Дипломдық ЖҰмыс 5В011900 -шетел тілі: екі шетел тілі Шымкент, 2022 ф-19-01/02



бет16/39
Дата08.08.2022
өлшемі178,1 Kb.
#147994
түріДиплом
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   39
Байланысты:
работа

1.6.3 Фразеологиялық тізбек

Фразеологиялық тізбектердің басқа сөздермен тіркесімдігі шектеулі болып келеді, әрі еркін мағынадағы екі сөздің тіркесуінен жасалып, фразеологиялық астарлы мағынада ғана өзгеріссіз тізбек күйінде қолданылады. М ы с а л ы: жанды сөз, көк етікті, қалың сор, тас бауыр, жау жүрек, қызыл кеңірдек, қабырға ағайын, бұқа мойын, теке сақал, жуан жұдырық, жез таңдай, суық қол, шикі өкпе, ұзын етек, жат есік, су мұрын, құдайы қонақ, еркек кіндік, балды бармақ, қолаң шаш т.б.


Қазақ фразеологиясына қатысты жазылған ғылыми еңбектерде фразеологиялық тізбектер туралы әртүрлі көзқарас, пікірлер бар. «...фразеологиялық тіркесті тізбек деуге келмейді, оларды тізбектік сипат жоқ, әрқайсысы жеке-жеке тіркес, сол себепті бұларды фразеологиялық тіркес деп атау орынды» [37, 193] деп, терминге катысты басқа пікір айтушы авторлар бар. Біздіңше, олардың жеке-жеке тіркес екендігі даусыз, бірақ бұл арада «тізбектілік сипат» болудың критериі де жоқ. Көбінесе тізбектеліп екі компоненттен тұратындықтан кезінде осы термин қалыптасқан. Ал фразеологиялық тіркес деген атау деген термин ретінде – фразеологизмдердің жалпы атауы ретінде бұрыннан қалыптасқан термин.
Фразеологиялық тізбектерді бір ұғымның атауы деп, кейде күрделі сөз қатарына қосатындар бар. Астарлы мағынада идиомалауға жеткен күрделі атаулар деп, бірге жазылған тұстар да кездеседі. Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігінде [45] мына мысалдар: ат ұстар - дүниеге ұл баланың келуі; ат салысу - көмектесу, жәрдемдесу; тас жүрек - қатыгез, мейірімсіз; 2.қорықпайтын, тым батыл адам; жол кесер 1.шолушы; 2.қарақшы бөлек жазылады. Ал Қазақ тілінің орфографиялық сөздігінде (2007) ат ұстар, атсалысу, тас жүрек, жол кесер деп бірге жазған. Алайда тас бауыр, тас керең модельдеріне ұқсас көптеген фразеологиялық тіркестер бұрынғыдай фразеологиялық тізбектер қатарында жүр. Осы арадағы ғылыми ұстанымдар қайта қарауды қажет етеді.
Фразеологиялық тізбектердің мынадай ерекшеліктері бар:
- Фразеологиялық тізбектердің құрамындағы сөздердің образды мағынада жұмсалуы олардың теңеу, салыстыру сияқты көркемдік мағынада айтылуына байланысты. Алайда ауыспалы мағынада аталған тұрақты тіркестердің бәрін бірдей фразеологиялық тізбектерге жатқызуға болмайды.
М ы с а л ы: көңілсіз құлақ - ойға олақ (Абай). Жүргенім жоқ қайғының жүгін артып, (М.М). Жамындағы жанар таулар қозғалып (Б.Б.) – деген тіркестерді ақындар метафорлық мағынада қолданып тұрғанмен, бұларды фразеологиялық тізбектерге жатқызуға болмайды.
- Фразеологиялық тізбектер – сырт құрылым-құрылысы күрделі сөздер мен шектеулі тіркестерге ұқсас болғанымен өзіндік жасалу жолдары бар, әрі фразеологиялық мағынасы бар бейнелі тіркес. Алайда күрделі (қара жол, мұз айдын, сықпа құрт, үй іші) сөздер тілде атаулық мәнге ие туынды лексема ретінде қалыптасқан сөздер деп танылса да, соңғы «Орфографиялық сөздікте» (2007) [46] осы мысалдарға ұқсас қара қағаз, қан сонар т.б. тіркестері бірге жазылған. Дұрысы бұлардың барлығы бөлек жазылуға тиіс фразеологиялық тізбектер.
Еркін тіркестерге қарағанда шектеулі тіркестер де атаулық мәнде жиі қолданылады. Құрамындағы сөздер лексикалық мағыналарын біршама сақтап, шектеулі мағынада жұмсалады. М ы с а л ы: Бесік жыры, мақтау қағаз, ырықсыз етіс, жан қалта т.б. Шектеулі тіркестер сөзжасам негізінде қалыптасады, еркін тіркес пен күрделі сөз аралығында жүрген тіркестер.
- Фразеологиялық тізбектердің басқа сөздермен тіркесімділігі шектеулі болып келеді. Фразеологиялық тізбек еркін тіркеске ұқсас болғанымен, көбінесе фразеологиялық астарлы мағынада ғана жұмсалатын сөздердің тіркесінен тұрады. М ы с а л ы: көк бет (адам), қысыр сөз, қасқа жол, қолаң шаш, жуан жұдырық т.б.
- Тілдегі сөздер өздерінің лексикалық мағынасы мен тіркесу қабілеті жағынан бірнеше топқа бөлінеді. Сөздердің тіркесу қабілеті оның лексикалық мағынасының табиғатына байланысты. Кейбір сөздер кез келген сөзбен тіркес құрай беретін болса, қайсыбір сөздердің тіркесу шеңберіне шек қойылады. Десек те, сүмбіл шаш, ну орман, мидай дала, шалқар көл, асқар тау, нар тәуекел, айдай әлем - деген тұрақты тіркестердің алғашқы сыңарлары (сүмбіл, ну, қолаң, мидай, шалқар, асқар, нар, айдай) осы аталған тіркестерде ғана қолданылады да, басқа сөздермен тіркеспейді деген I.Кеңесбаев, Р.Сәрсенбаевтың пікірлерімен келісу қиын. Мәселен, келтірілген мысалдардағы ну орман - ну тоғай, мидай дала - мидай араласу, шалқар көл - шалқар шабыт, шалқар өлке, асқар тау - асқар бел, асқар шың т.б. тіркестер бар.
Сол сияқты Ә. Болғанбаев келтіретін фразеологиялық мағынадағы көк сөзі бет сөзімен, «сөз тек қысыр сөзімен ғана тіркеседі деуі де даулы. Тілімізде «көк езу», «көк етікті», «көк жалқау», «сөз келу» (ұятқа қалу) «сөз сату», «сөз тарту», «сөз саптау» т.б. толып жатқан мысалдар бар. Кейде ғана тіркесу қабілеті жағынан шектелген сөздер өзі тіркесетін сөздерді талғайтын тұстары бар. «Қас» деген сөз: қас батыр, қас сұлу, қас дұшпан, қас жау - деген тіркестердің құрамында ұшырайды да, басқа тіркесте кездеспейді. Олай болса, сөздердің тіркесу қабілеті олардың мағыналық табиғатына ауыспалы, образды мағыналарымен байланыста болады. Сондай-ақ, фразеологиялық тізбектердің кейде бір сыңарын мағыналас, мәндес сөздермен ауыстыруға болады. Мысалы: қоян жүрек - су жүрек; қыпша бел - құмырсқа бел; зар жақ - қу жақ; т.б. [42]
- Фразеологиялық тізбектердің құрамында этнографиялық фразеологизмдер жиі ұшырасады.
М ы с а л ы: қара шаңырақ, аш ұстар, қырық жеті, ит көйлек, жеті ата, есік көрген, теріс бата, жат есік, бауыздау құда т.б.
Еркін тіркес құрамында көбінесе екі компоненттен тұратын, басқа кез келген сөздермен тіркесімдігі шектеулі болып келетін бейнелі және астарлы мағынада қолданылатын тіркес түрін фразеологиялық тізбектер дейміз.
Қазақ тіл білімінде, сол сияқты басқа да түркі тілдерінде фразеологияның жеке объектісі ретінде қаралатын тұрақты тіркестердің түрлері туралы әр қилы пікірлер бар. Мәселен, фразеологизмдерге мақал-мәтелдердің қатысы туралы түрлі пікірлер әлі ортақ тұжырымға келмеген.
Паремиология  (грек. παροιμία paroimia — мақал және λόγος logos — сөз, оқу) – мақал-мәтелдерді зерттейтін ғылым саласы. Қай тілде болмасын, мақал-мәтелдер фразеологизмдерге қарағанда ертерек жинастырылып, тақырыптық топтарға жіктелген.
Мақал-мәтелдерді фразеологияға қосып зерттеу туралы бір алуан талас пікірлер болды. Мақал-мәтелдердің тілімізде тұрақты және даяр қалпында қолданылуына карай тұрақты тіркестер ретінде фразеологияның аясында қарастырып зерттеуді кең және тар ұғымда түсінуде ғалымдар пікірі әр қилы. Біраз зерттеушілердің I.Кеңесбаев, Ш.Рахматуллаев, Г.Байрамов, З.Ураксиндер тұрақты тіркестерді тар ұғымда түсінуді жақтайды. Кезінде академик I.Кеңесбаев қос сөздерді фразеологизмдер қатарына енгізген. Мәселен, Ш.Рахматуллаевтың пікірінше, «фразеологияның, бай материалдарын жан-жақты және терең оқып білгеннен кейін, тұрақты сөз тіркестерін, сірә, тар ұғымда түсінген дұрыс» десе, дәл осы ойды А.А.Юлдашев та қолдап: «фразеологияның объектісін тар ұғымда түсінгенде «азды-көпті» зерттеу мақсаты айқындалып, оның ішінде бөлінбейтін лексикалық единицалар (структуралық құрылымы бар синтаксистік единицалар) мақалдар, мәтелдер, нақыл сөздер мен қанатты сөздер тұрақты тіркестері жатпайды» деп қуаттайды.
Тұрақты тіркестерді кең ұғымда түсінуді негізге алатын зерттеушілер С.Н.Муратов, Г.Х.Ахунзяновтар [48] терминдерді, күрделі сездерді, қос сөздерді, нақыл сөздерді, газет айдарларын (штамптар), мақал-мәтелдердің барлығын тұрақты тіркестерге жатқызады.
Орыс тіл білімінде бұл салада көп еңбек сіңірген – академик В.В.Виноградов [9]. Ол француз ғалымы Ш.Баллидің [5] фразеологиялық схемасын творчестволық түрде өңдеп, фразеологиялық орамдарды 1) Фразеологиялық тұтастық, 2) Фразеологиялық бірлік, 3) Фразеологиялық тіркес деп үшке бөлгенде, мақал, мәтел, термин сөздерді бұған кіргізбеген. Н.Л. Шанский [10], В.В. Виноградовтың [9] осылай бөлген жүйесіне төртінші етіп, фразеологиялық сөйлемше (выражение) дегенді қосып, бұған, мәселен орыс тіліндегі «...қасқырдан қорыққан орманға бармас, жылтырағанның бәрі алтын емес, темір жол, жоғары оқу орны» тәрізді тіркестерді жатқызады. Сөйтіп, Н.М.Шанский [10] фразеологиялық орамға жататын тілдік тұлғалардың аясын кеңейте түсіп, оған кейбір термин сөздер, мақал-мәтелдерді енгізеді.
Ал, Д.М.Бабкин [49] мұндай жүйеге, пікірге қосылмайтындығын айтады. Н.М.Шанскийдің толықтырылып, өңделіп 1985 жылы шыққан «Фразеология русского языка» еңбегінде фразеологиялық сөйлемшені коммуникативті сипаттағылар: құрылысы жағынан сөйлемге ұқсас деп, «Человек это звучит гордо», «Суждены наши благие порывы», ал «трудовые успехи», «на данном этапе» т. б. - номинативті сипаттағылар деп бөледі.
Тіл мамандары арасында бұдан басқа да көзқарастар бар. Мысалы, орыс тілінің түсіндірме сөздігінің авторлары идиома, фразалық сөздерге мәтелдерді қосып, мақалды есепке алмайды. Осы салада тың пікір айтушылар Б.А. Ларин [50] және Л.И. Молотков [51]. Бұлар фразеологиялық тұлғаларды идиома, фразамен ғана шектеп, мақал, мәтел, термин, қанатты сөздерді одан тыс құбылыс деп қарастырады. Сөйтіп, идиома, фраза, фразеологиялық тіркестердің белгілі тұлғалары екені анық, пікір алалығы мақал, мәтел, термин, нақыл сөздер айналасында туып жатады. Мақал, мәтелдердің фразеологияға қатысы жөнінде тіл білімінде де әлі күнге дейін даулы, шешімін таппай келеді. Бірақ орыс тіл білімінде фразеологиялық корпус қазақ фразеологиясына қарағанда жан-жақты әрі терең қарастырылғандықтан, қазір бұл мәселеге қатысты В.Н.Телия [55], В.М.Мокиенко [53], Н.Ф.Алефиренко [54] т.б. пікірлері бұрынғы үрдіс бойынша фразеологизмдерді кең мағынада қарастыру бағытында іргелі зерттеу нәтижелеріне қол жеткізді.
Қазақ тіл білімінде, егер оқулықтарға жүгінсек, оның мән-жайы мынадай. 1954 жылы шыққан «Қазіргі қазақ тілі» оқулығында «фразеологиялық тізбектер өздерінің жасалуы, фразалық материалы, грамматикалық байланысы, лексикалық мәні жөнінен мына төмендегідей ірі үш түрге бөлінеді: 1. Идиомдар. 2. Мақалдар. 3. Мәтелдер. I.Кеңесбаев [55, 89], Ғ. Мұсабаев оқулығының «Қазіргі қазақ тілі» 1975 жылғы басылымында «Фразеологиялық тіркестер екі топқа идиомаға және фразаға бөлінеді» деген [56, 199].
М.Балақаев [57] пен Т.Қордабаев [58] тұрақты тіркестерді идиомалық тіркестер, фразалық тіркестер деп бөлген. А. Ысқақов [59] күрделі сөздердің топтастыру мәселесіне қатысты айтқандарында тұрақты тіркесті идиомалық тіркес, фразалық тіркес деп екіге бөледі. К.Аханов «...мақал-мәтелдер мен қанатты сөздерді фразеологиялық единицалардың қай тобына жатқызу өте күрделі мәселе» [60] дейді.
Қазақ мақал-мәтелдерінің стилистикасы туралы еңбегінде Қ.Сәрсенбаев фразеологиялық орамдар қатарына тіл-тілдегі мақал-мәтелдер мен нақыл сөздерді жатқызады. «Мақал-мәтелдер мен нақыл сөздердің фразеологияға қатысы, бұлардың тұрақтылығы мен эвфониялық құбылыста қолданылу сипатына байланысты. Осы сипаттар арқылы бұларды фразеологиялық единицалар тобына қосып қарармыз» - дейді.
М.М.Копыленко мақал-мәтелдердің жағдайға (ситуацияға) байланысты қолданылып, коннатативті (фразалық) мағынаға ие болатынына қарамастан, «Мақалдар мен мәтелдер бүтіндей халық творчествосының жанры болғандықтан, фразеологияның тақырыбы бола алмайды» [61] деп жазды.
Сонымен, тіл мамандары, қай тілдегі болмасын, фразеологияны мейлі тар ұғымда, мейлі кең ұғымда түсінуде фразеологиялық тұлғаларды айқындау үшін фразеологиялық тұлғалардың қалыптасқан, дайын тіркес екендігін, оның мағына тұтастығын, құрамындағы компоненттердің, тұрақтылығын, семантикалық бірлігін, жалпы беретін мағынадағы образдылық пен ауыспалылық, басқа тілге сөзбе-сөз аударуға келмейтіндігін айтады.
Бұл айтылған белгілер сөздердің еркін тіркесімен салыстыра қарағанда, мән-мағынасын толық сақтайтын мүлтіксіз белгісі, қасиеттері болмақ. Ал тұрақты тіркес тұлғаларын күрделі сөздермен ұштастыра қарасақ, бұлардың межелі белгі болуы шүбәлі.
Сөйлеу кезінде тыңнан жасалынбай, даяр қалпында қолданылу жағынан мақал-мәтелдер фразеологизмдерге ұқсайды. Мақалдар негізінен екі бөлімді боп келеді де, алдыңғысында іс-әрекеттің шарты мен жағдайы айтылып, соңынан сол пікірді түйіндеп қорытындылайды. Мысалы: «Сұлу сұлу емес сүйген сұлу», «Аузы жаман елді былғайды, Аяғы жаман төрді былғайды», «Атың барда жер таны желіп жүріп, асың бар да ел таны беріп жүріп».
Мақал-мәтелдің көпшілігінде тұжырымды оймен қатар, бейнелі ишарат жатады. «Ит тойған жеріне, ер туған жеріне», «Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дегендердегі «ит пен ер», «туған ел» бір-біріне қарама-қарсы шендестіріп қолдану арқылы тұжырымды оймен бірге астарлы мағына беріліп тұр. Өзінің құрамы жағынан фразеологизмдерге мақалдан гөрі мәтелдер бір табан жақын. Мақал белгілі бір ұғымды тікелей білдірсе, мәтел жанамалап, меңзеп, тұспалдап айтады. М ы с а л ы: Ағама жеңгем сай. Көрмегенге көсеу таң т. б. Фразеологизмдердің мағыналары астарлы бейнелеу мәнде келеді. Ал мақал-мәтелдердің көпшілігі игі қасиеттерге үндеу, уағыздау сипатында болады. Мақал-мәтелдер қаншалықты ауыс мағынада айтылғанымен, құрамындағы сөздер өзінің байырғы лексикалық мағыналарынан қол үзбейді. Мақал, мәтелдер, фразеологизмдер сан ғасырдың жемісі, ұрпақтан ұрпаққа жеткен тілдің бай мұрасы. Бірақ мақал-мәтелдер фразеологизмдерге қарағанда әр заманның талабына сай пайда болып, мазмұн, мағына жағынан уақыт бедері әр кезде аңғарылып отырады.
Фразеологизмдер мен мақал-мәтелдердің арақатынасы өте күрделі. Кең мағынада мақал мәтелдер және оларға жақын қанатты сөздер фразеологизмдерге жатқызылып жүр. Бірақ олардың фразеологизмдерге жатқызылуы әлі толық шешілмеген мәселе емес. Бұлардың фразеологизмдерге қатысын түсіну үшін, алдымен мақал-мәтелдердің тілдік сипатын, әрқайсысының өзіндік ерекшеліктерін, бір-бірінен айырмасын түсіну қажет. Мақал мен мәтел бір-біріне ұқсас болғанымен, құрылымы, білдіретін мағынасы жағынан бірдей емес.
Мақал дегеніміз — халықтың ғасырлар бойғы дүниетанымы, тәжірибесі жинақталып берілген, мазмұны жағынан ғибрат, өсиет сияқты, ізгі қасиеттерді уағыздайтын, құрылымы жағынан әрі көркем, әрі ырғақты, ықшам нақыл сөз. Мақал формасы жағынан аяқталған сөйлем іспеттес. Мақалдардың көпшілігі екі компонентті, яғни құрмалас сөйлем типтес болып келеді (түстік өмірің болса, кештік мал жина; ер бір рет өледі, ез мың рет өледі т.б.). Мағынасы жағынан екі компонентті мақалдың алдыңғы бөлімінде бір нәрсенің жайы не әрекеттің жағдайы, шарты байымдалса, кейінгі бөлімінде соған қатысты қорытынды, түйінді пікір тұжырымдалады (бір кісі таққа отырса, қырық кісі атқа отырады; ер арыса аруақ, ат арыса тулақ т.б.). Бірақ мақалда айтылатын ойдың өзара шарттылығы міндетті болмай, логикалық жағынан бір-біріне ұқсас өмірдегі құбылыстар оның екі бөлімінде де байымдау түріңде берілуі мүмкін. Мысалы, су басынан бұзылады, балық басынан шіриді; адам құлақтан азады, көңілден семіреді т.б.
Мақал дәл мағынасында да, ауыс мағынасында да айтылады. Мысалы, туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас; еңбек ширатады, өмір үйретеді дегендер дәл мағынасында, ал ат басына күн туса, ауыздықпен су ішер; адам аласы ішінде, мал аласы сыртында; иттің иесі болса, бөрінің тәңірі бар дегендер ауыс мағынада жұмсалып тұр. Дегенмен, қазақ тіліндегі мақалдардың көпшілігіне ауыс мағынада қолданылу тән сияқты.
Мақалдардың арасында да синонимдестік кездеседі. Мысалы: кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол — өзге елге ұл болғанша, өз еліңде құл бол; жеккен жерінде көгереді, ер елінде көгерер; әркімнің өз жері Мысыр шаһары т.б. мақалдар бір-бірімен синонимдік қатынаста тұр.
Ал мәтелге келсек, жоғарыда мақалға берілген анықтаманы оған да беруге болады. Мәтел де халық даналығынан туған, мағынасы уағыз өсиетке негізделген, құрылымы көркем, ырғақты, әрі ықшам сөз үлгісі. Мәтелдің мақалдан айырмасы — мәтелде айтылатын ой-пікір мақалдағыдай емес, негізінен жанама түрде астарлау, меңзеу түрінде берілетіндігінде. Мысалы: кісідегінің кілті аспанда, естіген қүлақта жазық жоқ, сұлуынан жылуы, жаман күйеу қайынсақ, күлегештің тұзы жеңіл, таз әулекі, соқыр әңгүдік деген мәтелдерде мақалдардағыдай байымдау, оны қорытындылау жоқ, тек бір жағдайды жанамалап, меңзеп, тұспалдап білдіру ғана бар. Демек, мақал мен мәтелдің айырмасы — олардың мағынасына байланысты, білдіретін ой-пікірдің (мағынасының) білдірілу тәсілінде. Ой-пікір, ұғым мақалда неғұрлым анық, ашық айтылса, мәтелде тұспалдап, жанамалап, меңзеп айтылады. Мәтел құрылымы жағынан көбінесе жай сөйлем іспеттес, бір құрылымнан тұрады. Мысалы: саудада достық жоқ, қорыққанға қос көрінеді, заманына қарай амалы, бөрік кигеннің намысы бір, ер кезегі үшке дейін, соқыр ат қотыр атқа үйір, тентек шоқпар жинайды т.б.
Қанатты сөздер — тарихи көрнекті қоғам қайраткерлерінің, ойшылдар мен көркем соз шеберлерінің, ғалымдардың шығармаларында немесе фольклорлық, публицистикалық туындыларда кездесетін, қолданылуы тұрақты, бейнелі, терең мағыналы нақыл сөздер, афоризмдер. Мақал-мәтел сияқты канатты сөздер де айтайын деген ойды мәнерлеп жеткізу үшін, стилистикалық тәсіл ретінде жұмсалады. Мысалы: Абайдағы — білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез; әсемпаз болма әр неге, өнерпаз болсаң арқалан; тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын; әкенің баласы болма, адамның баласы бол; еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей; баяғы жартас бір жартас, қанқ етер, түкті байқамас; адасқанның алды жөн, арты соқпақ; лай суға май бітпес қой өткенге; досы көппен сыйлас, досы жоқпен сырлас т.б.; Ыбырайдағы — кел, балалар, оқылық, Оқығанды көңілге ықыласпен тоқылық; аурудан аяған күштірек; байлық қанағатта; өзі болған жігіттің аяғынан алмаңыздар т.б. М.Әуезовтегі бөрінің артынан бөлтірік ақылдылығынан ермейді; ар жазасы ең ауыр жаза т.б. қанатты сөздер айтуға жеңіл ықшамдылығымен, көркемшілігімен, терең мағыналылығымен мақал-мәтелдер сияқты халық арасына кең тарап кеткен.
Тарихи тұрғыдан қарағанда қанатты сөздер мақал-мәтелдердің қорын байытатын негізгі көз болып табылады. Осы күнгі мақал-мәтелдер бір кездерде ақылгөй, дана адамдардың аузынан шығып, замандар бойы халық қолданысында әбден екшеліп, қырналып, жетіліп, біздің заманымызға жеткен қанатты сөздер сияқты, бірақ олар бастапқы қалпын, авторларын сақтамаған. Қанатты сөздер грамматикалық құрылысы жағынан мақал-мәтелдер тектес әртүрлі формада кездеседі.
Фразеологизмге мақал-мәтелдердің қатыстылығын және олардың бір-бірінен айырмашылығын фразеологизмдерге тән белгілер тұрғысынан қарап анықтауға болады. Осы тұрғыдан қарағанда, фразеологизмге тән құрылым тұрақтылығы, даяр қалпында жұмсалу тиянақтылығы, бейнелілігі, мәнерлігі сияқты белгілер мақал-мәтелге де тән. Осы белгілер мақал-мәтелдерді фразеологизмдерге жатқызуға себеп болған.
Фразеологизмнен мақал-мәтелдің негізгі айырмасы олардың мағыналық ерекшеліктеріне, яғни семантикалық жағына байланысты. Мақал-мәтелді фразеологизмдерге жатқызуға күмән тудыратын да осы жайт. Мағына тұтастығы — фразеологизмдердің негізгі белгілерінің бірі. Фразеологиялық мағына фразеологизмдердің құрамындағы сөздердің лексикалық мағыналарына тәуелді емес, яғни лексикалық мағыналардың жиынтығы емес. Сол лексикалық мағыналардың ауыс мағынада қолданылып, кайта жаңғыртылуынан (десемантикалануынан) пайда болған, екінші қатардағы жинақты мағына. Сол себепті, фразеологизмдер семантикалық жағынан біртұтас тіл бірлігі ретінде танылады.
Ал мақал-мәтелдердің (әсіресе мақалдардың) мағынасы құрамындағы сөздердің мағыналарымен тікелей байланысты, соларға тәуелді, яғни мақал-мәтелдердің құрамындағы сөздер өздерінің лексикалық мағыналарын жоғалтпаған, тіпті құрамындағы сөздер ауыс мағынада қолданылғанның өзінде лексикалық мағыналарынан ауытқымайды. Сол себепті мақал-мәтелдердің білдіретін мағынасы біртұтас мағына деуге келмейді, олар біртұтас тіл бірлігі ретінде танылмайды. Мағынасындағы осындай ерекшелікке байланысты фразеологизмдер сөйлем құрамында бір ғана сөйлем мүшесінің қызметін атқарады, өйткені оның мағынасы жеке сезбен парапар. Сонымен бірге фразеологизмдер бір тілден екінші бір тілге сөзбе-сөз аударуға көнбейді, олардың мағынасы басқа тілдегі баламалары арқылы немесе түсіндіру арқылы ғана беруге болады. Мысалы: құты қашты орыс тілінде лица нет; қызыл итке жем болды — стать чужой добычей; құрақ ұшу — из кожи (вон) лезть, ақ киізге көтеру — провозгласить ханом, короновать, ажалы жету — смертный час; аузы берік — держать язык за зубами; иненің жасуындай — очень маленький, крохотный; тас-бауыр — бессердечный т.б.
Тілде бар құбылысты мақал-мәтелдердің фразеологиялық тұлғалардан елеулі айырмашылығын ескере отырып, тіліміздегі тұрақты тіркестердің құрамында, оның ішінде фразеологиялық түсінікке қатысты етіп қарастырған жөн.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   39




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет