1.2. Қазақ ою-өрнегінің даму тарихы
Қазақ оюы, қазақтың ою-өрнегі — үй-жиһаздарын, сәндік, тұрмыстық бұйымдар мен киімдерді нақыштап безендіруге қолданылатын өрнектер. Жаппай дамыған кезеңінде (19 ғасырдан кейін) қазақтардың үй жиһаздарын әшекейлеуге кең көлемде қолданған ою-өрнектерді, негізінен: зооморфтық, өсімдік сипатты, геометриялық, космогониялық түрлерге жіктеуге болады. Олардың ішінде жануарлардың сыртқы пішініне, мүйізіне, тырнағына, мойнына, табанына, т.б. мүшесіне ұқсас ою-өрнектер халық арасына (зооморфтық түр) кең тараған. Зооморфтық ою-өрнек кебеже, жүкаяқ, әбдіре, асадал сияқты тұрмыстық бұйымдар әшекейінде жиі кездеседі. Аталған ою-өрнектер кебеже бүйірінде, көбінесе, тігінен бедерленіп, бос жерлерін толықтырған, ал төсектің жан ағашы белгілі бір ырғақпен түгел дерлік өрнектелген. Кейде оларды өсімдік сипатты өрнектермен сабақтастырып, жарасымды тұтас композиция құраған. Ою-өрнек. Ою-өрнектердің түрлері. Өрнектердің түстері мен бояулары. Ою-өрнек ісі тым ерте заманнан бастап-ақ қолөнерінің барлық түріне бірдей ортақ әсемдеп әшекейлеудің негізі болып келді. Ою деген сөзбен өрнек деген сөздің мағынасы бір. Бұл сөздің ұғымында бір нәрсені ойып, кесіп алып жасау немесе екі затты оя кесіп қиюластырып жасау, бір нәрсенің бетіне ойып бедер түсіру деген мағына жатады. Ал өрнек дегеніміз әр түрлі ою, бедер, бейненің, күйдіріп, жалатып, бояп, батырып, қалыптап істеген көркемдік түрлердің, әшекейлердің ортаң атауы іспеттес. Сондықтан көбінесе ою-өрнек деп қосарланып айтыла береді. Ертедегі қазақ оюларын мазмұны жағынан іріктесек, негізінен 3 түрлі ұғымды бейнелейді. Олар: біріншіден, мал өсіру мен аңшылықты, екіншіден, жер-су, көшіп-қону көріністерін, үшіншіден, күнделікті өмірде кездесетін әр түрлі заттардың сыртқы бейнесін береді. Шеберлер іске беріліп, жұмыс әдісіне төселе келе өздерінің көрген ою-үлгілерін жатқа жасап, оюға өз бетімен жаңа түрлер енгізу дәрежесіне жетті. Халық мұндай адамдарды «оюшы» деп атады. Әрбір елде, әрбір руда атағы шыққан таңдаулы оюшылар болды. Ондайлар өз өнерінің тамаша үлгісін өзінің руына, маңайындағы елдерге таратып отырды. Осыдан келіп әр түрлі ою-өрнектерде, киімдер мен кілемдерде, сырмақтар мен кестелерде және т. с. с. «арғын үлгісі», «керей үлгісі» немесе «ұлы жүздің үлгісі», «орта жүздің үлгісі», «кіші жүздің үлгісі» деген мәнерлер пайда болды. Қолөнерде пайдаланылатын бояуларды шеберлер өздері қолдан жасап алатьін оларға әр түрлі қоспаларды қосып. бұрын табиғатта жиі кездесетін және сол күйінде пайдалануға жарай беретін ақ, сары, көк, қызыл және қара топырақтар, түрлі түсті жосалар (сары, көк, қызыл) ағашты, теріні, қайысты бояуға жұмсалған. Сол сияқты малдың қанын, қара бауырын, көк бауырын да бояу ретінде пайдаланған. Көк тікеннің бүрі, мойыл, долана, қарақат, бүлдірген, итмұрын және тағы басқа да осылар тәрізді түрлі жемістердің шырыны да даяр тұрған бояу десе болғандай еді. Халық шеберлері шие жемістерін, әр түрлі өсімдіктерді, олардың қабықтары мен тамырларын қайнатып бояу жасау әдісін көп қолданған. Мысалы, талдың, теректің, қарағайдың, еменнің, алма, анар, жүзім және өрік ағаштарының қабықтарынан қызыл, сары, күрең, қошқыл түсті бояулар қайнатңан. Қына (жер қынасы, тас бетінің қынасы) «томарбояу» дейтін қурай мен тобылғының тамырларын қайнатып та бояу жасаған. Қабықтарды күздігүні жинап қол диірменге тартып не келіге түйіп ұнтақтап қайнатады. Шеберлер, қайнауына қарай, бояуынан арылған ұнтақтарды сүзіп алып тастап, қалған сұйықты одан әрі қайната беру арқылы оны қоюландырған, кейде порошок түріне келтірген. Мұндай қайнатынды бояуға ашудас, мұсатыр, тотияйын, тұз, қарағайдың шайырын қосатын. Сол сияқты қара күйе, ыс, құрым, өріктің, жаңғақтың сүйектері мен бидайдың, арпаның күйіктерінен де бояу жасаған. Бұларды бірімен-бірін қоспалау арқылы әр түсті бояулар жасалады
Достарыңызбен бөлісу: |