2. АҒЫЛШЫН ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ТІЛДЕРІНДЕГІ ФРАЗЕОЛОГИЗМДЕРДІ ЭТНОЛИНГВИСТИКАЛЫҚ АСПЕКТІДЕ САЛЫСТЫРМАЛЫ ЗЕРТТЕУ
Тіл – халықтың болмысы, жаратылысы, ол мәдениетпен тығыз байланысты; тіл мәдениеттің дамуын, қалыптасуын, деңгейін көрсететін, мәдениеттің ажырамас бөлігі. Тіл ойды жеткізудің негізгі құралы, сонымен қатар тіл-материалдық-рухани мәдениетті танып білудің, ұлт мәдениеті көрінісінің, ұлт мәдениеті өмір сүруінің негізгі арнасы, белгілі бір халықтың мәдениетінен ақпаратты жинақтау және сақтау (аккумуляция) қызметін атқаратын басты форма. Демек тіл арқылы мәдениет суреттеледі, рухани және материалдық мәдениеттің барлық белгілері тіл арқылы ұрпақтан ұрпаққа жетеді.
Әр халықтың тілі – ұлттық бітімнің өзгелерге ұқсамайтын айрықша нышанын ғасырдан-ғасырға ұластырып, тұтас күйінде жеткізетін қуатты құрал [80]. Ағылшын және қазақ тілдеріндегі фразеологизмдердің мағына-мәні осы тілдерде сөйлейтін ұлттың ерте уақыттан бергі өмірін жан-жақты айқындайды. Халықтың күнделікті өмір сүру негізінде пайда болып қалыптасқан фразеологизмдерді қос тілден жиналған деректерімізден кездестіруге болады. Бұл фразеологизмдер тілдік қолданыста әр уақыттың салт-дәстүріне, әдет-ғұрыптарына, мәдениетіне, тарихына күнделікті тұрмыс-тіршілігіне байланысты қалыптасып, тілдік қолданыста дамып өрбіген. Сондықтан да олар әр халықтың ерекшелігіне байланысты өсіп-өрбіп, сол халықтың ғасырлар бойы жинаған байлығының бірі болып табылады. Ағылшын және қазақ тілдеріндегі фразеологизмдердің беретін ұғымы әр ұлттың өзіне ғана тән рухани өмірін суреттейді. Яғни, қос тілдегі фразеологизмдер ұлттық сезім, ұлттық мінез, ұлттық салт-дәстүр негізін этнолингвистикалық сипатын айқындайды.
Әр ұлтты тілі арқылы танысақ, сол ұлт тіліндегі фразеологизмдер алғашқы баспалдақ ретінде қызмет етеді. Себебі, кез келген фразеологизмнің мағыналық астарында сол ұлттың тұрмыс-тіршілігі мен мәдени ақпараттары жатады. Осыған орай ағылшын және қазақ халқының ұлттық ерекшеліктерін және мәдениетін айқындайтын келесі тақырыптарға топтастырылған фразеологизмдерді қарастырамыз (Қосымша 1):
Достарыңызбен бөлісу: |