1 Тақырыптың теориялық негіздемесі
1.1 Салаласқан тіркестің синтаксистену үдерісі
Қазақ тілі грамматикасының негізгі саласы – синтаксис. Синтаксис жеке сөздердің баланысынан бастап, олардың сөйлем құрау дәрежесін, тіпті сөйлемдердің өзара байланысынан тұратын күрделі құрылымды бірліктерді зерттейді. Ал сөйлем кіші синтаксистік бірліктердің байланысынан тұрады. Кіші бірліктер жеке сөздер мен күрделі сөздердің қатысынан тұрса, орта деңгейлі бірліктерді тілдік тіркестер құрайды. Соның бірі – салаласқан тіркестер. Салаласқан тіркес мәселесі жеке синтаксистік бірлік ретінде кейіннен танылды. Бірақ бұл оның тіл білімінде болмады деген ұғым тудырмайды. Біздің байқауымызша, кез келген синтаксистік бірліктің пайда болуында өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы тұжырымдар әсер етті. Дәл сол уақыт деңгейінде діл осындай атаумен берілмеген шығар, бірақ қазіргі атауындағы ұғымды бере алатындай мысалдық деректер кездесіп отырды. Болмаса салаласқан тіркесті анықтайтындай тұжырым да болды. Мәселен, ғалым С.Аманжоловтың пікірінше, «Сөз тізбегі, яки сөздердің тізбектелуі деген мәселенің өзі екі түрлі ұғымды ішіне алады. Бірі – сөйлемнен тыс, жалпы сөздікте кездесетін бірнеше сөздің бір ғана мағына беретін болып тізбектелуі. Бұлардың кейбірі бірге жазылатын болып кеткен де, кейбірі әлі бірге жазылмай, қатар түзеп, екеуі, я үшеуі бір, жалпы мағынасы жақын сөздер; бұлар бара-бара бірігіп, бір сөз бюолып кетуі сөзсіз. Бірақ әзіргі таңда бұлардың көбі-ақ біржола бірікпей, қатарласып, біріне-бірі жалғас айтылып жүр. Мұндай қатарласып, бірнеше сөз бір мағынаға ие болып жүруін тіл ғылымы сөз тізбегі дейді» [1; 65].
Ғалым тұжырымдауындағы біржола бірікпей, қатарласып, біріне-бірі жалғас айтылып жүр деген анықтама салаласқан тіркестің ұғымын толық бере алады. Бұл – бір. Екіншіден, салаласқан тіркес атты терминсөз кейіннен қолданысқа енді. Оның синтаксистің жеке саласының бірлігі ретіндегі қызметі тіптен кейін болды. Ал мұндай бірліктің сөйлем мүшесі қатарындағы рөлі ертеректе айқындалған еді. Толық түсінік қалыптасу үшін ғалым М.Балақаевтың талдау үлгісін қысқартусыз көрсетейік:
«Айшаның майысыңқыраған сымбатты ұзын бойы, ашық жүзі, қоп-қою, қап-қара қасы, мұңайған кер көзі оның қылң ойда, ауыр қайғыда екенін білдіретін еді (С.Сейфуллин). Бұл – жайылма сөйлем, - дейді ғалым. – Оның бірнеше бастауыштары бар: бойы, жүзі, қасы, көзі. Бұлардың тұлғасы бірдей, баяндауыштары бәріне ортақ; ол – білдіретін еді. Әрбір бастауыштың анықтауышы бар. соның бірі – бойы дегеннің төрт анықтауышы бар: Айшаның бойы; майысыңқыраған бойы; сымбатты бойы; ұзын бойы. ...Бұлар түрлі тұлғадағы әр қилы анықтауыштар болғандықтан, бірыңғай анықтауыштардай әр сөзі айырым әуенмен айтылмай, бір-біріне ұласа айтылады. Соны қоп-қою, қап-қара қасы дегенмен салыстырайық. Мұнда екі анықтауыш бар: коп-қою, қап-қара. Бұлар біріне-бірі ұқсас бірыңғай анықтауыштар; олардың айтылу әуені санамалы болғандықтан жазуда араларына үтір қоямыз» [2; 142]. Міне, сөйлемнің бірыңғай мүшелі болып айқындалуы осы уақыттан басталған болатын.
Бұл мәселе көп ұзамай ғалымдар зерделенуіне ілігеді. 1967 жылы жарық көрген академиялық еңбек авторларының бірі Ж.Болатов аталған тақырыпты тереңдете түсті. Айтса айтқанындай-ақ, сөйлем, оның ішінде жай сөйлемнің, ерекше бір қарастыратын нысаны сөйлем мүшелері мәселесі. Ал сөйлем мүшелерінің бірыңғайлануына әкелетін тілдік тұлға – жеке сөздердің синтаксистенуі бұл уақытта шырқау шегіне жеткен еді. «Бірыңғай мүшелер мәселесі синтаксис саласындағы күрделі, өзекті тақырыптың бірі. Грамматикалық ережелердің біразы осы мәселеге тікелей және тығыз байланыста қаралады, - деген ғалым аталған синтаксистік бірлік туралы өз ойын былайша дамытады: - Олар сөйлемдегі басқа мүшелер сияқты бірсыдырғы, бір-біріне ұласа айтылмайды. Бірыңғай мүшелер өзара салаласа, тең байланысады. Олар бірін-бірі іліп-шалып, бағындырып, бағынып жатпайды. Бірыңғай мүшелердің синтаксистік қызметі де біркелкі, бірдей болады. Сол себептен олар бірыңғай мүшелер деген терминмен айтылады» - дейді [3; 97]. Ғалым ұсынысындағы термин де, терминге сай атқаратын қызметі де әбден орныққан. Әрі бұл мәселе сөйлем мүшелеріне тікелей қатысты ауқымда талданып та жүр. Ол дұрыс та.
Бірақ біз саналы түрде салаласқан тіркес деген бірлікті алып отырмыз. Екі бірліктің өзара бірінің орнын бірі толтырып, мәндес ұғымда қолданылатынына да қарсылық жоқ. Біздің ойымызша, олардың екі түрлі синтаксис саласы үшін қызмет ететінін анықтаған жөн. Ең алдымен, салаласқан тіркес жеке синтаксистік бірлік ретінде сөзтұлға синтаксисінде қарастырылады. Ал оның бірыңғай мүшелер деген атауға ие болып қолданылуы сөйлем синтаксисі, оның ішінде сөйлем мүшесі тарауына тән дүние. Бұлай деп тануымыздың да өзіндік себебі бар. Бұл бағытта ғылыми жорамалдар да кездеседі. Салаласқан тіркес деген атаудың өзі қайдан шықты? Қай ғалымның ғылыми еншісінде сөз болды? Осы мәселенің басын ашып алайық.
Грамматиканың қос саласы – морфология мен синтаксис. Бұл екеуінің өзара бірлікте, тығыз байланыста екені де даусыз. Демек, оларда қозғалған кез келген тілдік тұжырымның да түбі бір болса керек. Осы жағынан келгенде, ғалым А.Ысқақовтың күрделі сөз түрлерін ажыратуға қатысты пайымы көңіл аудартуды қалайды. Ғалым былай дейді: «Ағайын, қолғанат сияқты біріккен сөздер салаласа құралған тіркестен шыққан. Мысалы, алғашқысы аға және іні деген сөздерден, екіншісі, қол және қанат деген сөздерден біріккен. Мұндағы аға және іні сөздері мағына жағынан біріне-бірі қандай жақын болса, қол және қанат сөздері де өзара сондай жақын. Сөйтіп, бұл сөздердің құрамдарындағы компоненттер біріне-бірі тәуелді (бағынышты) емес, біріне-бірі тең» [4; 102]. Бұл екі бірліктің салаласуындағы алғашқы көзқарас, әрі тың көзқарас-тын. Шын мәнінде де, екі бірлік (жеке сөзді айтып отырмыз) күрделену жолында не сабақтаса, немесе салаласа байланысу арқылы нәтижеге қол жеткізеді. Осы жолдан жеке тілдік бірлік (біріккен сөз) пайда болады. Ал ондай бірліктің синтаксистік бірлікке (салаласқан тіркес) ауысуы заңға қайшылық туғызбаса керек.
Күрделі сөздің келесі бір түрі – қос сөздерге қатысты да салаластық қатынастың болатындығы жайында пікір бар. Ғалым Ә.Қайдаридің жеткізуінде, «Біртұтас екі түрлі құбылыстың басын қосып, біріктіріп тұрған ортақ заңдылыққа қосарлама және қайталама қос сөздердің бір-біріме анықтауышты-атрибутивті қатынас негізінде емес, өзара грамматикалық бейтарап қатынаста тұрып бірігу ерекшелігі жатады. мысалы, қара шаңырақ, жеті қазына, қоңыр жел сияқты анықтауышты-атрибутивті тіркестерде қатар тұрған екі сыңардың біріншісі – анықтауыш, екіншісі – бастауыш қызметін атқарып тұрса, бала-шаға, қатын-қалаш, қыз-қырқын, сондай-ақ, қайта-қайта, әрең-әрең, салдыр-салдыр т.б. осы сияқты қос сөздердің компоненттері ондай бағыныңқылық қызметті атқармайды, олардың басын қосып, ұйыстырып тұрған грамматикалық бейтараптылық» [5; 16]. Ғалымның бағыныңқылық қызметті атқармайды деген пайымдауы оның салаласудың негізінен тоқайласатынын көрсетеді. Мұны ғалымның өзі де тиянақтайды: «Сондықтан да біз «Қос сөздердің жасалу тәсілдері қандай?» деген сауалға ұйғыр тіліне қатысты жарияланған еңбегімізде берілген анықтаманы қайталауды жөн көрдік. Онда: «парные слова, как и другие типы сложных слов, образуются синтаксическим способом. Это способ по характеру синтаксической связи и семантического взаимоотношения слогающихся или повторяющихся компонентов, в свою очеред, относится к копулятивному, т.е. сочинительному типу словообразования» делінген» - дейді [5; 19]. Қарап отырсақ, грамматиканың жеке салалары болып танылатын морфология мен сөзжасам күрделі сөздердің бойындағы салаласудың дәрежесі жоғары екенін байқатады. Тағы қайталай айтсақ, бұл салаластық тіркестің синтаксис саласында барынша ашылу қабілетін анықтайды.
Синтаксис ілімінде салаласқан тіркестер тобын жеке бірлік ретінде тануға жетелеген К.Аханов тұжырымы болатын. Ғалым сонау 1960 жылдардың ішінде-ақ, мұндай бірліктердің қызметін зерделеген. «Тіл-тілде толық мағыналы сөздердің тізбегінен тұратын, осыған орай, сөз тіркестерімен сырттай ұқсас келетін тізбектер бар. Бұлардың қатарына қазақ тіліндегі әке мен бала, салмақты да сабырлы тәрізді тіркестер жатады. Бұл тәрізді тіркестер тіл білімінде сөздердің салалас қатарлары деп аталып жүр» - дейді [6; 389]. Ғалым Р.Әміров мұндай тіркесімдегі сөздер тобын сөз тіркесі талабымен қатарластырады. Егер ғалымның «Синтаксистік қатынасты біліру үшін толық мағыналы екі (немесе одан да көп) сөздің сабақтаса, салаласа байланысқан тобын сөз тіркесі дейміз» дегенінің түбін аңдасақ, салаласу да сөз тіркесін жасауың амалы борлып шығады [7; 10]. Ал ғалым С.Исаев пікірінше, «Сөз байланысының шеңбері әлдеқайда кең. Сөз тіркесін құрайтын сөз байланысының сабақтас (бағыныңқы-басыңқы) түрінен басқа салаласа, ешбір бағынбайтын (тең дәрежеде байланысатын) түрлері бар. Бұлар сөз тіркесін құрамайды» [8; 214].
Міне, синтаксистік ілімге осылайша іліккен тілдік бірлік қазіргі уақытта оның екі тілдік саласында қатар қызмет атқарып жүр. Алғашқысы – сөзтұлға синтаксисіндегі қызметі. Мұнда ол жеке синтаксистік бірлік ретінде танылып, өзара байланысу амалдарының қызметіне сүйене дамыды. Ал екінші қызметі – сөйлем синтаксисіндегі қызметі. Мұнда ол басқаша атауға түсті де (сөйлемнің бірыңғай мүшелері), қандай сөз табынан жасалатындығы, құрамына қарай бөлінетіндігі, сонымен қатар байланыстыру амалдарынң зор қызметтері сараланды. Демек, бір тілдік бірліктің әр алуан қызметі біздің тақырыбымыздың да көкейтестілігін көрсетсе кере. Яғни, олардың басын қосып бірізділендіру, болмаса барлық қасиеттерін жинақтау да бір диплом жұмысының салмағын арттыратыны сөзсіз.
Сонымен, салаласқан тіркес атты бірлікке толық мағыналы екі бірліктің (сөзден бастап басқа да тілдік тіркестер) синтаксистік құралдар қатысы нәтижесінен бір ғана синтаксистік бірлік ретінде жұмсалатын бөлігі жатады. Салаласқан тіркес құралуы үшін мынадай өлшемдердің болуы қадағаланады.
1) Салаласқан тіркес – толық мағыналы кемі екі бірліктің қосындысы. Демек, оның жеке сыңарларында жеке сөздік тұлға, күрделі сөз және оның кез келген түрлері, түйдекті тіркес, түйіспелі тіркес пен тұрақты тіркес және оның кез келген түрлері (фразеологиялық тіркес пен атаулық тіркес) жұмсала алады. Тіпті, сөз тіркесінің өздері де салаласа жұмсалады. Бұлардың өзара араласа келіп байланысуы да жиі кездеседі. Әрқайсысын жеке мысалдар арқылы дәлелдейік:
А) Жалпы, сөз атаулы тек қана лексиканың емес, грамматиканың да нысаны болып саналады. Ең алдымен, «сөз – лексикалық единица». Ғалымдар сөзді «тілдің, оның өзіндік құрамының заттар мен құбылыстарды, олардың қасиеттерін, шындық өмірдегі қатынастарды атап білдіретін негізгі единицасы, дербес бөлшегі болып табылады». Сонымен қатар «әрбір сөз не түбір морфемадан, не түбір мен қосымша морфемалардан (морфема – тілдің ары қарай бөлшектеуге келмейтін негізгі мағыналық бөлшегі) тұрады, солардың жиынтығы болып табылады» [9; 67]. Сөз осы қалпында синтаксистің ішкі бірлігіне ауысады, әрі қомақты қызмет атқарады. Біздің тақырыбымызға орайластыра айтсақ, салаласқан тіркесті жасаушы тілдік бірлік ретінде көрініс табады. Төмендегі мысалдар арқылы көрсетеміз.
Жеке сөз бен жеке сөздің байланысы: Шыңдар мен жоталардағы қар түн бойына едәуір еріп шөгіпті де, ақ түстен көк түске айналыпты.
Жеке сөз бен күрделі сөздің байланысы: Ол ептеп қана терезе жаққа бұрылып қарап еді, тумбочка үстіндегі үлкен айна мен топтанып түскен фотосуретті көрді // Қызының келмегенін, ойнай түскенін тіледі // Қамыты мен мойынтұрығы әбден шылқыта майланып, есін кетіре илеген сықырлаған сары былғарыдан істелген.
Жеке сөз бен атаулық тіркестің байланысы: Бейне бір таңғажайып елес пен сағым дүниесіне еніп кеткен // Әкесі бардағы он саулықтан қазір тігерге тұяқ жоқ: екеуі соғымға сойылыпты, қалғаны заем мен соғыс тұсындағы көп салықтың сыбағасына бұйырыпты.
Жеке сөз бен фразеологиялық тіркестің байланысы: Ағаштарды майыстырып, ұйпа-тұйпа қып, ішін тартып, ышқына жел соғады // Ондай нәрсені отыз тісінен шығарып, отыз рулы елге жайып жүретін еркек еркек пе, тәйірі!
Жеке сөз бен түйдекті тіркестің байланысы: Сәлден кейін толқын мен тас шатқал ішінде қайта сүзісіп зікір салады // Әлде жұмсақ төсеніш жолдар мен кілем үстінде жүріп әдеттенгендіктен бе, оның жүрісі тамаша, жүзіп бара жатқан жеп-жеңіл еді // Қаны басына шапшып, желкесіне, маңдайындағы тыртығына дейін күреңітіп кетті.
Жеке сөз бен сөз тіркесінің байланысы: Байыпты, тұңғиық жүзі оны ересек адам тәрізді көрсетеді.
Жеке сөз бен түйіспелі тіркестің байланысы: Қалипа маған арбадан тамақ салған түйіншек пен бір бөтелке ашымақ әкеп берді.
Ә) Күрделі сөз де – жеке синтаксистік бірлік бола алады. Бірақ ол, ең алдымен, туынды сөздің туындысы, нәтижесі. Алғашқы сөзжасамдық еңбекті құрастырушылар бұл мәселені орынды, әрі нақты ашып көрсеткен-тін. «Туынды сөз деген терминнің көлеміне туынды түбірлер (сөз тудырушы жұрнақтарды қамтыған сөздерді айтып отыр – Ғ.Акаев) оның бір тобы ретінде кіретіні сөзсіз. Бірақ туынды сөздерге туынды түбірлерден басқа тәсілдер арқылы жасалған түрлі-түрлі туынды сөздер жатады. мысалға туынды сөздерге туынды түбірлерден басқа тағы да сөзқосам тәсілі арқылы жасалған біріккен, кіріккен сөздер; қосарлау тәсілі арқылы жасалған қосарлама, қайталама қос сөздер; тіркесу тәсілі арқылы жасалған аналитикалық, яғни күрделі сөздер семантикалық тәсілдер арқылы жасалған сөздер жатады» [10; 35]. Біз де жұмысымызда күрделі сөздің түрлерін жеке синтаксистік бірлік, оның ішінде салаласқан тіркес, ретінде пайдаға асырдық.
Күрделі сөз бен күрделі сөздің байланысы: Аласа бойлы, шымыр денелі, дөңгелек жүзді, бет-аузының бәрі күйелеш... // Жан жайлап көрмеген иесіз тау ішінде қызу өмірді қайнатып әкету жеп-жеңіл, оп-оңай іс емес екен // Көздеген мақсатқа жеткізетін күш-қуат, жігер-қайрат бар ма осы адамда, батыл іздену, талаптану, күресу келе ме осының қолынан!
Күрделі сөз бен атаулық тіркестің байланысы: Колхозда да, трактор бригадасында да жаңалықтар көп емес пе?
Б) Сөз тіркесі – жеке синтаксистік сала, сонымен қатар сөз тіркесі жеке синтаксистік бірлік ретінде де жұмсала алады. Бағыныңқы-басыңқы сипатты сөздердің байланысынан тұратын бұл синтаксистік бірлік өзара салаласа байланысуға көнеді. Әрине, мұндай байланысуды салаласқан тіркестің материалы дей алмаймыз. Бірақ синтаксистік амал қызметін қажетіне жаратып отырады. Сондықтан да мысалдарға жүгініп көрелік.
Сөз тіркесі мен сөз тіркесінің байланысы: Терезеден таулардың төбелері мен тұңғиық аспанның көкжиегі көрініс береді, дәл іргеде өзен үздіксіз шулап жатыр // Тек қана төменгі арқан мен жоғарғы арқанның арасы бойына тең келсін!
Сөз тіркесі мен жеке сөздік тұлғаның байланысы: Бірақ біз азбыз – Бектемірдің семьясы мен мен ғана мұндағы // Айдың терезеден түскен күміс нұры қыздың басына, иығына төгілді
Сөз тіркесі мен атаулық тіркестің байланысы: Қарсы ескен қоңыр желден осынау жазираның қоңыраудай сыңғырлы үні мен мына көктемнің пәк тазалығын аңғарасың // Айуаннан адамның айырмашылығы оның асыл арманы, аялай білетін жан дүниесі бар есе пе?
Сөз тіркесі мен түйдекті тіркестің байланысы: Сүйген адамға, тек бір ғана адамға арналған аяулы пейіл, ықылас деген атымен жоқ
Сөз тіркесі мен түйіспелі тіркестің байланысы: Оңашада қызына оның мамасы мен өз арасындағы жайды асықпай айтып бермек еді.
В) Түйдекті тіркес те салаласқан тіркес сияқты синтаксис қабатында пайда болған. Ғалым М.Балақаевтың пікіріне сүйенсек, «Түйдекті тіркестер құрамындағы сөздердің бірінің не біреуінің лекска-семантикалық дербес мағынасы болмайды. Олардың тіркесуінен қосымша грамматикалық мағына пайда болмайды. Мысалы, көз тігеді, жана бастады, шапқан сайын деген тіркестер екі-екі сөзден құралған. Олардың құрамындағы жеке сөздердің, бөлек алғанда белгілі мағыналары бар, бірақ олардың тобын жазып, әр сөзді сөйлемнің жеке мүшесі деп қарауға болмайды» [11; 39]. Біз бұлардың да салаласа байланысуға көнетінін дәлелдеуді ұсынамыз.
Түйдекті тіркес пен түйдекті тіркестің байланысы: Содан соң мен саған Италия туралы, Шуберт жайлы қызық әңгімелер айтып беремін // Сенің орның сағаны аңдып отыру емес, егінжайдың үсті, сушылардың ортасы.
Түйдекті тіркес пен атаулық тіркестің байланысы: Онан кейін тағы толып жатқан жайлар жөнінде, комсомол жиналысы, өтірік ауырып қалып қабырға газетіне түскен тракторист жөнінде айтып беретін.
Түйдекті тіркес пен жеке сөздік тұлғаның байланысы: Жол үстінде, кузовта келе жатқанның өзінде жан-жағымнан көз алсамшы!
Г) Түйіспелі тіркестің де аумағы синтаксис саласы. Бұл бірлік те сөйлем ішінде өмір сүріп, басқаша бір құрылым құрады. Мұнда жеке алып қарағанда өз алдына мағынаға ие болатын бірліктердің басы тоқайласп отырады да, бастапқы мағынасын жоғалтады. Сөйтіп, екі бірліктің байланысы бір синтаксистік бірлік болуға икемделеді. Біз түйіспелі тіркесті әр түрлі сөз табының басы қосылып, бір бірлікке ауысуынан болады деп есептейміз. Ал бұлардың салаласа байланысы жиі кездесіп отырады.
Түйіспелі тіркес пен түйіспелі тіркестің байланысы: Анау өз ойын, өз бойын жайлаған көп күдіктен біржола арылып, тазарып шыға ала ма, жоқ па? // Ол жерде әлсін-әлсін я арғы беттен, я бергі беттен трактор фарларының оттары көрініп қалады // Жылайтындай ештеңе жоқ: енді бір жылда, мықтаса екі жылда соғыс та бітеді // Жылайтындай ештеңе жоқ: енді бір жылда, мықтаса екі жылда соғыс та бітеді.
Түйіспелі тіркес пен жеке сөздік тұлғаның байланысы: Қаратайдың шерткен қарапайым күйі Қанымгүлге ғажайып сырлы, терең де жылы сезіледі.
Түйіспелі тіркес пен сөз тіркесінің байланысы: Келер күндер Нұрбек өмірінің ең бір үлкен, қызық шақтары болмақ.
Түйіспелі тіркес пен түйдекті тіркестің байланысы: Дүниенің о шеті мен бұ шетіне дейін дөңгеленіп, иілді де қалды // // Бүгін қылған тырнақтай қайырыңды ол ертең жүз есе, мың есе қып қайтарады.
Ғ) Атаулық тіркес мәселесі 1930 жылдардың ішінде кездескенімен, орнығып кете қойған жоқ. Мәселен, ғалым С.Аманжоловтың сөз тізбектері тарауындағы лексикалық тізбектер деп тапқан бірліктер қатарынан қазіргі атаулық тіркес талабына жауап беретін бірліктер кездеседі. Ал ғалым С.Исаев мұны барынша кеңірек ауқымда түсіндіреді: «Қазақ тіліндегі атаулық тіркестер, негізінен, әуел баста еркін сөз тіркестері болып, сөйлеу процесінде өмір қажетіне сай тұрақтанылып, лексикаға ауысқан болса керек. Қазақ тілінде осы тіркестердің жасалуының екі жолы байқалады. Ол ана тілі материалдарының негізінде атау ретінде туады және орыс тілінен кірген ұғымдарды атауда сол орыс тіліндегі тіркестер калька, не жартылай калька жолымен аударылып алынады, болмаса ол сөздер сол күйінде қазақ тілінде грамматикалық байланысқа түседі» [8; 40].
Атаулық тіркес пен атаулық тіркестің байланысы: Тау демі мен өзен лебі қоысылып, төңірекке қоңыр салқын тыныс таратады // Сол күнгі күндіз шақырылған колхоз мұраптары мен егіс бригадирлерінің мәжілісіне Қаратай сәл кешігіп келген // Ол бұған сол күні ат қораға председатель Тінәлиев пен Шекіш бригадир клгенде барып анық көзі жетті.
Атаулық тіркес пен жеке сөздің байланысы: Еттен арылып, семген ана төсі, сәл ақ аралас сирек шашы, жанары, сөне бастаған көзі: «Саадат бақытты бол, сен үшін жан құрбан!» деп тұрған тәрнізді болды.
Атаулық тіркес пен күрделі сөздің байланысы: - Адам күші мен керек-жарақ табылса – екі күн жетеді! – деді сенімді түрде.
Д) Фразеологизм тіл білімінің лексикалық саласына жатады. Бірақ оның синтаксистік қабілеті де жеткілікті. Оның үстіне «Фразеологиялық тіркестер мағына жағынан жеке сөзге, құрамы жағынан синтаксистік сөз тіркесіне жақын болып келеді, - дейді А.Айғабылұлы. – Фразеологиялық тіркестер екі не одан да көп сөздің единицасы ретінде даяр күйінде қолданылады» [12; 72]. Біз бұған өз тақырыбымызға тарата бергенде тағы да көзіміз жете түсті. Қараңыз:
Фразеологизм мен жеке сөздік тұлғаның байланысы: Әйтсе де мен орнымнан қайта-қайта ұшып тұрып, тіс жармастан, қайтпастан, қасарыса ұмтыламын.
Фразеологиялық тіркестердің өзара байланысы: Талай-талай жауқазындай жас жігіттер хабар-ошарсыз жоғалды. Мерт болды, аты өшті. Із-түз қалмады // Өңінде қан жоқ, сөл жоқ.
Фразеологизм мен сөз тіркесінің байланысы: Қара ниет, қатал пиғылдан қорғай алмағаным үшін өзім өкініп жүрмін.
Фразеологиялық тіркес пен түйдекті тіркестің байланысы: Әйтпесе несіне жер басып, адам боп жүрміз.
Атаулық тіркес пен фразеологиялық тіркестің байланысы: Жұлқынып, жұдырығын түйіп, мені жеті атамнан, түп-тұқиянымнан түк қоймай әлі боқтап жатыр.
Осы айтылған тілдік бірліктердің бір сөйлем ішінде алмасып келіп отыруын да көркем шығармадан табуға болады: Исабеков те сонау шалқар сұлулыққа, ұлы рухқа іштей елтіп, күлім көз күн мен күміс сәукеле шыңның, айдын аспан мен аялы жер үстінің, шабытты Робертино мен әсерленгіш жас қыздың мәңгі бақи үндестігін, туыстығын, жарастығын анық сезінді. Бұл сөйлем ішінде салаласқан тіркестер мол кездеседі. Ол жеке сөзден де (үндестігін, туыстығын, жарастығын), сөз тіркесінен де (күлім көз күн мен күміс сәукеле, шабытты Робертино мен әсерленгіш жас қыз), түйіспелі тіркес пен атаулық тіркестен де (шалқар сұлулыққа, ұлы рухқа), сөз тіркесі мен түйіспелі тіркестен де (айдын аспан мен аялы жер үсті) тұрған. Олай болса олардың жеке-жеке немесе өзара араласа келуі еш қиындықсыз іске асып жататыны сөзсіз, әрі оңай.
2) Салаласқан тіркестегі жеке бірліктер синтаксистік құралдың тек қана екі амал-тәсілі арқылы байланысқа түседі. Біріншісі – фонетикалық тәсілдің интонациялық амалы да, екіншісі – аналитикалық тәсілдің шылаулар арқылы (жалғаулық) байланысы. Бұл жайтты ғалым С.Исаев назардан тыс қалдырмаған: «Салаласу, яғни тең дәрежеде байланысу бірыңғай мүшелердің бір-бірімен өзара жалғаулық шылаулар немесе іргелес орын тәртібі арқылы белгілі дауыс ырғағы негізінде іске асады» [8; 214].
Интонацияның қатысынан жасалған салаласқан тіркестер: Нұрбек сұңғақ, келбетті жігіт болатын // Ол көз алдындағының бәрін: көшені, завод үйлерін, аспанды, паркты... қуаныш көзімен бір шолып шықты // Жалынамын, өтінемін, сіз мені түгел тыңдап шығыңызшы!
Интонация қызметі жалғаулық шылаудың қайталанып келуінде сақталу үрдісі бар. Мәселен, төмендегі мысалда да шылауның байланыстырушылық қызметінен гөрі демеулік қызметі алдыңғы орында: Олардың кең қанаттарының аясына асқар-аскар асу да, ақсеңгір қар да, айдын-шалқар өзен де сыйып кетеді! Бұл мысалда бір емес, үш жалғаулық шылау бар. Бірақ олар өз орамына алған тілдік бірлік сыңарларын (салаласқан тіркес) байланыстырып тұрған жоқ. Керісінше, ол сыңарларды нақтылау мағынасына бағындырып тұр. Сондықтан ондай сыңарларды байланыстыруда интонация амалы алғашқы орынға шығады. Осы жерде тағы бір есте ұстайтын нәрсе, жалғаулық шылаулардың қосарланып келуінде тек «да» шылауы ғана байланыстырушылық қызметтен арылады кен. Басқа ыңғайлас мәнді жалғаулық шылаулар ондай қызмет икеміне көнбейді. Тағы бір мысал: Колхозда да, трактор бригадасында да жаңалықтар көп емес пе?
Жалғаулық шылаулар салаласқан тіркес сыңарларын байланыстыруда белсенді қызмет атқарады. Тек мысалдар арқылы көрсетуімізде олардың әр алуандық сипатын байқадық.
Достарыңызбен бөлісу: |