Әдебиет теориясы. Нұсқалық. «Фолиант» баспасы, 2003. 344 бет. «Әдебиет теориясы»



бет13/23
Дата04.11.2016
өлшемі6,01 Mb.
#125
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   23

Сындар дәуір
Ақындықтан шыққан сөзді, яғни көркем лебізді шығармаларды, үлгілі жұрттар айтылуына қарап, үшке бөледі: 1) әуезеленіп айтылуына қарай, 2) толғанып айтылуына қарай, 3) ғамалдап айтылуына қарай. Бұлайша бөлу қазақтың жазба әдебиетінің түрлеріне келсе де, ауыз әдебиетінің түрлеріне келмейді. Сондықтан қазақ ауыз әдебиетінің шығармалары айтылу түріне қарай бөлінбей, тұтыну орнына қарай бөлінеді. Осылай бөлінбесе, ауыз әдебиетінің сөздерінің көбі жоғары айтылған үш салаға үйлеспей, далада қалып қояды. Ауыз шығармаларды сөз қылғанда, көркем сөзді шығармаларды ғана сөз қыламыз. Қазақ ауыз әдебиетінде көсем сөзді шығармалар жоқ. Неге болмайтындығын азырақ айтып, түсіндіріп өту қажет болады.

Жазу-сызу жоқ жұртта көсем сөзді шығармалар болмайды, себебі, жазу-сызу жоқ жұртта өнер-ғылым болмайды. Ғылым дегеніміз – дүниені, яғни табиғатты дұрыс тану, ғылым жоқ болса, дүниені тану дұрыс болмайды. Дүниені дұрыс танымаған соң, дүние турасындағы мағлұмат жинайтын сана-саңылауы дұрыс болмаған соң, табиғаттың күшін, ісін, қасиетін бұрынғылар теріс танып, теріс әуезе қылған. Сондықтан бұрынғылардың ертегі сияқты, ертегі жырлар сияқты шығарма сөздері біздерге шып-шылғи өтірік көрініп, біздің ақыл арнамызға жуыспайды.

Қай халықтың болса да, жазу-сызу білмеген заманы болған. Сондықтан ертегі сияқты өтірік сөздер қай халықта да болса бар.

Әдебиет сөзін тәртіптеп, тапқа бөлу керек. Жұрттан шыққан ауыз сөзді де айтылу түріне қарай негіздік үш тапқа бөлген: 1) әуезе, 2) толғау, 3) айтыс.

Не үшін олай бөлген мәнісі әр табы бас-басына баяндалғаннан көрінбекші.


  1. Әуезе

Әуезелеуші айтатын сөзіне өзін қатыстырмай, өзінен тысқарғы ғаламда болған істі әңгіме қылады.

Тысқарғы ғалам деудің мәнісі – адамда екі ғалам болады: ішкі ғалам, тысқы ғалам. Ақыл, көңіл, қиял сияқты, адамның рухына қараған жағы ішкі ғалам болады да, онан басқалары – басқа адамдар, мақұлықтар, нәрселер, бүтін дүние тысқы ғалам болады. Әуезе тысқы ғалам турасындағы сөз.

Ақын әуезе түрінде сөйлегенде, уақиғаның ішінде өзі болып, басынан кешірген адамша сөйлемейді. Тек сыртта тұрып бақылап, уақиғаға көз салған адамша, қатты біреуден естіген адамша айтады. Уақиғаны бұлайша түрде айтып көрсету тысқарғы түрде айту болады. Сондықтан әуезе көркем сөздің тысқарғы түрлісі болады. Бірақ әуезеге алынған уақиға болғандықтан, және де ол уақиға айтушы өзінше көрік беріп шығарғандағы сөзі әуезе болады.




  1. Толғау

Толғағанда айтатын нәрсесін толғаушы тысқарғы ғаламнан алмай, ішкергі ғаламнан алады. Толғаушы ақын әуелі көңілінің күйін, мұңын, мүддесін, зарын, күйінішін, сүйінішін айтып, шер тарқату үшін толғайды, екінші, ішкергі ғаламында болған халдарды, нәрселерді тысқа шығарып, басқаларға білдіріп, басқаларды сол көңілінің күйіне түсіріп, халін түсіндіру мақсатпен толғайды. Толғау, қысқасынан айтқанда, іш қазандай қайнаған уақытта шығатын жүректің лебі, көңіл құсының сайрауы, жанның тартатын күйі. Ақындық жалғыз өз көңілінің күйін толғай білуде емес, басқалардың да, халін танып, күйіне салып толғай алуында.

Әуезе – тысқарғы ғаламның жыры, толғау – ішкергі ғаламның күйі деп екі айырғанымызбен, екі ғаламның ісінің арасында зор іліктік бар нәрсені танығанда, сол тануымыздың өзі екі жақты болатындығы жоғарыда “Қара сөз”, “Дарынды сөз” деген бапта айтылады. Әр нәрсені саңылау-санамызға алған уақытта, ол нәрселер турасындағы ұғымдарымызға көңіл кіріспей тұрмайды. Адам дүниедегі көрген, білген нәрселерін тек байқап, тек пікірлеп, тек саңылаулап қана қоймайды, ол нәрселермен адамның көңіліне күй де жасалады. Адам көрген-білген нәрсенің иә істің біріне күйінеді, біріне сүйінеді, бірінен сескенеді, бірінен шошынады. Сезіліп тұрған тысқарғы ғалам мен сезіп тұрған ішкергі ғаламның екі арасы санада келіп түйіскен жерде жыртылып айрылғысыз болып бірігеді. Тысқарғы ғаламнан санаға түскен саңылау мен сана жанында тұрған көңілдің күйін бір-біріне қатыстырмай, бөлектеп қоюға мүмкін емес; адамның санасы фотография (сурет машинасы) емес нәрсенің тұрпатын ғана түсіріп қоятын; нәрсенің саңылауы келіп адамның санасына түскенде, адамның ойын да, көңілін де бірдей оятады. Адамның көңілін оятпаған нәрсе тіпті сезілмей, дерексіз өтеді. Бірақ адамның ілтипаты тысқарғы ғаламға, бірде ішкергі ғаламға көбірек ауатын орындары болады. Кейде тысқарғы нәрсе өте қорқытса, яки өте қуантса, иә болмаса өте тамаша күйде болып таңдандырса, адамның есін алып, ілтипатын өзіне аударып кетеді. Кейде қайта адам өз ойы, өз қиялы, өз көңілінің күйімен болып, айналасындағы болып жатқан уақиғаларды, істеліп жатқан істерді, тамашаны – тысқарғы ғаламды байқамай қалады. Бұл адамның ілтипатын тысқарғы ғаламнан ішкергі ғалам аударып алып кеткен уақытта болады. Енді бір адамдардың көбі ілтипатын көбінесе ішкі ғалам жағына салатын адамдар болады. Кейде тысқарғы, ішкергі екі ғаламның күші бірдей болып, ілтипатымызды бірдей түсіреді. Мәселен, бір нәрсе, яки іс қандай көркем, әдемі болса, сондай оған сүйінеміз. Қанша сүйкімсіз, жаман болса, сонша жек көреміз.

Сөйтіп, манағыдан бергі айтылған сөздің қорытуы мынау болады: әуезе тысқарғы ғаламның жыры деп, толғау ішкергі ғаламның күйі деп екі бөлгенімізде, тіпті сорпасы қосылмайтын бөлектік бар деп ұқпасқа керек.




  1. Айтыс

Айтысқанда, екі күрескен палуандар сияқты, бірін-бірі аңдиды. Бірін-бірі бағады. Күрескендегі бірін-бірі жығу үшін істейтін әдіс-амалдарды, тәсілдерді мұнда да істейді. Айтысқанда, жай сөзбен айтыспай, өлеңмен айтысады. Сондықтан өлеңмен ғана айтысу айтыс деп аталады. Өлеңсіз айтыстың аты ерегіс болады. Бәлки, өлең айтыс та о басында әзілден, ерегістен шыққан болар. Бұл күнде айтыс деп өлең түріндегі ғана айтылады. Айтыс өлеңді сөз болған соң, оған ақындық керек. Ақындықтың үстіне, әдіс керек. Күрескенде күшке әдіс серік болу сияқты, айтысқанда ақындыққа да әдіс серік болады. Әдісі жоқ әйдік ақынды әдісті анау-мынау ақын жеңіп кетуі мүмкін.

Айтысқанда түрлі нәрселер жайынан сөйлеп, бірін-бірі тосуға тырысады. Көбінесе бірінің-бірі басындағы, еліндегі міндерін айтып, тоспақшы болады. Айтыстың бұл жағының әлеумет алдында пайдасы зор. Адамның, елдің, жұрттың басындағы келіссіз ғамалдарын, мінездерін айтып көрсету халықтың құлқын түзеуге зор пайдасы тиетін дүние. Мұнысын байқағаннан кейін, айтыс екінші түрге түсе бастаған. Айтыс бастапқы кезде шын екі ақынның айтысқаны болса да, соңғы кезде айтысты ақындар өз ойынан шығаратын болды. Яғни бір ақын екі ақынның айтысқаны қылып, екі жағының да сөзін өзі шығаратын болған. Сөйтіп, айтыс шын айтыс емес, тек шығарманың түрі болуға айналған. Адамның, елдің яки бүкіл ұлттың келіссіз істерін, мінездерін, пиғылдарын айтқысы келсе, ақындар өз атынан айтпай, айтысқан ақындардың сөзі қылып шығаратын болған. Ондай айтыстырып шығарған сөздерді соңғы кездерде екі ақынның өзіне екі адам айтысқан сияқты болып, бара-бара айтыс өлеңде айтылатын келіссіз істерді, мінездерді алаң ауданда істетіп, көрсететіндей болған. Онан әрі бара-бара осы күнгі ойналатын түрлі алаң айнасы болып шығар еді. Алдындағы көрсетілетін істерге алаң айнасы деп ат қоюда мәніс бар: ондағы көретініміз өмірдің өзі емес, тек түрі: сәулесі айнаға түскен сияқты, алаңға өмірдің өзі түспей, сәулесі ғана түседі. Алаң айнасына түсіріп көрсететін көбінесе өмір жүзінде, адам арасында болатын ұрыс-керіс, талас-тартыс, алыс-жұлыс, қуаныш-қайғы сияқты түрлі халдер болған себепті, сөз өнерінің бұл түрі Европа тілінде тек “айтыс” мағынада емес, “айтыс-тартыс, арпалыс” мағынада ұғылады. Біздің қазақ Европа әдебиетінен үлгі алмай, әдебиетін өз бетімен жетілдіргенде, қазақтың айтыс өлеңдері алаңға түсе-түсе барып, алаң айнасына айналып, айтыс-тартыс түрге түсетіні даусыз еді. Үлгіні өзге жұрттан алғандықтан, алаң әдебиеті бізде төтеннен шығып қалды.

Әуезе, толғау, айтыс-тартыс үшеуінің кәрісі - әуезе, ортаншысы – толғау, кішісі – айтыс-тартыс. Айтыс қазақта ауыз әдебиет түрінде болғанмен, айтыс-тартыс түріндегі сөздер басқа жұрттарда жазу-сызу, өнер-ғылым шыққан уақытта пайда болған. Шын айтыстар емес шығарма айтыстар қазақта да соңғы кезде шыққан. Асылында, айтыс-тартыс түрлі шығарма ауыз әдебиетінде жоқ.



Х.Досмұхамедов

Халық әдебиетінің мазмұны
Қазақ әдебиетінің негізін халық әдебиеті құрайды. Қазақтың халық әдебиеті саны жағынан аса бай, мазмұны жағынан өте алуан түрлі. Қазақтың жеке өмірінің барлық сәттері – туғаннан бастап өмірден озғанға дейін, сондай-ақ тұтас халықтың немесе жеке рудың қоғамдық өміріндегі барлық оқиғалар халық әдебиетінде жырланады.

Сәбидің дүниеге келуі мен алғашқы жылдары халық поэзиясында шілдехана, бесік жыры (колыбельная песня) атты арнайы жырлар түрімен аталып өтеді.


Әуедегі жұлдыздай Көзімнің ағы-қарасы,

Суда жүзген құндыздай, Жүрегімнің парасы,

Өзім қалап сүйгендей, Дүние, қамды ойлатпас,

Ұжмақтағы қор қызындай, Көңілімнің данасы,

Әлди, балам, әлди.... Әлди, балам, әлди...
Баласын тербете отырып қазақ әйелі осылайша ән салады.

Сәбилік, бозбалалық және жастық шақ кезеңдері халық әдебиетінде ән айту мен ойын үстіндегі өлең-жырлардан көрінеді.

Қазақ баласының шыр етіп жерге түскеннен бастап кәмелетке толғанға дейінгі тыныс-тіршілігі ән-жырдың құшағында өтеді. Әдетте оның ең бірінші еститін үні – анасы айтқан бесік жырының әуені. Балалар ойындарының басым көпшілігінің үстінде түрлі тақпақтар қоса айтылса, ал бозбалалық шақтағы өмірі ғашықтық жырларға толы.

Қазақ баласын тәрбиелеуде дыбыстық ырғақтардың басты орынға шығуына, сірә, халық әдебиеті мен халық әндерінің кең таралып, дамуы және қазақтардың өмірдің кез келген жағдайында өлең шығарып, ән айтуы бір себеп болса керек.

Бала тілінің дамуы мен жеке адамның қалыптасуы мәселелеріне халық балалар әдебиетін зерттеудің көптеген малұмат беретіндігі сөзсіз, сондықтан да қазақ педагогтері бұған дұрыстап көңіл аударулары қажет.

Ғашықтық әдебиет (любовная литература) негізінен жастар өміріне қатысты және мазмұны жағынан өте бай, лиризмге толы. Ғашықтық әндерде махаббат, сүйіктісінің көрікті келбеті, онымен қосылам ба деген үміт, ол жоқ сәттегі сағыныш, т.б. тақырыптар жырланады.

Бұл әнде әсіресе жігіттің өзінің сүйіктісіне айтатын теңеулері алаун түрлі және ерекше таңқаларлық болып келеді. Оның бет-жүзі айға, ақша қарға, алтын мен шыныға теңестіріледі, ал тісі – маржан, меруертке, бетінің қызылы – қанға, шиеге, тұлабойы – тал шыбыққа, аузынан шыққан сөзі – шекер-балға, көзі – гауһарға, көзқарасы – күн сәулесіне, шамшыраққа, мойыны – қаздың, аққудың мойнына т.с.с. баланады.
Қара жерге қар жауар,

Қарды көр де етім көр

Қар үстіне қар тамар,

Қанды көр де бетім көр.


“Ер Тарғын”
Міне, халықтық ғашықтық жырда осылац жырланады.

Үйлену тойы, келін түсіру мен қыз ұзату халық әдебиетінде арнайы үйлену той жырлары (свадебные песни) деп аталатын үлгілерден көрінеді.

Бұл жырлар ғашықтық әдебиетпен тығыз ұштасып жатады, тіптен соның бір бөлігін құрайтын тәрізді. Үйлену той жырларының ауқымдылығы мен өзіне тән кейбір арнайы мазмұндық ерекшеліктерінің болуы оларды бөліп көрсетуді қажет етеді.

Үйлену той жырлары былайша жіктеледі:

1. Қалыңдықтың үйінде жігіттер мен қыздар тобының кезектесіп, көпшілік болып (хормен) айтатын жыры – жар-жар. Бұл жырларда ұзатылар қыз өз ата-анасының үйіндегі еркін тірлігін мадақтайды және ата-анасымен қоштасуға тура келгендіктен, болашақ қайын енесінің үйінде ащы өмір күтіп тұрғанына қайғырса, ал айналасындағылар оған басу айтып, жұбатады.
Мінген атың жиренше, бикем, жар-жар-ау!

Артқы түйең інгенше, бикем, жар-жар-ау!

Өксіп-өксіп, жылама, бикем, жар-жар-ау!

Әлдилеп бала сүйгенше, бикем, жар-жар-ау!


Жылап, ән салып аттанып кетіп бара жатқан қалыңдықты қыз-жігіттердің хоры былайша жұбатады:
Балшық па екен, су ма екен, шашыраған, жар-жар!

Ақ сүт беріп шешекем асыраған, жар-жар!

Ақ сүт берген шешеме не көрсеттім, жар-жар!

Жат кісінің баласын жолдас еттім, жар-жар!

2. Тойбастарда қалыңдық пен күйеу жігіт, олардың ата-анасы мен руластары мадақталады және жаңа үйленген жастарға бақыт пен ақ тілеу тіленеді.

Үйлену тойында тойбастарды халық көп жиналған жерде жолы бойынша белгілі бір рудың немесе атаның ақыны айтады. Тойбастар айтуға ие болу – ақын үшін үлкен құрмет. Әдетте, той бастаған ақынға келіннің ата-анасы өздерінің байлығы мен даңқына сай және жырдың мазмұнына байланысты ат, жібек шапан немесе ақшалай сый береді.

3. Үйлену той жырларының келесі түрі – беташар. Ұзатылған беті жабулы қыз күйеу жігіттің үйіне келгеннен кейін той үстінде беті ашылады, келін жиналғандармен, жиналғандар келінмен арнайы өлең арқылы таныстырылады. Бұл жырларда негізінен келінге қатысты әдептілік ережелері және қайын атаға, қайын енеге, күйеу жігіттің өзге де туыстарына мінездеме (кейде күлдіру үшін әзіл-қалжыңға сүйей) беріледі.
Келін келді көріңіз, Кеңеске салып ойын көр,

Көрімдігін беріңіз. Инені бер де ісін көр.

Ала-құла демеңіз, . . . . .

Атын атап қойыңыз. . . . . .

Бәленшеге бір сәлем! Жаңа келген келіннің,

Суға біткен құба тал, Бұл отырған жарандар,

Талды көр де бойын көр. Ашайын да, бетін көр!
Келіннің бетін ашқан сәтте осылайша жырланады.

Үйлену тойы және ғашықтық әдебиеттеріне халық әдебиетінің төменгі үш түрі етене жақын болып келеді:

Қоштасу (прощальная) жырлары ата-анадан, достарынан, сүйгенінен, қоғамдық мәні бар құрметті адамдарынан, ата жұртынан, туған руынан, сүйікті малынан, тіпті қадірлі затынан айырылып, жоғалтқанда жырланады. Қоштасу өлеңдерін тудыруға себепші болатын мынадай жағдайлар: болмай қоймайтын өлім, ұзатылған қыздың айрылысуы басқа ру, басқа жерге кету, жер аударылу, ұзаққа сапар шегу (қажыға бару, оқуға кету, т.б.), ата қонысты ауыстыру, т.с.с.

Үйлену тойына қатысты қоштасу жырлары әдетте сыңсу салтымен байланысты болып келеді, сыңсу кезінде ұзатылған қыз жылап, ән-жырмен туған-туыстарын аралап шығады, олармен қоштасады. Бұл жырлардан қазақ қаздарының өз үйіндегі және түскен жеріндегі жағдайының айырым-өзгешелігі, яғни басы бос, аялы алақандағы бойжеткеннің күйеуге шыққан соң ата-енесінің “қызметшісіне” айналатындығы анық байқалады.

Ғашықтық сарынындағы қоштасу жырларында әрдайым сүйініскендерді ажыратқан тағдырға реніш, жастардың қалыңмал төлеу арқылы үйлену жолына мойынсұну не қарсылығы көрініс тауып отырады.

Көрісу жырлары сүйіктісімен, туғандарымен, достарымен, қадірлі адамымен кездескенде, туған жерге оралғанда, аталастарымен қауышқанда және т.б. жағдайларда айтылады. Бұл өлең-жырларда қуаныш, ризашылық сезімдері мол болады, оларды мазмұны мен айтылатын сәттеріне қарай қоштасу жырларына қарама-қарсы қоюға болады. Ел ішінде көрісу жырларының, әсіресе, сүйіспеншілікке қатысты түрлері мол ұшырасады.

Сәлем, сәлемде жырлары (песни-поклоны) жазбаша не ауызша түрде, арнайы бір адам арқылы, нақтылы біреуге жолданады не болмаса көп жағдайда автор оны біреуге бағыштап шығарады, ал келесі жақ бұл сәлем жөнінде ұзын құлақтан естиді, не ол туралы мүлде білмеуі де ғажап емес. Бұл өлеңдерде ризашылық, сүйіспеншілік, өкініш сезімдері, келекелеу, т.б. болады, олардың арнайы бір ерекше мазмұны жоқ, ғашықтық, мадақ, қайғы, әзіл-әжуа, тіпті кейде сықақ сипатында ұшырасады.

Сәлем жырларының классикалық үлгісіне Мұрат ақынның 1880 жылы, “ұлы қояннан” кейін алыстағы өз руластарына айтқан сәлемін жатқызуға болады.

Қоштасу, көрісу, әсіресе, сәлем әдебиеті (жырлары) өзінің мазмұны жағынан әдебиеттің өзге де түрлерімен, әсіресе сыртқы көрінісі бойынша ерекшеленетін ғашықтық, үйлену той, мадақ, сықақ жырларымен тығыз байланысты.

Жерлеу жырлары (похоронные песни) жоқтау мен жылау болып жіктеледі.

Жылауды өлім үстінде, жерлеу кезінде, қырқында не асында марқұмның әйелі, апа-қарындастары, шешесі не өзге де әйел туыстары жекелей не қосыла (хормен) жылап-сықтап, дауыс шығарып айтады. Мазмұны жағынан бұл жырларда марқұмның қадір-қасиеті мадақталады, және артында қалғандардың қайғысы, азалануы мен орны толмас өкініші білдіріледі.
Жылайды деп сөкпеңіз, Жолдасын бермес қасынан.

Ғалам білген ерімді . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . .

Жоқтаусыз қайтып тастайын. . . . . . . . .. . . . . . . . . . . . .

Мен жыламай қайтейін, Қанатым менің қайырылды,

Отыз жастың ішінде Жүрегіме дақ түсіп,

Жесір де қалдым жастайын. Жасық пышақтай майырылды

Кешегі менің көкжалым, Асылзада сұңқарым,

Аруақ қонған жасынан. Өлгеніңді есітіп,

Мың сан кісі жау келсе, Адамзат бәрі қайғырды.

Әйелі өлген күйеуін осылайша жоқтайды.

Жоқтау болса қандай да бір жеке басының немесе қоғам алдында еңбегі сіңген адам қайтыс болған кезде айтылады. Жоқтауды әдетте ақындардың бірі шығарып, онда марқұмның тіріде істеген қызмет-істері мадақталады және көпшіліктің қайғысы бейнеленеді.

Өзінің мазмұны мен мәні жағынан жоқтау жылаудан жоғары тұрады. Жылау кез келген қайтыс болған адамға айтылса, ал жоқтау сирек, тек лайықты адамдарға ғана бағышталады.

Жоқтау өлімнен басқа себептерге байланысты да шығарылады. Жер аударылып кеткен адамды, алыс сапарға ұзақ уақытқа кетушіні не болмаса қадірлі атын, бүркітін, өтіп кеткен жастық шақты, артта қалған өмірінің көңілді шақтарын жоқтайды. Ұзақ уақытқа жолға шығушы не жер аударылғандар да туған жерін жоқтайды, т.б.

Поэзияның бұл түрі мазмұны жағынан өте бай және көбінше өзінің айрықша лирикалығымен көзге түседі.


Кенекем менің кеткен соң. . . . . . . . . . . . . . . . . . . . .

Заманым қалды тарылып. . . . . . . . . . . . . . . . . . . .

Салтанатты хандардан Жаңбыр жаумай су болды,

Жетім қалдым айырылып. Пұлы қымбат манатым.

Екі бірдей қанатым Тасқа тимей кетілді,

Топшысынан сынды қайырылып. Балдағы алтын болатым.

Балдағы алтын ақ берен, Кенесары, Наурызбай

Тасқа тиді майырылып. Асып туған манабым

Кемшілік түсті басыма Қырғыздан біткен ұсайды,

Көрінгеннен қаймығып. Тағдырлы ажал сағаттың.


Халық ақыны Нысанбай белгілі Кенесары Қасымовты осылайша жоқтайды.

Ал мына бір түрінде бұрынғы еркін өмір жоқталады.


Нар еді неше жүздеп айдағаның,

Мың-мыңнан жылқы еді байлағаның,

Қора-қора қой өрбіп әр ауылдан,

Жал-жая, бал мен шырын шайнағаның.

Ешкіні сиырменен мал ма екен деп

Алдыңа келді қазақ ойлағаның

. . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . .

. . . . . . . . . . . . . . . . . . . .. . . . .

Бір күнде бозбалалар атқа мінді,

Белге қылыш, найзаны қолға ілді.

Қасқырдай түлкі алатын құмарланып,

Далада бозбалалар дәурен сүрді.

. . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . .

(Елеусіз ақынның поэмасынан үзінді).
Халық поэзиясында мақтау жырлары (одалар) айрықша орын алады. Әдетте жеке адамның, тұтас ру мен ұлыстың батырлығы, байлығы, даналығы, әділдігі, күш-қайраты, ерлік-қажыры және басқа қасиеттері мадақталады. Дәл осылайша қаршыға, сұңқар, тазы, алдаспан, найза, т.б. да марапатталады. Әсіресе ата жұрт, жеке бір сай, өзен, тау, теңіз, арық және басқалар жиі мақталып, оларда табиғаттың небір әсем көріністері сипатталады. Мәселен, А.Нестеров жазып алған Досқожа ақынның сөзі (“Общества Археологии при Казанском ун-те”, т. ХҮІ, вып. 1-6, 1900 г.).

Табиғат пен оның құбылыстарын сипаттау халық әдебиетінде өте жиі кездесетіндіктен оларды жеке алып, бөлекше қарастыруға да болар еді. Әйтседе біз өйтпедік, өйткені көп жағдайда табиғатты суреттеу мақтау, ғашықтық, насихат және басқа жанрларда қосымша элемент, негізгі ойға үстеме болып келіп отырады.

Төмендегі жолдар 1879 жылғы қоян жұтының қысын суреттейді:
Мұнан соң кәрленіп Қоян келді.

Шаруа қазақ байғұсты ояндырды.

Сегіз айдай тынбастан боран соғып,

Қара қоймай қазақтың малын қырды.


Мақтау жырлары бұрынғы кезде тек шын мәнінде еңбегі сіңген, лайықты адамдарға бағышталса, ал кейін мақтаушыға сый-сияпат беру дәстүрі бұндай одалардың мәнін түсіріп, сый, лауазым, қошамет алу үшін небір жалған сөздер айтылып отырды. Бұл құбылысты өткен ғасырдың 70-жылдарында ақын Абай тұңғыш байқап, өзінің өлең сөзімен аяусыз әшкереледі.

Мақтау мен жоқтауға халық поэзиясының жұбату, көңіл айту жырлары деп аталатын арнайы түрі ұштасады. Бұндай өлең-жырларда (өлімге, бақытсыздыққа, т.б. байланысты) қайғыға батқан жанға достарының не таныстарының бірі көңіл айтады және жер бетіндегі тірліктің, бақыттың баянсыздығынан, т.б. мысалдар келтіре отырып, оны жұбатады.

Сатира, ирония және эпиграмма халық әдебиетінде көрнекті орынға ие және ол ақынның қолындағы қарсыласын не өзін кемсітушіден кек алатын, келеке ететін, оны ұялтатын күшті қару. Сатира жеке адамға, тұтас ру мен атаға, белгілі бір уақиғаға, болмаса қарсыласының не жауының мақтаған затына қарсы бағышталады. Сатира жеке бір адамның, тұтас ру мен атаның мінез-қасиетіндегі жаман жақтары (сараңдық, парақорлық, әділетсіздік, қорқақтық, озбырлық, кемістік, т.б.) мен өткенін, тіптен семьяның ішкі мәселелерін де тізбелеп, көпке әшкере етеді. Қандай да бір тауып айтылған бір шумақ әжуа өлең кейде бүкіл Қазақ даласына тез таралып, мәтелге айналып та кетеді.

Тілі улы ақынның сынына ілінген адам үлкен қайғы жамап алады, өйткені оған арналған улы өлең ғұмыр бойы айтылып жүреді, кейде тіпті ол кейінгі ұрпақтарының бетіне де таңба болып басылады.

Өлеңді жерде өгіз семірер,

Өлімді жерде молда семірер,

Қаралдысында қатын семірер,

Қайғысыз хан семірер, -


деген Атағозы бидің (байұлы руынан) ХҮІІІ ғасырдағы Қаратай ханға айтқан сөзі мәтелге айналып кетті және күні бүгінге дейін семіз адамды мазақтау мен кемсіту үшін қолданылады. Ақын аузынан шыққан, жеке адамға немесе тұтас руға қатысты айтылған келекелеу болмаса жек көру сөздерін үнемі бейтаныс адамдар қылжақ қылып айтып жүретіндіктен де олардың намысына тиеді және бірнеше ұрпақтың есінде қалады. Сондықтан да өткір тілді халық ақынынан не биінен қауым үнемі сескенелі, ал кімде-кім улы тілді ақынға не биге жақпаса үлкен өкінішке қалады.

Сатира мен эпиграммаға жақын тұратын халық поэзиясы - әзіл (шутка). Қазақтар: “Әзіл апат әкеледі”, - деп айтқанымен, әдетте әзілдер зиянсыз болып келеді, көбінше ол құрдастар, нағашы мен жиен арасында жиі айтылады.

Көп жағдайда әзіл ақ көңілден шығады, күлкіге, тапқырлыққа құрылады, әсіресе көзінің қитарлығы, ақсақтығы секілді дене кемістіктері немесе ебедейсіздігі, оспадарлығы, т.б. назарға ілігеді.

Жиналған топтың көңілін көтеріп, күлкіге батыратын халық әдебиетінің тағы бір түрі бар, ол – күлкі сөздер (комическая литература). Күлкі сөздер, әдетте, қайбір болған жайтты не уақиғаны әзіл, күлкі тұрғысынан бейнелеп баяндап, жиналғандардың көңілін аша түседі.

Бата мен алғыс – халық әдебиетінің кең таралған түрі.

Қазақ қауымы арасында өз ісінің шын шебері, мәселен, би, ақын, зергер, т.с.с. табиғат сыйлаған дарын-өнерін басқа біреуге ақ батасы арқылы мирас етіп қалдыра алады деген сенім кең таралған. Сондықтан да осындай атаққа немесе өнерге ыңғайы, икемі барлар сол саланың атақты өкіліне аттанады және қайтсе де оның көңілін тауып, ақ батасын алуға тырысады. Қазақ арасында белгілі бір би, атақты ақын, әруақты бақсы не зергер пәленшеге, түгеншеге өзінің ақ батасын беріп, ақыл-өсиетін айтыпты, сонан соң ол да би, ақын, бақсы не зергер болыпты дегендей аңыз-әңгімелер орасан көп. Бұл – батаның бір түрі.

Батаның тағы бір түрі – ас-дәсге ризашылығын білдіріп, рахметін айту. Әрбір қонақ өзіне арналып сойылатын қойға батасын беріп және әр дастарқаннан кейін үй иесіне рахметін білдіріп отыруы шарт. Міне, шын мәнінде бата дегеніміз осы. Әдетте, батаны қонақтардың ішіндегі ең жақсы үлкені береді және ол көбінесе өлең түрінде болып келеді. Кейбір ақсақалдар осы бата беру кезінде өзінің шын шеберлігін көрсетіп-ақ бағады.

Бата мен алғысқа қарама-қарсы түр – қарғыс (проклятие). Қарғысты дұшпанына, әкесі – көңілі әбден қалған ұлы мен қызына, молла-діннен безгендерге, ру басы – жаугершілік кезінде елін сатқандарға және т.б. береді.

Қазақ ханы Сібірге айдатқанда оны қалмақ былайша қарғайды (халық ақыны Мұраттың сөзінен):

Еділден бергі Шаған су

Оны да қалмақ жайласын,

Жылқыңды шуваш айдасын.

Ұлың менен қызыңның

Біреу де көрсін пайдасын.

Көліңде қулар шуласын,

Көзіңнен жасын буласын.

Бұл - қарғыс өлеңнің шағын үлгісі.

Халық әдебиетінің тағы бір түріне болжал өлеңдер жатады.

Болжал өлеңдердің шу басында Жәнібек ханның тұсында өмір сүрген делінетін, жарым-жартылай аңызға айналған бейне – Асан Қайғы (Асан-Печальник, Асан - Горемыка) тұрады. Халық қамын жеп өткен Асан Қайғының өмірінің басым бөлігі қазақтар мен қырғыздардың жарқын болашағы үшін жерұйық жер іздеумен өтті делінеді. Қазақ даласы мен қырғыз тауының әрбір көзге түсер жері Асан Қайғының болжал өлеңімен байланыстырылады, ол жердің болашағы мен оны қоныстанушылардың тағдыры туралы сын айтылады.

Болжал әдебиеттің негізгі мазмұны қазақ халқының болашақ баянсыз тағдыр-талайы болып табылады: жер тозады, жайлау тарылады, ауа райы, табиғат қаталданады, адамдар кедейленеді, мінез-құлық өзгереді, жаман ғадеттер молаяды, бір сөзбен айтқанда, қазақ елі мен жері өзгеріп, азып-тозады. Аталған ауыр күндердің хақтығын болжай отырып, халық өз басындағы жаман ғадет, қасиеттерден арылмаса бұдан шығар жолдың жоқтығын, болашақта құлдық пен құру күтіп тұрғанын жырлайды.

Болжалдық әдебиеттегі бұндай үмітсіз, зарлы сарын әсіресе ХІХ ғасырдың екінші жартысында – саяси бостандықтан үміт кесілгенде (Исатайдың, Кенесарының, т.б. көтерілістерінің жаншылуы), қазақ жерін отарлау күшейгенде, ел жиі-жиі жұтқа ұшырап, кедейленгенде – күшейе түсті.

Қазақ халқының тарихын зерттеуде болжалдық өлеңдердің маңызы зор. Мәселен, «Асан Қайғы» толғауының мына бір үзіндісі қазақ ханы Жәнібектің (ХҮ ғ.) Шу өзені маңына кетіп, қазақ хандығын құрған соң қайтадан Алтын Ордаға (Сарайға) оралып, Мәскеу хүкіметімен қандай да бір жең ұшымен жалғасқанын меңзейді:

Қырында киік жайлаған

Суында балық ойнаған

Оймауыттай тоғай егіннің

Ойына келген асын жейтұғын

Жемде кеңес қылмадың,

Жемнен де елді көшірдің.


Ойыл деген ойынды

Отын тапсаң тойынды.

Ойыл көздің жасы еді,

Ойылда кеңес қылмадың,

Ойылдан да елді көшірдің.
Елбең-елбең жүгірген,

Ебелек отқа семірген,

Екі семіз қолға алып

Ерлер жортып күн көрген

Еділ деген қиянға,

Еңкейіп келдің тар жерге.

Мұнда кеңес қылмасаң,

Кеңестің түбі нараду.


Әртүрлі сот істері кезіндегі билердің тамаша үкім сөздері, екі жақтың ұтымды даулары мен тапқыр жауаптары, әдетте, ұйқасты мәтел не өлең түрінде айтылады. Поэзияның бұл түрі билік сөз деп аталады. Мұнда билердің тапқырлығы, әділдігі, турашылдығы көрінеді. Атақты билердің ұзақ жылдарға созылған дау-дамайларды екі-үш ауыз сөзбен-ақ бітіріп, екі жақты да риза қылғаны туралы мысал әңгімелер өте көп.

Насихат поэзиясында қазақтардың дүние, тіршілік туралы таным-түсінігі, не жақсы, не жаман, не дұрыс, не бұрыс дегендер көрінеді. Бұл өлеңдерде таулардың, өзендердің, аттардың, т.б. жақсы не жаман екені аллегориялық тұрғыдан жиі жырланады. Жақсы әйел, тәрбиелі ұл, көргенді қыз, келін, бай, батыр, кедей, т.б. бойында қандай қасиеттер болуы керектігі осы насихат өлеңдерде көрінеді. Мұнда үлгілі қасиет-мінездер: мырзалық, мейірімділік, ұқыптылық, т.б. марапатталып, ал жаман, зиянды жеркенішті құлық-әрекеттер: зинақорлық, ұрлық, өтірік, кекшілдік, тасжүректік, сараңдық, қонақты күтпеушілік, т.б. сыналып, сақтандырылады.

«Шешен қандай болу керек?» деген сауалға халық поэзиясынан мынадай жауаптар табылады:
Алқада жауап сөйлесе,

Түюлі сөзден аспаса,

Десте-десте сөз жөнін,

Іретіменен сәндесе.

Кемелдігін парықтаса,

Билігін алаш мақтаса,

Төмен жауап айтпаса,

Уәдесін сатпаса,

Қалдырып әділ сөздерін,

Көңіліне шанбаса,

Сабырсыз сөзден қатпаса

Орнына қойып баршасын,

Бір-біріне шатпаса,

Пікірге кәміл жұрт озған –

Бұ шешеннің іреті………

(Ақтам ақынның сөзі)


Насихат жырларында қазақтың имандылық пен ізгілік туралы барша таным-түсінігі алақанға салғандай анық көрініс тапқан.

Халық поэзиясының тағы бір соқталы түрі – зарзаман(скорбная поэзия) мен толғау. Бұл өлеңдерде салт-сананың бұзылуы жырланады, халық өмірінің көне әдет-ғұрпы мен ескі салттарының құлдырауы, билер мен әкімдердің парақорлығы мен пәтуасыздығы, тұрмыс-тіршіліктің нашарлауы, мал санының азаюы мен халықтың жұтауы, жайылым-қоныстың тарылуы, қоныс аударушыларға шұрайлы жерлердің кесіліп берілуі, жердің тозуы, елдің азуы, аштық, жұт, т.б. сөз болады; бұрынғы өткен өмір мен ескі салт-дәстүрлер мадақталып, кейінгі өзгерістерге зар айтылады.

Мұндай зарзаман жырлары мен толғаулары аса көп және мазмұны жағынан алуан түрлі.

Патша үкіметі мен Қоқан билеушілеріне, олардың шенеуніктерінің бассыздығына қарсы осы жырлармен сабақтасып жататын қыздырушы сөз аталатын үгітшіл әдебиет те (агитационная литература) бар. Бұл әдебиет, әсіресе, он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысында, патшалық хүкімет қырда ресейлік тәртіп орнатып, қазақтардың жерін қоныс аударушыларға жаппай тартып алып бере бастаған кезде өрши түсті.

Мәселен, 1869 жылғы «Далалық Ережені» енгізген кездегі қазақтардың жай-күйі халық әдебиетінде былайша сипатталады:

Мұнан соң ыштат деген үкім шықты.

Би мен хан тіл тарттырмай бәрін жықты,

Кәні сен бұл бұйрыққа көнбеймін деп

Айтып көр бұрынғыдай болсаң мықты.

. . . . . . . . . . . . . .. . . . . . . . . . . . . . . .

Мың үйге мұнан барып болыс қойды.

Қасына бұл болыстың орыс қойды

Таласып, қырылысып лауазымға

Ат беріп, елу үйлікке қойын сойды.

. . . . . . . . . . . . . .. . . . . . . . . . . . . . . .

Бір орыс бір қазақ қойды пәмешнік деп

О дағы іс етпейді басып көктеп.

Жалғыз-ақ барар жерің ойазнай

Алдынан қуалайды пашал кет деп

Сен болмасаң анаған барамын деп

Күн қайда кететұғын сөзін кектеп?!

Барар жер, басар тауың болмаған соң

Қақпадан кете алмайсың төңіректеп.

Бір ауыз тым болмаса тіл білмейсің

Өлдің ғой біздің қазақ тентіректеп.

. . . . . . . . . . . . . .. . . . . . . . . . . . . . . .

(Елеусіз ақынның сөзі)
Халық әдебиетінің ерекше бір түріне ғұмырнамалық (биографическая) және өмірбаяндық (автобиографическая) әдебиетті жатқызуға болады. Аттарынан-ақ көрініп тұрғандай, алғашқы түрге жататын туындылар, әдетте, мақтау жырларымен тығыз байланысты болып келсе, ал соңғысы, әдетте, ауру үстінде, не өлім алдында айтылады да насихат, өсиет жырларымен сабақтасып жатады. Әбубәкір ақынның (27 жасқа дейінгі), Ығылман ақынның және т.б. өмірюаяндық өлеңдері елге белгілі.

Поэзияның ерекше түрі - өлім алдындағы өсиет өлеңдер (предсмертные, завещательные песни). Бұл өлеңдер негізінен ауру үстінде не өлім алдында айтылады, онда өткен өмір жолы суреттеледі, күнәларынан арылтуды өтініп, діни парыздарды толық өтемегеніне өкініш білдіреді, бұ дүниедегі барша өмір мен пенделіктің баянсыздығы, о дүниеде күнәлары үшін жауап беруден қорқатындығы баяндалады, тәңірі мен айналадағылардан күнәлары үшін кешірім өтініледі және өмірді мағыналы сүру туралы ақыл-кеңес айтылады. Бұл жырларда көп жағдайда діннің әсері аңғарылып тұрады.

Емшілік халық әдебиеті (лечебная народная литература) да өте бай және алуан түрлі.

Емшілердің басты өкілі – қолына домбыра не қобыз ұстаған қазақ бақсысы. Емшілік әдебиетке мынадай өлең-жырлар жатады: арбау, дуалау, үшкіру және т.б. бақсылық, аспапта ойнау үстінде жын шақыру, отқа қақталған темірді жалау, билеу және аластау, көшіру, қағу секілді ауруға және өзіне жасалатын арбау әрекеттері.

Жын шақыру, арбау, дуалау мен аластау, ауруды айналдыру немесе көшіруді әдетте өзіне белгілі сөздерді және ән-әуендерді айта жүріп бақсы ғана орындайды. Мұндай жыр үлгілерінің шебер аудармалары Диваевтың «Бақсы, как лекарь и колдун» атты кітапшасында келтіріледі.

Емшілік әдебиетке жататындар арасында «бәдік» деп аталатын түрі ерекше көзге түседі. Ауруды қоршаған бір топ еркек пен әйел түні бойы, ал кейде күнімен де біресе тобымен, біресе жеке-жеке арнайы жыр – бәдік айтады. «Бәдік» жырларының аудармасының үздік үлгісін де Ә.Диваев жасаған (Қараңыз: «Туркестанские Ведомости», 1906, № 59).

Емшілік әдебиетке тыб1 (медицина және кітапша ашу) та жатады. Бұл ісләмданған емдеудің бір түрі. Емшілерде әдетте Орта Азиядан немесе Ираннан әкелінген кітаптар болады, ондағы әріптерді (араб әліпбиіндегі), кісі атын және жыл санын ерекше есептей отырып, олар сауығуды, өлімді және басқаларды болжайды. Бұл – ортағасырлық шығыстық ғылым – нұжұмның (жұлдызшылықтың) бір түрі.

Бұлайша емдеудің екінші түрі – тұмарлар: Құраннан, аяттан көшірмелер, құдайға, әулиелерге, т.б. тілеулер. Оларды қалташаға тігіп, мойынға тағады немесе киімге (әдетте жағаға) тігіп қояды.

Емшілік халық әдебиеті шамандық дәуірде пайда болған және бертін келе, сірә, мұсылман дінінің әсерімен өзгерістке түскен.

Өлікпен сөйлесу де (переговоры с душами умерших) шамасы бақсылық әдебиетпен байланысты болса керек. Әдетте күйеу жігіт не қалыңдығы, күйеуі не шешесі қалыңдықтың, әйелінің (әйтпесе керісінше) қабірінің басына келіп, марқұмның жай-күйін сұрайды, өзінің өайғы-қасіретін айта бастайды. Сол бойда өзі басқа әуенмен марқұмның атынан өз сөзіне жауап қайырады, міне, осылайша қос дауысты әруақпен (дуэт) орындалып, қайғылы жүрек жұбаныш табады.

Түс жорудың (снотолкование) қазақтар арасында үлкен мәні бар, ел ішінде арнайы мамандар – түс жорушылар да ұшырасады. Бұрынғылардың айтуынша, түс жору Перғауынның (Фараон) түсін болжаған Жүсіп пайғамбардан басталады. Әрбір қазақ түсін біреуге жорытуға тырысады және осы жору сөзге әрдайым сенеді. “Қыз Жібек”, “Қозы Көрпеш” және т.б. жырларда түс көру мен оны жорудың поэтикалық суреттемелері баршылық.

Перілік хикаялар (демонологические рассказы) бақсы, албасты, қара, пері, жын, әруақ, жалмауыз кемпір, жезтырнақ және басқаларға қатысты болып келеді. Бұл хикаяттарда осы мифтік бейнелердің тууы, олардың адам баласына тигізер пайдасы мен зияны, олардың әсерінен сақтану жолдары, т.б. айтылады.

Халық әдебиетінде әпсаналар (легенды) үлкен орын алады. Жер мен көктің жаратылуы, жұлдыздардың (Темірқазық, Жеті Қарақшы, Үркер, т.б.) пайда болуы, Алаңғасар алып туралы, топан судың қаптауы т.с.с. әртүрлі аңыз әңгімелер қазақ арасына өте мол таралған.

Солардың бірінен үзінді келтіре кетсек:

Аспанда ана тұрған Үркер жұлдыз

Түйесін көш-көш қылып тіркер жұлдыз.

Үркердің жалғыз қызын алып қашқан

Қарақшы мына тұрған жеті жұлдыз.

Қазақ арасында әртүрлі жануар, өсімдік және басқа заттардың шығуы туралы сан алуан ырымдар (поверье) бар. Қазақ ырымдары шаман дінінен, ісләмнан бастау алады және аралас, құранды болып та келеді.

Аңыздар да (предания) саны жағынан аса мол, мазмұны алуан түрлі. Аңыздар түрлі тарихта аты белгілі кісілерге, жекелеген құрылыс, қала, қорымдарға және т.б. әлдебір ру, ата не тұтас тайпа немесе қайсыбір уақиғаларға байланысты болып келеді.

Қазақ, өзбек, қырғыз, қарақалпақ және басқа түркі тектес халықтардың шығуы туралы аңыздар, Шыңғысхан, Жошыхан, Жәнібекхан, Жиренше, Асан Қайғы, Қазтуған және басқа тарихта болған немесе аты аңызға айналған тұлғалар туралы аңыздар да алуан түрлі және олар қазақтың немесе өзге бір түркі халқының тарихын жазуда үлкен демесін бола алады. Бұхарадағы Көгілташтың салынуы, Қазығұрт тауы, Байтақтам, Қорқыт Ата, Көкшетаудағы Оқжетпес шыңы және т.б. хақындағы аңыздар қазіргі ақындарымыздың поэтикалық қиялына шабыт үстемелегн ғажап материалдар болып табылады.

Рулар мен жекеленген тұлғалар туралы аңыздар халық әдебиетінің шежіре (родословная) аталатын үлкен бір бөліміне кіріспе қызметін атқара алады. Әрбір қазақ өз руын, атасын 7-10 буынға дейін тартып айтып бере алады. Ақсақалдардың ішіндегі ерекше зеректері көптеген рудардың, тіптен бір жүздің немесе үш жүздің, басқа да туыстас түрік жұрттарының шежіресін тарқата алады. Дәл осындай хандар шежіресі де бар. Өлеңмен жазылған, поэма түріндегі шежірелер де ұшырасады.

Қазақ халық әдебиетінің арналы саласы – батырлық жырлар (героический эпос) мен тарихи өлеңдер (исторические песни).

Батырлық жырларда әртүрлі, көбінше аттары аңызға айналған Қобланды, Алпамыс, Едіге, Орақ-Мамай, Қарасай-Қази, Ер Тарғын, т.б. Алтын Орда мен Қазақ хандығы тұсындағы батырлардың іс-әрекеттері суреттеледі.

Ал тарихи өлеңдерде белгілі бір кезеңде өмір сүрген аты белгілі адамдар, әрине көптеген әсірелеу, әспеттеумен, негізінен жоңғарларға және орыс империалистеріне қарсы қазақтардың бас бостандығы үшін күрескен кездегі тұлғалар жырланады. Кенесары, Исатай, Бекет және басқалар туралы өлең-жырларды мысалға келтіруге болар еді. Көптеген батырлық жырлар мен тарихи өлеңдер нағыз эпопея болып келеді.

Батырлық және тарихи поэмалармен қатар қазақ әдебиетінде лирика-эпикалық сипатты көптеген тұрмыстық жырлар (бытовые поэмы) да “Қозы Көрпеш – Баян сұлу”, “Қыз Жібек”, “Айман-Шолпан”, т.б. бар. Бұл жырларға жеке бір адамдардың көңіл-күйі, күйініш-сүйініші арқау болғанымен, сонымен қатар қазақтардың тұрмыс-тіршілігі де жан-жақты суреттеледі.

Қазақ халық әдебиетінің айрықша атап, тоқталуды қажет ететін түрі – айтыс (состязание импровизациями), Көшпелі өмір салтында, рулық қоғамда жеке адам мен ру шешуші роль атқарады. Бәсекеге түскен әрбір ру, әрбір ата тек өзінің билері мен батырларын ғана емес, қарсыласына дес бермейтін дарынды ақындарын да орынды мақтан тұтады. Қазақ арасындағы осы ру мен ата, жеке адамдар бәсекесі сөз жарысы – айтыс арқылы өте жиі көрініс табатын.

Айтыс – қазақтардың күні бүгінге дейін ең жақсы көретін поэзиясы. Соңғы кезге шейін қандай да бір уақиғаға бағышталған жиналыс болмасын әдетте ешқашан айтыссыз өтпейтін. Айтыс кезінде қарсыластар кезекпен суырып салып, бір-біріне жауаптасады. Әрқайсысы өзін, атақты аталасын, руын, жұртын, т.б. мақтай отырып, қарсыласының, оның аталастарының, руластарының, жұртының, т.б. кем-кетіктерін, қате басқан қадамдарын, ұятты істерін қазбалап, тізе бүктіруге тырысады. Айтыс әдебиетінде табиғатты суреттеу, жан-жануарлар да сөз болады, жұмбақтар да, сатира мен эпиграммалар да жұмсалады, әйтсе де ақындар соңғыларына жиі жүгінеді. Айтысушының бірінің аузына құм құйылып, үні өшкенше айтыс тоқталмайды. Бұл – қарсыласының жеңісін мойындау болып табылады. Айтыскерлерге құлақ түрген және түрлі қолпаш сөздермен, өз өкілдерін қошаметтеуші қалың қауым, әдетте, тек тыңдаушы көрермен ғана емес, төреші де болып жатады. Айтыста жеңіске жеткен ақынның даңқы ерекше артады, сондықтан да айтысқұмарлар белгілі айтыс ақынын жеңіп, атақ-даңқын асыру үшін мыңдағае шақырым жерден қарсыласын іздеп келеді. Айтысушылар жеке басты не қарсыласының руын қорлап, тіл тигізген кезде айтыс кейде төбелеспен, ойран-топанмен аяқталады. Жеке адамға не руларға сипаттама бере отырып өтетін айтыс әдебиеті тұрмысты, кейде тіпті қазақтардың тарихын зерттеуде тамаша көмекші болып табылады.

Жастардың арасындағы айтыс ғашықтық әдебиеттің үлкен бір тармағын құрайды. Ойын-сауықта, той-томалақта, т.б. жастардың бас қосуы әдетте айтысқа, әсіресе қыз (жас келіншек) бен жігіт арасындағы өлеңмен сөз жарыстыруға ұласады. Әсіресе әйел затымен айтысқа түсіп, жеңілген жігіт масқараға ұшырап, күлкі мен мазаққа тап болады; тағы да айтысқа түсіп, біреуді жеңіп, бедел-абыройын қалпына келтіргенше ол бұдан құтыла алмайды.

Тек жұмбаққа ғана құрылған айтыстар да жиі кездеседі.

Айтыстың көп жағдайда «Пәленнің пәленмен айтысы» дегендей аты болғанымен, кейде авторы белгісіздері де ұшырасады. Мұндай айтыстар, әдетте, тұтас рулар мен ел-жұрттарға қатысты болып келеді. Мысалы, байұлы мен әлімұлының, арғын мен найманның, қазақтың ноғаймен (татармен) және т.с.с. айтысы. Мұндай айтыстарда жекелеген рулар мен жұрттардың тұрмыс-тіршілігіндегі кемшіліктері мен озық жақтары жақсы сипатталады.

Бүкілхалықтық суырып салма айтыс өнері қазақтан өзге тек көне гректер мен арабтарда ғана кездеседі. Өкінішке орай, халық поэзиясының бұл түрі соңғы кезде сұйылып кетті, оның орнын жазбаша айтыстар баса бастады.

Айтыс әдебиетінің бір түрі ретінде әртүрлі даулы істі шешу үстіндегі билердің сөзін және талапкер мен жауапкердің сөз қайтару үлгілерін атап өтуге болады.

Қазақ халық эпосының үлкен бір саласы – ертегілер (сказки), мақалдар (пословицы), жұмбақтар (загадки), жаңылтпаштар (скороговорки).

Ертектер мазмұны жағынан ерекше бай. Оларда хан, бай, кедей, сараң, мырза, тазша, алтын асық, алтын құйрықты, күміс жалды құлын туған керқұла бие және т.б. жөнінде әңгіме қозғалады. Қазақ ертегілерінде тапқыр Алдаркөсе, сараң Шықбермес Шығай, айлакер Тазша, ақылды, жол тапқыш Жиренше, т.с.с. толыққанды типтік бейнелелер бар. Ертегілер арасында “Құйыршық” секілді тамаша балалар ертегісі де ұшырысады.

Қазақтың мақалдары мен мәтелдері ағыл-тегіл көптігімен және өткірлігімен ерекшеленеді. Азды-көпті шешен сөйлейтін кез келген қазақ өз сөзінде мақал-мәтелге жүгінуге тырысады, ал билер мен ел ішіндегі ділмәрлардың сөздері халықтық мақалдар мен мәтелдерге тұнып тұрады. Жұмбақтар әсіресе балалар арасына кең таралған. Жоғарыда айтып өткеніміздей, жұмбақпен айтыс та болып тұрады. Ал жаңылтпаш күлдіргі әдебиетке жатады.

Күлдіргі әдебиетке өмірде болмайтын оқиғалар мен жағдаяттарды баяндайтын өтіріктер (небылицы) де кіреді...

Ертегілерге қазақтың жануарлар эпосы (животный эпос) өте жақын тұрады. Қазақтың тұрмыс-тіршілігі мен кәсіп-шаруашылығы, мәдени дәрежесі табиғатпен және жан-жануарлар әлемімен тығыз байланысты болғандықтан әртүрлі жануарлардың мінез-құлқы мен тыныс-тіршілігі туралы аса бай әдебиет жасалған. Әдебиеттің бұл түрі жан-жануарлардың өмірі мен шығу тегі туралы әртүрлі әңгімелерді қамтиды. Жан-жануарларға сипаттама беретін әр текті мысалдарды да осы топқа жатқызуға болады. Қазақ жырларында 1) қасқырдың, 2) түлкінің, 3) есектің және басқалардың ерекше бейнелері бар.

Жан-жануарлар атымен аталатын он екі жылдық жыл есебі – мүшел (двенадцатилетнее исчисление), оның шығу тегі, бұл тізбектегі әрбір жылдың сипаттамасы, жыл мезгілдері, ай аттары және олардың қазақ шаруашылығындағы ерекше орны, есепшілік пен жұт – баршасы халық әңгімелерінің ішінде үлкен орын алады.

Ырымдар (приметы) қазақтардың өмірінде үлкен қызмет атқарады және ол өмірдің барлық саласын қамтиды. Қайсыбір ырымдарды бұлжытпай орындап отыру тәрбиелікті, көргендікті көрсетеді және міндетті түрде атқарылуға тиісті әдеп жоралғыларын сақтау болып табылады. Ырымдар әдетте тақпақ түріндегі белгілі бір сөз орамдарын, тілек-ниетті және т.б. айтумен атқарылады.

Поэзияның қазақтың таза халықтық әдебиетінен келесі бөлімге – рухани-діни әдебиетке ауысатын ерекше бір түрі жарамазан деп аталады. Жарамазанды ел кезіп жүретін адамдар, әдетте ораза кезінде айтады. Бұл жырлар жартылай діни сипатты: жарамазаншылар өз өлеңдерінде шариғатқа иек арта отырып, қайыр-садақа, сый сұрайды. Әдебиеттің бұл түрі орыстардың “Колядованиесін” (жаңа жылда айтылатын дәстүрлі ұлттық өлеңін, құр) еске түсіреді.

Діни сипаттағы әдебиет (литература религиозного характера) ісләмнің негіздерін, шариғаттың қағидалары мен талаптарын, тамұқтың азабын, жұмақтың рахатын және басқа о дүниелік өмірдің көріністерін суреттейді. Мұхаммет пен оның серіктерінің өмір жолдарын баяндау да бұл әдебиетте ерекше орын алады. Әсіресе Әли халифа мен оның балалары Хасен, Хұсайын туралы өлең-хикаялар мол. О дүниелік өмірді суреттейтін, мысалы Молдағали ақынның “Жұмақ-Тамұғы секілді көлемді поэмалар да бар.

Қазақ тілінде араб-парсы өмірінен (из арабско-персидской жизни) сыр шертетін әдебиет миссионерлік діни әдебиеттің жалғасы болып табылады. Бұлар негізінен «Мың бір түн», «Шахнәмә», т.б. секілді алуан түрлі араб және парсы ертегілерін, хикаяларын, қиссаларын өлең түрінде аудару, қайтадан көркем баяндау не соған еліктеу болып табылады.

Қазақ халық әдебиетінің түрлерін санамалай келіп, боғауыз өлеңдерді (нецензурная литература) айтпай кетуге болмайды. Қазақтың боғауыз мақалдарының кейбірін Ә.Диваев жинап, тұңғыш рет 1900 жылы Ташкент қолжазба күйінде жариялап таратты.

Әдебиеттің бұл түріне боғауыз сөздерден тұратын өлеңдер, мәтелдер, ырымдар, т.б. немесе еркек пен әйелдің жыныс мүшелерін, олардың төсекте ләззат алуын суреттейтіндері жатады. Боғауыз өлеңдер еркектер, әсіресе жастар арасына кең тараған.

Егер аталған қазақ халық әдебиетінің барлық мазмұн-мәнін бір жерге жинақтасақ, онда қазақ өмірінің барша қыры бейнеленетінін көреміз. Баланың тууы, оның ойындары, жастық, сүйіспеншілік, үйлену тойы, қуанышы мен қайғысы, ауру, емшілік, өлім, жерлеу, ас беру, ата-ананың қайғысы, көңіл айту, жақын-жуықтың жұбатуы – міне, мұның бәрі халық әдебиетінде поэтикалық сипатта өз көрінісін тапқан.

Қазақтың барша тұрмыс-тіршілігі мен өмірлік жағдайын оның халық әдебиеті бойынша зерттеп шығуға болар еді. Қазақтың ұшы-қиырына көз жетпес кең даласы, оның құмы, өзені, тауы, алқабы, орманы, тоғайы – бәрі-бәрі халық әдебиетінде жырланған. Малшы-қазақтың бар жиған-тергенінен айыратын қыстың ақтүтек бораны, шілденің аптап ыстығы, күздің өкпек желі, көктемде қайта түлеген жер мен гүл жайнаған дала көркі – баршасы бүге-шігесімен халық әдебиетінде көркем көрініс тапқан. Көк аспан, жарық күн, әсем ай, жалтылдаған жұлдыздар әлемі, жұмбағы мол Құс жолы, бояулы кемпірқосақ, нұрлы жаңбыр, қалың қар, арнасынан асқан өзен, қаңқасы кепкен дала – бұлар да халық әдебиетінен өз орнын тапқан.

Халық әдебиетінен қазақтың жан-жүрегіне еркін көшпелі өмір, көші-қон, мал мен малшылық тұрмыс-салт қаншалықты жақын екендігі айқын көрінеді және онда қаладағы отырықшы өмірді, егіншілік пен сауда кәсібін жаны жақтырмайтындығы да соншалық дәл бейнеленеді.

Киіз үйді, оның бау-шуын, барша жиһаз-мүлкін бүге-шігесіне дейін қалдырмай асқақтата, мадақтай отырып, халық поэзиясы жертөле мен тамдарға жиренішті сипаттама береді.

Қазақтың ұлттық киімі (тұмақ, шекпен, күпі, бөрік, т.б.), қыздар тағатын алтын-күміс, сырға-шолпы, теңге, бес қару мен ер-тұрман, т.с.с. да халық әдебиетінде жырланады.

Төрт түлік мал мен Қазақстанның және онымен шектесетін ел-жұрттың барлық жануарлар дүниесі халық әдебиетінде ерекше орын алады. Қазақтың әсіресе жылқы малына деген сүйіспеншілігі ерекше, сондықтан да қазақ халық әдебиетінде Тайбурыл («Қобыланды батыр»), Көкбұйра («Қарасай-Қази»), Тарлан («Ер Тарғын»), т.б. ерекше аттар – тұлпарлардың бейнелері сомдалған.

Қасқыр, барыс, шиебөрі, жолбарыс, арыстан, қабан, аю және басқа көптеген аңдар халық әдебиетінде өз орнын алған, әйтсе де қазақ малының қас жауы – қасқыр мен қазақ түлкісінің бейнелері ерекше дараланады. Неміс әдебиетін ауызға алмасақ (Рейнеке-лис), өзге әдебиеттің бір де біреуінен қазақы түлкі бейнесіндей түлкінің сомдалған образын кездестіре алмайсыз.

Жырларда алуан түрлі құстар өлеңге қосылады, бірақ қазақ қаршыға мен сұңқарды, бозторғай мен бұлбұлды, аққу мен қараша-қазды ерекше жақсы көреді, ерекше жырлайды.

Жылан, құрбақа, кесіртке және бақа-шаяндар, тіптен ұсқынсыз ешкі емерге дейін – халық әдебиетінен өз орнын алған.

Шырылдауық шегіртке, көбелек, қоңыз, шыбын, маса, бүйі, қарақұрт және басқа құрт-құмырсқалар да өзінің жағымды, жағымсыз бейнелерімен әдебиетке енген, әйтсе де қазақтар көбелекті ерекше жақсы көріп, өлеңге қосады.

Түп-түзу қайың мен теректен бастап, қазақтың жүрегіне жақын жусанына дейін – қырдың барша өсімдіктер әлемі халық әдебиетінде қамтылған, бірақ халық поэзиясында қызғалдақ пен бәйшешек ерекше жылы сезіммен және жиі ауызға алынады.

Қазақ халық әдебиетінің қысқаша мазмұны, міне, осындай...

М. Қаратаев



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   23




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет