Дәріс № 13
Дәріс тақырыбы:
Педагогикалық сөйлеу функциясы.
1. Мұғалім сөзінің функциялары.
2. Әрбір функцияның өзіндік ерекшеліктері.
Дәріс мақсаты:
мұғалім сөзінің функциялары және ерекшеліктері білім жүйесін қалыптастыру
Дәріс мәтіні
1. Мұғалім сөзінің коммуникативтік сапасына қойылатын талаптар , ең алдымен оның педагогикалық функцияларымен байланысты. Мұғалім сөзінің бірден-бір негізгі функциясы – білім беруде толыққанды қамтамасыз ету.
Мұғалім сөзінің коммуникативтік ерекшеліктерімен және оқушылардың білімді қабылдауы мен есте сақтауының табысты болуының арасында тікелей байланыс бар екендігі белгілі. Мұғалім сөзі бұл қабылдауды түсінуге оңай, қызықты етуі немесе оны қиындатуы мүмкін.
Мұғалімнің сөзінің бұл функциясының мәнділігі мынадай факт туралы болмақ, білімнің оқушылардың есінде ұзақ уақытқа дейін сақталуы педагогикалық сөйлеу мәдениетінің ерекшелігіне байланысты: мұғалім дауысында эмоционалдық реңктің сақталуы, оның интонациясы, сөйлеудегі ырғақтылығы, сөздердің айтылу сипаты. Былайша айтқанда, мұғалім сөзі шеге сияқты қағылу керек. Кейін қанша жыл өтсе де ол сөздер шәкірт есінде қалып, олар айта-айта жүретіндей мәңгі жүректе сақталыну керек.
Жаңа материалды меңгертудегі мұғалім сөзінің педагогикалық міндеті – оқушыларға білім алуға мүмкіндік туғызып қана қоймай, оларда осы білімге деген эмоционалдық – құндылық қарым-қатынас қалыптастыру, сенім негізінде өз мінез-құлқын басқаруда оларға қажеттілік тудыру. Мұғалім, егер оның сөзі тек ақпараттандырып қана қоймай оқушылардың санасына, сезіміне әсер ете алса, оларды бір әрекет жасауға талпындыра алса ғана бұл міндеттерді шеше алады.
Мұғалім сөзінің міндеттерін логикалық байланыстылығын құрастырып көрейік:
ақпараттандыру дамыту әсер ету
білімге қатынасын
қалыптастыру білім негізінде әрекет етуге ұмтылдыру
интеллектісін байыту, білімді құндылық ретінде
арттыру қабылдау
білім мәнін жете
түсіну, ұғыну өз мінез-құлқын басқару ретіндебілімді қолдану
Өкінішке орай, бұл логикалық байланыс жалпы мектеп іс-тәжірибесінде “жүзеге аса бермейді” және оқушылардың білімі жалған жинақталған түсінікте қала береді. Оқушылардың жүрегімен сезілмеген, оған жетпеген, ақыл-ойына әсер етілмеген, көптеген қателермен, оқулықтан алынған жаттанды бос сөз тіркестері, ақпараттың аз ғана мөлшерін бере алады. Мұғалім бағдарламаға сай оқу материалын айтқанмен, білім оқушылардың санасында шындық өмірмен байланыспаған, тек абстракция көлемінде ғана қалыптасады. Оқушының шындық дүние мен білім арасындағы алшақтық осылай пайда болады. Педагогикалық кемеліне жетпеген мұғалім сөзінің құны осындай.
2. Мұғалім сөзінің және бір функциясы – оқушылардың нәтижелі оқу іс-әрекетін қамтамасыз ету. Педагогикалық сөз оқушылардың сабақта нәтижелі тыңдауын қамтамасыз етуі керек. Әдетте оқушы мұғалім сөзін тыңдай отырып, көптеген әр түрлі операцияларды жүзеге асырады:
- дыбысталған ақпаратты көрнекілік бейнесімен нақтылайды;
- оны алған білімімен, тәжірибесімен байланыстырады;
- оқытушының ойының логикасын аңғаруға тырысады, оны есте сақтайды, мәнін ұғынады.
Осылайша бастауыш сынып сабағында педагогикалық сөздегі ырғақтың мәнділігін талдау мына жағдайды көрсетті: мұғалім сөзіндегі ырғақтың кемшілігінен, оқушыларда ақпартты қабылдаудың дәл және толық еместігі байқалған. Сонымен бірге, қате қабылданған ақпараттар саны ұлғайған.
Сабақта оқу материалын дұрыс қабылдау үшін мұғалім сөзінің логикалық екпінінің мәнділігіне жүргізілген зерттеулерде де осыған ұқсас жағдайлар байқалған. Дұрыс қойылмаған екпіннен оқушылардың 40 пайызы берілген ақпаратты ешқандай қабылдамаған, 11 пайызы тек бір бөлігін, 47 пайызы тек бас жағын ғана қабылдаған. Мұғалім сөзінің екпінінің бірқалыптылығы, шектен тыс дауысты көтеріп сөйлеу, ғибраттылық оқушыларды шаршатады.
Оқушылардың танымдық іс-әрекетінің нәтижелілігіне, мұғалімнің сабақтағы коммуникативтік мінез-құлық стилі де әсер етеді. Мұғалім сөзіндегі тиымдар, “үндеме”, “тоқтат”, “отыр”, “жап”, “болды” деген зілді сөздер және “әдеттегідей ештеңе білмейсің”, “сенің ата-анаң қайда қарап отыр”, “мұны түсіну саған қайда” деген оқушыны қағытудағы таныс сөздер, оқытушы мен оқушы арасындағы қарым-қатынасты бұзып қана қоймай, ақыл-ой белсенділігін де төмендетеді.
Грузия педагогы Ш.А.Амонашвили оқытушы мен оқушы арасындағы ізгілікті қарым-қатынас құрудың негізін қалады. Ш.А.Амонашвилидің коммуникативтік тәсілдерінің бірнешеуін келтіріп көрейік: оқушының сенім мүмкіндігін туғызуда “меніңше, саған менің көмегімнің керегі жоқ сияқты. Сен өзің де керемет орындайсың”, оқушының сәтсіздігіне күйінішін позитивтік мазмұнда көрсетеді : “қалайша бұлай боп қалды? Бұл кездейсоқ осылай болып қалған шығар. Себебін түсіндіріп көрейік, қане”.
Педагогикалық сөздің келесі бір функциясы – мұғалім мен оқушылардың арасындағы қарым-қатынастың жемісті болуын қамтамасыз ету.
Мұғалім сөзі бұл қарым-қатынаста реттеушілік рөл атқарады. Мұнда мұғалімнің оқушылармен әңгімелесуі, сәлемдесуі, өз талаптарын қоюы, ескерту жасауы, тілегін білдіруі; оның сөзінің мәнерлілік бояуы , интонациясы, бет келбеті, көзқарасы, мәнері қандай, осының барлығының маңызы ерекше.
Көп нәрсе мұғалімнің қарым-қатынастағы дербес стиліне байланысты (қорқытуға негізделген қарым-қатынас, әзілдесу арқылы жасалатын қарым-қатынас, достыққа негізделген қарым-қатынас және т.б.).
Бұл авторитарлық және демократиялық стилдерге де байланысты. Ұлы педагог А.С.Макаренко өзінің тәрбиеленушілерімен қарым-қатынасты “оқушыға қаншалықты талапты көп қойсаң, соншалықты оны құрметте” деген принцип негізінде құрды. Нақты жағдайларға байланысты ол сабырлы және көңілді, әзілкеш және қатал, өктем және жұмсақ бола білді.
Бақылау сұрақтары:
1. Мұғалім сөзінің - білім беруді толыққанды қамтамасыз ету функциясын түсіндіріп беріңіз.
2. Оқушының материалды ұзақ уақыт есте сақтауының, педагог сөзіне байланысын түсіндіріңіз.
3. Жаңа материалды меңгертудегі мұғалім сөзінің міндеті қандай?
4. Мұғалім сөзінің міндеттерінің логикалық байланыстылығын “Топтастыру” стратегиясы бойынша көрсетіңіз.
5. Оқушы білімі мен өмірдегі алшақтықтың пайда болу себебін түсіндіріңіз.
6. Мұғалім сөзінің оқушылардың нәтижелі оқу іс-әрекетін қамтамасыз ету функциясының маңыздылығын түсіндіріңіз.
7. Мұғалім сөзіндегі ырғақтың кемшілігі қандай жағдайлар тудырады.
8. Мұғалім мен оқушылардың арасындағы қарым-қатынастың жемісті болуын қамтамасыз ету функциясының маңыздылығы неде?
Достарыңызбен бөлісу: |