Сүйектің құрылысы мен құрамы. Адамның қаңқасының негізі – сүйек. Сүйек қан тамырлары мен нервтер өтетін сүйек каналдарының айналасында орналасқан остеон деп аталатын жұқа пластинкалардан тұрады. Сүйектің сыртында сүйек қабы бар. Тек қана буындарда сүйек қабының орнына шеміршек болады. Остеондардың орналасуына қарай сүйек екі түрлі заттардан тұрады: тығыз және кемік заттар. Тығыз заттар кемік сүйектің сыртын ала орналасқан. Сүйектің 1/3 бөлігі органикалық және 2/3 бөлігі бейорганикалық заттардан тұрады.
Сүйектің құрамы атқаратын қызметіне, адамның жасына қарай әртүрлі келеді. Салмақ көп түсетін сүйектерде, мысалы, бел омыртқа, жамбас, аяқ сүйектерінде минерал заттары көбірек болады.
Қаңқаның құрылысы. Адам қаңқасы бас, тұлға, аяқ-қол сүйектерінен тұрады.
Тұлға сүйектеріне омыртқа жотасы, 12 қос қабырғалар мен кеуде сүйегі жатады.
Аяқ-қолдардың сүйектері адам денесінің екі белдеуін құрады: иық және жамбас белдеулері. Омыртқа жотасының жоғарғы жағында екі жауырын сүйектері орналасқан. Олар бұғана және төс сүйектерімен жалғасады. Жауырынның сыртқы бұрыштары иық басы сүйегі арқылы қол сүйектерімен жалғасады.
Бас сүйектері екі негізгі бөліктен тұрады: ми сауыты және бет сүйектері. Ми сауыты адамның миы орналасқан үлкен қуыс. Ол маңдай, жұптасқан төбе, шүйде және екі самай, негізгі және көз торы сүйектерінен тұрады. Ми сауыты самай сүйегінің тесігі арқылы ішкі құлақпен, шүйде сүйегінің үлкен тесігі арқылы омыртқа өзегімен жалғасқан. Бет сүйектері жоғарғы және төменгі жақ, шықшыт-бет, таңдай сүйектері, кеңсірік желбезегі, мұрын сүйегі мен мұрынның төменгі кеуілжігі және көз қуысы сүйектерінен тұрады.
Бұлшық еттердің құрылысы мен қызметі. Жаңа туған сәбидің бұлшық еттері толық қалыптаспағанымен, дене салмағының 20-22 %-ндай ғана (ересек адамда 40-45 %) болады. Адам денесінде 600-ден астам бұлшық еттер бар. Олар бір-бірімен тарамыс ұштары арқылы жақын орналасқан қаңқа сүйектеріне бекітіледі. Қаңқа еттері негізінен көлденең салалы еттерден тұрады. Бұлшық еттердің пішіні әртүрлі болып, өзінің атқаратын қызметіне байланысты қалыптасады. Олар ұзын салалы, қысқа, жалпақ, ромба, квадрат, трапеция т.б. тәрізді болып келеді. Бұлшық еттің екі басы болса, оны жай қарапайым ет деп, үш немесе одан да көп бастары болса, күрделі ет деп атайды. Қозғалатын буындардың санына байланысты еттерді бір буында, қос буынды және көп буынды деп бөлуге болады. Қызметіне қарай бүгілдіргіш, жазылдырғыш, айналдырғыш т.б. болып бөлінеді. Бұлшық еттердің орналасуына қарай, бас, мойын, арқа, кеуде, құрсақ, кол-аяқ еттеріне жіктеледі. Жалпы алғанда денеде 327 жұп еттер мен 2 сыңар ет бар.
Достарыңызбен бөлісу: |