Байланысты: Білім беру технологиялары бағдар, ізденіс, сапалы нәтиже
Білім беру технологиялары: бағдар, ізденіс, сапалы нәтиже Боранбаева Ғалия Тұрсынқызы Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы
Ұстаз алдындағы басты мақсат – сапалы білім мен саналы тәрбие беру, тұлғаның заман талабы мен ағымына сай қалыптасуына ықпал ету. Тұлғаны жан-жақты жетілдіруде таным баспалдақтарына жетелер дағды-машықтарды қалыптастыруға жол ашатын оқыту мен тәрбие технологиясын жете білу, меңгеру, біліктілігін арттыру, әлемдік даму үрдісіне қатысар тұлға даярлау – мұғалім мақсатының бастау көздері.
Қазақстан Республикасының Президентінің: «Ұлттық бәсекелестік білімділік деңгейімен айқындалады. Қазіргі заманда жастарға ақпараттық технологиямен байланысты әлемдік стандартқа сай мүдделі жаңа білім беру өте қажет» – деген бағдарлы сөзі педагогтардың алдына қойылар міндеттерді де саралайды. Бәсекеге барынша қабілетті қоғамға ену мақсатын алға қойып отырған еліміздің білім беру саласында нәтижелі ізденістер бастау алуда. «Білім туралы заңда» оқытудың жаңа технологияларын ендіру, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу міндеті айқын көрсетілген. Осы міндеттер тұрғысынан қарағанда пәнді оқыту барысында технологиялардың қолданысқа тиімді, ұтымды нұсқаларын таңдап-талғау алдыңғы кезекте тұрады.
Жалпы өз пәнінің шебер маманы педагогикалық технологиялардың өзіндік болмысы мен тарихи бастауларын жете білгені жөн. Осы тұрғыдан педагогикалық технологиялар жөнінде қажетті деп тапқан мәліметтерді ұсынуды жөн көрдік.
Зерттеушілер американдық және еуропалық мектептердегі оқытуды технологиялық тұрғыдан құруды бастау қозғалысын 50-жылдар ортасымен байланыстырады. Бастапқы кезде педагогикалық технология ұғымы оқытуды техникаландыру деген түсінік ретінде негізге алынып, бүгінгі күнде көріп отырғанымыздай кемел ізденістерге жол ашты, түрлі педагогтар мен әдіскерлердің анықтамалары негізінде кеңейе түсті. В. Беспалько, Б. Блум, М.Кларина, В.Монахов және басқалардың пікірлеріне сүйенсек, педагогикалық технология (нақты – оқыту технологиясы) дегеніміз оқытудың ұйымдастыру формалары, құралы және дидактикалық үрдісімен байланысты білім беру жүйесінің құрамдас бөлігі болып табылады.
Педагогикалық технологиялар жайлы кейбір пікірлерге ғана төмендегі жүйеде қысқаша келтіре кетсек:
Педагогикалық процестің жеке бағдар негіздері педагогикалық технологиясы.
Ынтымақтастық педагогика, ізгілікті тұлғалық технология. Ш.Амоношвили – Е.Н.Ильин жүйесі: адамды қалыптастыру пәні ретінде әдебиетті оқыту.
Оқушылар қызметін қарқындату, интенсивтендіру және белсенділігін арттыру негізіндегі педагогикалық технология.
Ойын технологиясы: проблемалық оқыту, шет тілі, мәдениетті оқытудағы коммуникативті технология (Е.И.Пассов). Оқу материалының белгілеу моделі мен сызбасы негізінде оқытудың интенсивтендіру технологиясы.
Қазіргі дәстүрлі оқыту
Оқыту процесін ұйымдастыру және нәтижелі басқаруға негізделген педагогикалық технология
Түсіндірмелік басқарудағы тірек сызбасын пайдалану арқылы перспективалық оқыту (С.Н.Лысенкова)
деңгейлік зерделеу технологиясы
міндетті нәтиже негізінде деңгейлік зерделеп оқыту (В.В.Фирсов).
ұжымдық оқыту әдісі
топтық технология
компьютерлік (жаңа ақпаратты)
бағдарламалы оқыту технологиясы
жекелеп оқыту технологиясы (А.С.Границкая)
баланың қызығушылығы бойынша жеке ыңғайда оқытуды мәдениетке тәрбиелеу технологиясы (И.Н.Закатова)
Мәліметтерді қайта жаңарту және дидактикалық жетілдіруге негізделген, педагогикалық жетілдіруге негізделген педагогикалық технология.
экология және дидактика (А.В.Тарасов)
мәдениет диалогы
дидактикалық біліктердің күрделенуі (П.М.Эрдниев)
ой қызметін кезең бойынша қалыптастыру теориясының іске асуы (М.В.Волович).
Жеке пәндік педагогикалық технология.
салауаттылыққа оқытудың ерте және интенсивті технологиясы (В.Н.Зайцев)
бастауыш мектепте жалпы оқытуды жетілдіру технологиясы (В.Н.Зайцев)
есеп шығару негізінде математиканы оқыту технологиясы (Р.Г.Хазанкин)
нәтижелі сабақ жүйесі негізіндегі технология (Н.Н.Палтышев)
Балама технология.
Вальдорфстік педагогика (Р.Штейнер)
еркін еңбек технологиясы (С.Френс)
ықтималдық білім беру технологиясы (А.М.Любок)
Табиғи тектестік технология
салауаттылыққа табиғи тектес тәрбие (А.М.Кушнир)
өзіндік даму теориясы (М.Монтессори)
Дамыта оқыту технологиясы
дамыта оқыту жүйесі (Л.В.Занков)
дамыта оқыту технологиясы (Д.Б.Эльконин-В.В.Давыдов)
тұлғаның шығармашылық қасиетін дамытуға бағытталған дамыта оқыту жүйесі (И.П.Волков, С.С.Альтшулер)
жеке адамға бағытталған дамыта оқыту (И.С.Якиманская)
өзіндік дамыта оқыту технологиясы (Г.К.Селевко)
Авторлық мектеп педагогикалық технологиясы
бейімделген педагогика мектебі (Е.А.Ямбург, Б.А.Бройде)
орыс мектебі үлгісі
өзін анықтау авторлық мектебі технологиясы (А.А.Тубельский)
саябақ мектебі (М.А.Балабан)
астромектеп (А.А.Католиков)
ертеңгі күн мектебі (Д.Ховард)
Алыс және жақын шетелдік ғалымдар мен педагогтардың жаңашыл ізденістерімен танысып, білім беру технологияларын өз тәжірибесінде қолданумен қатар қазақстандық ұстаздар ұлттық дұниетаным ерекшеліктеріне бейімделген өздерінің авторлық технологияларын да қалыптастырды. Бұл жаңашыл ізденістер оқу материалын ұйымдастыру жолдары мен құралдарының ерекшелігі, қағидалық құрылымы және оқыту жүйесінің белгілі бір әдістемелік жақтарымен айқындалады.
Қазақстандық технологияларға тоқталар болсақ, кеңінен қолданылатын танымал технология түрлері: «Оқытудың үш өлшемді әдістемелік жүйесі» (Ж.Қараев, Ж.Кобдикова) және «Модульдік оқыту технологиясы» (М.Жанпейісова) туралы сөз саптай кеткенді жөн көрдік.