Байланысты: Дипломды Ж мыс 5В010200- бастауышта о ыту педагогикасы мен діс
Алдын ала тексеру оқу жылының басында немесе жаңа тақырыпты оқып үйренудің алдында жүргізіледі.Оның міндеті - оқушылар жана материалды оқып үйренуге дайын ба соны айқындау.
Күнделікті тексеру оқу жұмысының барысында ұйымдастырылады. Ол - мұғалімге жаңа материалды меңгерудің барысы қандай екенін, оқушылардың бәрі бірдей жұмысқа кірісті ме, жоқ па, оларға қандай қиыншылықтар кездесті, соны тексеруге мүмкіндік береді. Бұл тұста мұғалім өзін де тексереді: өзінің жұмысын қаншалықты табысты өткізіп жүргенін, оның математиканы оқытуда қолданып жүрген әдістемелік әдістерінің қаншалықты дұрыс және тиімді екенін. Тексеру нәтижелеріне сәйкес мұғалім не жаңа тақырыпты оқып үйренуге кірісе алады, не оқу процесіне қажетті өзгерістер мен түзетулер жасай алады.
Қорытындылаушы тексеру не тақырыпты, не бөлімді оқып үйрену соңында, не тоқсанның, не оқу жылының аяғында жүргізіледі. Оның міндеті оқыту нәтижелерін айқындау, оқушылардың алған білімдерінің, біліктерінің, дағдыларының сапасын тексеру.
Оқушылардың бағдарламалық материалды меңгеруін тексерудегі негізгі әдістер ауызша сұрау және оқушылардың жазбаша жұмыстары болып табылады.
Білім тексеруге қойылатын басты талаптардың бірі оқушылардың жеке ерекшеліктерін ескеру. [3]
Мұнда әрбір оқушының білімі, іскерлігі және машығы өзінің ерекшелігіне қарай тексерілуі тиіс.
Білім тексеру жан-жақты болуы тиіс. Тексерудің жан-жақтылығы, тексерудің тиімді жүйесін қамтамасыз ететін бақылаудың неғұрлым пәрменді түрлері мен тәсілдерін пайдалану арқылы іске асырылады. Мұнда оқушылар неғұрлым көбірек қамтылса, нәтижелер соғұрлым дәл болады.
Бастауыш мектеп жасындағы әр оқушының ой қызметінде өзгешеліктердің болатындығы сөзсіз.
Оқушыларды сыныпта орналастырып отырғызарда алдымен есептеспеуге болмайтын және қабылдау қабілетіне өзінің әсерін тигізетін көру, есту сезіміндегі болатын айқын кемшіліктер болады. Әрине, бұл секілді кемшіліктер ес, зеректік т.б. осы секілді саналы әрекеттің әр жағына кеселін тигізбей қоймайды.
Сыныпта болып жатқанды оқушылардың қабылдауының, оған зейін аударуының айырмашылықтары бар. Сондай-ақ, есте берік сақтауда, яғни, есте ұзақ сақтауда да осындай айырмашылықтар бар. Мұндай айырмашылықтар түсінудің тездігінде де, яғни психология тілімен айтқанда, ойлаудың өзінде де болады. Мысалы: біреулер естігенін, көргенін есте сақтағыш және тез айтып бергіш болса, екіншілер оған баяу болады, біреулері көбейту кестесін мүдіртпей айтып бере алатын болса, екіншісі - ұзақ ойлап барып айтатын болады.
Мұғалім бұл ерекшеліктерді ескеріп, есіне баяу түсіретін оқушының жауабын асықпай күтуі керек. Ал бірден басқа оқушылардан сұрауға көшіп кетсе, мұндай жағдайларда жаңағы баяу ойлайтын оқушы ешбір әрекетсіз және қолайсыз жағдайда қалады.
Ой жұмысының жоғарыда аталған өзгешеліктерін психология, әдетте, ақылдың түрлі даму сатысына жатқызады. Оларды сан өзгешеліктері деп атайды. Бұлардан басқа сапа өзгешеліктері де бар, осылардың ішінде өте-мөте белгілісі басым елестер немесе бейнелер сипатының өзгешеліктері. Біреулерінің көру бейнелері, ал екіншілерінің есту бейнелері айқын және анық болады. Қимыл есінің дамуы да әртүрлі болуы мүмкін. Сапа өзгешеліктері ой жұмысының басқа жақтарын да қамтиды. Біреулерінің зейіні тұрақсыз болса, екіншілерінікі бір нәрсеге бағытталған болады. [23]
Ұғынып қабылдау мен ойлауда біреу талдауға бейім болса, екінші біреу жинақтауға бейім келеді. Сапа өзгешеліктердің барлығы оқытудың әсерімен дайындықтан, әдетте, кешірек сезіледі, бірақ оларды бастауыш мектеп жасындағылардан да байқауға болады, әйткенмен, бастауыш мектеп жасындағылардан да сан өзгешеліктері айқынырақ көрінеді.
Дей келе, балалардың ой жұмысындағы өзгешеліктер мен баланың жеке басында болатын жоғарыда аталған өзгешеліктердің бар немесе жоқтығын көре білу - мұғалімнің міндеті. Мұны оқу жұмыстарының барысында істеген дұрыс. Әр оқушының берген жауабының жылдам я баяулығын, анық я анық еместігін, дұрыс я дұрыс еместігін бақылау арқылы ғана мұғалім ой жұмысының түрлі жақтары: зейіннің, қабылдаудың, естің өзгешеліктері жөнінде белгілі қорытындыға келе алады. Бірақ мұндай қорытынды жасау оқушының мінез-құлқы жөнінде байқағандарымызды дұрыс түсінуді талап ететіндігін ұмытпау керек. [13] Егер оқушы жаңа ғана түсіндірілген сабаққа жауап бере алмаса, оны оқушының сабаққа дұрыс көңіл бөлмегендігінен ғана деп түсінбеу көрек, сонымен қатар оны мұғалімнің сол материалды дұрыс түсіндіре білмегендігінен деп білу керек. Бұл сабақтан әлдеқайда бұрын берілгендерді қайта жаңғыртуда оқушының қалай жауап беретінін байқау керек, ал оның нәтижесі келіп әр оқушының есте сақтау қабілеті мен ес қабілетінің «беріктігінің» өзгешеліктерін анықтауға көмектеседі. Зеректікте де, дәлдеп айтқанда, баланың ойлау жұмысында да өзгешеліктердің барлығын байқауға болады.
Мұғалім өзінің әр оқушы жөнінде байқағандарын тізімдеп жазып отыруы тиімді, өйткені, одан соң оқушылардың осы өзгешеліктерін еске ала отырып жұмыс жасайтын болады: есте нашар сақтайтындарды жиірек сұрайды, кейде тез ұмытатындарға өткенді пысықтау мақсатымен жеке тапсырмалар береді және т.б. Мұғалім берілген жауаптағы қателерге аса көңіл бөлуге тиіс және бұл қателердің кетуіне не себеп болғанын, оқушының өзінің жұмысынан ба, әлде мұғалімнің ерекшеліктерінен бе, міне, соны да білу керек. [13]
Осы жайларды ұдайы ескеріп отырсақ және жоғарыда айтылған жұмыстарды үздіксіз жүргізіп отырған жағдайда ғана мұғалім еңбегі жемісті болмақ.
3. Білім тексерудің тәсілдері. Оқушылардың логикалық ойлауы мен сөйлеуінің дамуын байқауға мүмкіндік беретін білім мен машықты тексерудің ең көп тараған түрі үлгерімді ауызша тексеру. Ауызша тексеру кезінде оқушылардың білімдегі олқылықтарды, оларға кездесетін қиындықтарды толық анықтауға және оларды жою жолдарын көрсетуге мүмкіндік туады. Ауызша сұраққа бөлінетін уақытты тиімді пайдалану қажет. Ауызша сұрақты үйге берілген тапсырманың орындалуын және олардың жаңа материалды оқуға даярлығын тексеру мақсатында сабақтың басында жүргізуге болады. Бұл үшін бұрынғы өткен материалдармен байланыстыра сыныпқа бірнеше сұрақтар береді. Мұнда ауызша сұрақ беру жаңа материалды оқуға кіріспес бұрын, оқушылардың білім жағдайын анықтаудың құралы міндетін атқарады. Оқушылардан тек оқу материалын сұраумен шектеуге болмайды. Керісінше, оларға өтілген тақырыптар бойынша өзекті сұрақтар беру керек. Сонда өткен материалдар оқушының есінде ұзақ сақталады. [3]
Сонымен бірге, жаңа материалды пысықтауға, сабақ үстінде, есеп шығарғанда, бақылау жұмысының алдында, қорытынды қайталау кезінде білім мен іскерлікті тексеру кеңінен қолданылады.
Оқушыларға ауызша сұрақ беруді есеп шығарумен ұштастырып отырса, олардың практикалық іскерліктерін тексеру мүмкіндіктері кеңейе түседі. Мұндағы мұғалімнің басты мақсаты оқушыларды белсенді оқу қызметіне тарту болуы тиіс.
Жеке ауызша сұрақ-жауап кезінде негізгі сұрақтармен қатар, оқушыларға қосымша сұрақ беру керек. Негізгі сұрақ оқушылардан материалды немесе есептің шығару жолын толық, анық түсіндіруді талап етеді. Егер оқушы бұл сұраққа толық жауап бере алмаса немесе оның оқу материалдарымен ұдайы жұмыс істейтінін мұғалім білгендіктен, қосымша сұрақтар береді.
Оқушылардың білімін ауызша тексерудің тиімділігін арттыру үшін мұғалім үнемі сабақтың жоспар - конспектісінде берілетін негізгі сұрақтар мен қосымша сұрақтарды жеткілікті қамтып, тұжырымдауы керек. Жауап бергенде оқушылар пайдаланатын оқу құралдары мен есептерді даярлауы, кімнен сұрайтынын және оларға берілетін тапсырмаларды алдын-ала белгілеп қоюы тиімді болады.
Жекелеп сұраудан жаппай сұраудың ерекшелігі, оқушылар әдетте орнынан жауап береді, бұл сұрақ бүкіл сыныпта немесе оның едәуір бөлігін қамтиды. Мұнда негізінен қысқа жауап алатын сұрақтар қойылады. Егер бір оқушы жауап бере алмаса, ол екінші, үшінші оқушыға қойылады. Ал оқушы дұрыс жауап берсе, мұғалім басқалардың зейіні мен дербестігін тексеру үшін «Сендер қалай ойлайсыңдар?» деп сыныпқа жалпы сұрақ беретіні белгілі және бұл дұрыс - ақ.
Жаппай сұрақ бергенде, оқушылардың оқу материалын дұрыс қабылдауы мен түсінуін, есінде сақтау, білгендерін сөзбен жеткізе білу және т.б. іскерліктері мен машықтарын анықтайды.
Тәжірибелі мұғалімдер жаппай сұрақ-жауапты білім тексерудің басқа тәсілдерімен ұдайы ұштастыра отырады.
Білім мен іскерлікті тексерудің жазбаша тәсілдері 10-15 минуттан толық бір сабаққа дейін созылып, әр алуан бақылау жұмыстарының көмегімен іске асырылады. Жазбаша жұмыстар программалық материалдың белгілі бір мәселесі бойынша оқушылардың білімін тексеруге мүмкіндік береді. Әсіресе, бұл тәсіл есеп шығару, теңдеу құру, формуланы қорыту, т.с.с. іскерліктерді дәл анықтауға көмектесетінімен құнды. Сонымен бірге, үйге берілген тапсырмаларды оқушылардың орындауын сыныптағы қызметтерімен салыстыра отырып, олардың білімдері жөнінде толық мағлұмат ала - алады.
Бүкіл сабақ бойынша жүргізілетін жазбаша бақылау жұмысы әдетте, белгілі бір тақырыпты, немесе тарауды оқып үйренудің соңында жүргізіледі.
Оқушылардың дербестігін қамтамасыз ету мақсатында орындалатын жұмыстар бірнеше варианттарға бөлінеді. Мұнда ескеретін бір жәй: варианттарда берілетін есептер үлгерімі орташа оқушыларға аса қиындық тудырмайтындай, ал жақсы оқитындарға өте оңай болмайтындай болуы керек. Мұндай бақылау жұмыстарының варианттары, мұғалімдерге арналған әдістемелік құралдарда, дидактикалық материалдарда, әдістемелік журналдарда ұдайы жарияланып тұрады.
Бақылау жұмысын, оқушылар мазмұнын ұмытпай тұрғанда, тексеріп, келесі сабақта талдау жасайды. Тексеру кезінде мұғалім тиісті ескертулер жасап, есептің шығарылуының дұрыстығы мен бұрыстығын көрсетеді. Математикалық және граматикалық қателері болса, түзетеді. Бақылау жұмысын талдау сабағында жиі кездесетін типтік қателерді талқылап, оларды болдырмау жолдарын түсіндіреді. Сонымен бірге есепті шығарудың жеңіл тәсілдерін атап көрсетеді.