Палеолит(ежелгі тас дәуірі) – б.з.д. 2,5 млн. ~ 12 мың жыл.
Мезолит (орта тас дәуірі) – б.з.д. 12 мың ~ 8 мың жыл.
Неолит (жаңа тас дәуірі) – б.з.д. 5 мың ~ 3 мың жыл.
Өз кезегінде ежелгі тас дәуірі 3 кезеңді қамтиды, олар: төменгі, орта, кейінгі кезеңдер.
Алғашқы адамға ұқсас тіршілік иелері мен оның қарапайым шаруашылығының қалыптасу кезеңін қамтитын ежелгі тас дәуірі өндіргіш күштердің өте төмен деңгейімен сипатталады. Ол тұстағы адамдар кәсібінің мәні табиғаттың дайын өнімдерін пайдаланумен шектелген. Олар өздігінен өсіп тұрған дәндерді, жеміс-жидектерді теріп жеп, жабайы аңдарды аулап, олардың етімен қоректенген. Еңбекке бейімі бар, адам тақылеттес ең әуелгі тіршілік иесі ғылымда презинджантроп деген атпен белгілі. Ғылымда «Homo habilis» /«шебер адам»/ деп аталып кеткен ол осыдан 1 миллион 750 мың жыл бұрын өмір сүрген. «Шебер адамның» еңбек құралы ретінде пайдаланған малта тастың қырлары пышақ сияқты өткір болып, кез келген нәрсені кесуге арналғанын аңғартады. Адамзаттың дамуындағы тас дәуірінің орта және соңғы кезеңдеріне сәйкес келетін «Homo erectus» /«түрегелген немесе бойын жазған»/ - питекантроп /«маймыл адам»/ және синантроп /«адам»/ болып екіге бөлінеді. Оның алғашқысы мен соңғысының араларында дамудың, жетілудің оң өзгерістері болғанын, сонымен бірге олардың дамуында сабақтастық барын байқатады. Орталық Қазақстан жеріндегі қазбаларға сүйенсек, осы маңда орналасқан ежелгі адамдар тас құралдарын кеңінен пайдаланған. Олар тастарды үшкірлеп, үлкен-үлкен қырғыштар, әр түрлі дөңгелек тас құралдарын жасап, қажеттеріне жарата білген. Соңғы палеолит б.з.д. 40-35 мың жылдан 12-10 мың жылға дейінгі кезеңді қамтиды. Бұл адамзаттың жердің барлық климаттық аймақтарына тарап қоныстанған және нәсілдер мен нәсілдік топтардың құрылған кезі. Кейінгі палеолит дәуірінде саналы адамның пайда болуы мен адам қоғамының материалдық және рухани мәдениетінің дамуы іске асты. Біздің заманымыздан бұрынғы 5 мың жылдықта басталған неолит – тас құралдарын барынша пайдаланған дәуір. Бұл кезде еңбек құралдары жетілдіріліп, тастарды бұрғылау, тастарды тегістеу, ағашты арамен кесу сияқты жаңа технологиялық әдістер қолданылған. Қиын өңделетін тастар бірте-бірте тұрмысқа, шаруашылыққа пайдаланылды, тас балталар, кетпендер, келілер, дән үккіштер, келсаптар жасала бастады. Неолит дәуірінде Қазақстан жерінде мал шаруашылығы мен егін шаруашылығының тууы, ертедегі адамдардың бұрынғы табиғаттың даяр өнімдеріниемденуден, яғни өсімдік дәндерін жинау, аң аулау орнына, өндіруші шаруашылыққа көшуге жағдай жасады. Шаруашылықтың жаңа түрлерінің пайда болуы адамзат қоғамының одан әрі дамуына өз ықпалын тигізді, адам еңбегінің ауқымы мен көлемі кеңейді, сонымен қатар оның мінез-құлқына да сапалық өзгерістер енгізді. Әлеуметтік жағынан алғанда неолит кезеңі рулық қауым дәуірі еді. Онда бірігіп еңбек ету және өндіріс құрал жабдықтарына ортақ меншік үстемдік етті. Осы кезде тайпа бірлестіктері құрылды. Тайпалар туыстық жағына және шаруашылықтың түріне қарай негізделді.