Қазіргі күн нақтылығы негізгі орындаушы туралы мәселеге қайта қарау қажеттігін талап етуде. Бұған бірнеше мәнді негіз бар. Біріншісі Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасының паспортының өзінен туындайды. Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасының жобаларын жүзеге асыруға Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі жүйесінің жетекші ғылыми-зертеу институттары, ғалым-зерттеушілері мен техникалық мамандары жұмылдырылған.Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасын Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі құзырына беру қажеттілігі төмендегі ұсыныстар мен мәселелер кешенінен туындайды. Мақсаттары мен міндеттері, сондай-ақ, баспалардың идеялық ұстанымы көрінетін жобалар тұжырымдамасын жасау қажет. Оның жоспарында тұжырымдамаларды қалыптастыру мен оны талқылау мерзімі ескерілуі керек. Әрбір бағыт бойынша жобаның бас қосымша орындаушысы мәртебесін анықтау керек. Ең алдымен, бұл жазба ескерткіштері мен елеулі деген шығармаларды таңдап алу және жүйелеу. Бұл жағдайда, бірінші кезекте, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі саласына қатысы бар сарапшыларды, жоғарғы білікті аудармашыларды және ғылыми редакторларды, мамандарды іріктеу мәселесі алға шығады. Кейбір жағдайларда, жұмыс бірнеше рет тілдік өңдеуден өткізуді (шет ел тілінен орысшаға, ал одан соң орысшадан қазақшаға аудару), сонымен қатар көлемді ғылыми түсініктер мен түсіндірулерді қажет етті. Бұл үшін уақыт пен нарық талабына сәйкес келетіндей материалдық-техникалық база құрылуы қажет. Көрсетілетін қызметтің ақпараттық және бағдарламалық қамтамасыз етілу мәселелері тиянақты шешілуі тиіс. Себебі кейде материалды өткізетін мерзімде, әсіресе көне тілдерден аударылғандарды теретін компьютерлік технология саласындағы мамандардың болмауы келеңсіз жағдайлар тудырады. Осы жерде айта кетер жайт, оларды пайдалану мен еңбегі үшін төлемақысы да жобада қарастырылмаған. Ұлтымыздың тарихы мен мәдениетін жаңғыртуда, халқымыздың мәдени мұрасының өзіндік құндылықтарын қайта екшелеп, жүйелеуде «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының ерекше маңыздылық танытып отырғандығы баршамызға аян. Қазақ елінде, бүгінгі жаңарған Отанымыздың тағдыр шешті кезеңдерінен бірге қайнасып өткен, тарихы терең, халқының рухани байлығы әр заманда биіктен көрінген Қостанай мен Арқалық өлкелерінде «Мәдени мұра» Ұлттық стратегиялық жобаның өзекті мәселелеріне арналған республикалық ғылыми-практикалық конференциясын өткізу біздің еліміздің экономикалық, әлеуметтік-саяси және мәдени даму бағытына сай жауап беретіндей дер кезіндегі және нақты жасалынған іс-шара болып есептелінеді. ХХІ ғасырдың басындағы Қазақстанның экономикалық даму қарқыны мен жеткен жетістіктері мәдени үрдістердің ілгері жылжуына зор әсерін тигізді. Осы орайда, қазіргі Қазақстандағы мемлекет тарапынан басшылыққа алынып отырған ғылым мен мәдениет арасындағы жемісті келісімнің үлгісіне айналып отырған «Мәдени мұра» Ұлттық стратегиялық жобасын атап айтуға толық құқылымыз. Оны жүзеге асыру Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2008 жылғы 13 маусымдағы «Мәдени мұра» жобасының Қоғамдық кеңесінің кеңейтілген отырысындағы баяндамасында айқындап көрсеткен қазақ халқының, сонымен қатар елімізде тұратын барлық этностардың өзіндік мазмұны бай тіліне, рухани және материалдық мәдениетіне жүгінген. Сонымен қоса, бір мезгілде бүкіл әлемдік өркениеттің рухани-мәдени дамуының көп қырлы тәжірибелерін де сіңіре білуімізде. Бұл Бағдарлама еліміздің мәдени мұраларын сақтауға, пайдалануға және зерттеуге, үгіт-насихат, даму жалғастығы және тарихи-мәдени салт-дәстүрлерді қайта қалпына келтіру, мәдени мұраны зерттеудің тұтастай жүйесін құру іс-шаралары, оның ішінде қазіргі кезеңдегі ұлттық мәдениет, фольклор, салт-дәстүр және әдет-ғұрып, төл ұлтымыздың жазуы мен тарихымыздың ғасырлар бойғы тәжірибесін талдау, әр қырынан тарихи және ғылыми сериялар жасау, сонымен қатар тарихи және мәдени ескерткіштерді қайта өңдеу, қалпына келтіру және мұражайларға айналдыруға, мәдени мұраның ғылыми-зерттеу, материалдық-техникалық құрамдас мәселелерін нығайту және дамытуды зерттеуге байланысты негізгі аспектілерді анықтайды.