Білім беру ұйымдарын мемлекеттік
аттестаттаудан өткізу туралы
НҰСҚАУЛЫҚ
1. Жалпы ережелер
1. Осы Білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттаудан өткізу туралы нұсқаулық (бұдан әрі - Нұсқаулық)»"Білім туралы" Қазақстан Республикасының
Заңына
, "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 3 қыркүйектегі N 1305
қаулысына
өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 30 наурыздағы 216
қаулысына
және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 28 қазандағы N 1111
қаулысымен
бекітілген Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы қадағалау және аттестаттау комитеті туралы ережеге сәйкес әзірленді.
2. Нұсқаулық меншік нысандарына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, мектепке дейінгі және мектептен тыс білім беру ұйымдарын және жалпы бастауыш, жалпы негізгі, жалпы орта, кәсіптік бастауыш, кәсіптік орта, кәсіптік жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттауды (бұдан әрі - аттестаттау) ұйымдастыру мен өткізу рәсімінің бірыңғай талаптарын белгілейді.
3. Меншік нысандары мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан (медициналық және фармацевтикалық білім беру ұйымдарын қоспағанда) кәсіптік жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарын, сондай-ақ кәсіптік орта білімнің білім беру бағдарламаларын және мамандандырылған білім беру бағдарламаларын іске асыратын ведомстволық бағынысты білім беру ұйымдарын аттестаттауды Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы қадағалау және аттестаттау комитеті (бұдан әрі - Комитет) ұйымдастырады және өткізеді.
4. Жалпы бастауыш, жалпы негізгі немесе жалпы орта, кәсіптік бастауыш, кәсіптік орта білімнің негізгі және қосымша білім беру бағдарламаларын, арнаулы және мамандандырылған білім беру бағдарламаларын іске асыратын заңды тұлғаларды, сондай-ақ мектепке дейінгі және мектептен тыс ұйымдарды аттестаттауды республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органдары жүргізеді.
5. Кәсіптік бастауыш және кәсіптік орта білімнің негізгі және қосымша бағдарламаларын, мамандандырылған және арнаулы білім беру бағдарламаларын, сондай-ақ спорт бойынша балалар мен жасөспірімдерге арналған қосымша білім беру бағдарламаларын іске асыратын заңды тұлғаларды аттестаттауды облыстың жергілікті атқарушы органы жүргізеді.
6. Жалпы бастауыш, жалпы негізгі немесе жалпы орта білімнің негізгі және қосымша білім беру бағдарламаларын (арнаулы және мамандандырылған білім беру бағдарламаларын, спорт бойынша балалар мен жасөспірімдерге арналған қосымша білім беру бағдарламаларын қоспағанда) іске асыратын заңды тұлғаларды, сондай-ақ мектепке дейінгі және мектептен тыс ұйымдарды аттестаттауды ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органдары жүргізеді.
7. Қазақстан Республикасының аумағында басқа мемлекеттер немесе олардың заңды және жеке тұлғалары құрған білім беру ұйымдарын және халықаралық білім беру ұйымдарын, шетелдік оқу орындарының филиалдарын аттестаттау, егер Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттарда басқаша көрсетілмесе, онда Қазақстан Республикасының білім беру ұйымдары үшін белгіленген тәртіппен өтеді.
8. Білім беру ұйымдарын аттестаттау олардың меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан Қазақстан Республикасының мемлекеттік және/немесе ресми тілдерінде жүргізіледі.
9. Білім беру ұйымдарының филиалдарын аттестаттау білім беру ұйымдарының құрамында білім беру ұйымдарына арналған тәртіппен жүргізіледі.
10. Алғашқы аттестаттау жаңадан құрылған:
1) жалпы бастауыш, жалпы негізгі, жалпы орта білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында - төрт жылдан кейін;
2) кәсіптік бастауыш, кәсіптік орта, кәсіптік жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында тиісті деңгейдегі бірінші бітіруші мамандарды даярлаудан кейін бір жылдан кешіктірмей;
3) мектепке дейінгі және мектептен тыс білім беру ұйымдарында үш жылдан кейін өткізіледі.
11. Білім беру ұйымдарын келесі аттестаттау бес жылда бір реттен артық емес жиілікпен өткізіледі.
Мемлекеттік аралық бақылаудан өтпеген білім алушылардың саны білім беру саласындағы Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы белгілеген шекті саннан асатын білім беру ұйымдары келесі оқу жылы кезектен тыс мемлекеттік аттестаттауға жатады.
12. Білім беру ұйымдарын аттестаттаудан өткізу кезінде:
1) білім беру ұйымдарының тиісті деңгейдегі мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын орындауы;
2) білім беру ұйымдарының білім беру қызметін лицензиялау кезінде қойылатын біліктілік талаптарын сақтауы;
3) білім беру ұйымдары өздерінің қызметтерінде білім беру саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарын сақтауы анықталады.
13. Аттестаттау өткізу кезіндегі зерделеу нысандары:
1) берілетін білім беру қызметінің сапалық деңгейі;
2) оқу-әдістемелік, тәрбие процестері;
3) оқыту және тәрбиелеудің әдістері мен технологиялары;
4) кадрлардың біліктілігіне қойылатын талаптар;
5) ақпараттандыру деңгейі;
6) оқытудың инновациялық технологиялары (кредиттік оқыту жүйесі, қашықтықтан оқыту технологиялары);
7) білім беру ұйымдарына қойылатын талаптар (кадр құрамы, қаржы-экономикалық тұрақтылық, материалдық-техникалық және әлеуметтік база, оқытудың техникалық құралдары, ақпараттық-кітапханалық база, ғылыми-зерттеу және өндірістік базасы, педагогикалық және жоғары ғылыми білікті кадрлар даярлауға арналған базалар, өндірістік практикадан өтуге арналған базалар);
8) негізгі жұмыс бағыттары (әкімшілік-ұйымдастыру жұмысы, әдістемелік жұмыс, оқу-әдістемелік жұмыс, білім беру сапасын басқару жөніндегі қызмет, ғылыми-әдістемелік жұмыс, ғылыми-зерттеу жұмысы, тәрбие жұмысы, жоғары білікті ғылыми кадрларды даярлау және ғылыми-педагогикалық кадрларды қайта даярлау, халықаралық ынтымақтастық, бітірушілерді жұмысқа орналастыру жөніндегі қызмет, кәсіптік бағдарлау жұмысы);
9) білім беру сапасын басқару жүйесі.
14. Білім беру ұйымдарын аттестаттаудан өткізу үшін ақпарат жинаудың негізгі әдістері мен тәсілдері:
1) материалдық-техникалық базаны және әлеуметтік қамтамасыз ету нысандарын көзбен көру;
2) білім және ғылым саласындағы заңнама талаптарының сақталуын тексеру мақсатында білім беру ұйымдары мен олардың бөлімшелерінің құжаттамаларын зерделеу (оның ішінде, ұйымдастыру, білім беру және тәрбиелеу процестері, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жоспарлау, қатаң есептегі құжаттарды есепке алу, сақтау және беру, оқытушылар мен қызметкерлерді жұмысқа қабылдау, студенттер контингенті жөніндегі бұйрықтар);
3) оқу процесінің көрсеткіштерін талдау, білім беру процесін ұйымдастыру;
4) Бірыңғай ұлттық тестілеудің, Мемлекеттік аралық бақылаудың, оқуды бітірушілерді қорытынды мемлекеттік аттестаттаудың нәтижелерін талдау;
5) білім алушыларды, оқытушыларды, қызметкерлерді және оқушылар мен тәрбиеленушілердің ата-аналарын, мектеп бітірушілері мен жұмыс берушілерді іріктеп сауалнамадан өткізу;
6) оқу сабақтарына қатысу;
7) білім алушылармен, оқытушылармен және қызметкерлермен әңгімелесу;
8) білім алушылардың білімі мен біліктілігіне тексеріс өткізу (кешенді тестілеу, бақылау жұмысы, эссе, жобалық тапсырмалар, шығарма).
15. Аттестаттау жалпы алғанда білім беру ұйымдары бойынша, одан басқа кәсіптік бастауыш, кәсіптік орта, кәсіптік жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары үшін сондай-ақ мамандықтар (кәсіптер) бойынша жүзеге асырылады.
16. Білім беру ұйымдарын аттестаттауға арналған шығындар бюджеттік қаражаттар есебінен жүзеге асырылады.
Достарыңызбен бөлісу: |