Сыртқы пішіні мен тіршілік әрекетіне қарағанда олар балықтарға ұқсас, бірақ кейбір ерекше белгілері оларды омыртқалылардың ерекше тармағына жатқызады. Денесі үш бөлімнен: бас, көкірек және құйрық бөлімдерінен тұрады. Құйрық қанаттары сыртқы және ішкі құрылысына сәйкес симметриялы орналасқан, оларды протоцеркальды деп атайды. Олардың аяктары мен жактары болмайды, мұның өзі қарапайым құрылысты екендігін көрсетеді. Иіс сезу капсуласы біреу, ол бір ғана танау тесігі арқылы сыртқа ашылады. Желбезек аппараты эндодермадан пайда болған күлтелері бар желбезек қапшықтарынан тұрады. Сондықтан бұл класты қапшық желбезектілердеп те атайды. Паразиттік тіршілік етуіне байланысты жиектері өскіншектерімен шашақталған басының алдыңғы жағында сорғыш воронкасы бар. сорғыш воронкаларының түп жағында ауыз тесігі орналасқан. Мүйізді тістері воронканың ішіндегі етті тілдің ұш жағына орналасқан. Осындай ауыз құрылысына байланысты дөңгелекауыздылар деп аталған. Эпидермисті жалаңаш терісінде безді клеткалары көп және олар теріні шырыштандырып тұрады. Миногаларда дара танау тесігі екі көзінің аралығына, басының үстіне таман орналасса, ал миксиндерде басынын алдыңғы жағында орналасады. Аналь және зәр - жыныстық тесіктер кеуде мен кұйрық бөлімінің шекарасында орналасады және сыртқа ашылатын әрқайсысының жеке жолдары болады.
Ет системасы: денесінің арқа және құйрық жағындағы еттері карапайым құрылысты, олар қабат-қабат болып жатқан миомерлерден құралады, ал миомерлер өзара жабын дәнекер миосепталар арқылы жіктеліп тұрады. Желбезек қапшықтары, ауыз воронкасы мен тілі сақиналы еттерден құралады.
Қаңқасы: тұлға мен құйрық бөлімдерінің қаңқасы негізінен хордадаи тұрады. Хорданың сыртын және оның үстінде орналасқан жүйке түтігін дәнекер ұлпалардан тұратын қалың кабық қаптап тұрады. Бұл дәнекер ұлпаларында омыртқаның жоғарғы доғасының алғашқы нұсқасы болатын көптеген жұп шеміршектер орналасқан. Осы шеміршектердің хорданың жоғарғы жиегіне жалғасуы нәтижесінде қуыс пайда болады, осы қуыста жұлын жатады.