ау, әркімге өзінің туған жері –Мысыр шәрі ғой! Өскен, өнген өңірін әркім осылай, Мәдинаша шағала-сезіммен сүйсе, бимәлім түйсікпен кіндігінен байланса, жерін, елін жақсы көрсе, отансүйгіштік сезім деген-сол. Соңыра ақынның осы ат төбеліндей ауылын сүюі Жер-Ананы сүюмен барып ұштасады:

Ол барда адамдардың көзінде емес,

Гүлдердің ерінінде шық тұрады!

Әдемі-ақ сурет емес пе?! Көз алдыңа шырышы бұзылмаған тұмса табиғат сол күйі келіп орнай қалғандай. Жырлайтын обьектісін көркем суретпен, бояумен беруі Мәдина ақынның жетістігі де! Оның өмір туралы толғаныстары да шынайылығымен иіріміне бірден тартып әкетіп жатады. Мысалы, мына өлеңіне құлақ түріңізші:

«Тағдыр» дейміз қуансақ та, күлсек те,

«Тағдыр» дейміз, бақытсыз боп жүрсек те.

Біз тағдырдан аса алмаймыз әйтеуір,

Тағдыр сырын білмесек те, білсек те!

Тағдыр жүгі жүректегі жара ма?

Жақ па, жат па, бірге ме, әлде, дара ма...

Қуансақ та, қайғырсақ та, әйтеуір,

Дәнекер боп тағдыр жүрер араға!

Бұл Конфуцийдің «Мы не сможем узнать смерти, а как можем узнать жизнь» деген пәлсафасымен де өзектес шығып отыр емес пе?!

Талайсыздар ортадан,

Шығып жатыр күнде өсіп.

Өсек теріп, сөз қуған

Жантықтардың жақыны,

У ішумен келеді

Бұл қазақтың ақыны! – деп қазіргі қоғамда қалыптасқан ащы шындықты жайып салу арқылы ақындардың енді-енді қарақотырланып жазыла бастаған жарасының аузын тырнап та өтеді. Мәдина екінің бірінің басында бар «анасыз күн кешіру» қасіретін де:

Іздеп келіп өзіңді

Жылап қайттым, жан апа.

Биігінен арманның

Құлап қайттым, жан апа.

Жолың қалай таусылды

Жан едің-ау тау сынды.

Ести де алмай қалдым-ау,

Ақырғы рет даусыңды.

Жүруші едің, жан апа,

Тірлігіме тірек боп.

Көкірегімде енді сен

Соғып тұрсың жүрек боп!- деп соншалықты шынайы, әркімнің-ақ жүрегіне жақын мәнермен боямасыз жеткізеді. Ақын осынысымен де оқырманына бір қадам жақындай түседі. Мәдинаның 19 баспатабақтық бұл көлемді жинағында:

Әніңнен таныс ояндым,

Кішкентай жыршы құсым-ау.

Маужырап бақ тыңдайды,

Сағынышыңды айтып тұрсың-ау.

Қонақтап таныс бағыңа

Қалғымай таңды өткіздің.

Жырыңнан жаным дір етті,

Сәлемін кімнің жеткіздің?

Немесе,


Жанарың талып, жолыңа қарағанымда.

Бақытты сен деп санағанымда,

Қым-қиғаш қиын сәттерімде

Қабағыма қарамадың ба,

Қалқам...

Сондай-ақ,

Сенсіз күнім, жаным-ау, өтпейтұғын сияқты,

Жүрегімнен тәтті мұң кетпейтұғын сияқты.

Құстар әнін өзіңсіз төкпейтұғын сияқты,

Сылдыр бұлақ сырын да шертпейтұғын сияқты,

Көк те, жер де сені аңсап көктейтұғын сияқты,

Сенсіз гүлдің көз жасы кеппейтұғын сияқты...

Бір өзіңе бәрі де жетпейтұғын сияқты,-деп келетін , басқа да қарапайым болса да ақын қызға тән нәзіктік, табиғилық мен мұндалап көрініс берер, сезім қылын шертетін, әуен, саз шақырып тұрған өлең жолдары көптеп кездеседі.

Кітап 1000 дана таралыммен жарық көріпті. Оның оқырман игілігіне, кәдесіне жарауына, кітапханалардың «жыр-жасауын» толықтыруына біз де тілектес ниеттеміз.


АЯУЛЫ СОҚПАҚ
Ерте, ерте, ерте деп,

Өмірге жүрдім еркелеп.

Жұлдыздай ғұмыр аққаны

Өзекті-дағы өртер от!


Ерте, ерте, ерте деп,

Шықпадым алға ентелеп.

Атақ емес, арды ойлап,

Мұңлық-жыр бүгін шер төгет...


Ерте, ерте, ерте деп...

Әлі де жүрмін еркелеп.

Ұласқан кешке ертеден

Баяны бітпес ертек ек!

Ақын Ғайни Әлімбекқызы бір өлеңінде осылай дейді. Ол осылай бүтін бір буынның сөзін сөйлеп отыр. Қашанда қызба, албырт, көңілі-жас аңғырт ақын өзінің егде тарта бастағанын, соңынан жер сарайын жаңғыртып жас ұрпақтың келіп үлгергенін аса сезіне де, мойындай да қоймай, сол баяғы уыздай жап-жас қалпында мыңсайран күйлі миуалы бақта көбірек жүргісі, алуан гүлдердің хош исіне елтіп, масаң күй кешкісі, қызулы күндер балын көбірек жұтқысы келеді. Ақындық аусарлық жас өсетінін, дәурен өтетінін еш ойлатпайды да ғой...

Әйтеуір, оларға дұрыс бағыт-бағдар беріп, қамқорлық көрсету жағы әлі де кемшін. Талантты тарпымай, дер мезгілінде тани білу дегеннен шығады... Кезінде Достоевскийге – Белинскийдің, Есенинге – Блоктың, Шолоховқа – Сталиннің (иә, иә, әйгілі Коба Жугашвилидің өзі), Айтматовқа - Әуезовтің, Мүсіреповке – Би-ағаңның (Б. Майлин), Ахметоваға – Тәжібаевтың ... демеу көрсетуі, көңіл аударуы болмаса, бұл алыптардың әдебиет сахнасына шығар-шықпасы, тарихта қалар-қалмасы неғайбыл еді-ау...

Ел ішінде әр түрлі дүниелік себептермен шыға алмай булығып жүрген тума таланттар жоқ дейсіз бе. Бар болғанда қандай! Оларға жоғарыдағы секілді тұлғалар тарапынан жөнсу бір көңіл бөлінсе неғылдейсің! Өңірлік болса да белгілі бір ақындық ортаның жоқтығы... қаншама қаламгерлеріміздің қайраңдап қалуына жеткізіп отыр. Қазіргі заманауи психология өз идеологиясын, өз философиясын, өз эстетикасын туғызуда...

Несін жасырайық, буржуазиялық қоғамның моральдық заңы адамды адамдардан ажырата түсті. Ол қоғамда адам бақытты да жалғыз іздеп, айналасын да жалғыз тануына мәжбүрлемейді деймісіз... Қазір... ешбір ақынның баяғы бір кездегідей – ХХ ғасырдың 10-20-сыншы жылдарындағыдай, Еуропа өнері мен әдебиетіндегі авангардтық бағытты (символизм, футуризм, акмеизм, кубизм дейсіз бе) ұстанып, ескі әдеби әдістер мен дәстүрлерді мансұқтап «қырықпышақ» болып жатқанын да көрмейсің. Поэзия қағажу қалған бір елсіз аралға айналып үлгерді. Поэзиядағы белсенділік төмендей түсті ме, әлде...

Қалай болғанда да, Ғайнидің осы өлең жинағы маған біраз ой салды. Көптеген замандас ақынның құлашын кеңге жайып, өмірлік маңызды мәселелерге азаматтық-ақындық үнін қосар кезінде алды-артынан ілуде бір қара көрінбей, қиқу қосылмай тепеңдеп, «ертең, ертең» деумен жүріп, көпке танылар кезеңін өткізіп те алды-ау... Олардың шығармашылықтарының жарнамалануы қайбір жетісіп тұр. Тіпті олардың өмірде бары-жоғымен де елдің ісі жоқ! Қаншасы өзінің ақын ба, жоқ әлде «өлеңші» ғана ма екенін , ақын болса қандай деңгейдегі ақын екенін де білмей, жолайырықта жалтақтаумен тұр. О, олар Мәртебелі поэзия сыншыларының, халықтың жылы пікірлеріне, бағасына қандай ділгір десеңізші!

Жалпы, үлкені, кішісі, тарланы, танымалдысы, талаптысы бар, өңірдегі исі қаламгер қауымының қадери-қалінше бір-біріне қарайлай жүруі, қамқор болуы кісіліктің де көрінісі. Олардың арасында жанашыр, жылы қарым-қатынастар орнығуы қажет.

Осы орайда поэзиясы әлеуетті әдеби ортаның «тезінен» - саралап-салмақтауынан тыс қалып, әлі де «жас» саналып жүрген аймақтағы кейбір қалам иелерінің өлеңдегі өзіндік мәнерін, «жылт» еткен жетістігін жіпке тізіп айтып бере алсақ, қанеки. Олардың бір белді өкілі – Ғайни Әлімбекқызының өзі қырықтың белортасынан асып барады екен. Өлеңі әлгіндей. Бұл жырлары текше-текше болып жинақталып қалса да, жүректерге жетпей, тартпада тозып, танылмай жүрген осы жастағы өңір қаламгерлерінің бәріне ортақ құса-мұңы, құснихаты. Олардың кітаптарын қазір жарыққа шығарып, көркем сөз құдіреті мен уіліне құлақ түріп өсіп келе жатқан өскелең ұрпақтың игілігіне ұсыну – бір міндетті парыз. Бәлкім, біреулер мұндай таланттардың есімін ертеңгі күні «шаң басқан архивтерден іздеу» бұдан әлдеқайда жеңілге түседі деп ойлай ма екен, әлде... Қалай болғанда да мына көрші облыстың әкімі М. Құл –Мұхамедтің Сыр елінің бұрынғы-соңғы, өлі-тірі ақын-жазушыларын, олардың шығармаларын да түгендеп, тізімдеп көп томдық кітаптар басып шығарғалы жатқаны бізге де жұғысты болса ғой дейсің.

Бұл әңгіменің барлығы да әлгі... Ғайнидің базбір қаржылы жанашырларының көмек қолын созуымен жарыққа шығарған «Ақша бұлттар арасында арман бар» атты лирика кітабынан туындап жатыр ғой. Енді соған келейік..Атының өзі-ақ «мені оқы» деп мен мұндалап тұрған пышақтың қырындай ғана кітапшаны, шынымды айтсам, дер мезгілінде оқып шығуға мұршам болмады. Тек еңбек демалысына шыққанымда барып бір-ақ «қолым тиді». Оның өзінде кітапты қалаға жақын шипажайлардың біріне өзіммен бірге ала кеттім. Ондағы шағын жырлардың бас-басына алаңсыз асықпай оқып барып, бұтарлап талдап, пікір айтуым үшін де осылай етуім керек болды.

Ғайни өлең кітабында оқырмандарымен ағынан жарыла сырласып бағады, бірден иіріміне тартып та кетеді. Кітапқа белгілі ақын ағамыз Жақсылық Сәтібеков алғысөз жазыпты. Әлгінде біз еске салып өткендей, кейінгі жылдардағы қыспақтай қысқан өмірдің өзге әріптестері секілді Ғайнидың да талант тізгініне тежеу салып келгені онда да күлбілтесіз ашық айтылады. Кітаптағы ақын өлеңдері «Өмірге салдым өрнекті», «Махаббат-мәңгі әнім» атты екі бөлім аясына топтастырылыпты. Ғайнидің, әсіресе, «Ыстық күлшесі» жусан иісті демін жұтып ауылда өскен біздің толқынның қай-қайсысы үшін де таныс көріністі сол күйінше мөлдіретіп көз алдыңа әкелуімен жүрекке жақын. Сөзіміз жалаң болмас үшін өлеңді түгел келтірелік:

Мен жүрерде орамал ап қолыма,

Жан анашым сәл мұңдана, торыға:

«Сағындырмай келіп тұр, -деп- құлыным»,

Ыстық күлше орап берген жолыма.

Күн тәрізді ыстық күлше бабында,

Піскен екен оттың қызу табында.

Өзгеше бір сезім күй боп шертіліп,

Бір елестер қалып қойған жадымда.

Соғыс кезі, елдің солып ажары,

Балалардың бір ашылмай қабағы.

Нанға тоймай қайдан ғана ойнасын,

Тым ертерек тарқаған соң базары.

Талғау таппай, талып барып өзек те,

Таңға жуық жетуші еді кезекке.

Өлшеп берген үзім нанға ұмтылып,

Балалық шақ қалай ғана тез өткен.

Жанарымнан мөлдір тамшы ағыла,

Ауылыма асығамын тағы да.

Үнсіз іштей тағзым еттім иіліп,

Туған жердің анам жапқан нанына!

Ыстық күлше... қайран шешелеріміздің туған жердің түтінін түтетіп, ақ жаулығы ағараңдап жүріп, көңнің ыстық қоламтасына жапқан наны болса, оны қалай сүйсіне жемессің. Жемесең де, дәмі таңдайыңа келе қалады. Жүрек қозғарлық көрініс! Ақын осы бір кішігірім деталь арқылы ауылға деген алапат сағыныш пен перзенттік сүйіспеншілікті боямасыз бере алған.

Ақынның бірқанша өлеңдерінің астарынан жай көзге көрінбес өзіндік поэтикасы мен мұндалайды. Мысалы:

Қайда кеткен көңілдегі өкпе, наз?

Жан емес ем азапты да шеккен аз.

Лапылдаған от сезімге күйдіріп,

Көз жасымды төктіріп тек кетпе, жаз!

... Сүрінейін, құлайын, бақыттымын,

Арман қуған осы бір жасымда мен!

...Сызып тастап қайғы-мұңын көңілдің,

Алма ағаштың гүлдеріндей төгілдім.

Бәрі қиял, бәрі арман екен ғой

Сені сүйген сәби жүрек-көңілдің,

деп өлеңге әр қырынан осылай өрнек салу екінің бірінің қолынан келе де бермес-ау.

Араға қаншама жылдар түссе де, қаншама дауылдар бұрқап өтсе де ақын бастапқы мәнерінен, өзіндік бояу-поэтикасынан айнымапты. Ақындық сезімін жүрек-жөргегіне орап, бәз-баяғы күйінше бұзбай-жармай сақтай алғаны ерлігі де сияқты. Ақын шығармашылығына жеке өміріндегі қиындықтардың әсер-ықпалы болмай тұрмайды. Өмірден өзінің әйелдік бақытын тауып, әрбір таңы шаттықпен ата бастаған, гүлдей жайнап, шешектеп, шығармашылығы да шырайлана түскен ақын қызымызға орта жолда сыңарынан айырылу аса ауыр тиген-ді. «Уақыт-емші» десек те, мұның оңайлықпен жазыла қоймас ауыр жара екенін де білеміз. Ғайнидің бірқанша өлеңдеріне осыны арқау-тін етіп өруі - өзін-өзі өлеңімен емдеуі де секілді. Жаралы жүрегі жылап, жырлайды. Әйелдің көз жасы қашанда өзіне –ем, құса-мұңы дыммен кетеді емес пе?! Ғайни да, Мұқағали ақынша «шыда, жаным, шыда тағы, шыдамдыны бұл өмір ұнатады» деп өзін-өзі сабырға шақырып, шыңдап, қайрап жігерлендіре түседі, өмірге құштарлығынан танбайды. Ақын поэиясындағы өмірге құштар болу философиясы басқа да қаншама гүл-ғұмыры көктей солған, тағдыры тәлкекке толы аруларымыз үшін тағылымды сабақ қой.

Сабыр бер маған аздаған,

Құшайын күннің арайын.

Шаттанып күліп наздана

Айдынға мен де қонайын,

-дейді Ғайни ақын. Ол өлеңнен өмір іздейді, өзіне-өзі:

Арманымды ұзатып ақ таңымнан,

Гүлдерімді үздіріп бақтарымнан.

Өмір-өрттің ішінде қалсам-дағы,

Адаспадым аяулы соқпағымнан,- деп серт те бергендей болады.

Қысқасы, Ғайнидың аяулы соқпағы – ақындығы бабында екен. Мұны бізге оның күллі шығармашылығының құйттай ғана бір сілемі – айсберг-мұзтаудың су бетіне шығып жататын оннан біріндей ғана бөлігі секілді қалақтай кітабына енген өлеңдері айқын ұқтырып та өткендей...
МАХАББАТҚА ЕСКЕРТКІШ
Төлеу Үшқоңыров жұртшылық қауымға ең алдымен сазгерлігімен белгілі. Бұған дейін 50-ге жуық әнінің басын қосып, «Өнер» баспасынан «Қаратау саздары» деген атпен жеке жинағын да шығарған-ды. Бірқатар әндері қазақ радиосының «алтын қорына» да енген.

Ал оның көбінесе әнінің мәтінін де өзі дайындайтынын, шебер орындаушы да екенін, әңгіме, хикаяттар жазудан да қаражаяу еместігін ел енді ғана біліп жатыр. Мына қолымыздағы талай жылғы ұйқысыз түндері мен күндерінің жемісі – қалыңдығы кереқарыс (көлемі 350 беттей болады) кітабы («Аққуым мөлдір»; Алматы, «Нұрлы әлем» баспасы) арқылы.

Бүгінде екінің бірі «жазғыш», мемуаршы болып алды емес пе? Кітаптары да түрлі баспалардан «топырлап» шығып жатыр. Содан да олардың қаламынан туған туындыларға күдікпен де қарайтынымыз бар. Ал мына кітап, батыл айтарлық бір нәрсе - алғы сөзінен білгеніміздей өмірбаяндық- мемуарлық тар аяда ғана қалып қоймаған, жазылуы, жанры жағынан бас-аяғы жұп-жұмыр хикаят-хамсаға келіңкірейді. Ал автор төл дүниесіне «әдеби-сазды көркем шығарма» деп қана «ен-таңба» салыпты. Және осындағы «сазды» деген сөз де өз орнында қолданылмай тұр-ау. Телерадио арқылы берілетін хабарларды болмаса, әдеби кітапты нотасы қоса берілген күнде де «сазды (музыкалы)» ету мүмкін емес қой. Міне, осыдан - ара-арасына автор әндерінің мәтіні, нотасы кіріктірілуінен барып, әжептәуір дүниенің біраз сиқы қашып, сыны кетіңкіреген секілді. Бұл әлгі... қызықты кино көріп отырғаныңызда ара-арасына түрлі жарнамалардың орынды-орынсыз кимелеп, сыналап еніп кетіп жататынымен бірдей нәрсе, көңілге жайсыздау әсер етеді. Баспалық-техникалық қате десек те. Төкең басы-аяғы жұп-жұмыр дүниесінің өнбойында «арам еттей» басы артық көрініп тұрған осы ән мәтіндерін нотасымен бөлек топтастырып бергенде ұтпаса, ұтылмасы анық еді...

Дегенмен, автор аздаған тіл тұтқырлығы, ұзақ-сонар баяндаулары болмаса шығарманың жазылуындағы сюжет құру, баяндалатын оқиғаның басталуы, біртіндеп дамуы, ширығып, шарықтау шегіне жетуі секілді көркемдік ерекшеліктерін бір кісідей, тіпті шебер меңгергенін көрсеткен. Қысқасы, өмірде болған, өз қатарластары өмірінің тартысты сәттерін белгілі бір жүйеге түсіріп, ой-шұңқырын тегістеп, көркем дүниеге айналдыра алыпты. Шын ғашықтар үшін өмір біртегіс, кедергісіз бола қоймайды. Бас кейіпкер Төлеген (автордың өзі-ау) мен Айжан арасындағы шынайы да адал махаббатты да қаскөйлер дегеніне жеткізбей тынды, ақыры. Екі жас қосыла да алмады. Неге?

Міне, осы жай шым-шымдап басталып, біртіндеп ширығып, шырқау шегіне де жетеді. Кеңшар директоры Тоқсанбайдың, ол бастаған топтың - Әлекбайдың, Сабырдың, Берекенің, Бүлдіргеннің, Бикештің, Сәнияның, тағы басқаларының бір-бірін сүйген екі жасты араздастырып, айырудағы мақсаттары әр алуан. Махаббат сезімінің құдіреттілігін түсініп жатқан бірі жоқ. Қарақан бастарының қамын ғана күйттейді. «Әр кәллада бір қиялдың» кері баяғы...

Мұның бәрі қолында «кірі» бар Тоқсанбайдың Орталық Комитеттің жауапты қызметкерімен құдандалы болуға «аңсары» аууынан басталып, қаһарлы директор сол мақсаты үшін жолындағының бәрін жайпап, қолынан келіп тұрған соң «қонышынан» басып, ақыр аяғында адамгершіліктің ақ жолынан аттап та кетеді... Айжанды қоймай жүріп жақын інісі Сабырға күштеп қосу ісіне қолындағы бар күшті, «көмекшілерін» қоса жұмылдырады. Ал олардың бастықтың айтқанына еріп, айдауына көнгендегі мақсаттары да айқын. Бірінің қызын бақуатты әулетке бергісі, екіншісінің атағы жер жарған «озат» малшы болғысы, үшіншісінің Төлегенді өзіне қаратқысы, төртіншісінің «майшелпек» бір қызметке қол жеткізгісі келеді. Ақырсында махаббат, ғашықтық отына күйіп-жанған екі жас зардап шекті...

Сайып келгенде, автордың өзі алғы сөзінде айтқанындай, «жас ұрпаққа тәлім-тәрбие ретінде махаббатты қастерлей білер, адамгершілік қасиеттерін әр кезде де жоғары ұстайтындарға деген ойынан туындаған», міне, осыны түпқазық-идея еткен шығарма өзінің мақсатына да жеткен деп айтуымызға болады. Бұл автордың махаббатқа көркем сөзбен сомдап тұрғызған ескеркіші де секілді. Осы ретте, өзінің кемел жасына-жетпісіне жетіп, кейінгі ұрпаққа өмірде бастан кешкендерін, көрген-білгендерін көңіліне ғана түюмен шектелмей, көркем дүние етіп ұсына да алғаны үшін Т. Үшқоңыровты құттықтап қоюымызға әбден болады.


ӨЛКЕТАНУ ІСІНДЕ ӨЗІНДІК ҮЛЕСІ БАР
Таластық Сабыр Қылышбектің жуықта осы өзіміздің «Ақ жол» газетінде жарияланған мақаласында мамандығы ғалым-зоотехник бола тұрса да, әйгілі қыл қалам шебері Әбілхан Қастеевтің «Талас алабы» атты бір ғана картинасынан ғажап келелі ойлар өрбітуі мені әрі таңырқатты, әрі тәнті де етті. Онысыз да көзге жылыұшырайтын таныс көрініс бейнеленген әлгі картинаны соншалықты бір жылы әсермен, сүйіспеншілікпен кең толғап жазып шығыпты ол. Бұдан Сәкеңнің былайғы жұрттың көзіне түсе бермейтін қарапайым құбылысты көре білетіндігі, жақсы нәрсені жарқырата ашып көрсеткісі келіп тұратыны, сұлулыққа, әдемілік атаулыға құштарлығы мен-мұндалап-ақ тұр емес пе?! Әлгі мақала оның эстеттік қырын да танытқандай.

Задында биязы, баладай аңқылдаған, көңіліне сыр жасырмас, ақынжанды адамның жүрек сөзі де осылай тау каусарындай таза, шынайы шықса керек-ті. Бұлайша тақырыбын таба білу, ақтан қараны айырар сарабдалдық, зерделілік, эстеттік көзі қарақты тарихшыға ғана тән қасиет екені де анық.

Кештеу болса да, С. Қылышбектің аудан тарихын зерделеп, өлкетану саласына тереңдеп бойлауын, әлбетте, аудандық мұражай директоры қызметіне келуімен байланыстыруға болады. Сол, сол-ақ саланың сірескен сеңі де қозғалып жүре берді. Ауданның деректемелік, мұрағаттық жылнамасы кеңістігінде «Сабыр Қылышбек» есімінің пайда болғанына да көп уақыт өте қойған жоқ. Осынау аз ғана мерзім ішінде Сәкең ауданның бұрын «түрен тісі» тимей тың жатқан тарихы тоңын қопарыстырып, қадери-халінше топонимикалық жер-су атауларына қатысы бар алуан түрлі мұрағаттық деректерді, мәдени құндылықтарды жүйелеп, бір ізге түсіріп те үлгерді.

Аудан былай тұрсын, облыста мұрағатшылардың дәл Секеңдей құлашын кеңге сермеп, өзі өмір сүріп отырған өлкенің әр бір тасының тарихын маржандай тізіп, жіліктеп шағып, былайғы жұртқа әзір күйінде ұсынуға айрықша ықылас танытып, осынау іске бастамашылдықпен батыл түрде бел шеше кірісіп кеткені аз. Сәкең осы жылдарда бір сәт те тыным көрмей, тау-тасты кезіп, ауыл-ауылды аралап, халық арасынан тарихи-әфсаналар жинастырып, соған сай түрліше зерттеулер жүргізіп, 30 –дан астам мақала, 4 тарихи-деректі еңбек жазып тастапты. Қазір Сәкеңнің «Тәуелсіздлік тағылымы», «Тарихи мұралар мекені», «Жамбыл облысы, Талас ауданының топономикалық атауларының анықтамалығы» кітаптары оқырмандар қолына да тиді.

Бұл дүниелердің соңғысы биыл «Сенім» баспасынан аудандық мәдениет жіне тілдерді дамыту бөлімінің қаржыландыруымен жуырда ғана жарық көрді. Бұл кітапта жеке әкімшілік бөліктер бойынша Талас ауданы аумағындағы жер-су атауларының пайда болуы мен қалыптьасуына қатысты тарихи деректер, аңыз әңгімелер экономикалық-техникалық көрсеткіштермен байытылып берілген. Оған пікір жазған профессор М. Мырзахметұлы айтқандай, «облысымыздағы әр аудан осы іспеттес жергілікті өлкетанушы азаматтардың күшімен топонимикалық аталымдар қабатын ашып, ғылыми жүйеге түсіріп жинақтаса, облыстық томонимикғалықө аталымдар тұтас қамтылып айтарлықтай еңбектің дүниеге келері анық». Ал мына дүние талайдан тың жатқан өлке тарихына алғаш түрен түсуі де секілді. Алдағы уақытта бұл әлі әр кезең тарихшылары көзімен қайта қаралып, түзіліп, байытылып көлемі ұлғая да бермек. Ең бастысы, Талас өлкесін тану ісіне сүрлеудің түскені, бұған дейін үзіп-жұлқып жвазылған алуан деректердің белгілі бір жүйеге түсіріліп, тұңғыш рет жинақталып ұсынылуы.

Кітапты бастан-аяқ оқып шыққаныңда Талас бойында, Кәрі Қаратау қойнауында көзтаса жатқан небір ғажайып мұраларымыздың, аспан асты мұражайы жәдігерлерінің аса молдығына көзің жетіп, көңілің сенеді. Тіпті алысқа бармай-ақ, Талас жерінің өзінде-ақ көпшілікті айрықша қызықтыратын аса құнды тарихи көне ескерткіштер орындарында туристік инфрақұрылымдар жасауға болатынын бағамдайсың. Бөріқазған мен Тәңіроқазғандағы ежелгі адамдар тұрақтары, Ақкесене, Көккесене, Атбайлар бекіністері, Төрткүл төбе, Майдан төбе, Тектұрмас қалашығының орны дейсіз бе... өлкенің тарихи жады, өз тылсымына әлі талай ұрпақты магниттей тартары анық.

Жергілікті өлкетанушы С. Қылышбектің аталған кітабын оқып шыққанымызда, міне, осындай әсерлерге бөлендік.
ТАНЫМДЫҚ-ТӘРБИЕЛІК МӘНІ БАР
Нұрмахан Тілегеновтың есімі жалпы облыс жұртшылығына жақсы мәлім. Әлбетте, ғалым-зоотехник, экономист ретінде. Кезінде кеңшар да басқарды. Аудандық, облыстық ауылшаруашылығы басқармаларында басшы қызметтерде де болды. Алайда, оның екінші бір қыры – едәуір шыңдалып, кәдімгідей төселген қаламгер екендігі бертінде зейнетке шыққаннан кейін барып бір-ақ белгілі болып отыр. Рас, ол қаламды өзіне өмір бойына жансерік етумен келеді. Кезінде әралуан тақырыптағы үлкенді-кішілі мақалалары газеттерде үзбей жрияланып тұрды. Солай Нұрекеңнің көнетоз пәпкісінде көп дүние жинақталып та қалыпты. Дені мерзімдік басылымдарда жарық көрген газети дүниелер демесең, бүгінде тарихқ айналған кезеңнің үзік-үзік елестері, шынайы шындығы, ескірмес естелігіндей. Н. Тілегенов, міне, осы туындылрын үстінен қайта бір қарап, жаңадан жазғандарын қосып байытып, «Сенім» баспасынан қомақты кітап етіп бастырып шығарыпты.

Кемелділік, әлбетте, көпті көріп, көңілге түю арқылы жаспен келеді. Соның бір йғағындай автор бұл кітабында өзінің қарасөздің тайпалма сужорғасы болып қалыптасқандығын көрсете алыпты. Қандай тақырыпты да тереңдеп қазып, қопара жазады. Кітаптың таралымы – 2000 дана. Бұл көңіл қоңылтақсырлық та көрсеткіш емес. Ал тақырыптары ауқымды әрі әралуан. Мақалалар негізінен «Тылсым сырлы дүние», «ғаларым - асылдарым», «Арнаулар» атты үш бөлім аясына шоғырландырылған. өлкемізде жасған белгілі емші-көріпкелдер мен теологияға, дінге, жаратылыст құпияларына қатысты дүниелер аса қызғылықты оқылды. Сондай-ақ, автор кезінде өзі қызметтес, сыйлас болған ағалры, есімдері аймаққа танымал, ауылшаруашылығы саласында түрлі деңгейде басшылық қызметтер атқарған азаматтар Ж. Қуанышбеков, Ә. Мамырйымов, С. Ормнов, И. Елубев, С. Әбдіқұлов, С. Әбілеков, Қ. Тубев, Т. Жапаров, Т. Мүсірәлиев, тғы басқалары жөнінде кең қамти жазды. Бұл естеліктердің ар жағында ағалардың өнегелі өмірін, ерлік-істерін кейінгіге ғибрат етіп ұсыну ниеті, әрі десе сону бір кездерге деген ілтипат-құрмет, қуатты аңсар-сағыныш жатқаны анық. Кітапты парақтй отырып, соны өзің де шынайы сезінесің. Толқисың, тебіренесің. Көз алдыңнан өткен күннің елестері – қызығы да, қиындығы да мол тұтас бір дәуір тізбектеліп өте бастйды.

Жалпы, оқырманды кітап дүниесі әрқалй қызықтырып, алуан әсерімен - әдеби көркемдігімен, лиризмімен, поэтикасымен, эстетикасымен, тарихи деректілігімен, танымдық-тәрбиелілігімен баурайтыны белгілі. Ал мына қалыңдығы кереқрыс кітаптың тартымдылығы неде дегенде, осы категорияның соңғысы тіл ұшыналдымен оралады. Иә, танымдық-тәрбиелілік тұрғысынан алып қарағанда, бұл кітаптың берері мол. Құндылығы да осынысында. Кісіби қаламгердің қолынан шықпады демесең, өз аудиториясы, оқырмны бар кітап. Автордың қаламын қайраққа жанып, жеке шығармашылығын шыңдай түскенінің де бір жемісі секілді.


Каталог: admin -> files
files -> Ббк 83. 3 (5 Қаз) Қ 25 Қ25 Қалдыбаев Ә. Көңіл көмбесі
files -> Аула драмалық шығармалар әрқилы ойлар атланта жоқ, америка сапары
files -> Тақталас. Пьесалар, бірқақпайлар. Тараз, «Сенім» баспасы, 2006-256 бет
files -> Шағын хикаяттар, әңгімелер, ертегілер, мысалдар
files -> Баймаханбет ахмет жас шынар, ТӘкаппар шынар тараз – 2013 жыл
files -> Арғынбай бекбосын фәнилік драма (2500 рубаят)
files -> Тұрсынхан Жақыпқызы (Сембаевна) Бердалина Өлеңдер мен әңгімелер
files -> Елен Әлімжан бауыржанның пырағЫ
files -> Үміт битенова көҢіл күнделігі
files -> Көсемәлі СӘттібай¥лы шарбақтының жалғызы


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет