Қазақстандағы қола дәуірінің ескерткіштері
Б.з.д. 2 мың жылдықтың ортасында Қазақстан тайпалары қола заттарын жасауды меңгерген. Қола – әртүрлі өлшемдегі мыс пен қалайының, кейде сүрменің, күшаланың, қорғасынның қорытпасы. Мыспен салыстырғанда қола өте қатты және балқу температурасы төмен, түсі алтын сияқты әдемі болып келеді. Ол еңбек кұралдары мен қару жасау үшін қолданылатын негізгі шикізат болып табылады. Қазақстан жерінде түсті металдар өңдеуге, әсіресе, мал өсіруге мықтап көңіл бөлінген.
Қола дәуірінде Сібірдің, Қазақстанның және Орта Азияның кең байтақ далаларын тегі және тарихи тағдырының ортақтығы жағынан туыс тайпалар мекендеді. Бұл тайпалар бір үлгідегі, бір-біріне ұксас мәдениет қалдырды. Олар қалдырған ескерткіштердің табылған жері Сібірдегі Ачинск қаласы маңындағы Андронов селосының атымен ғылымда шартты түрде «Андронов мәдениеті» деп аталды.
Орталық Қазақстанда қола дәуірінің соңғы кезеңінде /б.з.д. Х-VІІІ ғғ./ Андронов мәдениетімен салыстырғанда анағұрлым жоғары Дәндібай - Беғазы мәдениеті болғанын білеміз. Ол Қарағанды қаласы маңындағы Дәндібай ауылында және Балқаштың солтүстік төңірегіндегі Беғазы қойнауында қола ескерткіштерінің алғашқы қазылған жеріне қарай аталған. Дәндібай-Беғазы мәдениеті Атасу өзенінен Ертіске дейінгі байтақ даладан табылған көптеген ескерткіштерімен сипатталады. Олардың қатарына Ақсу-Аюлы-2, Ортау-2, Байбала-2, Бесоба, Бұғылы-3 кешендері жатады. Бұл ескерткіштерге тән нәрсе, бір жағынан, Андроновтық дәстүрлердің сақталуы, екінші жағынан, мәдениеттің жаңа элементтерінің, тұрпаты ерекше бәйіттік тамдардың, жатаған, домалақ ыдыстардың пайда болуы. Жерлеу ғұрпы да Андронов мәдениетінен өзгеше. Әдеттегі бүктелген қаңқалармен қатар аяқтарын созып, шалқасынан жатқызылған қаңқалар да кездеседі. Мұндай жерлеу ғұрпы кейінгі ерте темір дәуірінде Қазақстан жерінде тұрған малшы тайпаларда кеңінен тараған.
Қола дәуіріндегі тайпалардың діни нанымдары мен сенімдеріне келетін болсақ, ол тұстағы адамдардың тұрмысы мен әл-ауқаты түгелдей табиғатқа тәуелді болғандықтан, олар табиғат күшін киелі рух деп білген. Бұл күштер ең алдымен су, күн, от, жануарлар мен өсімдіктер дүниесі еді. Күн мен от жарық, жылылықты береді, мұның бәрі қайырымды құдіретті рухтармен байланыстырылды. Адам мен жануарларға сусыз өмір жоқ, сондықтан суға да, сол сияқты, ай мен жұлдызға да табыну сияқты наным күшті болды.
Достарыңызбен бөлісу: |