1.5 Фразеологизмдердің басты белгілері. Фразеологизмдердің еркін сөз тіркестерінен айырмашылығы
Фразеология туралы еңбектерде фразеологизмдердің негізгі үш белгісі болатыны көрсетіліп жүр: мағына тұтастығы, құрылымының тұрақтылығы (I.Кеңесбаевта тіркес тиянақтылығы) және қолданылу тиянақтылығы. Бұл белгілердің қатарында фразеологизмдердің бейнелілігі көрсетілмеген. Фразеологизмдердің тұтастығы жай ғана тұтастық емес, бейнелі, мәнерлі тұтастық. Бейнелілік, мәнерлілік фразеологизмдердің басқа белгілері сияқты маңызды белгісі болып табылады.
Сөйтіп, фразеологизмдер басқа тіл бірліктерінен төрт түрлі белгі-қасиетімен ерекшеленеді:
1) құрылым тұрақтылығы,
2) мағына тұтастығы,
3) даяр қалпында қолданылу тиянақтылығы
4) бейнелілігі, мәнерлілігі. Осы белгілер фразеологизм атаулының бәріне тән, тек бірінде толық, бірінде солғын болуы мүмкін.
Фразеологизмдердің жоғарыда көрсетілген белгілерін құрылымы немесе мағынасы жағынан оларға ұқсас басқа тіл бірліктерімен (еркін сөз тіркестері, күрделі сөздер, сөйлемдермен) салыстырғанда айқын көруге болады.
Фразеологизмдердің еркін сөз тіркестерінен айырмашылығы. Бірінші айырмашылығы. Еркін сөз тіркестері сөйлеу кезінде сөздердің мағынасы жағынан өзара үйлесе отырып, кем дегенде екі сөздің грамматикалық жолмен еркін тіркесуінен жасалады, бірақ еркін сөз тіркестерінің құрамы тұрақты болмайды. Олардың құрамындағы сөздерді мағынасы, айтылуы жағынан солармен үйлесетін басқа сөздермен айырбастауға, орнын ауыстыруға болады. Мысалы: зәулім үй дегендегі зәулім сөзін биік сөзімен, асықпай сөйледі дегендегі асықпай сөзін баптап, жайлап сөздерімен ауыстырғаннан тіркестің мағынасы өзгермейді. Сол сияқты Асан мен Үсен тіркесін Үсен мен Асан деп құрамындағы сөздердің орнын ауыстырғаннан тіркестің мағынасы, грамматикалық сипаты өзгеріп кетпейді.
Ал фразеологизмдерге келсек, олар да кем дегенде екі сөздің тіркесуінен жасалады, бірақ олардың құрамы тұрақты. Мысалы: қаншырдай қатқан, бықпырт тигендей, жігері құм болды, нарттай жанды, ұзында өші, қысқада кегі сияқты тіркестердің құрамын өзгертуге, басқа сөздермен айырбастауға болмайды. Олар өздерінің фразеологизмдік сипатын сақтау үшін, құрамының біртұтастығын, тұрақтылығын өзгертпеуге тиіс. Ондай болмаған жағдайда фразеологизмдік қасиетінен айрылады.
Екінші айырмашылығы — фразеологизмдердің мағына тұтастығында. Фразеологизмдер мағына тұтастығын сақтайды, фразеологизмдердің мағыналық тұтастығы кұрамындағы сөздердің жеке мағыналарына тәуелсіз. Фразеологизмдердің мағыналары құрамындағы сөздердің лексикалық мағыналарымен сәйкеспейді, яғни лексикалық мағыналардың жиынтығы емес.
Достарыңызбен бөлісу: |