1. Ішкі мүшелер (ағзалар) туралы түсінік, олардың атқару қызметтеріне байланысты аппараттарға бөлінуі
2. Дене - қуыстарының дамуы мен құрылысы, олардың бөлімдері мен аумақтарының бөлінуі
Дәрістің қысқаша мазмұны:
Ішкі мүшелер жүйелері құрылысын зерттейтін ілімді — спланхнология деп атайды. Ішкі мүшелер жүйелеріне азық қорыту, тыныс алу, зәр бөлу және көбею (аталық және аналық) мүшелері жатады. Бұлар негізінен дененің көкірек, құрсақ және жамбас қуыстарында орналасып, қоршаған сыртқы ортамен денеден табиғи тесіктер арқылы қатысады. Ішкі мүшелер жануарлар организмі мен қоршаған сыртқы орган арасындағы зат алмасу және көбею процестерін іс жүзіне асырады. Азық қорыту аппараты организмді қоректік заттар және сумен, тыныс алу оттегімен камтамасыз етеді. Зат алмасу нәтижесінде қалдық және пайда болған ыдырау өнімдері азық қалдығы, азық қорыту, көмірқышқыл газ, тыныс алу, белоктық және азоттық алмасу өнімдері, артық су, керексіз тұздар, дәрі-дәрмектер, улы заттар зәр бөлу мүшелері арқылы сыртқа шығарылады. Аталық және аналық көбею мүшелері жануарлар түрлері ұрпақтарының сақталуы мен ұдайы көбеюін қамтамасыз етеді.
Ішкі мүшелер жүйелері жалпы құрылысы ұқсас екі түрлі түтікше және паренхималы мүшелерден тұрады. Қуысты түтікше мүшелердің қабырғалары үш ішкі кілегейлі, ортаңғы етті немесе талшықты-шеміршекті (тыныс алу мүшелерінде) және сыртқы сірлі (дене қуыстарында жатқан мүшелерде) қабықтардан тұрады. Дене қуыстардан тыс жатқан мүшелер сыртынан адвентиция қабығымен (борпылдақ дәнекер ұлпасынан тұрады) қапталады.
Кілегейлі қабық түтікше ішкі мүшелердің көпшілігінде ішек типтес болады. Ол негізінен төрт қабаттан құралған. Оларға ішкі қабаттан кілегейлі қабықтың сыртына қарай:
эпителий қабаты түтікше ішкі мүшелердің ішкі бетін жабын ұлпасы ретінде астарлайды. Себебі, олар қуыстары дененің табиғи тесіктері арқылы қоршаған сыртқы ортамен қатысады. Түтікше мүшелердің кілегейлі қабықтары, олардың дене қуыстарындағы орналасу орындары мен атқаратын қызметіне байланысты құрылысы әр түрлі эпителий ұлпасымен, дененің сыртқы бетіне жақын мүшелерде көпқабатты эпителиймен, ал зат алмасу процесі белсенді жүретін мүшелерде бірқабатты эпителиймен, ал зат алмасу процесі белсенді жүретін мүшелерде бірқабат эпителиймен
астарланған өзіндік тақташа қоректендіретін қан және лимфа тамырларына бай борпылдақ дәнекер ұлпасынан тұрады;
етті тақташа мүшелердің қызметіне сәйкес түрлі деңгейде, қатпарлы кілегейлі қабықта күшті, ал беті тегіс кілегейлі қабықта нашар жетілген. Бұл қабатты өз кезегінде бір немесе екі кабатта жатқан бірыңғай салалы ет ұлпасының миоциттері құрайды;
кілегейлі асты негіз кұрамында ірі қан және лимфа тамырлары мен лимфа түйіншелері және интрамуральды (кабырғалық) жүйке тораптары болатын борпылдақ дәнекер ұлпасынан тұрады.
Ал кейбір мүшелердің кілегейлі қабықтары, мысалы, ауыз және мұрын қуыстары мүшелерінің кілегейлі қабықтары құрылысы жағынан тері типтес болып келеді. Ол тек екі: эпителий және өзіндік тақташа қабаттарынан ғана тұрады.
Етті қабық түтікше мүшелердің ортаңғы қабығы. Ол өз кезегінде: ішкі сақинаша және сыртқы ұзынша (бойлама) қабаттардан тұрады. Етті қабық кабықтарын негізінен бірыңғай салалы ет ұлпасы құрайды. Тек, дененің сыртқы табиғи тесіктеріне жақын орналасқан мүшелердің етті қабығы қабаттарын (жұтқыншақ, өңеш, тік ішектің соңғы бөлігі мен анус, несеп-жыныс кіреберісі т.б.) ерікті жиырылатын көлденең жолақты бұлшық ет ұлпасы құрайды. Ал тыныс алу түтікше мүшелерінің (көмекей, кеңірдек, бронхтар) ортаңғы қабықтары - талшықты-шеміршекті қабықтан тұрады.
Сірлі қабық дене қуыстарында жатқан мүшелерді сыртынан қаптайды. Ол екі қабаттан: ішкі борпылдақ дәнекер ұлпалық негізден және сыртқы бірқабатты жалпақ эпителий қабатынан немесе мезотелийден тұрады. Дене қуыстарынан тыс жатқан мүшелер (өңештің, кеңірдектің мойын бөліктері, көмекей, жұтқыншақ, тік ішек, қынап т.б.) сыртынан адвентиция қабығымен қапталады. Ол борпылдақ дәнекер ұлпасынан тұрады.
Қомақты паренхималы мүшелер ішкі мүшелер жүйелері кұрамына жеке мүшелер ретінде кіреді немесе олар түтікше мүшелердің қабырғаларында орналасады. Олар негізінен ішкі мүшелер жүйелеріндегі бездер.
Без өзінен арнайы сөл бөлетін кұрылысы қомақты паренхималы мүше. Бездерге сілекей, өңеш, қарын, ішек бездерін, ұйқы безін, жыныс бездерін, бүйректі, ішкі секреция (эндокринді) бездерін т.б. жатқызуға болады. Шығару өзегі арқылы сыртқы ортаға шығарылатын без сөлі секрет, ал организмнің ішкі сұйық ортасына (қанға, лимфаға, ұлпа сұйығына) бөлінетін бөліндіні инкрет — деп атайды. Жануарлар денесінен сыртқы ортаға шығарылатын ыдырау өнімдері мен улы заттарға бай, организмге керексіз бөліндіні экскрет (зәр, тер т.б.) — дейді.
Без кұрылысы жағынан паренхималы мүше. Ол бір-бірімен тығыз байланыста қызмет атқаратын паренхимадан және стромадан тұрады. Паренхима бездің негізгі қызметін атқаратын жұмысшы бөлігі. Бездердің паренхимасын негізінен безді эпителий ұлпасы кұрайды. Ал кейбір эндокринді бездерде без паренхимасы жүйке ұлпасынан да тұрады. Строма без паренхимасы бөліктерін өзара байланыстырып, безді біртұтас мүше ететін дәнекер ұлпалық аралық. Строма арқылы безді қоректік заттармен қамтамасыз ететін қан мен лимфа тамырлары және без жұмысын реттейтін жүйкелер өтеді.
Дене қуыстары.Ішкі мүшелер негізінен сірлі қабықпен астарланған көкірек, құрсақ және сірлі қабықпен жартылай астарланған жамбас, қуыстарында орналасады. Сірлі қабық дене қуыстарының ішкі беттерін астарлаумен қатар, олардың қуыстарында жатқан ішкі мүшелерді де, сыртынан қаптап, дене қабырғасы мен ішкі мүшелер аралықтарындағы сірлі қуыстарды түзеді. Оларға: перикардиальды, плевральды, пертонеальды және қынаптық сірлі қуыстар жатады.