Мен шылауының қатысынан жасалған салаласқан тіркестер: Саратан мен әсеттің хош иісі сол маяларда ғана қалған-ды.
Және шылауының қатысынан жасалған салаласқан тіркестер: Бірақ бұларды кім айтқанын және кімге айтқанын білмеді // Арықтың ен басына және ойпаң жағына қызыл қыштың түсіне боялған шлюздер қойылған. Сөз орай келгенде айта кетуге болады: және шылауы жеке сөйлемдер байланысына да қызмет етеді. Бірақ бұл оның салаластық тіркесті жасау қызметі емес, керісінше сөйлемді құрмаластырудағы сөйлемаралық қызметі: Нұрбек нені қолға алса да, ол алған іс қаулап жүре береді және бастаған ісін аяқсыз қалдырмайды // Айта берсе, Саадат не үшін анаға қайырымды және неге ол мұңайып қарайды?
Не, немесе шылауының қатысынан жасалған салаласқан тіркестер: Дауысына қарағанда не қыз немесе жас әйел болар деп топшылады Нұрбек.
Әрі шылауының қатысынан жасалған салаласқан тіркестер: Содан соң қуанышты, әрі ызалы, әрі аянышты қырандар саңқылдап, ұясының үстінде ұзақ қалықтайды // Жұрттың бәрі қалаға әрі шаршап, әрі ашығып қайтты // Мұндай қыздың залда, өз маңында жүруі Исабеков үшін әрі азап, әрі рахат! // Дау төркінін енді түсіне бастаған үлкен кісілер әкесіз баланы бойына сіңіріп алған әрі тәтті, әрі ащы сенім-сезімін бұзғысы келмей...
Я шылауының қатысынан жасалған салаласқан тіркестер: Жел қатты ұитқи қалса, от я шалқып барып маздап кетеді, я мүлде өшіп қалады // Ол жерде әлсін-әлсін я арғы беттен, я бергі беттен трактор фарларының оттары көрініп қалады.
Да шылауының қатысынан жасалған салаласқан тіркестер: Бұрын-соңды сезбеген аталы-балалы жандардың арасындағы нәрлі де тәтті махаббат дәмін енді татқан тәрізді.
Біресе шылауының қатысынан жасалған салаласқан тіркестер: Өскенде осылай жасы үлкенді сыйламас болар ма? Біресе шлюз, біресе тағы бірдеңе.
Әлде шылауының қатысынан жасалған салаласқан тіркестер: Иттің ұйқысырап самарқау үргені және тау жақтан судың ба, әлде мотордың ба дауысы естіледі // - Ақсақал, шыбығы тайғанын, әлде сүйегіне жарық түскенін біле алмай басымыз қатып тұр.
Салаласқан тіркес сыңарлары қатар тұрып байланысатыны айдан анық. Солай бола тұра олардың арасында алшақтық болатынын жоққа шығаруға болмайды. Сондықтан да ғалым С.Исаевтың мұндай бірліктердің «іргелес орын тәртібі арқылы» болуы мәселесі басқаша қарауға итермелейді. Біз төмендегі мысалдардан салаласқан тіркес сыңарларының алшақ тұрып та байланыса алатынын куәсы болдық: Әлімбек каникул сайын келеді, әкесімен ұзақ-ұзақ сөйлесеседі, құшақтап бетінен сүйеді // Баласы басқаларға жөн сілтеп, әлденені түсіндіріп қойып, тасқа сүйенген бойы қойын дәптерін алып жаза бастады // Иттің ұйқысырап самарқау үргені және тау жақтан судың ба, әлде мотрдың ба дауысы естіледі.
Салаласқан тіркес бойынан жеке сыңарлардың әрі интонация, әрі жалғаулық шылау арқылы байланысатынын да кездестіреміз. Төменде кемі үш сыңардан болған салаласқан тіркестің алғашқы екеуі интонация амалына бағынған да, екінші мен үшінші сыңары «және», «да» жалғаулықтарының амалына сүйенген: Ана үшін Саадат бұрынғыдай ең жақын, ең қымбатты және ең сүйкімді адам // Қаратайдың шерткен қарапайым күйі Қанымгүлге ғажайып сырлы, терең де жылы сезіледі.
3) Салаласқан тіркес сыңарларының орнын алмастырып қолдану оның мағынасына әсер етпейді. Демек, сөйлем ішінде берілген салаластық қатарлардың орнын алмастыруда жалпы сөйлем болсын, жеке тіркес болсын мағынасыздыққа ұшырамайды. Екінші жағынан, салаласқан тіркестер кез келген сөйлем мүшесі қызметін атқара алады. Әрине, сөйлем мүшесі қызметін атқару синтаксистің келесі бір саласы. Дегенмен олардағы орын ауыстыруды таныту мақсатында әр сөйлем мүшесі боларлық тілдік бірлікті, яғни салаласқан тіркесті немесе сөйлемнің бірыңғай мүшесін, мысалға тарттық. Өз кезегінде олар молынан кездесіп отырды.
Қазақ тіл білімі сөйлем мүшелерін ең алдымен тұрлаулы және тұрлаусыз мүше деп қарастырады. Тұрлаулы мүшелерді жақын таратқан ғалым Т.Сайрамбаев болса керек. Бастауыш, баяндауышқа қатысты қомақты еңбек жазған ғалым бастауштың қыр-сырын былайша жеткізеді: «Қазақ тіл білімі мен түркітану әдебиеттеріндегі бастауыштың ережелері туралы мына жайттардың айтылғандығын көруге болады. Біріншіден, бастауыштың ойдың иесі болуы. Екіншіден, ең алдымен, оның қандай сұрауларға жауап беретіндігі бірінші орынға, ал ойдың иесі болуы екінші орынға қойылуы. Үшіншіден, ойдың иесі деуден гөрі ойдың, баяндауыш арқылы айтылатын қимылдың, сапаның кімге қатысы басты нәрсе болуы. Төртіншіден, бастауытың басқа мүшелерге бағынбайтындығы. Бесіншіден, бастауыштың тұлғалық ерекшелігіне, яғни атау септігінде келетіндігі. Алтыншыдан, сөйлемдегі басқа сөздермен, баяндауышпен синтаксистік қатынастары» [13; 300]. Біз бұл қасиеттердің барлығын сақтай отырып, бастауыш мүшелі салаласқан тіркеске мысал берелік: Су басқандықтан түні бойы жер жастанып қалған шөптер мен бұталар сілкіне бой жазып, бастарын көтерді.
Баяндауыш мүшелі салаласқан тіркестер: Шашын қала үлгісімен қойған, киімдеріне май сіңген, қолында сағат // Бұл жолы Саадат ашуланған жоқ, ызаланған да жоқ. Бұл жерде баяндауыш тұлғасының етістікті, әрі есімді (алғашқы сөйлем) және есімшенің модаль мәнді сөзді ертуінен болғанын байқаймыз. Бұл ғалым Т.Сайрамбаевтың «Негізінен баяндауыш қызметінде сөз болатын сөз таптары – етістік пен есімдер тобы» дегенін қуаттай түседі.
Жалпы, сөйлем мүшелері дегеніміз – құрылымдық-семантикалық жағынан сөйлемнің дербес бөлшектерін құрайтын толық мағыналы сөздер мен сөз тіркестері. Ал сөйлемнің құрамында тұрлаулы мүшелерден басқа мүшелерді тұрлаусыз мүшелер деп атайды. Тұрлаусыз мүшелер бастауыш пен баяндауыштың төңірегіне топтасып, соларды айқындап, толықтырып тұрады» [14; 366]. Тұрлаусыз мүшелердің үш топқа саралануы қазіргі уақытта әбден пісіп-жетілген. Біздің тақырыбымызға қатысты олар төмендегі мысалдар арқылы түгенделді.
Анықтауыш мүшелі салаласқан тіркестер: - А-ай! - деп айқайлап жіберген Нұрбектің бетінде ауырсынудың, үрейленудің нышаны тұр // Осы бір сәт жер үстіндегі ең бақытты, ең күшті, айта берсең ең сұлу адам мен едім.
Толықтауыш мүшелі салаласқан тіркестер: Дал-дұлы шыққан күртешесінен көрініп жатқан басы мен иығына қан қатып қалыпты // Қыздың маған қол бұлғағанына, мына көктемнің дархан даласымен жүгіріп келе жатқаныма бақыттымын // Мен ұдай оның ұсқынсыз бетін дәлдеп ұрамын, ол болса мені ішімнен, қабырғамнан, төсімнен төпелейді.
Пысықтауыш мүшелі салаласқан тіркестер: Исабеков тау мен далаға жаңа көргендей бір түрлі тың оймен, соны пиғылмен көз жүгіртті. Пысықтауыштық құрылым айқындауыштық сипатта келуі де мүмкін: Төменде, сонау шатқалда үлкен өзен ағып жатыр // Төменде, далада жер көктеп қалды, жас ағаштар жанданып бас көтеріп келеді.
Бұл айтылғандардың өзі салаласқан тіркестерге қатысты өлшемдерді жинақтай алады. Ендігі кезекте оған ұқсас тілдік бірліктердің сыр-сипатын ашуға мүмкіндік аламыз. Бұл тілдік бірлік тек қана синтаксистік құрылымда пайда болады. Осы себептен де оларды өзіне ұқсас тілдік бірліктерден ажырата қарау керек. Бұл ыңғайда онымен салыстырыла берілуге жеке сөздік тұлға жарамсыз. Себебі олар дара құрамдық сипатта келеді де, салыстыра беруге көнбей қалады. Күрделі сөзді салыстыра беруден де нәтиже шықпайды. Себебі оларды бірігу мен кірігуге, қысқару мен қосарлануға бейім де, тіпті тіркесудің өзінде сыңарлық құрам, анықтамада айтылғанындай, толық мағыналыққа көнбейді. Оның үстіне бұлар (сөз бен күрделі сөз) тіл білімінің морфология мен сөзжасам тарауларының еншісіне қарасты. Солай бола тұрса да, күрделі сөз түрлерінің басын біріктіріп, жеке бірлік болып танылуына қызмет ететін салаластық амалды жоққа шығармаймыз. Оны жоғарыда ғалым А.Ысқақов та көрсеткен болатын. Біз өз тарапымыздан мысалдық дерек келтіреміз: ...кенет бір қатты жөтел қысып, булықты да қалды // Әмір иесі ақиықтар аспан әлемінде аспайды да саспайды, паң, парықсыз келеді. Ал басқа тіркестермен жеке-жеке салыстыру тақырыптың дәргейін көтереді. Бұған бақсақ, салаласқан тіркес мынадай тілдік бірліктерден айыра қарауды қалайды.
Достарыңызбен бөлісу: |