3 Қазақстан жеріндегі тайпалық одақтар мен алғашқы мемлекеттер
Біздің заманымыздан бұрынғы V ғасырдың 40-шы жылдары аяғында грек тарихшысы Геродоттың «Тарих» деп аталатын еңбегінде және басқа да қол жазбаларда біздің заманымыздан бұрынғы I мың жылдың орта шенінде Орта Азия мен Қазакстан жерінде сақ деп аталатын бірнеше тайпалардың қуатты жауынгер одағы болғаны айтылады. Бұл одақ массагеттер, каспийшілер, есседондар, кейініректе аландар, сарматтардан тұрған.Персия патшасы I Дарийдің Накширустамдағы /Персополға жақын/ тас жазуларында сақ тайпалары үш топқа: сақ-хаумаваргаларға /хаома сусынын дайындайтын сақтар/, сақ-тиграхаудаларға /төбесі шошақ бас киімдері бар сақтар/, сақ-парадарайаларға /теңіздін арғы бетіндегі сақтар/ бөлінеді делінген. Бірінші топтағы сақтар Ферғана жерін мекендесе, екіншілері Сырдарияның орта өңірі және Жетісу жерін жайлап, үшіншілері – Арал теңізі жағалауына және Сырдарияның арғы бетіне орналасқан.
Геродоттың айтуынша: cақтар – скиф тайпалары, бастарына тік тұратын төбесі шошақ тығыз киізден істелінген бөрік және шалбар киген. Олар садақ, қысқа семсер және айбалтамен қаруланған. Тамаша атқыш жауынгерлер болған.
Сақ әулетінің іргесін қалаушы Алып Ер Тоңға /Афрасиаб/ болған деген деректер бар. Археологиялық қазбаларға қарағанда, сақ тайпалары темірден зат жасай білсе де, мыс пен қоланы пайдалануды артық көрген. Оларда жабайы аңдардың суреттері салынған қоладан құйылған үлкен тай қазандар болған. Сақтардың аңдарды өрнектеумен дүние жүзіне әйгілі болған даналық өнері жалпы адамзаттың даму процесіне елеулі әсерін тигізді.
Сақ тайпаларында көпке дейін матриархаттық ел билеу тәртібі сақталып, әйелдер ерекше жағдайда болған. Мәселен, олардың көсемдерінің бірі – тамаша сұлу, әрі жігерлі, елге әйгілі патша ханым Зарина ел билеп, қалаларды салуға және әскери жорықтарға өзі қатысқан.
Персия мемлекетінің патшасы Кир – Мидия патшасы Крезбен б.з.б. 558-529 жж. соғысқан кезде – сақтармен одақ жасасып, олардан әжептеуір көмек алған. Кейін Кир сақтар мен массагеттерді өзіне бағындыруды ұйғарады. Мидия патшалығын жеңгеннен кейін Кирдің әскерлері сақтардың жеріне басып кіреді. Сақтар парсылардың басқыншылық әрекетіне қарсы қайсарлықпен қарсылық көрсетеді. Кирдің әскерлері өздерінің жеңісін тойлап жатқан кезде, сақтардың жауынгерлері тұтқиылдан лап қойып,парсыларды қырып салады. Осы шайқаста олар Кирдің өзін де өлтіреді.
Кирдің Орта Азиядағы басқыншылық жорықтарын I Дарий б.з.б. 521-486 жылдары жалғастырады. Жеке-жеке отырған сақ тайпаларын бір-бірлеп бағындырған ол аз уақыт болса да, оларды басып алады. Сақ тайпаларының біраз бөлігі парсы патшасына салық төледі және жасағына жігіттер беріп тұрды. Тіпті сақтардың біразы парсы патшасының «өлмейтін он мың» деп аталатын ұланының құрамына кіріп қызмет етті.
Б.з.б. VI ғасырдың аяғы V ғасырдың басында /500-449 жж./ ежелгі Шығыстағы грек-парсы соғысында сақ тайпалары парсылар жағында болды.
Б.з.б. IV ғасырдың 30-шы жылдарында македониялық гректер Александр Македонскийдің басшылығымен соңғы Ахеменид, ІІІ Дарий Кодоманның әскерлерін талқандап, Орта Азияға баса көктеп кірді. Олар Маракандты /Самарқандты/ алып, Сырдарияға бет алды.
Сырдария бойына бекініп алу үшін Александрополис немесе Александрия-эсхата (Шеткі Александрия). Македонский осы өзі жаулап алған Азия аймағында тез арада-ақ өз есімі берілген барлығы онға жуық қала тұрғызыпты. Александр Македонскийдің басқыншылық әрекетіне қарсы көшпелі Сақ тайпалары асқан ерлікпен, табан тіресе соғысты, кескілескен ұрыстарда катапультпен қаруланған гректер оқтың күшімен сақтарды кейін шегіндірді. Соғыста сақтар мыңдаған адамынан айрылды. Гректер сақтардың біраз жерін басып алды. Олар Сыр бойындағы «Шеткі Александрияны» тастап, Самарқанд қаласына шегінді. Сөйтіп, Сырдария сыртындағы сақ тайпалары грек басқыншылығына қарсы күресте өз тәуелсіздігін сақтап қалды.
Б.з.б. I мың жылдықтың орта шенінде, яғни сақ заманында өндірістің мамандандырылған түрлері болды. Бұлар руданы өндіру және өңдеу, темір ұсталығы, темірді кұю және зергерлік істер еді. Бірақ сақтардың қол өнеркәсібі әлі жетілмеген болатын. Б.з.б. I мың жылдықтың басында Қазақстан жерінің ежелгі тайпалары қызыл және қоңыр темір тасты, магнитті, темір жылтыры сияқты тез балқитын рудаларды жақсы білген. Мұны Қарқаралы қаласына жақын Суықбұлақ қоныс жұртын қазу кезінде табылған, сұрыпталған темір рудасының үйіндісіне қарап білуге болады. Орталық Қазақстан мен Жетісу обаларынан б.з.б. VІІ-VІ ғасырларда темірден соғылған заттар – темір қанжарлар, пышақтар, жүген әшекейлері табылған.Ежелгі Қазақстанда мыс-қалайы өндіру басым болды. Сақ заманында шаруашылықтың жаңа түрлері өздеріне лайықты еңбек құралдарын жасауды қажет етті. Осыған байланысты ертедегі шеберлер ат тұрманын, қару-жарақ, ауыздық жасауды үйреніп, соғыс құралдарын, жебенің ұштарын, қысқа семсерлер (ақинақ), қанжар, ұзын семсерлер, найза, түрлі балталар жасады.
Сақтар Алтай, Сібір, Шығыс және батыс Еуропа халықтары мен тығыз байланыс жасап тұрды. Бұл жөнінде қазылған ескі молалардан табылған заттар сақтардың өмірі туралы көптеген мағлұматтар береді. Сақтардың әлеуметтік қоғамы жөнінде айтқанда, олардың басты үш топқа бөлінгенін көрсетуге болады. Біріншісі – әскери топтар; екіншілері – ауқатты байлар топтары, діни адамдар, жрецтер; үшіншілері – жай қатардағы сақтар, бұлар – кедейлер, оларға соқа және екі өгіз тән.
Археологиялық деректерге қарағанда, б.з.б. VII-IV ғасырларда Қазақстанның батыс өңірін мәдениеті мен этникалық жағынан туыс тайпалар – аорстар мен роксаландар мекендеген. Тарихи зерттеу жұмыстары олардың сармат тайпалары екендігін дәлелдеп отыр. Сармат тайпаларының қалдырған ескерткіштері Солтүстік Каспий маңында, Еділ мен Жайық өзендерінің төменгі ағыстарында және Қобда, Елек, Ор, Жем өзендерінің бойларында табылған. Олар бір-біріне ұқсас болып келген. Обалардың биіктігі әрқалай 1, 2, 5 м., көлемі 20-26 шаршы метр, олар жерленген адамдардың әлеуметтік жағдайына байланысты болған. Мысалы, Елек өзені бойындағы Сынтас обасына жерленген адамның жанынан табылған қару-жарақ, құрал-саймандар, түрлі қымбат бұйымдар, оның белгілі әскери қолбасшы болғандығын көрсетеді.
Сармат тайпаларының басты кәсібі көшпелі мал шаруашылығы болған. Сарматтар көбінесе жылқы мен қой өсірген. Климаты аса қатал континенталды келетін аймақтың қысқы күндерінде малшылар малға табиғи панасы бар, жері ойлы-қырлы аудандарға көшіп отырған. Батыс Қазақстандағы мұндай жерлер оңтүстік пен батыс беттегі ағынсыз өзендері мол шағылды аймақтар, жалпы сырт сілемдері мен үлкен өзендер алқабы болып табылады.
Үйсін мемлекеті. Үйсін тайпаларының тарихын жазуда, археологиялық материалдарды жазба деректермен байланыстыра отырып, зерттеуде Қазақстан Ғылым академиясының академигі Ә. Марғұлан және атақты археолог ғалым А. Бернштам айтуға тұрарлық зор еңбек сіңірді. Ал республикаға белгілі археолог Г.А. Кушаев Іле өзенінің бойындағы үйсін тайпаларының ескерткіштеріне қазу жұмыстарын жүргізіп, олардың өмір сүрген уақытын кезеңдерге бөліп, бір жүйеге келтірді. Жетісу жерін мекендеген сақ және үйсін тайпаларының тарихымен ұзақ жылдар бойы сондай-ақ атақты тарихшы-археолог К. Ақышев жан-жақты айналысты. Ол өзінің зерттеулерінің барысында үйсін тайпаларының қоғамдық құрылысы мен әлеуметтік-экономикалық жағын ғылыми тұрғыдан дәлелдеп, олар мемлекеттік дәрежеде өмір сүрген деген қорытындыға келеді.
Үйсін елінің аумағы батысында Шу және Талас өзендерінің бойымен өтіп, Шығыста Тянь-Шань тауларының шығыс бөктеріне, солтүстікте Балқаш көлінен бастап, Оңтүстікте Ыстық көлдің оңтүстік жағалауы мен Қаратаудың шығыс беткейлеріне дейін созылып жатқан ұлан-байтақ өңірді қамтыған. Үйсіндер иеліктерінің орталығы – Іле аңғары, басты ордасы – Есік көлімен Іле өзенінің оңтүстік жағалауы аралығында орналасқан Чигу-Чен («Қызыл-аңғар») қаласы. Ол ертеден белгілі «Ұлы Жібек жолындағы» маңызды сауда орталығы. Үйсіндердін билеушісі гуньмо (күнби) деп аталған.
Б.з.б. ІІІ ғасырдан қазіргі заманымыздың Х ғасырына дейінгі 1200 жылдық Үйсін тарихында, Үйсін күнбилері әулетінің тек он ұрпағы жөнінде ғана нақты дерек сақталған.
Үйсін елінің алғашқы билеушісі Нәнді би (Нанды би) деген көсем болған. Ол біздің заманға дейінгі 177-ші жылдан бұрын билік құрған.
Елжау би (б.з.д. 177-104 жж.) Елжау бидің басшылығымен үйсін ұлысы Іле өзені өңіріне келіп орныққан соң, өркен жайып гүденеді де, ұлан-байтақ жерді қамтыған қуатты да құдіретті мемлекет құрады.
Қытайдың Хань дәуіріндегі әулеттік жазбаларда үйсіндердің, саяси тарихын баяндап жазу, шамамен алғанда, біздің заманымыздың III ғасырына дейін жеткізілген. Біздің заманымыздың 437 жылы үйсіндер Хань ордасына елшілер жіберді деген хабар бар. Академик В.В. Бартольдтың – «Очерк истории Семиречья» деген кітабында және қазақ халқының ауыз әдебиеті тарихында үйсіндердің негізін құраушылардың бірі –дулат атты тайпаның болғаны айтылады.
Б. з. б. 73-ші жылға дейін үйсіндердің жері үш бөлікке: сол /шығыс/ бөлікке, оң /батыс/ бөлікке және гуньмоның өзіне қарайтын орталық бөлікке бөлінген, бірақ олардың бәрі гуньмоға тәуелді болды. Үйсіндердің тарихы кіші гуньмолар мен ұлы гуньмолардың үстемдік үшін өзара болған күрестерімен тығыз байланысты. Үйсіндер көршілес халықтармен тығыз қарым-қатынас жасаған. Хань империясы және ғұн тайпалары үйсіндермен одақ болып, Хань мен ғұн әміршілері қыздарын үйсін гуньмоларына әйелдікке беріп отырған.
Б.з.д. 104 жылы үйсін елінің гуньмосы (күнбиі) болып Жөнші би тағайындалады. Б.з.д. 96-93 жылдар аралығында Жөнші би қайтыс болады. Жөнші бидің немерелес туысы Оңқай би (б.ж.д. 93-60 жж.) таққа отырады, және «аға өлсе, жеңге мұра» деген әмеңгерлік салт бойынша, Жиейұй ханымды алады.
Үйсін гуньмосы Оңқай би қайтыс болғаннан кейін, оның үлкен ұлы Янғұй бидің Хань патшалығына қалыңдық алуға кеткенін пайдаланып, Жөнші бидің ғұн әйелінен туған ұлы Най би (б.з.д. 60-53 жж.) үйсін тағына отырып, өзін гуньмо деп жариялайды. Най бидің билікті тартып алуы үйсін ордасының таққа таласқан ішкі қырқысты қоздыруы үйсін елінің екі бөлінуіне апарып соғады. Ожет би (б.з.д. 53-33 жж.) Най биді өлтіріп, өзін гуньмо деп жариялайды.
Б.з.д. 64-51 жылдары Хань империясының Үйсіннің хан тағы мұрагерлігіне араласуы халықтың наразылығын күшейтеді. Бұл үйсіндердің халқымен территориясының екі бөлікке: ұлы гуньмо және кіші гуньмо иеліктеріне бөлінуіне алып келеді. Хань патшалығының ұлығы Чан Құйдың қатысуымен екі елдің (ұлы гуньмо және кіші гуньмоның) қарамағындағы жерлердің шекарасына межелер койылады. Ұлы гуньмо Янғұй биге 60 мыңнан артық үй, кіші гуньмо Ожет биге 40 мыңнан артық үй қарайды. Алайда үйсін елі екі иелікке бөлінгеннен кейін де билеуші топтар арасындағы тақ таласы аяқталмайды.
Үйсін мемлекетінің дәуірлеген кезі Силы би (Цылими) гуньмоның билік құрған, б.з.д. 45-14 жылдардың арасы деп саналады. Өйткені, ол туралы «билікті берік ұстады» және иеліктерінде «алаңсыз тыныштық пен бейбітшілік орнады» деген деректеме осы уакытқа дейін жеткен.
Үйсіндер коғамы біртекті болмаған. Ол байларға, ру және тайпа ақсүйектеріне, әскери және діни адамдар, жрецтер болып, сондай-ак жәй мал шаруашылығы және егіншілікпен айналысатын карапайым топтарға бөлінген. Үйсін қоғамында жеке меншіктің болғанының тағы бір белгісі – ондағы әлеуметтік таптардың ерекше бір белгілерімен бөлініп таңбалануы.
Үйсіндер егін шаруашылығымен де айналысқан. Оны Кеген өзені бойындағы Ақтас қыстау-қонысын қазғанда табылған жер өңдеу құралдары –тас кетпендер, қол орақ, тастан жасалған дәнүккіштер айкын көрсетеді. Бұл аймақты зерттеген кезде үйсіндерде қарапайым суармалы егіншілік шаруашылығының болғандығы байқалады. Суармалы егістік жүйелері Жоңғар Алатауы, Шолақ-Іле және Шу-Іле тауларының қойнаулары мен баурайларында, Қырғыз Алатауының (Талас аңғары) солтүстік баурайларында орын алған.
Осы күнгі қазақ халқының антропологиялық құрамының негізін қалауға үйсін антропологиялық типінің үлкен әсері болған. Үйсін антропологиялық типі ежелгі үйсіндердің атамекені Тянь-Шань таулы өңірлерінен Балқаш көліне дейінгі байтақ өңірге жайылған. Сонымен бірге, көптеген зерттеуші ғалымдар ежелгі үйсіндердің түркі тілдес екенін дәлелдейді.
Қаңлы мемлекеті Біздің заманымыздан бұрынғы III ғасырдан бастап Қазақстан жерін мекендеген ірі тайпалардың бірі - қаңлылар. Олар Қытай жазба деректерінде кангюйлар деп аталса, иран діни жинағы «Авеста» және үнді діни кітабы «Махабхаратада» кангха болып кездеседі. Сол кездегі ірі елдердің жазба деректерінде көрсетілуі қаңлы тайпаларының жай ғана ру-тайпалық деңгейде өмір сүрмегендігін, олардың мемлекеттік дәрежеге көтерілгенін байқатады. Ғылыми пікірлер және Қытай жазба деректері қаңлыларды сақ тайпаларының жалғасы, олардың ұрпақтары деп көрсетеді.
Қытай жазба деректері негізінде қаңлы тайпаларының тарихын алғашкы зерттеушілер Кытай тілін жетік білген ғалымдар Н. Я. Бичурин мен Н.Б. Кюнер. Бұлардан кейін жазба деректерді саралай отырып академик В.В. Бартольд қанлы тайпалары Сырдарияның орталық ағысында өмір сүрді деген қорытынды жасайды.
Қытай деректеріндегі Чжан Цяннің хабары бойынша қаңлы тайпалары халқының жалпы саны - 600 мың, жауынгер жасақтарының саны - 120 мың адам. Орталығы Сырдария өзенінің бойында орналасқан Битян қаласы. Қытай деректеріне қарағанда, қаңлы тайпаларынын иелігінде Сусе, Фуму, Юени, Ги, Югень деп аталатын бес аймақ болған. Бұл жерлерді кәзіргі кезеңдегі аудандармен салыстырып қарайтын болсақ: Югень - Хорезм; Ги - Сырдарияның сағасы; Фуму - Жаңакорғанның солтүстік батысынан Қазалыға дейін; Сусе - Сырдарияның орта ағысы, Арыс өзенінің аңғары, Каратау беткейі; Юени - Ташкент аймағы.
М. Қашқаридің айтуы бойынша, Қаңлы (Қаңқа) - патшаның аты. Оның мемлекетіне кірген тайпалар, халықтар жалпы патшаның атымен «қаңлы» аталған. Соған қарағанда, жергілікті сақ тайпаларынан өрбіген ұрпақтар Амудария мен Сырдария өңірлерін мекендеп, осы қаңлы қоғамын құрған. Олардың жайылған мекендері де көп жерлерді алып жатса, тұрғындарының сандары да көп болған. Олар ертедегі орта ғасырда бөлшектеніп, өздерінің ертеден келе жатқан аттарымен аталып кетсе де, басым көпшілігі қаңлы есімін сақтап қалған.
Б.з.д. II ғасырдың екінші жартысында каңлылар жерінің оңтүстік аймағы юечжилерге, ал солтүстік бөлігі ғұндарға тәуелді болған. Ал б.з. І ғасырында мұндағы жағдай өзгеріске ұшырайды. Бұл кезде Әмудария мен Сырдария аралығындағы юечжилердің негізгі бөлігінің оңтүстікке, Бактрияға қарай ығысуы, қаңлы тайпаларының күшеюіне мүмкүндік береді.
Ш-V ғасырларда каңлылар өздерінің Әмудария және Сырдария аралықтарындағы жерлерінен біржолата айырылады. Бұл кезде олар бірнеше ұсақ иеліктерге бөлініп, Эфталит мемлекетінің құрамына кіреді.
Қаңлы тайпалары одағының алып жатқан жері табиғи-климаттық және ландышафтық географиялық жағынан алуан түрлі болған. Осыған байланысты каңлылардың шаруашылығы әртүрлі салалармен ерекшеленген. Хорезмде, Арал өңірінде, Зеравшан аңғарында, Ташкент алқабында отырықшылық шаруашылық дамып, ертедегі қоныстар мен қалалар қалыптасты. Далалық аймақтарда қаңлылар көшпелі, жартылай көшпелі мал шаруашылығымен айналысты.
Қаңлыларда колөнер кәсібі өте жоғары дәрежеде өркендеген. Қолөнер орталыктары – қалалар, ондағы сауда базарлары халыққа қажеттінің бәрімен қамтамасыз етіп отырған, әсіресе керамика ісі дамыған. Қаңлы мемлекетінің қалалары мен қоныстарында мыс теңгелер соғылып, сауда айналымына түсіп отырған. Теңгелер шығарылған негізгі аймақ – Ташкент (Шаш) алқабы. Қаңлы мемлекеті Иран, Үндістан, Сирия, Қытай және т.б. елдермен сауда қатынастарын жүргізген. Олар Сырдария өзенін бойлай өтетін солтүстік-батыс жақтағы Жайық өңіріне, Еділ бойына және одан әрі Солтүстік Кавказ бен Қара теңіз аймағына баратын маңызды жол тармақтарын бақылап отырған. Археологиялық зерттеу жұмыстары нәтижесінде қаңлылардың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрлерін баяндайтын көптеген ескерткіштер табылған. Өлген адамдарменбірге жерленген кұрал-сайман, қару-жарақтар, сәндік әшекей бұйымдар, олардың о дүниеге табынғанын, ата-баба аруағына сиынғанын байқатады. Каңлылар табиғаттан тыс кұдіретті күш бар деп сеніп, құрбан шалған. Сонымен қатар олар күнге, айға, жұлдыздарға табынған. Үлкенді-кішілі зираттардан табылған бұйымдар мен кымбат бағалы заттардың біркелкі болмауы, каңлы коғамында әлеуметтік теңсіздіктің болғанын көрсетеді.
Қорытып айтқанда, қаңлылар қазақтың халық болып қалыптасуына ұйтқы болған негізгі тайпалардың бірі қазақтың тарихи шежірелері қаңлыны ұлы жүзден таратады. Сырдария бойындағы қаңлылар мен Жетісу өлкесіндегі қаңлылар негізінен қара қаңлы, сары қаңлы болып, екі елге бөлінеді.
ХІІІ ғасырда Шыңғысхан әскері Самарқанд қаласына кіргенде, осы қалада 40 мың қаңлы жауынгері болған. Ал Хорезм шахы Мұхаммед сұлтанның әскерінің құрамында 100 мың қаңлы болған. Олар Талас өзені бойында өз тайпаларымен көшіп жүрген. Әмір Темірдің тұсында қаңлылар Сырдарияның оң жақ жағалауында болған. Олар ХІV ғасырда Ақ Орда хандығының қарулы күштерінің оң қанатын құраған. Ақ Орданың жалғасы болған Қазақ хандығын құруда, нығайтуда, қазақтың халық болып қалыптасу барысын біржолата аяқтауда елеулі үлес қосқан.
Достарыңызбен бөлісу: |