Физикалық ластану – радиоактивті заттардың әсерінен болады. Мысалы, уран рудасын ашық әдіспен өңдегенде жер қыртысында активтілігі жоғары сұйық және қатты қалдықтар пайда болады.
Биологиялық ластану – ауру тудыратын және т.б. жағымсыз жағдайлардың пайда болуын әкелетін микроорганикалық заттардың әсерінен болады.Мысалы, ластанбаған топырақта дизентерия, сүзек және тағы басқа да ауру қоздырғыштары 2-3 тәулік бойы сақталса, ластанғыштармен әлсіреген қоздырғыштар бірнеше ай мен жылдарға дейін сақталып, едәуір аймаққа таралады.
Химиялық ластану – топырақтағы тірі ағзаларға қауіп тудыратын химиялық заттардың әсері. Топырақты ластаушы көздерге өнеркәсіптік кәсіпорындардың шығаратын қалдықтары, ауыл шаруашылығында қолданылатын пестицидтер мен минералды тыңайтқыштардың қалдықтары, жылу энергетика кешені, атмосфералық жауын-шашын, апатты жағдайларда тасталынатын шығарындылар жатады.
Топырақтарды негізгі ластайтын заттарға – пестицидтер, минералдық тыңайтқыштар, өндіріс бөліп шығаратын заттар, мұнай және мұнай өнімдері жатады.
Топырақты ластайтын заттардың бірі – пестицидтер. Бүгінгі күнде әлемде 1 гектар жерге 300 кг химиялық заттар енгізіледі. Өте көп мөлшерде пестицидтерді (гербицид, инсектицид, акарицид, фунгицид, дефолианттар) қолдану топырақтардың негізгі қасиеттеріне теріс әсер етеді.
Қазіргі күнде көп ғалымдар пестицидтердің адамзатқа тигізетін әсерін радиоактивтік әсерімен теңдестіреді. Пестицидтердің дақылдар өнімділігін асыруымен бірге зиянкестер түрінің көбеюі, өнімдердің сапасы, олардың сақталу қасиеттерін төмендетеді, топырақтардың табиғи құнарлығы нашарлауына, т.б. теріс өзгерістерге алып келеді.
Артық мөлшерде енгізілген минералдық тыңайтқыштар топырақты ластайды. Бұндай жағдай азот, фосфор және басқа элементтердің биохимиялық айналымын бұзады. Нитраттардың көп мөлшерде болуы топырақтағы оттегі мөлшерінің азаюына алып келуі анықталған. Өз кезегінде бұл атмосфераға тағы да екі «жылыжай» (азот шала тотығы және метан) газдардың бөлінуіне алып келеді. Нитраттар адамның денсаулығына қауіпті болып саналады. Егер адам ағзасында нитрат мөлшері 50 мг/л-ден көп болатын болса, ол дененің улануына алып келеді.
Топырақтың мұнай және мұнай өнімдерімен ластануы өте қауіпті. Мұнай қасиеті әртүрлі және кең көлемді қолданыстағы күрделі зат,оның құрамы 3000-дай қоспадан тұрады және олардың көпшілігі оңай тотығады.
Мұнай және газ құбырларын салу кезіндегі қоршаған ортаның ластану мәселесінің жағдайын зерттеу барысында,өнім өндіру кезінде мұнаймен,мұнай өнімдерімен және мұнай газдарымен,олардың жанғаннан кейінгі өнімдерімен,күкіртсутегі,күкірттотығы,ағынды судың минералдануы салдарынан ластанудың жиі болып тұратыны анықталды. Мұнай өткізетін құбырлар апатқа ұшырауы, мұнай өндіретін технологиялардың нашарлығы, бұрғылау ерітінділері және бұрғылау кезінде түзілген қалдықтар,түрлі беттік әрекетті заттар,фенолдар,альдегиттер және бұрғылауды жылдамдату үшін қолданылатын басқа реагенттер ластануға әсер етеді. Мұнай және оның басқа да компоненттері топыраққа түсе отырып, оның қасиетін едәуір дәрежеде, ал кейде тіпті қалпына келместей етіп -битумдық сорлардың түзілуіне, цементтелуіне және т.б өзгертеді. Бұл өзгерістер өсімдік пен жердің биоқұнарлылық жағдайының нашарлауына әкеп соқтырады.Топырақ бетінің бұзылуы нәтижесінде топырақ эрозиясы, дефляция процесі жүреді.
Мұнай топырақ пен өсімдікке өте зиянды әсерін тигізеді. Мұнаймен ластанған топырақта көмірсутектер мен азоттың арасындағы ара қатынас тез өседі, бұл топырақтың азоттық режимін нашарлатып және өсімдіктердің тамырымен қоректенуін бұзады. Сонымен қатар, мұнай жер бетіне төгіліп топыраққа сіңгенде, топырақты қатты ластайды, нәтижесінде жердің құнарлы қабаты ұзақ уақыт бойы қалпына келмейді.
Мұнаймен ластанған топырақ қасиеті көптеген физика-химиялық өзгерістерге ұшырайды. Әлсіз топырақ құрамының бұзылуы және топырақ бөлшектерінің суды сіңіру қасиеті төмендейді.Мұнаймен ластанған топырақта көміртегі мен азоттың арасындағы салыстырмалы көрсеткіші жылдам өсіп кетеді,ол топырақтың азот режимін нашарлатады және өсімдіктің тамырымен қоректенуін бұзады. Бұдан басқа,мұнай жерге төгілгенде және топырақ қыртысына сіңе отырып оттегіні ығыстырады,ал оттегі өсімдік және микроағзалардың өмір сүруі үшін қажет.
Мұнай кен орындарын пайдалану процестерінде,мұнайды тасымалдап және қайта өңдеу кезінде көптеген әртүрлі қалдықтар түзіледі. Олардың негізгі бөлігін ашық резервуарларда жиналып сақталған мұнай шламдары құрайды. Бұл мұнай шламдары екінші дәрежелі қоршаған ортаны ластайтын қалдықтар көзі болып саналады. Сондықтан мұнай өндіруші аймақтардағы құрамында мұнайы бар шламдарды қайта өңдеу,қоршаған ортаны қорғау облысындағы негізгі мәселелердің бірі.
Қазіргі үлкен проблемалардың бірі – жауын-шашындармен топырақтар қышқылдығының артуы. Қышқылды жауындар жалғыз судың ғана емес топырақтардың үстіңгі қабаттарының қышқылдылығында асырады. Азот, көміртегі, күкірт тотықтары атмосфераға көтеріліп, үлкен қашықтарға жылжуы мүмкін. Олар ауадағы сумен қосылып ерітінділерге айналады. Соның нәтижесінде «қышқыл жаңбыр» пайда болады. Жерге түскенде, ол өсімдіктер, топырақ, сумен әрекетке түседі. Топырақтың құнарлылығы төмендейді. Топырақты ластайтын заттардың қомақты бөлігі түсті-қара металлургия, жылу энергетика, мұнай-газ өндірістерге байланысты.
Топырақ құнарлылығын төмендететін, жер ресурстарын бұзатын және ауылшаруашылық жер көлемін төмендететін процестер мен құбылыстарды төрт топқа бөліп қарастыруға болады:
1) топырақ жамылғысына қолайсыз әсерін жоюға болмайтын табиғи процестер. Оларға: жер сілкінісі, жанартаулардың атқылауы, топырақ құламасы және т.б. жатады;
2) топыраққа жағымсыз әсерін бірқатар жағдайда адам көмегімен тоқтатып немесе азайтуға болатын табиғи процестер. Кейбір жағдайларда адамдардың шаруашылық іс-әрекеттері бұл процестердің пайда болуын тежейді. Мысалы, су эрозиясы, теңіз, көл және су қоймаларының жағасын судың шайып кетуі, тау жыныстарының шөгінділері, су көшкіндері, сонымен қатар, топырақ құнарлылығын және шалғынды жерлердің беткі қабатын шайып кетіп, топырақты жарамсыз жағдайға әкелетін су тасқындарын тоқтату;
3) көп жағдайда адамдардың ретсіз шаруашылық іс-әрекеттерінің нәтижесінде туындайтын табиғи процестер. Оларға жататындар:
- су тасқындарының топырақтың беткі жер үсті қабаттарын қарқынды шайып кетуі, эрозия өнімдерімен құнарлы топырақты көму;
- қозғалмалы құмның топырақты басып қалуы;
- грунтты сулардың жоғары минерализациясында қуаңшылық жерлерде, дренажсыз артық суғаруға байланысты топырақтың екінші қайта тұздануы;
- су қоймаларының толуымен, жер асты суларының көтерілуі және тағыда басқа себептерге байланысты топырақтың балшықтануы.
4) антропогендік фактордың нәтижесінен, яғни толығымен адамдардың іс-әрекеттерінің нәтижесінен туындайтын құбылыстар. Оларға жататындар:
- көлік және ірі өндірістік кәсіпорындар жұмыстарының нәтижесінде атмосфераға түсетін уытты заттармен топырақтың ластануы;
- топырақты шамадан тыс, әсіресе қуатты, күшті техниканың көмегімен өңдеудің нәтижесінде топырақ қабаттарының өте қатты тығыздалуы және топырақ құрылымының бұзылуы;
- пестицидтермен тыңайтқыштарды дұрыс қолданбаудан топырақ құнарлығының төмендеп, құрамының бұзылуы;
- ірі қара-малды қарқынды ретсіз жаюдың нәтижесінде жайылымдық жерлердің бұзылуы;
- қазба байлық кен орындарын өндіруден топырақ жамылғысының бұзылуы;
- құрғату мелиорациясын дұрыс жүргізу нәтижесінен топырақтың шамадан тыс кебуі;
- өндіріс қажеттігі үшін, кәсіпорын жұмысының мақсатына бағалы сапалы жерлерді жұмсау.
Адамдардың антропогендік іс-әрекеттерінің нәтижесінен топырақ жамылғысының бұзылуы бірнеше зардаптарға әкеледі, олар:
1) жер және топырақ деградациясы;
2) жердің химиялық заттармен ластануы;
3) қоқыс және зиянды қалдықтармен топырақтың ластануы;
4) қалдық қоқыстарды төгуге рұхсат етілген жерлер көлемінің артуы.
Жер және топырақ деградациясы төмендегі әрекеттердің нәтижесінде пайда болады:
1) ауыл шаруашылығы мен орман шаруашылығы;
2) құрылыс және тау-кен өндіру;
3) рекреациялық жерлер және т.с.
Топырақтың химиялық заттармен ластануының негізгі себептері:
1) әртүрлі қауіптілік кластарына жататын қалдықтарды ретсіз төгу;
2) ағызынды суларды және және әртүрлі химиялық заттарды топыраққа төгу;
3) ластанған су көздерінен ауыл шаруашылық жерлерін суғару;
4) топыраққа, құрамында зиянды химиялық заттармен ластанған жауын-шашынның түсуі.
Достарыңызбен бөлісу: |