Қорытынды
Дипломдық жұмыстың екі тарауға саралануы оған қатысты ой-тұжырымымызды екі бағытта жеткізуімізді қалайды. Оның біріншісі – тақырыптың теориялық жағы да екіншісі – қазақ тілінің, оның ішінде біздің тақырыбымыздың әдістемелік жағы. Біз бірінші тарауды екі тараушаға бөліп қарастырдық. Нәтижесінде, тақырыбымыздың грамматикалық белгілері айқындалып, «Салаласқан тіркестің синтаксистену үдерісі» сипатталып, сосын «Салаласқан тіркестің грамматикалық-мағыналық сипаты» ашылды.
Қазақ тіл біліміндегі салаласқан тіркестердің қарастырылуы орташа деңгейде. Аталған бірлікті синтаксистік бірлік ретінде таныту кешірек болды, әрі синтаксист ғалымдардың барлығы бір терминдік атауды орнықтыра алмады. Салаласқан тіркес деп атау, тану ғалымдар К.Аханов, Р.Әмір, С.Исаев тарапынан орын алды. Ал оның синтаксистің жеке саласы – сөзтұлға синтаксисінің бірлігі екендігі мүлдем айқындалмады. Сондай-ақ, бұл мәселенің грамматика салаларының басқа түрлерінде қарастырылғандығы назардан тыс қалып келді. Біздің байқауымызда, салаласудың көрінісі морфология (А.Ысқақов) мен сөзжасам (Ә.Қайдари) ілімдерінде кездесіп отырған. Және ондағы ғылыми тұжырымдар аса көңіл аударуды қалайды.
Қазақ тілі синтаксисіндегі соңғы үдерістерге сүйенсек, синтаксис саласының өзі қажетті тілдік бірліктерді танып алады. Соның бірі – салаласқан тіркестер. Бұл тақырып қозғалмады деуге негіз жоқ. Әсіресе, сөйлем мүшелігі тарапынан танылып, талданғаны анық. Онда олардың байланысуындағы белгілер, құрамдық сипаты ұсыныл отырды. Бірақ диплом жұмысы мұны сөзтұлға синтаксисінің бірлігі ретінде тануды көксейді. Оның үстіне олардың байланыстырушы амалдарын түгендейді. Құрамдық сипатын қайта жасақтайды. Мағыналық топтастыруын жаңалайды. Салаласқан тіркестерді жасаудағы сөз таптарын ерекшелейді. Нәтижесінде, қомақты да қажетті тілдік бірліктің синтаксистік сипаты ашылады.
Біздің байқауымызда, тақырыптың пайда болау, жасалу, қолданылу аспектісі де жеке тақырып ретінде бағаланбаған екен. Сондықтан да болар, дипломдық жұмыстың басты мақсатына айналған тақырып аясында оның жасалуын жинақтау (морфологиялық белгілері), байланысу амалдарын түгендеу (фоно-синтакстік белгілері) және жеке салалық қызметін анықтау (синтаксистік белгілері) оның синтаксис саласындағы орнын айқындауға мүмкіндік алдық. Дипломдық жұмыстың зерттеу нысанына айналған қазақ тіл біліміндегі салаласқан тіркестер мәселесінің жалпы грамматикалық бірлік екенін дәлелдеу тұрды. Бұған оның жасалуындағы сөз таптары мен синтаксистік байланыстыру жайы бағыт берді.
Дипломдық жұмыс барысында аталған тілдік бірлік жан-жақты сипатталды. Ең алдымен, салаласқан тіркестің өзіне тән белгілері жинақталады. Өз тарапымыздан мұндай өлшем-белгінің үш топқа жіктелетінін анықтадық. Олар: а) сыңардағы толық мағыналылық; ә) сыңарлар байланысындағы интонациялық амал мен жалғаулық шылау қызметі; б) сыңарлардың алмасуындағы еркіндік. Екіншіден, салаласқан тіркестер белгілі бір жасалу жолын игереді. Біріншісі – тілдік жұрнақ-жалғаулар; екіншісі – жекелеген сөз таптары. Үшіншіден, салаласқан тіркестер құрамын екіге бөлуге болады: а) кемі екі сыңарлы; ә) көп сыңарлы. Төртіншіден, салаласқан тіркестер мағыналық топқа жіктеледі.
Қазақ тілін оқыту әдістемесі еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени өміріндегі елеулі өзгерістерді, оның әрбір өтпелі кезеңіне өзінің даму дәрежесін қалайда сәйкестендіріп отырғаны дәлелді қажет етпейтін аксиома. Олай болса, қоғамдағы әлеуметтік өзгерістерге сай қазақ тілін оқытудың сапасын арттыру мәселесі де әр кезеңде өз дәрежесіне сай сұраныста болды.
ХХ ғасырдың басында ана тілімізді оқытуды жетілдіру, оның сапасын арттыру ең алдымен «жақсы методикаға, методиканы жақсы білетін мұғалімге және сапалы оқулық пен оқу құралдарына байланысты» деген қағиданы ұстанған А.Байтұрсынұлы, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Дулатов, Х.Досмұхамедов, К.Кемеңгерұлы, Қ.Жұбанов сияқты біртуар тәлімгер ғалымдарымыз ана тіліміздің сапалы төл оқулықтары мен оқу құралдарын жазып тәжірибеге енгізді.
Қазақ тілін оқыту әдістемесінің зерттелуінде құнды пікірлер айтып, ғылыми және әдістемелік тұрғыдан сапалы оқулықтар жазған Қ.Басымов, Ғ.Бегалиев, С.Жиенбаев, Ш.Х.Сарыбаев, С.Аманжолов, І.Кеңесбаев сияқты ғалым-әдіскерлеріміздің де есімдерін ерекше атауға болады.
Соңғы жылдары ана тілімізді оқытып үйрету мәселесі жаңа бір белеске көтерілді: атап айтқанда, ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, оқулық, оқу құралдары жазылуда. Бұл салаға байланысты көп еңбек сіңіріп, қазақ тілін оқытып үйрету мәселесін зерттеуге, оның оқу-әдістемелік кешенін жасауға қомақты үлес қосып жүрген ғалымдарымыз Н.Оралбаева, Ғ.Қалиев, С.Рахметова, Т.Сайрамбаев, Ф.Оразбаева, Ә.Жүнісбеков, М.Қондыбаева, Т.Жұмажанова, З.Қ.Ахметжанова, Қ.Қасабек, Ж.Адамбаева, Э.Д.Сүлейменова, Қ.Қадашева, К.Жүнісбекова, Қ.Молдабеков, Л.Екшембаева, Ш.Бектұров, А.Бектұрова, К.Жақсылықова, Т.Аяпова, Б.Шалабаев, А.Құрысжанова, А.Алдашева, К.Сариева, т.б. Сөйтіп, ана тілімізді оқытуға арналған оқулықтар мен оқу құралдары жасалып, оны оқыту әдістемесі жаңа бағытта зерттеле бастады.
Қазіргі қоғам талабы, мемлекеттік тілге қажеттіліктің артуы, яғни оған қоғамдық қызмет аясының кеңеюі, тілді оқыту мен үйретудің әдістемелерін жақсарту, тілдерді оқытудың жаңа технологиясының озық практикасын қорыту проблемасының бар екендігін көрсетіп отыр. Мемлекеттік тілдің қоғамдық аясының кеңеюі жаңа типтік бағдарламалар мен оқулықтарды жасауды, білікті кадрларды көбейтуді, техникалық құралдармен жабдықтауды айрықша талап етіп отыр.
Алайда кез келген теория мен практиканың сабақтастығы бір дағдыда, бір қалыпта қалмайтындығы белгілі. Практика әрдайым жетіліп, ұшталып отырады, ол ғылыми тұрғыдан тұжырымдарды қажет етеді. Осы тұрғыдан қарағанда, соңғы уақытта қазақ тілі әдістемесі, ғылымы дамыды, өсті, практикалық тәжірибелер жинақталды, оқыту мен үйретудің коммуникативті бағыттағы стратегиясы мен тактикасы айқындала түсті. Оқытудың психолингвистикалық, интеллектуалды-эмоционалдық, социолинг-вистикалық, лингводидактикалық негіздеріне сүйенген жаңа әдістемелер қалыптаса бастады.
Білім беру жүйесінің көптеген тармақтарында бұрынғы дәстүрлі әдістемелерден елеулі айырмашылықтары бар, жаңа ізденістегі соны оқыту әдістемелері қолданылып жүр. Бұл нақты айтқанда, оқушының дербес танымдық белсенділігін арттыратын жаңаша жаңғыртып оқыту (инновационная), жоғары белсенділікті дамыту (интерактивная), оқытудың көпдеңгейлік әдістемелері мен жобалық әдістер.
Біздің диплом жұмысымызда қазақ тілін сапалы оқытуда өз үлесін қосып жүрген сондай тиімді жолдардың бірі – техникалық және электронды құралдар арқылы оқыту әдістемесі кеңінен сөз болды. Олардың басқа да амал-тәсілдердің арасында алатын орны, айырым белгілері анықталып, екеуі де ортақ мақсатта, яғни қазақ тілін барынша әсерлі оқыту жолында қызмет ететіні айқындалды, осыған орай, атаулы бағытта жұмыс жасап жатқан атақты әдіскер-ғалымдарымыздың соны тәжірибелері негізге алынды.
Жаңаша жаңғыртып оқыту, жоғары белсенділікті дамыту және деңгейлік оқыту әдістемелерін жоғары дәрежеде дамыту оқытудың техникалық және электронды құралдарын жан-жақты пайдаланғанда ғана толық орындалатыны дәлелденді.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
1 Аманжолов С. Қазақ әдеби тілі синтаксисінің қысқаша курсы. – Алматы: «Санат» баспасы, 1994. – 320 бет.
2 Балақаев М., Қордабаев Т. Қазіргі қазақ тілі грамматикасы. Синтаксис. – Алматы: Қазақтың мемлекеттік оқу-педагогика баспасы, 1961. – 292 бет.
3 Қазақ тілінің грамматикасы. 2 бөлім. – Алматы: Қазақ ССР-нің «Ғылым» баспасы, 1967. – 236 бет.
4 Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Морфология. – Алматы: «Ана тілі» баспасы, 1991. – 384 бет.
5 Қайдар Ә. Қазақ тіліндегі қос сөздер: зерттеу және сөздік. – Алматы: «Сардар» баспа үйі, 2013. – 456 бет
6 Аханов К. Тіл білімінің негіздері. Оқулық. – Алматы: «Санат» баспасы, 2003. – 496 бет.
7 Әміров Р. Жай сөйлем синтаксисі. Оқу құралы. – Алматы: «Мектеп» баспасы, 1983. – 168 бет.
8 Исаев С. Қазақ тілі жайында ойлар. – Алматы: «Атамұра» корпорациясының Полиграфия комбинаты, 1997. – 224 бет.
9 Болғанбайұлы Ә., Қалиұлы Ғ. Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы. Оқулық. – Алматы: «Сөздік-Словарь» баспасы, 2006. – 264 бет.
10 Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі. – Алматы: Қазақ ССР-нің «Ғылым» баспасы, 1989. – 368 бет.
11 Балақаев М. Қазіргі қазақ тілі. Сөз тіркесі мен жай сөйлем синтаксисі. Оқулық. – Алматы: «Ана тілі» баспасы, 1992. – 248 бет.
12 Айғабылұлы А. Қазақ тілінің лексикологиясы. – Алматы: «Дәуір-Кітап» баспасы, 2013. – 104 бет.
13 Сайрамбаев Т. Қазақ тіл білімінің мәселелері. Сөз тіркесі. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2010. – 640 бет.
14 Қазақ тілі. Энциклопедия. – Алматы: Қазақстан даму институты, 1998. – 509 бет.
15 Тіл білімі терминдерінің сөздігі. – Алматы: «Фирма «Орнак» ЖШС, 2012. – 388 бет.
16 Сағындықұлы Б. Қазіргі қазақ тіліндегі синтаксистік ұғымдар: оқу құралы. – Павлодар: Павлодар педагогикалық университеті баспасы, 2020. – 100 бет.
17 Шакенов Ж. Қазақ тіліндегі күрделі сөздер мен күрделі тұлғалар. – Алматы: «Ана тілі» баспасы, 1991. – 120 бет.
18 Оралбай Н. Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы: оқулық. – Алматы: «Інжу-Маржан» баспасы, 2007. – 390 бет.
19 Исаев С. Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты. – Алматы: «Рауан» баспасы, 1998. – 304 бет.
20 Боранбай Б. Қазақ тіл білімінің қалыптасуы мен дамуы (С.Жиенбаев еңбектері негізінде): Оқу құралы. – Алматы: Мемлекеттік тілді дамыту институты, 2013. – 108 бет.
21 Есенов Қ. Құрмалас сөйлем синтаксисі. – Алматы: «Білім» баспасы, 1995. – 136 бет.
22 Қордабаев Т. Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдер синтаксисі. – Алматы: «Санат» баспасы, 1995. – 176 бет.
23 Оразбаева Ф. Тілдік қатынас: Оқулық. – Алматы: «Сөздік-Словарь» баспасы, 2005. 272 бет.
24 Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. – Алматы: «Ана тілі» баспасы, 1992. – 448 бет.
25 Жұмабаев М. Шығармалар. 2-3 том. – Алматы: «Білім» баспасы, 1996. –512 бет.
26 Оралбаева Н., Жақсылықова К. Орыс тіліндегі мектептерде қазақ тілін оқыту әдістемесі. – Алматы: «Ана тілі» баспасы, 1996. – 208 бет.
27 Арын Е., Қасым Б., Жұматаева Е. Қазақ тілін оқытудың әдістемесі. Оқулық. – Павлодар: ҒӨФ «ЭКО» баспасы, 2005. 226 бет.
28 Сағындықұлы Б., Ахтаева Н. Дәстүрлі оқытудағы әдіс пен таным // Павлодар: Қазақстан педагогикалық хабаршысы. №4, 2018. – 18-25 бб.
29 Қадашева Қ. Қазақ тілін оқыту әдістемесі. – Алматы: «Мұрагер» баспасы, 2005. – 176 б.
30 Жүнісбек Ә. Қазақ тілін оқыту әдістемесі. – Алматы: «Атамұра» баспасы, 1998. – 194 б.
Достарыңызбен бөлісу: |