Бастауыш сыныптарда ойын технологиясының тиімділігі.
Л.Ш.Альмишева,
қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі, № 3 орта мектебі (орыс мектебі),
Жезқазған қаласы
Оқу тәрбие процесін жетілдірумен бірге оқыту сапасын арттырып, оқушылардың білімге деген құштарлығын дамыту, сондай-ақ олардың қоғамдық пайдалы еңбекке неғұрлым белсенді түрде қатысып, белгілі бір кәсіптік мамандықты игере білуіне әзірлік жасау мәселелері ағарту қызметкерлерінің маңызды міндеттері болып саналады. Осыған орай мектептерде оқыту процесін одан әрі жетілдіру ісі бүгінгі тандағы ерекше назар аударарлық өмір талабы болып отыр.
Белгілі педагог К. Д.Ушинский бір сөзінде: «Балалық шақта есте қалғандар өшпейді, ізі мәңгі сақталады», - деген болатын - ды. Шын мәнінде, бала психолгиясы ұшқыр қиялды, өткір сезімді, аңғарымпаз, тоқсан тараулы.
Жалпы халқымыз: «Естігенінді айтпа, көргенінді айт», - демейтінбе – еді. Ендеше, оны есте қалдыру, жан – жақты оқушы бойына сіңірте білу, әрбір пән мұғалімнің өзіндік шеберлігін, шығармашылық еңбегін қажет етеді. Сабақ барысында оқушылардың танымдық құштарлығын арттырудың сан алуан тәсілдері бар. Ол мұғалімнің сабақ беру шебрлігіне байланысты. Оқушылардың білімге құштарлығын дамытып, оны толық игеруін қамтамасыз ету әр пән мұғалімнің көп еңбектенуін, ізденуін талап етеді. Сабақтың тиімді де, қызықты өтуі мұғалімнің білім байлығына тікелей байланысты. Сабақ – оқытудың ең негізгі процесс.
Расында да, оқушыларды білім жүйесімен ғана қаруландырып қоймай, олардың назарын, білгендерін жадында сақтай білу қабілетін, ойлауын, тіл шеберлігін, білім негізін біліп алуға құштарлығын, өмірге көзқарасын дұрыс қалыптасуын, ықыласын, төзімділігін, іскерлігін, ізденімпаздығын т.б. қасиеттерін жетілдіру оқу-тәрбиелік және педагогикалық негізгі мақсат болуы қажет.
Бастауыш сыныпта қазақ тілін үйрету барысында ойындардың алатын орны ерекше. Ойын арқылы баланың сана-сезімі, ақыл-ойы өседі. Ойын кезінде баланың таным қабілеті дамиды, қарым-қатынас жасауға мәжбүрлік туады, өмірге деген қызығушылық қалыптасады. Әр сабақтың тақырыбына сай ойындарды пайдаланып отыру оқушылардың тіл үйренуге деген қызығушылығын, ынтасы мен зейінін арттырады. Басты мақсат-ойын әрекеттері арқылы тілдік материалдарды меңгертіп, сөздік қорды молайтып, тілдесім әрекетіне жетелеу. Ойын барысында грамматикалық анықтамаларды, тілдік нормаларды игерту мүмкіндіктері мол болады. Сабақта мұғалімнің диктаторлық рөлі жойылып, оқушылар серіктестікке, ынтымақтастыққа, бірігіп жұмыс істеуге деген қызығушылықтары артады. Адамның жас ерекшелігіне қарамай, яғни адам балалық шағынан бастап кәрілікке жеткенше ойын қажеттілігі жетелеп отырады. Ал жас баланың ой-өрісі ойын арқылы дамиды. Ойынның өзіндік тәрбиелік маңызы да жетерлік. Ойын білімге мегзейді. Ойын барысында баланың адамгершілік қасиеттері, өмірге деген көзқарасы, қызығушылығы қалыптасады. Ойын арқылы сыныптағы нашар оқитын оқушыларды да сабаққа нәтижелі тартуға болады.
1-сыныпта оқушылардың өз үйлерінен әкелген ойыншықтары арқылы көп жұмыс жасауға болады. Сергіту ойындары оқушылардың зейінін жинақтауға, ойын тұрақтатуға, саналы түрде білім алуына септігін тигізеді.
Қазақ тілі сабақтарында рөлдік ойындардың маңызы зор. Ойын оқушылардың сол орындалатын іс-әрекеттер арқылы тіл үйренуге деген сенімін қалыптастырады. Оқушыларды жас ерекшелігіне сай сабақты ойын түрінде өткізу, әсіресе екінші тіл қазақ тілі сабақтарында жақсы нәтиже береді. Оқушылардың ой-өрісін дамытып, танымдық құштарлығын арттыруда сабақ үстінде әр түрлі ойындарды пайдалана білу тәсілінің де маңызы зор. Ойынға кейбіреулер немқұрайды, ермек ретінде қарайды да, оған мән бермейтіндер де кездеседі. Ойын адам жанын елітіп, адам бойындағы көптеген қасиеттерді ұштап, білім дәнін егеді. Ойын-адам миын шынықтыратын негізгі жаттығу. Жаттығудың маңызы қашан да зор.
Ойындардың қай түрі болса да, адамнан төзімділікті, алғырлықты, тапқырлықты, ұқыптылықты, ізденімпаздықты, шеберлікті т.б. толып жатқан қасиеттерді талап етеді. Ойын шартын шешу үшін көп білу керек. Көпті аңғарып, әр жақты білімді болу үшін көп білу керек. Онсыз ойынның шешуін табу мүмкіндігі болмайды. Олай болса, ойын-уақыт өткізу ермегі емес, білімге деген құштарлықты арттыруға негізделген түрткі деуге болады. Ойын адамды көп білуге, білімге баулиды, білгенді қайталап, оны берік сақтауға мүмкіндік туғызады. Ойынның негізгі мақсаты-оқушыны ойната отырып, тіл үйрету, білім беру. Ойын элементтерін әр сабақта тиімді пайдалану оқушылардың танымдық қабілеттерін және физиологиялық қажеттіліктерін қанағаттаныдырып, тілді үйренуге мол мүмкіндіктер жасайды. Әрі сабақтарды саналы етіп, өнімді білім беруге зор ықпалын тигізеді.
Ойындарды төмендегі мақсатта пайдалануға болады. Олар:
Қазақ тіліне ғана тән дыбыстарды дұрыс айтуға, жазуға жаттықтыруға;
Оқушыларды тілдік қарым-қатынасқа тұсу дағдыларын дамытуға;
Жағдаяттар тұғызып, іс-әрекеттер арқылы сөйлетіп үйренуге.
Сабақта ойналатын дидактикалық ойындардың пайдасы өте зор. Ол ойындарды тақырып бойынша өзгертіп тұруға ыңғайлы болады. Ойынның мақсаты, шарты балаларға түсіндіріледі.
Оқушылар танытын жетілдіруге байланысты пайдаланылатын тәсілдер сан алуан.
Сөзжұмбақтар. Ең қызықты да, көп тараған ойындардың бір түрі. Кроссворд, чайнворд, анаграмма, метаграмма, шарада, ребус және осылардың түрленген түрлері сөзжұмбақтар болып табылады.
Кроссворд. Кроссворд ағылшынның кросс (қиып өту, крест) және ворд (сөз) деген екі сөздердің жиынтығы. Оның қазақша баламасы-тоқыма сөз. Яғни, сөз өрімі, тоқымасы деп те түсінуге болады. Мұнда жұмбақталған сөздер торкөздерге тік және көлденең орналасады.
Чайнворд ағылшынның екі сөзден чайн (тізбек) және ворд (сөз) құралып, сөзтізбек деген мағына береді. Бұл ойынның жұмбақталған сөздер бірінің соңғы, екіншісінің басқы әрпі болып бір-біріне жалғасып, шынжырша тізбектеліп жатады. Мысалы, кекілік-көкек т.б.
Анаграмма дегеніміз бір сөздердегі әріптерді ауыстыру арқылы жаңа сөз жасау. Ол гректің ана (кері, қайтадан) және грамма (әріп) деген сөздерінен құрастырылған. Яғни сөздегі әріптердің орындарын ауыстыру арқылы жаңа сөз жасау. Мысалы: жылан-жалын, есек-кесе, қозы-озық т.б. Анаграманы өлеңмен берсе тартымды болады.
Метаграмма. Грек сөздерінен құралған. Мұндағы «мета»-«қайтадан», «грамма»- «жазу, әріп» деген сөз. Сонда сөзді қайтадан жазу деген ұғымды береді. Яғни сөздегі бір әріпті басқа әріппен өзгертіп қайта жазу арқылы жаңа сөз жасау деген сөз. Мысалы: қазан-сазан т.б.
Шарада француздың «чараде» деген сөзінен алынған-бұл буындарды, әріптерді жеке жұмбақтап, соңынан тұтас сөз құрастыруға негізделген сөзжұмбақ. Шарадалар көбінесе өлеңмен жазылады.
Ребус латынның «рес»-«зат» деген сөзінен алынған. Мақал, мәтел, белгілі бір ойды тиянақтайтын сөйлемдер, термин сөздер, анықтамалар және өлең үзінділерін сурет арқылы кескіндеп, жұмбақтайтын болса, оны ребус дейді.
Викториналар -белгілі тақырыпқа құрастырылған сұрақ-жауаптар.
Жұмбақтар -құштарлық ойындарының ең көп таралған түрі. Жұмбақта заттың немесе жануардың түспалды белгілері астарланып айтылады да, оны шешушінің жұмбақталған дүние жайлы көп білуін қажет етеді. Жұмбақтарды белгілі бір тақырыпты түсіндіру соңынан жаңа сабақ материалын қорыту үшін пайдалануға болады. Жұмбақты дұрыс шешу үшін бір затты екінші бір заттың түр-түсіне теңеп салыстыру, олардың ұқсас және еркеше жерлерін байқай білу қажет. Жұмбақ көп оқуды талап етеді. Адамды көркем сөзге үйретеді, адамның ой-қиялын дамытады. Ой жаттығуы десе де болады.
Жаңылтпаштардың сөздері ұйқасып келеді, әр сөзі тез айту үшін құрылады. Жаңылтпашты жаңылмай, тез айту үлкен өнер болып саналады. Олар тіл ширатуға, дыбыстарды дұрыс айтуға, есте сақтау қабілеттерді дамытуға көмектеседі. Жаңылтпаштардың мазмұны әртүрлі болып келеді, олар да адам өмірінің барлық саласын қамтиды.
Кім көп мақал (жұмбақ, жаңылтпаш) біледі?
Сынып оқушылары екі топқа бөлінеді. Ойынды ауызша және жазбаша түрде өткізуге болады. Тақтаны екіге бөліп, әр топтан бір баладан кезекпен келіп бір жұмбақтан жазып кетеді. Ойынды уақытпен өткізген ұтымды болады. Ол үшін 5 минут уақыт жеткілікті. Осы уақыт аралығында көп мақал (жұмбақ, жаңылтпаш) жазған топ жеңімпаз атанады.
Жұмбақты кубиктер -кубик бетіне жазылған әріптерден сөз шығару немесе кубик бетіне жазылған буындардан сөз және сөйлем құрастыратын ойын.
Дидактикалық ойындар.
«Сөзді аяқта» ойыны немесе «Жоқ дыбысты, буынды тап».
Ойынның мақсаты: Оқушылардың алған білімдерін бекіту, сауатты жазуға дағдыландыру.
Ойынның шарты: Мұғалім өлең жолдарын оқып тұрады, оқушылар жоғалған әріпті немесе буынды тауып, дәптерлеріне жазып отырады. Ойын соңында мұғалім оқушылардың дәптерлерін тексеріп, бағалайды.
Ұмытпағай, ұлым,
Жылқы баласы-құ...
Құлақтары шұнақ
Ешкі баласы-ла...
Еске сақтау оңай
Шошқа баласы-то...
Қой баласы-қозы,
Момақан-ақ өз...
Біліп жүр, ұл мен қыз-ау,
Сиыр баласы-бұ...
Қашпа қорқып-пысып,
Ит баласы-кү...
Болма оңайға, бала, тан,
Құс баласы-бала...
Өзі епсіз, қоржық
Аю баласы-қон...
«Төлдерді шақыру» ойыны.
Ойынның мақсаты: Төрт түлік малдың қадір-қасиетімен таныстыру, оқушылардың сөздік қорын молайту.
Ойынның шарты: Мұғалім малдың адамға ішсе-сусыны, кисе-киімі, жесе тамағы екенін айтып кетеді. Енді, балалар, өрістегі төлдерді шақырайық.
«Мәә-мәә» деген әні бар,
Жібек тоны, сәні бар.
Ол не? («қо-ша-қан» деп балалар буынға бөліп жаңғырта айтады).
«Мес-мес» деген әні бар,
Байқамасаң жамырар.
Ол не? (лақ).
«Моо-моо» деген әні бар,
Үй маңынан табылар.
Ол не? (бұ-зау).
«Боо-боо» деген әні бар,
Енесін тез сағынар.
Ол не? (бо-та-қан).
«Күмбір-күмбір» әні бар,
Желкілдеген жалы бар.
Ол не? (құ-лын-шақ).
Бейнені есте сақтау және жедел есте сақтау қабілеттерін дамытуда келесі суреттерді қолдануға болады. Оқушыларға белгілі бір уақытта көрсетіп, есте сақтағандарын айтқызу.
Достарыңызбен бөлісу: |