Дәріс 7. Зерттеудің қисындық (логиикалық) құрылымы.
Зерттеудің объектісі және пәні
Зерттеудің мақсат-міндеттері.
Таным объектісі – бұл таным үрдісіне қатысатын шынайы объектінің байланыстары, қарым-қатынастары, қасиеттері. Зерттеу объектісі – белгілі бір қасиеттер мен қарым-қатынастардың жиынтығы. Олар таным әрекетін жаскушыдан тәуелсіз өмір сүреді, бірақ ол үшін нақты ізденіс орны болып табылады.
Педагогикадағы зерттеу объектісі – зерттеушінің назарын аудартатын, зерттеу субъектісінен тәуелсіз өмір сүретін белгілі бір үрдіс, құбылыс. Мысалы, тәрбиелеуші қарым-қатынастардың субъектілерінің даму үрдісі, жаңа білім беру жүйесінің қалыптасу үрдісі. Бастауыш мектепті немесе жастар клубын зерттеудің объектісі деп алуға болмайды, себебі бұлар зерттеудің нақты базасы, немесе тым кең сала, оның барлық элементтерін бір жұмыстың аясында зерттеу мүмкін емес болып табылады.
Зерттеу пәні өзінің мазмұны бойынша нақтырақ: зерттеу пәнінде жұмыс барысында арнайы терең зерттеуді қажет ететін объектінің қасиеті немесе объектідегі қарым-қатынас жинақталады. Бір объектіде бірнеше пәндер ажыратылуы мүмкін. Пәнге осы жұмыста зерттелетін элементтер, байланыстар мен қатынастар енеді. Сондықтан зерттеу пәнін анықтау дегеніміз зерттеудің шекараларын белгілеуді білдіреді.
Зерттеу пәні – бұл ракурс, бір нәрсеге қараудың нақты жағы. Ол зерттелетін нәрсенің арнайы айқындалған жақтарын, байланыстарын көруге мүмкіндік береді. Яғни, зерттелетін нәрсенің бір аспектісі: мақсаттық, мазмұндық, іс-әрекеттік (технологиялық), тұлғалық-мотивациялық, ұйымдастырушылық. Мысалы, басқарудың тұлғалық бағдарлы технология негізіндегі теориялық моделін жасау және педагогикалық шарттарын анықтау (іс-әрекеттік (технологиялық).
Зерттеу пәнін зерттеушінің өзі объективті негізге сүйене отырып ұсынады. Бұл жұмысты зерттелетін нәрсенің бастапқы қағидаларына, тұжырымдамасына негізделе отырып атқарылады. Мысалы, салауатты өмір салты мектебін жасаудың тұжырымдамасы мынадай болуы мүмкін:
Денсаулық – қоғамның, әрбір адамның ең жоғарғы құндылығы.
Бала күн сайын мектепте өзінің белгілібір уақытын өткізеді. Күн тәртібіне, психологиялық атмосфераға, тамақтануға және мектептің басқа факторларына оқушылардың денсаулығы тәуелді. Мектеп дені сау ұрпақты тәрбиелеуі тиіс және барлық жағдайда сол үшін мүмкіндік туғызуы керек. Әзірге мектеп бұл қызметті орындамайды.
Әрбір оқушының бойында денсаулық сақтау мәдениетін, өзінің және өзгенің денсаулығын бағалау, сақтау және шынықтыру іскерлігін қалыптастыру қажет.
Мектеп салауатты өмір салтын ұстану үшін күресуі керек.
Осылайша, зерттеу пәнін белгілеу – бұл теориялық талдаудың бастауы, зерттеудің кейбір негіздері мен міндеттерін айқындау болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |