Әдебиет теориясы. Нұсқалық. «Фолиант» баспасы, 2003. 344 бет. «Әдебиет теориясы»



бет10/23
Дата04.11.2016
өлшемі6,01 Mb.
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   23

Көркем мәтін құрылымы
Мәтіндегі оқиға деп – кейіпкердің семантика шеңберін ауыстыруын атаймыз. Егер кейіпкер семантикалық шеңберден, екінші семантикалық шеңберге өтпесе ол оқиға бола алмайды. Бірақ бұл қимыл – қозғалыс оқиғаға айналу үшін өзінің тұрғылықты шеңберіне жетуі тиіс. Оған жетер жолда шағын оқиғалар жүйемен дамыса сюжетке айналады. Алайда, кейіпкердің мағыналық түріне қатысты оқиға сюжетке айналуы да мүмкін. Сюжет болу үшін айталық бір образға бір немесе екі оқиға жетіп жатыр, ал тағы бір образ үшін ол аздық етеді.

Сюжет табиғаты оқиғамен тығыз байланысты. Оқиға өмірлік шындықтардан алынады.

Мысалға: ерлі-зайыпты адамдар дерексіз өнерге баға беруде екіұдай пікірге кеп ұрсысып қалды дейік. Олар ажырасу үшін милицияға келеді. Мұндай пікірді ұстанған ұрыс мәнін неге жатқызарын білмеген милиция қызметкері протокол толтырудан бас тартады. Қылмыстық істер кодексі жөнінен айтылған оқиғаның мәні жоқ. Ал, психолог, моралист, тарихшы үшін ол оқиға бола алады. Дәл сол сияқты сюжетте бір позиция үшін жанды, екіншісі үшін мәні жоқ болса, келесі біреуінде мүлде жоқ деп танылады.

Айталық, оқиға болды, тіпті болмаса да түк етпес еді. Бұл тұрғыда оқиға сюжет үшін пайдалы ма, пайдасыз ба оның өрілуі үшін қаншалықты әсер етті деп есептеуіміз керек.

Қазіргі романда өлтірмеуге де болатын кейіпкер өліп қалады. Ортағасырлық роман авторы барлық адамдардың өлетінін көрсеткісі келеді. Бірақ та біреу ерлік пен өлсе, біреу ездіктен өледі. Сондықтан өлім түп негіз болса, оған жету жолы бар. Осы орайда оқиғаға кірмейтін деталь кіріп кетсе, оқиға шектен шығуы мүмкін.

Ішкі істер қызметкері үшін заңды бұзу оқиға болса, жол жүруді реттеуші үшін, жол ережесінің бұзылуы оқиға болады.

Мәтіндерді сюжетті және сюжетсіз деп екіге бөлуге болады.

Сюжетсіз мәтін жүйеленген характерге ие. Олар кейбір оқиғаны және оның құрылымын белгілейді. Мысалға: календарь, телефон кітапшасы, лирикалық өлеңдерді алайық... Сюжетті шығарманың өзіндік ерекшелігі бар. Оның ішкі әлемін тірілер және өлілер деп екіге бөлуге болады.

Ал, образдарды жылжымалы және қозғалмайтын деп бөлеміз.

Қозғалмайтын образдар сюжетсіз шығарманың қасиетін айқындап, құрылымына негіз болады. Семантика шеңберін өзгерту оларға мүлде жат болса, жылжымалы кейіпкер семантика шеңберін өзгертуге құқылы. Бұл дегеніміз – сюжеттің өрілуі, яғни оқиға – образдың сюжетсіз шығарма шек қойған семантика шеңберінен болып табылады. Ал, оның ішкі дүниесіндегі арпалыс оқиғаға жатпайды.

Сюжетсіз мәтін алғаш қаланып, дербес өмір сүреді десек, сюжетті мәтін сюжетсіз мәтіннен бастау алғанмен, өте ұлғая дамиды. Осыдан кейін бұлардың арасында қарама-қайшылық туады, біріншісі қолданған тәсілді, екіншісі керек ете бермейді.

Т.Қожакеев

Сатира және юмор
Сатира мен юмордың күштілер қаруы, тәрбие құралы екенін айтпас бұрын, олар туралы жалпы мағлұмат бере кетейік.

Сатира терминінің шығу тарихын, этимологиясын әркім әр түрлі түсіндіреді. Біреулердің айтуынша, ежелгі гректер жүзім өсірушілердің, жүзім шарабын жасаушылардың құдайы – Дионистің ән салып, би билеп, күлдіріп көңілдендіріп жүретін жол серіктерін “saturos” деп атаған. “Сатира” атауы сол сөзден шыққан.

Екінші бір зерттеушілердің пікірінше, бұл терминнің тарихы латынның “Satura” - “смесь” – аралас, әр нәрсенің қосындысы, “всякая всячина” – анау-мынау деген сөзінен басталады. Кейінірек ежелгі Рим әдебиетшілері сынап-мінеуші, әшкерелеуші сипаты бар шығармаларды “Satura” деп атаған.

Қазір “Сатира” атауы әр түрлі мағынада қолданыла береді. Біреулер оны әдебиеттің бір тегі (род) деп түсінеді. 1941 жылы шыққан “Шетел сөздерінің сөздігінде” “Сатира – болмыстың жағымсыз құбылыстарын ащы күлкіге айналдыратын көркем әдебиеттің тегі (род)” делінген.

Енді біреулер сатираны нақты бір өмір елестерін, болмыс сәттерін суреттеп, жазып, айтып берудің әдіс-тәсілі ғана деп түсіндіреді. Мысалы, сатираны көп зерттеген, бұл түрдің үлкен теоретигі Я.Эльсбург: “Сатира – болмысты әдебиет пен өнерде көрсетудің бір әдіс-тәсілі”1 дейді. “Үлкен совет энциклопедиясында” да осы анықтама берілген.

Тағы біреулердің ұғымынша, сатира – жағымсыз болмыс, құбылыс атаулыны сынап-мінеп, әшкерелейтін әдеби шығарма. Мысалы, Д.Н.Ушаковтың редакциялауымен басылған “Орыс тілінің түсіндірме сөздігінде” “Сатира - өмірдің жағымсыз құбылыстарын күлкілі, келемеж түрде көрсететін әшкерелеуші әдеби шығарма” деп жазылған. Сол сияқты С.М.Бондидің басқаруымен 1940 жылы басылған “Поэтикалық терминдер сөздігінде” “Сатира – қоғамдық дерттерді келемеж етуді немесе әшкерелеуді мақсат ететін әр түрлі (роман, әңгіме, фельетон, эпиграмма т.б.) әдеби шығарма” делінген. Ал А.П.Квятковский “Сатира – болмыстағы жағымсыз құбылыстарды сынап, әшкерелеуді, күлкі етуді мақсат етіп қарасөзбен немесе өлеңмен жазылатын көркем әдебиеттің түрі”2деп анықтайды.

Сөйтіп сатираның қоғамдағы жағымсыз болмыс, құбылыстарды, адам бойындағы ұнамсыз мінез-қылық, әдеп-тәртіптерді әшкерелеп, күлкіге жығу, келемеж ету ниетімен жазылатыны жөнінде әдебиет зерттеушілерінің пікірлері бір арнаға саяды, бәрі де оның осы пафосын мойындайды. Бірақ, олардың бірі үшін сатира - әдебиеттің бір тегі (род), екіншісі үшін өмірдің жеке елестерін суреттеп берудің әдіс-тәсілі, үшіншісі үшін әшкерелеуші әдеби шығарма, төртіншісі үшін көркем әдебиеттің өзіндік түрі.

Байыптар болсақ, осы пікірлердің бәрі де қате емес. Олардың әрқайсысы сатираның әр қырын, әр қасиетін айтып отыр. Шынында да, сатира – алымды да шалымды нәрсе, оның өмір сүру, көрініс табу мүмкіншілігі мол, болмыс-құбылыстарға үңілу, араласу, суреттеу жолдары да әр қилы.

Сатира әдебиеттің бір тегі ретінде де көріне алады. Ақын, жазушыларымыздың бастан-аяқ күлкілі ситуацияға негізделіп, сықақтық тіл, стильмен жазылған, таза сатиралық шығармалары әдебиеттің дербес бір тегін құрайды. Өйткені оларда өмірді зерттеп білудің, суреттеп берудің өзіндік эстетикалық принциптері, көркемдік әдіс-тәсілдері пайдаланылады. Болмыс-құбылыстарды бағалап, түсінудің ерекше түрлері қолданылады. Яғни сатира қиялдауға, шарттылыққа, кездейсоқтыққа, түсінбестікке, әсірелеуге негізделеді. Шарждауға, карикатураларға, гротеск, сарказм, иронияға иек артады.

Сатирада ащы кекесін, күлкі ету, мазақ қылу, жоққа шығару, үкім айту, адам қиналысын аңлау, адам жүрегінің түкпіріне үңілу, көңілділік пен күрсініс, тенденциялық пен қатаң әділдік, лирикалық сезім мен ғылыми талдау тоғысып жатады. Сөйтіп, сатира қарама-қайшылықтардың бірлігінен туындайды. Белгілі бір сатирик творчествосының ерекшелігі осылардың қайсысын қай тұрғыда, қандай ниетпен пайдаланғанына қарай аңғарылады. Аристофан сатирасында қайғылы үн, Щедринде өмірді трагедиялық тұрғыдан сезіну, Гогольде күйзеліс, Чеховта күрсініс басым дейтіні де сондықтан.

Таза сатиралық туындылардың эпосқа да, лирикаға да, драмаға да жатпай, әдебиеттің өзіндік дербес тегін құрайтындығының басқа да сырлары бар. Сатирада, эпостық туындылардағыдай, авторға, оқушыға деген қатыссыздық, бейтараптық объективтілік бола бермейді. Мәселен Л.Н.Толстойдың “Соғыс және бейбітшілік”, М.Әуезовтің “Абай жолы” сияқты эпостық шығармаларды оқығанда, автор да, оқушы да көрінбейді, олардың қатысы, көзқарасы, күрсініс-күйзелісі сезілмейді. Оқиға оларға тәуелсіз түрде, өзінше өтіп жатады. Осы эпостық объективтілік сырттай суреттеліп, баяндалушылық сатирада болмайды. Онда сыналып отырған факті мен құбылысқа автордың қатысы, пікірі белгілі дәрежеде білдіріледі. Сондықтан да сатира эпос бола алмайды.

Сол сияқты, таза сатиралық шығармаларда автор мен лирикалық кейіпкердің сөз етіп отырған жағымсыз құбылыстар жөніндегі жан дүниесі, ішкі сезімі лирика туындыларындағыдац барынша атқарыла ашылмайды, тек реніші, кейісі аңғарылады да қояды. Осы жағынан ол әрі лирикаға да жатпайды.

Сатираны драмаға да тели салуға болмайды. Эпостағы объективтілікті, лирикадағы ішкі сезім-сырды терең ашуды ұштастыра келіп, характерлер қақтығысына құрылатын, сахнада ойнауға лайықталатын драма белгілері де сатирадан түгел табыла бермейді. Сондықтан ол драма да емес.

Ендеше болмысқа эстетикалық қатысының өзіндік ерекшеліктері бар, өмір құбылыстарын зерттеп, бағалауда, көрсетуде дербес әдіс-құралдары, өзіне тән табиғаты, сыр-сипаты бар сатира-өзінше әдебиет тегі.

Сатираның жеке бір іс, құбылысты зерттеп білудің әдіс-тәсілі ретінде көрінетіні де рас. Бұл сапада ол эпостық, лирикалық, драмалық шығармалардың бәрінде, барлық түр жанрында пайдаланыла береді. Солардағы белгілі бір елестер мен образдарды суреттеп берудің құралы, поэтикалық әдісі түрінде ғана қолданылады...

Р.Нұрғали

Әдеби бейне
...Жинақтап айтқанда, өнер салаларының бәрінің объектісі, пәні – адам өміріндегі әлеуметтік қарым қатынастар, ойлы сезіммен сабақтастыра алынған табиғат. Өнердің әрқайсысы өз жүйесінде өмір құбылысын терең әрі жан-жақты бейнелейді: адам портретін кескін өнеріндей дәл беретін сала жоқ; қоғамдық қатынастарды, әлеуметтік тартыстарды, күрестерді, психологиялық құбылыстарды әдебиеттен сенімді көрсететін сала жоқ; нәзік сезім, ыстық жалынды музыкадай жеткізетін сала жоқ. Италия идеалисі Бенедетто Кроче: “Эпиграмма - өнер, ендеше, қарапайым сөз оған неге жатпайды? Новелла - өнер туындысы , ал журнал хроникасындағы кез келген хабар неге ол қатарда емес? Пейзаж - өнер, топографиялық сурет неге олай емес?” – деп жазды. (Бенедетто Кроче, “Эстетика как наука о выражении и общая лингвистика”, часть І, теория, М., 1920, стр. 17). Оның байламында рухани өмірдегі ұғым атаулы - өнер. Ендеше, кез келген ұғым да өнер болса керек.Бұл жерде шын өнер шекарасы жойылады. Эстетика мен тіл білімі бір арнаға түсіп кетеді.

Ал өнердің даралық сипаты, құдіреті – бейнеде.

Ғылымның бүгінгі даму сатысында бейне термині әр түрлі қырынан қаралады:


    1. Философиялық ұғымда.

    2. Психологиялық ұғымда.

    3. Өнердегі ұғымда.

Ең алдымен терминдер арасындағы шекараны айырып алмай, олардың мәнін анықтамай, біз көркем бейненің, оның ішінде әдебиеттің табиғатын түсіне алмаймыз. Сондықтан бейненің жеке-жеке тармақтарын саралау шарт.

Философиялық ұғымдағы бейне – объективті болмыстағы құбылыс атаулының санадағы көрінісі. Бұл ретте түйсік, сезім, ұғым, жеке фактілердің адам санасындағы сәулесі – бейне. Оларды біріне-бірін қарсы қоюға, шатыстыруға болмайды. Жалпы бейненің ең кең мағынасы философиялық ыңғайда түсіндіріледі.

Психологиялық бейне – сезімге, адам есіне қатысты сурет. Бұл -философиялық ұғымға қарағанда аясы тар, шеңбері шағын термин.

Өнердегі бейне - өзіне ғана тән пәні, объектісі бар, болмысты көрсетудің, танудың айрықша мағыналы құралы.

Көркем шығармашылық қашанда іріктеуден, тәсіл-құралдарды талғап пайдаланудан басталады.

Бейненің шағын, кішкентай моделіне бой ұсынайық.


Мен тауда ойнаған қарт марал

Табаным тасқа тиер деп

Сақсынып шыққан қиядан.
Көпке белгілі Махамбет өлеңінен алынған осы қысқа үзіндіде ерекше мәнді клетка бар. Грамматикалық форма тұрғысынан алғанда, қазақ тілінің қалыпты жүйесін бұзатын еш нәрсе жоқ. Кейбір оқымыстылар айтатын жылтыр бояу, алып-жұлып әкетіп бара жатқан әшекей-айшық та емес, жеке сөздер әр түрлі құбылыстарды қамтып, олар бірін-бірі сәулелендіріп тұр.

Тұтас суретті бөлшектеп көрейік: тау, қарт марал, табан. Тау – биіктіктің, өрлеудің, мәңгіліктің тұлғасы, табиғаттың өзі. Қарт марал – тіршілік еңкейген шақтағы адам өмірін еске түсіреді. Марал – сұлулық іспеттес. Қарт марал дегенде жаңа ұғым туғандай: сфинкс, кентавр сияқты. Перзент десе ішкен асын жерге қоятын қазақтар кейбір сәтте сәбидің табанынан сүймей ме?

Қысқасы, құбылыс пен бейне арасындағы қат-қабат күрделі байланысты көргендейміз. Нақтылықтан абстракцияға, абстракциядан нақтылыққа өту жолы аңғарылады.

Абай:


“Сөзімде жаз бар шыбынсыз”...

Жай сөйлем, хабарлы сөйлем. Осы бағытта синтаксистік, морфологиялық талдауды созуға болар еді, бірақ ол жазушы қиялында іріктеліп, сұрыпталып жасалған суреттің барлық қасиетін ашып бере алмайды. Мұнда да бірнеше құбылыс тоғысуынан жаңа дүние пайда болған. Бөлшектесек, бір-бірінен алшақ ұғымдар: сөз, жаз, шыбын. Егер біз қалыпты логикаға бақсақ, шыбынсыз жаз болмайды, сөзде жаз болмайды, сөзде шыбынсыз жаз болмайды. Ал, ақын бірнеше бояуларды араластыру арқылы, бірнеше сәулелерді тоғыстыру арқылы жаңа дүние жасайды. Сіз алдымен логикалық қорытынды шығарасыз, одан сезіміңізге әсер аласыз, өз тарапыңыздан тағы да ойланасыз.

Сонымен, бейнелілікті болмыстың фотографиясы деп ұқпаймыз, суреткер қиялымен екшелген құбылыстардың бірін-бірі сәулелендіру арқылы туған соны әлем деп білеміз.

Жалпы бейнелілік табиғатына байланысты теориялық пікірлер айтқан еңбектер көп. Өткен ғасырдағы украин тілшісі һәм әдебиетшісі А.Потебняның көрсетуі бойынша, сөзде екі қабат бар: сыртқы қабат – ұғымдық қабат, ішкі қабат – бейнелік қабат. Керісінше, сыртқы қабат – проза, ішкі қабат – поэзия. Бұл оқымысты әрбір сөздің шығуын құбылыстар арасындағы ұқсастықпен, іргелестікпен қабыстыра қарайды. Заманы өткен соң, уақыт ауысқан сайын, сөз өзінің әуелгі бейнелік қалпынан, құбылыспен байланысқан жүйесінен бірте-бірте айрылады.

Былайша айтқанда, сөздің бедері тозады, ажары түседі. Сөйтіп ол бейнесіз сөзге айналады. Мысалға “город” деген сөздің шығу тегін “қамал, қорған” деген ұғыммен байланыстырады. Потебня: “Сөз – көркем шығарманың барлық қасиетіне ие”, - дейді. (А.А.Потебня, “Мысль и язык”, Одесса, 1922, стр. 167). Осы арнада жүріп отырып, біз де өзіміздің ұлттық топырағымызда, бейненің кейбір тілге қатысты мәселелерін қарастыруымызға болады.

Қазақта “үркер” сөз бар. Дала төсінде тіршілік кешкен сахара перзенті үшін аспан романтикасы қисапсыз. Ішіне пышақ айналмайтын, жетесіз жанды “бақай құрт” дейді. Қадым заманның жүйрік билері төбеге, шаңыраққа қарап сөйлейтін дағдысы екен. Бұл деталь – бір ұлттық ерекшелік. Жұлдыздың табиғатына сәйкес қозғалысты, таң алдында түнмен қоса күн жарығынан үріккендей, еріп кетуін, үркіп, қашып кетуін халық дәл аңғарған. Үркер жұлдыздың атын ғана емес, затын анықтайтын сөз.

Ілияс Жансүгіров:
Жерің анау – жасыл жолақ кілемдей,

Желің мынау – жігіт айтқан өлеңдей!

Көлің анау – той қып жатқан ауылдай,

Күнің мынау – елжіреген енеңдей.


Бұл өлеңнің бойындағы негізгі принцип – екі құбылысты қатар алу. “А” және “Б”, “А” – “Б” сияқты дейді. Яғни бір құбылыс екінші құбылысты бейнелейді. Екі құбылыс бірін-бірі сәулелендіреді, бірақ бұл екеуі тең емес.

Осы өлеңнің бойынан біз көркем бейненің төменгі стадиялық формаларын көргендей боламыз. Егер ғылымдық ұғыммен, формуламен сөйлетсек, “А” – “Б” сияқты демейді, “А” мен “Б” тең дейді, ғылым кесіп айтады, қолымызға ұқсатып айтады, сәулелендіріп айтады.

Қазақтың той жасап жатқан ауылын көз алдыңызға келтіріңізші! Жылмиған, сақал-мұрттан жұрдай шалдар емес, сақалдары белуарына түскен шалдар, сұлу қыздар, сері жігіттер. Қасиетті ана. Лев Толстойдың “Глаза Катюши черные, как мокрая смородина” деген сөйлемін еске түсірейік. Екі жазушының принципі ұқсас келіп отыр, оқушы қиялына оқыс әсер етті, арғысын өзі жалғастырады.

Бейнеге бірінші тән қасиет – ұлттық ерекшелік, ұлттық бояу. Олай болса, ешбір суреткер ешқашанда тілге, ұлттық бояуға зорлық жасай алмайды.

Біз мысалға келтірген жоғарыдағы қарт марал, шыбынсыз жаз, той қылып жатқан ауыл – дегендер қазақ ұғымдары.

Өнер өзінің даму сатысында мифтік идеялар, діни ықпалдарға да түсті. Бері келе ғана ол қоғамдық, әлеуметтік проблемаларды көтере алатын биік дәрежеге жетті. Өнердің даму жолынан біз адамның болмысты игеру процесін, соны тану принципін көреміз. Қашанда өнерге негіз болатын – болмыс, болмыстағы құбылыстар. Әрине, жалпы құбылыстар емес, дара сипатты, жинақталған мәні бар құбылыстар.

Сондықтан да әдебиеттану ғылымында өмір және өнер, өмірлік шындық және көркемдік шындық төңірегінде талас пікірлер көп.

Кейбір эстетикатердің айтуынша, көркемдік шындық - өмірді әшекейлейтін бояу; көркемдік шындық тек суреткердің қиялында ғана туады; бұл – таза эстетикалық категория; оның болмыста негізі, тамыры жоқ.

Біз осылардың үшеуіне де қосылмаймыз, қабылдамаймыз. Ұлы неміс жазушысы Гете былай деген: “Мен шығармаларды тек данышпандық арқасында ғана жазған жоқпын, олардың тууына мың сан дүние, адамдар нәр берген. Олар – ақымақтар һәм ақылдылар, естілер һәм есіріктер, балалар, жігіттер һәм шалдар; бәрі де бастарындағысын, не ойлайтындарын, қалай тірлік етіп, қандай қарекет қылатындарын айтқан. Мен үшін оларды жинап, өзгелер еккенді орып алудан басқа ештеңе де қалған жоқ”. Көркемдік шындық жазушы қиялы арқылы екшелген, сұрыпталған, идеологиялық мақсат тұрғысынан бейнеленген шындық. Бұл өмірлік шындықтың көшірмесі емес. Ол – шашылып жатқан, араласып жатқан, жүйесіз, үзік-үзік құбылыстардың басын біріктіреді, соны сұрыптайды. Бұл орайдағы ең шешуші фактордың бірі – суреткер қиялы.

Суреткердің қиялы – ешбір ғалымның қолында жоқ құрал. Суреткердің қиялын батырдың семсерімен, әншінің даусымен, күннің нұрымен, рентген сәулесімен салыстыруға болады. Пәни тіршілікте жазушы – көптің бірі. Тіпті көзге қораш, ол екі иығын жұлып жеген пысық емес, тек шабытты шақтарында ғана биік, оның көзінің көрмейтін нәрсесі, шалмайтын қалтарыс-қапысы жоқ. Суреткер қуаты – талант, сыйынар пірі – қиял шабыт. Абай не деуші еді?


Адамның кейбір кездері

Көңілде алаң басылса,

Тәңірінің берген өнері

Көк бұлттан ашылса;


Сылдырап өңкей келісім,

Тас бұлақтың суындай,

Кірлеген жүрек өзі үшін

Тұра алмас әсте жуынбай.


Тәңірінің күні жарқырап,

Ұйқыдан көңіл ашар көз.

Қуатты ойдан бас құрап,

Еркеленіп шығар сөз.


Сонда ақын белін буынып,

Алды-артына қаранар.

Дүние кірін жуынып,

Көрініп ойға сөз салар.


Қыранша қарап қырымға,

Мұң мен зарды қолға алар.

Кектеніп надан зұлымға

Шиыршық атар, толғанар.


Әділет пен ақылға

Сынатып көрген-білгенін,

Білдірер алыс-жақынға

Солардың сөйле дегенін.


Ызалы жүрек, долы қол,

Улы сия, ащы тіл

Не жазып кетсе, жайы сол,

Жек көрсеңдер өзің біл.


Осы бір жауһар туындыда суреткер лабораториясы данышпандық шеберлікпен ашылып, шабыт сәтінің гөзәл суреті жасалған. Ақын стихиясының керемет сыры, рух, пафос бар мұнда.

Мұхтар Әуезов ауылдан тоғыз жасында кеткен, содан кейінгі өмірі, бар қуанышы, қайғысы, жеңген, жеңілген күрес шақтары қала төсінде өтті. Бірақ қазақ даласын жыр етуде оның алдына түскен ешкім жоқ.

Жазушы үшін шығармашылықтағы ең керекті нәрсе, басты шарт – көзбен көріп, құлақпен есту, қолмен ұстау, факті жетегінде кету емес, материалды эстетикалық тұрғыдан игеру, құбылыстардың жігін ажырату. Жез бен алтынның, тас пен алмастың айырмасын бірден тану.

Қашан да қиялдан қосусыз көркем шығарма жасалмақ емес.

Өмірде Абай үш рет некеге отырған. Бірақ Әуезов Еркежанмен ара-қатынасты өз идеалына орай әдейі өзгерткен. Өйткені ұрпақ үшін көп әйел алған Абай емес, ақын Абай қымбат. Романдағы Абай - өмірде болған Абайдың сүлдесі емес, ол – біздің халқымыздың ұлттық бейнесін жинақтаған тип.

Күні бүгінге дейін Тобықты шалдары Қодар мен Қамқа арасында сұмдық болғаны рас еді деседі. Солай-ақ дейік тіпті, бірақ ол патологиялық ауру психологияны көрсететін факті ғана. Әлеуметтік романға мүлде қажетсіз нәрсе. Қиялдан қосудың көркем шығармадағы қызметті орайына ұлы жазушының тәжірибесінен көптеген қызық дерек табамыз.

Қазақ әдебиетінің тарихында Айдар деген ақын жоқ, “Абай” романында айтылатын Дәрмен деген ақын да тарихта болмаған. Бұл ретте Толстойдың Наташа бейнесін қалай құйып шығарғаны еске түседі. Дәрмен – қазақ тіліне “Ләйлі-Мәжнүн” дастанын парсы тілінен аударған, Пушкинді, Толстойды қазақ сахарасына таратуға ат салысқан ақын, тарихшы, философ, Абайдың немере інісі Шәкәрімнің бейнесі. Оның кейбір сипаттары – Шұбар, Керім характеріне негіз жасады. Сөйтіп, әйгілі “Еңлік-Кебек”, “Қалқаман-Мамыр” дастандарының авторын, көп ән шығарған композиторды Әуезов өлтірмеген, оны Айдар, Дәрмен арқылы тірілткен. Жеңгелері Абайды жас кезінде Телғара десе, інісін Айдар деген.

Сонымен, қашанда көркем шындықтың негізінде өмірлік шындық жатады. Кейбір жазушылар қаһармандарын тірлікте болған адамның бейнесіне лайықтап жасайды. Бұл ретте И.Тургенев, М.Горький шығармаларын еске түсірейік. Бейнеге арқау – прототип. Бірақ суреткер бір фактіні негізге алып отырғанмен, шығарма жазу үстінде жалпы мақсатқа орай қиялдан қосып, ситуацияларды қалауынша өзгертсе керек.

Қазақтың заманында шыққан үлкен қоғам қайраткері, алысқа атылған жебе Тұрар Рысқұлов әкесінің басынан өткен оқиғалар әйгілі Бақтығұл бейнесінің өмірлік арқауы болды.

Қазақта ит асыраған, құс салған, саятшылық еткендер көп десек те, бұл төңіректе жасалған реалистік полотно “Көксерек” қана. Кешегі сұрапыл соғыс кезінде Жәмиладай талай әйел ерінің көзіне шөп салды. Оны айыптап, ғайбаттаушылар табылса да, осы орайда зор гумманистік идея айтқан шығарма берген – Шыңғыс Айтматов.

Өмірлік шындық пен көркемдік шындықты қарама-қарсы қою өнердің өресін кесіп, алдын тұйықтайтын жат тенденция. Үлкен прозалық, драмалық туындылар өз алдына, поэзияда да әр түрлі фактілер қызық қалпында пайдаға асады. Мәселен, Брюсов “Менің Пушкинім” деген еңбегінде әйелі “Мыс салт атты” поэмасының өмірлік материалын жан-жақты зерттеген. Тарихшы, географ Бергтің “Санкт-Петербургте болған барлық су тасқындарының егжей-тегжейі” (1826 жылы шыққан) кітабындағы жеке детальдарды ғана емес, Пушкин тіркестерді, жеке сөздерді алғанын зерттеушілер ашып берді. Өмірлік материал көркем шығармаға енгенде, оны бүлдірмейді, қайта нәр береді, қанат бітіреді.

Осы орайда біз жалпы бейне жасаудағы басты факторлардың бірі – типтендіру, жинақтау принципіне тоқталуымыз керек. Рас, қашан болмасын, өмірден терең еш нәрсе жоқ. Бірақ көркем шығармаға сүйек ету үшін құбылыстарды суретші іріктейді, сұрыптайды. Бұл процесс тек қана санға емес, сапаға қатысты құбылыс. Фактінің әлеуметтік мәнін айқындау, етенелігін күні бұрын сезіну, құбылыстардың даму тенденциясын барлау деген сөз.

Көркем шығарманың сапасы, құны, негізгі қасиеті – бейнеленген объектісімен, кейіпкерлер нобайымен оп-оңай айқындалмайды. Өнер құбылыстарды философиялық тұрғыдан терең бейнелеу үшін адам характеріне, мінезге зер салады. Әдеби ұғымдағы характер – адамның белгілі бір жәйтке өзінің қатысын білдіруі, басқаға қарағанда даралық ерекшелігі, жанды, өміршең қалыптағы бөлек сипаты.

Характерді бейнелеу әдебиетте бірден пайда болған жоқ. Аристотель “Поэтикада” көркем шығармаға қажетті ең шешуші шарт, бірінші шарт – сюжет деген. Расында, көне грек трагедияларындағы, “Одиссея”, “Илиада” эпопеяларындағы негізгі тірек – оқиғалар жүйесі.

Осы пікірді түркі халықтарының эпостары жайлы да айтуға болады. “Алпамыс”, “Ер Тарғын”, “Қамбар” жырларында мінездік, характерлік даралықтан гөрі, фабулалық айырмашылық мол.

Ал, орта ғасырдағы Европа әдебиетіндегі бірталай бейнелердің өзегінде көп қайталанатын діни, мифтік әрекеттер жатыр. Бейненің характерлікке жетуі – реалистік әдебиетке тән сапалық қасиет.

ХХ ғасырда үлкен суреткерлер бейненің ішкі, соны мүмкіндіктерін ашты. Жюль Верн мен Уэллстің романдарын салыстырсақ, арасында көп айырмашылық бар. Жюль Верн шығармаларындағы мол фактілер ғылымнан, әр түрлі зерттеулерден алынған. ХХ ғасыр суреткері Уэллс шығармаларындағы басты конфликт - әлеуметтік конфликт, соларды ғылыми идеямен байланыстыра беру, астастыру.

Бүгінгі таңда өнер адам тағдырында қандай бұралаңдар, қандай ащы зар, қандай алапат ерлік болса, бәрін бейнелей алатындай, өмірдің өзіне ұқсас түр тапқан.

Мазмұн мен пішін арасындағы қазіргі байланыс бұрынғыдан әлдеқайда күрделі. Бұл ретте Карл Маркстің “Пішін – мазмұнның ішкі рухани көрінісі” деген пікірі еске түседі. Нәзік өрнектің бір қылы үзілсе, бүкіл шығармаға нұқсан келері сөзсіз.

Дәуірге, осы заманға лайық, әрбір адам өзінің ішіне үңілген, тұлға даралануы күшейіп, психология күрделене түскен, адамдар арасындағы қым-қиғаш қатынас тереңдеген кезеңге лайық туған түр Шыңғыс Айтматовтың әр шығармасында жаңғырып көрінеді. “Ана–Жер-Анадағы” ой ағымынан “Қош, Гүлсарыдағы” ой ағымы мүлде бөлек. “Ғасырға тете күн” романы тіпті басқа.

Европаның модернистік жаңа әдебиетіндегі түр мәселесі Марсель Пруст, Джеймс Джойс, Франц Кафка шығармаларына байланысты сөз етіледі. Бұлардың бәрін ұқсас көрсететін ортақ нәрсе: адам психологиясының терең де күрделі қабаттары сан-алуан формалық тәсілдермен бейнеленген. Қашанда бейне объективті дүниенің субъективті сәулесі, ешбір өнерпаз бұл ықпалдан шет қала алмайды.

Альбер Камюдің негізгі шығармалары топталып басылды. Оның да басты принципі “объективизм” еді. Бірақ “Оба” повесін оқысаңыз, жазушы пікірі мен көркем шығарма арасында қанша алшақтық жатқанын көруге болады. Өмір құбылыстарын бейнелемей, өмір туралы толғамай, әдебиет аттап баса алмайтынына тағы да көзің жетеді.

Шыңға шыққан бейне, үлкен талант қолынан туған типтер уақытқа, заман тосқауылдарына, ұлттық айырмашылықтарға, нәсілдік өзгешеліктерге бағынбайды. Осы іргеден көркем шығармашылық пен дүниетаным арасындағы диалектикалық байланыс пен қайшылық туады.

Революцияны түсінбеген Лев Толстойды Ленин “Орыс революциясының айнасы” деп бағалады, монархияны жақтаған Бальзак – Марксті, Энгельсті таң қалдырған романдардың авторы. Бұл тылсым, ұғынуы қиын құбылыс емес. Суреткер қиялы арқылы, талант арқылы өмірді негіз ете отырып, жаңа бір дүние жасайды, ол кемпірқосақ сәулесіндей алуан бояулы жарқыраған, мағыналы, соны әлем. Бұл ретте өнер ғылымнан, оның көп салаларынан ілгері кетеді.

Шын суреткер, хас талант кей кезде қоғам құбылыстарын таза ғылыми-философиялық тұрғыдан прогрессивтік ағымның өкілі ретінде ұғынбаса да, өмірдегі тартысты көркем бейнелер арқылы реалистікпен бейнелей алады. Бұл құбылыс бір жазушы, бір шығарма төңірегінде әр алуан концепция, сан қилы зерттеулер тудырады.

Шекспирдің “Гамлеті” орайында жазылған нәрселердің көлемі ұлы трагедияның өз көлемінен әлдеқайда көп. Әдебиеттану ғылымының принциптері, методологиялық негіздері объективті арнаға түсіп болмаған кездерде дүниетанымға қарағанда көркем шығармашылық өрісінің кеңдігі ескерілмейді.

Әдеби бейнені жанрға байланысты эпикалық, лирикалық, драмалық бейне деп саралау Аристотель, Гегель заманынан бар нәрсе. Екінші бір жүйе – мінезінің қай қыры айқынырақ, бедерлірек көрінсе, соны негіз етіп те бөледі.

Бейне үшін дыбыс, сөз, сөз тіркесіндегі бейнелілік, әуезділік, бояу – аз. Білімділік, ділмарлық, көп көру – бұл да жеткіліксіз. Дүниеге шығарма әкелетін қуатты күш – көзі ашық дүниетанымға сүйенетін суреткер қиялы, қанатты фантазия.

Қыл-қысқасы өмірлік шындық пен көркем шындықтың арасындағы көпір, оларды жалғастырушы буын, мағыналы арна – бейне.

Жеке бейнелерді талдағанда тұлғаны мазмұндау, мінездеу үстіне, бейненің өміртанытқыштық, эстетикалық-сигналдық функцияларын айрықша баса айту керек. Сұлулық, әсемдіктің әлеуметтік мұраттармен тығыз байланыста екендігін көркем шығармаларды талдаған кезде анық түсінуге болады...


З.Серікқалиұлы

Сұлулық салтанаты
Көркемдік тұрғысынан дүние сырын игеру – жаратылысы шындығына, әр нәрсе, әр құбылыстың мән-мағынасына талдау, саралау жолымен жай ойлана үңілу ғана емес, ол – ең алдымен күллі әдемілік әлемін, сұлулық сипатын бар табиғатыңмен беріліп жан-жақты тану, рухани жан-жылуыңмен егжей-тегжейлі сезіну. Платон мен Аристотельден бастап ғасырлар бойы адам баласы, ақыл-ой, парасат осы дүние көркі мәселесі төңірегінде үзбей толғанып келген. Бұл тақырыпқа байланысты қазіргі заман эстетикасында да пікір таласы толастап көрген емес. Мұны байыпты шешу – көркемөнер қазынасының бір жұмбақ тылсым құпиясын ашу деген сөз.

Табиғат сұлулығы мүлдем жаңаша өнер шапағатын дарытып, өзінің күнделікті тәжірибесімен “бүкіл дүние көркін көрсетуге” бел шешіп кіріскендерді де (М.Пришвин) терең толғандырады. “Табиғатты сүйем, сұлулыққа бас ием”, дейді Байрон. Әлем жаратылысының заңдылықтары, көркемдік таным мүмкіндіктері жайында Абай да ойланады: “Әуелі көзді көрсін деп беріпті, егер көз жоқ болса, дүниедегі көрікті нәрселердің көркінен қайтып ләззат алар едік?” (Жиырма жетінші сөз).

Дау жоқ, дүние көркі тікелей түйсіну, жүзбе-жүз табысу арқылы танылады. Әсіресе төңірегіне іштей бір есеппен, бас пайдасы тұрғысынан қарамай-ақ, адам өзін қоршаған тіршілік тынысынан бір рақат, ләззат таба алатындығының айырықша мәні бар. Мұндай қатынасты Кант та, Чернышевский де жоғары бағалаған. “Орман кітабы тек өзім үшін қолма-қол бір пайда табу көзі деп ешқандай есеп-қисапқа берілмей, шын ықыласымен оқығысы келетіндердің игілігі”, дейді М.М.Пришвин. Ал, Шелли: “Шынайы жыр жасырынып тұрған дүние сұлулығының шымылдығын сыпырып тастайды”, деп жазған. Суретшілер мен ақын-жазушылардың жаратылыс көркі жайлы мұндай лұғат пікірлерін шексіз мысалға ала беруге болар еді. Өнер адамының қай-қайсы да бұл мәселеге соқпай кетпеген.

Шынында да әдемілік бір қарағанда табиғат құбылыстарының өз еншісі тәрізді. Марксизм де кеңістік көрінісінің жер бетінде адам ұрпағы тарамастан бұрын-ақ пайда болғанын дәлелдейді. Сонда қалай, табиғатқа осы о бастан адам еркінен тыс эстетикалық қасиет, әдемілік белгілері тән шығар?

Жаратылыс көркі адам қатынасынан тыс, өз алдына жарасты әдемілік әлемі екенін Л.Н.Толстой көзқарасынан аңғаруға болатын тәрізді: “...қас қағым сәтте-ақ бір құдірет-күш билеп, сұлулық мені баурап алатын... Кейде тіпті қаракөлеңке бақта жападан-жалғыз отырып, мынау көлге, мынау жағалауларға қарай-қарай, жаңарым арқылы сұлулық жаныма құйылып жатқандай ғажайып әсерге берілетінмін”. Ұлы жазушы толғанысына назар аударсақ, әдемілік – жаратылыс ғаламатына таңдана, тамашалай қарайтын адам жанына сырттан құйылатын, сырттан даритын ізгілік нұры.

Венгр ақыны Шандор Петефидің “Тауда” дейтін өлеңінде де адам қарсы алдындағы кең дүниені сүйсіне тамашалайды. Сұлулық онан оқшау, өз алдына жеке-дара көрінетін қасиет тәрізді. Туған жер көркі жан ләззатына бөлейтін қандай толғаныстар түрін де біз қазақ қаламгерлерінің кез келгенінен қалағанымызша таба алатынымыз хақ...

...Табиғат құбылыстарының теңдестік, ырғақтық, ара-қатынастық белгілерінің өзі әдемілік ұғымымен барынша байланысты. “Жыр өнері туралы” дейтін эстетикалық еңбегінде-ақ Аристотель сұлулық сыры заттың көлемі мен орналасу тәртібінде деп көрсеткен. Жаратылыс көркінің құрылымдық белгілеріне Платон өлшем мен теңдестікті, Леонардо да Винчи – арақатынас жарасымын жатқызады. Зерттеушілердің қай-қайсын алсаңыз да, сұлулықты қашан да тек осы жарастық қатынасынан, теңдестік сазынан, түр мен ырғақ, бояу құбылысынан тапқан...

...Көркемөнердегі келесі бір табиғат тұжырымдамасы (концепциясы) негізінде адам мәнісі жетекші орын алған. Идеалистер сұлулық ұғымын қоғаммен, адаммен байланысты қарастырады. “Құдайсыз”, “жансыз” жаратылыс көркін олар онша бағаламайды, мойындамайды. Бұндай көзқарас, әрине, рухпен салыстырғанда табиғат екінші дейтін қағиданы жастанған идеализмнің өз болмысынан өрбіп жатыр. Әдемілік идеядан туған, сондықтан да ол өнер шығармасында бүкіл мұрағияттың (идеалдың) бастауы, негізі ғана болып табылады. Дүние көркінің құдіретті бір сұлулық идеясына тәуелділігін Платон да ата көрсеткен. Кант асқақтық қадір-қасиет табиғатта емес, тек адам жанында деп біледі. Өзіндегі табиғаттан үстемдігін сезінгені сияқты, адам өзінен тыс жаратылыстан да өз артықшылығын аңғарады. Гегельде табиғи әлем әдемілігі рухани өрісі, еркіндігі кең көркемөнер сұлулығынан көп төмен жатыр. Әйгілі неміс философы құрылым, құрылыс жүйесін әдеміліктің төменгі сатысы деп есептейді, пейзаж онда бір саты биік, одан кейін жанды табиғат кетеді, бірақ оның да көркі онша асып бара жатқан жоқ. Гегель пікірінше, шын сұлулық пен көркемөнер күретамырын, мазмұн байлығын айқындайтын тек адам қатынасы ғана...

...Ал өмірде сұлулық мәнісі күрделірек. Қоғам да табиғатқа жайдан-жай өзі тарапынан көрік дарыта бермейді, керісінше, табиғат та өзімнің ішкі қасиетім деп қоғамға сұлулық сырын оп-оңай аша салмайды. Егер біз қоғамды жеке адамдармен алмастырсақ та жағдай өзгере қоймас еді. Дүниені бар кезеңде де соншалық әдемі қылған тек адам емес. Маркс пен Энгельс жаратылыстың шын сұлулық түсінігін мейлінше дәл бағдарлап берген. Оған ешқандай бөгде күштер мен қабілеттерді телімей-ақ, өзі қандай болса сол күйінде көре білу керек. “Сұлулық дегеніміз – адам жанымен танылып, адам санасында бейнеленген табиғи-әлеуметтік құбылыс”, деп жазады профессор В.П.Тугаринов. Осы көзқарас бізге біршама дұрысырақ көрінеді. Өйткені табиғатқа тән ақиқаттық (объективтік) қасиеттерсіз, адамның оған өзіндік жеке (субъективтік) қатынасынсыз сұлулықты сезіну мүмкін емес. Көркемдік, әдемілік ұғымының өн бойына осы екі қасиеттің екеуі де ұялаған, біреуінен бас тартсаңыз екіншісі бәрібір жеке-дара сұлулық сырын жеткізе алмайды.

“Табиғатшылар” тікелей балап, әдемілік орнына қолданып жүрген өлшемдестік, үндестік шарттары табиғат құбылыстарының құрылымдық белгілеріне жататынын ашып айту керек. Олар дүние көркін құрайтын біртұтас арақатынас, байланыстар жүйесінің бөлшектері, құрамы ғана. Жаратылыс құбылыстарының сандық, сапалық өзге белгілері жайында да осыны айтуға болады. Бұлардың әсемдікке тікелей қатысы бар, бірақ олар өз алдына әдемілік әлемін түзе алмайды.

Сонымен, сұлулық дегеніміз өнер туындысының аса маңызды сапалық қасиеттерінің бірі, қос мазмұнды, екі ұдай ақпарат береді: нақты табиғат болмысы және адам баласының әсерлік, рухани қатынасы, көңіл-күйі...

С.Негимов

Ырғақ
Ырғақ көне құбылыс. Көркемділік те, тәртіптілік те, мәнерлілік те осында. Мұның төркіні – еңбек. Ырғақ жүйесі еңбек тәртібімен, мақсатты іс-қимылмен ұштасып жатады. Атап айтқанда, егер осы қимылды уақыт ішіндегі процесс ретінде қарастырсақ, онда ол гармониялық қозғалыс – ырғақ есебінде жұмсалады.

Адам табиғаты, оның көркемдік-эстетикалық санасы дәлділікті, нақтылықты, жүйелілікті мәңгілік өмір серігі етіп алды...

...Ырғақ жарасымдылығын, жатықтығын тудыратын буын санының белгілі бір мөлшерін, біркелкілікке көшіретін тұрақты бунақ құрылысын және бунақ жігінің кеңісітікке байланысты алғанда, келісімді уақыт ішінде мейлінше нақпа-нақ келіп отыруы, келісім мен үнге бейімделуі, белгілі бір бөлшектердің шамаластыққа, ұқсастыққа сүйенуі, орайлас ұйымдасуы, тәртіпті түзіліске, жүйелілікке, амал-тәсілге бағынуы, кірпіштей қалануы, сәйкестендірілуі осыны дәлелдей түседі. Әрине, осының бәрі өзгеріссіз қалып қойды деуге болмайды. Қоршаған ортаға деген материалистік көзқарас үздіксіз дамып жетілуде болатындығын, өзгеріске енетіндігін білеміз. Бұл орайда өлең үні, көркемдік құрылысы, әрине жаңа мағына, тың сапа, соны өрнек үстеуі, дәстүрлі өлең тілінің бүтіндей жаңаша құрылуы табиғи, әрі тарихи құбылыс. Әлбетте, халықтың көркемдік ойлау жүйесі мен есту мәдениеті үшін поэтикалық шығарманың дәстүрлі өрнек шеңберінен шығып, байырғы өлең үнінің жаңаша әуенге көшіп баюының өзі қажеттіліктен келіп шығады. Соны өзгерістердің, тың әуеннің эстетикалық әсері, көркемдік қуаты айрықша.

Ырғақтылық, структуралық құрылымындағы қайталанушылық, кейбір көркемдік компоненттердің тәртіппен, жүйелілікпен оқтын-оқтын оралып отыруы поэзиядағы көркемдік құралдардың бірі болып есептеледі. Ол поэзиялық шығармалардың эмоционалдық-образдылық қасиетін арттыра түседі. Өлеңге сымбат, келісім береді, сәйкестікке, өлшемдестікке көшіреді. Құнарлы ой айтуға мүмкіндік тудырады. Дәуір тынысын, замана шындығын, адам жанының сан иірім сырларын, психологиялық табиғатын, ішкі сезімді сездіруге ырғақ құдіреті жетеді. Ырғақ мінезінде ерекше әсерлілік, өтімді өткірлік, жеңіл ойнақылық, үрдіс қимыл, жатықтық, асқақтық бой көрсетеді. Соншалықты поэтикалық әсемдік, философиялық ой, психологиялық құбылыс жарастық тапқан...

...Уақыт озған сайын, өлең өлшемдері жетіле келе жаңа ырғақтың пайда болуы, тілдік материалдың жаңаша түзілуі заңды құбылыс. Бұған қарағанда қазақ өлең тілінің мол мүмкіншілігі пайда болып, ырғақ құрылысында тың өзгерістер жасалынуы мүмкін ғой. Сондықтан да қазақ өлеңі ырғағын, оның бітімі мен болмысын, өзіндік сыр-сипатын тануға тырысып көреміз. Осы поэзиялық тәсілге қысқаша анықтама бере кетсек, онда қазақ өлеңіндегі ырғақ дегеніміз буынға негізделіп, бунаққа жіктеліп, бір тармақ құрап, әрі қарай жүйелі қайталанып, үйлесімділік тудыратын түр. Ал қазақ өлеңі ырғағын үш салаға бөліп қарастырамыз.

Бірінші. Жүйелікке, үндестікке, дыбыс әуезділігіне құрылатын дәстүрлі өлең үлгілеріндегі әуендік ырғақ. Мұнда ырғақтық бөлшектердің қабысуы, бір-біріне пара-пар келушілігі бар.

Екінші. Жазба әдебиет өкілдерінің, атап айтқанда, Абайдың “Сегіз аяғындағы” келте тармақтарға құрылған ырғақтар. Атап айтқанда, бір фраза, бір сөз тіркесі келте ырғақтың ең шағын бірлігі болып есептеледі.

Үшінші. Жазба әдебиет өкілдері поэзиясындағы алуан үнді айнымалы ырғақтар...



В.Е.Хализев

Мәтін
Алғаш рет және мейлінше терең бұл термин тіл білімінде орныққан. Тілтанушы үшін мәтін дегеніміз өзінің белгілі қасиеттер жүйесі бар табиғи тілдің қолданылу үрдісі. Оған байланыстылық пен аяқталғандық тән. Мәтін өзін сырттай қоршаған ақиқат сөйлеу мен сөйлеуден тыс. Қарапайым тілмен айтсақ, ол сөйлемдердің ажырамас коммуникативті бірлігі бола отырып, айқын аңғарылатын басы және соңы бар құрылым.

Тілдік түсініктегі мәтін белгілі бір жағдайларда тар мағынада (“белгілі бір мағыналы қатардың тілдік айтылуы” ретінде1 ) және басқа да кең мағынасында сонымен мәтін лингвистикасы деп аталатын ғылыми пән мәтінді сөздік құрылым ретінде қарастырады.

“Мәтін” термині әдебиеттануда да кеңінен қолданылады. Бұл әдеби шығарманың тілдік қыры, ол әдеби шығарманың заттық-бейнелілік сипатымен (шығарма әлемі) және идеялық-мағыналық саласымен бірлікте болады. Теориялық поэтиканың мәселелерін талқылай отырып, 1970-жылдары Ю.М.Лотман былай деп жазған болатын: “Мәтін мен көркем шығарма бір нәрсе деген ұғымнан үзілді-кесілді бас тартуымыз қажет. Мәтін-көркем шығарманың компоненттерінің бірі ғана... Көркемдік әсер жалпы алғанда, өмірлік және идеялық-эстетикалық болмыстың күрделі комплексінен туындайды”2.

Қазіргі ғалымдар әдеби-көркем мәтіннің “кеңістігіне” (оның тілінен басқа) жазушы бейнелеген өмір шындығын, идеяларын, концепцияларын, мағыналық жақтарын, яғни көркем мазмұнды енгізіп жүр. Бұндай жағдайларда “мәтін” мен “шығарма” синонимдер болып қалады.

Бірақ әдебиеттануда мәтін туралы ұғымға тілдік бірліктердің ұйымдасқан түрде ретімен келуін айту орныққан. Осыған байланысты шығарманың негізгі мәтіні және қосымша мәтіні (тақырыптың атауы, ескертулер, эпиграфа, кімге арналғандығы, авторлық алғысөз, жазылу орны мен уақытының көрсетілуі, сонымен бірге драмалық шығармалардағы қатысушылардың тізімі мен ремаркалар) болады...

С.Н.Зенкин

Әдебиетке интертекстуальды қатынас
Мәтіндердің өзара қатынасы тарихи тұрғыдан әдебиетшілер тарапынан эволюциялық қатынасы ретінде ұғынылып келді. Әдебиеттің эволюциялық бірнеше модельдері бар.

Модельдің түп-төркіні филиация, яғни туындау тікелей ізбасар болу. Осы тұрғыдан келгенде әдебиеттегі әрбір жаңа құбылыс өзінің алдындағы құбылыстардан шығып отырады. Бұл модель бұхаралық санада әлі күнге дейін билік етіп келеді. Мұның ішінде бірінші қатарға дамудың үздіксіздігі шығады. Эволюция қатарына ең маңызды белгіленген нүктелер оқшаулана көрінеді, ол классика (ұлт әдебиетінің, жанрдың, белгілі бір автордың жеке шығармашылығындағы). Классикамен салыстырғанда басқа мәтіндер оны дайындаушы, оның даму немесе дағдарысқа түсу көріністері. Мұндай модельде биологиялық идеялар басым тұрады, Әдебиеттің дамуы жанды организмнің дамуымен сәйкес зерделенеді.

Әдебиет теориясында филиация моделі әлдеқашан ескірген болып есептеледі. В.Б.Шкловский мен Ю.Н.Тынянов оны сынай отырып жүйелі-динамикалық жаңа концепцияны ұсынды. Тынянов шығарманың генезисі мен көркемдік жүйенің эволюциясын өзара бөліп қарастырды: генезис жеке фактіге, ал эволюция жүйелі тұтастыққа қатысты. Филиацияның дәстүрлі құбылыстары генезис ұғымымен жабылады да мәтінді жасаудың жеке жағдайлары болып табылады (өмірбаяндық фактілер, тарихи оқиғалар және “әлеуметтік тапсырыс” қажеттіліктері). Жалпы алғанда генезис - әдебиеттен тыс құбылыс, бұған қарама-қарсы эволюция әдебиеттің ішкі мазмұнын үйлестіреді. Әдеби жүйеде көркемдік құрылымның басты факторының доминанты оқшауланады, оның ауысуы немесе алмастырылуы бүкіл жүйенің мағынасын өзгертеді. Доминанттардың өзгеруі – бұл мәтіндегі басымдық үшін конструктивті күштердің динамикалық процестегі күресі болып табылатын әдеби эволюцияның мәні... Әр дәуірдегі әдебиетте кем дегенде өзара бәсекелес, “үлкен” және “кіші” иерархиялық бірдей емес дәстүрлер өмір сүреді. Даму барысында үлкен бұтақ бірте-бірте күшін жойып, кішіге жетекшілік орынды береді. Бұл кіші бұтақтың канонға айналуы деп аталады. Бұл концепцияның артықшылығы дамуды алдыға шығаратындығы дамуды тартыс ретінде түсіндіретіндігі. Кемшілігі бұл процестің механикалығында: екі күресуші арналар бір-біріне бөтен бола отырып қалайша қарым-қатынасқа түсетіндігі сөйтіп қалайша прогресс жасай алатындығы.

... Интертекстуальдықтың жаңа концепцияларында әдеби дамудың диахроникалық бағыты іс жүзінде алынып тасталынған. Әдебиеттің барлық туындылары уақыт бойынша емес, кеңістіктегі универсалды кітапхана (Борхес бойынша) негізінде орналасады. Бұл оқырманның кеңістік бойынша еркін жұмыс істеуінен туындап, мәтіндер өзара көршілес және қарым-қатынаста тұруымен түсіндіріледі.



Ж.Дәдебаев

Көркем шығарма және оның негіздері
Әдеби шығарма негізінде дерек, факт жатуы, тарихи дәуір шындығын көрсету үшін жазушының шығарма желісін бастан-аяқ тек қана тарихи болған оқиғаға құруы шарт емес. Алайда шығарманың материалдық болмысын, өзегін тарихи белгілі, ақиқат оқиғалар құрамайынша, белгілі тарихи дәуірдің шындығын шынайы суреттеу тағы да қиын. Өткен тарихи дәуір шындығын суреттейтін қазіргі қазақ романының көркемдік жүйесінде, идеялық, тақырыптық болмысында тарихи фактінің атқаратын қызметі өте жоғары.

Документ, факт жазушыға шындықтың бар болмыс-бітімін, мәні мен мағынасын, сыры мен сымбатын ашып бере алмайды. Өмір шындығы мен өнер шындығы арасында жер мен көктей айырмашылық барын ірі суреткерлердің қай-қайсысы да айтады. Мысалы, Л.Н.Толстой, өзінің бар еңбегі өмірлік құбылыстарды іздеп, жинап, оларды көшіру ғана болса, онда оларды жариялауға ұяты жібермейтінін айтады1.

В.Г.Белинский тарихи факт дегеннің шебер үшін кірпіш пен тас қана екендігін, олардан сәулетті ғимарат жасау тек суреткердің ғана қолынан келетін ғажайып іс екендігін жазады2. Ал К.Паустовский өзінің “Алтын раушан” повесінде жазушы еңбегін зергерлік шеберханалардың шаң-тозаңы арасынан алтын ұнтағының түйіршіктерін бір-бірлеп теріп жинаған, ақырында одан алтын раушан жасаған Шаметтің бейнетімен салыстырады.

Өмірдің шындық құбылыстары мен оқиғаларының қалың тасқыны арасынан қажетті, типтік сипаттағы маңызды, мағыналы фактілерді көре білу үшін де зергерлік зерде қажет.

Жазушының өмір материалдарының мол тобын іздеп тауып, оны байқап бақылауы да, танып байымдауы да қиындығы мол, қияметі көп жұмыс. Бірнеше емес, бір шығарманың материалдық негізін анықтау, бірнеше емес, бір жазушының өмір шындығын игеру процесіндегі өзі мен өзгелерге ортақ белгілер, сипаттар және өзгелерде жоқ, оның өзінде ғана бар бөлек ерекшеліктерді анықтап байқаудың, бағдарлап пайымдаудың өзі де оңай шаруа емес. Шындығында жазушының өмір материалдарынан өнер туындысын жасау процесінің басты сатыларын, қиын, нәзік иірімдерін, көпшілікке беймәлім қырларын анықтауға талпынып, оның қайсыбір жайларының мәнісін ұққан сайын, шығармашылық өнердің шын сырларының құпия, жұмбақ сипаты айқындалып, арта түседі. Әйтсе де жазушы еңбегінің терең сырларын тану мүмкіншілігін жоққа шығаруға болмайды, бірақ оның барша шетін, нәзік, терең иірімдерін жете білу мүмкін емес. Жазушының тарихи шындықты сұрыптап, екшеу, жинақтауының басты ерекшеліктерін анықтау осы бір өте күрделі, көп сатылы процестің кейбір маңызды негізгі деген қырларын тануға көмектеседі әрі әдеби шығарманың көркемдік-идеялық бітімін, поэтикалық жүйесін анықтауға жол ашады...

...Қазіргі қазақ романының мағыналық құрылмын түзеп, оқиға желісін құрап отырған өмір құбылыстарының ерекше бір тобы бар. Ол әдеби көркем үлгілер. Қазақ әдебиетінің өткен дәуірлерде жасалған ескерткіштері сол дәуірлер шындығы туралы шығармалардың ең басты материалына айналды. Тарихи өткен дәуірлерде өмір сүрген көркем және ғылыми творчество өкілдерінің қалдырған әдеби және ғылыми мұралары олардың өмірі мен дәуірі туралы жазылған бүгінгі көркем шығармалардың айырықша сипаттағы “документтік” негізі қызметін атқарып отыр.

Творчество адамдарының бейнесін жасауда жазушы үшін олардың өмірбаяндық мәліметтерінің мәні ерекше жоғары екендігінде сөз жоқ. Сөйткенмен ең толық өмірбаяндық мәліметтің өзі де творчестволық қайраткер жасап қалдырған мәдени әдеби мұра беретін бай материалдан әлдеқайда төмен, мәнсіз. Өйткені өмірбаяндық фактілер, көбіне адамның өмір жолындағы белгілі кезеңдерді, олардың сәттік суретін ғана көрсетеді. Ал белгілі қайраткердің творчестволық мұрасы оның бар ішкі жан дүниесін, ойлау, сезіну мәнерін, тіпті жақсы көру, жек көру сипаттарына дейін түгелдей танып-білуге мүмкіндік жасайды. Бұл ретте және де мына бір қағидаға құлақ асқан дұрыс секілді:

“... Көркем шығарма бітімі бөлек бір ерекше айна іспетті. Бұл айнадан екі нәрсе қатар көрінеді: онда бейнеленген өмір шындығы және оны бейнелеген суреткер”1 деп жазды М.С.Каган. Қазақ ғалымы М.Қаратаевтың пікірі де осы арнадан шығады: “... өнер шығармасы өмір шындығының айнасы болуымен бірге өнер жасампазының да рухани дүниесінің айнасы болып табылады”2. Болгар ғалымы С.Василевтің пікірі де осындай. М.Храпченко, М.Бахтин секілді білгір ғалымдардың ойлары да осы арнадан табылады3.

Көркем шығарманың көркемдік-идеялық деңгейі жазушының творчестволық ойлау сипатымен, дүниетанымы және суреткерлік шеберлігімен тығыз бірлікте анықталады. Шығармадағы кейіпкер, әрине, автордың творчестволық еңбегінің жемісі екендігінде дау жоқ. Сонымен қатар кейіпкер мен автор арасында, жалпы көркем шығарма мен автор арасында көзге көріне бермейтін нәзік, бірақ нақты сабақтастық бар. М.Әуезов кейіпкер интеллекті дегеннің өзі жазушы интеллекті екендігін айтады4.

Айтылған пікірлер бойынша, творчество адамының нағыз бейнесі, өмірі және ол өмір сүрген дәуір табиғаты оның творчествосында да барынша толық бейнеленеді. Бұл тек теориялық болжам емес, реалды шындықтың өзі. Бұл тақырыпқа көркем шығарма жазам деген қаламгер алдында олардың өз творчествосын жете игеруі, сол арқылы творчество адамының өз бейнелерін айқындап, зерттеу міндеті тұрады. Жазушы жасайтын көркем образ бен ол образ әрекет ететін ортаны осылай ерекше деректерімен үйлестіру қажеттігі туады. Егер жазушы қолында осы материалдардың екі тобы да толық болған жағдайда, бір мәселе профессионалдық шеберлікке, ол шеберліктің бетін белгілейтін суреткерлік тенденцияға келіп тіреледі...



А.Егеубай

Тарихи шындық пен көркемдік шындық.

Әдеби әдеп. Түр мен мазмұн
Ежелгі әдеби мұралардағы кейіпкерлер, жеке адамдардың тұлғалары тарихи негізділікті білдіреді. Шығармада көп айтылсын, аз айтылсын, немесе бір-екі жерде аталып қана қала ма, бәрібір тарихта болған, жоқ дегенде ел ішіндегі тарихи аңыз-хикаялардан таныс тұлға болып шығады. Кейін қалыптасқан ұлттық әдебиеттердегі кейіпкерлерде әсірелеу де, ойдан қосылған, қиялдан туған бейнелер де кездесе береді. Мәселен, Орхон-Енисей жазбаларындағы ауызға алынатын тарихи тұлғалардың барлығы түркі қауымына шежіреден таныс есімдер, “Диуани-лұғат-ит-түрк” кітабындағы тарихи адамдардың аттарының өзі-ақ көп жайдан хабардар етеді. Тек, “Құтадғу білік” дастанындағы төрт кейіпкер табиғатында ғана мақсатты шарттылық Әділет, Ақыл, Дәулет, Қанағат – байқалып қалады. Бірақ, соның өзі шығарманың мақсатынан, көркемдік бітімінен туған шарттылық. Ежелгі әдеби мұралар тарих, философия, этнология үшін құнарлы топырақ сынды болып келеді. Этнологияға қатысты небір нұсқалы материалдар, тарихи бағалы деректер осы әдеби мұралардан алынуда. Бұл орайда ежелгі әдеби мұралардың рухани арқау қызметін атқаратыны анық.

Ал, ежелгі шығармадағы жеке адам тұлғасына қатысты әдебиетпен бірге сан қырлы тарихи, философиялық арналардың рухани, ғылыми мүдделері келіп тоқайласады. Жеке адамдар тұлғаларының тарихи тұғыры нақты көрінетінін айттық.

Сонымен бірге кемел келісті парасатты адам қандай болмақ деген философиялық мәні терең сауалға да ежелгі һәм кейінгі жаңа әдебиет жауап іздеумен келеді. “Кісіліктің кісілігі – кішілік!” – деп кесіп сипаттаған Жүсіп Хас Қажыб Баласағұн осы мәселеге өте-мөте жақын барғандай. Ханы бар, қарашасы бар, қоғам мүшелері қандай болу керек дегенде, айналып келгенде “Құтты біліктің” авторы кемел адамды іздейді. Білімді, парасатты, кісілікті толық адам, кемел кісі. Ізгілікті қоғам үшін де, кемелді мемлекет болу үшін де сол кемелділік қажет. Кемелділіктің белгісі – білім-парасат, ақыл, қанағат, кісілік жолынан айнымау. “Құтадғу білік”, “Диуани хикмет”, “Хибатул-хақайық” секілді шығармаларда жақсы көрінген осы кемел адам келбеттілігі кейінгі жыраулар поэзиясында, классикалық қазақ ұлттық әдебиетінде барынша терең із салып, жалғаса түсті. Қадірлі қайырымды қоғам мүшелері қандай болмақ керек. Осы мақсатты ойды ерте ортағасыр, ортағасыр әдебиеті қозғамас бұрын, адам қаһармандығына, адам табиғатындағы болымсыз қасиеттерге сын атақты Орхон-Енисей жазбаларынан өрбігендігі мәлім.

Ол жазбалардағы түркі қағандарының азып-тозып, түркі елінің жүдеп, түркі рухының жұтауына қатысты ашына айтылған ащы толғамдары да көп жайды аңғартады. Түркі қағандығы неге әлсіреді? Неге азып-тозды? Осынау риторикалық сауалдар арқылы ежелгі түркі жырауы елдік намысты қоздырып, елдік мүдде алдында еңсені тіктеуге шақырған-ды. Ол жырларда нақтылық басым еді. Тарихи жағдай, тарихи шындық, тарихи тұлғалар алдыға тартылған. Неге түркі ұлдары – құл, қыздары – күң болды деп күңірене сауал тастайтын. Жарты дүниені аузына қаратқан түркі қағандығы неге әлсіреді деп толғанды. Ал, Әл-Фараби даналығынан бергі кезеңдерде құтты қоғам болу үшін не істеу керек, кемелді адам санатына кімдер кіреді, білікті жан қандай болмақ жөн деген төңіректегі бір жағы философиялық, бір жағы ақлиқаттық-ақылгөй толғамдар белең алды. Үгіт, өсиет-насихат, ғақлия саздары күшейе түсті.

Ортағасырлардың соңына қарай, жаңа ұлттық әдебиеттер қалыптаса келе кемел кісінің бүкіл жан-дүние болмысы, психологиялық бітімі саралана бастады. Кәдімгідей әлеуметтік сымбаты бедерленді. Білікті, тілі құнарлы, ақлиқатқа берік, ойлы, қайратты, ақылды адам тұлғасы хатқа түсті. Жайсаңдық, жомарттық, мәрттік секілді қасиеттер сарапталды. Абайдың өзі: “Асыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден ерек..”, деп берік парасаттылық талабын алға жайды. Әрине, жаңа әдебиеттің тегеурінді тұлғасы Абайға дейін де кісілікті кемел кісі тұлғасы мәртебелі биігіне жақындап келе жатқан-ды.

Алғашқы бөлімде түркі адамының ежелгі әдебиеттегі сындарлы сымбат-бітімі туралы арнайы тарауда пікір өрбіткен едік. Енді әдеби әдеп, кемел кісі толғамына қатысты ол әлеуметтік-ғылыми, әдеби көркемдік мәселені екінші бір қырынан қарастырып көрейік. Орта, ерте ортағасырлардан бастап, бертінге дейін түркі адамының кісілік тұлғасы белгілі бір канондарды ұстанып жалғасып отырды. Мәрттік, жайсаңдық, қуатты-күшті жандарға тән мархаббатылық, кісілік кемелділік... Бұл қасиеттер өмірде, қоғамдық-әлеуметтік қарым-қатынаста көрініп отырды. Ел бектерінің әуелі осындай қасиеттері марапатталды. Кісіліктің осындай сипаттары құрметтелді.

Кәдімгідей әдеп, қарым-қатынастың, жан-жүйенің ақлиқаттық кодексі деуге де болады. Әрине, оның бәрі жазбалардан, жылнама, шежірелерден, аңыз-әпсаналардан көркемдік таным үрдісінде әдіптелді. Тарихи шындық, өмір шындығы осы желіде ерекше жарасымды тоғысын тапты.

Әдебиет теориясының тарихи-көркемдік құбылысы саналатын бұл эстетикалық-танымдық, ақлиқаттық-кісілік шарттарды әдеби әдеп деп қараған жөн. Әдеби әдеп кісілік кемелділіктің әліппесі. Тұтас бір нәсілдің талғамын, ақлиқаттық сымбатын айқындайтын таным мектебі.

Әдеби әдепті ежелгі мұралардағы көріністеріне қарай бірнеше жүйелі желіге саралап, қарастырдық. 1) Жалпы халық эстетикасы мен талғамына тән белгілері: көркемдік, сүйкімділік, мәрттік, жарқын жүзділік, инабаттылық, жайсаңдық, қаһармандық, т.б. 2) Мейірімділік, қайырымдылық, жанашырлық, қанағатшылдық, адалдық, кісілік, т.б. 3) Жауынгерлік, жауға қаталдық, досқа жанашырлық, қайсарлық, ерлік, өрлік, тәкаппарлық, т.б. (Түйіндеп айтсақ, 1. Жан сымбаты; 2. Кісілік сымбаты; 3. Азаматтық сымбаты). Тұтастай алғанда бұл ізгілікті, жақсы қасиеттердің бәрі де бірегей бірлікте, халық танымында қалыптасып көрінген. Махмұт Қашқари осыларға қоса басқа да тамаша кісілік қасиеттерді нақтылап атап-түстеп берген. Ондай кісілік кемелділік қасиеттер “Құтадғу білік”, “Диуани-лұғат-ит-түрк”, тағы басқа ежелгі мұраларда келісті түзілімін байытқан. Екінші тарапта, адамгершілік-имандылық орайында жаратылыстан дарыған кісілік қасиеттерді діни қағидалар, шариғат, имандылық жөнімен тиянақтау бар. Әсіресе, Қожа Ахмет Иасауи, Сүлеймен Бақырғани, Ахмет Иүгнеки жазбалары арқылы жалғастық туып, сопылық санаттарға дейін өрбіген бұл имандылық қасиеттер де өзгеше табиғи ұнасымын тапқан. Әдеби әдептің үшінші бір түркі жұрты үшін ерекше мағыналы тарабы – жауынгерлік, қаһармандық, мәрттік, өрлік, т.б. бертінгі замандардағы әдеби ағымдармен астастыра қарағанда батыстың рыцарлық рухы мен қазақтың “жігіттік, сал-серілік, батырлық” рухы осыған жақындайды. Осы қаһармандық-жауынгерлік жөннен тараған.

Ол ұғымды түркі әдеби мұраларындағы жауыңды да құрметте, жауыңды осал деп ойлама, жауың болмаса сенің атағыңды, ерлігіңді кім паш етеді деген қағидалы сарындардан көруге болады. Сонымен бірге түркі жұртының тарихы мен тағдыр-талайына бұйырған жаугершілік замандардың шындығынан түзіліп, дарыған сипаттар.

Егер, ежелгі әдебиеттер тарихына жүгінсек, әдеби әдепті танып, қастерлеудің бір үлгісі ретінде Фирдоусидың Афрасиаб тұлғасын “Шахнамада” шынайы жырлауын айтар едік. Алып Ер Тоңға түркі дүниесінің символына айналған, халық аңыз-жырларына айналған тарихи тұлға. “Шахнама” дастанында Фирдоуси асыл тұлғаға қылау түсірмейді. Эстетикалық талғам тазалығының планетарлық, адамзаттық биігі десе де болар.

Әдеби әдеп пен әдеби канондардың өзара ұштасуы да қызғылықты әрі көңіл аудара тоқталатын заңдылықтар. Ол бір кезеңдегі, бір дәуірдегі шығармалар арасында да, заманы басқа, дәуірлері алыс мұралар арасында да байқала беретін көркемдік даму үрдісінің елеулі көріністері. Мәңгілік құтты, ұзақ ғұмыр іздеген Қорқыт ата, желмаясымен Жерұйықты аңсаумен өткен Асанқайғы, жер жәннатын іздеген кешегі мүйізді Өтеген сюжеттері мен мағыналарындағы өзектестік рухы тегеурінді, күшті. Топырағы бір, арман мүддесі бір. Бір халықтың мұң-мүддесі. Бақытты ел, қуатты қауым, дәулетті жер іздеген асылдар. Осы адамшылық ізгі армандардың біршама ғылыми, саяси-әлеуметтік тұжырым, бағдар үлгісіндегі көрінісі – “Құтадғу білік”. Бақытты, құтты қоғам, дәулетті заман, кісілігі кемел адамдар. Түптеп келгенде әр замана мұралары дегенмен, барлығының ата мұраты да, ата мұрасы да сол. Аталмыш туындылардың әдеби әдебі осындай мақсатынан көрінеді.

Кісілік кемелділік, әдеби әдеп ежелгі шығармаларда өмірде бар, қауым мүшелерінің басты кісілік белгілері ретінде жазылып отырған (М.Қашқари анықтамасы, ежелгі түркі жазбаларындағы тарихи тұлғалар келбеті). Бірте-бірте, сонымен бірге сондай болмаққа шақырып, кемел кісі мынадай болады, әдеби әдеп нышандары мынадай деген секілді өсиет-насихат түрінде айту басымдық алды. Мұсылман діні тарала бастаған кезеңнен кейінгі шариғат, тариқат, әдеттерді түсіндіру де әдеби әдепті байыта түсті. Жаңа ұлттық әдебиет (қазақ әдебиеті) пайда болғаннан кейінгі үгіт-насихат, ақылгөй даналық, дидактикалық сарындарды сол үрдістің заңды жалғасы деп қараған ләзім. Ертеректегі мұраларда кемел кісі осындай жан, солай болған деген сенім аңғарылса, бертінгі кейінгі заман әдебиетінде сондай болу керек деген талап-сауал басымдау рең байқатты.

Тарихи шындық пен көркем шындық арасындағы күрделі метаморфоза да тарихилық негізде, тарихи кезеңдер аясында ұғынықтырақ, қызғылықты көрінеді. Жоғарыда айтқанымыздай, ежелгі мұраларда тарихи тұлғалар мен тарихи құбылыстарда ойдан қосу, әсірелеу аз байқалады. Байқалмайды деген де шындыққа үйлеседі. Тарихи адамдар, тарихи оқиғалар бәз күйінде сипатталады. Тарихи шындық қана емес, поэтикалық басқа да ең бір көркемдік таным сарабынан өткен нышандарының өзі де тіршілік, тұрмыс көріністерінен қаз-қалпында көшіріліп алынған. Метафора, теңеу, эпитеттердің бәрінде де осы тарихилық ізі қалың. Жазушының, жырлаушының көркемдік қиялынан гөрі көркемдік талғауы, көркемдікті көру қабілеті, болмысты эстетикалық зерделеу таланты алға шыққандай. Белгілі дәрежеде реалистік ақиқат үстемдік құрған.

Кейінгі кезең мұраларында көркемдік шындық рухы үстем түсе бастаған. Көркемдік шындық, көркемдік шарттылық көрініс берген тұстарда эпикалық тыныс қиялы, қиял-ғажайып ертегілері сынды көркемдік кеңістіктер туындады. Ұлттық қазақ әдебиетінің пайда болған кезінен кейінгі классикалық туындылар табиғаты бұл пікірімзге толық дәлел. Ежелгі түркі әдебиетінде адам жаны мен тұрмыс-тіршілігінің жаратылыспен жақындығы, табиғатпен тектестігі басым көрінеді. Қазіргі заманғы әдебиетте “психологиялық параллелизм” деген анықтаушы атпен мағлұм сипаттар ежелгі әдеби мұраларда кең ауқымда кездеседі. Егер, “психологиялық параллелді” қазіргі әдеби туындылардан оқта-текте кездестірсек, ежелгі мұра беттерінде көзге ұрып тұрады.

Табиғат тіршілігінің, жаратылыс құбылыстарының өзі кейіптеулердің нәтижесінде жанды жаратылыс секілді әсер етеді. Жарқын жазды суреттеген Жүсіп Баласағұн (“Құтадғу білік”, ІҮ-тарау) түрлі-түсті суретке малынған, жазғы табиғаттың “тірі” жаратылысын көз алдына әкеледі. Көктемде түлеп, түрленіп, оянған табиғат. Құс, аққу, қаз, үйрек біткен шулап-шұрқырап, көлге жоғары-төмен ұшып-қонып жаратылыстың ойын-тойын қыздыра түскен. Елік, жайран, арқарлардың өзі жер қызуымен бірге елтіп, бусанып, ойнақ қағып жарқырап шыққан. Күн екеш күн де жайнап, ұмсына ұмтылды, Балықтан шығып Қозы жұлдызының тұмсығына ілінді. (Бұл жерде астрологиялық дәлдік ұшқыны тағы бір байқалып қалады).


Көкіш, тырна қиқу салып, үзіліп,

Ұшты көкте түйлердей тізіліп.


Серігін іздеп үн шығарып ұлар құс,

Аңсағанын шақырғандай гөзәл қыз!


Қасы қара, қандай қызыл тамағы,

Кекілік сайрап, күліп-күліп алады.


Қара шымшық шықылықтап баурайды,

Үні ерке қыз үнінен аумайды!


Елік – жайран гүл үстінде ойнайды,

Арқар, киік жұтпаса өріп тоймайды.


Қабақ түйіп, аспан жасын селдетті,

Гүл жүз ашып, күлімдетті жер-көкті.


Өзіне-өзі қарап жаһан бұл шақта,

Қуанып, сүйіп толды ғажап нұр-баққа.


“Түмен жылдар жүзім солған, тұл едім,

Тұл киімін шешіп, қайта түледім!”


Жаратылыстың оянуы, адам баласы жан-дүниесінің оянып, шаттануымен астасады. Жаратылысты, адам жанын кернеген тіршілік қуаты елді, хақан жұртын да аруақтандырып жіберген. Нұрлы хақанның, аруақты қағанаттың жасампаз шағы. Ел құлпырып, жер жайнап, мемлекеттің толысқан кемел кезеңі. Аң екеш аң, құс екеш құс масайрап, шаттыққа кенелуде. Негізінен адамның толысуын, мемлекеттің кемелденуін құттың құты деп танитын даналық дастандағы жаратылыс маусымын осылайша кейіптей сипаттау осы бір жерде ғана кездеседі. Ойшыл ақын елдің кемелденіп, толысу кезін, тіршілік ләззатына батқан шағын осылайша бейнелеген секілді. Бұл да кемелділік. Әдебиеттің ежелгі дәуіріндегі бір қуатты арна да осы. Жаратылыс пен жанның жатырқаусыз, жанды байланысы. Ол заманның түнінің өзі “қолаң қара шаш” секілді төгіліп тұрады.

Кейінгі ұлттық әдебиетте күн туралы небір теңеулерді оқимыз, бірақ түнді қара шашқа балаған тек ежелгі түркі ақындары мен ойшылдары. (Ғабит Мүсіреповтың классикалық мұралары “Өмір жорығы”, “Қыран жыры” туындыларындағы сезім асқақтығы, жаратылыс анатомиясын тану, саралау орайында осы ежелгі ескерткіштердің құлақ күйімен пернелес). Байырғы заман мұраларында жаратылыс құпиялары мен құбылыстары, жан-жануарлардың жаратылыс ерекшеліктері мен мінез көріністері сипатталса да адам мінез-құлқы еске түседі. Жаратылыстың көріністері мен құбылыстары өзі-өзінен еріксіз адам баласының табиғатының сипаттарын елестетіп өткендей болады. Табиғат пен адам баласының күдіксіз қауышты сәтінің жұмбақ қисындары әдеби мұралардан осындай ыңғайда да байқалып қалады.

Ежелгі түркі әдебиетінің кейіпкерлері барынша ірілендірілген, барынша типтендірілген кейіпкерлер. Қылық-құлқы жан-дүниесін ақтарып, ашық көрсетіп тұрады. Күн мен түнді, өмір мен өлімді, ол дүние мен бұл дүниені шендестіріп, қарама-қарсы қойып отырып, жаратылыстың тұтастығын, мәңгілігін түйсіндіреді. Бұл сол заманның тіршілік философиясы, мәңгіліктің әліппесі. Әрине, теңеудің, кейіптеудің әдеби туындының тегіне, жанрлық табиғатына, тарихи дәуірге қатысты түрлі-түрлі өзгешеліктері бар. Тек теңеудің тарихи дәуірлердегі түрленуінің өзі-ақ көп жайды ашып көрсете алады.

Дәстүрлі теңеу, қалыптасқан бейнелеу тәсілдері де ежелгі дәуір әдебиетінің поэтикалық ерекшеліктерінің бір қасиеті. Ондай дәстүрлі теңеулер де стилистикалық қатарлар тәрізді қайталанып та тұрады. Қайсыбір адам портреттерін, келбетін танытуға келгенде үнемі қайталанып келіп отыратын теңеу, аллегориялар да бар. Аюдай “айбарлы”, арыстандай “айбатты”, жолбарыстай “жүректі”, түлкідей “ айлакер” дегендер сыңайлы. Оның қайсыбірі бүгінгі күні әдебиеттерде де кездесе береді. Дегенмен бұлар архаикалық теңеулер. Ежелгі әдебиетте жиірек қолданылғанымен, бертінгі ұлттық әдебиетте жалғастығын тауып дайын баламалы сипаттар ретінде қалыптасып қалған. Белгілі дәрежеде поэтиканың семиотикалық таңбасы іспетті.

Оның үстіне ондай талай-талай балама теңеулердің бәз күйі сақталғанымен, мағыналық реңі әлденеше құбылып, керісінше мәнді мегзейтінін де көреміз. Бір кездегі айлакеріңіз, қазір аяр секілді мағынаны да білдіріп тұратыны бар. Заман өз реңін қосып, өз мағынасын үстеген.

Поэтиканың тарихилығы мен ұлт әдебиеттерінде трансформациялануы дегенде троптардың, метафоралардың, түр мен мазмұнның құрылымдық түзілімдерінің, жалпы жаратылысының ерекшеліктері ерекше мағына аңғартады. Әдеби-көркемдік бейнелеу құралдарына қатысты тұрақты, шартты заңдылықтардың, соған қоса уақыт, даму сыңайына қарай түрленіп, дамып, жетіліп отыратын шығармашылық үрдістің болатынын бұдан әрі ежіктей түсу артық.

Түр мен мазмұн бітімінде ұлттық әдебиеттердегі түрлену үрдісі жедел де басымдық сипатта көрінеді. Бізге жеткен ежелгі дәуір мұраларының түрлік құрылымы тұрақты категория ретінде танылса керек. Таза түркі әдеби мұраларында да түрі мен стилистикалық мәнер аса көп, жеңіл-желпі құбыла бермейді. Қайсыбір туындылар араб-парсы өркениетіндегі, шығыс әдебиетіндегі үлгілерді ұстанып аршылып, бітімі, түзілімі барынша айқындала түскен түрлерді ұстанды. Ежелгі әдеби шығармалардың ішкі түзілімдік заңдылықтары да осы ойға жетелейді. Негізінен афоризмдік нәшке, қанатты сөз табиғатына бейімдік әманда алғашқы кезекте көрініп тұрады. Мазмұн, эстетикалық таным көзқарасы жағынан кісілік кемелділігі, адамшылық-имандылық, елдік ниет сезіліп, ол ойлар мақал-мәтел, нақыл, аталы сөз, толғау сөз сыңайындағы неғұрлым берік түзілімді, тілге жеңіл, санаға сіңімді түрде өріледі. Түр мен мазмұн үйлесімділігі мен тұрақтылығы да ежелгі әдебиеттерге тән ерекшеліктер. Ұлттық әдебиеттерде жанрлық жіктеулерге қарай түр мен мазмұн да құбылмалы, тез өзгеріп, түрленіп тұратын категорияға айналды. Ежелгі әдебиеттегі түр мен мазмұнның тұрақты түзілім екендігін стилистикалық қатарлар табиғатынан да аңғаруға болар еді. Мәселен, ежелгі ескеркіштерде қайталанып келетін стилистикалық қатарлар, нақыл, афоризмдер, тұтас бір толғамдар жиі кездеседі. Ол заңдылықтың бір көрінісін жыраулар поэзиясы мен бертінгі жыршы, жырау, термешілер өнерінен көреміз. Ондай “дайын” эстетикалық таным кілттері шағын-шағын теңеу, кестелі сөздер тіркесінен бастап тұтас бір поэтикалық құрылымдарға дейін кездеседі. Ежелгі дәуірдегі, ұлттық әдебиеттің классикалық кезеңіндегі бұл сипаттар қазіргі заманғы әдебиетте аса сирек кездеседі.

Поэтиканың тарихилығы үрдісіндегі қызықты көркемдік құбылыс ретінде, бұл әдебиеттегі эстетикалық талғамның сұрыпталып, толысу жолын көрсететін құбылыс. Бұл теориялық заңдылықтар әдеби үрдісте де, түбі тектес тілдегі әдебиеттерді аудару ісінде де байқалып отырады. Мысалы, “Інген аңыраса, бота боздайды” деген ежелгі түркі мақалы Махмұт Қашқари еңбегінде дәл осы күйі сөзбе-сөз кездеседі. Қазақ тілінде әлі күнге қолданылып жүр. Өзбек аудармашылары бұл мақалды, “ұрғашы түйе ыңыранса, еркек түйе боздайды (дауыс береді)” – деп аударып “інген”, “бота” деген сөздерді түпнұсқадағы күйінде алмаған. Ал, қазақ тілінде “інген”, “бота” сөздері әлі күнге дейін қолданылады.

Махмұт Қашқари түсіндіретін “ым”, “ылау” сөздері де ана тілімізде күні бүгінге дейін бар. Түр мен мазмұнның тұрақтылығы дегенде біз тұтас шығармалардан бастап тұрақты тіркестерге дейінгі, жекелеген сөз тұлғаларына дейінгі фонетикалық, морфологиялық, лексикалық айшықтарды да есте ұстап отырмыз.

Поэтиканың тарихилығы мен түрлену табиғаты осындай мысалдардан да анық көрінеді.






Көркем шығарманы аналитикалық
Суреткер табиғаты
Мағжанның ақындығы туралы
Ақан серінің сөздері
Поэзияны тегі мен түріне қарап бөлу
Көркем аударма мәселелері
Комедияның жанрлық ерекшеліктері
Лирикалық жанрлар
Халық әдебиетінің мазмұны
Көркем реализм туралы
Стилистика және өлең құрылысы
Хіх ғасырдың аяғындағы әдеби тіл
Идея және стиль



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   23


©engime.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

енгізу | тіркеу
    Басты бет


материалдарды жүктеу