Лабораториялық сабақ №7
Лабораториялық жұмыстың тақырыбы: Механикалық (арқаулық) ұлпалар.
Сабақтың мақсаты: Дара жарнақты және қос жарнақты өсімдіктердің механикалық ұлпаларының құрылысымен танысу.
Сабаққа қажетті құрал-жабдықтар: Жүгері, жыланқияқ, жабындық ұлпалардың тұрақты препараттары, микроскоп.
Сабаққа қажетті объектілер мен құрал-жабдықтар: 1. Асқабақтың (Cucurbitapepo) немесе қиярдың (Cucumis sativus) сабағы, бегония (Begoniarex) жапырағының сағағы, қалақайдың (Urticadioica), қара сораның (Cannabissativa) және зығырдың (Linumusitatissimum) сабағы, алмұрттың (Pyruscommunis) жемісі. 2. Осы аталған өсімдіктердің тірі даналары немесе нықтандырылған сабағы, жапырағы және жемісі. 3. Зығыр немесе кендір сабағының көлденеңінен және ұзына бойы кесіндісінен жасалған дайын препараттар. 4. Хлор-цинк-йод, спиртке ерітілген флороглюцин, тұз қышқылы (НСІ), суға ерітілген күкірт кышқылы анилин. 5. Микроскоп және онымен жұмыс жасауға қажетті жабдықтар. 6.Кестелер.
Тапсырмалар:
1. Бегония немесе қызылша жапырақтары сағағының колденең кесіндісінен препарат дайындап, бұрышты колленхиманы зерттеу.
2. Зығыр немесе кендір сағағының көлденең және ұзына бойы кесіндісінен жасалған дайын препараттан склеренхима талшықтарын көру.
3. Шала піскен алмұрттың жұмсағынан препарат дайындап, қиыршық клеткалар немесе склереиданы табу.
4. Дайындаған препараттардан колленхима, склеренхима склереида клеткаларының құрылысын зерттеу.
5. Зерттелген механикалық ұлпалардың 2- 3 клеткасының суретін салып, белгілерін көрсету.
Клетканың тургоры сыртқы орта жағдайларына орай өзгеріп отырады. Өсімдіктердің нөсер жауын, бұршақ, қалың қар жамылғысы, дауыл, жел т.б. ортаның қолайсыз әсерлеріне қарсы тұрушы олардағы қаңқалық қызмет атқаратын механикалық ұлпаларына байланысты. Сонымен өсімдіктердің денесіне таяныш, мықтылық, беріктік және серпімділік қасиет беретін клеткалар тобы механикалық ұлпа деп аталады.
Механикалық ұлпалар өсімдіктің басқа ұлпалардың арасындағы арматура іспетті. Сондықтан механикалық ұлпаларды арматуралық ұлпалар деп те атайды.
Колленхима - өсімдік мүшелерінің сыртында эпидермасы астарлай орналасатын тірі арматуралық ұлпа. Мұнда клетка қабықшасының қалыңдауы целлюлоза, пектин және гемицеллюлозаның біртіндеп жұқа қабаттар түзуінің есебінен жүреді, лигнин сіңген клетка қабықшасы қатаймайды, жұмсақтық, серпімділік қалпын сақтайды. Осындай ерекшеліктеріне байланысты колленхима өсімдіктердің жас өркендерінің ұзарып өсуі кезінде оған мықтылық қасиет береді, ол өзін түзген ұлпалармен бірге созылуға қабілетті. Коленхиманың созылу қабілетінің төмендеуі оның белгілі учаскедегі (сабақ, сағақ) жасының артуына баланысты. Сабақта соңғы жабындық ұлпа пайда болған кезде колленхима алғашқы қабықпен бірге сылынып түсіп қалады. Алайда колленхима клеткаларының протопластысының белсенділігі, меристемалық қасиеті сақталады. Колленхима өсімдіктерің өстік мүшелерінде тоз камбийнің (феллоген) түзілуіне және жарақаттанған жерде жарақат феллогенінің түзілуіне қатысады. Клетка құрамында хлорофилл дәндерінің болуына байланысты, колленхимада ассимиляция процесі де жүреді.
Склеренхима - өсімдіктер мүшесіне ерекше мықтылық беретін ұлпа. Склеринхима клетка қабықшалары бір қалыпты қалыңдайтын, бір-бірімен тығыз орналасқан ұзын парехималық клеткалардан тұрады. Клеткаларының ұзындығы енінен бірнеше есе ұзын болуы мүмкін. Клеткалар поралары қарапайым, саны аз, мөлшері кіші, қиғаш саңылау тәрізді болады. Склеренхиманың жеке клеткасын қалың қабықшалы немесе қарапайым талшық деп атайды. Қарапайым талшықтар паренхимада жеке талшықты шумақтардан тұратын шоқтар түзіп орналасады. Склеренхима талшықтарының жеке шумақтары техникалық талшық деп аталады. Склеренхима талшықтарының қабықшалары сүректенеді, сирек жағдайда мысалы, зығырда целлюлозалық қалпында қалады. Склеренхима талшықтары мықты әрі серпімді. Жуандығы 1 мм*2 талшық 15-20 кг жүк көтереді, бұл тұрғыдан болат талшығынан екі есе төмен, ал серпімділігі жағынан одан жоғары. Склеренхима пайда болуына қарай алғашқы және соңғы болып бөлінеді. Алғашқы склеренхима алғашқы түзуші ұлпа прокамбий мен перициклден жәнеалғашқы қабық пен түтікше-талшық жиынтығының негізгі ұлпаларынан пайда болады. Соңғы склеренхима соңғы қабық пен соңғы сүректің құрамындағы соңғы түзуші ұлпа камбийден пайда болады. Өсімдіктердің өстік мүшелерінің қабық бөлігінде (флоэмада) орналасқан склеренхима талшықтары тін талшықтары деп аталады. Тін талшықтары сабақтың, тамырдың қабығында, жапырақ тақтасы мен сабағында, гүл табанында, жеміс табанында, кейде жемістерде кездеседі. Тін талшықтарының ұзындығы әр түрлі: зығырда 40-60 мм, кейде 120 мм-ге жетеді), кендірде 2-55 мм, рамиде орташа есеппен 80 мм, кейде 350-420 мм-ге жетеді. Қоректік заттарды өсімдіктердің денесіне тарататын клеткалардың тобын өткізгіш ұлпа деп атайды. Атқаратын қызметіне сәйкес өткізгіш ұлпа клеткалары іші қуыс түтікшелерден тұрады. Бұлар бір-бірімен өзара қосылып, түтікшелер жүйесін түзеді.
1-жұмыс. Колленхима. Колленхиманың клетка қабықшаларының қалыңдауы барлық өсімдік мүшелерінде бірдей болмайды. Осы тұрғыдан алып қарағанда колленхима клеткалары үш түрлі болады. Олар: бұрышты колленхима, тақталы колленхима және бұрышты-тақталы колленхима. Бұрышты колленхиманың құрылысына сәйкес изодиаметрлі көп қырлы келеді де, олардың бұрьштары қалыңдап, бұрыштарының екі арасындағы жазық беттері қалыңдамай (таза клетчатка күйінде) қала береді.
Бұрышты колленхимамен танысу үшін бегония жапырағын немесе қызылша өсімдігінің жас сабағын пайдаланған жөн (37- сурет). Қызылша сабағын немесе бегония жапырағының сағағын көлденеңінен жұқалап кесіп, одан препарат жасайды (препарат жасау және оны бояу тәртібі бұрынғыша). Алдымен препаратты микроскоптың кіші объективімен қарап көріп, оның зерттеуге қолайлы жерін тапқаннан кейін, хлор-цинк-йодпен бояйды. Енді боялған препаратты микрометрлік винтті үздіксіз пайдаланып қараған кезде байқалатыны: ең сыртындағы қаптап жатқан кутикула қабаты — сары түске, таза клетчатка күйінде қалған эпидерма клеткалары мен басқа да ұлпаларының клетка қабықшалары күлгін көк түске боялады, ал қызылша сабағындағы немесе бегония жапырағының сағағындағыбұрышты колленхиманың бір-бірімен көршілес клеткаларының қалыңдаған бұрыштары өзара түйіседі де, үш бұрышты призма тәрізді болып көрінеді.
2 –ж ұ м ы с. Склеренхима. Склеренхима клеткаларының түзілісімен танысып, оны зерттеу үшін зығыр немесе кендір өсімдігі сабағының көлденеңінен және ұзынынан кесілген тілімдерінен екі түрлі препарат жасалады. Олардың екеуін де флороглюцинмен, тұз қышқылымен немесе күкірт қышқылды анилиннің ерітіндісімен бояймыз. Сонда склеренхима клеткаларының сүректеніп өзгерген қабықшалары күкірт қышқылды анилин әсерінен сарғайып (флороглюцин мен тұз қышқылының әсерінен) қызыл күрең түске боялады (38-сурет). Егер препаратгы хлор-цинк-йод ерітіндісімен бояса, клетка қабықшасы сарғаяды да, оның ішіндегі крахмал дәндері көк түске енеді.
3 - ж ұ м ы с. Склереида. Склереиданың қиыршық клеткаларының құрылысымен танысу үшін алмұрттың жемісін алуға болады (39-сурет).
Шала піскен алмұрт жемісін пышақпен қақ жарғанда, оның ішкі жұмсақ етінде көптеген бозғылт нүктелер жай көзге де көрінеді. Сол нүктелердің бір-екі данасын сапты иненің ұшымен шұқып алып, оны су тамызылған зат әйнегінің үстіне коямыз да, қандауырдың ұшымен ептеп басып, ондағы клеткаларды бір-бірінен ажыратамыз. Ажыраған клеткалардың үстіне бір тамшы флороглюцин және бір тамшы тұз қышқылын тамызса, оның біразы алқызыл түске боялып, біразы боялмайды. Микроскоптың үлкен объективімен қараған кезде алқызыл түске боялған склереида сүректеніп кеткенін, ал боялмағандары таза клетчатка қалпында қалған клетка қабырғалары екендігін анық байқаймыз.
Достарыңызбен бөлісу: |