11. Қазіргі оқытуды ұйымдастырудың формалары
Сабақ оқытуды ұйымдастырудың негізгі нысаны болып табылады. Сабақ уақыты қысқа, сондықтан ол күрделі және жауапты кезең, себебі сабақтың сапасы оқушының дайындығына тікелей әсер етеді. Сол себепті мұғалімдер сабақтың жаңа технологиясын жасап, енгізу, қысқа мерзім ішінде оқу міндеттерін орындау үшін көп еңбектенеді. Жақсы сапалы білім беру-басты талап болып табылады. Көп нәрсе мұғалімнің сабаққа қойылатын талаптарды түсінуіне және орындауына байланысты. Талаптарды әлеуметтік сұраныс, оқушылардың жеке қажеттіліктері, оқыту мақсаты және міндеттері, оқу процесінің заңдылықтары мен принциптері анықтайды.
Одан басқа мектептерде көмекші нысандар, атап айтсақ, кеңес, қосымша сабақтар, нұсқаулар, үйірме, клуб жұмысы, сыныптан тыс оқу, үй жұмыстары және басқалары қолданылады. Кейде сыныптан тыс оқытатын нысандарға экскурсияларды, мектеп жанындағы үлеске, шеберханадағы жұмысты, туған өлкеге саяхатты, спорт жарыстарын, т.б. жатқызады.
Қазіргі уақытта оқытудың мына формаларын көрсетуге болады:
1. оқытудың екі жақты сипаты;
2. оқытушы мен оқушылардың бірлескен әрекеті;
3. оқыту жағынан басқаруы;
4. арнайы жоспарланған ұйымдастыру мен басқару;
5. бүтіндік пен бірлік;
6. оқушылардың жас дамуының жас ерекшеліктеріне сәйкестігі.
Қазіргі уақытта білім ошақтарында мына төмендегі оқыту формалары кеңінен қолданылады:
Міндетті оқыту
Ашық оқыту
Оқыту тәжірибесі
Енгізілген оқыту
Дистанциялық оқыту
Инклюзивті оқыту
Контекстік оқыту
Политехникалық оқыту
Проблемдік оқыту
Бағдарламалы оқыту
Дамыта оқыту
12. Оқытуды ұйымдастыру формалары-тұтас жүйенің элементі
«Форма» сөзі латын тілінен аударғанда сыртқы көрініс деген мағына береді, яғни сыртқы сызық - белгілі орныққан тәртіпті меңзейді. Философия ғылымында «форма» ішкі мазмұнды ұйымдастыру деген ұғыммен анықталады. Сондықтан оқыту формасы оқу материалын меңгерудегі оқушылардың өзара әрекеті деп көрсетсек болады. Оқыту формасы әдіс, амал, құралдар, оқушылардың іс-әрекетіне тәуелді болады. Оқыту формасы мұғалімнің белгілі бір оқу материалын игеру барысындағы оқушының оқу іс-әрекетін басқару және оқу тәсілдерін меңгерумен сабақтас. Сабақтың сыртқы көрінісі оқу материалының ішкі бөліктерінің басын біріктіріп және дидактикалық категория ретінде оқу процесін ұйымдастырудың сыртқы пішінін белгілейді, мұның өзі оқушылардың білім сапасының көрсеткіші мен өтетін уақыты және орны, оның жүзеге асырылу тәртібі секілді жағдайлармен байланысты. Педагогика тарихында педагогтардың тұжырымдары және оқуды ұйымдастырудың әртүрлі формаларына сүйене отырып, оқытудың формаларын былайша қарастыруға болады:
1.жеке: мұғалім бір ғана оқушымен жұмыс істейді; 2. жеке-жұптық: оқушы-оқушы, оқушы-мұғалім арасындағы жеке не жұптық оқыту жұмысы; қазіргі жағдайда мұғалімнің оқушымен қарым-қатынасы жеке оқушының әзірлік процесіндегі қызметімен айқындалады; 3. жеке-топтық: топ мектепте жұмыс істейді, бірақ бір мектепте оқытылатын оқушылардың жасы әр шаманы құрайтын топ болады (оқытудың бұл түрі орта ғасыр мектептерінде қолданылған); 4. өзара бірлесіп оқыту (аталған оқыту жүйесі Англияда пайда болған, атауы-Белль-Ланкастер жүйесі); 5. саралап оқыту: оқушылардың қабілетіне қарай оқыту (Мангейм жүйесі); 6. бригадалық оқыту: тапсырманы бригада алады: бір сыныпта 5-6 оқушы ұйымдасады, есеп беруші - бригадир (оқытудың бұл түрі XX ғасырдың 20-жылдарына тән); 7.Американдық «Винетка-жоспар», «Трамп -жоспар», т.б. 8. Оқытудың микротоптық жүйесі: фронтальді, ұжымдық жұмыс, т.б.
Оқытуды ұйымдастырудың алуан түрлері зерттеліп, олардың ішінен қазіргі заманға лайықтылары іріктелді. Мектепте оқитын оқушылардың саны, олардың оқитын жерлері, оқу жұмысының ұзақтығы зерттеліп, баланы жекелеп оқыту, топтық, ұжымдық оқыту, сыныпта, сыныптан тыс, мектепте, мектептен тыс жерлерде оқыту жолдары анықталды. Баланы жекелеп оқыту өте ерте кезден бар. Ол тапсырманы мұғалімнің не өзінің үйінде орындайды. Тапсырма мұғалім оқулығынан беріледі. Жекелеп оқыту қазір де қолданылады.
Достарыңызбен бөлісу: |