Дипломдық ЖҰмыс салаласқан тіркес: жасалуы мен оқытылуы 5В011700-Қазақ тілі және әдебиеті Павлодар 2021


Тақырыптың әдістемелік негіздемесі



бет10/18
Дата09.12.2022
өлшемі386 Kb.
#161956
түріДиплом
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   18
Байланысты:
Салаласқан тіркес жасалуы мен оқытылуы
Metod Klinicheskaya farmakologiya Farmaciya-007, Сауалнама
2 Тақырыптың әдістемелік негіздемесі
2.1 Қазақ тілін оқытудағы кейбір мәселелер
Қазақ синтаксисінің оқулығы алғаш рет 1939 жылы С.Аманжолов пен Н.Сауранбаевтың авторлығымен шықты. Бұл қазақ тілі синтаксисін оқытудың алғашқы қадамы десек те болады. Онан кейінгі уақытта әр алуан мақалалар, арнайы кітапшалар, тіпті арнайы еңбектер жазылды. Мәселен, тек жай сөйлемге қатысты еңбектердің қатары жыл сайын толығып отырды. Әдейі айтып өту қажеттігі туса мынадай еңбектер назардан тыс қалмауы керек деп білеміз. С.Жиенбаевтың 1940 жылғы «Сөйлемнің тыныс белгілері», Ә.Хасеновтің 1957 жылғы «Жай сөйлем синтаксисін оқытудың кейбір мәселелері» мен «пунктуацияны оқыту жолдары»; Ә.Ермековтің 1958 жылғы «Грамматикалық талдауы мен «Мектепте қазақ тілі мен әдебиетін оқыту мәселелері»; Е.Көшербаевтың 1961 жылғы «Қазақ тілі сабақтарындағы қайталау»; Д.Әлімжанов пен Ы.Мамановтың 1965 жылғы «Қазақ тілін оқыту методикасы; Х.Арғыновтың 1961 жылғы «Жай сөйлем синтаксисінің көрнекі құралы» мен 1969 жылғы «Жай сөйлем синтаксисінің методикасы».
Солай бола тұра, бұл еңбектердің барлығы қазақ тілін танушылардың қабілетін қанағаттандыра алған жоқ. Осыдан да болса керек, ғалым Ф.Оразбаева былай дейді: «Бұл еңбектердің көпшілігі, біріншіден, оқытушылардың тек сабақ барысындағы күнделікті практикасына сүйеніп жазылғандықтан және оқыту мәселесіне қатысты алғашқы баспалдақ болғандықтан, жай сөйлем синтаксисін оқытудың басты қағидаларын толық ажыратып, жіктеп бере алмады.
Екіншіден, әр автор синтаксистің кез келген саласын жеке қарастырды, сондықтан оқыту әдістемесіне сай жүйелілік болмады.
Үшіншіден, қарастырып отырған жай сөйлемді оқытудың мәселелері әдістемелік тұрғыдан емес, лингвистикалық тұрғыдан сөз болды.
Төртіншіден, сөз болып отырған мәселелер шашыраңқы болғандықтан, оқытуға қажетті әдіс-тәсілдер айқын ажыратылмады» [23; 23].
Ал жоғарыда аталған оқыту мәселелеріне дейінгі уақытта қазақ балалалары басқа әдістемелік еңбектермен танысты. Оның ішінде А.Байтұрсыныұлының қазақ мұғалімдеріне арналған «Баяншы» атты оқу құралыны аттап кетуге болмас. «Үйрену һәм үйрету ең басында қиын. Балалар оқудың басында қиналмаса, оқудан тауы шағылмай, көңілі қайтып, мұқалмайды; оқуға ықыластанып, оқыған сайын қызығады. Үйретушінің де жігері құм болмай, ісі ілгері оңай жылжыған сйын, көңілденіп оқытуға жаһады зорайып шабыттанады. Оқу басында қиын болса, балалар миға (ұйыққа түскен мал сияқты) малтығып жылжи алмай қиналады. Үйретуші сүйреп шығара алмай қиналады. Екі жағының да жігері кеміп, шабыты болмайды. Шабыттанып істемеген іс оңды да болмайды» [24; 324].
Алғашқы тілтанушы ғалымның «Тіл жұмсар» атты еңбегінің де орны ерекше. «Бала білімді тәжірибе арқылы өздігінен алу керек. Мұғалімнің қызметі оның білімінің, шеберлігінің керек орны өздігінен алатын тәжірибелі білімнің ұзақ жолы қысқару үшін, ол жолдан балалар қиналмай оңай оқу үшін, керек білімін кешікпей, кезінде алып отыру үшін, балаға жұмысты әліне шағындап беру мен бетін белгілеген мақсатқа қарай түзеп отыру» деп таныған ғалым сөйлем оқытудағы белгіні былайша сараптайды: «Сөйлем атына кірген өзгеріс бар. Мәселен, жапсарлы сөйлем деген ат бар. Бұл атпен құралуынша айтылатын толып жатқан сөйлем түрлерінің бәрі аталады. Тек жапсарлық қойылатын сөйлем болса, бәрі жапсарлы сөйлем деп бір-ақ атпен аталады» [24; 337].
Ал ғалымның осы ебегінде «Сөздер» деп тарау атын қойып, оны оқытудағы өлшемінен салаласқан тіркес боларлық мысалды табуға болады. Ғалымның «Атан түйе маң басқан. Шудаларын шаң басқан. Екі өркешін қом басқан. Тілін тікен кеспеген» деген мысал келтіріп, оған сұрау ретінде Мұнда неше сөйлем бар? Әр сөйлемнің ішінде сөз бар» деген қисынынан салаласқан тіркестік бірліктер қатар түзеген: маң басқан, шаң басқан, қом басқан.
Жалпы, оқыту жүйесіне келгенде, М.Жұмабаевтың педагогикалық тыным-түсінігі қайта-қайта айтып отыруды қажет етеді. «Қазақтың қаны бір, жаны бір жолбасшысы – мұғалім. Еліміздің азғана жылдық ояну дәуіріне баға беру үшін алты алаштың баласы бас қосса, қадірлі орын – мұғалімдікі» деген ғалым М.Жұмабаев: «Бала тәрбиесі – бір өнер, өнер болғанда ауыр өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер. Баланы дұрыс тәрбие қылу үшін әркімнің өз тәжірибесі жетпейді. Басқа адамдардың тәжірибесімен танысу керек. Сол басқа адамдардың майданындағы тәжірибелерін көрсеткен жеке бір пәнмен, яғни тәрбие пәнімен таныс болу керек. Тәрбие пәні педагогика деп аталады» - дейді [25; 224].
М.Жұмабаев педагогика пәнін беске бөледі: 1) Жалпы педагогика. Адамның дене һәм жан күштерін, тәрбие жолдарын көрсетеді; 2) Дидактика. Оқытудың негізгі жолдарын көрсетеді; 3) Методика. Оқытудың негізгі жолдарына негіздеп белгілі бір пәнді қалай оқыту жолын көрсетеді. Мысалы, мектепте қазақ тілін қай жолмен оқыту керек екендігін көрсететін пән – қазақ тілінің методикасы деп аталады; 4) Мектепті басқару. Бұл пән мектеп қалай салынуға, қалай ұсталуға тиісті, кластарға шәкірттерді қалай бөлу керек, оқу пәнін қалай белгілеу керек, міне осылар сықылды мектеп құрылысы жұмыстарын көрсетеді; 5) Педагогика тарихы. Бұл пәннің не нәрсені кеңес қылатындығы жоғарыда айтылды [25; 237].
Бұл тұжырымдар, әрине, өткен ғасырдың еншісінде. тіпті, оған да ғасырға жуық уақыт өтіпті. Бірақ әлі де болса көкейтестілігін жойған емес. Керісінше, қазіргі оқу-талдауларымыздың негізі сол ғалымдар топшылауынан нәр алып жатады. Мәселен, қазіргі оқыту жүйесінде тілдік қатынас мәселесі алдыңғы орынға шықты. Әрі әралуан әдістр арқылы етене еніп, жан-жақты зерделенуге ұшырады. Нәтижесін де беріп жатыр. Бұл бағыттағы ғалым Ф.Оразбаеваның еңбегі ұшан-теңіз. Ғалым пікіріне сүйенсек, тілдік қатынасқа байланысты іске асатын сөйлесім әрекеті бес түрге бөлінеді. Ғалым пікірін үзбей-жармай берсек, «Оқылым – графикалық таңбалар арқылы қағаз бетіне түскен сөздер мен тіркестердің мағынасы мен мазмұнын ой мен сананаың нәтижесінде қабылдай отырып, сауатты, дұрыс, мәнерлеп, ұғынықты оқу және одан қажетті деректі түсініп, сұрыптап алу» [23; 96]. Мұның өз ішінде мынадай түрлері бар: танымдық оқылым, зерделік оқылым, ізденімдік оқылым, көрсетімдік оқылым.
«Жазылым – тіл үйренуге қатысты күрделі де қиын жұмыс. Жазылым – тілдік тұлғалардың графикалық, фонемалық жүйесіне негізделген; лингвистикалық, психологиялық, физиологиялық, әдістемелік ерекшеліктерге қатысты тілдік материалдың мазмұны мен формасын бірдей қамтитын, адамдардың ұзақ мерзімдегі қарым-қатынасына мүмкіндік жасайтын күрделі тарихи әрекет. Жазылым, біріншіден, әріптің, сөздің графикалық таңбасы арқылы іске асады; екіншіден, бұл графикалық таңбалар белгілі бір фонемалық, мағыналық қасиетке ие; үшіншіден, жазылым құбылысында сөйлесім әрекетінің барлық түрі қатысады; төртіншіден, жазу үстінде тіл үйренуші адам сөйлемнің мазмұн-мағынасына ғана емес, формасына да көңіл аударуға мәжбүр болады; бесіншіден, жазылым қағаз бетіне түскен материалдың түсінікті, жүйелі болуына тікелей байланысты жүзеге асады» [23; 101].
«Тыңдалым – «есту арқылы түсіну». Бұл термин айтылған не техникалық аппараттарға жазылған аудиомәтіндегі сөздерді, сөйлемдерді тыңдай білудің нәтижесінде қабылдау және түсіну деген ұғымды білдіреді. Тыңдалымды жете меңгеру оған қатысты мынадай белгілерді үйретумен байланысты: 1) Басқа дыбыстардан тілік дыбыс толқынын, олардың ерекшеліктерін ажырата білу; 2) Аудиолық тілдік тұлғалардың мағынасы мен мәнін дұрыс қабылдай алу; 3) Мәтіннен қажетті деректі тауып, пайдалана білу; 4) Тыңдалымға қатысты негізгі көрсеткіштерді жан-жақты меңгеру» [23; 107]. Демек, мұнда оқылған мәтін, басқаша аудиотекст – ең басты көрсеткіш. Әрине, оны қабылдаудағы адами қабілет те бірінші орында.
«Айтылым – адамдар арасындағы тілдік қатынасты жүзеге асыратын сөйлесім әрекетінің бір түрі. Ол – тілдік қарым-қатынас барысында адамның өз ойын жарыққа шығару процесі, өз сөзін екінші біреуге ұғынықты етіп жеткізуі» [23; 115]. Әрине, айту құбылысын бір адамның дүниесі десек те, екеуаралық, тіпті топаралық айтылымның болатынын есте ұстаған жөн.
Біз, әрине, дәстүрлі оқыту үдерісін жоққа шығармаймыз. Әрі ондай оқыту жүйесінің көптеген жылдар бойы негізгі үрдісте болғаны да шындық. Осы бағытта синтакисті оқыту да алдыңғы орында жүрді. Мәселені нақты тұжырым-мысалмен тиянайтайық. «Адмдардың бір-бірімен қатынас жасауы жеке сөз арқылы емес, сөйлем арқылы іске асады. Ойды байланысты түрде білдіру тікелей сөйлеммен байланысты. Ал сөйлем сөз тіркестерінен құралады, Сөз тіркесін оқытуда оның аяқталған ойды білдіре алмайтынын, сол арқылы сөйлемнен ажыратылатынын есте сақтау керек. Сөз тіркесі сөйлемді құрастыруға қатысатын тілдік нұсқалар екенін түсіндіру қажет, - деген ғалымдар, оны өзіндік белгілерін түсіндіру қажеттігін қаперден шығармайды. – Сөйлем моделін қолдану, сөйлем моделін түсіндіретін кестелердің ілулі тұруы, оқушыны модель бойынша сөйлем құрауға жаттықтыру пайдалы. Оқушыларға модель бойынша сөйлем құрату, ондағы тірек сөздерді, тірек тұлғаларды пайдалану да ұтымды. Текстерді де пайдалануға болады. Сөйлем моделіне сай келетін мақал-мәтелдер жаттату да жақсы нәтиже береді. Сөйлемнің әр түрін оқытқанда, оны сөйлесуде, диалогта қолдануға жаттықтырудың маңызы күшті» [25; 172].
Толық берілген тұжырымдарды өз сабақ үлгіңе сәйкес пайдалануға болады. Тек қана ғылыми тұжырымның сөздер, тұлғалар деген тұстарын салаласқан тіркес ұғымында пайдалансаңыз, біздің тақырыбымыздың ашылуына септігі тиеді деп білеміз. Ал сөйлем моделі деп берілген қағида күні бүгінге дейін қолданыста жүр.
Мұндай оқыту жүйесі кейінірек болса да жоғары оқу орындары үшін қалыптасты. Мәселен, ғалымдар модульдық оқыту технологиясына басымдық берген тұсы болды. Сөйтіп, олар «Синтаксис блогын оқытудың біртұтас жүйесін» ұсынады. Әрі олардың тиімді жақтарын ашып көрсетті. Бұл мәселені де толық мәтінімен бергенді жөн санаймыз. «Сөздерден (морфологоиялық жүйе) сөйлем құралатыны және олардың бір ой немесе одан да көптеген ойларды тиянақтап тұратыны белгілі. Жалпы қоғам қандай өзгерістерге түссе де, тілдік қор бірте-бірте жаңарған сөздердің тұрақталуы тұрғысында қалыптасып отырады. Тіпті бір кезде қолданым аясынан шығып, архаизмге айналған бірліктер қайтадан лексикалық қорымыздан орын алып жатады. Сөйлем жүйесі оның бірліктеріне, сөздік қорына қарай құрылады. Жекелеген сөздер түсінікті болмай, ой айқындалмайды. Міне, сондықтан қоғамда өмір сүретін адамдар оның мәртебесі мен саяси-экономикалық хал-ахуалы және мәдени-тарихи ұстанымына қатысты қарым-қатынас құрап, сала-саласына тиісті бір-бірімен тіл арқылы өз мәселелерін шешіп жатады.
Сөйлем бір сөзден де, грамматикалық байланысқа түскен бірнеше сөздердің тіркесінен де жасала алады. Синтаксистік көрсеткіштердің өлшемдіктері:

  • сөздердің тіркесуінде белгілі бір заңдылықтар бар, тіркесу тәсілдері мен түрлері сөйлем ішінде байқалады;

  • сөздер сөйлем ішінде өзара байланысқа түседі, олар бес түрге жіктеледі;

  • сөздер сөйлем ішінде грамматикалық тәсілмен белгілі бір қызмет атқарады, яғни сөйлем мүшелерінің қызметін орындайды;

  • сөйлем ішінде сөйлем мүшесі бола алмайтын, бірақ олардың өз рөліне сай қызметі бар сөздер бар. Олар: қаратпа сөз, қыстырма сөз, одағай;

  • жай сөйлемдер бір ойды тиянақтайды, құрамына қарай төрт тапқа бөлінеді (хабарлы сөйлем, сұраулы сөйлем, бұйрықты сөйлем, лепті сөйлем);

  • жай сөйлемдер құрылысына қарай жалаң, жайылма, жақты, жақсыз, белгісіз жақты, атаулы, толымды, толымсыз болып жіктеледі;

  • жай сөйлем бір ойды тиянақтап тұрса, тіпті жай сөйлем жайылмаға айналып, оның өрісі, шеңбері кеңейсе де ол күрделі болмайды. Сөйлем күрделі болуы үшін оған ұйтқы болатын тұрлаулы мүшелері – бастауыш пен баяндауышы бар екі не одан да көп жай сөйлем өзара біртұтас жүйе құрып, бір сөйлем орнына жұмсалса, ол сөйлем құрмалас сөйлем болады» [27; 62].

Мұндай тұжырымдаулар бірден пайда бола қойған жоқ. Ғалымдар мұның шешу мәселесін модульдік сараптауларға салып, тыңғылықты қарастырған болатын. «Модуль» деп неге айтамыз? Себебі әрбір тарау әрбір бір блокқа қатысты ғылыми-теориялық нысананы тұтас алу процесінде алдымен оның ғылыми сипатын толық, ауқымды қамту көзделді. Бұны модульдің межесі анықтайды. Ол ұғымдық тағылымның жасалған теориялық ғылыми жүйесін сырттан басқа субъектінің бұзуға құқығы жоқ. Бұдан ұғарымыз, қазақ тілі нышанының ғылыми негізін әдейілеп сырттан жеңілдетуге, оңайлатуға, оның ішкі құрылым жүйесіне нұқсан келтіруге қақысы, мүмкіндігі болмақ емес. Модульдық оқыту технологиясының бұл басымдық ролі.
Екінші сол қарастырылып отырған әрбір блоктың ішкі және сыртқы өзіне тән заңдылықтары, принциптері, ережелері, көрсеткіштері, өлшемдіктері бар. Міне, осы өзіне тән қасиеттерін сұрыптап, студенттер таба алатындай жүйеде беру көзделеді. Бұл модульдің екінші басымдық ролі.
Үшінші модульдық жүйеде алгорритм бойынша парасатты іс-харекеттің аясында сол блоктардың үлкен және кіші жүйелерінің сабақтастығында алып, оның қабылдау үрдісіне қажетті әдіс-тәсілдер мен амал-жол құралдарды сұрыптап алу мүмкіндігіне қолайлы жағдай туғызу. Сөйтіп, жіктеу, талдау, жинақтау, жалқылау, жалпылау, екі ойдан бір ой шығару, көз алдына сезім және әр түрлі құбылыстарды елестету, ішкі ой жинап, өзінше тұжырым жасау және т.б. классикалық әдістер жинағы өзінен-өзі технологиялық іс-харекетке апарады. Мұның өзі жеке сипатталып отырғаны алдында берілген барлық оқыту жүйесіне қатысты модульдердің ішінде бұл әдістер кірігіп баяндалады.
Сол секілді төртінші сипатының нәтижесі. Нәтижесі дегеніміз меңгеруге тиісті нысанның барлық ірі және кіші жүйелерін программаға салу шеберлігі. Сөйтіп, осы төрт сипат бір-бірімен ұштастықта, біртұтас жүйеде кірігіп, интеграциялы тұрғыда берілсе, ол модульдық технологияның құрылымын толық қамтиды. Алдыңғы фонетика, лексика, морфология, синтаксис блоктары модульдық технологияға салынып беріледі. Мұның өзі жоғары оқу орынында дәріс және тәжірибе, семинар жүргізетін оқытушыларға нұсқаулық бағдар» [27; 3].
Айтса айтқанындай, мұндай оқытудағы ерекшелік соңғы уақыттарда жиі қолданысқа енді. Әрі нәтижелігімен де тәнті етіп жүргені анық. Оның үстіне ғалымдар салаласқан тіркестің синтаксистік модульдігіне қатысты ойларын аталған еңбектің 67-70 беттерінде толық жеткізген. Әрине, мұндайда мұғалім-оқытушының әдісіне жетер биіктік жоқ. Біз бұл тарапта да ғылыми жетекшіміздің пайым-тұжырымын алға тартамыз. Ғалым Сағындықұлы Бекен «Дәстүрлі оқытудағы әдіс пен таным» мақаласында төмендегі жайттарды алға тартады. «Әдіс мәселесі тек қана әдістеме ілімінде қозғалуы керек десек қателесеміз. Әдіс – барлық ғылымның салаларында өзекті орын алатын категория. Бірақ оның негізгі және екінші орындағы қызметі бар екенін түсінген жөн. Біздің пікірімізше, барлық ғылымдар, оның ішінде гуманитарлық ғылымдар үшін де математикалық және философиялық әдістің орны бөлек. Біз сонымен қоса, жеке ғылымдар үшін жеке әдіс түрлері болатынын да жоққа шығармаймыз. Мәселен, тарихи-салыстырмалы әдісті біз жалпы гуманитарлық ғылымдардың тірегі деп таныр едік. Үшіншіден, негізгі әдістерден жеке ғылым салалары да нәр алып отырады. Біз жоғарыда атаған әдіс түрлері тіл білімі үшін де әбден орныққан жол. Бұл бағыттағы ойымызға басқа ғалымдар тұжырымы да қарсы шықпас деп ойлаймыз. Ал әдіс пен тәсілді айыра алмаушылық жайлы айтқан тұжырымдарымызға қарсы пікір айтушылар табылып жатса, ой бөлісуге әрқашанда дайынбыз.
Қандайда бір пәнді оқытуда әдістеме ілімінің орны бөлек. Бір нәрсе анық, алғашында әдістеме ілімінен гөрі теориялық ілім басты нысанда болды. Ақиқатында солай, кез келген ілім ең алдымен теориялық зерделеулерге ұшырайды да, кейіннен соны үйретудің жолы қалыптасады. Қазақ тіл білімі де басқа ғылым түрлеріндей даму жолына түсті. Қазақ ілімінің ішіңде, бәлкім басқа да ғылымдарға қатысы бар, өз ғылымының бағытын алдыңғы қатарға қою үрдісі басым. Біздің заманымыздан бұрын ҮІ-ҮІІ ғасырларға дейінгі аралықтан даму ұшқының іздейтін математиканы «ғылымдар атасы» деп тану қазіргі уақытта нақылға айналып кетті. Тіпті, «Google» брендінің мағынасы мен шығу тарихында «100 нөлі бар 1 санын» белгілейтін терминді іздеушілік бар.
«Даналыққа деген махаббат» мағынасын білдіретін философия тарихы да жоғарыда келтірген ғасырлар тоғысына жетелейді. Қазіргі күні «ғылымдардың ғылымы» атты атауға ие философия терминін алғаш қолданған Антика дәуірінің математигі Пифагор деп те танып жатамыз. Тіл білімі бағытында да «Тілдердің атасы бар» (С.Аманжоловта қолданыс тапқан) деген ұғым-түсінік жүр. Демек, тілдің де қалыптасу шамасы ертерек заманға тамыр тартса керек.
Жоғарыдағы теориялық ізденістер аталған ғылым салаларының әдістеме ілімінде одан әрі дәйектеле түскенін байқатады. Жалпы, әдіс дегеніміз, қарапайым тілмен айтқанда, көздеген мақсатқа жетудің жолы, белгілі бір тәсілге негізделген қызмет. Аңғарған адам әдіс пен тәсілдің айрмашылығын топшылай алса керек. Әдіс – негіз де, тәсіл сол жолдағы алуан түрлі қызмет үлгісі. Біздің ұғымызда да әдіс ең басты және оның түрлері де көп болмауы керек. Шағын мақаламыздың нысанында математикалық әдіс пен философиялық әдістің әбден жетілген әдіс түрлері екеніне қосыламыз. Тағы бір түсінетін жайт, бұл әдіс түрлері қай ғылым саласында болмасын қажеттілігін өтеумен көрініс тауып отырады. Мүмкін, бұл мәселе аталған ғылым түрлерінің (математика, философия) көнелігімен және қазіргі белсенділігімен де айқандалатын болу керек. Біз, негізгі әдістің бірі деп логикалық таразылауды да қабылдаймыз. Әйтсе де оның қай салада болмасын ашылмағына философиямен бірлікте қарастырылатыны жеткізеді. Сондықтан бұл мақала логикалық әдісті жеке-дара қарастыруға соқпайды.
Тіл білімінде терминдік аспектіде кездесетін сөз-ұғымдар мол. Себеп пен салдар, болымды мен болымсыздық, салыстырмалылық, түсіндірмелілік, қарама-қайшылық т.т. толып жатқан тілдік бірліктер философиялық категориялар қатарынан да орын алып отырады. Дұрысы, философиялық талдау нәтижесінде қатардағы тыңдаушыға жеткізіледі. Мәселен, жалпы түсініктегі бар, жоқ ұғымы тілде осы сөздер арқылы білдіріледі, болмаса болымдылық-болымсыздық категориясына жүгінеді. Нәтижесінде, адамаралық қатынас орнығып қана қоймай, болмыстағы таным көгжиегін тұрақтандыра түседі. Мұндай философиялық әдістің түрі диалектика деп аталады.
Диалектикаға қарама-қарсы әдіс – метафизикалық әдіс. Мұндағы ұстаным бір жақты. Жоғарыдағы мысалды осы бағытта былайша түсіндіруге болады: диалектика қарама-қарсылықты қарастырса, метафизика оның бір жағын, не бар, не жоқ деген түсінікті уағыздайды. Мұндай талдауға тіл білімінің ішкі категорияларын тартуға болады деп білеміз. Мәселен, дыбыс немесе сөзді ішкі бірліктері арқылы қарама-қарсылықта тұрады десек те (дыбыс – дауысты/дауыссыз; сөз – антонимді, я синонимді) метафизика мұның тек дауыстылығын, немесе тек тура мағыналығын жүйелейді.
Философиялық әдістің негізгі түрлері және жиі қолданылатыны осылар. Сонымен қатар философтық пайымдаулар догматиканы (діни бағыт), эклектиканы (саяси бағалар тоғысуы), софистиканы (бастапқы теорияны сақтап қалу), герменевтиканы (түсіндіру теориясы) жеке талдауға тартып жүргені анық. Тіпті, материя мен идеяны, эмпиризм мен рационализмді әдіс тұрғысынан көрсету бүгінде алдыңғы орында қолданылатынын көріп жүрміз. Бір қызығы герменевтиканың «тіл дегеніміз түсінілетін болмыс» (Г.Гадамер) деп қарастыратынын байқасақ, тілдің де, философияның да орынтағы айқындала түседі. Екеуінің де ажырамас бірлікте екені одан әрі нығайтылады, содан барып әр түрлі ғылымдардағы (мәдениет, әдебиет, тіл білімі) герменевтика мәселесін зерттеу алдыңғы орынға шығатыны сөзсіз.
Математикалық әдіс қазақ тіл білімінен орын алып, кейіннен лингвистикалық статистика атты саланың ашылуына жол салды. Бұл ілім 1960 жылдардың соңында зерделенуге алынып, араға қырық жылға уақыт салып дамыған шағына жетті. Осынша жылдар аралығында қырыққа тарта ғылыми еңбек жарық көріп, 300-дің шамасында ғылыми және ғылыми-көпшілік мақалалар жарияланған екен. Лингвистикалық статистика ілімінің басында ғалым Қ.Б.Бектаев тұрды. Әрине, Қ.Бектаев бастамашылығындағы ғалымдар тобы ғылымда танымал математикалық статистика әдісін пайдаға асырды. Бұл әдістің де философиялық әдіс сияқты ғылым түрлерінің барлығында қолданылатынына көз жеткіземіз.
Жалпы, қазақ тілінің қай саласы болмасын, оның ішінде синтаксис саласы да математикалық әдісті қажетіне жаратты. Біз мұны өз тарапымыздан қорғалған кандидаттық және докторлық диссертацияда толығынан іске асырған едік. Кейіннен шыққан мақалаларымыз да математикалық әдістің әсіре дұрыстығын көрсетіп отырды. Міне, біле білген жанға (ғалымға деп түсініңіз) барлық ғылымдар үшін ортақ үш әдіс бар: математикалық, философиялық, логикалық. Ал әдіске жетудің жолдары алуан түрлі тәсілдер арқылы іске асады. Дей тұрғанмен, жеке ғылымдар өзіндік әдістерін де кәдеге жаратып жатады. Мәселен, тарихи-салыстырмалы әдіс гуманитарлық ғылымның негізін қалауда басты қызмет атқарады. Сол сияқты кез келген мұғалім сабақ барысында қолданылатын әңгімелесу, сұрақ-жауап, талдау-жинақтау т.б., сияқты терминдерді әдіс ретінде пайдаланып жүр. Әбден қабылданудан өтіп кеткен мұндай теорияға қарсы шығуды ойластырып отырған жоқпыз. Мүмкін, шын мәнінде олар жеке ғылымдағы әдістің түрі де болар. Бәлкім, дәстүрлік атауға ие болғаннан кейін де сол үрдістің заңды жалғасы болар.
Қазақ тілін оқыту мәселесі әлі күнге дейін күн тәртібінен түсе қойған жоқ. Әсіресе, орыс тілді аудиторияда сабақты түрлендіріп өткізуге қатысты кітап, оқу құралы, әдістемелік нұсқаулық т.т.б. көптеп шықты. Қазіргі уақыт үштілді оқытудың әдістемесін алға тартып отыр. Өз тарапымыздан белгілі бір сабақ беруді тәжірибеге ұсынудан гөрі, олардағы әлі де болса дұрыс қолданыс таба алмай жүрген мәселені жеткізсек дейміз. Соңғы уақыттың «жемісіндей» болған пәннің бірі – «Тілдік қатынас негідері». Оқулық авторы Ф.Оразбаева әдістеме ілімінде өзіндік ізденістерімен танылған ғалым болып есептеледі. Дей тұрғанмен, ғалымның әдіс пен тәсілге қатысты тұжырымына айтар ойымыз да жоқ емес. Ғалым «Қазақ тілін үйренеміз» оқулығын талдай келе, «Жаттау арқылы есте сақтау дағдысын дамыту жалпы оқыту процесінде жиі қолданылып жүрген әдіс болғанымен, аталмыш еңбекте бұл тәсіл сөйлеуге үйретудің негізгі формаларының бірі ретінде алынып, сабақта үздіксіз орындалып отыратын шарттың қатарына жатады» - дейді. Ең алдымен, мұндағы әдіс және тәсіл атты сөз қолданыстар тек бір ұғымның (әдістің) атауы ретінде берілген. Шын мәнінде, екеуі екі түрлі қызметке ие терминдер болса керек. Екіншіден, жаттау, ғалым көрсеткендей, оқытудың әдісі емес. Керісінше, есте сақтау дағдысына жетудің жолы (тәсіл) болса керек. Қорыта келгенде, теориялық тұжырымдарды түзудің анықталған аксиомалық мағлұматы болғаны сияқты, әдістемелік еңбектердің де сұрыптау/сұрыпталу жолы бар. Оның өзі нақты бір ұстанымдарға негізделетіні сөзсіз. Біз зерделеген мақалада әдіс пен тәсілдің өзіндік белгілері болатынын көрсету болды. Әрине, мұндай жайттар нақты ғылыми топшылаулар арқылы іске асатыны ақиқат» [28; 18-25].
Мәселен, бір ғана Кейс әдісін (CASE STUDY) ұйымдастыру және қолдануда қалыптасатын дағдылар төмендегідей екен: 1) Аналитикалық дағдылар. Оларға: деректердің мәліметтерден айыру шеберлігі, маңызды және маңызды емес ақпараттарды айыра білу, талдау, елестету және оларға қол жеткізу, жіберіп алған ақпаратарды тауып, оларды қалпына келтіру шеберлігі және т.б жатқызуға болады. Нақты және логикалық ойлау қабілеті. Бұл әсіресе, ақпарат сапасы төмен болған жағдайда өте маңызды; 2) Тәжірибелік дағдылар. Кейсте көрсетілген нақты жағдайларымен салыстырғанда мәселенің күрделілігі төмен деңгейі экономикалық теорияларда, әдістер мен принциптерде қолданылатын тәжірибе дағдыларын жүйелеуге мүмкіндік береді және 3) Шығармашылық дағдылар. Ережеге сай жалғыз CASE-пен мәселе шешілмейді. Мұнда, логикалық жолмен шешілмейтін, альтернативті шешу генерациясының шығармашылық дағдылары өте маңызды.; 4) Коммуникативті дағдылар. Оған: дискуссияны жүргізу шеберлігі, қатысушылардың көзін жеткізу. Көрнекі материалды және басқа қажетті ақпараттар мен құралдарды қолдану – топтарға бірлесу, өз көзқарасын қорғау, оппоненттердің көзін жеткізу, қысқа нақты есеп даярлау; 5) Әлеуметтік дағдылар. Мұнда мәселені талқылау барысында CASE-те нақты: адамдардың өзін - өзі бағалау тәртібі, тыңдай білу, дискуссияны қолдау немесе қарама-қарсы көзқарасты дәлелдеу, яғни, өзін-өзі ұстау және т.б. сынды әлеуметтік дағдылар қалыптасады; 6) Өзіндік саралау. Яғни, пікірталас кезінде келіспеушілік басқалардың және өзінің пікірін жете түсінуге және талдауға септігін тигізеді. Мұнда, туындаған моральдық және этикалық мәселелер оларды шешудің әлеуметтік дағдыларын қалыптастыру талап етіледі. Кейс әдісін қолдану тек оқытумен ғана шектелмейді, бұл әдіс зерттеу әдісі ретінде де белсенді қолданылады. Сонымен қатар, оқудағы оқу, білім және ізденіс мазмұнын біріктіру арқылы oқытушының кәсіптік құзыреттілігін жоғарылатудың нақты тәсілдерінің бірі. Бұл әдістің тиімділігі, ол басқа оқу әдістерімен оңай байланысады. 
Қорыта келгенде, «Әдіс – керекшілктен шығатын нәрсе. Әдістің жақсы-жаман болмағы жұмсалатын орнының керек қылуына қарай. Мәселен, бір жұрттың сауаттау ісіне қолайлы болған әдіс екінші жұрттың да сауаттау ісіне қолайлы боларға тиіс деп айтуға болмайды. Екеуінің тілінің заңы, емлесінің жүйесі бірдей болса, біріне қолайлы болған әдіс екіншісіне де қолайлы болуы мүмкін. Егер де тілінің заңы, емлесінің немесе әрпінің жүйесі басқа болса, онда біріне жақсы болған сауаттау әдісі екіншісіне де жақсы болады деп ешкім айта алмайды» [24; 357]. Ғалым А.Байтұрсынұлынан асырып айтар ой бізде де жоқ. Тек ғалымның әдістемелік мұрасын жетілдіру мақсатында қызмет етуіміз керек.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   18




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет