Диссертацияның құрылымы. Диссертациялық жұмыс кіріспеден, үш тараудан, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
ЖҰМЫСТЫҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ
Кіріспе бөлімінде зерттеу жұмысының өзектілігі негізделіп, мәселенің зерттелу деңгейі сипатталады. Зерттеу жұмысының мақсат-міндеттері, деректік негізі, хронологиялық шеңбері, методологиясы, ғылыми жаңалығы, қорғауға ұсынылатын тұжырымдар мен тәжірибелік маңызы айқындалды.
«Ғұмар Қараштың қоғамдық-саяси көзқарасының қалыптасуы» деп аталатын бірінші тарауда ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың бас кезеңіндегі Батыс Қазақстан аймағындағы әлеуметтік-экономикалық өмір жағдайлары, жалпы қайраткердің дүниетанымдық көзқарасының қалыптасуына әсер еткен жайттар талданды.
Ғұмар Қараш 1875 жылы бұрынғы Бөкей губерниясының Талов қисымындағы (уезіндегі) Борсы жерінің Құрқұдық мекенінде (қазіргі Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданына қарасты) дүниеге келген [26, 2 п.; 23, 50 б.; 22, 4 б.]. Ғұмардың дүниеге келіп, ер жеткен ХІХ ғасырдың соңғы ширегі Ресей империясы тарихының күрделі кезеңі болатын. 1861 жылы крепостнойлық право жойылғаннан кейін капиталистік қатынас қоғамдық өмірдің барлық саласына дендеп еніп, сауда мен ауыл шаруашылығының дамуына әсер ете бастады. Бірақ Ресей экономикасының артта қалғандығы, рухани өмірінің мешеулігі бұл жаңа қатынастың тез жайылып дамуына кеселін тигізе берді. Соның ішінде ұлттық аймақтарда өнеркәсіптің дамуы өте мардымсыз болды. Көшпелі халықтың одан әрі отырықшылануына, егіншілік, қолөнер, балық аулау т.б. салаларының жаңа тұрғыда дамуына мүмкіндік бола бермеді. Дегенмен, Ғұмар Қараштың өскен өлкесі Таловка қисымында 1870-1880 жылдары егіншілікпен шұғылданушылар көбейе түсті. Бұрын бұл жерде тары өсірумен шұғылданса, енді ауыл шаруашылығы салаланып ақ бидай, қара бидай, сұлы, арпамен қатар бау-бақша пайда болады [ 27, 75 п.].
ХІХ ғасырдың аяғында Қазақстаннан барған сайын көп мөлшерде астық (дәндей және ұндай) тасылып әкетіле бастады, мұның өзі қоныс аударушылар шаруашылықтарында да, қазақтардың шаруашылықтарында да товарлы астық өндірісінің артуымен байланысты болды. Бөкейлік пен Орал облысы қазақтары осы кезеңде товарлы астық өндіріп сатуда алға шықты. Біздің тақырыбымыздың негізгі өзегі болып отырған Талов қисымында 1899 жылдары қазақтар 2060 десятина ақ бидай, 145 десятина тары, 100 десятина сұлы, 420 десятина қара бидай ексе, Тарғын қисымында 1200 десятина ақ бидай, т.б. дақылдар егіледі. Бөкей Ордасы бойынша 2580 десятина ақбидай, 440 десятина қара бидай т.б. өнімі алынған [ 28, 12 п.]. Жоғарыда аталған Талов, Тарғын қисымдарында егін егіп, ору, дән түсіру жұмыстарына қырлы тас, молотилка, сеялка сияқты жаңа техниканы пайдалану кең таралған. Сондай-ақ 11 жел диірмен жұмыс істесе, оның 7-і Таловкада болған. Сламихинде 5 диірмен істеген [ 29, 21 п.].
Солай десек те мұрағат мәліметтеріне қарағанда ХХ ғасырдың басында Бөкей даласы шаруашылығы біржақты дамыған. Ал Ресейдің астықты аудандарымен шекаралас жоғарыда аталған Таловка, Тарғын қисымдарында егін шаруашылығының өркендеуі байқалады [ 30, 6 п.].
1900 жылы Бөкей Ордасындағы 55998 шаңырақтың бәрі дерлік мал өсірумен шұғылданып, қолдарында 118989 бас түйе, 172312 жылқы, 39025 мүйізді мал, 1833778 бас қой-ешкі болған. Соның ішінде Таловка қисымында 6915 шаңырақ, ол оның №1 старшындығында, Борсы ауыл қоғамында – 1030, Ғұмар Қараш туып, өскен №2 старшындықта 914 шаңырақ болған [31, 27 п.].
Таловка қисымының бір ерекшелігі тұрғындарының құрамы көп ұлтты. Мұрағат қорында сақталған мына бір мәліметтен осы ерекшелікті айқын көруге болады: 1900 жылы Таловкада орыстар, қазақтар – 339, татарлар – 198; 1902 жылы – 190 үй, оларда 683 орыс, 612 қазақ, 361 татар тұрса, 1909 жылы – 208 үй, оларда 798 орыс, 608 қазақ, 383 татар тұрған. Бұл сандардан көріп отырғанымыздай, әр жыл сайын жергілікті қазақтардан гөрі орыс, татар халықтарының саны өсіп отырғаны байқалады [ 32, 34 п.].
Бұл өлкеге татарлардың келуі қазақтар үшін пайдалы жақтарының болғандығын да жасырмауымыз қажет. Біріншіден, жергілікті қазақтардың алыстағы Қазан, Уфа, Самара, Орынбор, Бұзаулық (Бузулук) сияқты т.б. қалалармен байланысы жақсарады. Сөйтіп қазақ жастарының осы қалаларда оқу, өнер үйренуіне, тұрмыс мәдениетін жөндеуге, шаруашылықтың дамуына, сауданың ұлғаюына септігі тиеді. Татарлардың негізгі кәсібі сауда болғандығы белгілі. Әрине Таловкада егішіліктің дамуына байланысты жер үшін татарлармен талас-тартыстардың, болып тұрғандығын архив деректері дәлелдеп отыр. Бірақ келе-келе тегі бір, діні бір екі халық өзара жақындаса түседі. Екі ұлттың бұл жақындасуынан сескенген орыс үкіметі жергілікті әкімшілікке қосымша шаралар қолданып, Таловка жеріне орыстардың – көптеп көшіп келуі үшін тезірек жер, несие беруін талап етеді [ 33, 30 п.].
Сонымен татар халқының артынша 1875-1880 жылдары, яғни Ғұмар Қараштың дүниеге келген шамасында Ресейдің көрші губернияларынан Таловка жеріне орыстар да көшіп келіп, орныға бастайды [34, 121 п.]. Жасынан зерек Ғұмардың орыс және татар тілдерін жетік меңгеруіне осы ахуал ықпал етті деген пікір түйеміз.
Патша үкіметі қазақ халқын рухани езгіге де ұшыратты. Империялық мемлекет қай уақытта да отар елдің жерін басып алумен қатар экономикалық тәуелділікте, рухани бағыныштылыққа ұстауға тырысатыны белгілі. Отарлаушылар қазақтардың мемлекеттік рухын қалайда жою ниетінде, оянып келе жатқан ұлттық санасын тұмашалап, тілінен, дінінен, дәстүр-салтынан айыру бағытындағы ұйымдастырылған шараларды іске асыруға ұмтылды. Алайда патша әкімшілігінің керітартпа кедергілеріне қарамастан ХІХ ғасырдың соңына таман қазақтардың өз күшімен мұсылман мектептерін ашып, ер балалармен қатар қыз балаларды да сауаттандыруға деген ұмтылысы күшейіп отырған. Бұл пікірімізге мына мұрағат дерегі дәлел бола алады. Мәселен, 1865 жылғы мәлімет бойынша Бөкей даласындағы 93 қазақ мектебінде оқыған 3142 баланың 1200-і қыз балалар болған [ 35, 12 п.].
Бірақ қазақ балаларының білімге мұндай ұмтылысы патша үкіметіне ұнамады. Халық ағарту министрлігі миссионер ғалымдардың тікелей араласуымен дайындаған 1870 жылғы 26 наурыздағы ережеге сәйкес Н.И. Ильминский оқу-ағарту ісінде мұсылмандарды орыстандырып, орыстармен сіңістіріп жіберу міндетін атқаратын орыс-түземдік аралас мектептерінің санын көбейтуді ұсынды [36 , с. 167].
Бізге жеткен деректерге қарағанда әкесінен жастай жетім қалғанмен дәулетті ағайындары Ғұмарды Жанша деген молдаға оқуға береді. Бұдан соң ол мешіт ұстаған указной молда Ғұмар Жазықұлының шәкірті болады. Екі молдадан алған біліміне қанағат қылмаған зерек Ғұмар одан әрі Ысмағұл Қашғари молданың мектебінде білімін толықтырады. Сөйтіп, Борсыға таяу Жалпақтал қыстағында мешіт, медресе ұстаған Ғұбайдолла Ғалікеев хазіреттен «мешіт ашып, молда болады» деген куәлік алады да, өз ауылы Құрқұдыққа молда болып келеді.
Ғұмар Қараштың қоғамдық-саяси көзқарастарының қалыптасуының қайнар көздерінің бірі – ол Ресейдің озық-ойлы қоғамдық ой-пікірі мен демократиялық бағыттағы ағымдары болып табылады. Өйткені Ғұмардың өзі туып өскен Орал өңірінің Ресейге жақын орналасуы, орыстың демократиялық зиялы қауым өкілдерінің қазақ елінде жиі болуы және қазақ жастарының Ресейдің орталық қалаларында университеттік білім алып, халықтың игілігі үшін қызмет атқарулары Ғ.Қараштың саяси көзқарасының өсуіне әсер еткені сөзсіз. Қазақстанның Батыс өңірінен университеттік білім алған қазақ зиялыларының саны, басқа өңірлерге қарағанда басымырақ болғаны да ақиқат. Мысалы, Ғұмар Қараш ІІ-ші Думаның депутаты, ірі қайраткер Бақытжан Қаратаевпен, сол сияқты «Айқап» журналын шығарушылардың бірі болған заңгер Жанша Сейдалинмен жақын араласып қана қоймай, сонымен бірге пікірлес те болған. Міне, осындай рухани әсерлер Ғұмардың қайраткер болып қалыптасуына ықпал еткені анық.
Т.Виннер, Е.Ысмайлов, М.Ысмағұлов, Б.Қ.Бірімжаров, С.Өзбекұлы т.б сынды зерттеушілер Ғ.Қараштың сол кезеңдегі саяси оқиғаларға көзқарасы төңірегіндегі ой-пікірлерін 1905-1907 жылдар аралығындағы орыс революциясының ықпалымен байланыстырады. Мәселен, Ғұмардың саяси санасының өсіп жетілуі жөнінде ағылшын ғалымы Томас Виннер 1958 жылы жарық көрген «Орта Азия әдебиеті» деген еңбегінде: «1905 жылғы саяси толқулар оның өмірге деген көзқарастарын түбегейлі өзгертіп, ол орыс төңкерісшілерінің мұрат-мақсатына еліктеп, ел арасында насихат жұмысын жүргізе бастады. Кейінірек Ғұмар Қараш бар күш қуатын поэзияға арнап, еңбектері Қазан, Офа (Уфа-Б.Б.) және т.б. үлкен қалалардағы татар газеттерінде жарық көре бастады. Оның поэзиясы Сұлтанмахұт Торайғыровтың поэзиясы сияқты саяси және әлеуметтік мазмұнға толы» [ 25, 32б.], – деп жазды.
Т.Виннердің бұл пікірін Ғ.Қараштың «Фикер» газетінің 1906 жылғы 19 санында «Қазақ халқының ахунд уа имамларына уа ғайри баш адамларына бірнешеу өтініш» атты мақаласының жариялануы дәлелдей түседі. Баспасөз тарихынан белгілі бұл кезеңде қазақ тіліндегі басылымның болмауы себепті қазақ оқығандары өзге татар тіліндегі газет-журнал бетін пайдалануға мәжбүр болған. Олар татар зиялыларымен достық қарым-қатынас жасаған. Мәселен, зерттеуші ғалым Р.Нафигов татар ақыны Тоқайдың Б.Қаратаев, Н.Ипмағанбетов, Х.Досмұхамедов, Ғ.Қараш сияқты қазақ достарының болғандығын көрсетеді [ 37, с. 52].
Алаш тұлғасының өмір жолын, қоғам дамуына қосқан үлесін барлап, байыптап қарағанда Ғұмар Қараш – ХХ ғасыр басында қазақ елін қараңғылықтан құтқарудың жолын іздеген, өз тұсындағы жаңа тұрпатты педагог. Ол – артына өлмес мұра етіп, ұлы тағылымдарын қалдырған ойшыл философ, халқын өнер мен ғылымға, берекелі ел болуға үндеген қайраткер ағартушы.
Достарыңызбен бөлісу: |