Әсем саз құлағыңа майдай жағып, мұрыныңды өңшең бір тәтті иіс қытықтайды («Аңыздың ақыры»,194- бет).
Шым дуал тұла бойына сүт төгіп қойғандай тым бозарып кетіпті («Аңыздың ақыры»,198- бет).
Оның тесіле қалған бадырақ көзіне тік қарауға қаймыққандай Жаппар ұста иіліп тағзым етті («Аңыздың ақыры»,202- бет).
Жал-жал қызыл кірпіштер үйілді («Аңыздың ақыры»,203- бет).
Шыжыған шілде күнінде жер асты қанша рахат көрінгенмен бір-екі күннен кейін одан да жалықты («Аңыздың ақыры»,203- бет).
Мынау ақ сұрқай кеңістіктің тағы бір жерінен су ішіп от шалатынын іші сезіп келеді («Аңыздың ақыры»,206- бет).
Ерен болмыс, жалпақ әлеммен жапа-жалғыз бетпе-бет қалған бала шуақ сорған жылы топырақтың үстінде ұзақ маужырайды («Аңыздың ақыры»,209- бет).
Міне, сол қазбауыр мамық бұлттың жер бетін сипап келе жатқан майда алақаны – қоңыр салқын көлеңкесі бұған да жетті («Аңыздың ақыры»,209- б).
Кәрі шебер балапан көңіл баласының ұп-ұлпа жүйкесін сол бір шаншудай қадалатын сұсты жанарымен ширықтырмақ («Аңыздың ақыры»,210- бет).
Бірінен-бірі өтетін ақ сүйрік сұлу денелер жанап өткен сайын қытығына тиіп кеткендей, көк айдын көкке шоршып-шоршып қояды («Аңыздың ақыры»,229- бет).
Ақырында, шаңқай түстегі шілде аспаны жарқ ете қалды («Аңыздың ақыры»,255- бет).
Қорыта айтқанда, жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» романы тілін талдау барысында 36 эпитет теріліп, талдауға түсті.
ПОРТРЕТ
Суреткер көркем бейнені мүсіндеу барысында оның болмысын неғұрлым жан – жақты әрі шынайы, толыққанды тұлғалау мақсатымен түрлі көркемдік әдеби амал – тәсілдерді шебер пайдалануға ұмтылады. Ондай тәсілдердің негізгілерін атар болсақ, олар: портреттік тәсіл, мінездеу, кейіпкер тілін даралау жолдары, адамның күйініш – сүйініш халін суреттеу т.б.
Көркем бейненің жанды, нақты, әсерлі бейнеленіп, танылуында портреттік тәсілдің алатын орны ерекше. Портрет – француз сөзі, мағынасы бейнелеу дегенді білдіреді. Бұл көркем шығармада кейіпкердің бет пішіні, киім киісі, жүріс – тұрысы, жалры сырт келбеті тұрғысынан суреттелуі. Жазушы кейіпкерін сыртқы түр – тұлғасымен, қимыл – қозғалысымен таныстыра сипаттай отырып, оны нақты тірі адам бейнесінде көз алдымызға елестетеді және оның ішкі әлеміне де барлау жасауға тырысады.
Портреттің түрлері де, қырлары да сан алуан. Мәселен, портретті ерекшелік сипатына қарай шартты түрде төмендегіше жіктеуге болғандай:
мөлтек портрет,
топтама портрет,
сатиралық портрет,
психологиялық портрет,
статикалық портрет,
портрет – мінездеу, • живописьтік портрет т.б.
Көркем шығармалық тәжірибеде кейіпкер портретін түрлі жағдайларға және жас мөлшеріне қарай құбылтып – өзгертіп, оны әр қырынан толықтырып, қайталап беріп отыру да кең орын алған үрдіс. Бұл живописьтік портретке тән ерекшелік.
Өмірде адам түрлі жағдаяттарда көрінеді, танылады, есейеді, уайымға түседі, көкірегін шаттық кернеп, толқып – тасатын сәттері де баршылық. Әдеби бейнені де жазушы міне осындай алуан күйде, түрлі өмір кезеңдерінен алып әр қырынан (сыртқы түр-түсі, ішкі жан әлеміндегі өзгерістер) бейнелеп – бедерлеуі керек. Осыған сәйкес ол кейіпкердің іс – әрекетімен қоса оның кескін – келбетін де алуан ситуацияларда түрліше құбылтып, ішкі – психологиялық толғанысын танытатындай етіп беріп отырады.
Әрине, қай түрі болмасын, портрет ең алдымен шынайылығымен, нақтылығымен ұтымды. Шын шеберлік адамның сыртқы кескінін, қимыл – қозғалысын сипаттай отырып оның ішкі жан әлемінің сырларын аңғартуда, сезіндіруде болса керек. Бұл ретте сөз жоқ, психологиялық портреттің атқарар рөлі мен маңызы ерекше.
‟Психологиялық портрет тек автордың баяндауымен жасалынбай, кейіпкер көзімен, сөзімен, аңдауымен бой көрсетпек” дейді тарихи роман табиғатын зерттеуші профессор Т.Сыдықов [43. 46-49б].
Ғалымдар көркем әдебиеттегі портретті 2-ге бөледі: ситуациялық және жалпы портрет.
Жалпы портретте көркем бейненің өзіне тән үнемі болып тұратын сипат белгілері суреттелсе, ситуациялық портрет кейіпкердің бір сәттік эмоциялық кейпін береді.
Тіл білімі мен әдебиетке қатысты портретті ғалымдар екі үлкен топқа бөледі:
• жалпы портрет; • психологиялық портрет;
Портреттің психологиялық және синтездік түрлері бар.
Психологиялық портрет – кейіпкердің кескін келбеті мен ішкі жан дүниесін ұштастыра бейнелейді. Кейіпкердің эмоциялық күйзелісі, жан дүниедегі арпалысы суреттеледі. Жазушы кейіпкер портретін әртүрлі тәсілмен береді:
Синтездік портрет – кейіпкердің барлық қимылын жүріс – тұрысын, мінез – құлқын, ажырамастай тұрақты, динамикалық қозғалысты бейнелейді.
Тілде портретті белгілеуде соматикалық, вестиалды, кинетикалық терминдері де кездеседі. Сонда портреттің лексикалық құрамын үш сөздер тобы құрайды.
Адам денесі мен мүшелерін атайтын сөздер - соматикалық лексика.
Киім-кешекті атайтын сөздер - вестиалды лексика.
Бет өзгерісін, дене қимылын, дене қалпын суреттейтін сөздер - кинетикалық лексика.