Биофильдік элементтер – биосфераның органикалық компоненттерінің құрамына кіретін элементтер. Биофильдік элементтерге: O, C, H, P, N, S,Fe, Ca жатады.
Жер қыртысында химиялық элементтердің көлемдік таралуын алғаш рет америка геохимигі Ф.У. Кларк анықтады. Ол жер қыртысындағы жыныстардың мыңдаған үлгілеріне зерттеу жұмыстарын жүргізе отырып, жер қыртысының орташа құрамын есептеп шықты. Жер қыртысына ол сонымен қатар гидросфера мен атмосфераны қосты. Гидросфера қатты жер қыртысы массасының тек бірнеше процентін, ал атмосфераның массасы проценттің жүзден бір бөлігін құрайтындықтан, негізінен Кларк саны элементтердің жер қыртысындағы орташа мөлшерін көрсетеді.Кларк есептеген жер қыртысының құрамы магмалық тау жыныстарында кең тараған – гранитке жақын.
40 жыл зерттеулер жүргізген Кларктың құрметіне совет геохимигі А.Е. Ферсман 1923 жылы «кларк» терминін ұсынды. Кларк – жер қыртысындағы, оның бір бөлігіндегі, Жердегі, планетадағы немесе басқа космостық нысаналардағы элементтердің орташа мөлшері.
Жер қыртысының құрамын норвегия геохимигі В. Гольдшмит, совет геохимиктері А. Виноградов, А. Ронов, А. Ярошевский, неміс ғалымы Г. Ведепол зерттеді.
Тау жыныстарындағы химиялық элементтер Кларк үлестеріне байланысты, % есебімен, үш топқа бөлінеді:
1. Мол элементтер, кларк көрсеткіштері – n10 - n10-2
2. Аз элементтер, кларк көрсеткіштері – n10-2 - n10-3
3. Өте аз элементтер, кларк көрсеткіштері – n10-3 - n10-5
Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде жер қыртысының құрамындағы ең көп тараған элемент оттегі екендігі анықталды. Оның кларкі - 47%. Оттегіден кейін таралуы жағынан кең таралғаны кремний, кларк мәні 29,5%. Одан басқа кең тараған элементтерге алюминий (кларк 8,05), темір (4,65), кальций (2,96), натрий (2,5),калий (2,5), магний (1,87) және титан (0,45) жатады. Осы элементтердің жиынтығы барлық жер қыртысы құрамының 99,48% құрап, көптеген химиялық қосылыстар түзеді. Қалған 80 элементтің кларкі 0,01-0,0001 құрап, сирек элементтер деп аталады.Егер элемент сиректігімен қатар, концентрлену қабілеті нашар болса, онда оны сирек шашыранды элементтер дейді.
Достарыңызбен бөлісу: |