Әдебиет теориясы. Нұсқалық. «Фолиант» баспасы, 2003. 344 бет. «Әдебиет теориясы»



бет20/23
Дата04.11.2016
өлшемі6,01 Mb.
#125
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   23

Стилистика және өлең құрылысы
Әдетте эпитет логикалық анықтамаға сай келмейді. Логикалық анықтаманы түсіну үшін мазмұн мен ауқым ұғымдарын қолдану керек. Әрбір ұғымның өз ауқымы мен өз мазмұны болады. Осы ұғым жалпы қамтитын өмірдегі мен ойдағы барлық құбылыстар, предметтер, заттар ұғымның ауқымына кіреді. Мысалы, “үй” сөзінің мағналық ауқымына осы сөзбен атауға болатын жер бетіндегі барлық үйлер кіреді. Ал осы ұғымның мазмұнына осы үйді кез-келген үй емес жайлардан ерекшелеп тұратын барлық белгілері жатады. Иттің үйшігі үй емес, өйткені оның үйге жалпы ұқсастығы болғанымен де үйді басқалардан ажыратып тұратын негізгі белгілері жоқ; оның үстіне иттің үйшігінің үйге қатысы жоқ тек өзіне ғана тән қасиеттері тағы бар.

Егер осы белгілерге бұрын ұғымға кірмеген жаңа бір белгіні қосатын болсақ, онда ұғымның ауқымы мен мазмұны өзгереді. “Үй” сөзіне “ағаш” сөзін қосайық. Бұл белгі бұрынғы “үй” сөзінің ұғымында болмаған, өйткені ол үйдің ағаштан соғылған белгісін көрсететіндіктен де тас үйге қолданылмайтын. Демек, ағаш үйлер де болады дегенмізбен де бұл сөз үй еместерді үйден ажырата алмайды. Бірақ сөзге бұрын оның мағынасында болмаған жаңа белгі келіп қосылды. Бұл жерде сөздің ауқымы кішірейіп отыр; өйткені ағаштан салынбағана үйлердің барлығы да айтылмай отыр. Сонымен ұғымның мазмұны ұлғайғанда оның ауқымы тарылады; математика терминімен айтсақ, ауқым мазмұнға кері пропорционал.

Бұл логикалық анықтамаға тән. Оның функциясы – мазмұнды кеңейту арқылы ауқымды шектеу. Логикалық анықтаудың мақсаты – ұғым мен предметті нақтылай түсу, оны осы тектес ұғымдардан айыра түсу.

Эпитеттің мұндай қызметі жоқ, онда бұрын анықталған ұғым сол ауқымда, сол мазмұнда сақталанып қалады. Эпитет мазмұнға ештеңе қоспайды; ол онда бұрыннан бар белгілерді қайтадан орналастырып, олардың ішіндегі біреуі алға шығарып отыратындай.

“Сұр қасқыр” мен “сұр ат” тіркестерінің мағнасы бірдей емес. “Сұр” сөзін атқа қатысты қолданғанда логикалы түрде бұл атты, боз, қасқа аттардан айырамыз. Ал қасқырға қатысты /ертегілердегі сұр қасқыр/ қолданылғанда “сұр” сөзі логикалық емес, өйткені бұл жерде “сұр” сөзін қасқырды басқа түсті қасқырлардан айыру үшін емес, қасқырлардың барлығына тән әдеттегі титік түс ерекшелігіне мән беріліп отыр. Әдебиетте “Эпитет” барлық уақытта сөздің осындай тар мағынасында қолданыла бермейді; кейде анықтауыш түрінде де кездеседі.

Мағналық қызметінің көп түрлілігі арқылы эпитет сөзге эмоциональдық әр береді. Сөз әдеттегі терминдік қасиетінен айрылады. Мысалы, сұр қасқыр дегеніміз, зоологиялық термин емес. Егер осы сөз зоология оқулығында кездессе, онда ертегілердегі мағнасында, тіркесінде емес. Бір сөз тіркесі түрлі мәтіндерде не логикалық анықтама, не эпитет сыйпатында бола береді. “Қызыл роза” тіркесіндегі “қызыл” анықтамасын түрліше қабылдауға болады. Егер әңгіме гүлді өсіріп, баптаушылардың арасында болса, онда “қызыл” сөзі “қызыл розаны” шәйлік розадан, ақ розадан, т.б. бөлектейтін логикалық анықтама болады. Ал өлеңде “қызыл роза” қолданылса, ол түсті ажырату функциясын атқармайды; бұл жерде әдеттегі роза ғана сөз болып отыр. Ал анықтауыш “қызыл” қарапайым роза сөзіне эмоциональды әр, әсем әсер беру мақсатымен тіркесіп отыр.

Эпитет құбылысы, кейбір белгіні ажырату үшін емес, оған ерекше мән беру, сөзге айрықша стилистикалық бояу беру қажеттілігі - барлық әдебиеттерге, барлық уақыттарға, барлық халықтарға тән құбылыс.

Р.Уэллек, О.Уоррен

Стиль және стилистика
Жазушы үшін тіл сөздің тура мағынасында материал болып табылады. Кез келген әдеби шығарма белгілі бір тілден алынған материал болып табылады...

Поэтикалық сөздің мағынасы контекспен анықталады: оқырман сөздердің ғана мағынасын танып қоймайды, сонымен бірге олармен байланысты синонимдер мен омонимдердің де мағынасына барады. Сөз тек қана өзінің жеке мағынасына ғана ие болып қоймайды, сонымен бірге фонетикалық немесе мағыналық, немесе этимологиялық жағынан өзара байланысты басқа сөздердің де мағынасын анықтап тұрады. Сол себепті поэзияны зерттеушілерге лингвистикалық дайындық қажет. Әсіресе, лингвистикалық білім сөздердің мағынасымен, олардың модификацияларын зерттейтін лексикология саласында қажетті.

Әрине, лингвистика жекелеген сөздер мен тіркестердің мағынасын білу үшін ғана қажет емес. Әдебиет тілмен барлық аспектілері жағынан байланысты. Әдеби шығарма – ең алдымен дыбыстардың жүйесі, сондықтан да оның тілі белгілі бір тілдің жүйесінен сұрыпталып алынған тіл...

Шығарманы лингвистикалық тұрғыдан қарау барысында тілдің эстетикалық әсеріне талдау жасау барысында ғана ол әдебиеттанудың сипатына, әдебиеттанудың қажеттіліктеріне ие болады, яғни қысқаша айтқанда стилистика болады...

Антикалық дәуір эстетиктері сияқты стильдерді жоғары және төмен, шығыстық және аттикалық т.с.с. жүйелеп қана қоюға болмайды, Вильгельм Шнайдер (“неміс тілінің бейнелілік құралдары”, 1931) сияқты күрделі стилистикалық құрылымдарды талдау қажет. Сөз бен білдіретін нәрсе арасындағы қарым-қатынастар принципі бойынша стильдер мағыналық және сезімдік, тура және сипаттаушылық немесе кішірейткіш және ұлғайтқыш, дәл және жалпы, баяу және эмоционалды, төмен және жоғары, қарапайым және декоративті; сөздердің өзара қарым-қатынастары принципі бойынша пластикалық және музыкалық, тегеурінді және бос, тегіс және кедір-бұдырлы, түссіз және түрлі түсті; сөздер және тілдің бүкіл системасы қарым-қатынастары принципі бойынша ауызша және жазбаша, дерексіз және жеке; сөз және автордың қарым-қатынастары бойынша объективті және субъективті болып бөлінеді. Мұндай жіктеулер сөздік айтылымдардың қай-қайсысына да тән, бірақ біз әдебиеттің материалынан шыға отырып, әдеби стильдің талдау міндеттерін басшылыққа аламыз...

Эстетикалық мақсат жетекші маңызға ие болғанда ғана стилистика әдебиеттанудың бөлігі болады, сонда ғана стилистикаға маңызды орын беріледі де, оның методттары бойынша әдеби шығарманың өзіне ғана тән сапалық ерекшеліктері зерттелінеді. Мұндай стилистикалық талдауды екі жолмен іске асыруға болады. Біріншісі, шығарманың стильдік системасын жүйелі түрде қарастырумен және бұл системаның ерекшеліктерін “тұтас мағына” беруі тұрғысынан түсіндіруге негізделеді, яғни оларды шығарманың эстетикалық мақсатымен байланысты түсінуге бару қажет. Мұндай жағдайда стиль шығарманың немесе шығармалар тобының дара тілдік жүйесі болып көрінеді. Екінші тәсіл, бірінші тәсілге қайшы келмейді, ол шығарманың тілдік жүйесінің дара сипаттары жиынтығының солармен салыстырылған басқа жүйелерден ерекшелігін көрсетеді. Бұл методтың негізі салыстыру болып табылады.


Қ.Жұмалиев

Стиль – жазушының өзіне тән ерекшеліктері
... Стиль деген термин ескі заманнан бері қолданылып келеді. Стиль грекше – stylos. Дәлірек айтсақ, балауызбен сырлаған тақтаға сөз жазу үшін жұмсалынған ағаш қалақша. Ескі замандарда қағаздың орнына тақтайды балауызбен сырлап, соған сөз жазу көп елдерде болған. Жазатын құралы - stylos. Ол сурет өнеріне де пайдаланылған. Қазіргі кездегі қыл қаламның жұмысын атқарған. Ол да stylos деп аталған...

Стиль кейінірек, грек тілінде таза, әдемі сөйлеу ұғымына ие болған.

Стильді көп зерттеп, ол туралы көптеген құнды пікірлер айтқан академик В.В.Виноградов өзінің “Проблемы авторства и теория стилей” атты еңбегінде стильдің көп мағыналылығына айрықша тоқталады. Тіл, көркем-өнер, әдебиет, ғылым, не басқа да өмір саласында әр түрлі ұғым, әр түрлі қолданылатыдығын мысалдар келтіріп өзінше дәлелдейді.

Сәулет өнеріндегі: готикалық стиль, мавритандық стиль, ионикаға дейінгі стиль, ионикалық стильдер, солар сықылды мүсін, сурет, музыка өнерлерінің әрқайсыларының өздеріне сәйкес стиль термині жиі қолданылады. Кейде ол белгілі бір дәуірдегі суретші, сәулетші, мүсіншілер, музыканттардың бір алуандарына тән жайттардың жиынтығы, бір мектепке не бір ағымға жататындығын, белгілесе, кейде жеке өнерпаздың өзіне тән ерекшелік әдістерін көрсету үшін қолданылады.

Өмірдің басқа саласында да “стиль” аз айтылмайды. Докуметн стилі, ғылыми стиль, жұмыс стилі, газет стилі, т.б. Ал біздің тіл, филология ғылымдарында да стиль термині өте жиі кездеседі. Тілде стиль, стилистика әрдайым сабақтаса жүреді. Әдебиетте прозалық, фельетондық, сатиралық, юморлық стиль деп атаймыз да жазамыз. Сөйтіп, Виноградов айтқандай, стиль өте көп мәндес сөз. Бірақ біздің тоқталғымыз әдебиетпен ғана байланысты стиль. Стиль әдебиетте негізінде екі түрлі мағынада: кең және жай мағынада қолданылады. Кең мағынасында - әдебиет тарихы, теориясы, әдеби сында ХҮШ ғасырдан бері қарай стиль - әдебиет методы ұғымында қолданылып келеді. Жалпыға мәлім классицизм, сентиментализм, романтизм, реализмдер әдебиет стилі деп аталатын. Қазіргі әдебиеттану ғылымында әдеби әдіс бұрынғы стиль ұғымында қолданылады.

Стильдің екінші мағынасы, яғни стиль деп әр жазушының өзіне тән ерекшеліктерін ұғыну...

Классицизм, романтизм не басқа стиль деп аталулар жай айтыла салынған сөз емес. Кезіндегі сыншы, әдебиетшілердің іздену-зерттеулері арқылы қортылған ғылыми жүйе. Өйткені олардың әрқайсысына тән ерекшеліктері әр жағынан алынып талданғанда талай ой, талай тәжірибе сүзгілерінен өткізіліп, түйінделген нақтылы пікірлер. Классицизм, романтизм стилі деп айтуға оңай болса да, жүйелеп тексере бастасаң, көптеген ерекшеліктерге кездесесің. Мысалы, классицизмнің өзіне ғана тән аты шулы үш бірлік (уақыт бірлігі, орын бірлігі, оқиға бірлігі) бар; оқиға сюжетінің сарай өмірінен алынуы, қатысушылардың үстем тап өкілдері болуы, басқа тап өкілдері тек солардың қызметшілері дәрежесінде ғана қатыстырылу, қаһармандар мінездеріндегі менмендік тәкаппар паңдық, ұзын-ұзын монологтармен сөйлеулер, тағы басқалар.

Ал романтизм стиліне тән жайттар классицизм ерекшеліктерінен гөрі қиыннан қиысатындығы аңғарылады. Романтизмнің қай түріне болсын, ең алдымен көзге түсетін ерекшелік: өз ортасына риза болмаушылық. Өршіл романтизмге тән нәрсе – романтикалық пафос, өмірде болған оқиғалардан гөрі өмірде болуы керек жайттерді негіз ету. Оқиға негізін өмір шындығынан алса да оны көтеріңкі, өршілдік түрде, не керісінше етіп суреттеу. Қайткен күнде де романтизм құба төбелдіктен аулақ. Адамның іс-әрекеті, мінез-құлқы, өмірге көзқарастар бір шектен екінші шекке көшіп отырады. Не шектен шыққан зұлым, не шектен асқан мейірбан болады. Бұзылса, мықтап бұзылып, түзелсе, мықтап түзелетін мінездер – романтизм стиліне тән. Мұнда құба төбелдік (золотая середина) болмайды деуіміз осыдан.

Романтикалық стильде жазылған Виктор Гюгоның “Аласталғандар” (“Отверженные”) атты романындағы Жан Вальжан образы – романтикалық мінездің нағыз классикалық үлгісі...

Әдебиет тарихында қандай стиль болсын бірден, бір күнде туа салмайды. Жаңа стильдің элементі өзінен бұрынғы қалыптасқан стильдің өз ішінде туады, өсе келе, дами келе қалыптасады және күреспен ғана өзіне жол ашады. Бұрынғы стильдің ескіргенін, дәуірдің озғанын, енді ол бөгеттікке айналғанын сөз жүзінде де, іс жүзінде де дәлелдеу, жаңалық үшін ескілікпен келісімге келместік күрес арқылы өседі. Тартыспен ғана жаңа стиль ескі стильді тарих сахнасынан ысырып, оның орнын өзі басады.

Романтизм стилі классицизмге қарсы зор майдан ашты. Француз әдебиетіндегі романтизмнің атасы болған В.Гюго да классицизмнің әдістеріне қарсы шықты. Уақыт, оқиға, орын бірліктері тәрізді әр алуан шарттылықтардың талқанын шығара бұзды да, дүние жүзі әдебиетіндегі жаңа ағым – романтизмнің ірі тұлғаларының бірі дәрежесіне көтерілді.

Ескі әдеби стиль мен жаңа әдеби стильдер арасындағы күрес, әрине, ол әдебиеттегі шеберлік, техникалық жайттар үшін ғана күрестен тумайды, өмірге көзқарас, әлеуметтік, таптық жағдайлармен байланысты туады. Стильдік ерекшеліктер, оның айналасындағы тартыстар белгілі бір көзқарас жүйесінің сәулесі ғана...

Біз жоғарыда жай мағынасында стиль әр жазушының өзіне тән шығармашылық ерекшеліктері дедік. Енді осыған тоқталалық.

“Стиль - адам” дейтін афоризм көп заманнан бері әдебиетте барлығы аңғарылады. Демек, бұл жазушының өзіне тән шығармашылық ерекшеліктері деген сөз. Бір жазушының екінші жазушыдан өзгешелігін, оның өзіне ғана хас тұрғысын түгел аңғартатын сипаттар жиынтығы...

Стиль жазушының барлық туындыларын түгел қамтиды. Жай қарағанда бір-біріне ұқсамайтын сықылды жазушының әр шығармаларын тереңірек зерттесек, өз ара жақындығын, бірліктерін көреміз. Олар бір жазушының қаламынан шыққан туындылар болғандықтан, әрқайсысы-ақ “мен пәленнің қаламынан тудым” деп сыбырлап тұрғандай. Өйткені стиль – жазушының өзі.

Стиль ұғымына жазушының тілі, сөйлем құрылысы, мәнері, шығармаларының композициясы, оқиға дамыту әдістері, тақырып таңдаулары, жанрлық ерекшеліктері, тағы басқа компоненттер кіреді. Ең орталық мәселе – идеялық мазмұн...

Бірақ белгілі идеяны оқырмандарына қай жазушы қалай айтып береді, олардың ой-сезімдеріне қалай әсер етіп, көздеген негізгі нысаналарына қандай шеберлік әдістерді пайдалану арқылы жетеді, міне, осы арадан келіп әр жазушының өзіне тән шығармашылық ерекшеліктері, өз қолтаңбасы анықталады. Әр стильдің тасасында оның өз иелері – жазушылар тұрады.

Өмірде бір адам екінші адамға абсолют түрде ұқсас болмайды дейтін қағиданы бағынады. Өмірдің өзінде жазушылар бір қалыпқа құйып шығарған адамдар емес. Әркімнің өзінше ойы, өмірге өзінше көзқарас, айналасындағы шындық болмысты өзінше сезініп, түюі бар. Әркімнің өзінше алған білімі, оқыған-тоқығаны, көрген-білгендері әр басқа. Сондықтан әркім өзінше ойланып, өзінше жазады. Сөйтіп, әдебиетке шығармашылық өз ерекшеліктерін енгізеді, өз бетін, өз стилін айқындайды.

Жазушының стилі бір күнде, не бір жылда ғана қалыптаса салмайды. Бірді-екілі шығарма жаза салып, “менің стилім, менің әдісім” деп төс қағушылық, жұқалап айтқанда, - әулікпелік.

Бірден әдебиетке өз стилін ала келушілік өте сирек кездесетін құбылыс...

Ақын-жазушылардың стилін сөз еткенде олардың барлық шығармалары бұлжымастан бір із, бір әдіспен шыға береді деуге болмайды. Олардың үйрену кезі, өсу жолдары бар. Бұл жолда олар әр соқпаққа кездесуі, өз стилі қалыптасқанға шейін кейде олай, кейде бұлай ауықтуы да мүмкін. Бірақ қадала қарап, мұқият зерттеген адамға бір жазушының көптеген шығармаларында қайталанып отыратын, басқаларда жоқ, тек сол ақын, жазушының шығармасына хас ерекшеліктердің элементі болады да, ол біртіндеп дамып, беки бастайды. Бұл жазушының стилін анықтауда шешуші жағдайдың бірінен саналуы керек ...

Зерттеушілердің әрдайым есінде болуға тиісті және бір күрделі мәселе – тіл мен стиль. Бұл екеуі бір-бірімен тығыз байланысты. Бірақ бір нәрсе деп қарауға тағы болмайды. Жазушының құралы – тіл. Әлемді таң қалдырған көркем туындылардың бәрі де тір арқылы оқиғаны қалай дамыту, адам характерін қалай жасау, психология, күйініш-сүйініштерді суреттегенде жан тебірентерлік дәрежеге жеткізу, қатысушылардың сөздерін өз ортасына, жастарына, ой-сана, қоғамдағы орны мен тіршіліктеріне сай, тән, шындыққа дәл етіп бере білушілік тіл, тілдің сиқырлы күші арқылы жасалынады. Әр жазушы өз өрісіне қарай ұлттық тіл қорынан қажетін алады да, оны өздерінше пайдаланады. Тіл – олардың материалы, құралы.

Сүтпен кіріп, сүйекке сіңген тілді әркім біліміне, өмір тәжірибесіне қарай әр алуан түрде ұштайды. Әркімнің өзінше сөз саптау, сөйлем құрастыру, сөзіне өзінше мән беру, ана тілі негізіне сүйене отырып жаңа бір тыныс жасау, сөйлемдегі сөз тіркестерінің дағдыдағы қалпын өзгерту, кейде архаизм, кейде неологизм, кейде шет сөз ауыстыру, кейде инверсия, эллипсистер арқылы мүлде күтпеген жерден әдебиетте бұрын кездеспейтін бір жаңалықтарға жазушылардың қолы жетеді. Осындай жайттардың негізінде әр жазушының өзіне тән ерекшелік стилі келіп туады.

В.В.Кожинов

Сөз бейненің формасы ретінде
Стилистика жазушының тілін /және әдебиетін біртұтас/ зерттеп, жалпыхалықтық тілге қатысып қарастырады. Әдебиет жайлы ғылым бұл істермен айналысуға тиіс емес /алайда көптеген әдебиеттанушылар осы жолға түскілері келеді/.

Әдебиет туралы ғылым көркемдік мәнін ашу мақсатында жазушының тілін /және әдебиетін біртұтас/ зерттейді. Сондықтан “стиль” термині /әдебиеттану мен стилистикада қолданылатын басқа да терминдер/ стилистикаға қарағанда әдебиеттануда басқа сапалы мағынада қолданылады. Егер де стилистикада “стиль” мағынасында тілдің жеке мәселесі – жазушы тілі жалпыхалықтың тіл тұрғысында түсіндірілсе, әдебиет туралы ғылым “стиль” терминін жазушының шығармасына қатысты қолданады. Сол себепті стилистика мен әдебиеттану бір бастаудан шығып, бір бағытта жүргенімен межеге әр түрлі мақсатта жетеді. Стилистика тілдің ішкі құрылысына еніп, одан әрі тілдің өзіне бет бұрса, әдебиет туралы ғылым, қарама-қарсы, шығарма мазмұнына қарай ыңғайланады.

Әдебиет туралы ғылымның негізгі бөліктері көркем әдебиет стилистикасы мен поэтика осылай ажыратылады.

Нақтылы түрде стилистика мен поэтиканы айқындасақ; стилистика көркем әдебиет тілін зерттесе, поэтика көркем тілді зерттейді.

Стилистика жазушы тілін жалпы тіл аясында қарастырып, оның тілдік стилін айқындаса, поэтика-жазушы тілінің көркемдік қуатын мазмұнымен байланысытыра қарастырады.

Көркем шығарма тілі оның көркем тілі оның көркемдік жүйесінің құрылымын, негізін белгілейді. Мысалы: көркем тілдің экспрессивті және даралық характері негізгі мақсат бола алмайды, себебі бұлар суреткердің идеясы үшін ғана қызмет етеді. Сондықтан көркем тілдің экспрессивті эмоционалды мәні, ауызекі сөйлеу тіліндегі мәннен өзгешелеу болады.

Қарапайым өмірдегі эмоционалды мәндегі өзге біреудің айтқаны шындық аясынан шықпайды. Біреудің қайғысын, қуанышын естігенде өзіміз де солармен бірге эмоциялық өзгеріске енетін себепті, оның “кем-кетік” жетпейтін жақтарын ескере бермейміз. Ал, көркем әдебиет тілінде мүлде басқаша; жоғарыда айтылған кем-кетіктер мен жетіспеушілігін көрсек, оған нанбаймыз. Міне, көркем тілді кез-келген ауызекі сөйлеу тілінен осы жағы бөліп тұрады.

Көркем әдебиет тілі - /поэзиялық, прозалық/ ауызекі сөйлеу тіліне қарағанда, күрделі құбылыс, қарапайым тілде жүйеленген, құрылым-құрылыс бола бермейді. Көркем тіл сөйлеу тілінен ойлылығы, айтылуы, өзгеруі тұрғысынан да айырмашылығы мол. Ал, поэзия тілінің ауызекі сөйлеу тілінен ерекшелігін қарапайым ғана; билет бишісі мен жай адам жүрісін салыстырған мысалмен түсіндіруге болады. Міне, осыдан келіп көркем әдеби тілдің өзіндік ерекшелігі қалыптасады.

Десекте, әдеби тіл жалпыхалықтық тілдің көркемделген, өңделіп, жүйеленген нұсқасы. Көргеніміздей ырғақтық және физикалық қасиеттер әдеби тілге қатысы жоқ, көркем тілдің негізгі белгісі – сөз ғана. Тіл деген сөзді бұл жерде лингвистикалық термин ретінде ұғынбауымыз керек. Ауқымды мағынада “музыка тілі”, “табиғат тілі” мағынасында, яғни көркемөнер формасы мәнінде қараған жөн.


Қ.Жұбанов

Шағатай тұтқынынан” – сөз патшасына


... Ең алдымен, қазақ әдеби тілінің даму барысы мен бағытындағы Абайдың орны өзінен бұрынғы да, өзімен тұтас та, өзінен кейінгі де, суреткерлерден айрықша бөлек. Ол бөлектік ақындығының шырқау биіктігінде ғана емес, әдеби тіліміздің сапалық жаңа сатысын-ұлттық жазба кезеңін бастауында, яғни бүгінде 12 миллион халық болып мемлекеттік мәртебеге көтеріп, кеңінен қолданып отырған тіліміздің іргетасын қалап, қабырғасын бекітуінде. Бұл жерде біз – “ұлттық” және “жазба” деген анықтауыш сөздерді қайталап баса айтуымыздың уәжі бар. Абай мен Ыбырайлар бағытын сілтеп, негізін салған тіліміз – қазақ халқының жай әдеби тілі болды. “Жаңа” дейтін себебіміз: “Абайларға дейін де қазақ жұртының әдеби тілі өмір сүрді, бірақ ол жазба тіл болмады. Орта ғасырлардан бері қазақ қаумының жазба тілі де болды. Бірақ ол ұлттық болмады. Әрқайсысында жоқ осы қасиеттерді бойына жинаған тілді Абай ұсынды.

Халқымыздың “қазақ хандығы” “қазақ жұрты” деген атпен тарих сахнасына шыққаннан бергі ғасырлар бойы үзілмей қызмет етіп келген әдеби тілі тіпті әріден, қазақ халқын құрған ру-тайпа одақтары заманынан келе жатқаны белгілі. Бұл – нағыз әдебиеттің (орысша “литература” деп жүргеніміздің) тілі, яғни профессионал ақын-жыраулар мен шешен билер қолданған тіл. Мұны біз ХҮ-ХҮІ ғасырлардан аты белгілі Асанқайғы, Шалкиіз, Қазтуған, Доспамбеттерден бастап ХҮІІІ-ХІХ ғасырларда Бұқар, Махамбет, Сүйінбай, Дулаттарға дейін ұласып, біздің заманымыздағы Жамбыл, Нұрпейіс, Кенендерге дейін жеткен мұралардың тілі деп айтамыз. Мұны біз, тіл тарихшылары, “қазақтың ауызша дамыған әдеби тілі” деп атап жүрміз. “Ауызша әдеби тіл” дегенді “ауыз әдебиеті (фольклор) тілі” дегенмен де, “ауызекі сөйлеу тілі” деген категориямен де шатастыруға болмайды. Әрине, қазақтың ауызша дамыған әдеби тілінің ауыз әдебиеті тілімен ұқсас, ұщтас тұстары баршылық. Мысалы екеуінің де ауызша таралып, ауызша сақталуы, тілдік-көріктеу элементтерінің ауыс-түйіс қолданылуы, жаугершілік, батырлық сияқты тақырыптардың ортақ болуы т.т. ұқсастық сипат береді. Бірақ батырлар жырымен Асанқайғы, Қазтуған толғаулары, Махамбет өлеңдері мен Дулат, Жамбыл поэмалары бір дүниеге емес екендігі айдан-анық көрінеді. Қазақтың ауызша әдеби тіліне жататын үлгілер авторлы дүниелер болуымен қатар, жанрлық, тілдік, поэтикалық тұрғыдан көптеген айырмашылықтарға ие. Бұл - өз алдына үлкен әңгіме.

Қысқасы, қазақтың ауызша әдеби тілі – көптеген халықтардың тарихында жоқ феномендік құбылыс деуге болады. Оның пайда болу себебін іздесек, халықтың негізінен көшпелі күй кешкен тұрмыс-салтына қарай жазба дүниеліктерді сақтау дәстүрінен (дәлірек айтсақ, мүмкіншілігінің болмағандығынан) табар ма едік. “Өнер алды – қызыл тіл” деп таныған халыққа сол өнерді сақтаудың, ұрпақтан ұрпаққа жеткізудің амалын іздеуге тура келген. Тапқан амалы - өлең-жырларды, шешендік үлгілерді жадында сақтау, сақтағанды ауызша айтып тарату, сол арқылы заманнан-заманға жеткізіп отыру болған. Біздің байқауымызша бұл тәсілдің белгілі мектебі, дәстүрі болған дейміз.

Сөйтіп, Абайға дейін де қазақтың өте күшті дамыған әдеби тілі болды. Ол тілді ақын-жыраулардың, атақты билердің өлең-толғаулары, шешендік сөздері танытады. Бұлардың тілі көптеген үлгілерге ортақ, белгілі бір нормалары қалыптасқан, көркемдік жағынан қырланған, ауыз-екі сөйлеу үрдісінен жоғары тұрған, қысқасы, халықтық әлеуметтік-рухани-эстетикалық сұранысын толығынан өтей алатын тіл болды. Ондай тілдің “әдеби” деген мәртебе алатындығы даусыз. Ал даулы тұсы – жазбаша емес, ауызша сақталып жеткендігі. Еуропа, орыс, тіпті кейбір туысқан түрік халықтарының тіл зерттеуші ғалымдары, оның ішінде біздің де қағаз бетіне түсіп жеткен дүниелердің тілі “әдеби” деп танылуға тиіс деген қағиданы ұсынады. Ал біздің ойымызша, жазу – тілдік мұраны сақтаудың техникалық бір жолы ғана еместігін тарих та көрсетеді (мысалы, тасқа қашап қалдырған көне түрік ескерткіштері).

Бара-бара әдеби мұралардың қағаздан гөрі таспалар (ленталар) арқылы таралып, сақталып бел алмасына кім кепіл! Сондықтан осындай тәсілдердің бірі – жадта сақтап, ауызша тарату екенін мойындауымыз керек. Әрине, жадта сақталып, ауызша таратылған дүниелер мен тасқа, теріге, қабыққа, қағазға, таспаға түсіріліп сақталған үлгілердің саны мен сапасы бірдей еместігін де білеміз. Дегенмен қазақта көшпелілер болмысының мәдени-рухани даралығын танытатын сөз өнері мен күй өнері жаусыз, нотасыз ғасырдан, ғасырға жеткені шындық.

Сонымен Абай заманына дейін де қазақ халқы бір емес, екі әдеби тілді пайдаланып келген. Олардың ауызша тараған түрі халықтың төл тіліне негізделген болса, жазба тілі ортағасырлық түркі жазба дәстүрлеріне негізделген болды. Бұл дәстүр жалғыз қазақ емес, көптеген түркі халықтарының тіл тәжірибесінде көп уақытқа дейін мықты орын теуіп келді.

Абайдың алдында “тіл таңдау” диледемасының тұрғанын көреміз. Таңдайтын дүниенің екеуі де мықты: қазақтың байырғы ауызша әдеби тіл болса, ол қалың көпшілікке әбден таныс, кеңінен қолданылатын, көркемдік сыны жоғары тіл болды. Ал ортаазиялық жазба дәстүр де осал дүние емес-ті: ол көптеген түркі халықтарының рухани-мәдени сұранысын сан ғасыр бойы өтеп келе жатқан ортақтық сипаты күшті, әбден қырланып, жетілген тіл болды, бірақ ол түркі халықтарының, оның ішінде қазақтың да қалың бұқарасының күнделікті сөйлеу тілінен алшақтаған, “қара халыққа” көп сәттерде түсініксіздеу келетін тіл болатын. Бұл дәстүрден өзбек, татар, түрікмен, түрік, әзірбайжан ақын-жазушылары “шырмалып шыға алмай жатқан кезде, Абай да (балаң шағында) екі-үш өлеңмен ақындық күшін сынап көрген еді. Құдайберген Жұбановтың сөзімен айтсақ, “Абайды кернеген ақындық қуаты алғаш тасып төгілгенде, осы қолда бар қалыпқа құйылғанмен”, есейе келе “шағатай тұтқынынан” бұлқынып шығып, қазақ жазба дүниесінің тіліне негіз етіп халықтың байырғы әдеби тілін, ауызша тараған көркем сөз машығын таңдады. Бұл дәстүрдің тар соқпағын кеңейтіп, “тозған сөз үлгісін қайталамай, соны үлгілер ұсынды. Міне, қазақтың әдеби тілінің даму барысында Абайдың орнын биіктетіп, қызметін жоғары бағалаттыратын сәті де, жөн сілтеуші рөлін көрсететін тұсы да осында.

Абай тілін сөз етудің екінші қырына – “тіл ұстартып, өнер шашқандығына” келсек, толғана талдар материал да, тиянақтап айтар тұжырымдар да баршылық.

Абай қазақтың поэтикалық тілінің бұрынғы дәстүр-нормаларын жетілдіру, кеңейту, жүйеге айналдыру сияқты суреткерлік міндеттерді атқарады. Сонымен қатар, поэтикалық көріктеудің жаңа амалдары мен соны құралдарын ұсынды. Өткен архитектоникасы (яғни құрылымы) мен фоникасына (яғни мақамына, үніне) қазақ құлағы естімеген, қазақ аузы айтпаған мүлде тың жаңалықтар әкелу сияқты ауыр жүкті көтерді.

Поэтикалық көп ойды, ал сөзбен берудің үлгісін салды, ол үшін бұрынғы ақын-жазушылар тіліндегі көп сөзді шаблондардан, қызыл сөзді риторикадан, дидактикалық параллельдерден бас тартты. Айтпақ, ойын дәл әрі жинақы етіп беру үшін әсерлі, тың сөз образдарға иек артты, мұндай жаңа образдарды молынан жасады.

Сөз - өлең тілінің арқауы. Поэтикалық өрнек сөзден өріледі. Абайдың алдындағы Шөже ақын “қызыл тілден өрдім өрім” деп әдемілеп айтқан-ды. Бұл өрнекті салатын өткірдің жүзіндей, кестенің бізіндей қызыл тіл болса, оның сол жүзі мен бізі – сөз, сөз тіркес, сөздердің бірін-бірі сүйеуі, бір-бірімен “ұжымдасуы”, бірін-бірі “игеруі” түрінде көрінеді. Міне, осы қасиеттерді Абай нағыз зергер ретінде керемет таныды, таныған соң орын-орнына жұмсай білді. Бұл тұжырымды ғылым тілімен айтсақ, Абай поэтикалық образ жасауда сөз мағынасының сәтті үлгілерін ұсынды, яғни сөздің қосымша мағыналық реңктерін өзі беріп, айтпақ ойының әсерін күшейтті, қарапайым сөздердің мағынасын ауыстырып, оларды образға айналдырды, синонимдік қатарларды қолданудың жаңа жолдарын көрсетті.

Абайдың поэтикалық тілінде көзге түсетін ең үлкен құбылыстың бірі фразеология саласында болды. Мұнда да Абай қазақтың көркем тіліне жаңа үлгілер ұсынды. Фразеологизмдер дегеніміз – тұнып тұрған образ, ал өлең сөз – поэтикалық образдар әлемі ғой! Сондықтан бұл қазына қазақтың Абайға дейінгі көркем сөзінде мол болатын. Осы мол дүниені Абай жатсынған жоқ, бірақ оны түгелімен сол қалпында пайдалана салмады. Әрине, бұл әрекет әйтеуір байырғы дүниенің барлығынан қашу керек деген пейілден тумағаны белгілі: ақын шығармаларының мазмұнынан, сөз өнерін жаңаша ұсыну принциптерінен (“сөз түзелгендігінен”), “түзелген сөзді” жаңаша көріктеуді көздеу мақсатынан туды. Ол үшін Абай қазақ поэтикасында бұрын жалпы нышаны болған амалдарды жандандырады. Мысалы, ұғымды бейнелеп, астарлап атаудың “перифраз” деген тәсілін молынан қолданып, оны жүйеге айналдырды, мағыналық өрістері алшақ сөздерді тіркестіріп, образ жасаудың небір әсерлі, әдемі түрлерін ұсынды, сөздердің эстетикалық өрісін кеңейтті, яғни бір ұғымды әр қырынан суреттеу үшін түрлі, кейде тосын эпитеттерді қолдану үлгісін көрсетті. Тұрақты сөз тіркестерінің құрылымын өзгертіп, жаңаша беру арқылы образдың экспрессиясын күшейтіп, әсерлі етіп шығарды...



Ә.Қоңыратбаев



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   23




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет