Әдебиет теориясы. Нұсқалық. «Фолиант» баспасы, 2003. 344 бет. «Әдебиет теориясы»



бет15/23
Дата04.11.2016
өлшемі6,01 Mb.
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   23

Комедияның жанрлық ерекшеліктері
Сөз жоқ, қазақ драматургиясының барлық жанрларының негізгі қайнар көзі, алтын арқауы, күре тамыры – ауыз әдебиеті үлгілері, фольклордың сан алуан нұсқалары. Әлем драматургиясы мектебінен тиянақты сабақ алған қазақ қаламгерлері ұлттық топырақтағы берекелі дәстүрлерді жаңашылдықпен дамыта білді.

Комедия жанрының жалпы табиғатына қатысты В.Фролов, В.Волькенштейн, Н.Федь, Ю.Борев, В.Сахновский-Панкеев1 еңбектерінде көптеген маңызды тұжырымдар жасалған. Соған қарамастан, комедияның барлық сипаттарын ашып, бұл жанрға түбегейлі анықтама берген зерттеу жоқ. Олай болу мүмкін де емес. Өйткені қашанда сан қырлы, сан әуезді, сан бояулы өмір құбылыстары өнерге ықпалды әсер етіп, жанр кескініне өзгерістер енгізіп, жаңа биіктер, жаңа шекаралар белгілеп отырмақ. Сондықтан біз де комедияның негізгі белгілерін, басты ерекшеліктерін қазақ әдебиетінің тәжірибесіне сүйене отырып анықтаймыз.

Тегінде, комедия кейіпкерлері қатты қиналысқа түсіп, азап-қайғы шекпейді. Бұл ерекшелікті кезінде Аристотель көрсетіп: “Күлкілі жайт – ешкімге қайғы әкелмейтін, жанды қинамайтын қайсыбір қателік, қисынсыздық”, - деп жазды (“Об искусстве поэзии”, М., 1957, с. 11).

Өмір құбылыстарын бейнелегенде комедиографтың кейіпкерлерді, жағдайларды дәл қалыпта, өзгеріссіз сәйкестікте алуы шарт емес, ұлғайтып, өсіріп суреттеу арқылы, күлкінің күшімен олқылықтар, кемшіліктер, қателіктер сыналып, озық идеялар, биік мұраттар мадақталады.

Шығармада комедиялық мазмұн, комедиялық характерлер, типтер, персонаждар, комедиялық тартыстар, комедиялық жағдайлар, комедиялық көркемдік құралдар түгел сай келгенде, туынды нағыз комедия болмақ. Көп жағдайда комедиялық сюжет шындық пен қиял, мақсат пен іс, сөз бен әрекет арасындағы алшақтықтан туатын неше түрлі ситуациялардан жасалады. Ал бүкіл оқиғаның қозғаушы күші – комедиялық мінез иесінің іс-әрекеті, оның қолдан келмес шаруаға ұмтылуы, яки күні өткен, енді қажетсіз, құнсыз мақсатты қууы, болмаса өз бойында жоқ, табиғатына жараспас қылықтармен көрінуі.

Тартысты жанр – комедияда характерлер қақтығысы, мінездер шайқасы бірінші қатарға шығады. Трагедия, драмаға қарағанда соны ерекшелік – комедияда да тартыс бір сенім, бір дүниетанымдағы, бір топ, бір ортадағы адамдар арасында өте береді. Әрине, әр түрлі әлеуметтік топтар өкілдері шайқасынан туатын комедиялардың болатындығын да ұмытпаған дұрыс.

Комедияда жағымды және жағымсыз кейіпкерлер тартысының үстіне, жағымсыз кейіпкерлер өзара кикіл-жіңге батады. Бір сенімдегі, дүниеге бір көзқарастағы әлеуметтік-моральдық кейіптері ұқсас жандардың қақтығысы – жеке бастың мақсаты, құлқын қамы үшін.

Жағымдылар мен жағымсыздар арасындағы, кілең жағымпаздардың өз ортасындағы жұлқыс негізінде комедия сюжеті құралса, құбылыстар қайшылығы ішкі тартысты тудырады.

Ылғи жағымсыз жандар арасындағы тартысты бейнелеген кейбір комедияларда жағымды кейіпкер болмайды.

Кейіпкерлер мен қоғам, мұрат пен шындық алшақтығынан туған тартыс кернеуі комедияның идеялық-көркемдік сапасын анықтайды; ал комедиядағы әрекет қашанда қайшылықтардан тұтанған күлкіге апарады.

Езу тартқызардың бәрі күлкі емес, әрине. Күлкі әр түрлі әлеуметтік, ұлттық, қоғамдық ортада әр түрлі әсер етпек. Комедиялық негіз өнер атаулының алтын арқауында бар нәрсе. Езу тартқызар мен күлкі табиғатының арасында айырма жоқ. Комедиялық категория этикалық идеалмен, әлеуметтік тілекпен тығыз сабақтас.

Әдебиеттің басқа жанрлары секілді комедия да өмір құбылыстарын көшіре салмайды, іріктеу, топтау арқылы жинақтап барып, нақты әрі жалпылық сипаты бар көркем образ жасайды. Шынында, өмірдегі күлкілі жайт шығарма өзегіне айналғанша сан алуан эстетикалық шыңдаудан өтіп, қайта қорытылып, балқып шығады.

Комедияның жанрлық ерекшелігі тартыста, сюжетте, қызықты ситуацияда ғана емес, тіл өрнегінде де жатыр. Дараланған, өзгелерге ұқсамайтын әрбір кейіпкердің тілі күлкі шақырса, сахналық туындының жаны кіре бастайды. Әсірелеу – комедияның басты көркемдік құралдарының бірі. Гипербола мен гротеск яки ұлғайту мен өсіру әрқашан егіз, ұялас. Мұның алғашқысы шеңбер, мөлшерді сақтаса, екіншісі шамадан тыс өсіріп, өрбітіп, аспандатып жібермек. Кей тұстарда гротекс шаржға, карикатураға жақындап кетеді.

Драматургияның басқа жанрларына қарағанда, комедия финалы көбіне тартыстың жағымды шешімімен, жамандық жеңіліп, жақсылық үстем болған баянды күймен аяқталады. Бұл тартыс әрекет бірлігінің логикасынан, характерлер қақтығысының табиғатынан шығып жатады. Комедия жанры поэтикасының шарттылығы бойынша жағымсыз кейіпкерлер түптің түбінде бармақ шайнап, қателігін мойындайды, жеңіліп тізе бүгеді, сөйтіп адал ниет, ақ тілек, әдіс іс салтанат құрады.

Өмір құбылыстарын, адам мінездерін ашу үшін комедиограф оқыс оқиғалар, күлкілі жайттарды шығармада шебер пайдаланады.

Бұл орайда, Н.В.Гогольдің бір кезде А.С.Пушкинге жазған: “Рақым етіңізші, бір сюжет беріңізші маған, күлкілі ме, күлкісіз бе, әйтеуір бір таза орыс анекдотын айтып беріңізші. Комедия жазғым келіп қолым қышып жүр”, (Н.В.Гоголь. Полн. Собр. Соч., т. 10, М., 1940, с. 357) – деген сөздері еске түседі...

... Ұлттық әдебиетіміздің материалдарына, тарихына, қазіргі әдеби процеске сүйене отырып, қазақ комедиясын екі үлкен топқа бөліп қарауды дұрыс санаймыз, олар: а) сатиралық комедия; б) лирикалық комедия...
Драмадағы жағдай және қаһарман
Қазақ драматургиясы жүйесінде драма жанр ретінде трагедия, комедиямен бір мезгілде дүниеге келді. Жалпы, ерекшеліктері жөнінде қазақ драмасы жанрдың дүние жүзі әдебиетіндегі сипаттарының қалыбынан көп ауытқымайды.

Күнделікті тұрмыстың әр түрлі құбылыстары драмада жан-жақты бейнеленеді. Сан алуан тартыстар драма қаһарманын ауыр шайқастарға салып, оның рухани-адамгершілік қуатын сынап көреді; алға қойған мақсат, белгілі нысана үшін күресу үстінде адамдар мінезінің неше түрлі қырлары ашылады. Уақыт, заман талаптары, әлеуметтік шарттар қалыптастырған нормаларды бұзу, шеңберден шығып, шекарадан өту секілді қаһармандар әрекеті тартысты психологиялық ситуациялар, драмалық жағдайлар тудырады.

Тұрмыстың, семьяның, жеке бастың сан қилы қақтығыстарын сюжет арқауы ететін драма гипербола, гротеск секілді көркемдік құралдарды сараң қолданады, оның есесіне дәуір, нақты детальдар, табиғи бояулар бұл жанрдың өмірді реалистікпен бейнелеуіне көбірек мүмкіндік береді.

Драма кейіпкері – көптеген көген көздің бірі, ол ауыр күйзеліс, үлкен сынға түсіп, тіршіліктің қиын бір кезеңін басынан өткереді; сол тар жол, тайғақ кешуде не күйреп, рухани жүдеп, тозып, тоналып шығады; не жалаң аяқ жар кешіп, маңдайына тас тиіп, сонда да мойымай, басқа түскен таудай ауыртпалықты қайыспай көтеріп, арып-ашып жүріп белге көтеріледі, салқын сабыр иесі болып марқаяды. Ерекше ескеретін бір жайт – драмалық әрекеттің ширақтық сипаты.

Қатардағы жұмыр басты пенденің, көпшіліктің өзіне ұқсас қоңыр төбел жанның басынан өтетін драма ерекше оқиғалардың түйісуінен, ерекше характердің қақтығысынан туады. Кейіпкерлер басына бұлт үйіріліп, шешім қабылдайтын, күреске түсетін шақ туады; дос кім, дұшпан кім – осылар анықталады; сөйтіп кеше оң мен солын, ақ пен қараны дәл ажыратпай жүрген адам енді аяғын байқап-байқап басатын болады, өзгені де өзін де тартыс үстінде танып шығады, басынан белгілі драма өткізеді. Мұның бәрі сахналық шығармада әрекет, қимыл, күрес арқылы ашылмақ. Драма кейіпкері, негізінен, көп қоңырқай өкілі, ол басын қанша тауға, тасқа соққанмен, аспандағы айды алатын трагедиялық қаһарман деңгейіне шыға алмайды; күтпеген күйге түсіп, керемет күлкі болатын, ішек-сілеңді қатыратын комедия кейіпкері де емес; ұмтылып құлап; қайта тұрып, тағы ентелеп жүріп, мақсатына жеткенмен, бәрібір қалыбынан аспайды, көктемде бұлқан-талқан бұзылып, бір тасып басылған шолақ өзен іспетті арнасына түсіп, қайтадан жылып аға бастайды, бұрынғы мимырт тірлігіне қайта көшеді. Сондықтан да мінезі, іс-қылығы, дүниетанымы, сөзі, жүріс-тұрысы – күллі сипаты жөнінен бұл театрға ең жиі келетін қатардағы көрерменнің өзіне ұқсас, өзіне етене, өзімен туыстас кейіпкер.

Әдебиетіміздің көп жылдар бойы жиналған фактілеріне, көркемдік процеске сүйене отырып, қазақ драмасын мынадай салаларға жіктеуге болады: а) қаһармандық драма; ә) саяси-әлеуметтік драма; б) тарихи-ғұмырнамалық драма. Бұған қазіргі әдебиетімізде көріне бастаған психологиялық, лирикалық, дискуссиялық драмаларды, түрлі инсценировка-пьесаларды қосу керек...



С.Қасқабасов

Фольклордың жанрлық табиғаты
Жанр – тек типологиялық қана ұғым емес, ол - әрі тарихи ұғым, құбылыс, категория. Сондықтан жанрды зерттеу үшін оның қашан, қай дәуірде пайда болғанын анықтау аса маңызды. Өйтпеген жағдайда зерттеп отырған жанрдың басқа жанрлар арасындағы ролі мен орнын, маңызын ашу, сондай-ақ оның өзіндік қасиеттерін анықтау оңай емес.

Соңғы кездері ғылымда “жүйелі зерттеу” (“системное изучение”) әдісі кең жайылуына байланысты жанрларды зерттеу ісінде жанр туғызатын факторларды анықтауға, жанрдың құрылысын, ондағы тұрақты белгілерді айқындауға бет бұрыс байқалады. Осыған байланысты жанрлар теориясына жалпы философиялық қағидалар да әсер ете бастады. Соның нәтижесі ретінде жанрда тұрақты және өзгермелі құбылыстар бар деп танитын еңбектер жарық көрді1. Тұрақты құбылыстарға құрылымдағы элементтердің өрілу тәсілдері, олардың ұйымдасуы жатады, ал өзгермелі құбылыстар болып шығарманың бейнелеу предметі, мазмұндық негізі саналады2. Негізінен алғанда, бұл пікір жаңсақ емес, тек біраз анықтай түсуді қажет етеді. Сөз жоқ, әр жанрдың қалыптасқан, тұрақталған белгілері болады. Ол көп жағдайда шығарманың композициясында, сюжеттік құрылымында, баяндау формасы мен көркемдеу құралдарында сақталады. Егер жанрдың тұрақты белгілері болмаса, оны жеке жанр етіп бөліп алу мүмкін болмас еді және шығарманы белгілі бір жанрға жатқызуға да болмас еді. “Жанр” деген ұғым бір топ шығармаға тән, ортақ белгілерді қамтиды. Әрбір нақты шығармада жалқы (единичное) қашан болса да жалпымен (общее) белгіленіп, айқындалып отырады. Бұл тұрғыдан келгенде, әрбір шығарманың өз қыры мен сыры болады. Шығарманың қыры мен сыры оны бір топ шығармаға ортақ қасиеттерге не жақындатады, не олардан алшақтатады. Яғни белгілі бір жанрдың құрамына кіргізеді. Мысалы, бір шығарманы ертек деп атағанда, біз ең алдымен оны ертегі жанрының табиғатымен, ерекшелігімен салыстырамыз. Басқаша айтқанда, ертегі жанрына тән композициялық, сюжеттік, көркемдік-бейнелеу тәсілдерді іздейміз. Себебі бұлар – жанрдың тұрақты белгілері.

Сонда кейбір ертегі айтылған қағидаға сай келсе, қайсы біреулері жартылай, үшіншісі бірнеше жанрдың белгісін бойына сіңіруі ғажап емес. Егер оның үшеуінде де ертегі жанрына тән белгілері басым болса, бұл үшеуі де ертек деп саналып, ертегі жанрына жатады.

Жанр – тарихи категория. Ол әр дәуірде, әр кезеңде әр түрлі өзгерістерге ұшырап отырады. Бұл туралы болгар ғалымы Ц.Тодоров былай деп жазады: “Жанрдың тұрақты белгілері әр дәуірге сәйкес өзгеріп, көптеген қосымша сипат қабылдайды. Бірақ, ол сипат аса маңызды деп танылмайды, сондықтан шығарманы белгілі бір жанрға саралауда оның айтарлықтай әсері болмайды. Сол себепті тарихтың әр тұсында бір шығарманың өзі әр қилы жанр болып есептелуі мүмкін. Мұндай жағдайда басты роль атқаратын нәрсе – шығарма құрылымының (табиғатының) қай белгілері мәндірек деп саналуында. Мысалы, антика заманында “Одиссеяны” “эпопея” жанрына жатқызған болса, біздің уақытымзда оны “жыр” жанрына, яки “мифологиялық жыр” жанрына жатқызып жүр”3.

Шынында да, осы күні фольклорлық деп саналып жүрген көптеген шығарма көне заманда, әйтпесе орта ғасырда тарих немесе жылнама ретінде танылып жүрген. Мысалы, көне түркілердің Орхон-Енисей бойынан табылған жазу шығармалары әр түрлі жанрға жатады. Олар өз дәуірінде, мүмкін, салтанатты мақтау мен арнау үлгісіндегі шығармалар болған болар. Сол сияқты орта ғасырда шын болған тарих деп деп есептелінген пайғамбарлар мен әулиелер туралы әңгімелер біздің кезде фольклорлық хикаят жанрына жатқызылып жүр.

Фольклордың кейбір ескі жанрлары өзінің айтарлықтай біркелкілігі мен тұрақтылығына қарамастан өмірге, дәуірге сәйкес түр-сипатын өзгертеді. Өзгеру барысында олар мазмұнын ғана жаңартпайды, сондай-ақ келбетін де өзгеріске ұшыратады. Мысалға, қазақ тойында айтылатын “жар-жар” өлеңін алсақ та болады. Бұл өлең осы күнгі тойларда шырқалады. Бірақ ол бұрынғы мазмұнынан айрылған. Егер бұрын “жар-жардың” мазмұны қайғылы, өкінішке толы болса, қазіргі “жар-жардың” мазмұны керісінше. Онда той қуанышы мен салтанаты, жастар бақыты жырланады. Сонымен бірге “жар-жар” өлеңінің айтылу формасы да (яғни мәнері) өзгерді. Бұрын “жар-жарды” қыз ұзатылатын ауылда екі хор диалог түрінде айтатын-ды. Біздің заманымызда “жар-жарды” жігіт жағы жасайтын той үстінде жиналған топ бір хор болып айтады.

Сонымен жанр дегеніміз не? Жанр дегеніміз – оқиғаны, сюжеттік материалды белгілі бір мақсатпен тұтас мазмұнды, айқын идеялы шығармаға айналдырудың әдісі, жолы. Құралы. Ойымызға дәлел ретінде ай тарымыз – бір сюжет негізінде әр түрлі жанрға жататын бірнеше шығарманың жасалуы. Мысалға Жүсіп пен Зылиханың хикаятын келтіруге болады. Бұл хикаяттың сюжеті ертегіде де, дастанда да, кейінгі замандағы драмада да баяндалған. Сюжет – біреу, ал жанр – бірнеше. Әр жанр - өзінің композициялық және көркемдік әдісімен бұл сюжетті өзінше жырлаған. Айталық, көне заманда інжілге (библияға) енген сюжет жай ғана хикаят, мысал болатын. Кейін ол хикаялық (новеллалық) ертегіге айналды. Орта ғасырда бұл сюжет үлкен дастан болып жырланды. Осының бәрінде түпкі сюжет сақталған, бірақ бірде ол қарапайым ғана баяндалса, екінші жанрда сюжет көптеген қосымшалар, детальдар, эпизодтармен толығып, көлемді шығарма ретінде көрінеді. Ал, енді бір жанрда (мәселен, драмада) сюжет басқа элементтер мен компоненттер арқылы баяндалған. Демек, әр жанр өзіне тиісті әдіспен белгілі сюжетті басқа шығармаға айналдырады...

...Әр жанрдың ерекшелігі неден көрінеді? Ол үшін бірнеше факторды анықтап алу шарт: біріншіден, жанр қай заманды, дәуір мен қоғамды көрсетеді, екіншіден, қандай әдіспен, тәсілмен, құралдармен бейнелейді; үшіншіден, бейнелеп отырған нәрсесіне қалай қарайды, оны қалай бағалайды: төртіншіден, осы өзінің бағасын, қатысын қалай, қандай түрде шығарады, көрсетеді; бесіншіден, ол жанр қандай мақсатта қызмет етеді, яғни жанрдың функциясы қандай?

Шығарманың белгілі бір жанр аясында болуы – жай ғана нәрсе емес. Жанрдың ерекшелігі шығарманың бүкіл көркемдік болмысын айқындайды. Бір сюжет бірнеше жанрда әр түрлі шығарма береді. Ол шығармалардың көркемдік сипаты, эмоционалдық күш-қуаты жанрдың қасиеттеріне байланысты. Көркем творчестводағы бұл құбылысты кезінде академик В.В.Виноградов дәлелді түрде ашып берген болатын4. Жалпы, әдебиетте де, фольклорда да, өнерде де бір сюжет бірнеше жанрда шығарма болып жазылатыны – заңдылық. Осыған орай ойға оралатын тағы бір нәрсе – сюжет бұрын пайда бола ма, жоқ, әлде жанр бұрын туа ма? – деген мәселе.

Біздіңше, ең алдымен сюжет деген не, соны анықтап алу керек. Сюжет жайында әдебиеттану мен фольклор туралы ғылымда айтылған пікір әр түрлі. Біз соның бәрін тәптіштей айтып жатпай, осы күнгі анықтаманы және соған негіз болған ойды айтып өтсек те жетерлік.

Әдебиеттану ғылымында сюжет бірде кең мағынада, бірде нақты мәнде түсіндіріледі5. Кейбір еңбектерде сюжет шығармадағы характерді ашудың әдісі, тәсілі деп қаралса, ендігі бір зерттеулерде сюжет шығармадағы тіл, характер, қимыл қосындысы ретінде пайымдалады. Ал үшінші бір топ еңбектерде сюжет – баяндаудың бір түрі деп түсіндіріледі...

... Көркем шығарманың жалпы желісі фабула болмақ. Негізгі сюжет көптеген қосымша сюжеттермен, эпизодтармен, детальдармен өріледі. Осы өрімнің схемасы, яғни баяндалуы – фабула. Қай шығарманың болса да мазмұнын кең түрде, қосымшаларымен бірге, толық айтып берсе, ол фабула болады. Ал, сюжет шығарма мазмұнын толық қамтымайды, ол түп оқиғаны ғага баяндайды. Олай болса, фабула – сюжеттің дамыған, тарамданған, көлемді түрі. Осы ойды академик В.Виноградов та айтады. Ол “фабульное развитие сюжета” деген тіркесті қолданады6. Ендеше, сюжет – шығарманың оқиғалық қаңқасы, фабула – оның ұзын ырғасы.

Жанр мен сюжеттің арақатынасына байланысты шығатын сауал – жанр болу үшін сюжет міндетті ме? Әдебиетті былай қойып, фольклорға келетін болсақ, жұмбақ, мақал-мәтел, нақыл сөз, қайым айтыс, қара өлең жанрларында сюжет оқиға ретінде ылғи да көрінеді деп айта алмаймыз. Олай болса, фольклорлық жанрлардың тағы бір ерекшелігі – шығарманың тұрақты түрдегі бір ситуацияда айтылуын қажет етуі.

Д.Ысқақұлы

Сын жанрлары
Сөз өнері ғылымындағы жанр мәселесі – аса күрделі проблемалардың бірі. Сондықтан да сын жанрларын әңгіме етпестен бұрын жалпы жанр мәселесінің жай-күйіне тоқтала кеткен жөн. Әлемдік әдебиеттану ғылымының тарихында жанр туралы түрлі кездерде айтылған пікірлерді Аристотельден бастап кездестіреміз. Бұларда жанр сипатын әр түрлі қырынан әңгімелеп, табиғатын аша түсушілік бар. Солай бола тұрса да “жанр дегеніміз не?”, “оны жіктеудің шарттары” деген сияқты негізгі сауалдарға жауап іздегенде басы ашылмаған қиындықтар туындайды; оларды шешудің түрлі жолдары ұсынылып отырған...

...Жанр туралы пікірлерді келтіріңкіреп отырғандағы мақсатымыз – бұл мәселенің күрмеуінің күрделілігіне, шешілуі оңай бола қоймайтындығына назар аудару. Оның бір ұшығы жалпы әдебиеттану ғылымындағы “тек” (род), “түр” (вид), “жанр” категорияларының ұғымдық жағынан бір-бірінен ажыратылмай келе жатқандығына да байланысты болса керек. Жанр сөзі “тектің”, “түрдің” синонимі ретінде қолданылып, “поэзия жанры”, “проза жанры”, “лирика жанры”, “сын жанры” деген тіркестер жиі кездесіп жүр. Осы сияқты түрлі шатасулар болмау үшін алдымен, тек, түр, жанр ұғымдарын жеке категория ретінде мағынасын ажыратып нақтылау керек. Біздіңше, “текті” (род) эпос, лирика, драма; “түрді” (вид) поэзия, проза, драма; “жанрды” әңгіме, повесть, роман, дастан, комедия, трагедия, драма, т.б. атауларында ара жігін айырған жөн. Жанр дегеніміз – “тек” пен “түрдің”, тағы басқа түрлі көркемдік компоненттердің бір-біріне кірігіп, түрліше құрамда қолданылуы барысында пайда болған әдеби шығарманың тарихи қалыптасқан түрі.

Жанрдың әдебиеттегі жағдайы осылай болғанда, оның сынындағы күйі бұдан да күрделілеу. Ол күрделілік әдеби сынның көркемдік, ғылыми, публицистикалық сипаттарынан, қоғамдық-рухани өмірде атқаратын қызметтерінен тікелей туындайды. Әдеби сын жанрларын анықтау оның осындай сан сипатты табиғатына тікелей байланысты...

...Әдеби сын көркемдік процестің алдында тұрған көп мәселелердің ішінен біреуіне, не бірнешеуіне назар аударып, шешімін табуға ұмтылады. Алдына қандай міндет қойғандығы сын мақаланың көлеміне, тіліне, композициялық құрылымына, т.б. тікелей әсер етіп, оның тұрақты жанрлық белгілерінің қалыптасуына жеткізеді. Сыншы бір ғана әдеби жаңалықты хабарлауды, немесе бір кітап, жазушы жайлы пікір білдіруді, не әдеби процестің маңызды бір-екі мәселесін көтеруді алдына мақсат етіп қойып, айтпақ ойларын ұтымды жеткізу үшін түрлі көркемдік құралдарды, әдеби әдістерді қажетінше пайдалануы мүмкін. Міне, осындай жағдайларда туындаған сын материалдарының өзара ұқсас бір тобында ұдайы қайталанып, оның басты, сипатты қасиетін айқындайтын белгілер оның жанрлық айқындауышына айналады.

Әдеби сынның жанрлық жүйесін айқындау оның сан сипатты табиғатынан туындайды. Сол себепті де оған бір ғана әдеби, не публицистикалық принциппен, өлшеммен келуге болмайды. Сынның жанрларын анықтағанда, оның көркемдік сипаты әдеби принципті қажет етсе, публицистикалық табиғаты публицистикалық, ғылымилығы ғылыми өлшемдерді қолдануды міндеттейді. Осы тұрғыдан сын жанрларын алдымен әдеби, публицистикалық, философиялық деп жіктеуге болады.1 Сынның көркем жанрлары әдебиеттің тегі (род), түрі (вид) жағынан эссе, пародия, эпиграмма, памфлет, т.б. болып бөлінеді. Сын жанрларын іштей шартты түрде қарасөзбен (рецензия, шолу, эссе, шығармашылық портрет, т.б.) және өлең сөзбен (эпиграмма, пародия) жазылған деп бөлуге келеді. Публицистикалық жанрларға әдеби хабар, аннотация, рецензия, мақала, шолу, творчестволық портрет, әдеби фельетон, әдеби очерк, әдеби есеп, т.б. жатады. Бұларды тағы да хабар (әдеби хабар, аннотация), талдау (рецензия, мақала, шолу, шығармашылық портрет), әдеби-публицистикалық (әдеби фельетон, әдеби памфлет, әдеби очерк, т.б.) жанрлары деп жіктеуге болады. Бүгінгі әдебиет жайлы жазылған көлемді ғылыми еңбекті “монография” деп атайды.

Сондай-ақ, әдеби сынның жанрларын ажыратуға оның қандай стильмен жазылғандығы, қандай көркемдік құралдарды, әдістерді пайдаланғандығы көмектеседі. Сынның көркем жанрлары әдеби, публицистикалық жанрлары газет, ғылыми жанрлары ғылыми стильдермен жазылады. Әр түрлі жанрлар өзіне ғана тән сөз саптауды, бейнелеу тәсілдерін, өзіндік құрылымды қажет етеді. Тәжірибеде сынның таза әдеби, публицистикалық, ғылыми түрлері кездеспейді десе де болғандай. Әдетте, бұлардың барлығы бір-бірімен араласып, кірігіп қолданылады да, қайсысының әдеби, қайсысының публицистикалық жанр екендігін айыру қиындыққа соғады. Сол себепті де сынды әдеби тегіне, түріне, стиліне қарай бөлу әмбебап өлшем бола бермейді, дегенмен де оның жанрлық сипатын ашып көрсететін басы қасиеттердің бірінен саналады.

Сын жанрларын айқындаудың басты белгілерінің бірі – оның зерттеу объектісі. Әдеби сын қарастыратын негізгі объектілер – шығарма, жазушы, әдеби процесс. Осы үш түрлі объектіге орай, соларға сәйкес келетін рецензия, шығармашылық портрет, мақала жанрлары қалыптасқан. Сынның басқа жанрлары негізінен осы үшеуінің төңірегінде топталғандай, осылардың түрліше жағдайдағы көріністері іспеттес. Зерттеу объектісі аннотацияда, рецензияда, пародияда – біреу. Ол – жекелеген шығарма, кітап. Творчестволық портрет, эпиграмма, әдеби фельетон, эссе сияқты сын жанрларының негізгі объектісі – жекелеген қаламгер. Ал, мақала, шолу, әдеби памфлет, әдеби есеп, т.б. негізінен әдеби өмірдің өзекті мәселелеріне арналады. Демек, сын мақалаларының қамту аумағы да олардың жанрлық ерекшеліктерін анықтай түсуге көмектесетін өлшемдердің бірі екен.

Сынның жанрлық тізіміне әдеби объектінің көлемі ғана емес, оның сипаты да тікелей әсер етеді. Әдеби фактінің жағымды, жағымсыз болуы сыншы алдына да белгілі бір мақсаттар қояды; соған жету үшін ыңғайлы, қолайлы, объектінің табиғатына сай келетін формада өз пікірін толық жеткізуге ұмтылады. Мысалы, әдеби портрет, эссе, әдеби очерк көбіне әдебиеттің жетістіктеріне арналса, әдеби фельетон, әдеби памфлет, пародия, эпиграмма сияқты сатиралық жанрлар әдебиеттің кемшіліктеріне, жағымсыз құбылыстарына бағышталып жазылады. Жай ғана сыпайы түрде сынау (эпиграмма), қаттырақ (пародия), тым қатты, өлтіре әшкерелеу (әдеби фельетон, әдеби памфлет) қажеттіліктері сынның сатиралық түрлі жанрларын өмірге әкелді. Сонымен, әдеби сынның жанрлық түзілісі әдеби фактінің сипатына, соған байланысты сын міндеттеріне де тікелей байланысты екендігі көрінеді...

...Сын жанрларын жіктеуге септігін тигізетін осы сияқты факторлар көп (Олардың кейбіреулеріне алдағы тарауларда тоқталатын боламыз). Осындай түрлі әсерлердің нәтижесінде қалыптасқан сын жанрларының әдеби бекіген “қалыптары” (стандарттары) жоқтың қасы. Жалпылама белгілері көрініс табатын ортақ нобайы ғана бар. Зерттеу объектісінің сипатына, көлеміне, сыншылық мақсатына, шеберлігіне орай, жанр мүмкіндіктерінің кейде “азайып”, кейде “ұлғайып” отыратындығы байқалады. Әдетте, жанрлар “таза” күйінде кездеспейді. Өмір құбылыстары қаншалықты күрделі болса, оны суреткерлік тұрғыдан бейнелеу де соншалықты шексіз болатындықтан, “өмір шындығы көркем шындыққа қалай айналды?” деген басты сауалға жауап беретін әдеби сынның мүмкіндіктері де соншалықты мол. Қарастырылып отырған әдеби объектінің табиғатына жеткізу мақсатымен сыншы бірде суреткерше сөйлесе, енді бірде публицистикалық мол мүмкіндіктерді пайдаланады, тағы бірде ғылыми тілмен жазып, пікір дәлелдігін нығарлай түседі. Бір сөзбен айтқанда, жанрдың жетіліп шығуы сыншы шеберлігіне тікелей байланысты. Майталман сыншы алдына қойған мақсатына жету үшін қажетті жанрды дұрыс таңдап, қолдана біледі; жанрлық жағынан жетпей жатқан жерлері болса, жеткізіп алады. Нәтижесінде әрбір сыншының белгілі бір жанрларға бейімділігі қалыптасады. Сөйтіп, сыншы өз жанрын, жанр өз сыншысын іздеп тапқанда ғана жалпы әдеби сынның бағы жанады. Әдетте, жиі айтылатын “жанрын тапқан” деген сияқты тіркестердің ар жағында шеберлікке қатысты көптеген мәселелер жатыр...


С.Мақпырұлы



Көркем шығарманы аналитикалық
Суреткер табиғаты
Мағжанның ақындығы туралы
Ақан серінің сөздері
Көркем мәтін құрылымы
Поэзияны тегі мен түріне қарап бөлу
Көркем аударма мәселелері
Лирикалық жанрлар
Халық әдебиетінің мазмұны
Көркем реализм туралы
Стилистика және өлең құрылысы
Хіх ғасырдың аяғындағы әдеби тіл
Идея және стиль



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   23


©engime.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

енгізу | тіркеу
    Басты бет


материалдарды жүктеу