Тілдің қолдану аясының кеңдігін танытатын құбылыстың бірі ғылымда троптар деп аталса, ал оның негізгі бір түрі – метонимия.
Метонимия – әдемі, әсерлі, көркем сөйлеудің тағы бір ұтымды құралы. Кез келген суреткерр халықтың бай тілін керегінше пайдаланып өз қажетіне жаратады. Тілдегі дайын, бар үлгілерге сүйене отырып, соларға ұқсас құрылымдар жасайды да, ең қажеттілерін талғап, таңдап сұрыптап алады. Суреткер метонимияны қолданудағы басты мақсат – ол ойды бейнелі де көркем, әсерлі де тартымды, эмиоционалды – экспрессивті бояуын қанық етіп жеткізеді.
Сөздердің дағдылы мағынасынан ауытқып, әдеттегіден тыс, ауыса қолданылуымен байланысты «метонимия» және «метонимиялық» терминдер ежелгі Греция мен Рим заманындағы зерттеу еңбектерінен белгілі.
Қазақ ғалымдары А.Байтұрсынов, Қ.Жұмалиев, І.Кеңесбаев,
Ә.Қайдаров, Р.Сыздықова, Ғ.Мұсабаев, Қ.АхановА.Ысқақов, Ә.Қасенов, З.Қабдолов, Т.Қоңыров, Р.Барлыбаев, Б.Қасенов, Л.Нұржекеева және тағы басқалары метонимия мәселесіне арнайы, екіншісі өзінің зерттеу объектісінің қатысына қарай тоқталып, жеке ғылыми – лингвистикалық объект есебінде танылуларына өз үлестерін қосты. Қазақ тіл білімінде метонимияға берілген анықтамалар бірізді емес,. Ең алғаш рет қазақ халқының ғалым – лингвисі, әдебиет зерттеушісі, түрколог, А.Байтұрсынов метонимияның әдеби шығармалар үшін айрықша мәні бар екендігін атап көрсете келіп, былай түсіндіреді: «Арасында жақындығы бар екі нәрсенің атын ауыстырып, бірінің орнына бірін айту, ондай ауысу алмастыру деп аталады» және ойы дәлелді болу үшін бір неше мысалдар келтіреді. І.Кеңесьаев пен Ғ.Мұсабаевтың анықтауынша, «Бір сөздің орнына екінші бір сөздің ауыс қолданылуынан шығатын іргелес ұғым метонимия деп аталады». Академик З.Қабдоловтың тілімен айтсақ метонимия «өзара шектес заттар мен себептес құбылыстардың, өзара байланысты ұғымдар мен шартты сөздердің бірінің орнына бірін қолдану». Ал, Қ.Жұмалиев былай деп анықтама берген: «Не құбылыстың бір жағы, не аттары алынап, өз мағынасында емес, екінші мағынада араларындағы жақындығымен бірінің орнына екіншісінің алмастырылып қолданылса және сол құбылысты түгел көрсете алса метонимия дейді».
Метонимияның лексикалық – семантикалық ерекшеліктерін, құрылымы мен жасалу жолдарын, стильдік ерекшеліктерін жан – жақты зерттеген ғалым Л.Нұржекеева өзінің «Метонимияның лингвисикалық табиғаты» еңбегінде мынадай анықтама береді: «Мәндік, мекендік, мезгілдік, түр – түстік жағынан бір – біріне бүтіндей немесе бөлшектей жақындығы бар екі заттың, я құбылыстың бөлшегі орнына бүтінін алмастырып айтуды метонимия дейміз».
Жалпы метонимия тілімізге жаңа сөз қоспайды, бұрыннан бар, қолданыста жүрген сөзге жаңа мағына беріп, оның мағыналық аясын кеңейтеді [3. 75-76].
Достарыңызбен бөлісу: |