Маршалл жусаны немесе көкшағыр
Биіктігі 30-70 см-ге жететін жартылай бұта. Өсімдіктің түсі жасыл, түксіз, кейде қысқа түкті – сол себептен сұрғылт түсті келеді. Тамыры жуан, сүректенген, көп тармақты. Одан саны аз қою жапырақтанған қысқарған жеміссіз өркендер мен жеміс беретін жерден жоғары қарай биік көтеріле өсетін мықты әрі қырлы қоңыр не қызғылт түсті, тармақталған өркендер өсіп шығады.
Жеміссіз өркендердің және сабақтың төменгі жапырақтары ұзын сағақты, пішіні – сопақ жұмыртқа пішіндес, екі-үш мәрте тілімделген, ұзындығы 3-8 см, ені 2-6 см, қою жасыл түсті не сұрғылт. Жапырағының жиектік бөліктері жіп пішіндес, ұзындығы 6-10 мм, ұшы шеміршек тектес үшкірленген. Сабақтағы ортаңғы және жоғарғы жапырақтары ұсағырақ, екі мәрте тілімделген, қондырмалы, түбінде қауырсынды тілімденген құлақшасы болады. Гүл маңы жапырақтары жәй таспа жапырақтар.
Сыпыртқыгүлі ұзын әрі жалпақ, онда себетгүлдер топтасып отырады. Себетгүлдері қондырмалы, жұмыртқа пішіндес, ұсақ, ұзындығы 1,5-2,5 мм, жоғары қарай шошайып өседі. Гүл орамы жапырақшалары тегіс, не сұрғылт түкті, сыртқы қатарындағылары жұмыртқа пішіндес, ішкілері – эллипс пішіндес, жиектері жарғақты.
Жиектік аналық гүлдер саны аз,жіңішке түтікшелі күлтесі бар. Дискідегі гүлдер саны да 10-нан аспайды, олардың күлтесі шұқырақ пішіндес. Тұқымшасы жұмыртқа пішіндес.
Шілде-тамыз айларында гүлдейді.
Аймақта шалғындар мен құмдақ өзен аңғарлары мен террасаларында, шоқылардың тасты беткейлерінде өседі.
Жаз бойы қой мен түйе жақсы жейтін, сиыр мен жылқы малы нашарлау жейтін жем-шөптік өсімдік.
Достарыңызбен бөлісу: |