Жүргізуші(1): Соғыста қаза тапқан досын жырлау арқылы майдан ақиқатын да өлеңге айналдырды.
Ақын:
Екеуміз түйдей құрдас ек,
Екеуміз сырлас, мұңдас ек.
Жұлдызды туған бала еді,
Ақындай албырт жан еді,
Жаңа өмір сүйген жары еді,
Отаны – адал ары еді…
Құрдасым неге кешікті?
Қаға ма біреу есікті?
Қақпайды енді есікті,
Қақпайды енді есікті,
Мәңгілік досым кешікті.
Жүргізуші (1) : Сегіз жылға жуық уақыт әскер сапынан босай алмады. Әдеби талабының, ақындық талантының арқасында ғана Қазақстан өкіметінің шақыртуымен 1948 жылы елге оралады. Демек, Мұзафар - өрттен шыққан ақын. Сондықтан болар, ол жалындап жанып тұрады: сөзі оқтың тіліндей шолақ, ойын шорт үзіп келте қайыратын ақын.
Шығармашылық толғану, толассыз іздену арқасында соғыстан кейінгі жылдары Мұзафар жас ақындарымыздың алдыңғы буынына келіп қосылады. Нақтылық, ойлылық, жинақылық - Мұзафар өлеңдерінің ең басты қасиеттерінің бірі.
“Соғыстан соңғы ән” орындалады. Әні: Ә.Бейсеуовтікі.
Сөзі: М.Әлімбаевтікі.
Жүргізуші (2): 1948-1956 жылдар аралығында “Пионер” журналының поэзия бөлімін басқарып, өлеңсүйгіш жасөспірімдердің талап-тұлпарын қамшылап, қамқорлады. 1956-1958 жылдарда “Қазақ әдебиеті” газетінде басшылық бедерін қалдырады.
Жүргізуші (1): Ұстаздыққа бейім әрі балажанды мінез қазақтың жас жеткіншектерінің тілін сындырып-ұстартатын, туған тілімізге деген құрмет-құштарлығын арттыратын тәрбиелік бір басылым - құрал керегі туралы іштей ойлап, толғанып жүретін. Арманына 1958 жылы қолы жетті, шуақты шілдеде дүниеге келген «Балдырған» балалар журналы республика бүлдіршіндерінің – бірнеше буын ұрпақ өкілдері балалық шағының базары мен ажарына, киелі сөз өнері бастауларына баулитын байыпты - ұқыпты бағбанына, адамдық әліппесінің ережелеріне үйрететін үлкен мектепке айналды. «Балдырған» басылымының өзгелерге ойыншықтай оңай көрінетін ауыр жүгін жазушы Мұзафар Әлімбай ширек ғасырдан астам уақыт арқалады. 1958-1986 жылдар аралығында журналға тапжылмастан редакторлық етті.
Жүргізуші (2): Соғыстан кешігіп келген солдат әдебиеттің бейбіт майданына да кешігіп кірді. Алғашқы кітабы 29 жасында жарық көрді, құралыптас-құрдастарының бірқатары баяғыда-ақ бірді-екілі кітаптардың авторы болып үлгерген-ді. Алайда аз ұйықтап, азапты көбірек шексең, қалам сыбағасын толтыруға әбден болады екен. Бүгінде әдебиеттің әр түрлі жанрындағы (поэзия, әдеби зерттеу, фолклортану, халық тағылымы, эссе, очерк, естелік, ән өлеңдері) 50 төл туындының авторы. Абай атындағы мемлекеттік сыйлығын 1984 жылы «Аспандағы әпке» атты балалар жинағы үшін алды.
Жүргізуші (1): М.Әлімбайдың “Ана” деген тұңғыш өлеңі 1939 жылы облыстық “Қызыл ту” газетінде басылды. Ал алғашқы кітабы “Қарағанды жырлары” деген атпен 1952 жылы жарық көрді. Одан кейінгі лирикалық және азаматтық әуенге жазылған "Құрбыма” (1954), “Лирика”, “Жолдар жырлар”, “Жүрек лүпілі”, “Өшпес от” жинақтары шықты. “Менің Қазақстаным”, “Құрбымның күнделігі”, “Естай - Қорлан” лиро-эпикалық поэмалары – осы жанрды дамытуға қосылған елеулі туынды.
Мұзафар Әлімбай поэтикасының үш тағанды тірегі іспетті «Естай-Хорлан» ғашықнамасы, «Ту тіккен» және «Құрыш қазақ» ерлік – қаһармандық дастандары дүниеге келген тұсында қазақ поэзиясының ортақ жаңалық-жеңісі болды.
“Естай-Хорлан” поэмасының «Уәде» бөлімінен үзінді оқу үшін қыз бен ұл бала ортаға шығады
Автор: Міне үнсіз Хорланы тұр оң жағында,
Құрысын бүйтіп ақын болғаны да!
Жақ ашпай жапырақтай қалтырайды,
Тәңірім тілін байлап, қорлады ма?
«Жақындасам қорқамын, жанам ба? – деп,
Аллама жалбарынам күні-түні,
Ұмсынсам, оң сапарым болар ма?» - деп...
Бірі жоқ әлгі сөздің жаттағанның,
Білмеді алға қарай аттағанын.
Достарыңызбен бөлісу: |