Баймаханбет ахмет аяулы соқПАҚ Тараз, 2008 жыл. Менің президентім



бет9/12
Дата21.07.2017
өлшемі2,06 Mb.
#21826
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12

ЖҰЛДЫЗЫ БИІКТЕ ЖАРҚЫРАУМЕН ТҰР
Әрбір ауылдың, тіпті ру, жүздің сөзін сөйлеп, сойылын соғар биі, батыры, баскөтерері болатыны белгілі. Мұның көптеген мысалы қазақы қоғамда әлімсақтан бар. Елді уыздай ұйытып,туырлығы тұтас күйінде сақтап қалған да осындай дара туған алысты болжай білер игі жақсылары. Төменгі Талас бойын жайлап жатқан Ойық елінде, міне, осындай «қара қазан, сары баланың» қамын жеп отқа да, суға да түскен, осынысы үшін есімдері ел жадына өшпестей болып жазылып қалған еңбегі ересе ерлер арасынан меніңше, Әнуарбек, Жамаубай, Сейілбектер ерекше тұлғаланып көрінеді.

Олардың жүректері қашанда «ел, жер» деп соқты. Үш арыстың бойындағы ортақ қасиет те осы. Әнекеңнің (Тәжімбетов), мысалы, қылышынан қан тамған кеңестік идеологияның сесінен де қаймықпай, сол тұстағы үлкенді-кішілі басшыларды аумағы атшаптырымдай ауылдың ру атымен «Ойық» деп аталуына көндіруі шынында да жүрекжұтқандық емес пе? Бір кездері «торғай-басымен, тұрымтай-тұсымен» кетіп, тоз-тозы шыққан сол елдің басын біріктіріп, ұйыстыру оңайға да түспеген-ді. Жамакең де (Айтқұлов), Секең де (Әбдиев) Ворошилов, Қызылоктябръ, Молотов, Амангелді ұжымшарларына бытырап кеткен ағайын-туыстарын кері оралуға көндіріп, басын қайта қосқандары елдікке шақыруы емес деп кім айтар... Кішігірім елді мекеннен өсіп өркендеп, бүгінде өзінің гүлдену кезеңіне де аяқ басқан құм жиегіндегі осынау ауылдың бір атадан тараған ұрпақтар көрпесін ұлғайтып, көсегесін көгертіп те отыр.

Секеңнің сол туған ауылына зейнетке шыққаннан соң бір-ақ біржола оралуының өзін ауылдықтардың үлкен оқиғадай қабыл алғаны есімізде. Бұл елім деп емірене қауышқан ерге жерлестерінің ерекше ықыласы, құрметі еді. Онымен де қоймай,Секеңнің көзі тірі кезінде-ақ есімін Бестам ауылына беруінің өзі неге тұрады... Солай Секең Ойыққа біржола табан тіреді.Бұл 1984 жылдың күзі-тұғын. Енді Алматыдан ауылын аңсап жететін Шөкең (Смаханұлы) енді бұрынғыдай жаз сайын көкорай белге киіз үй тігіп тастап, бие байлап қымызын ішіп, қазақы өмір сүру салтынан айнымай өткен өзінің ет жақын ағайыны Шәкір көкенің үйіне ғана түсіп, жатып алмай, Секеңнің отауына да жиі барғыштайтынды шығарды. Сол жылдары Шона да Ойыққа көшіп келіп, дүмбірлетіп үй салдырғалы жүр екен десті жұрт. Қаншама даңқты ұлдарын өзіне магниттей тартуы Ойық жерінің қасиетті-киелілігінен де шығар. Соны түйсініп, кеудемізде әлдебір мақтаныш сезімі бір тулап басылатын. Туған жеріміздің мысыр-шәрі болғанына деген.

Ең өкініштісі, Секеңнің туған жерінің деміне демін қосып, еркін тыныстап, бой жазып алшаңдап жүруі бары-жоғы он-ақ жылға созылғаны. Біз үшін... Секеңді тереңдеп танып білуге сол он жылдың өзі жетіп жатты. Ауылдың зиялы абыз қарты болды. Өле-өлгенінше ауылдық ардагерлер кеңесін басқарып, қашанғыдай қат-қабат қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрді. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Д. Қонаевқа ел-жұртының сәлемін, өтінішін жеткізіп, Талас өңіріне келгенде ұдайы қасында болды. Менің есімде қалғаны-ол кісінің ауылда өтетін «ашық есік» күндерінде байыпты қалпынан танбай, ұтымды уәж айтып, ауылдастарын дәйім бірлікке, ынтымаққа шақырып отыратыны. Кісіліктің үлгісіндей еді өзі. Өмірдің сандаған бұралаң соқпақтарынан, сынынан өтіп, қиындықты көп көріп құрыштай шыңдалған, интеллектуалъдық тұрғыда да кемелденген мұндай қазына қарттар ауылдарға сол кезде қаншалықты қажет болды десеңізші! КБір жағынан компартияның тынысы тарылып, адымы қысқарып келе жатты. Соған сай туындаған психологиялық ахуалдың ел ішін ала тайдай бүлдірмеуіне сол өмір көрген абыз қариялардың көп көмегі тиген-ді.

Сейілбек Әбдиев өмірде, еңбекте, идеология майданында да жан-жақты шыңдалған құрыш тұлға, ақылдың кені-тұғын. Менің бір көз жеткізген нәрсем- Ойықты аяғынан тік тұрғызған Әнуарбек, Жамаубай, Сейілбектердің тәңір жазуымен өмірге келгендігі, елдің мұңын мұңлап, жоғын жоқтау үшін тым-тым ерте есейгендігі... Ауылдың абыз қарты атану оңай емес. Қазіргі жастарымыз қанша жерден зерделі-зейінді болғанмен, түрлі ілімді игеріп, он екі жылдықты бітіріп тұрып та олардың шалғайына жете алмас еді. Он сегіз жастағылар, құдай-ау, сары үрпек балапандар емес пе? Ал Секең, Сейілбек Әбдиев бұл жаста он жылдық оқу бағдарламасы ауқымында, тіпті Жамбыл педагогикалық училищесін, одан соң Шымкенттегі мұғалімдер даярлайтын бір жылдық курсты бітіріп, әбден пісіп-толып, білікті маманға да айналып үлгеріпті. Ол аз десеңіз, қан-қасап соғысты да көрген. Жастық шағы өмір қиындықтарымен қоса өріліп жатса да, қыңбай, соғыстан кейінгі 40 жылын партия, кеңес органдарында, педагогикалық, одан қалды ауылшаруашылығы салаларындағы қызметке арнап, өнегелі ұрпақ (8 ұл-қыз) тәрбиелеп өсіруге уақыт табу екінің бірінің қолынан келе бермес-ау. Мұғалім де, есепші-экономист те, қаржыгер де, заңгер де, дәрігер де,журналист те өрбіді бұл шаңырақтан.

Кезінде «Қазақ КСР-ына еңбек сіңірген ауылшаруашылығы қызметкері», «Қазақстанның еңбек сіңірген білім қызметкері» атақтарының иесі атанған асыл азаматтың Мадира Имашқызындай жеңгемізбен жарты ғасыр бойы жұп жазбай үйлесімді ғұмыр кешуінің өнегесі бүгінгі күнмен де сабақтасып жатыр. Мұндай жанды, сірә, өлді деуге болар ма? Жұлдызы әлі де биікте жарқыраумен тұр. Секеңнің бекзаттығы, биязы инабаттылығы, мәдениеттілігі ұлдары Қали, Нұрлан, Ерландардың, қыздары Камшат, Раушан, Райхан, Заря, Гүлжандардың бойында жүр... Олар асылдың сынықтары секілді.Бүгінде Секеңнің немере-шөберелерінің өзі отыздан асып жығылыпты. Ата-тек үлгісін- жарасымды, келісімді, тату-тәтті өмір сүру эстафетасын болашаққа сол күйінде бұзбай-жармай жеткізіп одан әрі жалғайтын да, міне, солар!

... Сейілбек көке мен Мадира жеңгейдің айқұлақ бейіттері Ойық ауылының теріскей бетіндегі сексеуілді шабыр ішінде жатқанмен, рухтары ғасыр иінінен алғы күнге сеніммен, мақтанышпен көз салып тұрғандай. «Үлкен үйдің жарығы өшпесін» дейтіндей.

Бұл- ұлы Әкелік, ұлы Аналық мақтаныш! Бүгінге –аманаты, болашаққа хаты. Ұрпақтары бойына әбден сіңісті болған Кісілік үлгісінің ту-у басында тұр олар!


МЕНІҢ АҒАЛАРЫМ
Мен соғысты көрген жоқпын. Соғыс жылдары туған ұрпақ өкілі де емеспін. Дегенмен алпысыншы жылдардың аяғына таман дүниеге келгендердің де жадында сол бір сұрапыл жылдардан қалған жаңғырық бар-ды. Соғыс зардабын біз де мықтап сезіндік. Енді ше... Жетім, жалтақ күн кешіргеніміз соның әсері емес деп кім айтар! Қорғап, қолдап, қосарына алып жүрер нар ағаларымызды жайпап кетпеді ме сұм соғыс!

Бала кезімде өзім көрмеген, оқ пен от ортасынан оралмай, жат жерде жер томпайтып қалып қойған аймаңдай ағаларымды жиі еске алып, кейде көкейімде өзіме де бимәлім аңсар-шер қабындап, жер-көкке сиғызбай, қолыма еріксіз қалам алғызатыны да бар-ды. Ағаларым жайлы кейін де талай жазғым келген. Қаламым жүрмеді, бірақ. Қаламым жүрмейтіні – олар жөнінде жарытып ештеңе білмейтінмін. Дегенмен, олар жайлы бала кезімде бастап, бір дәптер бетін ғана толтырып, одан әрі сабақтай алмай-ақ қойған балаң ой-толғаныстарым тым әсерлі еді, көркем еді... Енді олай етіп жаза да алмаспын. Ол жазбамның қайда қалғанын да блмеймін. Алайда, Отан үшін отқа да, суға да түсіп, ата жаумен арыстанша айқасып, алмастай серпілген арыс ағаларым күні бүгінге дейін ойымнан бір шыққан емес. Оларды мақтаныш та етемін!

Ел басына күн туған шақта әкем соғысқа бір інісі мен екі ұлын – үш бірдей боздағын аттандырған ғой! Өзі жасы асып кетуі себепті тылда қалып қойыпты. Ауылда хат тасушы ғана болып жүріпті. Қаншама үйге «қарақағаз» алып келіп тапсырды, сонда оның қолы қалтырамады, жүрегі қан жыламады дейсіз бе? Екі бірдей арда азаматы артынан «қарақағаз» келгенде ше...

Дәм жазып Бәрмеш көкем ғана елге аман-сау оралды. Жай оралмай, қасына орыстың көгілдір көзді бір сұлуын ерте келген ғой! Кейін жеңгеміз бұл жақты «жерсінбей», климаты жақпай еліне қайтып кеткен. Өзі аурушаң екен, көп ұзамай көз жұмыпты. Ресейдің Хабаровск өлкесінде оның соңында қалған үйелмелі-сүйелмелі екі ұлын ата-әжесі қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсіріп те жатыпты. Әулетіміздің қаны, жаны бар еді олардың бойында. Міне, осы екі немере ағам мұндағы әкелерімен бертінге дейін хат-хабар алысып та тұрды. Осыдан бірер жыл бұрын Ғалия қарындасым (Бәкең елдің қызына үйленіп, үбірлі-шүбірлі болып бертінде дүниеден өтті) Валериймен интернет арқылы тілдесіп, өзінің нұсқауымен Ташкенттен жаңа ғылыми монографиясын алдыртыпты... Валерий ағамыз қаны да, жаны да қазақ болған соң ба, қазақ халқының лиро-эпостық, батырлық жырларын бүге-шігесіне дейін бұтарлап талдап жазып, Ресей жұртына қазақтың болмыс-тбиғатын тәптіштеп түсіндірумен келеді. Ресейде Валерий Беккошкаров есімді түрколог, филология ғылымдарының докторы барын еліміздегі екінің бірі біле де бермес. Ал оның інісі Владислав (ол да әкеміздің нәмінде) ұзақ жылдар бойы құрылыс саласында прорабтық (демек, әке жолын таңдағаны ғой) қызмет атқарыпты. Бүгінде екеуінен де ұрпақтар бар.

Бір ағамнан соғыста болған кезінде артында, міне, осындай «із» қалды. Ал Балпанқұл (әкемнің інісі) хабарсыз кетті. Үшінші ағам Момынқұл да мұндаға дейін «хабар-ошарсыз кеткендердің» тізімінде болды. Тек 1996 жылы ғана «хабары» шықты. Арада 53 жыл өткеннен соң ғана барып! Онда да кездейсоқ бір жай көмектесті. «Қазақстан мұғалімі» газетінің 1992 жылғы тігіндісін ақтара қарап отырғанымда «Ата тілегі орындалды» деген бір мақалаға көзім түсе кетті. Онда Жамбылдың ұлы Алғадайдың қайда жерленгені жөнінде дерекнама басылыпты. Хабармен қоса берілген сондағы бауырластар зиратына жерленгендердің тас қабырғалыққа (обелиск) қашалып жазылған тізіміндегі «М. Бенушкаров» деген фамилия, неге екенін қайдам, назарымды аудара берді. «Құдай-ау, менің соғыста хабар-ошарсыз кеткен бір ағамның дерегі мұнан шығып жүрмесе неғылсын! Аз-кем әріп қатесі кеткенмен, бұл соның өзі ғой!» деп түйдім іштей. Мұны түпкілікті анықтау мақсатымен әлгі газетте мекен-жайы көрсетілген «Поиск-Дніпро» қызылізшілер тобының (бұл топ майдан даласында шаһит кешіп, елеусіз жер томпайтып қалып қойған жауынгерлердің сүйегін қазып алып, қалтасында сақталған құжаттары негізінде аты-жөндерін анықтап, өмірбаяндарын қалпына келтіріп, бауырластар зиратына апарып жерлеу рәсімін атқарумен айналысады екен) жетекшісі Евгений Григорьевич Трущенконың атына дереу хат жазуға отырдым. Көп күттірмей жауабы да келді.

Иә, рас, бәрі де анық болды – менің Момынқұл ағам қан-қасап майданда бірге опат болып, соншама жылдар бойы бір қабірде Жамбыл атаның ұлы – Алғадаймен қойындасып жатыпты! Трущенко жолдаған деректерге қарағанда, Момынқұл ағам Украинадағы Синельниково қаласының түбінде 1943 жылдың ақпанында ерлікпен шаһит кешкен. Өзі Қазақстанда жасақталған 2-інші гвардиялық атты әскер дивизиясының 19-ыншы гвардиялық атты әскер полкының құрамында болған. Оның 1922 жылы туғаны да, әке-шешесінің аты-жөндері де толық көрсетіліп тұр...

Е. Г. Трущенко әлгі хатында: «Біз Украина жерінде Отанымыз үшін өмірін қиған қазақ жауынгерлері рухы алдында басымызды иеміз. Менің бауырым, қазақ Мұратхан Әлімқұлұлы Жамбыловқа, оның жолдасы Роза Балтабекова мен ұл-қыздары Дина мен Баймұраттарға, басқа да Жамбыл ұрпақтарына, бізге меймандыққа келгендерге, Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза болған боздақтарды білетіндер мен олардың есімдерін жүректерінде сақтаушылардың бәрі-бәріне үлкен сәлемімізді жеткізіңіз. Боздақтар туған жеріміз үшін шайқасты ғой! Оларды ұмытпайық! Сіздердің Президенттеріңіз Нұрсұлтан Назарбаев мырзаға жақсы тілектестігімізді қабыл алыңыздар. Сол кісінің басқаруымен Қазақстанның ұлы халқы кемелденіп, гүлденіп көркейе берсін! Сіздерге бейбітшілік пен бақыт тілейміз» деп өзінің жүрекжарды лебізін де білдіріпті.

Шіркін, міне, осындай бауырмал, ізгі ниетті, жомарт жүректі жандардың арамызда көп болғаны қандай ғанибет! Меніңше, оған мен ғана емес, қазақ халқының көбі-ақ қарыздар секілді...

Синельниково қаласындағы бауырластар зиратына 137-інші реттік нөмірмен тіркеліп, жерленген менің ағамның рухы риза сізге, Трущенко дос! Мыңдаған қазақ оғыландары сұрапыл жылдарда Украина жерін ата жаумен қасық қандары қалғанша шайқасып, қорғаса, қазір де рухтарымен желеп-жебеп жүр. Ендеше, қазақ-украин достығы да мәңгілік!

КӨСЕГЕНІҢ КӨКЖОНЫНДА – НАУРЫЗТОЙ
Бағзы бір кездері... қияндағы ауыл табалдырығынан ұлыс күні дабырасыз аттайтын-ды. Әдетте, екі күннің бірінде ақ қатқан, бөрткен бидай, арпа, жуа, бұршақ, сүрі ет аралас табақ-табақ жыл-көже үйме-үй таратылып, мал ауызы – көкке, ел ауызы – аққа тиіп бір жырғап қалысады. Есте жоқ ескі заманнан үзілмей жеткен бұл дағды әлдекімнің нұсқауы, бұйрығынсыз-ақ жылма-жыл өз-өзінен-ақ жүзеге асырылып жататын. Әншейінде «зымстанның бір күні қалса қорқып», елегізіп отырар жұрт наурыз кірсе-ақ түйе бойы қар жауғанының өзін көңілге секем көрмей, керісінше қыстайғы құрыс-тырысы жазылып жүре береді-ай, құдая құдуанда!

Үлкендер жағы бір-бірімен «таза бақ, кел» деп көрісіп, кешікпей қос айдауға шығатыны, әжелеріміздің адыраспан түтетіп, үй ішін аластап, «көш, қайрақан (жамандықтың иесі), көш» десіп, жұп шырақ жағып, кетік аяқ, кетік шөміш сындырып жататыны, құс қанатынан алағай-бұлағай қар борайтыны есте...

Бала ұғымымызда ұлыс күніне шендесер мереке жоқ-ты. Әлі де солай! Заманауи құбылыстар қазекеңнің паруайына кірсеші! Наурыз ауылдың атам заманғы мінезін тірілткен! Одан-бұдан қағыстырып, дастарханын құры қоймай, алуан дәмге қайыстырған қазақы ауыл... Ұлыс күніне де ұлы үміттерін үкілей ұштастырыпты. «Өзімді алсаң ал, Құдай, пейілімді алма» дейтін, «алты күн аш жатса да ата салтын», әруақтарды ұмытпас Ата-Қазақтың бүгінгі ұрпағы қыс қыспағынан босау қуанышын табиғатпен теңдей бөлісіп, береке қазанын бүлк-бүлк қайнатты-ай!

Міне, осылай Көсегенің Көкжонында наурызтой өтіп жатыр. Таластың өр жағында көкорай шалғын үстіне жағалай ақ жұмыртқадай шаңқан боз киіз үйлер тігіліпті. Әр үй сайын тайқазандар көтеріліп, наурыз көже қайнатылуда. «Қазақы ауыл» төңірегіне тоқ пейілмен қарайды. Анадай жердегі айтақырда балалар асық ойнап, күресіп, одан әріде жастар алтыбақан теуіп, ән әуелетіп у-ду... Көкжиекпен астасқан Тәңірберді даласының шаңын қағып, аламан бәйгеге ат қосып, көкпар тартып, теңге іліп, аударыспақ ойнап тақым жазысқан абадан жігіттер жүр...

Осының бәрін құп көргендей аулақта, ажырықты арық жағалауларында наурызек құс секектеп, шықылықтайды. Наурызды шақырғаны. Ұлыс күні исі қазақтың түндігін желпілдетіп-ақ жатыр.

Күллі тіршілік атаулыны түлетіп, тамырына қан жүгіртер үр жаңа жылдың басталған шағын дөп басып, жаратылыс құпиясын түстеп тани білген ата-бабаларымыздың әулиелігі, бекзаттығы, тектілігі, сақылығы дейміз бе мұны?! Адамдар рухани жаңаруды да өздеріне серт етісіп, бұл күн пәле-жала, жамандық, зұлымдық атаулы жерге енетін күн деп біледі. Қастасқандар қайта достасып, араздасқандар татуласып жатады. Жандүниеңді де, үй-өтен, қора-қопсы, дүн-дүниені түгел аңартып, жаңғырту – парыз. Жаңа күн жақсылықтан тамырын тартып жатса деген тілек, баталарда шек болса, қанеки?..

Наурыз-Ұлыстың Ұлы күні... ғасырлар тұңғиығынан қалқып шығып, айбын көрсетіп, айдынында шалқыған ата-бабаларымыздың қастерлі үнін, дархан мінезін, салт-дәстүр, әдет-ғұрпын – далалық даналықты бұзбай-жармай бүгінге жеткізген ең ежелгі, ең өнегелі салтанат... тамам жұртты бір-бірімен Тәңірберді даласында арқа-жарқа қауыштырды. Мереке, әлбетте, мұнымен бітпейді. Соңыра әрбір үй, отбасында жалғасып, одан әрі қызды. Бозбалалардың бойжеткендерге «дір еткізерлік», «селт еткізерлік» сый әзірлеп, сезімді оятар айлы кеші әлі алда. Қызыр ата асатаяғын қолына алып, әр үйге көрінбей кіріп, шарапат, бақ-ырыс дарытады деп күтіп, шала бүлінеді Көктөбе ауылының үлкен-кішісі сол күні.

Әзірге өз қызығы өзінде жұрттың. Бірінен-бірі өтер өрмекші шеберлер жасауын жарқыратып, сән-салтанатын асырып, киіз үйлерін жағалай тігіп «үздік үй» атағынан да дәме етіп келіскен. Әне бір ақшаңқан үйге «ұры иттей» сымп етіп кіріп, дастарханындағы дәмді-тәттісіне енді қолын сала берген қайнысын жеңгесі: «Келер кәмессиясы да келіп болмады, түге. Сенімен отырайын сол, жаудай жағаласып...» деп, үй айналдыра шөміштеп қуып жүргені де жарасымды.

... Күн мен түн теңеліп, тоғыс күні басталған-ды. Айтпақшы, түнде аспанның батыс көкжиегінен Үркер көрініп, жаңа туған Аймен ұшырасты. Таңмен таласа, үй ішіне үт –сәуле саулай құйылғанын да көрдік. Демек, құттың кіргені ғой. Ұлыс оң болғай, әлеумет!
СОРҒА БАТҚАН «ГАЗ-53»
Ділдәбекті ауылдастары «қолынан келмейтіні жоқ» деп мақтап отырады. Бұл ешқандай әсірелеу де емес. Ол шынында да, «техниканың майын ішкен» дейтін-ақ жігіт. Осы күні тақымынан бір түспейтін «екі аяқты» мотоциклінің де маркісі тым ескі, шамамен жетпісінші жылдары шыққан болар. Бірақ, жаңаға бергісіз, әлі де бабында. Тиегін теуіп қалсаң, «дар-р» етіп оңай отала кететінін айтсайшы! Ал қазір... ауылдағы бір кезде малшыларға тегін үлестірілуімен саңырауқұлақтай қаптап кеткен мотоциклдеріңнің жүруге жарайтын біреуі жоқ. Бәрі де «өтелге» айналып кетті. Ал Дікеңнің «айғыры» әлі де арқырай кісінеп тұр...

Оның көлік атаулының қай түрін болсын «ішек-қарнын» ақтарып тастап, қайта жиып беретін қолының епсегі бары кезінде ауылдың үлкен-кішісіне «аңыз» болып таралған-ды. Мәшинені де, трәктірді де, комбайнды да алмакезек ауыстырып мініп, кезінде кеңшар басшыларының «жанын» да тындырды... Оның ауылшаруашылығы техникаларын мейлінше тиімділікпен пайдалануға қатысты ойлап тапқан жаңалықтары да бірталай. Осынысы ескеріліп, арнайы білімі, дипломы болмаса да нарыққа өтпелі кезеңнің бастапқы жылдарында ауылдың мынау деген «инженері» де болғаны бар... Кейін шаруашылық он бөлек болып кетті емес пе? «Алтын қолды» азамат қайсыбіріне жетсін! Сонда да ол далада қалмады. Осындағы «лесхозға» кіріп, мекеменің азы-тозы техникаларын оңдап беріп отырды...

Шаруашылық тарап, жұмыссыздық жайлай бастаған әнебір жылдары ауылдан іргесін қозғалтпай қалған да жалғыз осы Ділдәбек –тұғын. Өзінің әрнеге икемі бар, епсектілігі елге керек болатынын сезді ме екен, әлде... Ол бірден өзінің «бизнесін» бастап кетті Ауласының бір қапталына кезінде осы керек болады-ау деп тірнектеп жүріп жинаған тау-төбе темір үйіндісінің бір бүйірінен түре «тиісті». Іске жарары көп екен, жүдә. Соларды кәдеге асырып, жеңіл есек арба, ат арба жасап, бір құнан қойға немесе тана-торпаққа – «бартерге» айырбастап, ауылдастарына таратып берді де отырды. Ауылдықтар түгел «арбалы» болды-ау дегенде, ескі «мәскеуішін» жамап-жасқап мініп, оқта-текте «таксилетіп» те көрді. Үй іргесінен монша салып, ауылдың тең жартысына жуығына «ақылы қызметін» ұсынғаны бертінде. Оның ата-баба кәсібін жаңғыртып, қақпан салып борсық аулап, оның өкпе ауруының таптырмас емі - майын шыжғырып әзірлеп, базарға апарып пұлдауы да отбасына әжептәуір напаха түсірді. Отбасы «бизнесі» жұғысты болды ма, сол үйдегі Райкүл жеңгеміз де отағасы дайындап берген «сеператордың» көмегімен жүгеріден боза салу ісін біраз дүрілдетті... Кейіпкеріміздің кезінде әкесінен үйренген, қанында бар сынықшылық өнерінің де ауыл-аймақ тұрғындарына себі тиіп тұр.

Міне, осыған қарап тұрсаңыз, ауылда қолынан іс келетін адамға жұмыс жоқ емес, бар. Тіпті «бизнестің» түр-түрін өрістетуіне де әбден болатын сияқты. Ендігі жерде ағамыз «бизнестің» қандай түрін қолға алғалы жатқаны бізге белгісіз, әрине. Бірақ, ол кісінің техникадан жуық арада қол үзе қоймайтыны анық. Оның үйі ауласының өзі ПТО-ға бергісіз. Көлігің кінараттап қалса, аяғынан бір демде тұрғызып беруге әлеуеті әбден жетеді.

Кеңшар тарарда бірер техника (еңбегі бар ғой) оған да бұйырды... Кезіндегі ауылда сеңдей соғылып жүрер сексеннен астам жүк көлігі осылай түгелімен «жекешелендірілді». Солардың бүгінде ілуде біреуі ғана жүріп тұр. Көбісі сатылып кетті немесе «өтелдің» ар жақ, бер жағында. Ал Дікеңнің «Газ-53» -і әлі бабында. Оның игілігін тіпті ел көріп жатыр... Оның өзінде иесінің қолының епсектілігінің арқасында. Әйтпесе, мұндай мәшинелеріңнің көбі кеңестік кезеңде шықты ғой. Көбісінің «жүрегі» соғуын тоқтатқалы қаш-шан! Ділдәбектікі де сөйткен. Оған жар дегенде жалғыз трәктірінің «жүрегін» (мотор) алып салды. Мұнысы жүдә, жақсы болды. Қазіргідей қылдай қымбатшылықта бензиніңе кісінің құны жете ме! Ал «керәсін» дегенің арзандау әрі мұндай жанармай түрін мына іргедегі Амангелді газ кенішінен де бірсыдырғы арзанға алып тұруға болады. Дікең әлгі «жалғыз жүректі» тірәктіріне де, мәшинесіне де, тіпті үй жанындағы ұн тартатын диірменіне де жеткізіп тұр! Жиын –теріннен соң арпа, бидайын, жүгерісін тарттырушылар осы үйдің ауласында дүмеп жатады. Сондайда ол әлгі «жүректі» диірменіне алып келіп сала қояды (электр қуатын қымбатсынады баяғы)... Диірмені дүрілдеп жүріп береді. Ұны- елге, қараусын-кебегі өзіне – олжа...

-Осы несібемнен бір пәсте айырылып қала жаздағаным бар, - дейді Ділдәбек Оңалбеков бір қызық әңгіме бастардағы әдетімен тамағын қырнай жөткірініп алып. – Бірде үйдегі бала-шаға ауызына қарап отырған сүтті сиырымның бірі өрістен қайтпай қалды. Күздікүні жиын-терін бітіп, жер ашылған соң аяқты малдың өрістен өріс қуып, тіпті көз көрмес қиырға ұзап кететіні белгілі жай ғой. Бұл сиыр да сөйтті ме дестік. Соңыра жоқ іздегендердің біразы малын мына Ақкөл, Үшарал аралығындағы жыңғылды, шеңгелді ну ішінен тапқандарын естіп білдік. Қолым босасымен мен де (қасымда ұлым Алмас бар) «Газ-53»-іме «ер салып» солай қарай шықтым. Адыр-шоқыларды, сай-саланы қоймай сүзіп жүріп, ақыры таптық сиыры құрымағырды. Бозғақ тұсындағы өзеннің қамысақты тұсын сағалап жүр екен. Оны мәшинемен жазыққа қарай қуып шығып, тықсырып біраз діңкелеткен соң, жаяулап жүріп ұстап алмақшы болдық. Біраз жабы жүріп асаусып, түгі жылтырап қоңданып үлгірген қара сиыр біразға шапты. Ақкөлдің аңғарына қайта түсіп кетпей тұрғанда алдын орағытып үлгірейік деп қапылып жүргенде, сол маңдағы сор-оппаның үстінен бір-ақ шыққанымызды байқамай да қалдық. Мәшинеміз сорға 200-300 метрдей дендей еніп кеткен екен. Түбі бос сорға белшесінен кіре милықтады да қалды...

Бұдан кейінгі оқиға былай өрбиді... Дікең баласы екеуі онысыз да өкпесі өше сүлелеп шаршаған қарасиырды қақпайлап жүріп ұстап алады да, бірі жетелеп, екіншісі айдап ауылға түн ортасы ауа бір-ақ жетеді. Жоғы табылып, орнына мәшинесін тастап...

Бір үйлі жанның күні қарап отырғаны сол емес пе! Ділдәбектің де бар байлығынан, несібесінен көрер көзге айырылғысы келмейді. Басқасы қолымнан келгенде, мәшинені батпақтан шығару қиын болып па деп те ширығумен болады. Өкініштісі сол, баяғы кездегідей ауылда «К-700» де, тіпті шынжыр табанды трәктір де жоқ. Ол аздай бір құрдасы: «Әй, сол қаңсыған теміріңде қызығарлық не қалды! Баяғыда бір әскерилердің «Уазигі» де батпақтап, ешкім шығара алмай қаңқасы батпаққа жұтылып шіріді, ақыры... Сен қолында күші бар әскерилерден мықтымысың!» деп салды. Бәрінен де осынысы батты. Шынында да бұл бір ғазауат тірлік. Қуатты техникамен сүйрелеу де еш нәтиже бермейді. Мәшиненің «бұтын-бұт, қолын-қол» қылып бұтарлап, бөлшектеп қана шығаруы мүмкін.

Ділдәбек әрі ойлап, бері ойлап ешкімнің, тіпті техниканың да көмегінсіз баласы екеуі-ақ сорға батып сорлаған мәшинені майдан қыл суырғандай етіп оп-оңай шығарып алудың жолын тапқан сияқты. Сөйтіп бұлар алдын-ала арнайы әзірленген екі бірдей артқы жартылай білік темір (полумост), темір қадалар, елден жиып құрап-сұраған көшқұлаш темір арқан (трость) секілді керек-жарағын ат арбаға түгелдеп салып, ертелеп жолға да шықты...

Бұлар келе-ақ іске кіріскен. Алмас темір қазықтарды сордың жағасына сіңіре қағып, ал Дікең әлгі жартылай біліктерді сол сәтінде-ақ ауыстырып салды. Оған темір арқанды мықтап бекітті. Сөйтті де, өзі рөлге отырып «я, пірім» деп моторға от берген... Сол, сол-ақ, мәшиненің артқы қос доңғалағы бір орнында айналып, әлгі қос қапталына дәнекерленіп мықтап бекітілген жуантық ұша-темірлерге трость та қоса оратылып, дем сәтте домбыра шегіндей ширатылып шірей тартылды... Ендігі жерде доңғалақтар да құр айналмай мәшиненің өзін осы темір арқан бойымен кейінге, құрғаққа қарай ақырындап жылжыта да бастауы тиіс-ті. Дікеңнің бұл «идеясы» да сәтімен жүзеге асты – арқан дңгелектің сойдиған ұшаларына өз-өзінен оратыла келе мәшинені ми батпақтан «сопаң» еткізіп суырып та алды... Ділдәбектің де, Алмастың да жүздері қуаныштан бал-бұл жанды. Әкелі-балалы екеу ақ тер, көк тер болып оратылған темір арқанды қайта жазып ұзартып, жағадағы темір қазықтарды да әрегірек қашықтау ауыстырып қақты. Сосын... Дікең рөлге отырып мәшинесін тағы да біраз «айдады». Осындай қарекет бірнеше рет қайталанып, ақыры, «Газ-53» құрғаққа да шықты-ау...

Әкелі-балалы екеу ат арбаны да, атты да, басқа да асай-мүсейлерін мәшине қорабына артып, сол күні ауылға айрықша қуанышпен кештете бір-ақ оралып еді... Күні бойғы ауыр

жұмыстан сүлелеп шаршағандарын да ұмытып кетісті...

Дікеңнің де, отбасының өзге мүшелерінің де әр күні осылай тынымсыз тырбанып іс қылумен өтуде. Үй шаруасы Ділдәбек пен Райкүл жеңгемізден, одан қалды кенже ұлдары Қуаныштан артылып жатқан жоқ. Үлкен қыздары Алма бастап, балалары Алмас пен Серік Астанада құрылыста еңбек еіп, отбасы бақуаттылығын еселеп арттыруға үлестерін қосып жүр. Қалай дегенмен де «бұл заман тырбанып тірлік қылған істінікі» болып тұр ғой! Оңалбековтер отбасы мұны нақты іс жүзінде көрсетіп те келеді.


Каталог: admin -> files
files -> Ббк 83. 3 (5 Қаз) Қ 25 Қ25 Қалдыбаев Ә. Көңіл көмбесі
files -> Аула драмалық шығармалар әрқилы ойлар атланта жоқ, америка сапары
files -> Тақталас. Пьесалар, бірқақпайлар. Тараз, «Сенім» баспасы, 2006-256 бет
files -> Шағын хикаяттар, әңгімелер, ертегілер, мысалдар
files -> Баймаханбет ахмет жас шынар, ТӘкаппар шынар тараз – 2013 жыл
files -> Арғынбай бекбосын фәнилік драма (2500 рубаят)
files -> Тұрсынхан Жақыпқызы (Сембаевна) Бердалина Өлеңдер мен әңгімелер
files -> Елен Әлімжан бауыржанның пырағЫ
files -> Үміт битенова көҢіл күнделігі
files -> Көсемәлі СӘттібай¥лы шарбақтының жалғызы


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет