Батыс қазақстан ауыл шаруашылығЫ 1946-2000 жылдарда


Жат құбылыстар мен қиыншылықтардың өрістеуі



бет5/11
Дата05.11.2016
өлшемі2,58 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

Жат құбылыстар мен қиыншылықтардың өрістеуі

Кедергі тетіктердің қалыптасуы
Қаралып отырған уақыт ішіндегі ауылшаруашылығының артта қалуын оны ұйымдастыру әдістерінің жетілмеуімен ғана түсіндіруге болмайды. Дағдарыстардың сыры тереңде жатыр. Бұл арада орталықтандырудың басталуы да экономикаға кері әсер етті. Орталықтандырылған билік бәрін өзіне қаратты. Ол барлық өндіріс ресурстарын бөлу мен үлестерді, мемлекеттік бюджет жүйесі, жоспар, материалдық-техникалық жабдықтау, бағаны, қарыз көлемін белгілеу арқылы жүргізілетін басқарудың барлық тетігін өзіне бағындырды. Әміршілдік-әкімшілік әдіс басқарудың барлық буындарына дендеп еніп, «жегі құртқа» айналды. Жұмыстың түпкі нәтижесіне шаруашылық есеп тұрғысынан жауапкершіліктің болмауы, кірісті талан-таражға салу, шығынды ұлғайту масылдық көңіл-күйді туғызып, өндірістің өрге басуына мүдделілікті жойды. Өнім мен ақыны төлеудегі теңгермешілік өндірісте белсенділік пен іскерліктің бәсеңдеуіне әкеліп соқтырды, еңбекке ынтаны, біліктілікке құштарлықты кемітті. Бұл қаржы-несие жүйесіне формалды сипат берді, алдыңғы қатарлы озық идеялар қолдау таппай, көп жерде өндіріс қарабайыр жүргізілді. Орталықтандыру басқару аппаратының ұлғайып бара жатқанын байқамады, бастықтардың астамшылдығы күшейді.

Экономикалық жағдай елде басталған ғылыми-техникалық өзгерістерге біршама сүйенгенмен қалыптасып қалған шаруашылық тетіктері, сіресіп қалған ескі басқару әдістері, жоспарлаудың бұрынғы ізі, өндірістің жаңа техникамен жарақталуын кешеуілдетті, тозған, көне құрал-жабдықтарды техниканың соңғы жетістіктерімен ауыстыруға көптеген басшылар мүдделі болмады. Бір жағынан, ғылыми-техникалық өркениетке, экономиканы дамытуда жаңа белеске жол ашқан өндіріс дәрежесі мен екінші жағынан, жоспарлаудың ескі амал-тәсілдерінен шықпаған, кәсіпорын қызметін ұсақ-түйек нұсқаулармен шырмаған әміршілдік-әкімшілік басқарудың арасында кереғарлық, қарама-қайшылық орын алды. Рас, 1965 жылғы шаралар терең өзгерістерді – басқарудың шаруашылық есеп әдісін өндіріске енгізуді, өндіріс ұжымдарының дербестігіне көмектесетін демократиялық негізде шаруашылықты басқару әдісін орнықтыруды, әміршілдік мүддені экономикалық мүддемен ығыстыру, қоғамдық қатынастарды оңтайландыруды көздеді. Әйтсе де ол шаралар әміршілдік-әкімшілік басқарудың ірге тасын шайқалта алмады, 60-жылдарда түсінік қала беріп, батыстағы үлгілер жай ғана еске алынып қойды. Реформалар жобасында елімізде 30-жылдардың басында басталған несие-қаржы жүйесі бұзылмай, сол күйінде қалды, сөйтіп барлығының баламасы – ақша жаңарған шаруашылықтарда балама ретінде қаралмады. Өз өндірісін өзі жоспарлауға құқығы бола тұрса да басқарудың орталық органдары, министрліктер бұрынғысынша жоспарды жасау, тапсырмаларды орындау ісіне араласып, кәсіпорын жұмысына дұрыс болсын, дұрыс болмасын өздерінше баға беріп отырды. Мұның бәрі түпкі нәтижеге теріс ықпал етіп, кәсіпорын дербестігінің құлашын жайдырмады.

Реформаның тағы бір кемшілігі тіке сызық бойынша да (негізгі өзгеріс кәсіпорын дәрежесіне ғана қатысты болды), көлденең жазық бойынша да (сауда, жабдықтау салалары, банк жүйесі шаруашылық жүргізудің жаңа жағдайына бейімделмеді) дамымады. Ең бастысы шаруашылық тетіктерінің құрылымын жасау болды. Мұндай жағдайда, сөз жоқ, бағада түбірлі өзгеріс күтуге болмайтын еді (олар бұрынғысынша, шығынды күйінде қалды), материалдық-техникалық жабдықтауда (көтерме сауда өндірісті қаржыландыруға көмектеспеді) ілгеріге баяу қадам жасалды, материалдық ынталандыруда жағдай (еңбекке ақы төлеуде теңгермешілікке жол берілді) солай болды.

Қоғам мен жалпы экономиканың ойдағыдай дамуын тежеген факторлардың бірі – осы жылдары дабыл қаққан «кемелденген социализм» тұжырымдамасы саяси-ғылыми айналымға енгізіліп, кең насихатталды. Жақын және алыс болашақтағы іс-қимылда ол басшылыққа алынып, стратегиялық және тактикалық әдістерді белгілеуге тиісті болды. Алайда 70-жылдардың барысында социализм туралы ұғым,оның шектен тыс артықшылығы туралы анықтама бұлыңғырланып, қоғам дамуына объективті баға беру көмескіленді. «Кемелденген социализм» тұжырымдамасында өмірдің барлық саласында артықшылық туғызып, қоғамның органикалық тұтастығына, динамикалық дамуына қолайлы жағдай жасайды» деген пайым орын теуіп, ол насихат пен үгіт барысында адамдар миын шырмады. Мұның өзі болып жатқан үрдістер (процестер) түбіріне үңілуге, жағдайды дұрыс талдап, түсінуге бөгет болды. Бұл басқару практикасына да көлеңке түсірді. Қабылданған шешімде жағдайдың күрделілігі, қайшылығы ескерілмеді, жартыкеш, тар, шектеулі сипаттағы нұсқаулар халықшаруашылығы мұқтаж болып отырған нақты, өзекті, терең өзгерістерге бастау бола алатын ойлар мен пайымдарды тұсап, жақсы нәрселер жалғасын таппады, нақты іспен беркітілмеді. Барлығы жоққа сайылып, шенеунік аппаратының тұңғиығында жоғалды. Бұл жылдары «Жоғарыдағыларға қолайлы болса болды» деген пиғыл өріс алды. Жоғарыдағыларға ұнау өлшем белгісін анықтады. Ол тіпті ақылға симайтын, қоғамдық мүддеге қарсы келсе де жоғарыдағының бұйрығын мүлтіксіз орындау міндет деп саналынды.

Қаралып отырған кезеңде жалпыхалықтық меншік қарқынды дамыды. Қазақстан жұмыс жасап тұрған басқару жүйесінде құрал-жабдықтарды қоғамдастыруда мүмкіндік беретін шеңберде жетістіктен көрінді. Сөйтіп мемлекеттік кәсіпорындарда да, колхоздарда да қоғамдастыру кең етек жайды. Бөлінбейтін қордың өсуі, колхоз демократиясының тарылуы, аппарат құрамдарын ұстау үшін жоғары органдардың шаруашылық қаржыларынан бір бөлікті алуы, қарапайым теңгермешілікті ұлғайтып, өндіріс тиімділігін кемітті, іс жүзінде қоғамдық меншік экономиканың тұтас ырғақты, табысты дамуына айтарлықтай үлес қоса алмады. Мемлекеттік-монополистік меншік өндірістік қатынастарды шайқалтып қана қойған жоқ, сонымен бірге еңбекке адамгершілік көзқарасты нашарлатып, басқарудың нағыз әміршілдік-әкімшілік жүйесінің үстемдік жасауына жол берді. Мемлекеттік меншік шеңберіндегі жаппай жоспарлау экономикада тапшылықты туғызды, орталықтан үнемі беріліп отырған бұйрықтар қоғамның қозғаушы күшіне айналып, кері нәтижеге әкеліп соқтырды. Директивалық орталық жоспардың нақты сипаты үш органның өзара байланысты субъектілерінен тұрады. Олардың бірі – тапсырма беруші және оның орындалуын қадағалаушы, екіншісі – орындаушы кәсіпорын (халықшаруашылығы саласының жұмысшы) қызметкері, үшіншісі – кәсіпорын, нәтижені тұтынушы (жеке адам, ұжым) болып табылады. Тапсырма берген орган, көп ретте өнімді тұтынбайды, сондықтан ол өнімнің саны мен сапасына, сырттай ғана, көрсеткіштер бойынша баға береді. Мұндағы дәл көріністі анықтау үшін көрсеткіштер көлемі шағын болғаны дұрыс. Халықшаруашылығында ондаған мың өнімдер өндіріледі. Олардың саны мен сапасын, қаржыландыруын, өндіріс орнын, тұтынылуын, қоймаларда сақталуын, тасымалдануын, запастағы, және үлестірілу көлемін анықтау мыңдаған параметрлер бойынша жүргізіледі. Нақты жағдайдың алуан әртүрлілігі құрамындағылардың бұлардың ширегіне келмейтін бақылауына симайды. Бұл әдіс жоғарыдан бақылаудың тиімсіздігін көрсетіп, өндіріске пайда бермеді.

Өндірісті ұйымдастыруда еңбек өнімділігін арттыруға төңкерісті өзгеріс жасайтын, соған қабілетті жаңалық ашу, өнертапқыш ойлар тұншықтырылды, олардың жолына төрешілдік, өзімшіл басшылар, «көрсеткіш экономика» кесе тұрды. Мұнда әсіресе «көрсеткіш экономиканы» баса айту керек. Ол шындықты бүркемелеп, теріс ақпарат берді, өндіруші тұтынушы алдында есеп бермей, өнім сапасы арқылы емес, көрсеткіш арқылы ведомоство алдында есеп берді. Сөйтіп өндірістік көрсеткішке тәрбиеленген адамдардың ғана «бағы» жанды. Меншіктің бұл түрінің түпкі мақсаты қарапайым, шын мәнісіндегі еңбеккердің мүддесіне, оның тұтынуына бағытталмай, адамның еңбексүйгіш табиғатын қалжыратты. Өзінің бастауын коллективтендіруден алған СОКП-ның аграрлық саясаты шаруаға қарсы сипатқа ие болды. Ауыл қаланың шикізат көзі болып есептелді, ауыл қала өнімін өткізетін рынокқа айналды. Олардың арасындағы экономикалық қарым-қатынас көп уақытқа дейін баламалы негізде емес, заттай алмастыру сипатымен дамыды. Ауыл мұқтажына қаржы бөлу өскен кезде, СОКП Орталық Комитетінің наурыз Пленумынан кейін сатып алу бағасы көтерілді, колхоздардан табыс салығын алудың мөлшері өсті, шаруаның экономикалық мүддесіне едәуір нұқсан келіп, нәтижесінде олардың еңбектің түпкі нәтижесіне деген ықыласы жоғалды. Колхоздар мен совхоздар қаржысын алу қандай жолдармен жүзеге асты? Ең әуелі ауылшаруашылығына қажетті өнеркәсіп өндірісі шығаратын құрал-жабдықтар қымбаттады. 1965-1985 жылдары ауылшаруашылығына арналған өнеркәсіп өнімдерінің бағасы 2,5 есе артты. Оныншы бесжылдықта сегізінші бесжылдықтағымен салыстырғанда жер жырту және егіс салу агрегаттарының құны 3 есеге артты. Өндіріс кәсіпорындарының өз өнімдеріне өздерінің баға қоюының үстемдік құқығы іс жүзінде техниканың, тыңайтқыштың, құрамажем бағасының бақылаусыз шектен өсуіне әкеліп соқтырды. Тіпті техниканы күрделі жөндеуден өткізу, оны жаңадан сатып алудан қымбатқа түсті. Екінші жағынан колхоздар мен совхоздар «Селхозтехника», «Селхозхимия» және басқа да ұйымдар қызметіне ақы төлеп, орасан зор шығынға ұшырады. Көптеген колхоз басшылары, тіпті колхозшылардың өздері де масылдық психологияға малданды, қоғамдық қаржыны өз шаруашылығының келешегін ойламастан пайдаланды. Еңбекке ақы төлеу соңғы нәтижені күтпестен жүргізілді, ол нақты еңбек үлесіне, түскен кірістің дәрежесіне тәуелді болмады. Бұл арада идеологиялық, моральдық факторлар шешуші роль атқармады. Ауыл тұрмысы даңғаза ұрандарда жазылғаннан мүлде бөлек болып шықты.



Азық-түлік молшылығы жасалмауының тағы бір себебі – егіс даласынан тұтынушыға дейін ауылшаруашылығы өнімі орынсыз шашылып, ысырап болды. Колхоздар мен совхоздардың шаруашылық дербестігін нығайту туралы әлденеше рет шешім қабылданғанына қарамастан жағдай біржола оңға баспады. Шаруашылық, қызметі ұсақ-түйек мәселеге дейін «жоғарыдан» реттеуге бағынып, «жоғары аппараттың» бұйрығын күтіп отырды. «Шаруашылықтар ірі болған сайын жұмыс жақсы жүреді, тұрақты өнімге қол жетеді» деген ұғым ұзақ жылдар бойы билеуші топтың санасын улады. Іріліндіру үрдісі, әсіресе колхоздарда жүріп жатты. Мұнда шаруашылықтың көлемі, табиғи жағдайлар, қоныстандыру мекендерінің ерекшелігі, өндірістік мүмкіншілігі және басқа факторлар еленбеді. Ұсақ, еңбекті ұйымдастырудың қоғамдаспаған формалары социализммен сиыспайтын «үш қайнаса, сорпасы қосылмайтын» құбылыс ретінде қабылданды. Ақыр соңында еңбектің түпкі нәтижесін шаруа сезінбеді. Бара-бара ол жерді өндіріс-құралы ретінде пайдаланудан да қалды. Ол бұйрық берілген жұмысты атқарумен шектелді. Шын мәнісінде аудандық партия комитеттері барлық іске араласып, тіпті колхоз төрағалары да солар арқылы ауылға басшылық жасады. Ауылшаруашылығын жоспарлау, оны бағасы үнемі өсіп отырған қымбат техникамен жабдықтау, кірісті жұмсауға жоғарыдағылардың араласуы, негізгі қаржыны мемлекеттік органдардың пайдалануына қайтарымсыз беру, жоғарыдағылардың негізсіз нұсқаулары шаруашылықтардың ұйымдық-техникалық, адамгершілік негіздерін әлсіретті. Сөйтіп еңбекке ақы төлеу, әлеуметтік әділеттілік принциптері бұзылды. Осылайша бұрынғы КСРО-дағы әміршілік-әкімшілік басқару жүйесі ауылшаруашылығында да, өнеркәсіпте де, ірі тұрақты табыстарға қол жеткізуге қабілетсіз екендігін дәлелдеді. Сол сияқты бұл жүйе қоғамның әлеуметтік міндеттерін шешуде де қабілетсіз болып шықты. Нәтижесінде алып елдің экономикасы тұтас тұралап қалды.

АЙМАҚТЫҢ АГРАРЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫНЫҢ НЕГІЗГІ БАҒЫТТАРЫ

60-80 ЖЫЛДАР
Ауылшаруашылық өндірісінің жинақталған көрсеткіштері
Жаңа аграрлық саясат талаптарына сәйкес Қазақстанда, оның батыс аймағында едәуір жұмыс атқарылды. 1965 жылы Оралда, Ақтөбе, Гурьевте партия-шаруашылық активінің жиналыстарында облыстық партия комитеттерінің бірінші хатшылары Ш.Қ.Қоспанов, Н.И.Журин, М.А.Есенов «СОКП Орталық Комитеті март (1965ж.) Пленумының қорытындылары және облыс ұйымының міндеттері» деген тақырыпта баяндама жасады. Баяндамаларда облыстардағы ауылшаруашылығының жай-күйі, жетіжылдық жылдардағы атқарылған жұмыстар талқыланды, кемшіліктер атап көрсетілді. Мысалы Н.И.Журин 1953-1959 жылдары Ақтөбе облысы ауылшаруашылығында өрге басу болғаны, одан кейінгі уақытта істің бір орында тапталып тұрып алғандығы туралы ашық айтты. 1960-64 жылдар аралығында негізгі дақылдар шығымы әр гектардан 6,2 центнерге дейін төмендеді, малшаруашылығында да өнімнің барлық түрлері бойынша көрсеткіштер кеміді. Ет өндіру 1955-1959 жылдары 86,3%-ға тиісінше 87,3-13,9%, 44,8 және 42% -ке ғана артқан. Есеновтың баяндамасы бойынша соңғы он жылда малшаруашылығының дамуы артта қалған, қоғамдық мал, ірі қараның жылдық орташа өсімі 4,2% ғана жетіп, 1960-64 жылдардағы бесжылдықта ірі қара саны 2,2%-ке азайған. Мемлекетке ет, сүт тапсыру да қысқарған. Жетіжылдық тұсында Қоспановтың баяндамасында атап көрсетілгендей, егіншілікте белгілі бір табыстарға қол жеткенмен малшаруашылығында жағдай сын көтермейтіндей еді. 1960-1964 жылы колхоздар мен совхоздардағы ірі қараның тіпті қой мен ешкінің саны айтарлықтай кеміп, мал өнімі көрсеткіші төмендеді. Тұтас алғанда Батыс Қазақстан аумағындағы малшаруашылығының, егіншіліктің дамуы, олардың жоғары мәдениеті туралы айтпағанның өзінде, уақыт талабына жауап бермеді. Әйтсе де жоспарлау мен материалдық ынталандыруды жариялаған жаңа экономикалық саясатты Батыс Қазақстан аумағындағы тұрғындар кеңінен қолдады. Ауылшаруашылығы өнімдерінің сатып алу бағасының өсуі, өнімдерді жоспардан үстеме сату, жоғары бағамен өткізу мүмкіндігі, сөз жоқ, өндірісті ұлғайтуға, шаруашылықтардың пайда табуына біршама көмектесті. Бұған мысал: аталған аймақтарда «Путь к коммунизму», «Красный колос», «Щербаковский», Жданов атындағы сияқты колхоздар мен совхоздар елеулі табыстарға жетті. Нақтырақ айтсақ, Жданов атындағы совхоз бесжылдық аяғында 4103400 сомның немесе 1969 жылғымен салыстырғанда 183%-ке артық товарлы өнімін өндірді.

Ауылшаруашылығы өнімдерін сатып алудың жоспарын жасағанда мемлекеттің де, шаруашылықтың да мүдделері ескерілуге тиісті болды. Сондықтан да 1966-1970 жылдары астық сату жоспарында көрсеткіштер дәрежесі тұрақты өзгеріссіз қалып, малшаруашылығы өнімдерін тапсыру жоспары жыл сайын өсіп отырды. Оған мына таблица айғақ:




Өнім түрлері

Ақтөбе облысы

Гурьев облысы

Орал облысы

1965

1970

%

1965

1970

%

1965

1970

%

Астық млн. пұт

22,0

22,0













33

330




Ет мың тонна

47,5

71,6

150,6

19,5

33,2

170,0

00,0

95,0

153,3

Сүт м.тонна

52,0

52,0




6,9

7,0

101,5

54,0

54,0




Жүн мың тонна

47,6

71,8

150,9

37,3

48,6

130,0

72,3

96,0

132,8

Жұмыртқа млн дана













5,0




22,0

22,0




Қарақұл терісі мың дана










236

317




51,8

70,0

135,3

СОКП Орталық Комитетінің наурыз (1965ж.) Пленумының астық өндірісін одан әрі ұлғайту мәселесін қарап, бидайдың, қара бидайдың, қарақұмық жармасының, тарының, күріштің жоғары сортының сатып алар бағасын көтеру туралы шешім қабылдағаны белгілі. Осыған сәйкес Қазақстанның совхоздары 49 сомның орнына бидайдың әрбір тоннасын 65 сомға, қарабидайдың әрбір тоннасын 51 сомның орнына 60 сомға өткізген. Мемлекетке сатылған күріш пен қарақұмықтың әр тоннасының бағасы 300 сомға дейін, тарының бағасы 110 сомға дейін көтерілген. Сатылатын өнімнің мұндай бағасы саланың рентабелділігін нығайтып шығынды жабуға, пайда табуға көмектесті. Сөйтіп, жоспардан артық өнім тапсыруға, бұл өнімнің сатылу бағасын жоғарылатуға мүмкін берілгендігі ауылшаруашылығы еңбеккерлерінің, ұжымдарының өндіріске деген оң көзқарасын қалыптастырғаны жасырын сыр емес.

1966-1980 жылдардағы ауылшаруашылығының дамуына жаңа тенденциялар, көрінген сандық және сапалық өзгерістер тән. Мысалы бүкіл Қазақ КСР-ның ауылшаруашылығы өндірісіндегі, жеке алғанда республиканың батыс облыстарындағы жағдай осының айғағы.

Батыс Қазақстан ауылшаруашылығы өнімдерінің өсу қарқыны (шаруашылықтың барлық категориялары бойынша):


Жылдар


Ауылшаруашы-лығындағы орташа жылдық жалпы өнім

Оның ішінде

Егіншілік өнімдері

Малшаруашы-лығы өнімдері

млн.сом

%

млн.сом

%

млн.сом

%

1961-1965

481,5

100

144,2

100

337,3

100

1966-1970

616,1

127,9

232,4

161,2

333,7

113,8

1971-1975

661,0

137,3

230,9

160,1

430,1

127,5

Бұл жылдары, таблицадан көрінгендей жалпы өнім көрсеткіштерінде нақты өзгерістің болғаны даусыз. 1966-1970 жылдары Батыс Қазақстанда егіншілік өнімі ауылшаруашылығы жалпы өнімінің 37,0 пайызын алды. Одан кейінгі жылдары арасалмақ малшаруашылығының пайдасына қарай өзгерді. Тоғызыншы бесжылдықтың аяғында малшаруашылығы өнімі Батыс Қазақстан ауылшаруашылығы жалпы өнімі көлемінің 65 пайызынан астамын құрады.

Қарастырып отырған уақыт егіншілік пен малшаруашылығы өндірісі өнімінің барлық категориялары бойынша өскендігімен сипатталады. Мұны төмендегі таблицадан көруге болады:


Батыс Қазақстандағы ауылшаруашылығы өнімдері түрлерінің өндірісі:

Өнімдер түрлері

Бірлік өлшемдері

1961-1965ж.ж.

1971-1976ж.ж.

1971-1975ж. %

1961-1965ж.ж.



Астық

мың тонна

1197,7

2158,6

180,2

Көкөніс

--//--

33,3

51,0

153,1

Картоп

--//--

51,7

84,7

163,8

Ет (сойылған-дағы салмағы)

--//--

107,7

135,7

120,0

Сүт

--//--

335,8

535,2

159,4

Жүн

--//--

14,2

20,2

142,3

жұмыртқа

млн.дана

75,6

195,4

258,3

Тоғызыншы бесжылдықта ауылшаруашылығы қиын жағдайды бастан кешті. Бесжылдық тек 1973 және 1974 жылы ғана қолайлы болды. Қалған жылдары құрғақшылық Батыс Қазақстан облыстарының тұтас бір аумақтарын қамтыды. Басқа бір бірден-бір бесжылдықта ауылшаруашылығы мұндай қолайсыз ауа-райына ұшыраған жоқ. Басқа уақытта болса, бұл ауыр зардаптарға апарып соқтырар еді. Алайда ауылшаруашылығын инсентивтендіру, оның материалдық-техникалық базасын нығайту, ғылыми-техникалық өркениеттің табыстарына сүйену, сол сияқты, еңбекті ұйымдастыруды жақсарту, агротехника ережелерін ұстану жөніндегі шараларды жүзеге асыру қиын қолайсыз жағдайдың өзінде өндіріс дамуының біршама тұрақтылығын сақтап қалды. Ауылшаруашылығы дақылдарының өндірісін ұлғайтуға байланысты, олардан алынған өнімдерді сату көлемі де артты.



Ауыл шаруашылығы өнімдерінің басты түрлерін

өткізудің көлемі (өсуі)


Өнім түрлері

Бірлік өлшемі

1961-1965ж.ж.

1966-1970ж.ж.

1971-1975ж.ж.

1971-1975 %

1961-1965ж.ж.



Астық

мың т.

543,7

1539,6

1192,4

219,8

Көкөніс

--//--

11,2

14,2

29,2

260,7

Картоп

--//--

6,6

10,2

15,2

230,3

Мал мен құс

--//--

144,2

161,8

197,0

136,6

Жүн

--//--

15,1

18,7

22,1

146,4

Сүт

--//--

115,0

113,0

120,5

104,8

Жұмыртқа

млн дана

24,5

30,7

87,9

358,8

1971-1975 жылдары еңбекшілердің күш-жігері астық өндірісіне жұмылдырылып, ойдағыдай табыстарға қол жеткізілді. Атап айтқанда жылдық орташа жалпы өнім 2158,6 мың тонна болып, соңғы он жыл ішінде астық өнімі 1961-1965 жылдардағымен салыстырғанда 1034,9 мың тоннаға немесе 1,8 есе артты. Көкөніс пен картоп өндіру қалалар маңындағы мамандандырылған шаруашылықтарда шоғырландырылып, ілгері басты.
Негізгі ауылшаруашылығы дақылдарының шығымдылығы

(жылдық орташа өнім 1 гектардан түскен өнім) центнер


Дақылдар түрі

1961-1965ж.ж.

1966-1970ж.ж.

1971-1975ж.ж.

Астық

4,1

7,9

6,3

Көкөніс

107,4

111,2

130,3

Картоп

49,2

92,7

75,6

1965, 1968, 1970 жылдары ауылшаруашылық дақылдарының шығымдылығы жоғары болды. Ақтөбе облысында 1419,9 мың гектар алқаптың әр гектарынан 9,8 центнер жиналды. 1966 жылы осы облыстың Ленин ауданында 125,9 мың гектар жердің әр гектарынан 15,9 центнер өнім алынды. Сөйтіп облыс астық жинап, дайындауда, ет, сүт басқа да өнімдерді арттыруда жеткен көрнекті табысы үшін Отан қоймасына 50 миллион пұт астық құйғаны үшін 1966 жылғы 28 октябрьдегі КСРО жоғарғы Советінің жарлығымен Ленин орденімен наградталды.

1968 жылы Орал облысындағы Бөрлі, Жымпиты, Приурал аудандарының диқандары егіншілікте орасан зор табыстарға жетті. Бір ғана бөрліліктер 26 миллион пұт астық тапсырып, ортақ қамбаға зор үлес қосты. Осы жылы Ақжайық өңірі еңбеккерлері Отан қоймасына 128 миллион астық тапсырды. Егіншілік мәдениетінің өсуі де ауылшаруашылығы дамуына жол салды. Батыс Қазақстанның совхоздары мен колхоздарында өндіріске ғылыми негізделген жүйені енгізу оң әсер етті. Топырақты қайырмасыз әдіспен өңдеу жерді жел эрозиясынан, аңызақтан қорғап, ауа райы құбылмалы Батыс Қазақстан жағдайында да егінге ылғал жинаудың тиімді әдісі екенін дәлелдеді. Егіншілік мәдениетін көтерудің және жақсы өнім алуға жетісудің келесі бір маңызды шарасы, бұл – ауыспалы егісті пайдалану болды. 1968-1970 жылдары Ақтөбе облысында 92 шаруашылықтың 1,7 миллион гектар жеріне енгізілсе, 1974 жылы 113 шаруашылықта 1,372 мың гектар егін алқабына енгізілген. Орал облысында ауыспалы егісті енгізу көптеген шаруашылықтардың астық өндірісін ұлғайтуға сөйтіп тұрақты өнім жинауға жол ашты. Батыс Қазақстанда сортты, шығымды дақылдарды егу өзін-өзі ақтады. Облыстарда 1973 жылы «Альбидум - 43», «Саратов - 210», «Мелянопус - 26» ерте пісетін бидай сорттарын аудандастыру жүргізілді. Бұлар құрғақшылыққа шыдамды, аңызаққа, жол эрозиясына төтеп беретін сорттар болды. Жаңа төзімді, шығымды сортты дақылдар тұқымын өсіретін, мамандандырылған тұқым шаруашылықтары бой көтерді. Мысалы, олардың қатарында «Ярослав», «Пугачев» совхоздары мен «Путь к коммунизму» колхозын атауға болады.

Егін танаптары құрылымын жетілдіру, ғылыми негізделген ауыспалы егісті енгізу, тұқымның сортын жаңартып сапасын арттыру егіншілікті тұрақты дамытудың тиімді әдісі болып табылады. Мұны мысалы Жданов атындағы совхоздың тәжірибесінен көруге болады. Шаруашылықта 1966 жылы 49800 гектар жердің 33895 гектары – жыртысқа, 4600 гектары – парға, 25789 гектары – астық дақылдарын егуге арналды. Егіншіліктің жоғары мәдениетіне қол жеткізген совхоздағы егіс алқаптарының мұндай құрылымы мемлекеттік жоспар мен социалистік міндеттеменің орындалуын қамтамасыз етіп қана қойған жоқ, сонымен қатар тұрақты және мол астық өнімін жинауға, топырақтың құнарлылығы мен ылғалын сақтап оны агротехникалық негізде өңдеуге де оң ықпал жасады. Совхозда 1975 жылы егін танабы ауыспалы егіске көшіп, олардың 4-ші, 5-ші, 6-шысы ауыспалы астық парына: парға, 3 жыл ерте пісетін бидайға: парға күздік бидайға берілді. Орал ауылшаруашылық тәжірибе станциясының, Батыс Қазақстан ауылшаруашылық институтының, облыстық ауылшаруашылық басқармасының қызметкерлері, ғалымдары, мамандарының ғылыми нұсқауларына сүйенген ждановтық диқандар 9-шы бесжылдықтың аяғында әр гектардан – 18,2 центнерден, күздік бидайдан – 20,2, арпадан – 24,1 центнерден өнім алды.

Дегенмен астық өнідірісіндегі елеулі табыстарға қарамастан оның жалпы өнімі, әсіресе жемдік астық көлемі жеткіліксіз болды. Малшаруашылық өнімдерін өндіру өндірісін өнеркәсіптік негізге көшіру астық өндірісі мен дайындауды жаңа талапқа сай жүргізуді, жемді, құрамажем көлемін ұлғайтуды міндет етіп қояды.

Батыс Қазақстан ауылшаруашылығының екінші бір басты саласы – малшаруашылығы. Егіншіліктің интенсивті дамуы, егіс көлемінің өсуі, астық өндіруді арттыру, жем қорларын жасақтау малшаруашылығына да игі әсерін тигізді. 1971-1975 жылдары СОКП Орталық Комитеті наурыз (1965ж.) Пленумының алдындағы бесжылдыққа қарағанда ет өндіру – 1,3 есеге, сүт – 1,1, жүн – 1,4, жұмыртқа 2,5 еседен астам артты. Сегізінші бесжылдықта малдан мол өнім алынды. Батыс Қазақстан облыстары шаруашылықтары жоспардан тыс 60 мың тонна ет, 40 мың тонна жүн, тағы басқа да өнім түрлерін өткізді. Орал облысында сегізінші бесжылдықта әр сауын сиырдан 390 кг сүт, әр қойдан жүн – 500 грамм артық алынды.

Батыс Қазақстанда облыстық партия комитеттерінің бірқатар пленумдары «жемшөп қорын нығайту және малшаруашылығын СОКП ХХІҮ съезінің шешімдеріне сәйкес облыс шаруашылықтарында одан әрі дамытудағы партия ұйымдарының міндеттері туралы» мәселелерді талқылады. 1972жыл Батыс Қазақстан еңбекшілері үшін ауыр жыл болды. Батыс облыстары қатты қуаңшылыққа ұшырап, астық және жем дақылдарының егістік танаптары, шабындықтар мен жайылымдар орасан зор зардап шекті. Көптеген су қоймалары, құдықтар, тоғандар мен арықтар аңызақтан кеуіп қалды. Бұл арада СОКП Орталық Комитеті мен Кеңес үкіметінің Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен Республика Министрлер Кеңесінің батыс облыстарға көрсеткен көмегін айтпай кету әділетсіздік болар еді. Жерді суландыру, су тасымалы үшін қаржы мен техника бөлінді. Мұқтаж аудандарға жем, құрамажем, шөп жеткізілді. Батыс Қазақстан аумағының малшылары мен механизаторлары қиындыққа жанкештілікпен төзе отырып, қоғамдық мал басын онша үлкен шығынға ұшыратпай барынша аман сақтай білді.

Мал өнімдерін арттыру ең алдымен шаруашылықты мамандандыру, интенсивтендіру мен шоғырландыру барысына тәуелді болды. Бұл уақытта совхоздар мен колхоздарда малды интенсивті бордақылау, сулы, нулы жерді мал бағып семірту, ветеринарлық шараларды үнемі және дер мезгілде жүргізу жұмыстары біршама сапалы және жауапты атқарылды. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Пленумында Д.А.Қонаев Қостанай Орал, Солтүстік Қазақстан облыстарының озат шаруашылықтары бордақылаудың озық әдістерін қолдану арқылы әр бас ірі қараны мемлекетке 450 кг-нан асырып тапсыруда деп, басқа жерлерде жұмыс осылай жүрсе ет проблемасы әлдеқашан шешілер еді», - деген баяндамасында, ірі қараны интенсивті семіртуге Орал облысындағы «Чапаев асыл тұқымды мал зауыты мысал бола алады. Мұнда мамандандыруды терең шаруашылық ішілік арқылы жүргізудің арқасында облыста тұңғыш рет тоғызыншы бесжылдықтың жоспары барлық көрсеткіштер бойынша мерзімінен бұрын орындалды. Бес жыл ішінде жоспардағы 36590 центнердің орнына мемлекетке 36678 центнер ет тапсырылды, жоспардағы 4817 бұзаудың орнына 4817 бас ірі қара төлі өсіріліп, етке өткізілді. Бұлардың 90%-ы «Элита-рекорд» және «Элита» кластары бойынша тапсырылды. Социалистік Еңбек Ері Б.Әбілғазиев, малшылар П.Тоқлиев, К.Жұмашев және басқалары бірқатар ірі қараның салмағын 600 килограмға дейін жеткізді. Бесжылдықты асылтұқымды мал зауыты 6 млн 614 мың сом пайдамен аяқтады. Сол сияқты «Аңқаты» асылтұқымды мал заводы да айтырлықтай табыс биігінен көрініп, тәжірибесі басқа шаруашылықтарға тәжірибе ретінде ұсынылды. 70-жылдарда «Ащысай» совхозының аға шопаны. Ленин және Октябрь революциясы ордендерінің иегері Төлеуғали Нұрғалиевтің есімі республикаға танылды. Қойды ерте төлдетудің авторы әр жүз саулықтан 114 қозы алып, әріптестеріне ерен еңбегімен, жаңашылдығымен үлгі болды. Озат шопан тәжірибесі Орал облыстық партия комитетінің отырысында талқыланып, колхоздар мен совхоздарға ұсынылды. Нұрғалиевтің отарынан ерте өрген төл сол жылдың күзінде-ақ 50 килограмм салмақпен етке өткізіліп отырды.

Қарастырылып отырған кезеңде Гурьев облысының көптеген шаруашылықтары қоғамдық мал басын өсіру мен одан мол өнім алудың жаңа амал-тәсілдерін игерді. Бұл бағытта Ақтөбе облысының малшы-шопан қауымы ірі табыстарға қол жеткізді. Олар – «Индер», «Передовик» (Гурьев), «Сағыз», «Победа» (Ақтөбе), тағы басқалар. Осы тұста Батыс Қазақстан аумағының Мұғаджар, Ойыл, Индер, Махамбет және Шыңғырлау аудандарының шаруашылықтарында қыста және ерте төлдету әдісі кең қолданылып, қомақты пайда әкелді.

Мал шаруашылығы өнімдерін арттыруда, мал басын өсіруде, сөз жоқ, мал азығын, жемшөп қорын дайындау ерекше роль атқарды. 1971-1980 жылдары Батыс Қазақстан шаруашылықтарында жем рационы жаңа сапаға ие болды. Оның құрамында құрамажемінің, сүрлемнің, пішендеменің, шөп ұнының үлес салмағы артты. Мал азығын көп мөлшерде дайындау дақылды жайылымдарды пайдалану, әсіресе, жерді суландыру, шабындықтарды кеңейту және күту арқылы мүмкін болды. Мал санының өсуі өнімнің өсуіне де көмектесті КОКП март Пленумынан кейінгі онжылдықта ірі қара саны - 12%, қой мен ешкі - 14%, жылқы мен түйе – 10 %-ға артты. Ауылшаруашылығының жалпы өнімінің өсуімен қатар тиімділіктің басты шарттарының бірі – еңбек өнімділігі де жоғарылады. 1961-1965 жылдары әрбір жұмысшыға жылдың орта есеппен 1534 сомның өнімі, ал 1971-1975 жылдары бұл көрсеткіш 22 пайызға дейін көтеріліп, 1980 жылға дейін сақталды. Өндірістің өсуі ауылшаруашылығы өнімін өндіруге шығынды біршама қысқартты. Әрине бұдан экономика ілгеріге тұрақты қадам жасайды деген үміт туды. Зерттелген шаруашылықтарда 1965 жылы бір центнер астық өндіруге 0,82 адам-күні керек болса, 1975 жылы 0,9 адам-күні керек болды. Көкөніс картоп, ет және сүт тиісінше, 1,86-дан 1,21-ге, 8,4-тен 7,8-ге, 1,5 адам-күнінен 1,2 адам күніне дейін азайды. Алайда еңбектің аз жұмсалуы түптің түбінде ауылшаруашылығы өнімдерінің өзіндік құнының төмендеуіне себепші болмады. Батыс Қазақстан облыстарында керісінше 1965-1975 жылдары бір центнер астықтың өзіндік құны 27,4%, осынша еттің, сүттің, жүннің және жұмыртқаның өзіндік құны тиісінше 29,3%, 23,4%, 55,7%, 14,3%-ға өсті.

Мұның негізгі салдарын біздің пайымдауымызша, егіс танаптары шығымдылығының төмендеуімен, малшаруашылығы өнімінің аз өндірілуімен, жемшөп базасының көп жерде жеткілікті жасақталмауымен, жұмыс учаскелерін механикаландыру мен автоматтандыру дәрежесінің төмендігімен, табиғи апаттың жиі қайталануымен, басшылықтың әміршілдік-әкімшілік жүйесінің үстемдігімен түсіндіруге болады.



Батыс қазақстан ауыл шаруашылығы
Ауыл шаруашылығы
Мәдени-әлеуметтік дамуы
Батыс қазақстан облыстары 60-80 жылдарда
Ауылшаруашылығы өндірісін ұйымдастыру: тәжірибе және проблемалар
Ауыл-село тұрғындарының әлеуметтік және еңбек белсенділігі
Батыс қазақстан облысы тәуелсіздік жылдарында
Облыс ауыл шаруашылығына нарықтық қатынастардың енуі: жетістіктері және қиындықтары



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11


©engime.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

енгізу | тіркеу
    Басты бет


материалдарды жүктеу