Дәрістің қысқаша мазмұны 1. Қазақстан тарихына кіріспе. Қазақстан тарихы пәнінің маңызы және дерек көздері.Отандық тарихтың негізгі кезеңдері Тарих – үнемі даму үстіндегі ғылым. Тарих алдымен әлемді тану, оның өткенін ашып көрсету болып табылады. Тарихтың көмегімен біз кеңістік пен уақыт ішінде серуен құрамыз. Өткенді ой елегінен өткізу бәріміз үшін ортақ нәрсе болып қана қоймайды, сондай-ақ әркімнің ой-өрісінде ол уақыт ағымына қарай өзгеріске ұшырайды. Тарихтың шұғыл бұрылыстарында өткен шақ жандана түседі және оны біз бүгінгі күннің күрделі мәселелерін шешудің белгілі бір кілті ретінде қабылдаймыз. Халық алдында тарихи таңдау мәселесі пайда болған кезде өткен шаққа жүгіну, тарих арқылы халықтың өзін-өзі тануы да қалыпты жағдайға айналады. Бұл курстың мақсаты қазақ халқының және қазіргі Қазақстан аумағын мекендеген басқа да ұлт өкілдерінің көне заманнан бүгінгі күнге дейінгі тарихына объективті әрі нанымды тұрғыдан жан-жақты сипаттама беру болып табылады. Осыны негізге ала отырып, Қазақстан тарихын зерделеген кезде мынадай міндеттерді жүзеге асыру көзделеді:
қазақ халқының жалпы түркі қауымдастығындағы, көшпелі өркениет жүйесіндегі және еуразия халықтары қауымдастығының дамуындағы рөлі мен орнын ашып көрсету;
қазақ этносының дүниеге келуі мен қалыптасуының негізгі кезеңдерін, оның тарихи ұзақ дәуірде орын алған шаруашылығын, тұрмысын, әлеуметтік құрылысы мен саяси жүйесін зерделеу:
халық тарихының түйінді мәселелерін: этногенезін, мемлекеттілігін, көрші этникалық құрылымдармен, мемлекеттермен қарым-қатынастарын, ұлт-азаттық қозғалыстарымен отаршылдыққа қарсы соғыстарын ой-өрістен қайта өткізу;
көшпенділердің рухани дүниесінің эволюцисын және олардың әлемдік өркениетке қосқан үлесін көрсету.
Соңғы жылдары Қазақстан тарихының көптеген мәселелері қайта зерттеліп, жаңа бағаға ие болып отыр. Қазір халқымыздың тарихын жастардың зердесіне құйып, оларды осы тарихтың тағылымымен таныстырудың, әсіресе жоғары, орта оқу орындарында оқып жүрген студенттердің тарихи санасын бүгінгі талаптар тұрғысынан қалыптастырудың маңызы зор. Жастар – халқымыздың келешегі, заманымыздың болашағы. Бүгінгі қоғамда атқарылып жатқан әлеуметтік-экономикалық игі істердің бәрі жастар үшін, өскелең ұрпақтың берекелі болашағы үшін істелуде. Тәуелсіздікке қолымыз жеткеннен бері елімізде көптеген өзгерістер болды. Қазірде Қазақстан егеменді ел болып, өзге жұртпен тең болып, ата-бабаларымыздың ертеден бергі арман-тілегі іске асып, қалыптасқан елдік дәстүрі қабылданған Ата заңы бар, дербес өркениетті мемлекеттердің қатарына қосылды. Осы уақыт ішінде тәуелсіз Қазақстанның тарихы туралы көптеген жаңа очерктер мен кітаптар, жинақтар мен монографиялық еңбектер, оқу құралдары, ғылыми мақалалар мен тың материалдар жарық көрді. Олардың ішінде студенттерге дәріс беруде Қазақстан Республикасы Ұлттық академиясы Ш.Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты, Ә.X. Марғұлан атындағы Археология институты ғалымдарының қазақ тілінде шығарған «Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін». Алматы, 1996, 1998, 2002; «Қазақстан тарихы. Очерктер», Алматы. «Дәуір». 2006; «Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық». Алматы, «Аруна» баспасы, 2006; Мусин Ч. «Қазақстан тарихы». Оқулық. Алматы, 2008; Артықбаев Ж.О. «Қазақстан тарихы (Оқулық-Хрестоматия)». Астана. «Фолиант», 2000; Артықбаев Ж.О. «Қазақстан тарихы (90 сұрақ және жауап)». Астана. «Алтын кітап» баспасы, 2007; Омарбеков Т. «Қазақстан тарихының ХХ ғасырдағы өзекті мәселелері». Алматы. «Өнер» баспасы, 2003; Аяған Б. «Қазіргі заманғы Қазақстан тарихы». Оқулық. Астана, 2013 және тағы басқа да еңбектерді атап көрсетуге болады. Жоғарыда аталған оқулықтардың ішінде Бүркітбай Аяған мен Чапай Мусиннің еңбектері ерекше орын алады. Бұл оқулықтардың тақырыптары қазақ халқы тарихының белгілі кезеңдеріне тығыз байланыстырылып алынған. Сонымен бірге Қазақстан тарихындағы көптеген маңызды оқиғаларға соңғы кезде беріліп жатқан тың бағалар мен жалтақсыз айтылып жатқан сындар, жаңадан қалыптасып жатқан көзқарастар жан-жақты ескерілген.
Енді Қазақстан тарихының негізгі деректеріне тоқтай кетейік. Қазақстан тарихының кең көлемді дерек көздері бар. Оған археологиялық-этнографиялық, жазбаша және ауызша материалдар кіреді. Әртүрлі дерек көздері ежелгі заманнан бүгінгі күнге дейінгі тарихтың бүкіл болмысын қайта жаңғыртуға мүмкіндік береді. Археология мен этнография Қазақстан тарихын зерттеуді кеңейтеді әрі тереңдетеді, сонымен бірге көне және ортағасырлық тарихты зерттеудің негізі болып табылады. Ежелгі және ортағасырлық кезеңдер бойынша қытай, грек, парсы, латын және түркі тілдеріндегі жазбаша-кітаби деректер баршылық. Көне жазбаша деректер Ахеменидтер (ежелгі парсы патшаларының династиясы) заманында пайда болды (б.з.д. 558-330 жж.). Онда сақ этномәдени қауымдастығына кіретін Қазақстанның көшпелі тайпалары туралы айтылады. Б.з.д. ІІ м.ж. – арийлік көне кезеңдердегі оқиғалар туралы мәліметтер парсы тілінде жазылған зороастризм (зәрдүш) кітабы «Авестада» қамтылған. Ежелгі түркі жазба (руналық) деректері көне түрік көшпелілерінің әлеміндегі этникалық, әлеуметтік және мәдени құбылыстар туралы анық түсініктер береді. Олар І м.ж. басында Орталық Азияда пайда болды. Бұлардың қатарына Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөк, т.б. қағандардың рухына арналған ескерткіштер жатады. Жаңа замандағы Қазақстан тарихы бойынша жазбаша деректердің басым көпшілігі Ресей мұрағаттарында жатыр. Осы құжаттардың тек аздаған бөлігі ғана жарияланған. ХХ ғ. басындағы қазақ тарихшыларының санасында қазақ халқының тарихы фольклорлық-мифологиялық формада сіңіп қалды. ХХ ғ. 20-30 жылдары қазақ тарихшыларының еңбектері ауыз әдебиетінің күшті ықпалымен пайда болды. Қазақстан тарихын ғылыми зерттеу ісі ресейлік тарихшылардың қызметімен де байланысты. Революцияға дейінгі кезеңде П.И. Рычков, А.И. Левшин, В.В. Радлов, В.В. Бартольд, Н.А. Аристов және т.б. қомақты еңбектер жазды. Қазақстан тарихын зерделеу хронологиялық дәйектілікпен жүзеге асырылады. Соңғы кезде ғалымдар отандық тарихтың келесі кезеңдерін атап көрсетіп отыр.
Тарихқа дейінгі кезең. Бұл кезең адамның жануарлар дүниесінен шыққанынан бастап, Қазақстан туралы алғашқы жазбаша деректердің пайда болғанына дейінгі уақытты, яғни біздің дәуірге дейінгі VIII ғасырдан бұрынғы 2 миллионнан астам аралықты қамтиды.
Ежелгі немесе прототарихи кезең.Бұл кезең баршаға мәлім Қазақстанның көшпелі тайпаларының өмір сүруінен бастап, алғашқы мемлекеттік бірлестіктердің пайда болғанына дейінгі уақытты, яғни біздің дәуірге дейінгі VIII ғасырдан бастап, біздің дәуірдің VІ ғасырға дейінгі аралықты қоса алғандағы мерзімді қамтиды. Бұл кезеңге сақ-скиф тайпалары бірлестіктерінің, үйсін, қаңлы және ғұн мемлекеттерінің тарихы жатады. Осы кезең атаған мемлекеттердің таратылуымен аяқталады.
• Ортағасырлық кезең. Бұл кезең республикамыздың бүкіл аумағында билігін жүргізген Түрік қағанатының құрылғанынан бастап, Алтын Орда имперясы құлап, қазақ хандықтарының өмірге келгеніне дейінгі аралықты қамтиды. XV ғасырдың екінші жартысынан XVI ғасырдың аяғына дейінгі аралықты қамтып, қазақ жерлерін біріктіру үшін күресу мерзімі болып табылады. Қазақ мемлекетінің қалыптасу мерзімі, ол XVII ғасырдың басынан XIX ғасырдың басына дейінгі аралықты қамтиды. Бұл мерзімде сыртқы және ішкі саяси себептермен іс жүзінде қазақтардың үш жүзінде дербес үш хандық пайда болады. 2 Адамзат тарихындағы палеолит дәуірінің алатын орны. Қазақстандағы тас дәуірінің ескерткіштері Адамзат тарихы өзінің әлеуметтік-экономикалық дамуында: тас дәуірі, мыс (қола) дәуірі және темір дәуірі болып үш кезеңге бөлінеді. Ежелгі тас дәуірі адамзат тарихындағы ең маңызды кезеңдердің бірі. Бұл кезде адамның жерден бауырынкөтеріп, қолының еңбек әрекетіне бейімделуі іске асты. Мұның өзі алғашқы адам іспеттес тіршілік иелерінің күнкөріс үшін тас құралдарын жасауына мүмкіндік берді. Осы кұралдардың қалдықтары адамзат баласының ең ұзаққа созылған тас дәуірінің уақытын шартты түрде белгілеуге негіз болды. Адамзат тарихында алғашқы қауымдық құрылыс ең ұзақ кезең болған. Оның төменгі шегі б.з.д. 2,5 млн. жыл, ал жоғарғы шегі 3 мың жыл аралығына сәйкес келеді. Археологиялық қазбалар негізінде тас дәуірі келесі кезеңдерге бөлінеді: