М.Жұмабаев
Ақан серінің сөздері
“Ақан серінің сөзінен өмірі сұлу” деп біз Ақанның өмірін жазған мақалада ескерткенбіз. Алайда, оқушыға Ақан туралы аз ба, көп пе қоғамдық ұғым беру үшін Ақанның сөздерінің мінезін білдіріп, түрлерін көрсетуді керек деп білдік.
Тағы бір ескеретін нәрсе – біздің қолымызға Ақанның барлық өлеңдері түскен жоқ. 1922 жылы жаз бірер ай әдейі Ақанның сөздерін жинамақ үшін Көкшетау оязын аралағанымызда, Ақан өлеңдерінің қорлы болып жиналған жерін ұшырата алмадық. Әркімнің аузынан бір-екі ауыздан жиюға тура келді. Жалғыз-ақ Шыңғысұлы Қоқыш ақсақал мен Самыратұлы Қазыдан біраз жазылған өлеңдер ала алдық. /Қазының айтуына қарағанда, бұл өлеңдердің бірталайы Ақанның өз қолымен жазылған болса керек/. Сонда да қолымызда Ақанның 3-4 жүз ауыздай өлеңі бар. Аз да болса, осы өлеңдері бойынша оның ақындығын шолмақпыз.
Жалпы жолға қарсы болса да, Ақанның сөздерін мағына жағынан тексермес бұрын, біз Ақанның тілінен бастамақшымыз. Бұған себеп – Ақанның тілінің таза еместігі. Қазақ ақыны Ақанның қазақ тіліне араб, парсы /жазаласа/ орыс сөздері көп кіріп кеткен. Оның мағына жағынан, әсіресе, сурет жағынан сұп-сұлу өлеңдерінің тілдері шұп-шұбар. Ақан бұл шұбар жолға өзі қалап түскен емес, оны заман түсірген.
Адамның бір атаның баласы екені рас болса, белгілі бір заманның баласы екені де даусыз. Ақан – заманның баласы. Ол заман - өткен тоқсан тоғыз, жүзінші жылдар, қазақ даласын оңтүстік пен солтүстіктен екі албастының келіп басқан заманы. Біреуі – Бұқардан ишандардың, қазіреттердің, молдалардың, халфелердің шаңырақтай сәлделеріне, күпілерінің күйектей етектеріне жабысып келген мұсылман албастысы. Екіншісі – болыстардың знак, мөрлеріне, тілмаш, “учительдердің” қақиған картоздарына, сымпиған шалбарларына оралып келген орыс албастысы. Ол дәуір – осы екі албастының кесірінен елдің өмірі іріп, шіріп, тілінің тарғылданған дәуірі. Ол дәуір халфелердің:
Фараухун уә райханун әнфісәк сәні,
Болғанда хуснун уәе абиз тәнің, -
деп, тілмаштардың:
Көйлегің сексен теңге серо-бурый,
Дамбалың московский материя, -
деп, учительдердің:
Милая, тебя вижу, қырандаймын,
Без ответ, все таки, ұрынбаймын, -
деп қыздарға хат жазатын дәуірлері. Ақан қазақ тілінің сол тарғылданған дәуірінде өмір сүрген. Оның үстіне өмірден соққы жеген Ақан сопылық, дін жолына түсіп, жан тыныштығын табамын деп жүріп Бұқардан оқып қайтып, талай елдің осы күнге шейін көзін аштырмай кеткен көкшетаулық Науан қазіретке шәкірт болған. Ақанның тілінің тарғыл болуының себебі – осы. Оның тарғыл тіліне ең ашық мысал мынау өлең:
Хат жаздым қағаз алып, қалам, сия,
Көптен-көп сәлем айттым, Гүлназия,
Тағырифын тамам қылып танығандай,
Діл бардан ділмар керек шаибазия.
Хат жаздым қағаз алып, қалам, сия,
Шери зат дұхтар саһи гүлнаһия,
Әр нақыш мәдахымды түсінерсің,
Діл араи, діл хафзаи гүлнахия.
Сәдәфтің шашыраған жәуһәры сіңіре,
Көңілімнің зәһрасына салған ұя.
Гәсуа дарын секілді бент махбуб,
Ксәния секілді кінәзия.
Көптен-көп поклон айттым, скажия,
Сырымды кімге айтамын, сізден зия.
Именной, искренный, ескеріңіз,
Хорошенько, сетра, сватия,
/Құдаша, қарындас дегені ғой!/ Мынау шұбар тіл үшін, әрине, Ақанға рақмет айтарлық ештеңе жоқ. Бірақ Ақан – мың сол тарғыл тілді өлеңдерін адам ұғып оқыса, тегінде суреттеуге шебер. Ақанның сол тарғыл тілмен де суреттей алғандығын көруге тиісті. Ақан бір өлеңінде Қалқа баласына былай дейді:
Тағрифін тамам қылып жеткізе алмас
Қамыстар болса – қалам, бахыр1 – сия.
Мынау құранның құдайды суреттеген сөзімен ақын Ақан Қалқа баласын суреттегені ғой!
Тағы ақын Ақанның молдадан үйренген мұсылмандықпен, арабша үйреніп молда болғандығымен қалай пайдаланғанын мынау суреттеуі шешіп береді. Ақан Қалқа баласын былай суреттейді:
Қасың қара қаламның сиясынан.
Қолың нәзік өзеннің миясынан...
Ақша бетің үстіне нәркес көзің –
Ақ қағаз нүктесіндей нонға тартқан...
Сымбатыңды қарасам, Қалқа бала,
Мен секілді “машайық” шынға тартқан…
/Мінсіз басың “машайықтың” мемі секілді, бұраңдаған бойың мем-нен соң бұраңдаған “машайықтың шыны” секілді дегені ғой/. Мынадай суреттер екіден бірдің-ақ қолынан келетін нәрсе.
Онан соң, Ақанның өлең ұйқастыруына да молдалықтың шарапаты тимей қалған емес, сол жолда Ақанға, әсіресе, әсер қылған – атышулы “Мұхаммадия” болған. Мұсылманша оқығандар біледі, “Мұхаммадияның” өлеңдері ылғи ұйқас қуып кетеді. Мысалы, бір өлең “я-ға” ұйқастырылса, сол өлең бір-екі бетке созылса да “я-ға” ұйқастырылады да отырады. Ақан өлең ұйқастарында көбінесе осы “Мұхаммадияның” жолына түскен. Бұлай ұзақ ұйқастырудың өлеңнің сырт сұлулығына пайдасы болғанмен, лайықты сөз табылмай қалып, мағынасы аз сөз кіріп кету қаупі де зор. Ақанның да ұзақ ұйқастырылған өлеңдерінде осы себептен мағынасы аз сөздер әжептәуір орын алады. Бірақ, өлең ұйқастыру ауданының кеңеюі көзінен қарағанда Ақанның бұл тәжірибесін онша мінеуге болмайды.
Қысқасы, қазақ тілінің қуғын көрген дәуірінде өмір сүрген Ақанның тілінің тарғыл екені рас. Бірақ, тарғыл тіл шын Ақанның тілін тұтықтыра алмаған. Ақын Ақан қауырсын қаламын сыңқырлатып жазатын “н” харіпінен, жазаласа, ишанның машайығынан, құранның аятынан шәкірттің қағаз-сиясынан, молданың мың бейнетпен, өзіне керек суретті жасай білген.
Енді Ақанның сөздеріне мағына жағынан келгенде оның өлеңдерін беске бөлуге болады:
1. Сықақ. 2. Ғашықтық. 3. Айтыс һәм мақтау. 4. Сопылық. 5. Қазақ қайғысы туралы өлеңдер.
Бұл бөлімдердің сықақтан басқасы Ақанның өмірінің түрлі дәуірлеріне байланған.
Бұл туралы Ақанның өмірін жазған мақалада айтып өткеміз. Жалғыз-ақ сықақ – Ақанның сүйегіне біткен сипаты. Ақан өмір бойына өзінің көңіліне ұнамаған адамды сықақ қылып, іліп тастамай қойған емес. Ілетін орны келгенде пәленше-түленше деген атына, затына қараған да емес. Қарауылдың ақсақалдары осы күнге шейін Ақан десе, алдымен оның улы тілін есіне түсіреді.
Ұнамаған адамға Ақанның тілінен құйылған у талай-талай заман шыбжыңдатса керек.
Тілінің уының күшті екенін Ақан өзі де білген.
Қағысқанды қыламын под надзором,
Патшаның мизамындай мен де сотпын, -
дейді Ақан.
Достыққа баға бере алмай, сыртынан өсек жүргізгені үшін Жүсіп деген белгілі бір, төреге Ақан былай дейді:
Жүсіп-ау, төрелік жоқ баяғыдай,
Дәрежең қара қазақ аяғындай.
Досыңды дұспан көріп айбаттайсың,
Мінезің әзәзілдің таяғындай.
Жүсіп-ау, неше мысқал басыңда ми?
Айдаған мал, үстіңде тігулі үй.
Қиямет таразысы құрған шақта
Айса, Ермек, Тортай болады би.
Мүңкір-нәңкір бесеулеп ұрған шақта,
Көтіңнен шығады ғой сонда бір қи.
Майын мінген аттай ғып қайтарарсың,
Күншеңнің1 арқасынан шығармай ши.
Қарауылдың белгілі Шөбегінің немересі – қотыр ауыз Мұқанәлі деген Ақаңды періге иеленген деп жамандап өлең шығарады. Ақан оны білмейді.
Бір жерде ол өлеңді ести салып, сөздің ыңғайынан кім шығарғанын біле қойып, Ақан айтыпты:
Адамды сырттан айбат жарамайды,
Айбатсыз ақымақ асы тарамайды.
Мына өлеңді шығарған ақымақтың
Аузына жағар ма еді қара майды.
Бір жиында Ғалиянұр деген бір ноғай молда Ақанмен айтыспақ болады. Ақан – ноғайдың ормақ мұрнына тие сөз бастайды. Ноғай “мен ормақ болсам, пайғамбар да ормақ мұрын болған” десе керек.
Сонда Ақан:
Мұхаммед – құдай досы, пайғамбары.
Пайғамбарды көрген жоқ жұрттың бәрі.
Пайғамбардың сипаты сендей ме екен,
Ормақ мұрын, шегір көз, ақжал сары, -
дейді.
Ақаның ғашықтық өлеңдеріне келсек, басқа өлеңдерімен салыстырғанда оның шеберлігі сонда көрінеді. Сері Ақанның мұндай өлеңге шебер болуының, әрине, таңы жоқ. Ғашықтық өлеңдерінде Ақанның әрбір сөзінен ақындық иісі аңқып тұрғандай, ұсатусыз, суретсіз сөз жоқ деуге болғандай:
Оралдың мен ақ иық сыр андағы.
Сен сәулем – қызыл түлкі қыр аңдағы.
Қия тас қиынына кетсең-дағы,
Қамшылап қанатымды бұрам-дағы.
Қия тас қиыныңда бекінсең де,
Тәуекел майданында тұрам-дағы.
Асыл зат, алқызыл гүл қарындасым...
Ақанның ғашықтық өлеңдерінің ішінде көп жерге тарап кеткені – “Ақ көйлек” өлеңі. Бұл – Ақанның ең сұлу өлеңінің бірі. Ту басында жүз бірнеше өлең болса керек, бәрі “Ақ көйлек” деп басталған.
Бір ауызы:
Етегі ақ көйлектің ілмеленген,
Қастарың харіф мәттей сүрмеленген.
Сүмбіл шаш, лағыл ерін, асыл қалқа,
Іш-бауырым ғашық отпен тілмеленген…
Мынау өлеңдеріне қарағанда, ғашықтыққа Ақанның көзқарасы мен жай бозбаланың көзқарасы арасында артық айырма жоқ сықылды. Алайда Ақан ғашықтыққа тереңірек қараған адам. Ол ғашықтықты “ақ төске білектің артылуы, артылмауымен” ғана байлап қойған емес. Бұл – Ақанның өмірінен белгілі – бір. Екінші, мынау өлеңдерінде ишара бар:
Кісідей өкпелеген мойның бұрмай,
Білдің бе кемшілік деп ғашықтықты?..
Жоқ болса айтар сөзің жұбайыма,
Жүрейін, амалым не, өз жайыма.
Обалың, айнымасам, маған емес,
Жаратқан жақсы қылып құдайыңа.
Сен сүймей кетсең де, мен де сүйе бермекпін. Сені мендік болғаның үшін емес, жақсы жаратылғаның үшін сүйемін… дегені ғой.
Ақанның айтыс һәм мақтау өлеңдері туралы ешнәрсе деуге мүмкін емес.
Мұндай өлеңдері менің қолыма түспеді. Жұрттың айутына қарағанда, бірнеше ақынмен ауызбен де, жазысып та айтысқанға ұқсайды. Өзгесін жеңді, бірақ Орымбайдан жеңілді деседі. Орымбайға Ақан былай дейді /Орымбай жиында әйелдер отырған үйге кіріп шықса керек/:
Ор-еке, сөз бастайын, жолың қисаң,
Мурит боп ең ғой пірге, сен, Зейнолла ишан.
Жаңа тағы өңкеңдеп қол тапсырдың,
Шулаған, ақ сәлделі бұ қай ишан?
Сонда Орымбай қартың:
Ақыл аста, күш атта, сөз малды да,
Ақыл, айла болмайды жоқ-жарлыда.
Парыз, уәжіп баршасы тамам қылып,
Жалғыз-ақ әйел деген сөз қалды ма? –
- деп Ақанның ораза, намазға салақтығын бетіне басып, тоқтатып кетті деседі.
Ақанның сопылық туралы өлеңдері де менің қолыма жөнді түспеді. Алайда, серілік пен сопылықты қоса білген, намаз, оразаны жанының тілеген уақыттарында ғана атқаратын Ақанның сопылығы жанына жын ұялаған, сиыр көзді соғылғандардың сопылығынан бөлек болған десек, құрғақ сәуегейлік қылған болмаспыз. Бұл пікірге алдымен Ақанның өмірі күшті дәлел болса, мынау өлеңі де ишара қылады:
Дүниенің қызығын кешіп өтіп,
Тәттіліктің алмадық еш ләззатін.
Пәраудигар сопылардың жолыменен
Құдайға құлшылықта ғибадатым
Айырушы алла бар, не қамым бар,
Адамның ішкі сырын, заһыр, батын.
Енді Ақанның қазақ қайғысы туралы өлеңдеріне келсек, оның сері Ақан болумен бірге жаралы елдің шын азаматы болғандығы сол өлеңдерінде көрінеді. Дұрыс, бұл өлеңдер таза ақындық, сұлу сурет, ұйқас теру жағынан басқа өлеңдерінен көп төмен. Бірақ бұл төмендікті оның ойлы азаматтығы жуып кете аларлық. Ақан бұл өлеңдерінде елдің қайғысын көре білген, сол қайғының себебін таба білген. Ол қайғы – қазақтың ата тұрмысының аз дәуірдің ішінде көріне көзге қирағаны, қираудың себебі – қазақ даласына қарашекпендердің құжынап келіп орнағаны. Ақан соны жырлайды. Жерінен айрылған елдің көзінің жасы болғанын айтады. Қарашекпеннен көрген қорлықты санайды. Үкіметтің орыс, қазақты ала ұстайтынын білдіреді.
Тасыған қазақ көзі бұлақтай боп,
Соятын крәсиянға лақтай боп.
Патшаның сүйікті ұлы келгеннен соң,
Шетке шығып қалдық қой брактай боп…
Қор болып крәсияның табанында,
Қалайша күн көреміз дәурен кешіп?
Темір айыр, ақ балта қолдарында,
Тілге келмей ұрады өңмеңдесіп.
Іштен келген тоң мойын, надан халық,
Бұл жұртты ойран қылмай ма төбеленіп!..
Осы күнде мағылұм сұрасаңыз,
Талай жанның тастап жүр басын кесіп.
Қасиетті ата, баба зиратының
Үстіне егін салды, жайлап есіп,
Тірі түгіл, өлінің көрін алып,
Бұлайша іс қылады ерегісіп.
Қай дума, комиссия болса-дағы,
Бұған закон сұраймыз төрелесіп.
Жетпіс екі милләтте жол бар ма екен
Сүйекті, дінді қорлауға тепкілесіп?..
Қазақтың мұндай күйге түскенін Ақан ә дегенде жергілікті әкімдердің надандығынан, қаралығынан деп біледі.
Патша алыс, жете алмаймыз Петрборға
Және де сегіз санат алыс қия, -
Дейді. “Ақ патша”, сегіз санат қазақ даласындағы мынау зомбылықты білмей отыр ғой, білсе олар аяр еді дейді бала елдің бала ақыны.
Мал өсірген халықпыз, егін екпей,
Аз жерге сия алмаймыз сызғандай-ақ.
Шеттен келген төрелер норма қылған,
Қазақ жайын білмейді жалғыз қарап.
Петрбордан шафқатты санат келсе,
Патшадан жарлық алып құдай қалап.
Қазақ үшін қайғырып жылар еді,
Ол мейірбан ер болса ұялмай-ақ.
Қойдан қоңыр не қылған халық еді деп,
Көз жасын қайтар еді тия алмай-ақ.
Есті Ақан ұзамай-ақ мынау ақкөңілділіктен құтылады. Бәленің басы Петрбордағы “патша ағзамда” екенін біледі. Енді Ақан Петрбордан жай мархамат күтудің орынсыз екенін ұғып, “ақ патшаға” баяғы жеріңе тимеймін деген уәдеңнен тайдың деп, қыр көрсетіп, өкпе айтады. Мұндай қыр, өкпеден де ешнәрсе өнбейтінін біліп, үкіметке тіпті бізді аямай-ақ қой, өз мемлекетіңнің пайдасын ойлашы. Өзің үшін қазақ жерін, қазақ малын құртпағаның пайдалы ғой дейді. Мұндай негізді пікірге ол күнде екінің бірі-ақ ие болған шығар:
Пара-пар крісиянға тең болмадық.
Тартылып қай жараға ем болмадық?
Малымыз, жерімізден пайда тиіп,
Қалайша патшамызға дем болмадық?
Орыс, ноғай, сарт-сауан саудагерге
Қалайша малмен, жермен тең болмадық!
Сексен бес жыл болыпты бодандыққа,
Қайырсыз патшамызға ел болмадық.
Газет, журнал оқымаған, пікірлі азаматтың бетін көрмеген надан Науанның шәкірті – Ақанның мынадай пікірге келе білгендігі шынымен тамаша, өз миымен шаруа түрлерінің арасындағы байламды көре білген Ақан, не десең де, тым-ақ жабайы жан емес.
Соңғы кезде Ақан патшаға көшіп кетеміз деп қоқан-лоқы қылады. Өзі шынында құтсыз қоныстан ауу керек деген пікірге келеді:
Бостаншылық берсе егер басымызға,
Патшамыз мархамат қып ризаласып,
Бетімізбен біз де өлмес күнін көріп,
Тынышты жай іздер ек арын-ашып.
“Құрметті” крәсианаға жер кеңісін,
Орнымызды сол алсын еһлесіп.
Өлтірсе құн, сатылсақ пұлымыз жоқ,
Құр елді не қыласыз “құрметтесіп”?
Ақанның соңғы сөзі:
Мархабат патшамыздан ала алмадық,
Я Бұқар кетеміз бе, я Турция?
Ворон иттің астында қалғаныңша,
Тірлікте ізденіңіз исламия,
Бір үш кез жер тимейді өлгеніңе…
Бұ не кеп, бұ не қасірет, ғамкіния?
Соңғы сөз: “бұл не кеп, бұл не қасірет, ғамкіния”. Шерлі Ақан осы сөзбен дүниеден қайтқан.
Ақанның сөздері – осы. Соңғы өлеңдерінің мағынасы дұрыс екені даусыз.
Ілгергі өлеңдерінде бірталай сұлу сурет бар екені рас. Сонымен бірге, соңғы өлеңдерінің тілі тұтқыр, барлық өлеңдерінің тілі тарғыл екені рас. Осы өлеңдерді шығарған Ақанның өз өмірі жалпақ елге жат болғаны, жұмбақ болғаны тағы рас. Бұлардың бәрінің себебі Ақанның өмір сүрген дәуірінде. Ол Дәуір – Нухақтың толқындары арасында қазақтың қайығы қалтылдап батып бара жатқан дәуір. Ойы – тұман, тілі – тарғыл да жасыған, тілі де жасыған. Қалың қазақ қайықтың батып бара жатқанын білмейді. Бірақ, Ақан сықылды бірен-саран сезімпаз ұлдары ғана болар-болмас сезген де, көпке алдымен өзінің өмірімен ереуіл жасаған, оның өзінің – сері, жолдасының – пері атанғаны осыдан. Тұманды дәуірдің ұлы – Ақанның тілінің таза болмауы тағы осыдан. Ақанның барлық кемшіліктерінің үстіне бір сұлу сипаты – елдің сол дәуірдегі өмірін өлеңдерімен, әсіресе, өзінің өмірімен суреттей білген. Өмірді өлеңмен, ғана емес, өзінің өмірімен суреттей білу ірі жанды адамның ғана қолынан келмек.
Біздің міндетіміз - өткенді аударып, ішінен көрнектілерін аршып ала білу, кешегі милы қазақтың “Ескісіз жаңа болмайды” деген мәтелін киімнің қолтығына ғана қамап қоймай, балапан әдебиетімізге де қабыстыру.
Сөз соңында Ақанның сөздерінің тегіс жиналмағандығын ескертеміз. Көкшетаудағы Біләл жолдас жинауға кіріссе дұрыс болар еді.
С.Мұқанов
Жазушы лабораториясы туралы
... Осы арадан жазушының лабораториясы туралы бір мәселе туады. Кейбір, тәжірибесі аз жазушы былай істейді: тема іздеп, өндіріске ме, колхозға ма бір жерге барады. Барған жерінен ол көп материал алып, жазатын мекеніне қайтады. Бірақ, ол жинаған материалын қорыта білмейді, өзінше, жазушыша меңгере білмейді, көргенін көргенше жазам дейді де, образ жасаудың орнына саяси-шаруашылық есеп сияқты бірдеме береді.
Тәжірибелі жазушы олай істемейді. Ол жазатын темасына керекті материалдарды мейлінше зерттейді, керекті материалды меңгеріп алғаннан кейін жазушы ол материалдың бәрін де жауып қояды, зерттеген материалына сүйене отыра болашақ шығарманың жоспарын құрады. Жазушы – инженер. Жинаған материал – ағаш, кірпіш, тас сияқты құрал. Қолдағы материалын қалай құрап үй жасаса да инженердің еркі. Сол сияқты жинаған материалын шығармасына қалай орналастырып пайдаланса да жазушының еркі.
Болашақ шығарманың жоспарын құрғанда жазушының көздейтіні не?
1. Тап күресінің, қоғам тұрмысының шындығынан шықпау, баяндап отырған оқиғаға оқушы сенетін болу.
2. Қоғам тұрмысынан үлгілі, үлгісіз, жақсы, жаман адамдарды алып, халықты жамандардан бездіру, жақсылыққа баулу.
3. Жақсы, жаман адамдарды, олардың қимылы, ісі. Мінезі, құлқы арқылы көрсету.
4. Оқиғаны қызық қып құру, бір оқиға мен екінші оқиғаны, романның барлық оқиғаларын байланыстыра білу.
5. Шамаңша әдемі сөздер табу.
6. Оқиғаңмен, кейіпкерлеріңмен, сөзіңмен оқушыны еліктіруге тырысу, оқушыны шығармаңа құмарландыра білу.
Егер, жазушы жинаған материалдарының көлемінен аса алмай қолында бармен ғана қанағаттанса, одан ойдағыдай шығарма тумайды. Көркем әдебиетше қорыта білмеген материал көркем шығарма емес. Сондықтан, талантты, ысылған жазушы белгілі бір темаға керекті материалды меңгеріп алғасын фантазиясына ерік беріп, шарықтайды. Қажетті жерде тарихи материалдың көлемінен шығып, болмаса да болуға мүмкіншілігі бар оқиғаларды қосады. Содан барып әдебиет образы туады.
Бір шығармасын бір рет сыдыртып жазып шығатын жазушы жоқ. Олай жазса көркем де болмас еді. Әдемі сарайлар салуға инженер қандай қиналса, ойланса, толғанса, жақсы шығарма жазуға жазушы да сондай қиналады. Дұрыс қаланбаған бір кірпіш бүкіл үйді бүлдіреді, сол сияқты орынын тауып дұрыс пайдаланбаған материал бүкіл романға кемшілік келтіреді. Сондықтан жазушы романына қатынастырған әрбір адамның орнын тауып жұмсауға тырысады. Қылықсыз, іссіз, мінезсіз адам герой бола алмайды.
Көркем әдебиет тұрмыс шындығының сәулесі түсетін айна, бірақ тұрмыс шындығының бәрі көркем әдебиет бола берсе, онда ол көркем әдебиет бола алмайды.
Көркем әдебиет не? Ол, жазушының көркем фантазиясы арқылы еленіп шыққан тұрмыс шындығы. Жазушылық електен өтпеген тұрмыс шындығы көркем әдебиет емес. Тұрмыс шындығын елей білмеген кісі, жинаған материалын меңгеріп, көркем бояу бере білмеген кісі жазушы емес.
Жазушылық әрі талант, әрі профессия, талантсыз кісі жазушы бола алмайды, бірақ жазушылықты профессияға айналдырмаған талант өркендемейді. Жұмыскерлік, оқытушылық, ғылым иесі болушылық профессиясы, сол жүйені көп зерттеуді тілесе, жұмыскер де, мұғалім да, көп еңбек сіңіру арқылы профессионал болса, жазушылық профессиясы да сондай.
Академиктің білімінің басы “әліп-би” деп өркендейді. Содан жоғарылап бір ғылымның төбесіне шыққан соң ғана ол академик болады.
Көркем әдебиеттің де өзі биігі, өз шыңы бар. Ол адам баласының, талантты көркем сөз иелерінің мыңдаған жылдар бойы жасаған әдебиет мұрасы. Осы мұраны меңгеріп, төбесіне шыға білмеген адам көптің көзіне қайдан түссін. Ондай адам сай-саланың шұқырында жүріп күнелтеді де, әдебиетті бұрынғы сатысынан жоғары көтеруге көмектесе алмайды.
C.Қирабаев
Ахметтің ақындығы
...Ахметтің ақындығы “Қырық мысалдан” (1909. Петербург) басталады. Бұл кітабын Ахмет И.А.Крыловтан аударған мысалдардан құрастырған. Олардың аудару мерзімі – 1901-1904 жылдар. Бұл – оның ауыл мектептерінде мұғалімдік қызмет атқарып жүрген кезі Орыстың ағартушылық дәстүрі рухында тәрбиеленген жас ұстаздың балаларды оқытуға, оларды жаңа рухта тәрбиелеуде әдебиеттің қызметін пайдалану мақсатын көздегені көрінеді. Бұл ниетін ол мектеп көлемімен шектемейді, жалпы халықты ағарту, оларды қараңғылыққа қарсы күресіп, білім жолына үгіттеу ниетін ұстанады. Мұндай мақсат ұстанған ағартушы-демократ ақын-жазушылардың Крылов шығармаларын аударудан бастауы ХХ ғасырдың басында жиі кездеседі (Ы.Көбеев, Б.Өтетілеуов, т.б.). Мұның бір себебі әлеуметтік революциялар қарсаңында, елдің ояна бастаған тұсында билеушілердің демократтық, халықтық идеялардың әрбір көрінісінен шошып, оларға күресуінен сақтанудан туған еді. Крыловтың тұспалдап айтқан мысалдарын қазақ жағдайына ыңғайлап, сол арқылы әділетсіздікке қарсы үн тарату мұндай ортада қолайлы жол болды. Ахмет есімі осы мысалдардың авторы, аудармашысы ретінде қазақ ортасына кең жайылды. “Маса” кітабы осыған жалғасып жазылды. Егер “Қырық мысалда” Ахмет ойын тұспалдап, Крылов мысалдары үлгісінде жеткізсе, оған өзінің ұсынар ғибратын қосса, “Масада” әлеуметтік өзгерістер туралы, заман жайлы пікірін ашық айтуға жетті. Сөйтіп, алғашқы кітабымен аудармашы боп көрінген Ахмет “Маса” арқылы төл шығармалардың авторы, танылған ақын болып қалыптасты.
М.Дулатов: “өз өлеңдерінде А.Б. ғашықтық туралы, әйел туралы, табиғат туралы жырламайды, онда қанатты, көпірме сөздерге құрылған өлең үлгісі де жоқ. Ол қарапайым, нағыз қазақ тілінде бостандық туралы, ұлт туралы – қазақ халқының қанауда, артта қалғаны жайлы жырлап, оны оқуға, еңбекке және ұйқыдан оянуға шақырады, әрбір қазақтың бойындағы азаматтық сезімді оятуға ұмтылады” – дейді.
Мұнда Ахмет өлеңдерінің саяси бағдары, әлеуметтік мазмұны дұрыс көрсетілген. Автор кітабында, негізінен, өзін толғандырған, дәуірдің өзекті мәселелерін сөз етеді. Сол кездегі қазақ қоғамының даму жағдайларына, жерлестерінің күн-көріс, тіршілігіне сын көзімен қарайды. “Тар көрдің қуысына тығылып отырған”, “пайдасы өз басынан артылмайтын, тұрысында мал ғұрлы мағына жоқ” туыстарын сынға алады. Кітаптың сыншылдық рухы, заман жайлы толғанысы оның авторының Абай дәстүрімен үндестігін бірден байқатады...
... “Маса” жинағына кірген өлеңдер Ахметтің әлеуметтік шындықтың ақыны екенін бірден мойындатады. Ол – ойшыл суреткер. Дәуірлік құбылыстарды ой көзімен қарап суреттейді. Бұл сыпат оның “Қазақ салты”, “Қазақ қалпы”, “Жиған-терген” сияқты өлеңдерінде айрықша танылады. Бұларда Ахмет, ең алдымен өз заманының тың сөзін айтқан, замандастарының жаңа бейнесін ашқан жаңашыл ақын боп көрінеді...
...Ахметтің төл ақындық мұрасы негізінен “Масамен” шектеледі. Кейінгі өмірінде біз Ахметтің поэзияға қайта оралмай, негізінен басқа салаларда еңбек еткенін білеміз. Ендеше, оның ақындық қызметінің бір кітаппен шектеліп қалуының өзі оқырмандардан “неге?” деген сұраққа жауап іздетеді. Оған жауап та Ахметтің өз өлеңдерінде.
Мен жазған кеңес Ер батқанда жорғалық
Мақтаныш емес Молда жоқта – молдалық. –
Дейді ол “Масаның” 1922 жылы Қазанда басылған нұсқасына қосқан “Жауап хаттан” атты өлеңінде. Бұл сөзіне және өлең жазуды кейін кәсіп етпеуіне қарағанда, Ахмет өзін ақын санамаған. Оның ақындығы мұқтаждықтан, қажеттікті өтеу парызынан, жоқтың орнын толтыру талабынан туады. Қазақ қоғамының ХХ ғасырдың басындағы күрделі даму жағдайларын түсіне білетін, оны елге жаны ашырлықпен жеткізіп, сол жағдайда ел дамуының, халық тағдырының қандай бағдар ұстауы керектігін айта алатын бір кісі керек еді. Ахмет осы ұлы қызметті атқарды, білгенін өлең тілімен де, публицистика түрінде де айтты. Сөз өнеріне жетік халықтың алдымен өлең оқитынын білетін Ахметтің осы саладағы алғашқы еңбектерін өлең түрінде бастауының себебі де осында. Ол елді ұйқыдан оятуға тырысты, халықты өнер-білімге үгіттей отырып, отаршылдыққа қарсы наразылық үнін таратты. А.Пушкин тумай тұрған кезде, орыс мемлекетінің ұлттық тәуелсіз ел бола бастаған тұсында жаңа патриоттық, отаршылдық рухта өлеңдер жазған М.Ломоносовтың ақындығын В.Белинский де кезінде осындай бір қажеттіктен туған деп түсіндіргені бар еді. Заманның, тарихи дамудың халық алдына қойып отырған үлкен талабын өтеу үшін туатын ұлдары болады. Олардың еңбегі де, ісі де әр жағдайда қайталанып жатады. Ахмет өмірінен осындай тарих талабының жаңаруын көреміз.
Ахмет “Масасы” талай елді оятты. Алдымен ойы бар, ақылы бар жас таланттар оянды. Олар ұстаз ағасының ісін жалғастырып алып кетті. Қазақтың ағартушылық, демократтық әдебиеті жаңа заманның талап-тілегіне орай толыса, кеңейе түсті. М.Дулатов, М.Сералин, С.Торайғыров, М.Жұмабаев, С.Дөнентаев, т.б. әр салада қызмет етті. Жаңа жанрларды туғызды. С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров тәрізді жастар әдебиетке келді. Бәрі бірігіп әдебиеттің ізденісін, тақырыптық ауқымын көтерді. Ендігі жерде Ахметтің олармен жарысып, поэзияда қызмет етуі де қажет болмай қалды. Мұны ол түсінді. Өзін басқа саладағы еңбекке жұмсады. Ұлылықтың өзі де осындай көргендікте жатыр.
“Ломоносовтың бойында екі түрлі қабілет бар – ақындық пен ғалымдық, оның соңғысы алғашқысына қарағанда күштірек”1-деген еді В.Белинский. Осыған ұқсас жайды Ахмет бойынан да көреміз. Оның ақындығын кейін ғалымдығы жеңіп кетті.
Әрине, бұл Ахметтің ақындығын, азаматтық поэзиясындағы талантты туындыларын жоққа шығара алмайды. Ол өз дәуірі үшін биік мәдениеттің ақыны болды. Өлеңдері үгіттік сарынмен шектелген жоқ. Ақын заманының жаңа сөзін шын талантпен, нанымды түрде, суреткерлікпен айта білді. Бейнелі сөз иірімдерін, жаңа образдар туғызды. Бұл – Ахметтің ақындық мұрасының маңызын, оның мазмұндылығын көтере түседі. Қазақ даласына азаттық идяесы тарай бастаған тұста жаңа поэзияның бастаушысы, алғашқы ту ұстаушысы болып Ахмет қашан да тарих биігінде тұрады.
З.Ахметов
Ақын тұлғасы, адамгершілік мақсат-мұраты
... Лириканы түсіну-пайымдауындағы үлкен және жиі кездесетін қателік – ақын өз атынан айтқанның бәрін тек өзі туралы, өз басы жайында айтып отыр деп қарау, ол болғанды ғана емес, болатынды да, өзіне ғана емес, өзгегег де тән көңіл күйін сезіне, айта алатынын ескермеушілік. Асылында, лирикалық шығармада ақын өмірде болатын жай-жағдайды, адамның сезім күйін қалайда жинақтап сипаттауға ұмтылады. Абай да сыршылдық өлеңдерінде өз көңіл күйін бейнелеп отырса да, ешқандай нақтылы деректер келтіруге әуестенбейтіні тегін емес.
Абайдың өлеңдері туралы айтқанда, лирикалық поэзияның өзгешелігін естен шығармауымыз керек. Лирикада ой мен сезім бірлесіп, терең қабысады. Оған тартымды күш-қуат дарытатын – алғыр оймен суарылған жалынды сезім. Өмір, дүние, адам тағдыры жайлы үлкен толғаныстан тумаған, жай сезімшілдік поэзияны жандандыра алмайды.
Лирикалық поэзияға жан беретін – көркемдік ойдың қуаттылығы, сезімнің оттылығы, нәзіктігі. Лириканың басқа жанрлардан, айталық, сан алуан адамдардың қарым-қатынасын, қоғамдық тартыс-шиеленісті баяндайтын көлемді, оқиғалы шығармадан айырмасы да, өзіндік артықшылығы да, міне, осында.
Егер эпостық шығарманың ең басты ерекшелігі уақиғаның қалай баяндалып, суреттелетініне байланысты болатын болса, лирикалық шығарманың күші, қуаттылығы алдымен адамның көңіл-күйін бейнелеп жеткізу шеберлігімен ұштасып жатады. Адамның жан сезімін, көңіл-күйін тікелей, лирикаға тән ерекше сыршылдықпен суреттеп, айтып жеткізудің ұтымдылығы өмір құбылыстарын айрықша сергектік, сезімталдықпен қабылдаудан, сезім-әсер байлығынан туады...
...Поэзиялық шығармада ойдың, сезімнің мағыналығымен қоса бейнелілігінің көркемділігінің мәні зор. Әр сөздің мазмұн-мағынасымен бірге ырғақ-әуезділігі де оқушыға үлкен әсер етеді. Сөз өнеріне, әдеби шығармаларға тән ойдан шығару, әсірелеу, көркемдік шарттылық та поэзияда өзінше сипат алады. Ақын өзінің ой-сезімін барлық өлеңде біркелкі өз атынан тура айтпай, кейде кейіпкердің, яғни, өзі сипаттап отырған басқа біреудің сөйлеуі – монологы арқылы, немесе, біреуді мінездеу арқылы жеткізуі де кездесіп отырады. Ақын, автор ойын өз атынан айтқанның өзінде де, әр түрлі баяндау, суреттеу тәсілдерін қолдана алады. Ақынның бейнесі сөздің мән-мағынасы арқылы да өлеңнің көркемдік тәсілдері арқылы нақтылы көрініс табады. Поэлады.
Ақын бейнесі әр өлеңде әр қырынан, әр түрлі көркемдік тәсілдер арқылы нақтылы көрініс табады. Поэзияда ақын тұлғасы көбінесе жинақталған лирикалық бейне қалпында көрінеді. Үйткені ақын өлеңінде үнемі басынан кешкенді, өзі көрген, немесе, өз өмірінде болған жайларды ғана айтпайды, болатынды, болуы мүмкін жайларды да айтады. Сондықтан өлеңдегі лирикалық тұлға автордың, ақынның бейнесін танытады дей отырып, ол оның поэзиядағы көркемдік көрінісі екенін ұмытпау қажет. Екеуінің түпкі негізі бір, мүлде ажыратып, бөліп алуға келе бермейді десек те, осыларды екі түрлі ұғым деп түсінген жөн. Бұл жерде басқаны былай, қойып, лирикалық тұлға әсіресе сыршылдық сипаттағы және ой-толғаныс түріндегі өлеңдерде айқын бой көрсетсе, ал ақынның, автордың бейнесі лирикалық тұлға арқылы да, сонымен бірге қандай да бір басқа адамды мінездеу, соның өзін сөйлету, ал сюжетті поэзиялық шығармада уақиғаны баяндау арқылы да танылатынын айтсақ та жеткілікті. Осындай лирикалық тұлғаны зерттеу еңбектерде лирикалық қаһарман деп те атайды. Лирикалық қаһарманның басты ерекшелігін айқындайтын ақынның қоғамдық, эстетикалық мұраттары, идеялары, өмір құбылыстарын, дәуірді, халық тағдырын өзінше түсініп-сезінуі. Сүйтіп, лирикалық қаһарман деген ұғым ақынның көптеген шығармаларында ой-сезім дүниесінің, мақсат-мұраттардың бірлік-тұтастығын танытады. Кейбір шығармалар оның жан дүниесін бір-қырынан, ой-сезімдерінің, толғаныстарының белгілі бір кезеңін көрсететіні айқындала түседі. Жекеленген шығармада лирикалық қаһарман бейнесі бір қырынан көрінетініне табиғат лирикасының кейбір үлгілері мысал бола алады. Біз бұлардан лирикалық қаһарманның табиғат сұлулығын қалай сезінетінін қаһарманның табиғат сұлулығын қалай сезінетінін әсіресе айқын байқаймыз. Бұл айтылған пікірді табиғатты, немесе, махабатты жырлайтын шығармада лирикалық қаһарман үнемі бір жақты, тар көлемде көрінеді деп түсіну дұрыс болмайды. Лирикалық шығармада көбіне – көп күрделі қоғамдық ой-пікірлер ақынның жеке адамға деген жылы сезімі, не болмаса назары түскен табиғаттың бір көрінісін сезінуі – бәрі тығыз байланысып жатады. Мәселе тек қай шығармада қай жағы басым келетінін ескеруде. Сонымен бірге лирикалық қаһарманның бейнесі мейлінше толық, жан-жақты қалпында ақынның бір ғана емес, көптеген туындылары арқылы бой көрсететінін әр уақытта есте сақтау керек...
Е.Д.Тұрсынов
Ақын типінің пайда болу дәуірі жөнінде пікірлер
Әйгілі жазушы С.Мұқановтың айтуына қарағанда, ақын типі жырау типінің негізінде дамыған. Демек, ақындардың ең көне түрі – жыраулар. Бұл пікірді проф.Е.Ысмайылов та қостайды: “Тарихи деректерге қарағанда, жырауларды ақындардың ең көне типі деп есептеуге болатын сияқты”. Проф. Н.Смирнованың да пікірі бойынша ақындар жыраулардан кейінгі дәуірде қалыптасты: “Қазақтың ақын дегені – жыраудың кейінгі кезде шыққан атауы”. Проф. Е.Ысмайыловпен бірігіп, “Қазақ әдебиетінің тарихы” үшін жазған тарауында автор да осы пікірді қолдаған болатын: “Ақын сөзінің талдауы қазақ фольклоры үлгілерін тудырушы әрі сақтаушы-таратушыларының осы типі жыраулардан кейінгі дәуірде пайда болғандығын дәлелдейді”.
Осыған қарағанда, ақын типі жырау типінен кейінгі дәуірде пайда болғанға ұқсайды. Алайда ақындар мен жыраулардың репертуарлары мен атқаратын міндеттерін салыстырып қарасақ, ақындардың бойынан көне дәуір сипаттарын, ал жыраулардың бойынан одан кейінгі дәуірдің сипаттарын байқаймыз. Ол қандай сипаттар?
1. Ақындардың арасында еркектер де, әйелдер де кездеседі. Тіпті, қыз бен жігіттің айтысы қызсыз өтуі мүмкін емес. Жыраулар болса, тек ер кісілер арасынан шығады. Мұның өзі жыраулардың тек патриархаттың әбден нығайған кезінде пайда болғандығын көрсетеді.
2. Ақын – рудың өкілі. Айтыс кезінде ол өз руының атынан сөйлейді. Жырау болса – бүкіл елдің, яки тайпалар одағының (жүздің, хандықтың) өкілі. Ақын ауыл ішінде жүрсе, жырау хан ордасында жүреді, бүкіл хандықтың, елдің тіршілігіне байланысты жағдайларда ол ханға, бүкіл елге ақыл айтады, кеңес береді. Осыдан жыраулардың бұрын жеке-жеке өмір сүрген тайпалардың тайпалық одақтар құрып, біріге бастаған дәуірде пайда болғандығын байқауға болады. Ақындар кейінгі дәуірде ғана пайда болып, жыраулар дәстүрін әрі қарай жалғастырған сәтте олар жыраулардың бүкіл елдің (жүздің) атынан сөйлеу дәстүрін де жалғастырған болар еді. Бірақ ақындар тайпалық одақтың (жүздің) атынан тек көрші жүздің ақындарымен кездескенде ғана сөйлейді. Қалған жағдайлардың барлығында ақын жеке рудың (немесе тайпаның) өкілі болып есептеледі. Осыған қарап, ақындар тайпалық одақтар дәуірінен бұрынғы дәуірде пайда болды деп болжамдауға болатын сияқты.
3. Бұл болжамның негізсіз емес екенін мынадан да байқауға болатын сияқты: ақын – ырыми рәсімдерді атқарысуға қатысатын адам, оның үстіне ол тек қана қатысушы емес, ол ырыми рәсімдерді басқарушы міндетін атқарады. Аса көңіл аударарлық жайт: бұл рәсімдер ең көне рәсімдердің қатарына жатады. Бұлар: үйлену тойы, кісі өліміне байланысты жасалатын ырыми рәсім (ас). Үйлену салтына байланысты басты ырымдарды (бет ашар айту, тойды өлеңмен бастау) ақын атқарады. Үйлену тойы мен астарда ол жаршы міндетін атқарып, тойдың өткізілу тәртібін басқарып отырады. Жыраулар болса, бұл міндеттердің ешбірін орындамайды. Үлкен астарға қатысқан кезде олардың ырыми рәсімге қатысты атқаратын негізгі міндеті - өлген кісінің аруағын мадақтап, толғау, жыр айту. Аруақтар культінің әскери демократия дәуірінде (тайпалық одақтар құрыла бастаған кезде) қалыптасқандығын, ал үйлену салты мен өлікке ас беру сияқты салттың одан едәуір бұрынғы заманда қалыптасқандығын ескерсек, оның үстіне, ақындардың жырауларға қарағанда синкреттік сипаттарының молдығын (әрі ырыми рәсімдерді басқарушы, әрі ырыми фольклор үлгілерін орындаушы, әрі көркем шығармашылықпен айналысушы) қоссақ, ақындардың жырауларға қарағанда кенелеу тип екендігін мойындауға мәжбүр боламыз.
4. Ақындарға тән көне сипаттар осымен шектелмейді. Халықтың ұғымы бойынша, ақындық өнер адамға тылсым күштердің әмірімен дариды. Бұл ұғымның ән-күйдің, көркем сөздің магиялық қызметі жөніндегі ұғыммен байланысты екендігін жоғарыда айтыа өттік. Ақындықтың даруы жөніндегі әңгімелер түркі-монғол халықтардың фольклорында молынан кездеседі. Бұл ұғымның жырауларға да қатыстығы бар екендігін айтуымыз абзал. Дегенмен, бұл жайттың ақындар жыраулардан кейін пайда болды деген пікірге сүйеу бола алмайтынын да айтып өтуіміз жөн.
5. Ақын типінің көнелігін дәлелдейтін тағы бір жайт: ақындар өнері туралы ұғымдардың ішінде тотемдік ұғымдар кездеседі. Тотемдік ұғымдар ең көне наным-сенімдер қатарына жататындығы белгілі. Мысалы, Жамбылдың айтуынша, әр ақынның ақ кейпіндегі жебеушісі болады-мыс. Бұл жебеуші тек ақынның көзіне ғана көрінеді, өзге ешбір адамның көзіне көрінбейді. Жамбылдың жебеушісі оның көзіне арыстан кейпінде, ал Сүйімбайдың көзіне көк бөрісі көрінгенде, ақын қарсыласын жеңіп шығатын. Жырауларға тотемдік ұғымдар тіпті тән емес.
6. Ақын типінің тамырларының өте ерте дәуірдің тереңінде жатқандығын олардың негізгі жанры – айтыс жанры екендігінен де байқауға болады. Жыраулар болса, айтысқа түспейді. Бұл жайттың аса маңызды жайт екендігін ескере отырып, бұл мәселеге кеңірек тотаймыз. Бірақ мұның алдында жоғарыда айтқан пікірлерімізді фактілерге сүйене отырып дәлелдей түсейік...
“Сал” және “сері”
Қазақта “сал” және “сері” сөздері қатар айтылады. Кейде салды “сері”, серіні “ сал” деп атай береді. Жай адамдар түгіл, сал, серілердің өздері де осы екі атауды бір-бірінен қонысы аулақ атаулар деп есептемегенге ұқсайды. Мысалы, Біржан сал бір өлеңінде: “Сіз бұрын естіп пе еңіз Біржан серді?” – деп айтады. Біржанның шөберісінің келіні Рахия деген кісінің сөзіне қарағанда, Біржанның жұбайы Әпіш күйеуін “сері” деп атаған. С.Мұқанов “Халық мұрасы” деген кітабында мынадай қызықты әңгіме келтіреді. Бір күні Біржан сал жолаушылап, бір жатақтың үйіне келіп сусын сұрайды. Үйде отырған қыз оған сапты аяққа құйылған қара көже ұсынады. Біржан оны менсінбей, көжеге ернін де тигізбей, қызға аяқты қайтара береді. Қыз аяқты алмай:
Жақсының жейтін асы жая мен жал,
Шығады нақ қырсықтан осындай сал.
Дәмнен үлкен дүниеде ешнәрсе жоқ,
Көжеге кекіреймей ерніңді мал! –
депті. Сонда Біржан ұялып қап:
Жетеді тоқсан жасқа ердің ері,
Атандық ақындықпен “Біржан сері”.
Қарындас, айтқан сөзің өтіп кетті,
Көжеңді басып-басып әпкел бері! –
деп аяқтағы көжені ішіп қойған екен.
Ақан сері өзінің Мұқанмен екінші айтысында “сал, сері” сөздерін синоним есебінде қолданады:
Серінің ел сүйетін қылығы бар,
Сөзімді қор қыламын саған неге?
Домбыра, насыбаймен – ер сипаты,
Салдарға жараспасын бұлар неге?
Ақанмен айтысқан Тезекбай:
Салдықпен сайран қылып жүргеніңде,
Иемденіп жүр дейді ғой жын мен перің, -
десе, Смағұл:
Қадірлеп айтқан өлең, қағаз жаздым
Баласы Қорамсаның Ақан салға, -
дейді.
Салдар сияқты, серілер қымбаттан тігілген киім киіп, арғымақ ат мініп, бүркіт баптап, құс салып, қасына ерген нөкерлерімен ел аралап, той-думанның еркесі болған ақындар. Салдар сияқты, серілер жасы ұлғайғанда серілік құруды тоқтататын.
Халық есінде аттары қалған серілерді салдардан айыратын екі-ақ нәрсе бар: біріншіден, серілердің жүріс-тұрыстарында көзге ерсі көрінетін қылықтар болмаған. Серілердің бойында алғырлық, кербездік, жомарттық, ақындық, сыпайгершілік бір жерден тоғысатын. Ерсі қылық, ерсі мінез көрсету серілерде болмаған. Киімдерінің етек-жеңі жинақы, ерсіліктен тіпті аулақ болатын, әрі қымбатты заттардан, әрі алыстан көз тартарлықтай етіп, әрі сымбатты, көз жанарын қандыратын үлгімен тігілетін.
Екіншіден, репертуарлары салдардың репертуарларынан едәуір аз болатын. Серілер лирикалық әндер, мақтау өлеңдерін шығарып орындайтын, айтыстарға түсетін. Ойын көрсету, фокус көрсету, күреске түсу, өлең айтқанда актерлік қимылдары жинақы әрі кербез болатын, жүріс-тұрысында паңдықтың белгісі сезілетін.
Серілер творчествосының негізгі бағдары, тақырыптары, функциялары салдар творчествосына ұқсайтын. Салдар сияқты, серілер ақындарша ру ішіндегі кіші-гірім ырым-салттарды өткізуге басшылық етпейтін. Салдар поэзиясы секілді, серілер поэзиясының негізгі саласы – богема лирикасы, богема сарындары, яғни махаббат, жастық шақтың қызығын, той-думан, шаттық көңілді жырлау болып табылады.
Қазақ серілерінің тамаша өкілі – атақты Ақан сері Қорамсаұлы. Біржан сал, негізінен, серілер тобына жақын. Оның серілерден айырмашылығы – киімінің кейбір ерекшеліктері мен өлең айтқандағы актерлік қимылдары ғана. Бұл сапалық айырмашылық емес, түр айырмашылығы ғана. Осыған және салдар мен серілер творчествосының ортақтастығын көрсететін жоғарыда келтірілген фактілерге қарап, серілерді – сал типінің эволюциясы нәтижесінде пайда болған жаңа түрі деп есептеуімізге әбден болатын сияқты. ХІХ ғасырда сал дәстүрінің түр ерекшеліктерінің ғана кейбір элементтерін сақтап қалған Біржан секілді жаңа сапалы салдармен қатар серілер тобына жататын Ақан сияқты өнер иелерінің пайда болуына және осы кезде “сал”, “сері” деген ұғымдардың бір тектес ұғымдар есебінде пайдалана бастауына қарағанда, сал, серілер творчествосы мен дәстүрлерінің тығыз ішкі байланыстылығына қарағанда, серілер – сал типінің негізінде өткен ғасырда қалыптасқан өнер иелерінің жаңа түрі деп айтуымызға болады. Генезисі жағынан алғанда, серілер – ыдырай бастаған құпия одақтар мүшелерінің соңында жүріп, олардың ойындары мен билеріне қатысқан “фанаунау” секілді серіктерімен тамырлас болғанға ұқсайды. Серілердің жүріс-тұрыстары мен репертуарларында оларды салдардан спецификалық түрде айыратын элементтер жоқ. Алайда салдар творчествосына тән негізгі сарындар – богема сарындары өз дамуын серілер поэзиясынан тауып отыр...
Жырау
Проф. Н.Смирнова: “Жырау” сөзінің мағынасы – “жыр айтушы” деген сөз... Бұл жыр айтушылар институты қаншалықты көне болса, атауы да соншалықты көне”, - деп жазады. Проф. Е.Ысмайылов Н.Ильминскийдің пікіріне және татар тілінде “жыру”, “жыруче” сөздерінің “жыр” сөзімен мағыналас екендігіне сүйене отырып, “жырау” сөзін “жыр”, “жыр айтушы”, “жырламақ” сөздерімен байланыстырып, бұл сөздің мағынасы “тарихи жыр айтушы, болашақты болжаушы” екендігін айтады. Бұл пікірді қарақалпақ фольклоршысы Қ.Айымбетов те қолдайды. “Жырау” деген сөздің шығу негізі – “жыр жырлау”. “Жырау” сөзінің пайда болуы туралы, оның шығу негізі “жыр” сөзінен келіп шыққаны туралы өткен ғасыр ғалымдары Н.И.Ильминский, В.В.Радлов, Л.З.Будагов, Ш.Ш.Уәлиханов, - міне, бұлардың бәрі де “жыр жырлау” сөзімен байланыста екендігін айтады”, - деп жазады ол.
Сөз ыңғайы келіп тұрғанда айта кетуіміз керек: В.Радлов “жырау” сөзінің “жыр жырлауменен” байланыстығы жөнінде ештеңе айтпаған болатын. В.Радлов сөздігінің І томы, 2-бөлігінде “ыр”, 3 томы, 1-бөлігінде “йыр”, “йырлыжы”, “йырла”, “йырцы”, 4 томы 1-бөлігінде “жырау”, “жыраушы” сөздері әрқайсысы жеке-жеке мақалаларда бір-бірімен байланыссыз түрде көрсетіледі. Л.Будаговтың сөздігінде “жырау” сөзі “йыр”, “ыр”, “жырламақ”, “йырламақ”, “йырлычы”, “жырлачы”, “йырлачы”, т.с.с. сөздермен қатар көрсетіледі. Осыған қарап, Л.Будаговтың “жырау” сөзін “жыр” түбірінен шығарғандығы туралы қорытынды жасауымызға болады.
Ежелгі түркілер “йырағу” деп жыршыны, өлеңшіні айтқан. Бұл атаудың осы мағынасы орта ғасыр түркілерінің де тілінде сақталғанға ұқсайды. Лүтфидің “Гүл уа Наурыз” атты дастанындаф: “Йыраулар саф уа сақилар гүләндәм” (“Саф таза жыраулар мен гүл жүзді шарап құюшылар”) деген жол кездеседі. Дастанның екінші бір жерінде түркі дастандарын жырлаушы Бұлбұл туралы:
Йырур атым ол йылда Бұлбұл маст,
Білүрмін түмен дастан біл-ә даст,
Забур әлханилық йырлар білүрмін,
Надимлық ічрә тадбирләр білүрмін
Есімім ол жердегі Бұлбұл ғашық,
Білемін сан дастанды жатқа,
Құдірет кітабындай жырлар білемін,
Достықты нығайтар амалдарды білемін, -
деп айтылады. Науаидың шығармасында:
Саф майжам орағар гүл ділкәш-дүр,
Тостаған ічірә қымыз һәм хош-дүр.
Ей йырау, сен һәм ашықны көркүз,
Йетуған бірлә ұлұғ йырны түз
Құйылған саф ішімдік гүл-жұпар – дүр,
Тостаған ішіндегі қымыз иісі де хош-дүр.
Ей жырау, сен де өнеріңді көрсет,
Жетігенге қосылып, ұзақ жыр айт, -
деген жолдар кездеседі.
Татарлар “жыр айту” дегенді “жыру” деп айтады. Татар жазушысы әрі фольклор білгіші Нақи Исәнбәт: “Жырчы” – бұрынғыша “жырау”. Жыр, дастан айтушылар осылай аталған... “Жырчы” сөзі де осы түбірден жасалған... Тоқайда: “Мин кунакчыл бер жыручы, миндә бар ярлыгидай”, - деген сөз кездеседі”, - деп жазады. Монғолдар “әнші”, “сайраушы” дегенді “жиргээч” деп айтады. Демек, “жырау” деген атау “йыр/жыр” сөзінен “йырағу/жыру” формасы арқылы жасалған сөз деп айтуымызға әбден болады.
Тіл тарихында бір-бірімен қоңсы отырған халықтар тілінде өзара сөз ауысуы нәтижесінде жат тілді халықтарда белгілі бір халықтар тілінің көне сөздері мен сөз түрлерінің сақталып қалатын жағдайлары жиі кездеседі. Мысалы, түркілердің “зат”, “нәрсе” мағынасындағы ежелгі “табар” (“тавар”) сөзі “товар” түрінде, финн-угорлардың “балық” мағынасындағы “урба” сөзі “рыба” түрінде орыс тілінде, финн-угорлардың “жұрт”, “халық” мағынасындағы “йүз” сөзі “жүз” түрінде (Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз) қазақ тілінде сақталып қалды. Түркілермен тығыз байланыста болған және ғасырлар бойы түркілердің мәдени ықпалында болған армяндардың тілінде “жырау”, “жыршы” мағынасын білдіретін “ата”, “деде” сөздері сақталып қалып отыр. Түркілер Қорқытты “ата”, “деде” деп атап жүр. Ендеше “Қорқыт ата”, “деде Қорқыт” сөздерінің түпкі мағынасы “қорқыт жырау”, яғни “насихат, өсиет айтушы жырау” деп айтуымызға хақымыз бар сияқты...
ӘДЕБИ ШЫҒАРМАНЫҢ МАЗМҰНЫ МЕН ПІШІНІ
А.Байтұрсынов
Шығарма сөз
Сөз өнерінен жасалып шығатын нәрсенің жалпы аты шығарма сөз, ол аты қысқартылып көбінесе шығарма деп айтылады. Ауыз шығарған сөз болсын, жазып шығарған сөз болсын, бәрі шығарма болады. Шығарманың түрлері толып жатыр. Оның бәрін шумақтап бір-ақ атағанда арабша әдебиет, қазақша асыл сөз дейміз.
Шығарма сөздің бәрінен бұрын байқалатын тысқы нәрселері: 1) тақырыбы, 2) жоспары, 3) мазмұны, 4) түрі.
Тақырып. Әңгімедегі пікір не нәрсе туралы болса, сол нәрсе шығарманың тақырыбы болады. Мәселен, пікір жаз туралы болса, шығарманың тақырыбы жаз болады. Той туралы болса, шығарманың тақырыбы той болады; ат туралы болса, тақырыбы “ат” болады. Әңгімедегі пікір не туралы екенін күн ілгері білдіру үшін, шығарманың тақырыбы басынан қойылады. “Айман-Шолпан”, “Бақытсыз Жамал”, “Қобыланды батыр”, “Атымтай Жомарт” деген сөздер шығарма тақырыптары болады. Және бұл сөздер Айман-Шолпан, бақытсыз Жамал, Қобыланды батыр, Атымтай Жомарт турасында айтылатын әңгімелердің басында тұрады. Әңгіме басында тұрған “Айман-Шолпан” яки “Бақытсыз Жамал” деген сөздерді көріп, кім туралы айтылатын әңгіме екенін бірден білеміз. Бірақ шығарма сөздің бәрінің де басына тақырыбы қойыла бермейді. Көбінесе өлең сөздердің басына тақырыбы қойылмайды; өйткені бір өлеңнің ішінде бірнеше нәрселер туралы пікір айтылып кетеді. Тақырыбы бар сөздер “Айман-Шолпан”, “Бақытсыз Жамал” деп тақырыбы аталғанда, тақырыбы басына қойылмаған сөздер, мәселен, өлеңдер бастапқы жолындағы сөздермен аталады. Абайдың өлеңдерінде тақырып қойылмаған сөздер көп, оларды атағанда, алдыңғы сөздерін айтып атаймыз: “Өзгеге, көңілім, тоярсың” деген сөзі, “Келдік талай жерге енді” деген өлеңі дейміз.
Жоспар. Сөз шығарудан бұрын шығарушы айтатын пікірін қай ретпен жазатынын мерзімдеп, жоспарлап алады; онысы неден бастап, неден соң нені айтып, немен аяқтайтынын белгілеп алу болады. Әңгіменің жоспарын шығарушы адам ойында белгілеп алады я қағазға жазып алады. Қай шығарма сөзде де болса, жоспар болады; бірақ біреуінің жоспары тәртібі сара-сара ашық болады. Біреуінің жоспары тәртіпсіз, былықпа, ашық болмайды. Қаншама кішкентай шығарма болса да, өзіне сәйкес жоспары болады. “Балғожаның баласына жазған хаты” деген кішкене өлең бар, кішкене өлеңнің кішкене жоспары мынау:
Оқудағы баласына ата-анасы амандығын білдіруі
Баласына айтқан ақылы
Оқыған қазақ балалары не істейтінін көрсетуі
Әңгіме үлкенірек болса, жоспары да үлкен болады. Алайық, мәселен, Сейдахмет ақынның қондырмаған құрбысына айтқан өлеңін. Бұл әлгі айтылған өлеңнен үлкенірек, мұның жоспары да үлкенірек, мынадай:
Құрбысының кім екені
Құрбысына қонуға келгені
Құрбысының қондырмағаны
Қалаға жақын жердегі қонақасының қымбат, арзандығы
Көңілдестігін көрсетуі
Мазмұн. Шығарманың тақырыбынан басқасы мазмұны болады. Солай болған соң, мазмұн дегеніміз – бір нәрсе туралы ойға алған пікірді айтуға жұмсаған бүкіл сөзіміз мазмұн болып шығады. Мазмұнның үш мүшесі болады: 1) аңдату, 2) мазмұндау, 3) қорыту.
Мазмұнның аңдатуында мазмұн туралы алдын ала айтарға керек болған ғана ойлар айтылып шығады. Сондықтан мазмұнның бұл мүшесі шығарған сөздің бәрінде де бола бермейді. Аңдату мүше шығармаларда керегіне қарай болады.
Мазмұндауында ой тиегін ағытқан сияқты айтайын деген пікірдің бәрі айтылады. Мазмұндау шығарманың мазмұн мүшесінің ең зоры; онсыз шығарманың мазмұны болмайды. Мазмұнның қорытуында мазмұндауда айтылған пікірдің қорытылып, маңызы шығарылады. Қорыту мүше де мазмұн біткеннің бәрінде бола бермейді. Бұ да керегіне қарай болатын мүше.
Сөйтіп, шығарма мазмұнының аңдату, мазмұндау, қорыту – үш мүшесінің үшеуі де болуға ықтимал, басқалары болмай, жалғыз ғана мазмұндау болуға да ықтимал. Кейде аңдату мен мазмұндау ғана болады. Кейде мазмұндау мен қорыту ғана болады.
Түрі. Шығарманың мазмұны қай-қай түрде айтылса, сол түрі шығару түрі деп айтылады.
Шығарманың мазмұны төрт түрде айтылады: 1) жай сөйлеу түрде, 2) сөйлестірген түрде, 3) хат түрінде, 4) аралас түрде...
Мазмұн түрлері
Шығарманың мазмұнында байқалатын негіздік түрлер үшеу:
әуезе, 2) әліптеу, 3) пайымдау.
Дүниедегі нәрсенің қайсысы туралы сөйлесек те, бір жағынан ғана емес, әр жағынан алып сөз қылуға болады. Мәселен, бір адамды сөз қылуға алсақ, не ол адамның істеген ісін, айтқан сөзін әуезе қылып сөйлейміз. Я тұлға, тұрпатын, кескінін, көркін айтып, пернесін әліптеп сөйлейміз, я болмаса ол адамның істеген істерінің, өзінің жақсы, жаман болғанының мәнісін, себебін тексере, пайымдап сөйлейміз. Осыған қарай сөйлеген сөзіміздің түрі не әуезе, не әліптеме, не пайымдама болып шығады.
Жоғарыда мысалға алынған шығармалардың әуезе болатын түрі “Жасымда ғылым бар деп ескермедім” деген Абай сөзі мен Кебектің Ақанға ақ көргенін айтқан сөзі, әліптеме болатындары – Абайдың әйелді сипаттауы, күзді әліптеуі, Мағжанның толқынды сипаттауы, Абайдың әнді сипаттауы, пайымдау болатыны – “Балғожа бидің баласына жазған хаты”.
Көбінесе-ақ әуезе, әліптеме, пайымдама шығарма ішінде аралас келіп отырады. Жоғарғы көрсетілген сөздердің қайсысы да болса таза бір түрдегі мазмұнды емес.
А.Н.Веселовский
Сюжеттер поэтикасы
Кіріспе. Сюжеттер поэтикасы және оның міндеттері
Менің түсінігімде, тарихи поэтиканың міндеті – дара шығармашылық процесіндегі дәстүрдің ролі мен шегін /мөлшерін/ айқындау. Бұл дәстүр қарапайым өлең түрлерінің /формаларының/ стилі мен ырғағына, бейнелігі мен схематизміне қатысты болады, өйткені ол дәстүр бір замандарда жалпы техниканың және соған сәйкестенген тұрмыс жағдайының табиғи көрінісі болды. Осы психика мен жағдайдың ұқсастығы бұрын бір-бірімен ешқандай байланыста болмаған елдердің поэзиялық болмысының ұқсастығын туғызады. Міне, осылай біраз тұрақты формулалар мен схемалар қалыптасты, өйткені олардың біразы кейінгі дәуір қолғаныстарының талабына сәйкес болады. Бұл кәдімгі алғашқы қауым тіліндегі сөздердің дерексіз түсініктерді жеткізу үшін өзінің алғашқы мән-мағынасын кеңейткені тәрізді. Бар мәселе сол формуланың сыйымдылығы мен қолданбалығында еді: сөздің қалай сақталғаны секілді, ол да сақталған, алайда ол тудырған түсініктер мен түйсіктер басқаша болды; сезім мен ойдың өзгеріске ұшыраған мазмұнына сәйкес бұл формула енді өзі әуелде бере алмаған көптеген мағынаны білдіретін болды; сөйтіп, осы мағынаның символына айналды, жинақталды. Бірақ бұл формула жаңа сұраныс деңгейіне сай өзгереді /мұндай жағдайда оның сөзбен ұқсастығы тәмамдалады/, әрі күрделенеді. Бұл күнделікті білдіру үшін ол өзі сияқты өзгерісті басынан өткерген формулаларды пайдаланады. Бұл саладағы тың жасалымдар көбінесе ескінің жаңаша көрінісі болып шығады.
Осы көзқарасты өлең сөзге қатысты қолдануға бола ма? Бұл тұрғыда типтік схемалар туралы да айтуға болар ма? Өйткені типтік схемалар тұрмыс-тіршілік жағдайларын қамтиды ғой; ал схемалар біртектес немесе ұқсас, себебі олар барлық жерде де бірыңғай әсерлерден туындайды, әрі соларды суреттейді; оның үстіне бұл схемалар бірнеше ұрпаққа дайын формула түрінде жетіп отырады, ал формулалар болса – олар әруақытта қайта жандануға, жаңа символ болуға бейім тұрады әрі жаңа жасалымдар туғызуға қабілетті болады, стильдегі жаңа жасалымдар тәрізді. Қазіргі көркем әдебиет күрделі сюжетке құрылады және болмысты фотография деңгейінде суреттейді, демек, мұның өзі жоғарыдағы сұрақты әдебиетке қатысты қою мүмкіндігін туғызатын болу керек; алайда келешек ұрпақтар үшін әдебиет – баяғыда өтіп кеткен заман дүниесі, мысалы, біздерге атам заманмен ортағасырлар ескілігі сияқты, болып кеткенде, яғни уақыт синтезі көптеген күрделі құбылыстардан өтіп, оларды ежелгі дәуірдің түкпіріндегі кішкентай нүктеге айналдырғанда, олардың линиясы енді біздің баяғы әдеби жолымызды шолып қарағандағы линиямен бірігіп кеткенде, схематизм мен қайталаушылық құбылысы сол бүкіл сол ұзақ кеңістікте айқын көрініп тұрады.
Ең әуелі сюжет деп нені айту керек, соны ашып алу қажет, мотивтердің қосындысы саналатын сюжеттен мотивтің өзін айырып алу шарт. Мотив деп мен қоғамның алғашқы кезеңінде адамдардың алдына табиғат қойған сауалдарға жауап болған формуланы, немесе болмыстың аса маңызды деп саналған, я болмаса үнемі қайталанатын жағдаяттарын бекіткен формуланы айтамын. Мотивтің белгісі – оның бір-ақ мүшеден тұратын бейнелі схематизмі; бұған ертегі мен қарабайыр мифологияның бөлшектеуге келмейтін элементтері жатады: күнді біреу ұрлап әкетеді /күннің тұтылуы/; от-найзағайды аспаннан құс жұлып түсіреді; лосось балығының құйрығы матасқан, өйткені оны қысып тастаған т.с.с.; бұлттар жаумайды, бұлақ құрғап қалды; қаскүнемдер оны көміп тастап, ылғалды қамап қойған, сондықтан дұшпандарды жою керек; аңдармен некелесу; құбылулар; мыстан кемпір сұлу әйелдің көзін жояды, немесе әйелді басқа біреу алып қашып кетеді, енді оны барып күшпен, әйтпесе айламен құтқару керек, т.б. Бұл тектес мотивтер әр елде өз бетінше-ақ пайда болады; олардың біртектестігін, немесе ұқсастығын біреуі біреуінен алды деп ұқпау керек, керісінше, тұрмыс-тіршіліктің және олардың негізінде пайда болған психикалық процестердің бірыңғайлығынан деп түсінген жөн.
Мотивтің ең қарапайым түрі а-в формуласымен белгілене алады: мыстан кемпір сұлу әйелді жек көреді, оған өміріне қауіпті тапсырма береді. Осы формуланың әр бөлшегі өзгеріске түсе алады, әсіресе, в бөлшегі қоспа арқылы өсе береді; тапсырма екеу, үшеу /халықтың сүйікті саны/, одан да көп болуы мүмкін; батырдың жолында бір емес, бірнеше кездесулер болуы ықтимал. Міне, мотив осылай сюжетке айналады, ол, кәдімгі параллелизмге құрылған лирикалық стильдің формуласы секілді, өзінің кейбір мүшелерін дамыту арқылы жалғаса беруі мүмкін. Алайда, сюжеттің схематизмі ә-дегенмен жартылай саналы түрде болады, мысалы, тапсырма мен кездесулердің түрі мен орналасуы мотив мазмұнынан шыққан тақырыптың қажеттігінен тумайды, олар әу-бастан белгілі дәрежеде еркін болады; ертектің сюжеті белгілі мөлшердегі творчестволық акт. Сонымен қатар мынадай да жағдай болуы ықтимал. Мотивтің өз бетінше сюжетке айналып, дамуы онда да, мұнда да бір нәтиже беруі мүмкін, яғни ұқсас сюжеттер ұқсас мотивтердің табиғи эволюциясы сияқты, бір-біріне қатыссыз-ақ пайда болуы әбден ықтимал. Дегенмен, сюжеттік жүйеленудегі әдейілік /сознательность/ “тапсырмалар” мен “кездесулер” мотивтерінің даму барысында байқалатын шектеулікті көрсетеді: кезектесіп жүретін тапсырмалар мен кездесулердің қай-қайсысы да өзінен бұрынғы мотивтерден неғұрлым аз туындаса, олардың ішкі байланысы неғұрлым нашар болса, тіпті, мәселен, олардың әрқайсысы кез-келген жерде, еркін кезекпен орналасса, солғұрлым толық сеніммен мынаны айтуға болады. Егер әр түрлі халықтарда біз кездейсоқ болса да біркелкі жалғастықпен орналасқан в /а-вв1в2 т.с.с./ тәрізді формула кездестірсек, ондай ұқсастықты тек қана психикалық процестердің ұқсастығынан туындаған деуге болмайды; егер осы тәрізді в 12 болса, онда Джекобстың есептеуі бойынша, әлгіндей ұқсастықтың өз бетінше пайда болу мүмкіндігі 1: 479, 001, 599-ға тең болады екен. Ендеше, мұны біз ауыс-түйістің әсері, яғни біреу біреуден алған деуімізге хақымыз бар.
Сюжеттер – күрделі схемалар, олардың бейнелігінде алмасып отыратын тұрмыс шындығы қалыптастыратын адам өмірі мен психикасының белгілі бір сипаттары жинақталған. Осы жинақтаумен іс-қимылдың оң немесе теріс бағалануы тікелей байланысты. Бұл жағдай сюжеттіліктің хронологиясы үшін аса маңызды деп санаймын: мәселен, Психея мен Амур және Апулей тарихының және сол тәрізді кейбір ертегілердің жаңағы тыйымды жұмсартып ақталуы бір кездері өмірде болған тұрмыс-салттың, тіршіліктің эволюциясына байланысты бұзылғанын көрсетеді: осыдан барып ертегінің схемасы өзгереді.
Іс-әрекеттің схемалануы әлбетте, кейіпкерлердің, типтердің схемалануына әкеледі.
Қазіргі бізге жеткен ертегі қаншама араласып, қатпарланып өзгеріске түссе де біздер үшін тұрмыс туғызған шығармашылықтың әдемі үлгісі болып табылады, бірақ сол схемалар мен типтер мифологиялық творчествоға да қызмет етті. Рас, бұл жағдайда бар назар табиғаттың адам құдіретінен тыс, бірақ адамиланған құбылысына ауған болатын. Ертегі мен мифтің нобай ұқсастығы олардың генетикалық байланысынан емес, мұндай жағдайда ертегі тоналған миф болып шығар еді, бұл ұқсастықтың басқаша пайдаланған материалдар мен тәсілдердің және схемалардың бірлігінен туындаған. Болмыстың және мифологияның бейнелі жинақталған бұл әлемі тұтас ұрпақтарды тарихқа бет алған жолында тәрбиелеп жетілдіреді әрі міндеттеді. Халықтың тарихи оқшаулануы сол өзі сияқты ұлыстардың болуын, олардың өзара қатынасқа түсуін, күресуін, сөйтіп, бір-бірінен бөлінуін талап етеді; дамудың бұл кезеңінде батырлар мен олардың ерлігі туралы жырлар пайда болады, алайда, шын ерліктің фактысы мен тарихта болған батырдың кейпі жырда өзгеше болады, бұл жерде фантазия оларды өзінше, бұрыннан қалыптасқан образдар мен схемалық форма бойынша құлпыртады.
Сөйтіп, ертегілік және мифологиялық мотивтер мен сюжеттердің ұқсастығы эпосқа да көшті: бірақ жаңа қосындылар да пайда болып жатты: ескі схема халық сезімін селт еткізген оқиғалардың жарқын жақтарын көрсету үшін пайдаланылды және осы сипатта келесі ұрпақтардың поэтикасындағы айналымға түсті. Айталық, Ронсевале түбігіндегі жеңіліс француздарды ерлік жырларында /chansons de deste/ баяндалатын көптеген “жеңілістерді” суреттейтін типтік сипат алған, ал Роландтың образы – жалпы батырларды мінездеу үлгісі.
Мирасқа алынған сюжеттердің барлығы тегіс мұндай өзгеріске түспейді; олардың кейбіреуі мүлде ұмтылуы мүмкін, өйткені жаңадан пайда болған рухани талаптарға жауап бермейді, ал енді біреулері ұмтылып қалып, соңынан қайтадан бой көрсетеді. Олардың бұлай қайырылуы әдеткі ойлағанымыздан гөрі тұрақты; ал мұндай қайырулар тобымен болса, бұл неге бұлай болды деген сауал тұрады. Адамда жаңа бір арман мен сезім пайда болып, соны сыртқа шығару үшін адам тың форма іздеген, бірақ соны өзінің шығармашылығына қызмет еткен үйреншіліктердің ішінен таба алмаған сияқты: ол формалар нақты бір мазмұнмен сіңісіп кеткен, ал ол мазмұнды адамның өзі сол формаға салған, сондықтан ескі формалар жаңа мазмұнға сай келмейді. Енді адам баяғыда өзінің ойы мен сезімін білдірген, ал қазір бір қалыпта тұрған әрі өзінің жаңа таңбасын суреттеуге кедергі болмайтын мотивтер мен сюжеттерге назарын салды. Эккерманға Гете ертеде суретшілердің қиялын тербеткен ескі сюжеттерге көңіл аудару керектігін айтқан екен; Ифигенияны қаншама адам суретке салды, соның бірі әртүрлі, себебі әр суретші өзінше көрді. Кезінде, романтикатер көптеген көне тақырыпты жаңғыртқаны белгілі. Pelleas пен Melisande атақты Франческа мен Паолоның трагедиясын тағы да жаңадан бастарынан кешірген болатын.
Осы уақытқа дейін біз сюжеттіліктің дамуын бір халықтың ғана аясында қарастырып келдік. Бұл таза теориялық тұжырым, ол бізге кейбір жалпы мәселелерді анықтау үшін қажет болды. Шын мәнісінде, біз ешкіммен ешқашан араласпаған, байланыс жасамай, томаға-тұйық өмір сүрген бірде-бір тайпаны, халықты білмейміз.
Енді біз аңғарған сюжеттіліктің эволюциясын көрсететін схеманы халықтардың және мәдениеттердің бір-бірімен байланысына көшіріп көрейік. Ол үшін ең алдымен мына сұрақты қояйық: мотивтердің табиғи схемалануы сюжеттердің схемалануына көшуі барлық жерде ие болды ма екен? Ертек сюжеттілігіне қатысты бұл сұрақтың жауабы бәлкім теріс болар. Жабайылардың тұрмыстық ертектерінде біздің ертегілерге тән типтік тақырып та, тұрақты құрылым да, біздің ертегілік материал да жоқ: ол ертектер – жай ғана, шиырланбаған, шындыққа негізделген немесе мифологиялық хикаялардың тізбегі, оларда тығыз байланыс жоқ және шығармаға белгілі бір тұтас форма дарытатын өзек жоқ, ал мұндай өзек варианттарды бір-бірінен ерекшелендіріп тұратын көптеген қосымшалардың арасынан да көрініп тұрады. Варианттар болу үшін негізгі текст, я болмаса әңгіме болуы тиіс және оның қалыпты формадан ауыстыруы болуы шарт; формасыздық вариант жасай алмайды. Міне, ертегі материалының осындай формасыздығы арсынан сіз бәрімізге таныс европаның, үндінің, парсының ертегілеріне тән схемалық тақырыптарды сюжеттіліктерді ұшыратасыз. Сонымен, ертек сюжеттілігін схемалауға барлық халық тегіс шекпеген, яғни қарапайым композицияға жетпеген, ал бұл композиция әрі қарайғы, механикалық түрдегі емес шығармашылыққа жол ашады. Формасыз әңгімелер материалында схемалы ертегілер мол көженің ішінде ерімей қалған май сияқты. Бұдан шығатын қортынды: осындай ертегілердің арасында формасыз және жүйесіз ертек жоқ болса, даму схемалау процесіне жеткен, ал егер даму ертегі тудырмаса, ондай жағдайда көркем сюжеттер бір ортадан екіншіге ауысуы мүмкін, жаңа ортаға, оның әдет-ғұрпына, салт-дәстүріне бейімделуі ықтимал. Мәселен, орта ғасырларда бізге келген шығыс ертегілері шіркеулердің күштеп таратқан мизогинизміне сай келді; сөйтіп, кейбір шығыс әңгімелері әрекідікте шпильмандардың қиялына азық болып отырды. Меңгерудің өзі әр алуан және өзінше болды: біздің Дюк Степанович қолшатыр емес, күнбағарды қалқан етіп ұстайды, ал мұның біздің жыршылар үшін еш сөкеттігі жоқ тәрізді. Түсініксіз экзотизм жаңа әкелген товардағы таңба сияқты болды да қалды, өйткені ол осы түсініксіздігімен, құпиялылығымен елге таң көрінді ұнады.
Алайда, егер түйіскен екі халықтық – мәдени саланың біреуі екіншісінен өмірді түсінуде және идеялық жасауда озып кетсе, әрі соған сәйкес көркем бейнелеудің жаңа схемасын жасап үлгерсе, онда ол артта қалған ортаға әсер етеді: идеалды мазмұнмен бірге сол мазмұнды беретін оның сюжеттілігі меңгеріледі. Дәл осындай жағдай христиандық енгізілгенде болып еді, христиандықтың өзі құрбан етерлік әрекет істейтін типтері бірге енген болатын; тура осылай болмаса да, француз рыцарлығы Еуропаға бретон романдарының дүниетанымдық схемасын алып келген-ді: Италия – классикалық ескілікті, оның әсемдігі мен әдеби нұсқаларын; кейінірек Англия мен Германия – халықтық көне тақырыптарға құштарлықты арттырған болатын. Әр кезде де осындай идеялық және әдеби /поэтикалық/ қоссенім дәуірі туып отырды да меңгеру жүріп жатты; мәселен, “Троя туралы романда” классикалық сюжеттерді қабылдау Бокачо мен француздардың псевдоклассиктерінен өзгеше. Осындай меңгерулер процесін, оның техникасын анықтау, тың жасалымдарда бір-бірімен сіңісіп кететін қарсы ағымдарды айқындау –зерттеу үшін өте қызықты мәселелер. Араласып кеткен элементтердің құрамы неғұрлым қарапайым болса, солғұрлым оны ажырату оңай, солғұрлым жаңа жасалымдардың пайда болу барысы айқынырақ көрінеді және олардың нәтижесін қорыту мүмкіндігі молырақ. Міне, осылай зерттеудің кейбір тәсілдері орнығады, бұл тәсілдер күрделі қатынастарды талдауға жарамды болады. Соның арқасында сюжеттіліктің тарихын сипаттауға бірқатар заңдылық енуі мүмкін. Ол сюжеттіліктің қоғамдық идеалдардың алмасуына сай келіп отыратын формальды элементтерінің эволюциясы мен шарттылығын мойындаудан туындайды.
Бірінші тарау. Мотив және сюжет
Әдеби сюжеттердің тарихы туралы сауал қай мөлшерде және қандай мақсатта тарихи поэтикаға қатысты қойылуы мүмкін? Оған жауапты параллель арқылы әдеби стильдің тарихынан береді. Бұл стиль типтік образ символдардың, мотивтердің, оралымдардың, параллельдер мен теңдеулердің комплексінен көрінеді. Ал, олардың қайталанушылығы немесе ортақтығы мына себептерге байланысты: а. өздерінде көрініс тапқан психологиялық процестердің бірлігі; б. тарихи әсерлер /мыс.ортағасырлық европа лирикасындағы классикалық ықпал, физиологтағы образдар т.б./. Ақын бұл стилистикалық сөздікті міндетті түрде пайдаланады / сөздік әзірше жасалған жоқ/; бұл салада оның өзіндік тапқырлығы шектеулі, оған себеп – қайсыбір мотивтің дамуы /басқа сипат алуы: аса үлкендігі/; я болмаса, ол мотивтердің комбинациялары; стилистикалық жаңалық дәстүр орнықтырған кадрларға бейімделу қолданылады.
Осы көзқарасты әдеби сюжеттер мен мотивтерді қарастырғанда да ұстануға болады; олар мифтен эпосқа, ертегіге, жергілікті және романға көшіп отыратын ортақтық пен қайланулықтың белгілері болып табылады; мұнда да типтік схемалар мен жағдаяттардың бар екенін айтуға болады, фантазия белгілі бір мазмұнды баяндау үшін осыларды пайдаланады. Мұндай сөздікті жасауға талпыныс та болды /ертегілер үшін – V.Hahn, Folk-LoRe societу, драма үшін – Poltil, Les situations dsamatiques tiques, т.с.с./, бірақ ол талаптарға сай болмады, соның салдарынан баяндаулар тақырыптарының пайда болуы мен қайталануы мәселесін шешудегі кемшіліктер мен келіспеушіліктер жойылмады. Талап мынау еді: мотив мәселесі мен сюжет мәселесін ажыратып шектеу болатын.
а. Мотив деп мен алғашқы қауым санасы мен тұрмыстық бақылаудан туған әртүрлі талаптарға бейнелі түрде жауап беретін ең қарапайым баяндаудың бір ғана бөлшегін айтамын. Адамзат дамуының алғашқы кезеңдерінде тұрмыстық һәм психологиялық жағдайлар ұқсас болған. Осындай жағдайда әлгіндей мотивтер өз-өзінен туындауы әрі бір-біріне ұқсас болуы мүмкін. Мысалға мынаны көрсетуге болады: 1/ нағыз әпсана /Legendes osigines/: күнді-көз; күн мен айды – ағасы мен қарындасы, күйеуі мен әйелі деп түсіну; күннің шығуы мен батуы, айдың бетіндегі дақтар, тұтылулар жайындағы мифтер; 2/ тұрмыс жағдайлары: қызды-әйелді алып қашу /үйлену тойының эпизоды/, одан айырылып қалу /ертегілерде/, т.с.с.
ә. Сюжет деп әртүрлі жағдаят/мотивтер араласып жүретін тақырыпты айтамын, мысалы: 1/ күн /және оның анасы/ туралы ертек; /гректер малайлардың адам жегіш жалмауыз күн туралы әпсанасы/; 2/ алып қашу жайындағы ертегілер. Мотивтердің комбинациясы неғұрлым күрделі болса /өлеңдер стилистикалық мотивтердің комбинациясы болатыны сияқты/, неғұрлым ол комбинациялар қисынсыз болса және неғұрлым құрамдас мотивтер саны көп болса, солғұрлым, айталық осындай әрқилы тайпалар ертегілерінің ұқсастығын психологиялық ұқсастықпен біркелкі ұғымдар мен тұрмыстық негізбен түсіндіру қиын. Бұл жерде бір халықта пайда болған сюжетті екінші халық өзіне ауыстырып алған, яғни ауыс-түйіс нәтижесі деуге болады.
Мотивтер де, сюжеттер де тарих айналымына түседі: бұл өрістен келе жатқан идеал мазмұнды берудің формалары. Осы талапқа сай бола отырып, сюжеттер варианттар тудырады: сюжеттерге әлденеше мотивтер кірігеді, я болмаса сюжеттер өзді-өзімен араласқа түседі /ертегілер мен эпикалық схемалар: Язон туралы миф пен оның ертегілер элементтері: а/ Фрикс пен Гелланың өгей шешеден қашуы және алтын жүнді тоқты дәл сондай жағдайға дәл солай қашу туралы ертегілер: жәрдемші аңдар; б/ қиын тапсырмалар мен Язон туралы мифтегі және ертегідердегі қыздың көмегі, кіндік тип пен типтері /Фауст/ басқаша ұғынғаннан жаңаша түсіну пайда болады. Міне, жеке ақынның дәстүрлі типтік сюжеттерге қатынасы, яғни оның шығармашылығы осымен анықталмақ.
Мен бұл жерде әдеби акт типтік сюжеттердің тек қайталануы мен жаңа комбинациялар жасауы ғана арқылы жүзеге асады деуден аулақпын. Фабуласы, немесе бас кейіпкері қызғылықты бір кездейсоқ оқиға тудырған анекдоттық сюжеттер бар. Мәселен: 1/ типтік сипаттағы камаондар ертегілері мен жергілікті аңыз-әпсаналар. Анекдот сипатты сагаға /өзінің, немесе сырттан келген/ типтің әсері: жабайылардың ертектері формасыз; типтік ертегілер оларға қайсыбір форманы береді, сөйтіп олар сол форманың қалыбында жойылып, кетеді /қараңыз: Перро ертегілерінің ағылшын халық ертегілеріне ықпалы/. Жергілікті аңыздаулар кірме, мазмұны ұқсас, бірақ белгілі бір типтің тікелей әсерімен қалыптасады /псковтық Судоме тауына бір кездері “билік” туралы әңгімелер делінген болуы керек, әйтпесе, дәл осы мекенге Соломон “билігінің” делінуін түсіндіру қиын/. 2/ Осы күнгі роман типті емес, өзек фабулада емес, типтерде, бірақ көп хикаялы роман, /авантюралық роман/ мирасқа қалған схема бойынша жазылған болатын.
Достарыңызбен бөлісу: |