1.8 Фразеологизмдердің варианттылығы
Тілдің құрылымдық жүйесінде тілдік бірліктердің тұрпат-межесі мен мазмұн межесі жағынан бірінің орнына бірі қолданыла беретін сөздерді варианттар деп атайды. Қазақ тілі лексикасында варианттар жиі кездеседі. Мәселен, «Вариант сөздер сөздігінде» 9162 вариант сөздер бар [66]. Тіл – жанды құбылыс. Сөз өз табиғатында тілдің заңдылығы тұрғысынан фонетикалық, морфологиялық өзгерістерге ұшырап отырады. Мұндай құбылыс фразеологизм құрамындағы компоненттерге тән. Әдетте, фразеологизмдерді лексика-грамматикалық және семантикалық жағынан өзгермейтін тұрақты тіркестер қатарына жатқызады. Бұл – теориялық қағида. Ал жанды тіл процесінде жағдай өзгешелеу.
Тілімізде қалыптасқан бір ұғымды әлденеше ұқсас, мәндес, мағыналас сөздермен, тіркестермен жеткізу мүмкіндігі де бар. Олай болса, «өзгермейтін» тұрақты тіркестің «тұрақтылығына» да шек келтіруге болады. Яғни «тұрақты тіркестің барлығы бірдей қалыптасқан бір ғана тұлғада қолданылады» деген дәстүрлі ұғымды қатып қалған қағидаға айналдыруға болмайды деген сөз. Өйткені фразеологизмдер қаншама тұрақты болғанымен олар да құрамы, құрылымы жағынан құбылып, өзгеріп, тілімізде балама түрде жарыса қолдануы мүмкін.
Міне, фразеологизмдердің осындай өзгермелі табиғатының бір көрінісін – оны варианттылық деп атауға болады. Демек, фразеологизмдердің тұлғалық, мағыналық, сапалық, сандық өзгерістерге ұшырауы кездейсоқ емес, олардың табиғатына тән заңды құбылыс. Олай болса, фразеологизмдердің тұлғалық, мағыналық тұрақтылығы деп жүргеніміз, сайып келгенде, олардың өзіндік табиғаты, құбылмалы болмысы екен. Фразеологизмдердің тұрақтылығы тікелей вариант ұғымына қатысты.
Ал тілдегі варианттылық тілдің өзіне тән қасиеті болғандықтан, варианттың алуан түрлі болуы да оның тұлғалық, мағыналық дамуының бір көзі болып саналады. Қазақ тіліндегі фразеологиялық варианттардың өзіне тән жасалу жолдары, пайда болу себептері бар. Олар жалпы «варианттылық» және «инварианттылық» теориясы тұрғысынан қарастырылады. Осы орайда вариант пен инвариант ұғымдарының арасын ажыратудың мәні зор.
Тілдегі варианттылық мәселесі – тіл білімінің маңызды саласы. Варианттылық – тіл дамуының объективті заңдылығы және кез келген әдеби тілге тән ерекшеліктерінің бірі. Әдеби нормалардың тілдік қағидамен сәйкес келе бермейтіні белгілі. «Варианттылық» әдетте тілдік норма тұрғысынан көбінесе бір сөздің әр түрлі айтылуы ретінде түсіндіріліп келеді. Сол себепті де әдеби тіл мен сөйлеу нормасында «вариант» ұғымы әлі де болса талданып, әр түрлі түсіндіріліп жүрген мәселе. Вариант деген не? Тілдегі басы артық нәрсе болса, неге қалыпқа түспейді? Тілдік қордың дамуына вариант қажет пе? Түрлі сөз варианттарын тіл байлығы деуге бола ма? Дұрыс сөйлеуге, әдеби норманы сақтап сөйлеуде варианттың кедергі келтіруі мүмкін бе?
Тіл-тілде варианттылық мәселесі ғалымдар назарынан тыс қалған емес. Жалпы варианттылық туралы, пайда болу себептері (теориясы десек те болады) жайлы мәліметтерді түркітануда, орыс тіл білімі ғалымдарының ірілі-ұсақты мақалаларымен қоса, арнайы, қомақты зерттеу еңбектерінен мағлұмат алуға болады.
Варианттылық (латынша varians — өзгермелі) ұғымы жалпы алғанда бір сөздің нормадан ауытқып, әр түрлі айтылуы (қазір-қазір), немесе мазмұн, түсініктің бірнеше нұсқада жеткізілуі.
«Вариант» сөзіне қатысты тіл білімінде «инвариант» деген термин бар. Бірақ бұл терминдер о баста тілдік терминдер болып қалыптаспаған. Айналадағы шындық болмысқа заттың (объект) қатысын, құрылымын білдіретін атаулар ретінде жаратылыстану ғылымдарына тән термин болған. Бертін келе, пәнаралық термин ретінде тіл білімінде пайдалана бастады. Тіпті варианттылық ұғымы тіл білімінде инварианттан бұрын пайда болған. Мәселен, Ж.Марузоның «Словарь лингвистичсских терминов» кітабында вариант сөзіне түсініктеме берілген, ал инвариант кездеспейді.
А.Мартиненің (чех ғалымы) айтуы бойынша, вариант пен инвариант тілдік құбылыс ретінде алғаш рет Прагалық фонологтардың зерттеулерінен туған. Олар сөздің дыбысталу тұлғасына қарай (в плане выражения) фонеманы инвариант деп, ал оның басқа түрлерін вариант есебінде қарастырады [65].
Осыдан кейін ғалым тілшілер бұл терминге тілдік «мәртебе беріп» тілдің басқа салаларына қолдана бастаған. Бұл жөнінде зерттеушілер арасында, әсіресе, «инвариант» терминіне байланысты түрлі көзқарас пікірлер қалыптасқан. Қазіргі заман тіл білімінде, «тілдегі варианттылық құбылысын сөз еткенде оның бастапқыда фонемаға қатысты түсіндірілуін еске алсақ, онда тілшілердің инвариант ұғымына көп назар аудармағаны дұрыс...» (Языки мира. ...140-6) деген ой айтылған.
Варианттылық теориясы бойынша, «инвариант» абстрактылы, жалпы ұғымға тән. Демек, инвариант жалпы ұқсас, тектес заттардың жиынтығын айқындаса, вариант сол заттың нақтылы бір түрін көрсетеді.
Тілдегі «вариант-инвариант» құрылымы сыртқы болмыстың да дәл сондай құрылымына ұқсас. Мысалы, адамдарды, айналаны қоршаған заттар (объект) ортақ белгілеріне қарай бір топқа, тақырып аясына топтастырылады. Мәселен, «вариант» тұрғысынан алсақ, ағаш – жалпы ағаш, ал ағаштың нақтылы түрі инвариантқа вариант болады. Сол сияқты тілде де сөз – жалпы сөз атаулы – инвариант, ал оның түрлері, беретін мағынасы вариант есебінде түсіндіріледі. Фонология саласында фонема туралы жан-жақты зерттеулер вариант пен инвариант тұрғысында біраз табыстарға жеткенмен, өзге ғалымдардың бұл терминдерді тілдік единицаның, мәселен, морфологиядағы сөз топтары немесе синтаксистегі сөйлемдерге қатысты қолдануы әр кез ғылыми нәтиже бере алмады. Сөйтіп, ізденіс өрісінде варианттылық пен инвариант туралы шешімі қиын теориялық сұрақтар пайда болады.
Мәселен, орыс тіліндегі сөз варианттарын зерттеген К.С.Горбачевич, сөздің парадигмалық жүйесінен туындайтын вариантты сөздер үшін «инвариант» ұғымын телудің еш қисыны жоқ екенін айтады да, әрі қарай «Қалыптасқан және мазмұнды лексика үшін «инвариант» ұғымы ойдан құрастырылған жансыз схемаға айналады» [66, 33] – дейді.
Сонымен вариантқа қатысты «инвариант» ұғымы дәл бүгінгі таңда тілшілер үшін аса көңіл қойып, зерделі зерттеуді талап ететін мәселе ретінде қалып отыр. Ал тіл дамуындағы құбылыс – вариант мәселесі жеке, нақты алынып, әлі де болса ғылыми тұрғыда талданып, толықтырылуы әлеуметтік лингвистиканың үлесіне берілген.
Қазақ тіліндегі сөз варианттарының ғылыми зерттелуінің тарихы әріде. 1920-40 жылдарда сөз варианттары жеке дара мақалаларда айтыла бастады. Мысалы, Жубанов X. «Исследования по казахскому языку» [68]; Самойлович А.Н. «Богатый и бедный» в тюркских языках. -«Известия АН СССР» [69]; Балақаев М. «Қазақтың әдеби тілінің өсу жолы» [70] т.б. еңбектер одан кейінгі жылдарда да көптеп жарық көрген.
И.Қ. Ұйықбаевтың «Қазіргі қазақ тіліндегі варианттылық проблемасы» [71] еңбегі – қазақ тіл біліміндегі варианттылық мәселесі туралы жан-жақты жазылған құнды еңбек. Автор әдеби тіл нормаларының варианттарын фонетикалық, лексика-семантикалық, грамматикалық-стильдік, орфографиялық, орфоэпиялық дәрежеде қарастырады.
Арнайы зерттеулер арасында С.Бизақовтың «Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің фонетикалық варианттары» [72], «Варианттылық және әдеби норма» [73] деген зерттеу еңбектері бар.
Қазақ тілінің фразеологизмдері әр жылдары жиналып, реттеліп, ғылыми тұрғыдан біршама зерттелсе де, жалпы варианттылық мәселесіне ғалымдар үнемі көңіл бөліп келсе де, фразеологиядағы бұл құбылыстың табиғаты, заңдылығын түгел ашылды деп айтуға болмайды.
Қазақ тілі фразеологизмдеріне тән варианттардың:
жасалу жолдарын белгілеу;
пайда болу себептерін ашу;
олардың түрлерін айқындау;
қолданылу ерекшеліктерін анықтау;
тілдік норма мен арақатынасын саралау;
олардың лексикология мен стилистика саласындағы орнын айқындау;
вариант пен инварианттың өзара іліктестігін көрсету;
фразеология варианттылығы мен фразеологиялық синонимдер айырмашылығын айқындау қажет.
Фразеологизмдердің варианттылығын тілдік тарихи категория ретінде өзге де тілдік бірліктермен арақатысын сандық қолданыста ғана қарастыру мүмкін емес. Сол себепті де, негізгі зерттеу әдістері ретінде вариант қатарлардың семантикалық құрылысын айқындауда синхронды талдауға, фразеологизм варианттарының тұлғалық түрлерін анықтау үшін салыстырмалы-құрылымдық талдау тәсілдеріне, сондай-ақ, кейбір фразеологизм варианттарының шығу тегін анықтау үшін этимологиялық әдістерге де сүйенген жөн.
Сөздің варианттылығы тілдің табиғи ерекшелігінен туған лексика-грамматикалық құбылыс. Варианттылық тілдің тарихи дамуының жемісі. Фразеологизмдердің варианттылығының пайда болу себептерінде де осындай ерекшеліктер бар. Тұрақты тіркес мағынасына варианттылық нұқсан келтірмейді.
Фразеологизмдер варианттарының жасалу жолдары әр түрлі.
Тұрақты тіркестің бір компоненті түсіп қалуы мүмкін: Жанын жегедей жеу//жанын жеу;
Тұрақты тіркестің бір сөзі басқа сөзбен ауыстырып айтуы: Аузынан ақ ит кіріп, қара (көк) ит шығу;
Компоненттері фонетикалық немесе морфологиялык өзгеріспен айтылуы: тұлан//түлен тұту, көмейі//көмекейі бүлкілдеу;
Қосымша түсініктеме сөздерді қосып айтуы мүмкін: болар іс болды//бояуы сіңді.
Фразеологизмдердің түпкі және туынды тұлғаларына қарай: фразеологизмдердің түпкі тұлғалары – инварианттары ал, фразеологизмдердің туынды тұлғалары – варианттары деп аталады.
Қазақ тілінде фразеологизм варианттарының мынадай түрлері бар:
лексикалық
фонетикалық
морфологиялық
лексика-грамматикалық.
Достарыңызбен бөлісу: |