Алынған нәтижелердің шынайылығы:
Ғылыми зерттеу нәтижелері бойынша екі ғылыми мақала жарияланды.
Магистрлік диссертацияның құрылымы: кіріспеден, екі бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен және қосымшадан тұрады.
Кіріспеде зерттеудің көкейкестілігі, мақсаты, нысаны, пәні, зерттеудің ғылыми болжамы, міндеттері, жетекші идея, зерттеу жұмысының әдіснамалық негізі, зерттеу әдістері, көздері, кезеңдері, ғылыми жаңалығы, практикалық маңыздылығы, қорғауға ұсынылған қағидалар баяндалады.
Зерттеудің «Этнолингвистика мен фразеология ғылымдарының теориялық негіздері» атты бірінші бөлімінде зерттеліп отырған мәселеге байланысты тіл мен ұлттық мәдениеттің сабақтастығы, фразеологиялық мағыналардың қалыптасуындағы ұлт менталитетінің рөлі, ағылшын және қазақ тілдеріндегі фразеологизмдер туралы жалпы түсінік, фразеологизмдердің түрлері, варианттылығы туралы толық ақпарат қарастырылған.
Зерттеудің «Ағылшын және қазақ тілдеріндегі фразеологизмдерді этнолингвистикалық аспектіде салыстырмалы зерттеу» тақырыбындағы екінші бөлімінде ағылшын және қазақ халықтарының ұлттық ерекшеліктерін білдіретін әдет ғұрып, салт-дәстүр, ұлы ақын шығармалары, тарихи ұғымдар, күнделікті тұрмыс тіршілік, мезгіл, ай, апта, күн аттары, жан-жануарлар аттарына шағын түрде топтастырылған фразеологизмдерге талдау жасау арқылы фразеологизмдердің этнолингвистикалық сипаты анықталды.
Қорытынды: Тіл мен мәдениеттің сабақтастығы анықталды. Этнолингвистика мен фразеология ғылымдарының теориялық негіздері көрсетілді. Ағылшын және қазақ тілдеріндегі фразеологизмдердің лингво- мәдени аспектілері қос тіл иелерінің ұлттық ерекшеліктерін айқындайтын фразеологизмдер арқылы көрсетілді.
1. ЭТНОЛИНГВИСТИКА МЕН ФРАЗЕОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ
1.1 Тіл мен ұлттық мәдениеттің арақатынасы
Академик Әбдуәли Қайдардың «Мәдениет жеке адамның басына тән қасиеттен басталып, бүкіл ұлттық менталитеті ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық сана, дүниетаным, салт-дәстүр, рухани-материалдық байлықтың бәрін түгел қамтитын өте күрделі ұғым» деуі мәдениетті тілмен байланыстыра зерттеудің маңыздылығын аша түседі. Өйткені тіл қарым-қатынас құралы ғана емес, ол ұлттық мәдениеттің басты формасы, сондықтан мәдени негіздерге деген қызығушылық тіл тамырына тереңірек үңілуді қажет етеді [4].
Тіл мәдениеттің өмір сүру формасы, мәдениет оның ішкі мәні болғандықтан, тіл мен мәдениетті бір-бірінен бөліп қарастыруға болмайды. Тілде адамның осы әлемді түсінуге тырысқан таным жолдарының ізі сақталады, ұлт өмірі туралы жан-жақты мәлімет жинақталады. Сол мәліметтер арқылы әрбір ұлттың өзіндік ерекшеліктері көз алдымызға келеді. Тіл этностың бүкіл рухани, мәдени байлығының өзегі. Ол тек дыбыс пен таңбаның бірлігі емес, ең маңыздысы – мәдени сабақтастықтың құралы. Ұлттың барлық болмысы мен өмір-тіршілігін, дүниетанымы мен әдет-ғұрпын бойына сіңіріп, ата мұрасы, асыл қазынасы ретінде ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіліп отырылуы, тілдің басты – кумулятивті қасиетіне байланысты.
Адамзат мәдениеті, оның әлеуметтік мінез-құлқы және ойлау өрісі тілден тыс өмір сүрмейді. Әр халықтың мәдени ерекшеліктері оның ғасырлар бойы жасап келе жатқан тілінен көрінеді. Ендеше, тіл мен мәдениет байланысының тамыры тереңде жатқаны сөзсіз. Сондықтан XIX ғасырдан бастап тіл мен мәдениеттің байланысы тіл біліміндегі басты мәселелердің бірі болып келеді. Бұл мәселелердің негізі Гумбольдтың [3] еңбектерінде байқалады. Оның тұжырымдары А.Н.Потебняның [6], Ш.Баллидің [5], И.А.Бодуэн де Куртэненің [22] еңбектерінде орын алады.
Зерттеушілердің айтуына қарағанда ХІХ-ХХ ғасырда тілдік философиялық ойлар тіл туралы бейнелі түсінікті «жеке адам (индивид) тілі», «тіл - жүйе» және «құрылым» дегеннен бастап, «тип», «характер», «ой кеңістігі», «рух үйі», сондай-ақ, «рух энергиясы», «рух белсендісі» деген бейнелілікке дейін көтерді.
Ал ғасыр соңында тілді зерттеу парадигмаларының ең басты бағыттарының бірі – антропологиялық парадигма. Бүл бағыт бойынша тілді кең мағынада адам сана болмысымен, яғни адамның ойы мен оның рухани жан дүниесін сөйлейтін тілінен бөлмей тілдік әлеммен бірге тұтас қарау. Тілдің антропологиялық негізінде тіл өз ішінде емес, тіл адамның бір бөлігі іспеттес қарастырылады. Демек, адам тілдің иесі ретінде саналады. Ал тіршілік тұтқасы адамды адам деп тану тек оның сөйлейтін тілі арқылы ғана анықталады. Осы ойлар адамтанудың философиялық шешімдері ретінде танылады. Бұл ретте, тілге Гумбольдтша антропологиялық тәсілмен келу екені белгілі. Тілдегі антропоцентрлік бағыттар: когнитология, лингвосоциология, лингвопсихология, лингвоэтнология және лингвокультурология, яғни тіл арқылы мәдениеттану. Соңғысы жана арна – мәдениет пен тілдің байланысын зерттеу болып табылады. Гумбольдгық бағдар бойынша тіл – адам өмірінің барлық саласын дүниені танудан бастап, өмір тіршілігін тұтас қамтитын және оның заттық, рухани мәдениетін келер ұрпағына жеткізетін құрал. Олай болса, адамды тіл ішінде тану – оның бүкіл болмысын тану, өмір сүру, күн кешу сияқты қарапайым тіршілік ұстанымдарын білу [3].
Тіл мен мәдениет арақатынасы туралы мәселе өте күрделі, әрі жан-жақты. Сондықтан, бүгінгі таңда, бүл мәселеге қатысты бірнеше тұжырымдар қалыптасқан. Қазір тіл білімінде тіл арқылы мәдениеттанудың елтану, лингвомәдениеттану, этнолингвистика сияқты жаңа бағыттары қалыптасып, тіл мен мәдениеттің арақатынасын бағдарлауға, зерттеудің жаңа әдістері мен тәсілдерін көрсетуге мүмкіндік алды.
Елтану бағыты этномәдени тұрғыда әр ұлттың өзін-өзі қайта тануымен байланысты. Бұл – әр ұлт тілдеріндегі соңғы кездегі тілдегі әлеуметтік оң өзгерістер ықпалы, әркім өз дүниесін бөліп алып, «мен кіммін, басқалардан қандай артықшылықтарым бар» деген менталдық қасиеттердің жандануы немесе оянуы.
Мәселен, бұрындары шетелдіктер үшін орыс тілін үйрену кезінде, оқыту процесінде сол ұлт тілі арқылы елін, халқын тануға мүмкіндік алды. Сол себептен де орыс тіл білімінде шетелдіктерді орыс тіліне үйрету барысында қалыптасқан Елтану пәні дүниеге келді. Бұл пәннің мақсаты: тілді үйрету барысында ұлттық ерекшелікті барлық қырынан әлеуметтік, мәдени, тарихи жағдайын тұтастай тек тіл арқылы таныту. Ұзақ жылғы практикалық тәжірибе тіл арқылы Елтанудың методологиялық негіздерін қалыптастырды. Тіл өзінің өмір сүру қалпында өзінің дамыған ортасында үш түрлі қызметімен ерекшеленеді.
Тіл адамдардың өзара түсінісуі үшін жұмсалатын коммуникативтік қызметі арқылы екеуара сөйлесетіндер үшін кез-келген құбылыс, зат атауларының түсінікті болуы.
Тіл тек сөйлесу, қарым-қатынас құралы емес, ол адам өмірінің заттық және рухани мәдениетінің сол ұлтқа тән төлтума қасиеттерін жинақтап, сақтау арқылы келесі ұрпаққа жеткізеді. Мұны тілдің кумулятивті қасиеті деп атайды.
Тілдің тағы бір қоғамдық қызметі – әлеуметтік өмірде адамдарды жеке түлға ретінде, ұлт өкілі ретінде қалыптастыруы.Тіл бір адамның ғана меншігі емес, мәселен, қазақ тілінде бүкіл бір ұлт, халық сөйлейді. Тіл арқылы бүкіл қазақ ұлты өмірлік көріністердің тұтас мәліметін жинақтады. Осы мәліметтер арқылы адамдар сол тілде сөйлейтін бір ұлттың тұтас өмірлік көріністерінің айнасын көз алдыңызға әкеледі.
Тіл бір адамның меншігі емес десек те, сол тілде сөйлейтін жеке адам өз ұлтының бүкіл бітім болмысы, өмірлік тәжірибесін, дәстүрлерін меңгеру, сіңіру арқылы ол да өз тарапынан ұжымдық мәдениетке үлесін қосады. Тіпті, үрім бұтағына дейін отбасында ана тілі арқылы үйренген, білген қасиеттерін дарытуға ұмтылады, дәстүр жалғастығын үзбейді. Осындай ерекшеліктер арқылы тұлға ретінде ұлт өкілі боп сақталады. Қазіргі кезде қазақ тілінің ұлт тілі ретіндегі халықтық, ұлттық дәстүрді, салт сананы қалыптастырудағы екі ұдай даулы мәселелерге айналуының өзі рухани ұлт мәдениетінің алтын діңгегінің шайқалуына әсер етті. Тілдің жоғарыда айтқандай кумулятивті қызметі жекеден жалпыға жинақталғанда ана тілінің қоғамдық қызметінің қаншалықты жоғары екендігі түсінікті. Егер қазақ тілінің бұрынғы әлеуметтік әлеуетінің соншама мықтылығы болмаса, дәл бүгінгі таңда ұлт мәдениетінің күні не болатыны түсінікті. Ұлт мәдениетінің сақталуы тек ұлт тілінің осындай кумулятивтік қызметіне байланысты.
Тіл арқылы барлық құбылыс, заттар, яғни, әлемнің тілдегі көрінісі тілдік бірліктерге тән болғанымен, кумулятивтік кызмет, әсіресе, фразеологизмдер мен мақал-мәтелдерден ерекше байқалады. Оның себебі сол ұлт топырағында тамырланып, нәр алған халық тіліндегі сөздер мен фразеологизмдер ғана ұлт ерекшелігін, менталитетін айқындап бере алады.
Достарыңызбен бөлісу: |