Адам өміріндегі ең бір қызықты да, қуанышты да ұмытылмас белең – оның үйленіп, жеке отау тігуі. Ұрпақтарының үлгілі отау құруы – сол жастардың ата-аналары мен ауыл адамдарының ғана тілек-талабы емес, қоғамдық қажеттілік. Отбасы – мемлекеттің іргетасы. Қоғамдағы әр шаңырақтың босағасы берік, мерейі үстем болмай, мемлекеттің де мықты болуы мүмкін емес.
Қазақ халқының ұлын үйлендіріп, қызын ұзатуда ғасырлар бойы желісін үзбей жалғасып келе жатқан өзіндік салт-дәстүрлері бар.
Ежелгі қалыптасқан дәстүр бойынша, қазақ жұртында отау тігудің бірден-бір жолы – құда түсіп, қалың мал төлеп үйлену арқылы жүргізілді.
Қазақтар көбіне балаларды атастыру арқылы үйлендіретін. Атастыру – екі жан достың әйелдері бір мезгілде аяғы ауырласа, бөпелер тумай-ақ олардың өзара келісуі. Дегеніндей болса, уақыты келгенде екі жасты үйлендіретін. Егер екеуі де ұл, не қыз болса, онда олар өскен соң әкелеріндей дос болып өтуге тиісті болған.