Аудармаға атсалысуы. "Евгений Онегиннің" кейбір тарауларын еркін аударуы туралы мәлімет. Әріп Тәңірбергенұлы (1856-1924) – ақын. Абайдың талантты шәкірттерінің бірі. Жастайынан мұсылманша мектеп, медреселерде оқыған. Семейдегі миссионерлік мектепті бітірген. Шығыс мәдениетінен хабары мол, араб, парсы, қытай, орыс тілдерін жетік білген. 1882-83 ж. Аякөз маңында, ал 1884-87 ж. Шәуешек қаласында (ҚХР) орыс консулының тілмәші. 15-16 жасынан айналасына ақындығымен таныла бастайды. Өлеңдерінде араб, парсы әдебиеттерінің ықпалы байқалады. Қыздың сұлулығын шектен тыс романтик бейнеде суреттегені үшін Әріп кезінде ұстазы Абайдың қатаң сынына ұшыраған. Бұл жас ақын үшін үлкен сабақ болды. Ол өзінің ақындық жолында Абайды үнемі ұстаз тұтып отырды. Дастандарында Абайдың өлең кестесіне ден қояды. Әріп әсіресе, Абай поэзиясының ағартушылық және сыншылдық бағыттарына жиі назар аударған. «Серікбай қажыға», «Байларға», «Қабдолла биге», «Тәрібек болысқа» т.б. өлеңдерінде Әріптің Абай үлгісіндегі сыншылдық қасиеті айқын көрінеді. Жастарда оқу-білімге, еңбекке шақыру тақырыбына жазылған «Ғылым туралы», «Еңбек туралы», «Шәкірттеріме», «Шұғбанға» сияқты өлеңдерінде Абайдың ағартушылық идеялары жалғасын тапқан. «Қалың мал туралы» өлеңінде ақын әйел теңдігі мәселесін көтереді. Мұнда да әлеумет, теңсіздік, әр адамның бас еркі деген сияқты мәселелерге келгенде ұстаз ақынның ұлағатты ойларымен сабақтастық сезіледі. Абай үлгісі Әріп шығармашылығының бүкіл табиғатынан танылып жатады. «Абайдай болмасам да атақты ақын» деп, ақын салған дәстүрлі жолды өзіне бағдар тұтатынын айтады. Осы үлгіде туған Әріп еңбектерінің бірі – орыс ақыны А.С.Пушкиннен аударған «Евгений Онегин» романының үзінділері. Өзінен бұрын Абай аударғанын, Абай барған тақырыпқа қайталап қалам тартуы Әріптің ақындық қарымын, батылын аңғартады. Аудармада, тіпті оның жекелеген шумақтарында Абай өлеңінің кесте-бояулары байқалып тұрады. Әріп қаламынан лирик шығармаларымен қатар шығыстық оқиғалар желісімен жазылған «Зияда-Шамырат», «Қожа Ғафан», «Нұрғозарұн», «Таһір» сияқты бірқатар хисса-дастандар туды. Әріп – Абай шәкірттерінің ішіндегі өткір тілді, терең ойлы, табиғи дарынды, білімді, мәдениетті ақындардың бірі. Ақын туралы осы айтылған пікіріміздің шындығын дәлелдеу үшін ең алдымен, оның өмір тарихын бұлжытпай, барынша дұрыс баяндауымыз керек. Әріп Тәңірбергенұлы 1856 жылы Семей облысы, қазіргі Жарма ауданында туған. Руы – найман, найман ішіндегі сыбан. Сыбанның бес баласының бірі – Жанкөбек. Жанкөбектен нар дауысты Нарынбай. Нарынбай он жетінші ғасырда Ташкенттің бегі болған. Нарынбайдан қу дауысты Құттыбай би, онан Байғара би, Байғараның бес баласының екеуін ғана айтамыз. Олар – атақты ақын әрі Ақтайлақ және Байсал онан әрі Әлі, Әліден Тәңірберген. Тәңірбергеннің баласы – Әріп. Ауызша мәліметтерге қарағанда, Әріп 11-12 жасынан бастап ауыл медресесінде оқып, одан кейін бастауыш мектебінде оқыған. Мұсылманша және орысша сауатын ашып алған соң, туысынан зерек, зейінді, сергек сезімді талапты жастың өнер-білімге құштарлығы күшейе түседі. Ол енді өз бетімен ізденіп, білімін толықтыруға барынша жігерімен беріліп, мұсылманша, орысша кітаптарды құныға оқумен болады. Одан арғы жылдардағы яғни жасы 20-дан асқан кезіндегі өмірі туралы архивтерде сақталған нақтылы тарихи деректі мағлұматтар бойынша баяндаймыз. Қазақстан мемлекеттік архив қорында: «Дело штатного смотрителя Семипалатинских училищ на 1878 год, на 626 листах» деп аталатын тарихтық мағлұмат сақталыпты. Осы мағлұматтың 186 бетінде «экзаменационный мест по арифметика для 3-го класса на 1877 и 1878 учебный год» деген мәліметте оқушылардың тізімі және емтиханда алған бағалары көрсетілген. Үшінші кластағы оқушылардың саны – 24. Олардың 17-сі орыс, 7-еуі қазақ балалары. Әріптің ең алғаш Абайды көріп-біліп, ұлы ұстаз ретінде таныған уақыты, оның Семей училищесінде оқып жүрген жылдары болатын. Әріптің алғашқы ақындық қадамында жазғандары не болмаса қолма-қол суырып айтқандары әзіл-қалжың, айтыс, жастық, махаббат тақырыбындағы өлеңдері болып келеді. Араб, парсы тілдерін жетік білген соң Шығыс әдебиетін көп оқып, өз шығармаларында Шығыс әдебиетіне еліктейді. Әріптің 1890 жылдардан былайғы негізгі өлеңдерін нағыз сыншыл релаизм бағытында жазады. Өлеңдерінің идеялық мазмұны тереңдей түседі. Халықты қанаушыларды әшкерелеп жырласа, еңбек елін дәріптеп жырлайды. Әріп шығармашылығы қазақ халқының саяси қоғамдық өмірімен тығыз байланыста дамып, өсіп отырады. Ақынның саяси сана-сезімі өскен сайын, оның өлеңдерінің идеялық мазмұны да тереңдей түседі. Шығармаларының сипаты. Өлеңдерінің көркемдік дәрежесінің әрқилылығы. Негізінен ағартушылық сарындағы, атап айтқанда, қазақ өміріндегі ғылым мен білімнің пайдасы, еңбек, достық пен махаббат, өмір сырлары сияқты тақырыптарға қалам тербегені. Ақындық ойы мен идеясын жеткізу барысында сатираны пайдалануы. Сыншылдық бағыттағы өлеңдері ("Найман Серікбай қажыға", "Тәуірбек болысқа", т.б.). Олардағы әжуа-сықақтың молдығы. Өлеңдерінде ("Еңбек туралы", "Ғылым туралы", "Шұғбанға", т.б.) адамдарға еңбек пен ғылымның пайдасын насихаттауы. Дүние, өмір жайындағы ("Дүние туралы", "Өлім туралы",т.б.) өлеңдері, Заман мәселелеріне арналған шығармалары. Ақын өлеңдеріндегі ой-пайымдардың тарихи дәуір ауанына сәйкестік нышандары. Ауыз әдебиеті үлгілерін жинаудағыеңбегі. Атақты Біржан мен Сараның айтысын бастыруы.