Өзгерістерге ықпал ету
Мектеп өзгерістер агенті ретінде де қызмет етеді. Біз мектепті аяқтағанмен, білім алуды тоқтатпаймыз. Алайда жаңа білім мен технологиялар ересектерге қарағанда, мектеп оқушыларына бағытталады. Сонымен қатар сыни және аналитикалық ойлауды дамыту арқылы мектеп өзгерістерге себепші болады. Колледждер мен университеттерден де жаңа білім алынады деп күтіледі.
Конфликт теориясы: білім және теңсіздіктің таралуы
Конфликтология теорияшылары құрылымдық-функцоналистердің білім саласы мәдениетті қалыптастырады, студенттерді сұрыптайды және жастарды әлеуметтендіреді деген пікірімен келіседі, бірақ бұл функцияларды жан-жақты қарастырады. Конфликтология теорияшылары мектептің қалыптасқан жағдайды нығайтып, теңсіздікті сақтап қалатынына мән береді.
Білім – капитализм құралы
Кейбір конфликтология теорияшыларының тұжырымы бойынша мемлекеттік мектептердің негізгі көздегені – басқарушы таптың пайдасы. Бұл теорияшылар мектепте оқытылатын мәдени ойдың негізінде жатқан астыртын бағдарлама221 бар деп санайды. Мемлекеттік мектептердегі мұндай бағдарламаға өз кезегін күтуді, ережелерді сақтауды, ұқыпты болуды, сыйластық көрсетуді және артық сұрақ қоймауды үйрету жатады. Бұл дағдылардың барлығы балаларды жұмысшы табының өкілі болуға даярлайды (Gatto, 2002). Ал таңдаулы жеке мектептегі оқу бағдарламасы балаларды шығармашылыққа және сыни ойлауға, сол сияқты олардың артықшылыққа лайық екендігіне үйретеді. Конфликтология теорияшылары жеке және мемлекеттік мектептер дифференциалды жетістік негізінде жастарды әртүрлі марапат күтуге, яғни осылайша – жастарды теңсіздікті қалыпты деп қабылдауға үйретеді деп есептейді (Kozol, 2005).
Білім – мәдениет құралы
Конфликтология теорияшыларының тұжырымдауынша, оқу және жазу дағдыларымен қатар, балалар басым мәдениеттің ықпалымен сол көзқарасқа негізделген тарихты және мәдениетті оқиды (Spring, 2004). Мысалы, АҚШ тарихында «Үнді соғысы» сипатталады, бірақ байырғы америкалықтардың соғыстары жайлы аз айтылады. Сол сияқты ХІХ ғасырдың аяғында АҚШ-та қытайларға қарсы зорлық көрсетілгені және ІІ Дүниежүзілік соғыс кезінде америкалықтардың жапондықтарды лагерьге айдағаны туралы еш жерде жазылмайды. Тіпті өнер мен музыка сабақтарында Латын Америкасы мен Азия мәдениеті еленбейді және афроамерикалықтардың мәдениетті дамыту үшін қосқан үлесі туралы айтылмайды.
Достарыңызбен бөлісу: |