Фразеологизмдердің сөйлеммен ара-қатынасы. Фразеологизм мен сөйлемнің құрылымдық жағында формалды жақындық, ұқсастық бар. Фразеологизмдерде жай, құрмалас сөйлемдер сияқты құрылымдар кездеседі. Мысалы: сойылын соқты, жүрегі тас төбесіне шықты, жүрегінің түгі бар, салы суға кетті, тас-талқан болды т.б. фразеологизмдердің құрылымы жай сөйлемдер сияқты. Мынадай жай сөйлемдермен салыстырыңыз: жел соқты, ол төбеге шықты, айсыз ашық аспан, Хасен үзілген сөзін қайта бастады. Ай десе аузы бар, күн десе көзі бар; әй дер әже жоқ, қой дер қожа жоқ; жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты; бір ұрты май, бір ұрты қан т.б. фразеологизмдік сөйлемшелердің құрылымы құрмалас сөйлемдер сияқты. Сөйлем құрылымымен ұқсастық әсіресе фразеологизмдерге жатқызылып жүрген мақал-мәтелдер мен қанатты сөздерден айқын байқалады. Мысалы: әкең мұрат болғанмен, жерің ой болсын; әшейінде ауыз жаппас, той дегенде өлең таппас; жақсыдан үйрен, жаманнан жирен; айыратын жаман бар, қосатын жаран бар; әлді адам шалқақ келеді, әлсіз адам жалтақ келеді; Құдай деген құрғақ сөз, Алланың аты алпыс; жантақты жерде сона бар, қыстақты жерде оба бар т.б. Фразеологизм мен сөйлемнің айырмашылығы лексика-семантикалық жағы мен синтаксистік кызметіне байланысты. Сөйлемнің негізгі функциясы коммуникативтік. Сөйлем — тілдің коммуникативтік бірлігі, синтаксистің объектісі. Ал фразеологизм ұғымды бейнелеп, мәнерлеп немесе тұспалдап, астарлап білдіретін лексика-семантикалық бірлік,ол осы жағынан лексикалық бірлік — сөзге, сол арқылы лексикологияға жақын. Сөйлемді синтаксистің объектісі ретінде мүшелеуге, сөйлем мүшелеріне талдауға болады. Фразеологизмдер лексика-сементикалық идиомалық бірлік болғандықтан, өз ішінен мүшеленбейді, тұтасымен бір ғана сөйлем мүшесінің қызметін атқарады. Мысалы: Мағаш пен Кәкітай есі шыққандай не қыларын білмей, дал болып, үркіп қалысқан еді. деген құрмалас сөйлемдегі есі шыққандай дал болып фразеологизмдері қалай? деген сұраққа жауап беріп, қимыл сын пысықтауыш болып тұр [35].
Фразеологизмдердің жоғарыда көрсетілген белгілерінің кейбіреулерін негізгі, басты, басқаларын қосалқы деп бөліп жаруға болмайды. І.Кеңесбаев айтқандай «осы белгілерді «тұтасымен» алып арқау еткенде ғана» фразеологизмдерді жете түсіндіруге болады [11]. «Фразеологияны тіл білімі саласындағы дербес пән ретінде танудың өзі осы аталған заңдылықтарды қаншалық мойындауға байланысты болмақ». Фразеологизмдердің жоғарыда талданған белгілерінің универсалдық сипаты жөнінде «Лингвистикалық энциклопедиялық сөздікте» былай делінген: «Егер белгілі бір тілде сөз категориясы болатын болса, фразеологизмнің мазмұны мен формасы тіл типіне тәуелсіз осы универсал белгілердің бәрін де сақтайды, себебі фразеологизм сөздердің тіркесуінен жасалатын категория» [34].